Image Image Image Image Image Image Image Image Image Image
Scroll to top

Top

Rigth now get betting bonus from bookmakers
4 пікір

Қойшыбек МҮБАРАК: ЕГІЗ ТҰМАР

Қойшыбек МҮБАРАК: ЕГІЗ ТҰМАР
mystic
  • On Қазан 17, 2011

Түн ортасы ауған шақ. Екеуміз. Досым және мен. Автокөліктің іші. Бұл маңда таң бозынан қызыл іңірге дейін қайшалысатын қалың автокөлік түн ортасында сап тиылады. Көше бойындағы оқшау-оқшау ғимараттардан тек бірлі жарым ғана электр шамы жылтылдайды.

Алыс ауылдан осы қалаға келіп такси жүргізушісі болып жүргеніме үш жылдан асқан. Былтыр ғана ауылдағы бір досымды жаныма шақыртып алғанмын. Әке-шешесі ерте қайтыс болып кеткен. Бала күнінен әркімнің босағасында жүрген тұғын. Екеуіміз бір жатақта тұрамыз. Сол бар жиған-терген ақшасымен бірге бір парша хат жазып қалдырғанда, менің көлігімді алып тайып тұрған.

Аяқ астынан бүгін пайда болып отыр. Атысарымызды да, шабысарымызды да шеше алмай отырмыз.

Қара кештен бері үнсіз менің көлігімнің алдыңғы орындығында сәл-пәл шалқалаған қалпы отыр. Қырық күн бойына шеше алмаған жұмбағымның үстіне тағы баттастыра жамау салып, әңкі-тәңкі күйде мен отырмын.

– Кешір, бүгін ескіше он төрті, айдың толған күні сені мұнда әкелмеуім керек еді… – ұзақтан бергі үнсіздікті досым бұзды. Мен жауап қайтармадым… шынын айтсам, оның ешбір сөзіне сеніп те отырғаным жоқ. – өкпелісің маған, оған жетерлік себеп те бар… десе де жан досымсың ғой, сенің алыңда өтірікші болмайын деп әкеліп отырмын мұнда. Менің айтқандарымның шын екендігіне көзіңді жеткізесің де, еш қайда бұрылмай түзу қайтасың!..

– Жетер!.. осы өтіріктерің де… кім сенеді… одан да басқалай бір жал таппадың ба?.. мен шарқ ете қалдым. Шамасы, оның шамына да қатты тисе керек. Басын оқыс жұлып алып, жағамнан жұлқи өзіне қарай тартты да:

– Тыңда, сайтанның сапалағы, мен басынан бастап айтып беремін… оған дейін Нұрым-қызда шығар, сосын кетемін… мен дір-дір еткен әлсіз саусақтарын жайлап қана бір-бірлеп шығардым да өз орындығыма шалқаладым. Ол басын көтерген қалпы сөйлеп отыр.

***

Мен ауылдан келгенде тек сені пана тұтып келгенмін. Бұл қалада сенен өзге танысым да, жақын жанашырым да жоқ-тын. Қалада жүргінші тасуды, бүткіл қаланың ойлы-шұңқыр, қым-қуыт қуыс көшелеріне дейін өзіңнен үйрендім. Мен қаламен толық танысқан соң, өзің күндізгі кезекке шықтың да, мені кеште таксишілік етуге шығардың. Әу баста табысымыз да жаман болған жоқ-ты. Бір көлікке мінгеспей және бір көлік алып екі жақтап ақша табу ғана ойымызда болған. Мен одан еш уақытта айнып көргем жоқ, сенде…

Әңгіменің барлығы сол кештен басталды.

Тура осы көшенің бойымен түнгі он екілер шамасында кезекті жүргіншімді іздеп зырлап келе жатқанмын, тура осы маңда, анау бір түп қара талдың түбінде біреу тұр екен. Жанына келіп тоқтай қалдым… өрімдей жас қыз… жылап тұр. Күздің қара суығынан қатты жаураса керек… дір-дір етеді… үстіне жүқа ғана ақшағи көйлек киінген… жарайды, қойшы… оның көйлегін айтып не қыламын… менің өз міндетім бар… кезіккен жүргіншімді діттеген жеріне жеткізіп кіре ақымды алуым керек.

– Қайда барасың қарындас?! – дедім. Ол еш жауап қатпастан көлігіме отырды да, қолыма тілдей қағаз ұстатты… сол кезде барып ол қызды мылқау шығар деп ойладым. Қағазда қаланың терістік бетіндегі шағын ауылдың адресі жазылған, көшенің де, үйдің де адресі анық. Мен солай қарай бет алдым. Анда-санда айнадан артқы орындықта отырған қызға еріксіз көз жүгіртемін… тіптен менің қиялым жетпестей сұлулық… шіркін, тілі болса ғой, әңгімеге тартар едім деп армандадым. Ақыры барар жеріне де жеттік. Тар көшенің ең соңғы үйі болар шамасы. Ары жол жоқ. Тұйыққа келіп тірелгенде, шамасы алпыстарды алқымдап қалған кемпір шығып, тап бір менімен келісіп алғандай ашық тұрған терезеден алақаныма бір уыс темір теңгені салды да, арт жақта отырған қызды жетелеп кете барды… мен орнымда есім ауа жаздап мелшидім де қалдым. Мана байқамаған болармын, қыздың аппақ көйлегінің етегі қып-қызыл қан, жерге тамшылап барады. Мен жалма-жан артқы орындыққа, қыз отырған жерге жарық салып қарадым. Дым жоқ. Тап-таза. Бірақ мұрныма қанның қаңсық иісі келгендей болды. Қайтадан кетіп бара жатқандарға қарадым. Екеуінің де еңкілдеп жылап бара жатқаны иықтарынан-ақ сезіліп барады. Сол жерде таң ағарғанға дейін отырдым. Неге екенін қайдам… әлде бір тылсым күш кері кетуіме ырық берер емес. Жерге жарық түсе амалсыз саған қарай жол тарттым.

Екеуіміздің ең алғашқы ренжіскеніміз сол күні болды. Машинаның ішін қанның күлімсі иісі кеулеп кетіпті… сен басқаша ойладың… менің оны басқаша түсіндіруге шамам болмады… тек қана ақталумен ғана болдым. Аузыңа түскен ең жаман боқтықтарыңды төгіп сен кеттің. Сол күні алғаш рет қорындым. Бәрін тастап, ауылға қайтып кеткім келген. Кетіп қалайын-ақ деп бекінсем де, бір күш осы қалаға бекемдеп ұстап қалған тәрізді. Кете алмадым. Ақыры кешке дейін сені тағатсыздана күттім. Өлдім-талдым дегенде сен жеттің. Маған ләм-мим деместен көліктің кілтін ұстаттың да үйге кіріп кеттің. Сол күні алғаш рет еш табыссыз қаланы арлы-берлі кездім де жүрдім. Ешбір жүргіншіге тоқтауға зауқым соғар емес. Осы көшемен қанша рет өткенімді білмеймін. Түн ауды-ау деген бір мезгілде барып, анау қара ағаштың түбінен кешегі қызды көргенде, ойпыл-тойпыл болып алас ұрған көңілім сәл тыншығандай болды-ау бір. Жанына келіп шорт тоқтадым. Тура кешегім қайталанып жатқандай… Қыз отыра бере, көліктің ішіндегі шырақты жақтым. Жүрегім зырқ ете қалды. Аппақ көйлегінің етегі шып-шып еткен қызыл қан. Ол үнсіз мүсеурей қарайды. Дереу шырақты өшіре қойдым да, атша тулаған жүрегімнің алқынысын басып қайта шырақ жақтым. Тағы сол. Кеше қалай сезбей қалғанмын, қанның қаңсыған күлімсі иісі қолқаны қабады екен. Қорқа бастадым. Қызды қалдырып кетейін деп бір ойладым да, ол ойымнан тез айныдым. Қыздың айдай жамалы бар нәрсені басып барады. Әнтек тым мұңлы… Бұл жолы көлікті барынша баяу жүргізіп келемін. Айнадан көз ала алар емеспін. Қыз да сәл-пәл миығынан жымиғандай болады… әлде менің көзіме солай көрінген. Қойшы, әйтеуір, ақыры жеттік-ау жетер жерімізге… көлікті көре сала кешегі кемпір орнында тыпыршып тұр. Қара түнді қақ жарған көліктің күшті жарығынан кемпірдің жүзі анық көрініп келеді. Өртке түскендей түтеп кеткен. Мен жетіп енді тоқтай бергенде, есікті жұлып алардай жұлқи тартып ашты да:

– Жүгірмек! Менің құлыныма зәредей зәбір тигізер болсаң, менен еш жақсылық көрмейсің, ал мына тиыныңды… екінші жуыма!.. – деп, кемпір менің еш уәжімді тыңдамастан қызын ертіп кете барды. Мен асығыс жиналып, кері қайттым да жол бойында көлікті әбден тазартып, өзіңе әкеліп бердім.

– Ол екеуіміз үшінші күні тілдестік… сол күні оның мылқау емес екенін білдім. Сол күні оның бұл жалғанның жаратылысы еместігін… арғы әлемге кетіп қалғандығын сездім. Кеш кіре осы жерге келіп тапжылмай отырғанмын. Күндегі уақытында қыз да пайда бола кетті. Жанына келіп, көліктің есігін ашып едім, ол басын шайқады… мен қолтығынан демеп кіргізіп жібермекке ұмсынып едім:

– Кешіріңіз, мен сізбен бара алмаймын… деді, қыздың майда үні құлағыма әлде бір ып-ыстық жалындай сезілді.

– Қалқам, сен мылқау емессің бе? – деп сұраппын бірден. Қыз күрсінді. Мен қоярда қоймай қызды көлікке мінгіздім де жолға шықтым.

– Атың кім?

– Білмеймін.

– Қалайша?

– Рас айтамын… менің есімде ешнәрсе жоқ, тек әжемді ғана танимын… сосын сыңарымды.

– Қалай…

– Біз егіз қызбыз…

–…

– Қайдан шықтың?

– Білмеймін…

– …

– …

Жол бойы қыздан мардымды жауап ала алмадым. Бұл жолы кешегідей емес, жылдам жүрдім. Не сыры болса да қыздың әжесінен білейін деп шештім.

Кемпір уағдаласқандай сол орнында тұр екен. Кешіктірмегесін бе, бұл жолы ешнәрсе айтпастан ақшасын ұмсына бергенде:

– Апатай! Ақшаңыздың керегі жоқ… Тек бір нәрсе білгім келеді… – деп едім, кемпір:

– Тайт ары!.. Нені білгің келеді?!. Көрінбе көзіме мен сені, сен мені көрген жоқсың!.. Ал мына ақшаңды, құры көзімнен!.. –деп буырқанып, қызын қолынан дедектете жетелеп ала жөнелді. Бұл күні де ешнәрсенің байыбына жете алмай қайттым. Енді оның сырын ашудың басқа жолын қарастыруыма тура келді.

Есіңде болса сенен сол күні таңертең осы қаладағы балшы-көріпкелдер туралы сұрағанмын. Сенің айтқаның бойынша ең атақты деген балшы соқыр кемпірді іздеп бардым.

Картасын дар-дар еткізіп қотарыстыра шилап отырған кемпір менің келерімді әуелден-ақ біліп алған тәрізді. Өздігінен сөйлей жөнелді.

“Оу! Бейбақ! Келдің бе… Сені қанша күттік… Бұл жалғанда да осындай тағдыры талайсыз талайлар бар… Талайлар бар… Бұның бақытына қарай, бақыт деймін-ау, тәйірі… Ондай бақыт әдірем қалсын… сен жолығыпсың… қап!.. қап! Сенің де бір қарығың ашылмаған сорлысың ғой… кете алмайсың енді, кете алмайсың… иә… иә… бейшара бала… оның жайын біле алмай қиналып жүр екенсің ғой… мен атын айтып беремін… атын айтып берсең анау қарығы ашылмаған сорлы әжесі бар болмысты өзі айтып береді… ол кемпір менің бірге туған сіңілім… ал қызының аты Айым… оның сыңары бар, оның аты Нұрым… бала, байқа, олармен бірге кетіп қалып қайта алмай қалма… артыңда жоқшың болмаса, қайтар есік жабылып қалады… сен табалдырықта тұр екенсің… кері қайтуға амалың жоқ… аттайсың енді… қаншалық талайың барын қайдам…. оны тек артыңнан жоқтайтын жоқшың ғана шешеді… тағдырыңды… жоқшың көп болса тез ораласың… ал болмаса мәңгіге ол қапаста сен де қаласың…” балшының бар сөзіне ешқандай да шәк келтіргенім жоқ. Қайталап та ешнәрсе сұрамадым. Кері қайттым.

Бар жиған-тергенімді сенің жастығыңның астына қалдырдым да қысқа ғана “Жаңадан бір көлік алуға мына ақшалар жетер… мен бір алыс сапарға кеттім… мені ұмытпа, әр кез жоқтап отырсаң бір күні ораламын, сонда барлығын айтып беремін… кешір мені, жан досым… бәрін білгенің де мені кешіретін боласың” деген бір парша хат қалдырдым да, кеште сенен кілтті ала сала осында келдім. Тура сол күндегіндей уағында Айымды алып, асыға үйіне қарай зауладым… көңілім алай-дүлей астаң-кестең. Қыз секем алмасын деп тіл қатыспадым. Бірде бәрін тастап кері кетіп қалғым келсе, бірде не де болса соңына дейін көргім келеді… бар уайымым мені сенен өзге жоқтар жоқшының жоқтығы…

Межелі жерге жете көлікті тоқтатып өзім жерге түстім… менің әрекетіме кемпір таңданып қалған тәрізді. Сәл түйткілсіп барып қолыма ақшаны ұстата бергенде: – Апатай, Айым туралы білгім келеді, айтыңызшы деп қолынан ұстап тізерлеп отыра кеттім.

– Жарығым-ай! Қарғам-ай, осы күнді асыға қанша күттім… мен күткен жан сен екесің ғой… жарығым… – деп кемпір мені бас салып гөйгөйлеп жылай бастады. Көліктен Айым түсіп: – Әже, жүрші, кетейік, – демегенде, сол орында таң атқанша отыра берер ме ек. Айым екеуімізді екі жағына алып, жетелеп кемпір бітеу қуысқа қарай жүріп келеді. Көлік сол орнында қалды. Тұйыққа тірелген соң оң жақтағы үстін шырма-шатуғып шырмауық басқан бір адам әзер сыятын есіктен әзер ішке кірдік. Үй деймін-ау… әйтеу қадым заманнан қалған құжыраға кірдік. Іште аспалы қолшам тұр екен. Айым есіктен кіре сала төр жаққа барды да, үстіндегі бар лыпасын сыпырып тастап, қабырғаға ілінулі тұрған жасыл көйлекті киді.. қыздың жалаңаш тәніне қараудан қаншалықты именсем де, көзімді тайдыра алмай қойдым. Кемпір мұнымды сезді ме, әлде, сезбеске салынды ма, еш рай байқатпады… тек сыртқа құлағын түрумен болды. Айым көйлекті киіп, белін буынып бола сала, үйдің біз отырған бір жақ бөлігі жарқырап шыға келді. Әу баста қотыр-қожалақ там сықылды еді, енді лезімде жарқыраған сарайға айналып сала берді… тек қалған жартысы ғана бәз-баяғысынша сүркей тартып тұр.

Ғайыптан пайда болды ма, әлде, соның арасынша кемпір даярлап үлгерді ма, үстелді майыстырған дастархан дайын тұр.

Кемпір мені дастархан басына отырғызып шай құя отырып, әлсін-әлі шылауышының ұшымен көзін сүртіп қойып әңгімеге кірісті.

– Сөзді арыдан бастайын. Біз бұл қаланың байырғы тұрғынымыз. Осы қаланың тұғыры қаланбай тұрғанда біздің ата-бабаларымыз осында жасаған екен. Атамыздан жалғасқан дәу перілі бақсылық жынымыз бар-тұғын. Өз әкем жердің астындағыны да, үстіндегіні де толық біліп отыратын көріпкел болған. Біз үш ағайынды едік. Екі қыз, бір ұл. Үлкен екі қыз егізбіз. Сыңарымды менен сүт пісірім үлкен дейтін… Бастан бақ тайса бір күнде екен… Бір кеште әкеміз босағаға жете бере гүрс етіп отыра кетіп “әкетті… әкетті… жалғызым-ай… жарығым-ай… кетіп бара жатқанын қарашы… әй, енді сендердің сорларың-ау… қайтейін енді, қайтейін…” – дейді зар еңіреп, ініміз сыртта жүрген. Апалы-сіңлі екеуміз әкемізді қаумалап не болғанын сұрап жатырмыз. Қолына ініміздің мойнынан тастамай тағып жүретін тұмарын ұстап алыпты. Еш уақытта оны мойнынан алдырмайтын еді. Бұл атадан жалғасқан қағидат дейтін. Әкеміздің қолындағы тұмар енді лапылдап жана бастады. Бар нәрсені көріп-біліп отыратын әкеміздің мына дәрменсіздігіне біз еш жіп таға алмадық… қорқыныштың бір қалың тұманы басты да қалды… сырттан баж ете қалған дауыс шықты. Әпекем екеуміз далаға атып шықтық… қап-қара түтек болған шөкімдей бұлт інімізді жұлқылап, аспанға қарай алып бара жатыр екен. Құлында-құлын даусымыз шығып үйге, әкемізге жүгірдік. Кірсек, әкеміз жерде құлап жатыр аузынан қара жалын қан атқақтап. Зар еңіреп басын сүйедік. Аузын сумен шайып жанталасып жатырмыз. Бір заманда барып есін шала жиған әкеміз: “Менің де дәуренім біткен екен… жарықтарым… анау менің төсегімнің басындағы қобдиды ашсаңдар… Сонда егіз тас тұмар жатыр… екеуің екеуін алып тағып алыңдар… ол қасиетті тұмар. Мойындарыңнан тастамаңдар… иесімен бірге өсіп отырады. Өмірге бір ұрпақ келгенде жаңа бір тұмар пайда болады… Аталық тұмарды еш уақытта денеден ажыратпау шарт… Ол ажыраған күні жындардың жендеті тұмар иесін алып кетеді… ал аналық тұмар тәннен сырт сақталатын… Аталық тұмардан айырылдық… енді жылдам екеуің екеуін тағып алыңдар… әрі ұрпақтарыңның мойнынан тұмарды ажыратпаңдар… тез, жылдам тұмарды тағыңдар!.. сонда ғана кесапаттан аман қаласыдар… тез!.. тез!.. –үздіге бұйырды. Екеуміз қатар қобдиды ашып тұмарды мойнымызға салғанымыз сол-ақ, әкеміз лап ете түскен бір жалынға айналды да, жоқ болып кетті. Тұмардың қасиеті бізге өтіп, бар дүние көз алдымызға самсап келе қалды… тіпті жазмыштың солай екендігін де ұғындық. Артық жылап-сықтамадық та.

Арада қаншама уақыт өтті. Осында зәулім қала орнады. Екеуіміз де даңсалы балшы болдық.

Оның да өзіне тән машақаты бар. Адамдардың арасында адам ғұмырын кеше отырып адамға тән бақыттан уаз кешу оңай шаруа емес. Мен жалыға бастадым, ақыры бәрін тастап, өзіме ұнаған бір еркектің етегінен ұстадым да кеттім. Әпекем менің бұл ісімді құп көрмей, бөлек кетті. Баба жолын жалғастырам деп. Некелі болған түні тұмар көріпкелдік қасиетін жояды. Тек қорғаныш қана бола алады. Арада біраз уақыт өткен соң балалы болдық… босанғаным да сүт пісірімдей уақыт есімді жоғалтып алыппын. Есімді жиғанымда алақанымда тура өз мойнымдағыдай, бірақ кіп-кішкентай тұмар жатыр екен. Қыз босанғанымды бірден сездім. Дереу қызыл-шақа болып жатқан сәбиімнің мойнына тақтым. Сонда барып білдім, еркек тұмарды қайтарып алып кеткен соң, біздің кіндікке ұл баланы жазбаған екен… Қызым бой жете келе күйеуім ақ ажалымен о дүниеге аттанды. Ел қатарлы өсті, өркендеді… сосын көршіміздің ұлына жат жұрттық болды. Арада жыл өтіп қызым босанды. Тағдырдың жазмышы сол екен, қызым туыттан қайтыс болды, тек артында егіз екі қызы қалды. Жылай-жылай жүріп сол екеуін өзім алып бағып қақтым. Өсірдім. Елмен бірге оқуға жібердім. Екеуі бірге қаладағы ең үлкен жоғары оқу орнына түсті, екінші жылдығында оқып жатқан кез екеуі. Кешқұрым қаншама жылдар бойы хабарсыз кеткен әпекем келіп тұр алқын-жұлқын:

– Көзіңді шел басқан албасты… ана қыздарыңның тұмарына неге қарамайсың… екеуі де үйге қалдырып кетіпті… жүр… жүр… айырылып қалмай тұрғанда тез жетелік деп мені сыртқа қарай сүйрелей жөнелді. Біз есіктен шыға аспаннан баяғыда інімізді алып кеткен қара бұлт үйдың алдына шөкті де қалды. Мені жұлқылап жоғары алып бара жатыр, әпекем бар дуаларын оқып, арып таласып жүріп мені әзер алып қалды. Жерге құлап түсіп, бойымда қозғалар дәрмен жоқ, жер сызып жатырмын. Бір мезетте бұлт айықты. Әпекем қол-аяғымды уқалап отыр. Басымды көтеріп, бетіне қарап баж ете қалдым. Әпекемнің екі көзі бірдей ағып кетіпті. Үңірейген көздің ұяшығынан қан саулап тұр.

– Құлындарым-ай… қорланып кеттіңдер ғой… қарғаларым-ай… тым құрғанда сүйектеріңе жете алмай қор болатын болдық қой құлындарым, – деп еңіреп отыр. Жан шақырып сыртқа қарай сүйретіп бара жатырмын… құлыншақтарымды таба қоймақпын ғой. Мен пақыр.

– Сорлы бейбақ-ау… сен қырық қадамнан ары бара алмайсың ғой… саған көрінбегенімен мен сезіп отырмын кесапаттың қамыт шынжырына маталып қалғансың ғой… ары жібермейді… мен де кеттім… менен де қайыр жоқ… қашан екенін қайдам, бір күні біреу келер. Мені кесапат олардың сүйегінің маңына жолатпайды… қыздарыңды көшеде әулекілер қорлап, сосын өлтіріп тастап кетті… Енді тек солардың сүйегін қолыңа тигізе алсаң… Тек соған ғана жол сілтей аламын… содан соң мен де қайтамын арғы мекенге, Бақұл бол!.. –деп зар еңіреп қайтып кетті. Содан бері күн шыға тасқа айналып, тек кеште ғана адам кейпіне келемін… араға апта салып, түн ортасында Айым жетті үйге. Айым деймін-ау… тәнін қалдырып, құр сұлбасы ғана. Көшедегі бір такси әкеліп тастады… бір рет әкелген адам қайтып оралып көрген емес. Сонын, артынан таң бозында Нұрым келді… ол да сол құр сұлба… екеуі де не болғанын айтып бере алмайды… екеуін де әбден қорлаған… сосын өлтіріп тастап кеткен… жандарында құжаттары да болмаған иесіз қалған… саған кезіккен жерде осы қаланың мәйітханасы бар денелері сонда… кемпір әңгімесін аяқтар-аяқтамаста қақпаны әлде біреу дүрсілдете соққылады.

– Нұрым-ай… айнам-ай… кемпір еңірей жылап сыртқа шыға жөнелді. Айым үйдің босағасында бүк түсіп еңіреп жылап жатыр. Сәлден соң есік ашылып, үсті-басы сауыс қан болған тура Айымнан аумайтын қызды кемпір сүйеп үйге кіргізді. Ол жарық жаққа келе алмайды екен. Бір жері жарыққа шалынса қиналып шыңғырады… тек бөлменің сүркей тартқан көлеңке жағына барып қинала ыңырсып жылап жатты. Манадан байқамаған екенмін… мен де ағыл-тегіл еңіреп жылап отырмын.

Енді тым құрғанда қыздардың сүйегін жеткізіп берейін дегенді ойладым. –Апатай, сабыр етіңізші… мен тым құырғанда қыздарыңыздың сүйегін жеткізіп беремін дедім…

– Ризамын саған балам, ризамын… тек сенің ғана қолыңнан келеді… Айымымның сүйегін әкеліп бере аласың…

– Нұрымды да әкелемін, апатай…

– Жоқ, балам, ол сенің қолыңнан келмейді… тек біреуін ғана әкеле аласың одан ары жол жоқ… құлыным… кемпір тіпті еңіреп жылап кетті. Мен асығыс орнымнан тұрып сыртқа шықтым. Таң алакеуімдеп қалған екен, салып ұрып мәйітханаға келдім. Елдің жұмысқа шығар мезгілін күттім. Іштегі қыздардың мәйіті туралы есік қараушымен сөйлесіп көрдім… “қаншама өлік жатыр, оны қайдан білейін” деп кері кетіп қалды. Ақыры бас маман келген соң сонымен сойлестім.

– Туысқаны ем… жоғалып кетіп еді… таба алмай жүр едік…– деп біраз жағдайды айтып ем, қайырылмады. Жақын туыстығыңды толық дәлелдейтін құжат керек дейді. Соңыра “басымды ауырта берме” дегенге келді… қанша жалынып жалпайғаныммен көнбеді… басқалай еш амалым болмаған соң сол күні түнде ұрланып кіріп Айымның мәйітін алып шықтым… ал, Нұрымның мәйітінің үстінде шұбалған қалың қара түтін маңайына жуытар емес. “Мені мүнда қалдыра көрмеші, ағатай”, – деп Нұрым шырқырап жатыр… айнала ебелектеп жанымда Айым жүр. Сүйекті ала сала, кемпірдің үйіне тарттым. Кемпір асыға күтіп тұр екен. Көліктен сүйекті жерге түсіре бергенде айналам отқа оранды да кетті. Қорыққаным сонша, көлікке қайта тығылыппын.

– Қорықпа, балам, сені бұл от күйдіре алмайды… – деген кемпірдің сөзіне әзер сеніп, есікті аштым… шынымен де күймейді екенмін. Екі жақтап жүріп сүйекті үйге жеткіздік. Кемпір қабырғаға ілінулі тұрған тұмардың біреуін әкеліп мәйіттің мойнына таққан замат анадайда бар іс-қимылымызды бағып тұрған Айымның сұлбасы сағымға айналып, қалықтап келіп тәнге орнады. Қатты-қатты түшкіріп Айымның мәйіті орнынан тұрып келе жатты. Жоқ, Айымның өзі тұрып келе жатты.

– Балам, енді сенің бар міндетің атқарылды… қуайын деп отырғаным жоқ… бұл адами затқа мекен болмайтын жай… енді қайтудың амалын жасайық… –деді, –артыңнан жоқтайтын жоқтаушың бар ма еді… әркім сені әр жоқтағанын да есік бір елідей ғана ашылып отырады… ендігі тағдырыңды артыңдағы жоқтаушың шешеді…– деді. –Менің қызымның жанын алып қалдың… қаласаң ертіп кет… ол енді жай адамға айналды… бірақ адами затқа тән көптеген қасиеттеріңнен шектелесің… әманда Айым секілді Нұрымның да жолы болса ғой… –деп жылаған әжесін

– Әжетай! Сені қалай тастап кетеміз… – деп, Айым аяғын құшып жылап жатты. Мен екі ойлы бола бастадым… сан толғанып Айымды бірге алып кетуді шештім. Еш нәрсенің байыбына бармаған екенмін, үйден шығып қақпаға барсақ күндегі ескі ағаш есік мызғымас бітеу қара тасқа айналып қалыпты…

Мені сенен өзге жоқтар ешкім жоқ қой. Сен мені әр рет жоқтаған сайын бір елідей ашылатын тас есікті күтіп біраз уақыт айналып қалдым, досым… Қазір мен кетемін… Сәл күтсең Нұрым-қызды көресің… Бар ескертерім… Менің өтірік айтпағаныма көзіңді жеткіз де ешқайда айланбай кері қайт… менен саған қайыр жоқ… менің жоқтауым жүрмейді… көп нәрселерден шектелгенмін…

***

Алдыңғы жақтағы менен алып кеткен өз көлігінде отырған қыздың басында осындай тағдыр бар дегенге еш сенгім келмеді. Мен айтарымды айтып болдым, сенсең өз еркің, сенбесең өз еркің деген кісіше қоштаспай-ақ көлігін оталдырды да көшені құлдап жайлап кетіп бара жатты.

Мен бір тал шылымды тұтатып шегіп болдым да, көлігімді от алдырып, енді қозғала бергенімде, жол жағасында тұрған қызды көрдім. Тура манағы досымның жанындағы қыздан аумайды. Тек үсті басы сауыс болып қатып қалған қара-қошқыл қан.

Жанына келіп көлікті тоқтаттым. Қыз артқы орындыққа отыра бергенде барып, осы мені жоқтайтын адам бар ма еді деп ойландым. Қыздың баратын жеріне жеткенге дейін ойыма ешкім түспеді…

Шынымен де мені жоқтайтындар бар ма еді?..

Comments

  1. Сіздің шығармаларыңызды бір бастап оқығансоң аяғына дейін бітпегенше орнымнан туралмаймын, керемет сөз жоқ! Бірақ аяқ жағы өкінішті біткені жаман екен!

  2. Сіздің шығармаларыңызды бір бастап оқығансоң аяғына дейін бітпегенше орнымнан туралмаймын, керемет сөз жоқ! Бірақ аяқ жағы өкінішті біткені жаман екен!

  3. Мөлдір

    мдааа….

  4. Мөлдір

    мдааа….

Submit a Comment

Object moved

Object moved to here.