Image Image Image Image Image Image Image Image Image Image
Scroll to top

Top

Rigth now get betting bonus from bookmakers
Пікір жоқ

Қойшыбек МҮБАРАК: Айған

Қойшыбек МҮБАРАК: Айған
admin
  • On Сәуір 27, 2013

Ай астына қарай шұбырған ақ керуен. Ақтылы көш.

Көштің соңы жерден енді ғана көтерілген-ді. Аспанға қарай аспақталып шұбап бара жатқан көштің соңына екі аяғымнан жан кеткенше шырқырай жүгіріп келе жатып, әлде бір қу томарға шалынып жалпамнан түстім.

– Ата!.. Әке!.. Апа!.. Көке!.. – айқайлай-айқайлай үнімде шықпай қалған.

– Құлыным-ай!.. Тірідей көзіңді жәудіретіп қалай тастап кетемін?!. – деп ышқына жылап барып талып қалған шешемнің бейнесі келді көз алдыма.

– Жетіге енді толған баланы жападан жалғыз мына әлемге тастап кету маған оңай дейсің бе?.. Жылама!.. Тағдырдың салғанынан ешкім де қашып құтыла алмайды… Тәңірім бұдан басқа сегіз ұлыңның амандығын берсін деп тіле… Дәм тартса түбі өзі іздеп табады… Қайтейін, енді бар ауылдың тағдырын бір боқмұранға байлап қойған тағдырға менің де қарсы тұрар шамам жоқ…  Нағашы атамның даусы саңқ-саңқ етіп шыққанымен ар жағындағы өксіктің дірілі білініп тұр.

Қашанда тастан да қатты мінезінен бір айнымайтын әкем:

– Бақұл бол болам, ақ құлыным… Мен шарасызбын… Кешір балам… – деп мені өзіне жұлқи тартып маңдайымнан ұзақ сүйіп тұрып,  аяқ астынан бар күшімен мені кері итеріп қалып шырылдай омақасып құлап жатқан маған қарамай ерттеулі тұрған ақбозына қарай асығыс кетіп бара жатқаны…

Ауылдың бар адамы; ақ басты аталарым мен ақ шылауышты әжелерім… ағаларым, тәтелерім тіпті мұрныныңң боғын әлі жиа алмай жүрген боқмұрындарға дейін мені бір-бір құшақтап қоштасып жатқаны.

– Ақ құлыным, сені күтемін… Қорықпа, артымыздан келесің… Тәтеңді сағындырмай тез келе ғой… деп өзінің жып-жылы алақанымен бетімді аялай сипаған Айған көз алдыма келгенде өксігімді тия алмай жатсам да езуіме күлкі үйрілгендей болды.

Аспанға қарап едім айды бет алған көштің тек сорабы ғана қалыпты. Бар күш-қайратымды жиып орнымнан атып тұрдым.

Анадайда бір кұлағы үзілген шешемнің ақ шелегі жатыр екен. Бар пәле сенен басталды деп аяғымнан саулап қан аққанша таң бозына дейін жападан жалғыз ақ шелекті бір уыс жұмарланған қаңылтыр болып қалғанша тепкілеп, бар өшімді алдым.

Кеше ғана мыңғырған малы жайылып ұлан-асыр болып адамдары сабылып жатқан ауылда жалғыз қалу жанымды жегі құрттай жеп менің кіп-кішкентай кеудемнің ішене жерден де үлкен қып қызыл шоқ толып алғандай өртеп барады.

Енді естімейтінін  білсем де анда санда:

– Ата!- деп бақырып қоямын.

Айдалаға тастап кеткен атамды қанша жек көрсем де, осы зұлматтан тек соның ғана құтқара алатынын сәби жүрегім бәрі бір сезетіндей.

Асығыс көшкен ауылдың әр жұртында шашылып қалған дүниелерді бар пәрменімен жан-жаққа тепкілеп шашып жүрмін.

Әуелі өзіміздің үйдің жұртын тас-талқан еттім. Анадайда жатқан әжемнің ақ ұршығын көргенде еңіреп тұрып жылап алдым.

– Әже, аналар мені жалғыз тастап кетті. Сен болсаң қалдырмайтын едің ғой. Әже! – деп бар даусыммен айқайға бастым.

Жұрттан қалған дүниелерді тепкілей-тепкілей Айғандардың үйнің жұртына келдім де, әлі істелмеген жап-жаңа мескейді даң еткізіп бір теуіп қалып, Айғанның үнемі суға барғанда көтеріп жүретін иынағашын көріп бар ашуым бірден басылғандай… Иінағшты аялай қолыма алып сипалап біраз тұрдым да, қалған дүниелерді  тәптештеп ақтара бастадым, тағы бір нәрселері ұмыт қалмады ма деп.

Ошақтың басында аузы ашық қалған үлкен қара сөмкені ақтарып отырып Айғанның ақ мүйіз тарағын тауып алдым да, қай күні ғана тықырлап алып тастаған басымды тарай бастадым, қай күні ғана осы тарақты Айғанның кенже сіңілісі Жанай қолына алып ұйысқан шашын тарап отырғаны есіме түсіп кетіп лақтырып қалдым. Мұрынының маңқасын жия алмай жүріп шаш тарағаны несін алған деп кекетіп бір мырс етіп қалдым.

Бар дүниені зер сала ақтарып жүріп сопақша келген артында марал суреті бар кішкентай айнасын тауып алып ішінен Айған көрініп қалардай ұзақ қарадым. Екі көзім домбығып ісіп, мұрнымнан Жанайдың маңқасындай болып аққан маңқам үстіңгі ернімнен асып аузыма түсейін де тұр екен.

Маңқамды Айған көріп қоймасын дегендей асығыс жеңіме сүрте салып қайта қарап ұзақ отырдым.

Сосын орнымнан тұрып жұрттың аяқ жағында төңкеріліп жатқан тай қазанның жанына келіп бір құлағына қолымды әзер іліндіріп бар шамаммен тырбанып жүріп аудара кеп қалып баж ете қалдым.

Қазанның астында Жанай жатыр. Менің баж ете түскен даусымнан шошынып ол шыңғырып жіберді.

Екеуіміз екі жаққа тұра қаштық. Анадайға барып артыма қайырылып ем ол жығылып қалыпты. Орнынан тұра алмай шыңғыра жылап тыпырлап жатыр.

Жанайды жек көрсем де оның Айғанның сіңілісі екені есіме түсіп жайлап қасына бардым да оны қолынан сүйреп орнынан тұрғыздым.

– Көке!.. -деп жылап мені бас салды. Жанай да менен бір ғана жас кіші болса да, Жазағамның балаларымен бірге көке деп атайтын.

– Сен неге қалдың?…

– Әжем…

– Әжеңе не болды…

– Көке түн ортасы ауғанда сенің нағашы атаң келіп әжеме бірдеңелер деп еді содан әжем маған осы қазанның астанан шықпай жат… өзім шығарғанда бірақ шық… айтқанымды бұлжытпай отырдасаң Айған татеңнің сырғасындай әдемі сырға әперем деген… –деді.

– Әжең қайда… деп сұрадым мен… Оның көшпен бірге кетіп қалғанын білсем де әдейі.

– Маған сырға әкелуге кеткен.

– Атаңның басы… – деп  барып тосылып қалдым Жанайдың атасы Айғанның да атасы екені есіме түсіп.

Жанай жұртта қалғанын әлі білмеген.

– Иә бәрі саған сырға әкелуге ұзаққа кетті… сен жыламайсың ғой ә, қорықпа! Қасыңда мен бармын… сенің әдемі сырғаң болады… -деп Жанайдың қолынан жетелеп өзіміздің жұртқа қарай тұра жүгірдім.

Нағашы атам келіп бізді ауылға алып барғанда Айғанның алдында бір жақсы іс істегенімді айғақтамақпын.

Екі үйдің ортасын бөліп жатқан бұлаққа жеткенде кенерезем кеуіп шөлдегінімді біліп, әрі беті – қолымды жуып алмаққа бұлақ басына аялдадық.

Бұлақтың жағасында түнде өзім төгіп алған сүттің орнына қалың тікен қаулап өсіп кетіпті. Сол тікенге қарап отырып, кешегім көз алдыма орнай қалды.

 

– Бұзауыңды емізіп алмай ертерек айдап кел. Бүгін нағашы атаң келеді… – деп ескерткен шешем жаныма айран толтырылған торсықты байлап беріп үйден шығарып салған.

Алдымдағы бұзауды ауылдың аяқ жағындағы шілікті сазға қарай тырқырата қуып бара жатып, анадайдан иін ағашын асып суға кетіп бара жатқан Айғанды көріп енді бір-бірімен сүзісе ойнақтаған бұзауларды өзенге қарай айдай жөнелдім.

Аулды жарып тұп-тұнық бұлақ ағып жатса да барлығы өзеннен су ішітін-ді.

Айғанның үнемі су алып жүретін өзіннің аласалау қабағына Айғанмен бірдей жеттім.

– Ақ құлын, табын арғы жағада ғана жүр бұзауларыңды емізіп алма,- деді Айған маған күле қарап.

Бар ауыл мені атаммен бірге бет әлпеімнен қазанның түп күйесіндей қап-қара екендігіме қарамай  ақ құлын деп атай тұғын-ды. Айғанның оңашада еркелете ақ құлын деп атағанына төбем көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Құлын болып тұмысғымды көкке көтеріп құлақ құрышын қандыра бір кісінеп жібергім келіп барып әзер тоқтадым. Қанша дегенмен бала емес, жігіт болып қыз соңынан келіп тұрғаным есіме кеп.

– Бұзауларымды суарайын деп…

– Жас бұзаулар су ішпейді…

– Өзім де шөлдеп… – өзімше жалтарып жатқаным. Жата қалып жарғабақтан мойнымды созып қатты ағысты өзеннің толқыны бетімді жауып кеткеніне қарамастан шашала-қақала сіміріп жатырмын.

– Ақ құлын болды енді тұра ғой… қарның біздің ақ өгіздің қарнындай болып кетеді…-демегенде басымды көтермес те едім.

Су-су болған бетімді жеңіммен бір сипап құрғатып алғаныма сықылықтай күлген Айған:

– Аққұлын, шыныңды айтшы, неге келдің, -деп сұрады.

қапелемде аузыма сөз түспей қалды.

– Шыныңды айтатын болсаң саған қалаған нәрсеңді берем, айта ғой, мен су алған сайын сенің бұзауларың, болмаса өзің шөлдеп қаласың ғой,- деп тағы сықылықтай күлді.

Күлкісі сондай тамаша…

– Шын ба? -деп сұрадым.

– Иә! Не маған сенбейсің бе?!

– Өлда-Білда деші…

– Өлда-Білда рас айтам…

Осы сәтті қанша күткенім есімде жоқ. Қуанып кеттім… қалай айтарымды білмей ділгіріп тұрмын.

– Айта ғой енді, әйтпесе кетіп қаламын, – деп қорқытады Айған.

“Айған тәте сізді жақсы көремін” деп айтайын деп ойладым да, ол ойымнан тез қайттым. Біздің ауылдыға көкелерімнің ешқайсысыда әйелдерін сіз деп айтпайтыны есіме түсіп.

Бірден батылданып:

– Мен… Сені… Жақсы көремін,- деп қинала-қинала әзер айттым. Қанша қиналсам да менің титтей ғана жүрегімнің сөзін жеткізгеніме марсиып қалдым.

Сақ-сақ күлген Айған менің екі бетімнен ып-ыстық алақанымен қысып тұрып маңдайымнан шөп-шөп еткізіп сүйіп алды.

Жүрегім кеудеме симай кеткендей. Айғанды бас салып құшақтап жылап жібердім.

– Ақ құлыным-ау, мен де сені жақсы көремін ғой, алтыным,- –дейді қыз

сықылықтап.

Мен өксігімді әзер басып енді батылдана:

– Жаңағы сөзіңде тұрасың ба?- деп сұрадым.Өзімді әлде бір салауатты жігіт сездіріп.

– Иә айтқаным айтқан, беремін.

– Өтірік айтсаң қат… деп барып аузымды жаба қалдым. Өзімнің жанымдай жақсы көріп жүрген адамға ауылдағы өзім теңдес балаларға айтатын жаман сөзді айтуға болмайтыны есіме түсіп.

Ішегі түйіле сықылықтаған Айған:

– Тез енді айта ғой,не алғың келеді? Мен үйге қайтамын,  – деп қыстап жатыр.

Оның жанарына тіке қараудан қорғансам да қадалып тұрып:

– Сені аламын,-дедім. Осы сөзді айта алғаным үшін өзімді әлемдегі ең бақытты әрі ең батыл азамат сезініп тұрмын. Өлда-білда айтқаныңды орындаймын деген сөзі енді оның тек менікі екендігін сездіріп тұр жаныма.

Оқыс бетін баса қалған Айған:

– Көтек, деп барып қып-қызыл болып кетті де. Менен ары қарай шегініп барып:

– Ақ құлын, қой, ұят болады. Мен тәтеңмін. Білесің бе, мен сенен он жас үлкенмін.Біреу естісе ұят болады. Онда мен саған Жанайды берейін –деді.

Мен шоқ басып алғандай ыршып кеттім.

Үйде ағаларым тілін алмасам Мазанның Жанайын алып берміз, екеуің маңқаларың салақтап бірге отырасыңдар деп жыныма тиетін.

Бірден қаталдыққа бастым өзімше:

– Жоқ маңқасын ағызып Жанайды не қыламын, сені аламын,- дедім өрекіп.

– Қой деймін ұят болады.

– Өлда-білда дегенің қайда? Сені аламын?

– Басқа не қаласаң да берейін, Аққұлын! Сен жақсы баласың ғой, – деп Айған енді мені алдаусырата бастады.

– Басқа еш нәрсенің керегі жоқ, тек сені аламын. Мен қасарысып тұрып алдым.

– Сен жігіт болып мені алғанша мен кәртейіп кетемін ғой…

– Ештеме етпейді…

– Менімен жасты болсаң барар едім, қой, сен- әлі баласың…

– Жігіт болмай-ақ ала беремін.

 

Маған қанша жалынғанымен айтқанымнан қайтара алмаған Айған ақыры суын алып үйіне қарай бет алды.

Артынан тұра жүгіріп бас салып ұстап алмақ болғанымда шелектегі суы бірақ төңкерілді. Жүзі сұп-сұры болып кеткен Айған:

– Не деген тәртіпсіз баласың-, деп бетімнен жанып жібергенде жалпамнан түстім.

Қорланып кеттім. Орнымнан жалма -жан атып тұрып, арғы беттегі енелеріне қарап мөңіреп тұрған бұзауларымды қолыма ілінген жас шыбықпен аямай осқылап манағы сазға қарай тырқырата қудым.

– Мен сені аламын! Мен Айғанды аламын,- деп айқайлап барамын, еңреп жылап барамын.

Айғанның шапалағы тиген бетім ду-ду ашып барады.

Мені Айғаннан он жас кіші етіп туғаны үшін әке-шешемді де бір мезет сыбап алдым.

Айғанмен құрдас үлкен ағам Сәленді бір боқатап алдым.

Оның орнында мен болсам: Жақайдың Маруасын емес, Айғанды алар ем деп.

Топ шіліктің арасына кірген соң бар ашуымды бұзаулардан алдым. Айналдыра шықпыртып сабап, тоз-топалаңын шығарып қуып салдым да, қалың шілікті есі ауған адамша арлы берлі кездім де жүрдім.

Кеш батып, қас қарайғанда ғана үйге қарай бет алдым. Мана жынданып жүргенімде шешем құйып берген айранды қайда түсіріп алғанымды есіме ала алмай қойдым.

Қарным ашып  үйге әзер жеттім.

Үйдің белдеуінде нағашы атамның ақбуырылы байлаулы тұр екен.

Анадайдан шешем мені көріп:

– Жер жұтқыр, жетпегір- қу шешек алыңдағы бес бұзауға ие болмай қайда жүрсің? Қоралы сиыр айдап отырып енді кімнен сүт сұраймын… –деп үйді айналдыра қолындағы сыпыртқымен соққылап қуалап жүр.

Үйден нағашы атамның ақырған даусы шықты:

– Тоқтат! Екі кештің арасында балаға осындай қарғыс айтама адам,- деген. Шешем орнында тұрып қалды. Мен атылып үйге кірдім…

Төр алдында таудай болып нағашы атам отыр. Аппақ сақалы кеудесін бірақ жауып кеткен.

– Кел, келе ғой Ақ құлын.

Мені алдына алып басымнан мекірене иіскелеп отыр.

– Ой ынжық. Алдыңдағы бес бұзауға ие балмай, не қылып жүрсің? Мына түріңмен қайтып жігіт болып, қатын аласың? Тап саған Мазанның ана маңқасын жинай алмайтын кенже қызы да теймейді, – деп кеңік-кеңік күледі.

Аяқ жақта отырған ағаларым дуылдасып жатыр:

– Көке, қой маңқасы аққан келіннің қолынан шайды қайтіп ішеміз?

Араша іздеп нағашы атама қараймын.Ол үнсіз. Тек Маруа жеңгем ғана ара түсті.

– Ой,     ата, біздің Ақ құлын Мазан ағаның маңқақызын неқылады? Осы ауылдағы ең әдемі қызды алады.

“Жанайды емес Айғанды аламын” деп айтып қала жаздап тосылып қалдым. Манағы Айғанның шапалағы тиген бетім ду ете қалды тағы.

Сырттан кірген шешем:

– Не, тындырып келгендей атаңның алдында жатырсың ғой. Бар, ана Мазан құданың үйінен сүт алып кел. Қара шайды қайтіп ішеміз,  –деп бұйырды.

Үйдегі бір тентектігімді көргенде шешем де Мазанға құда болып Жанайды алып берем деп ашуландыратын мені.

Мен үнсіз орнымнан тұрдым. Ішімнен: «Иә, құдаңның үйне кетіп барамын, Жанай маңқаны емес өзімнің Айғанымды аламын» деп барамын.

Қолымдағы шелекті даңғырлата Айғанның үйіне қарай безіп келемін. Бұлақ басына жете шелекті жерге қойып шаптырдым да қайта жүгіре жөнелдім.

Мен шелекті даңғырлатып үйге кіріп барғанда Айған үйде жоқ екен.

– Сүт берсін деп жатыр,- дедім оның шешесіне.

– Ақ құлын, бүгін тағы бұзауыңа ие болмай қалыдың ба?

Ошақтың басына мініп алған Жанай маңқасын бырқ еткізіп күліп жіберді.

– Мм  мө, – деп мұрнымды жиырып Жанайды ақымақ қылдым да шелек толы сүтті алып сыртқа шықтым. Екі-ақ ырғып бұлақтың басына барғаным да жағадағы шоқ талдың түбінен Айғанның сыңғырлаған күлкісі келді құлағыма. Жүрегім алқынып кетті. Қас- қағым сәтте ойыма сан-мың елес орала кетті…

“М.. мені күтіп тұр екен ғой. Өлдә-білдәні айтқан соң оны орындамаса өте жаман болады. Сол үшін келген ғой. Осыдан Айғанмен кездессем, ертең өзімді Жанайды алып беремін деп ақымақ қалатын әке-шешемді емес тура нағашы атамды құдалыққа жіберсем… ” шоқ талға бұрыла бере қаттым да қалдым. Шарасына жетіп толған ай айналаны сүттей жарық қылып тұр.

Айғанның қасында Сәлен ағамның құрдасы Естай тұр. Жай тұрған жоқ екеуі құшақтасып тұр. Мені енді көрді.

– Аққұлын, неғып тұрсың,- деген Естайға:

– Атаңның басы,- деп бірақ айқайладым да бұлақтан ары секіріп өте шықтымда сүрініп, манағы өзімнің шаптырып кеткен жеріме сүтті төңкеріп алдым.

Жалма-жан шелекті ақ теңіз болып ақтарылып жатқан сүттен жұлып алғанда түбінде жартысына да жетпейтіні қалыпты.

Еш ойланбастан артымдағы бұлаққа шелекті матырып толтырып алдым да үйге қарай Естайды сыбап заулай жөнелдім.

Есіктен енді аттай бергенімде өмірі маған даусын көтеріп көрмеген нағашы атам ақырып жіберді. Селк етіп барып табалдырықта тұрып қалдым.

Атам орнынан атып тұрып селк-селк етіп қалшылдайды. Үйдегілердің бәрі аң-таң қалысты атамның қылығына.

Бұрын да осылай қалшылдағанын көргенмін талай. Онда тек ауру адамдарды емдегенде, болмаса жазда жаңбыр жаумай қойғанда. Ауыл адамдарын жинап алып құрбандық шалып  жаңбыр жауғызатын.

– Төк, андағы сүтті, бұлаққа апарып төк те, сол бұлақтан толтырып су әлып кел. Кесірге байланған иттің ғана баласы-ай. Кесірге байланған… Бол тез, мынау қарайған халықты қырып алмай тұрғанда, бол тез! Мен қорыққанымнан есікті сыртынан шарқ еткізіп жаба салдым.

Есіме атамның осы бұлақтың басына менің атамның атасы бар жеті молда жеті күн оқып адам жұтатын тажалды қамап тастаған екен.Иен қалса сол тажал босап кетді-мыс. Сол үшін содан бері осы ауыл еш қайда жылжымай отыр. Сол үшін де бұлақтан ешкім су ішпейді дегені түсіп екі аяғым қалтырап кетті.

Адам жұтатын тажалы бар бұлақ жаққа баруға батылым жетпей оның бер жағындағы көршінің үйінің іргесінде тұратын үлкен кеспектегі суды толтырып алдым да үйге қарай қайта дыздаңдадым. Адам жұтатын тажал артымнан келіп бас салатындай құны-перен болып келіп, үйге қойып кеттім.

Нағашы атам зіркілдеп әлде нені оқып қолындағы ақ қамшысымен жер сабалап жүр.

Әп-сәтте ауыл адамдары біздің үйдің маңайына жинала қалды. Атамның зіркілдеген даусы алты қырдан асып жатқандай құлақ тұндырады.

Кенет жер көше жөнелгендей дүр ете қалды. Жиылып тұрғандар шу ете қалды. Қасиетті көк өгіздің мүйізі талған-ау, жарықтықтың десіп иманын үйірісті жұрт.

Атам жер сабалай жүріп үйдің туырлық түндігін сыпырып жалаңаштап тастады да, жаңағы мен әкелген шелектігі суға келіп сүп-сүп деп түкіре бастады.

Енді шелектегі су бұрқырап қайнап ернеуінен асып төгіліп жатыр. Атам манағы күңіренген зікірін тоқтатып:

– Қайт кейін! Қайт. – деп шелекті қамшысымен салып қалып бүгіліп отыра кетті.

– Жаратқаным-ай, жасаған ием-ай, не жазып едік? Жас сәбидің қателігіне бола бізді осылай жазалайсың ба? Сенің рахым шапағатың мол еді ғой, рахым нұрыңды төксеңші. Жас сәбидің бір білместігін кешсеңші…

Осы кезде бұлақ жақтан ақ кимешегі желп-желп етіп Айғанның әжесі таяғын жерге сабалаған қалпы келіп, атамның қарсы алдына жалп етіп отыра кетті.

– Көк сиырдың сүтін күнде бөлек жинап көн ыдысқа құйып жүретін едім. Кешке қарай анау сайтан қыз жоқ болып кеткен соң, қайда кете қалды деп соны іздеп шығып едім, әлгі жазған келін сенің Ақ құлыныңа құйып бере салыпты. Кеше гөр, жер әлемді мүйізің талмай көтеріп тұрған, көк өгіз! Тек сенің ғана ішуіңе арналған көк сиырдың сүтінің жеті қабат жер астына қамалған тажалдың аузына тиерін білмедім.  Кеше гөр, көк өгіз, мүйізің талмай, мына күнаһар пақырыларың тірлік етіп тұрған қара жерді мүйізіңнен түсіріп алмай көтеріп тұра бер! Зарлана шыққан дауыс адамның сай-сүйегін сырқыратады.

– Үһ, үһ, алдырар күн-жаздырар, бейнеті арылмаған, құлыным-ай! Бұлақтың суын неге әкелмегенсің? Мынау жай су ғой, қарығы ашылмаған, қарғам-ай! Қараңғыда бұлаққа барғаннан қорықтың-ау. Сенің азабыңа көрінген ғой, құлыным,- деп аңыраған атам енді босағада жатқан ертоқымында қанжығаға байлаулы жатқан ақ қоржынын ақтара бастады.

Жерден гүрс еткен дауыс шығып айнала бірақ теңселіп кетті.

Ауылдың екі жағындағы қыраттан енді қап- қара бір түнек ауылға қарай төніп келеді.

Шұрқыраған жылқы, толассыз ұлыған ит, маңараған мал,. шырқыраған балалар, шулаған адам.

Атам ақ қоржынның ішінен сала құлаш ақтық алып Айғанның әжесінің қолына ұстатты. Айғанның әжесі ақтықпен атамды шыр айналып орап жатыр. Ақтықты орап бола, атам аппақ буға айналып аспанға қарай заулай жөнелді.

Алсытан гүрс-гүрс құлаған таудың құлақ тұндырар дауысы, гүрілдей теңселіп тұрған жердің үнімен бірге үрей ұшырады.

Аспанға көтеріліп кеткен атам енді көрінбей кетті. Сүт пісірім уақыт өтпей аспаннан жауын сіркіреп, найзағай толассыз жарқылдай жөнелді…

–Тапқан екен жарықтық, тапқан екен, жолды тапқан екен, –деп қуана айқайлаған кемпір енді ғана бір сәтке тізе бүкті. Соның арасында жарқылдаған найзағайдың арасында атам бізге қарай құлдилап ұшып келеді. Аппақ сақалы найзағай жарығымен бірге жарқ-жұрқ етеді.

Атам жерге түсе қолына ұстап алған жеңді білектей жарқыраған бір затты тура ошақтың астындағы күлге сүңгітіп жібергенде айналам жым- жырт болып тыншый қалды.

Жандарын қоярға жер таппай ұйлығысып тұрған қауымға атам:

– Кеттік, енді жер мекеннен, енді қашан ораларымызды білмеймін. Аспанның ар жағынан тұрақ таптым, ала алғандарыңша жүктеріңді түйелеріңе артыңдар да мына ақтықты бұйдаға байлап осында жиналыңдар! Шай қайнатым ғана уақыттарың бар,-деп бұйырды.

– Жанымыз аман қалса, болды еш дүниенің қажеті жоқ, –деп шулаған жұртты атамның:

– Ол жақта бұл пәнидің еш заты жоқ. Біз бір жола емес тек уақттық қана қонаққа бара жатырмыз. Ала алғандарыңша дүниелеріңді қалдырмаңдар деп бұйырды.

Нағашы атамның еш сөзін бұрып көрмеген ауыл қаламаса да үйді-үйлеріне қарай тарқай бастады.

Айған мен Жанайды дедектете жетелеген әжелерінің артынан атам солай қарай жітірмелете басып бірге кетіп барады.

Әп-сәтте ауыл тас тұйнақтай болып жиналды.

Әркім бір-бір көлікке мініп алған. Ақ жал құнаныма мінгелі жармасып жатқан мені атам қолымнан жетелеп ошақтың басына алып келіп:

– Ақ құлын,сен осында қаласың. Ол жаққа бара алмайсың,- деп кемсеңдеп аппақ сақалын жас жуып жылап жіберді.

– Құлыным-ай! Тіредей көзін жәудіретіп қалай тастап кетемін, – деп ышқына жылап барып талып қалды шешем.

– Қалмаймын ата, қалдырмашы! Мен де кетемін. Мені қалдырмай алып кетші, -деп мен бейберекет бажылдап ананың бір, мынаның бір етегіне жармасып жүрмін.

Атам әлде нені күбірлеп менің бетіме «сұп» деп қалды…

Мен лезде есімді жинап алдым.

Әлде бір тылсым күш менің санама жерде сөзсіз қалуым керек екенін сыналап тастағандай.

– Қорықпа балам, сен бәрін жеңесің. Біз бұл жерден кетсек, бәрі тынышталады. Тек осы бұлақтың басынан ұзап еш қайда кетуші болма! тек осы бұлақтың ғана суын ішіп осында жуын. Қашан келетінін білмеймін, бір күні бір көк ешкі келеді, бұлақтан су ішкенше оған тиме! әбден су ішіп болған соң ұстап ал да мына кездікпен бауыздап қанын бұлаққа ағыз. Сонда ғана біз қайтадан жер-мекенге орала аламыз. Жалғыз қалдым деп қамықпа, ертең жаныңа серік табылады. Жаратқан иеңнен көк ешкінің тез келуін тіле. Бір күнде ме, бір жылда ма, бір ғасырда ма көк ешкінің әйтеуір бір келері ақиқат. Айтқанымды ұмытпа,- деп ақбурылына мінді.

Көш жылжый жөнелді, Айғанның әжесі мінген ақбас атан екі үш аттамай жатып-ақ аспанға, аппақ ай астана қарай қалықтай жөнелді. Көш артынан сілем қатқанша ай астына қарай жүгірдім.

Бетімді бұлақтың мұздай суық суымен сабалап жуа бастадым. Жылай-жылай мең -зең болған басым аз да болса жазылайын деді.

Жанымдағы Жанай да бетін жуып жатыр. Басымды көтеріп Жанайға қарап аңырып отырып қалдым.

Жанай қас-қағымның арасында бой жетіп кетіпті. Тура Айғанның өзі.

Бас салып құшақтай алмаққа орнымнан атып тұрғанда өзімнің де атпал азамат болып өсіп кеткенімді бірақ білдім.

Атам айтқан көк ешкі қашан келер екен. Жанай екеуміз сарыла сол көк ешкіні күтіп отырмыз.

Submit a Comment

Object moved

Object moved to here.