Image Image Image Image Image Image Image Image Image Image
Scroll to top

Top

Rigth now get betting bonus from bookmakers
Пікір жоқ

Қойшыбек МҮБАРАК, мистик жазушы: «Біздің ауылды мистика кезіп жүретін» 

mystic
  • On Қараша 8, 2016

597a747e96013347b3bb5a831e85e3da

Тәуелсіздіктің 25 жылы көз алдыңызда. Атажұртқа келу сізге алғаш қандай сезім сыйлады (жазушы ретінде)?

– Атажұртқа, тәуелсіз Қазақстанға оралу шет елдегі кез келген қазақтың басты арманы. Анығында мен кешегі қазақ дадасының бір пұшпағында дүниеге келдім. XVII ғасырда басталған Жоңғар шапқыншылығы кезінде Алтайды тастап Сыр бойына дейін ауған бабаларымыз XVIII ғасырдың соңында ежелгі жұртына қайта оралған екен. Бірде Жоңғар, бірде қазақ жайлаған сол байтақ мекен бүгін Қытайдың сызығының ішінде қалды. Ақиқатында ол қазақтың әлмисақтан бергі өз мекені еді. Менен бастап санағанда он үшінші атамның басы сол Алтайдың ақбас шыңының баурында жатыр. Жер кеше менікі болғанымен бүгін Қытайға тиесілі. Сол қарғыс атқыр сызық жерді елімен қоса екіге бөліп кетті. Жер кетті деп өзім де сонда қалуды жөн санамадым. Сол үшін де Қарашаңрақ, ақтылы ордама, егеменді еліме жат қолында қалған атақонысымды қимай-қимай бір уыс топырағын тұмар етіп мен де жеттім.

Ата мекенге келгелі баспа саласын жағалап келемін. Анау айтатындай атақты болмасам да өзіндік қолтаңбам бар дизаинермін. Өізім еңбек еткен бірсыпыра баспалармен қатар ұлт руханиятының өсуіне үлес қосып келе жатқан “Ер Жәнібек” халықарылық қоғамдық қоры шығарған кітаптардың дизаины менің қолымнан шықты. Осы өнерді қазақ баласына үйретсем деген оймен соңғы 8 жылда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті, «Баспа ісі және дизайн» кафедрасында сабақ беріп келемін. Ұлттық құндылықты арттыру үшін ұлттің әр дүниесінің мазмұнымен қоса сыртқы бейнесінің де өзіндік айрықша белгісі болу керек. Қазақ баспасынан шыққан кез келген өнім бір қарағаннан қазақы бояумен көз тартуы тиіс. Сол үшін де ұлттық дизаинды қалыптастыру керек екендігі бәрімізге аян. Осы арманның жетегінде келешек ұрпаққа баспа саласындағы ұлттық дизаинның үлгісін қалыптастырсам деймін.

Не жазам деп ойладыңыз келе сала. Қазір сіз қалам тартып жүрген мистика жанрының қайнар көзі не болды сіз үшін?

– Менің туып өскен жерім Қытайдың Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданының Ағашоба деген ауылы. Шіңгіл, Шағанғол, Бұлғын деген үш үлкен өзеннің құйған тұсы. Бұл өңірдің табиғаты да, табиғатына сай адамдары да өзгеше. Қадым заманғы қанды тарихтың таңбасы әр тасының бетіне бәдізделген сырлы да сыйқырлы жер еді.

Бала кезімізде біздің ауылды мистика кезіп жүретін. Қайтыс болып жерлегелі жатқанда қайта тірілген, тірілгенде де кешегі жай ауыл адамы емес ғаламның тілін біліп, адамның пешенесіндегі жазуды да оқи алатын, екі дүниенің арасына еркін жүретін айрықша қасиетті бақсылар болып оралатын. Сондай-ақ жыланның да тілін білетін апалар, перімен сөйлесетін аталар, жыны буғанда көз ұшындағы Маралтының (жер аты) басына сүт пісірімде шығып қажетін тауып келетін желге мінгендер, адамдары ғана емес иесіне төнген қауіпті сездіретін жылқы, қораға жақындаған сайтанды сүзіп қуатын ешкі, иесінің қабіріне барып күнде зиярат етіп отыратын ит, болмаса қазір ғана балағыңды түріп жалаң аяқ өтіп кеткен өткел, артыңа қарасаң ат салсаң ағызатын  асау өзенге айналып кететіні, екі ауылдың арасында көшіп жүретін құм төбелері, кеше ғана ат арқандаған қазығың ертесінде алып ағаш болып көктеп тұратындығы. Сом темірді демімен үрлеп балқыта алатын ұсталар… Қойшы әйтеуір, ауылдың бар болмысы сырлы болатын. Міне осының бәрі-бәрі тұнып тұрған мистика. Кез-келгенімен сөйлессең адамның ақылы бойламайтын бір тылсымның сырын ашып бере-тұғын. Технограттық заманда өмір сүрсек те осы аңызға бергісіз ауыл әңгімелері санамызға сіңді, бүгінде жасым қырыққа келгенімен, мен сол бала кездегі тылсымдарға әлі де сенемін. Қазақтың кез-келген ырым-тыйымының, салт-дәстүрінің, қарапайым тұрмыс тіршілігінің астарынан аршып алынған миф ешбір дәлелсіз-ақ біздің ауылда аңқып тұрар еді. Осының бәрі мені әдебиетке мистика деген жанрмен келуіме түрткі болды.

Менің туып өскен ауылымда Дөңті деген жер бар-тын. Нағашыларым сонда тұратын. Дөңті менің көз алдыма Гарсия Маркестік Макондосын елестететін. Макондоның әр тұрғыны Дөңтіде жүргендей әсер беретін. Алатасты құлдап (жер аты) сығандар асыл әйнектері мен тылсым хикметтерін алып келе жатқандай сезілетін. Анау тұрған шолақ теректің түбінде Маликадес пен әңгіме құрып отырған саятшы шал, Хосе Аркадио мен бірге қанжарын қайрап отырған еңгезердей ер адам, Урсуламен бірге немерелерін қуалап жүрген кемпірлер де көз алдымда.

Бала кезімде тілімен қып-қызыл күректі быж-быж еткізіп жалаған бақсыны, жоғалған жоғыңды тура өз қолымен матағандай айтып беретін құмалақшыны, болмаса, жауырынға қарап отырып, бір айдың ішінде үйіңе келетін қонақтарды қай күні қандай көлікпен, қандай киім киіп келетініне дейін тап басып айтып беретін жауырыншыны өз көзіммен көрдім. Шапқан атқа жеткізбейтін жынды да біздің ауылда болды. Сол ел қорқатын жындалардың өзінің өзгеше бір қасиеттері бар болатын. Біреуі шие болып шырмалып қалған арқанның түйіншегін әп-сәтте тарқата салса, енді біреуі буырқанып жатқан асау өзенге жол бастап түсіп кетсе арқырап жатқан өзеннен өткел ашылатын. Міне осының бәрі менің сана-сезіміме бала кезімнен әбден орнығып қалды.

Өзім көріп өскен ауыл тұрмысы менің шығармаларыма өзек болды. Орталау мектепте өзіме сабақ берген мұғалімім жолаушы жүріп бара жатып жолдан бір түйіншек тауып алған екен, содан жол бойы сайтанның кесаптынан ұшынып ауырып көрші ауылға әзер жете құлапты. Содан ұзақ уақыт қиналып қатты ауырды, бүгінгі медицина көмектесе алмаған сол кісінің жанын ауылдың бақсы-бәлгерлері алып қалып еді. Сол деталь “Айдың соңғы сәрсенбісі” атты шығармамда қолданылды. Сосын жақын бір құдашамыз бар еді, жаңадан үйленген. Сол кісінің жаңа киімдері өздігінен туралып қалады екен. Ол туралы ауылдың әңгімесі тұнып тұрған мистика болатын. осы хикая “Ақкөйлекті қыз” атты шығармамда айтылды. 1940 жылдардың бас кезіндегі аумалы-төкпелі жаугершілік заманында ұсақ баласы көп шағын бір ауыл таудың қуысында қалып қойыпты да, өзге жұрт Еренқабырғаға қарай ауыпты. Араға төрт-бес жыл салып қайта оралған ел әлгі шағын ауылдан екі кемпірді ғана көріпті. Кешегі көп баладан біреуі де жоқ, ал ана екі кемпір адамды көрсе көзі шырадай жанып атылғалы тұр дейді. Балалардың бәрін екі кемпірдің жеп қойғанын білген жұрт екеуін де атып тастапты. «Сол жерде адам жегіш екі кемпірдің аруағы әлі жүр» дей-тұғын. Осы бір аңыз маған “Құбыжық”, “Аушы” атты шағармаларды жазуыма себеп болса, Сүлейменнің қаһарынан қорқып аспанға көтеріліп кеткен жетпіс екі мың пері туралы аңыз менің “Айған” атты шығармама ойтүрткі болды. «Күмістің құйғаны (Ертеде аспаннан меторид ағып түсіп содан бастап «Күмістің құйғаны» аталған жер) сол аспанға ұшып кеткен перілерге апаратын жол» – деп айтылатын. Үш өзенді мекендеген су перісі туралы естіген аңыздарым “Ескексіз қайқты” жаздырды. Су перісін күтіп Шағанғолдың жағасында жаздың ұзақ таңын аңсаумен өткізген кездерім күні бүгінге дейін көз алдымда. Сол сияқты барлық шығармашылығыма өз ауылымның мистикасы сіңген. Әр кейіпкерімнің өмірде де өз прототиві бар. Бәрі де қарапайым ауыл адамдары. Айрмашылығы тек өз тылсымымызға өзіміздің өлердей сенетіндігімізде.

Жалпы мистикалық бағытта шығарма жазу үшін мифке байлана отырып тек сананың түкпіріндегі түйсікке сүйенуің керек. Адамның ақыл-ойының ең биігін тек түйсік арқылы ғана таба аласың. Күні бүгінге дейін әлем халықтарының аңыз ертегілерін сүйіп оқимын (әрине қолым жеткенінше). Бізде «аңыз-ертегі тек балалар үшін ғана керек» – деген жаңсақ ұғым қалыптасқан. Кез–келген аңыз-ертегі адамның жасының өсуіне қарай жаңа ой салып отырады.

Қазақтың көшпелі өмірімен бірге ұмыт болып, ел есінен көтеріліп бара жатқан дәстүрлі дүниелерді қайта жаңғыртып оқырманның санасына салсам, қазақы мистиканы қазақ прозасында қайта жаңғыртсам деген ой алғаш қалам ұстағандағы арманым еді.

–  аударма саласы туралы

–  Қазақ әдебиетінде аударма ісі кенже қалып бара жатқан сияқты. Шетел әдебиетінің бізге аударылып жетуі және қазақ әдебиетін шет ел оқырмандарына аударып жеткізу мүлдем жоқ деп көз жұмбасақ та, ауыз толтырып айтатындай өркендеп тұрғаны шамалы. Осынадан біраз жыл бұрын «Аударма» баспасынан «Әлем әдебиетінің 100 томдығы» деген атпен, шетел ақын-жазушыларының кітаптарын шығару қолға алынып еді. Өз басым соның 68 томын ғана көрдім, ары қарай шықпады ма, әлде шықса да, менің қолыма жетпеді ме білмедім. Сосын «Полиант» баспасының жанынан ашылған Кеңес Юсупов ағамыз басқарған «Әлем әдебиеті» деген тамаша журнал бар еді. (Кейін бұны Думан Рамазан ағамыз басқарды) Осы басылым арқылы біраз әлемдік ақын-жазушыларды танып қалып едік. Соңғы кездері одан да көз жазып қалдық. Айналып келгенде осының барлығына мемлекет тікелей иедершілік ету керек еді. Мемлекет тарабынан арнайы аударма агенттігі ме әлде сол сияқты бір ұжым құрылу тиіс. Сосын бүгінгі қазақ баласына керек әдебиет қазақшаға аударылып, қазақты әлемге танытатын ақын-жазушылардың озық шығармалары әлем тілдеріне аударылуы керек. Қазірге бұл тек  болашақтың еншісінде.

 Қазақ жазушысына әлемге танылудың жолдары қандай? Нобель сыйлығы туралы ойыңыз?

– Бізде әлемдік деңгейде жазылған шығармалар жетерлік. Солай бола тұра «қалайша әлемдік өреге  көтеріле алмаймыз?» деген сұрақтың тууы заңды. Меніңше бұл арадағы түйткіл жазушыға емес ұлттың қуаттылығына байланысты. Ұлттың әлемдегі орны қанша биік болса, әдебиеті де соншалықты бағаланады. Нобель сыйлығын алған шығармалардың біразын оқыдық. Арғысын айтпаған да солардың көбісі Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Т.Әбдік, Тынымбай Нұрмағамбеттен асырып жазып жүргендері жоқ. Сол сыйлықты иелнгендердің біразынан осы ағаларымыздың бәсі басым, қай-қайсысы да сол биікте тұрып әлем алдына сөз айтуға қауқары әбден жетеді. Тіпті кейде ортанқол жазушылар да Нобельдің сахнасында қасқайып тұрады. Неге? Өйткені оның жазғанынан гөрі артында тұрған елі  қуатты, ұлты мықты. Біздің егемендік алғанымызға ширек ғасыр ғана болды. Алдағы уақытта мемлекет қуаттанып, ұлт озықтанса біздің де жазушылар әлемдік дәрежеде бағаланары даусыз деп ойлаймын. Шын мәнісіне келгенде Нобель әдебиетке өлшем бола алмайды. Сондықтан әдебиетті, өнерді әлемге таныту үшін әуелі ұлттың әлемдегі орнын биіктету керек. Бар болғаны он миллион ғана қазақ, оның жартысына жуығы орыс тілді. Сонда нақты қазақы оқырман миллионға да жетпейді. Егер жан-санымыз кем дегенде  елу миллионға жуықтаса біз жанымыздағы орыстан да, іргедегі қытайдан да әлде қайда қуатты болар едік. Өйткені біз әуелден даналықтың шыңына шыққан халықпыз.

  1. Әлемде авторлық кино әдебиетпен тығыз байланысты. Киноның әдебиетпен байланысы көрерменге не береді? Киноға ше?

Әрине, бүгінгі адамдар үшін кітапқа қарағанда киноның өтімділігі ауқымды.  Дейтұрғамен, бір кітапқа сыйған дүние екі сағаттық киноға сыйып кетеді деу қиын болар.  Десе де киноның да өз құдіреті, бейнелеуі, жеткізуі бар. өкінішке қарай бұл сала да бізде кенже қалып тұр. Қазақ жазушыларының шығармасының негізінде түсірілген киноларды саусақпен санап аласың. Оны қойып сапалы қазақ киносы санаулы ғана. Бұл жағында өзгелерден көп қалып қалған жайымыз бар. Болмаса бізде де киноға айналдыруға татырлық шығармалар жетерлік. Соны көрерменге жеткізу –  қатардағы қалам ұстаған жазушы мен сценаристің болмаса режиссордың құзіретінде емес. Оны да мемлекет қолдап-қуаттауы керек. Әдебиеттің киноға айналуы өнерді асырмаса құнын түсірмейтіні анық. Кино өнері тарихы жүз жылға толмаса да адаммен қатар жасап келе жатқан әдебиеттен қазіргі таңда озып бара жатқанын ескеруіміз керек. әдебиет пен кино бірін-бірі толықтыратын егіз ұғымға әлде қашан айналып үлгерді. Көркем әдебтиетті оқуға құлқы жоқ көрермендер үшін кино арқылы санасына азда болса сәуле шашуға болады.

– «Қай жанр әдебиетте жетекші болса, басқа жанрлар да соған қарай икемделе бастайды» деген Бахтин. Сіздің ойыңызша қазақ әдебиетіндегі жетекші жанр қайсы? Және оның басқа жанрларға ықпалы бар ма?

–  Қалай десек те қазақ әдебиетінде поэзия көш бастайды. Өйткені біздің ұлттық болмысымыздың өзі сол поэзияға жақын. Сосын бізге жетіп, санамызға құйылған ұшан – теңіз мол мұрамыздың көп бөлігі жыр тілінде сақталған. Содан кейін де біздің барлық шығармашылығымыз поэзиялық үлгіде. Бәрі бір қалыпта, бір арнада. Осыдан екі ғасыр бұрын өзге ұлт жазушылары қалыптастырып кеткен измдердің бізге әлі толық дендеп еніп кете алмағаны, күні бүгінге дейін оқырмандарымыздың сол измдерді жатырқайтындығы, сол поэзиялық оймен ойлайтындығымызда болса керек. Ал бұның артықшылығы қазақ жазушыларының қайсысы қалам ұстаса да сол поэзиялық ойлау жүйесінен алшақтамайтындығында. Ұлт діңгегіне байланатындығында болса керек.

Б. Арықбай

Дереккөз «Қазақ әдебиеті»

Қойшыбек МҮБАРАК, мистик жазушы: » Біздің ауылды мистика кезіп жүретін «

Submit a Comment

Object moved

Object moved to here.