Мен оны алғаш Талөкпеге барғанымда көрдім.
Шағалалыдан жолыққан Талап ескі көлігін қалыптан тыс жылдамдықпен жүйткітіп отырды. Әуелде аңғармаған екем. Көліктің тежегішімен жылдамдық арттырғыш құрылғыларының барлығы рульге қолмен басқарылатын етіп орналастырылған екен. Әлденені білмек болған адамдай тізесінен көз салғам. Тізеден төмен шалбардың бос балағы салбырап тұр екен. Менің көз тастағанымды аңғара қалған Батыл «ержігіттің басына не келіп не кетпейді… алапат шырғалаңға түсіп екі аяқты бірдей бердік. Қалғанына қанағат деп жүрміз» деп күліп қойды. Мен одан ары ешнәрсе сұрауға дәтім жетпеді. Әредік жолдың ұңғыл-шұңғылына жолыққанда төрт доңғалағы төрт жаққа шашылып кетердей селкілдейді. Өзінің осы көлікпен он бес жылдан бері біте қайнасып кеткенін айтқан ол серіппеден атылған оқтай жүйткіп келе жатып, кенет артынан әлдеқандай шомбал жабысқандай жұлқына баяулай қалып бірде кең тыныс алғандай үдіре тартып отырып, Талөкпені жанай ағып жатқан Қараөзенге жете өрлей жағалап отырып күн ауғанша жүрді де, соңғы тұмсығын тіреген шағын аудан орталығының шеткі көшелерінің біріндегі ескі базардың жанынан түсіріп кетті. Қолымда шағын жол қапшығым қалай барарымды білмей ділгеріп тұрғанмын.
Талөкпе. Тамара қыз. Үнемі түсіме кіретін Тамараны іздеп келіп тұрмын. Кімнен, не деп сұраймын… келерін келіп алсам да енді қайда барарымды білмей ділгіре бастадым. Ойыма осылай жолға шығар алдындағы оқиғалар орала берді.
Таңғы шай үстінде әйелім Сараға Талөкпеге барып қайтпақ ниетте екенімді айтқан-тұғым.
Талөкпе туралы әңгіме басталса Сараның жыны ұстайды.
– Не шаруаң бар? – бәрін біліп тұрса да әдейі сұрап отыр.
– Ешқандай… – мен барынша салмақты жауап қатып отырмын.
– Онда неге барасың? – деп жыларман болған Сараға қарап:
– Мазам кетіп жүр… – дедім шынымды айтып.
– Сорлы-ау! Саған анау айдаладағы Талөкпеге емес, мына іргеде тұрған емханаға бару керек қой! Қанша айттым… сөз тыңдамайсың… – Сара мені мүсіркей сөйледі.
– Денім сау, емханадан не іздеймін… – дедім менде қарсыласып.
– Денің сау болса түні бойы неге Талөкпе… Тамара қыз деп ұйқысырап шығасың… Енді сол Талөкпеге барам деп отырған сөзің мынау… Сен аурусың… – Сара енді қой қоңыр көздері тікірейіп жындана бастады.
– Иә, не десең соны айт… Мен сонда кеттім… – өзімнің шынымен барып қайтуға бел буғанымды айтып отырмын.
– Осы сенің менен жасырып жүрген бір сырың жоқ па? – енді ол әйелге тән күмәнқорлығына басты.
– Қойшы, жаным, қайдағыны айтпай?.. – дедім мен жалтарып жатқанымды әлде ақталғаным белгісіз.
– Рас айтам… Менімен үйленгеннен бері әр күні түнде Тамара қыз деп ұйқысырайсың да жатасың… қанша рет сұрадым… Расыңды айтшы… – Сара өзінің білгісі келгенін сұрап ала қоймаққа аярлана қалды.
– Шынымен буалдыр бір түс… ояна бәрі есімнен көтеріліп кетеді… – деп мен бар шынымды айтып отырмын.
– Сенейін-ақ дейім… бірақ сенгім келмейді… не де болса менен жасырып жүрген бір нәрсең бар… – Ол енді көз жасын сығымдай бастады. Мен қалай жауап қайтарарымды білмей дағдарып біраз отырдым да сәлден соң барып:
– Осы сұрақтан мен де шаршадым… – дедім күрсініп.
– Мені айтсаңшы… – Сараның жанарынан аққан жас көйлегінің етегіне тырсылдап тама бастады. Жаным ашып кетті. Қасына келіп иығынан өзіме қарай тартып бетінен сүйдім. Менен айырылып қалмайын дегендей тас қылып құшақтап алған оны аймалап тұрып:
– Сол үшін Талөкпеге барып қайтсам деп отырмын… – дедім қайталап.
– Жоқ, жібере алмаймын… – Сара еңіріп жылай бастады. Мен Сараны терезенің алдындағы креслоға апарып отырғыздым да:
– Жаным менің… Сен қаласаң да, қаламасаң да мен Тамарамен кезігіп қайтуға бел будым! – дедім даусымды сәл қатайта.
– Есің дұрыс па! – Сара тағы шаңқ ете қалды.
– Иә, дұрыс болған соң да осы сұрақтың жауабын бір жола шешсем деп отырмын… мен барынша салмақты болуға тырысып отырмын…
– Ертас, маған салсаң сені ешқайда да жібергім келіп отырған жоқ! – енді ол барынша жылы сөйлеуге тырысты. Бірақ дауысының ар жағындағы діріл атылып шыққалы тұрған ашуын анық аңғартып тұр.
– Баруым керек! – деп кесіп айттым да, жазу үстелімнің үстінде тұрған алдын ала дайындап қойған жол қапшығымды қолыма алдым.
– Онда бірге барамыз… – деген Сара орнынан жұлқына тұрды.
– Қой ары! Сенің есің дұрыс па? – мен шынымен абдырап қалдым.
– Иә дұрыс! – Сара нық сөйлеп тұр.
– Онда бұның не? – дедім мен жаймашуақтап.
– Қойнындағы байын айдаладағы біреуге қандай қатын жібереді… – Сара бұған не дер екен деген адамша бедірейіп қарап тұр.
– Қойшы, жаным… Ол менің жеке шаруам… – енді мен жалтара бастадым.
– Иә, жеке шаруаң! Жеке шаруаң сол, әйеліңе ашығын айтып айдаладағы бір салдақыға кетіп барасың… – Сара қайтадан долдана бастады.
– Қойшы… Оның не жазығы? – мен абдырап қалдым.
– Не жазығы?..
– Иә.
– Ешқандай жазығы жоқ дейсің ғой сен сонда…
– Иә…
– Мен сенің «түсімде ғана көріп жүрмін… білмеймін танымаймын…» деген ертегіңе сеніп жүр дейсің бе? – Сара оталып кетті.
– Сенбесең өзің біл! – мен де қатая бастадым.
– Қалай сенем? – ол жұлқынып қарсы алдыма жетіп келді.
– Өз еркің! – деп сәл шегіндім мен.
– Сендір ал мені… – Сара тебіте бастады.
– Соны саған сендірмек түгілі өзім де білмей жүрмін… – дедім мен ділгіріп.
– Онда мені ала кет! – Сара жатын бөлмеге барып киім-кешектерін жинай бастады.
– Не үшін? – мен не айтарымды білмей сасқалақтап біраз тұрып барып ойлана бастадым. Расында бірге барып келуге болатын шығар…
– Менен жасырғаның бар болмаса ала кетесің! – Сара қолына жол қапшығын алып менің жаныма келді де, мені сыртқа қарай сүйрелей жөнелді. Табалдырыққа жете көзім қарауытып басым айналып кетті. Екі тізем қалтырып барып жүрелей отыра кеттім. Сара:
– Естер! Естер! – деп жұлқылап орнымнан сүйеп тұрғызды. Сол аралықта құлағыма Тамараның даусы келіп үлгерді:
– Жаным менің… маған тек бір өзің ғана келе аласың… Тек бір өзің ғана… Олай болмаса қағида бұзылады… менен айырылып қаласың… есіңнен шығарма! – деп барып үзіліп кетті. Мен есімді жинап:
– Жоқ, Сарам менің… онда сені апара алмаймын… қағида солай, – дедім тілім әзер сөзге келіп. Босағаны керіп тұра қалған Сара:
– Онда сені ешқайда жібермеймін… – деді қайта долданып.
– Баруым керек, жаным. Түсінші мені… Әрі бір өзім ғана баруым керек. Бүгін барсам ертең ерте қайтып келемін… – дедім мен енді Сараға жалынып.
– Естер, сен менен бір нәрсе жасырып жүрсің? – Сара сабасына түсе бастады.
– Сенен ешнәрсе жасырғаным жоқ, жаным… Маған сенші… Сенен нені жасыруым мүмкін… Неге жасырам?! – мен үшін қалайда Сараны қалдырып кетуім керек екенін түсіндім.
– Онда бірге барамыз… – ол қайта әуеніне басты.
– Жоқ, болмайды дедім ғой… – қайта жалына бастадым.
– Не оны менен артық көресің бе? Сен болмасаң өмірімнің мәні жоқ… Бұл өмірде тек сені ғана сүйіп өтем… Тек сен ғанасың… қайда сол қалың өтірік уәдең… – Қайтадан шаңқылдай жөнелген Сараға:
– Қойшы болды, Сара! – дідім.
– Несін қоям… Оның қандай салдақы екенін мен қайдан білейін…
– Жетер енді… – менің де жүйкем сыр бере бастады. Менің түтей бастағанымды байқаған ол:
– Не, менің салдақы дегенім жаныңа тиіп бара ма? – деп онан ары өрекпи жөнелді.
– Қысқарт енді… – мен еркімнен тыс ақырып жібердім. Менен бұндайды күтпеген болса керек, Сара маған қарап аз-кем тосылып тұрды да өз шашын өзі жұлмалап:
– Қысқарта алмаймын… Оның қандай салдақы екенін… екеуіңнің қандай сұрқия сырларың барын мен қайдан білейін… Сендердің қандай арамдықтарың барлығын қайдан білем… – тіптен қояр емес. Мен Сараны босағаға қарай итеріп тастап:
– Сенбесең өзің біл… – деп есіктен шықтым. Артымнан ере шыққан Сара:
– Сендіріп көр… Осы күнге дейін шыдап келдім… Бұдан арыға менің де жүйкем жетер емес! Айт ашығын. – етегіме жабысып қалар емес.
– Несін айтам… – мен артыма бұрылмай кетіп барамын.
– Кім ол? Қандай салдақы?.. Сенімен бірге барып шашын жұлып қолына берем… – деп артымнан қалар емес.
– Білмеймін… Білмеймін… білсем айтар ем саған, басымды қатырма енді менің… Етегіме жармасқан оны кейін серпіп тастадым.
– Неге білмейсің? Білесің… арамдығыңды жасырып жүрсің… – Сара қояр емес.
– Білмеймін дедім, болды, білмеймін… менің де талағым тарс айырылды.
– Ойнасың шығар… Менен жасырып жүрген… баяғыдан тауып алған… Сара арт жағымнан келіп тарс құшақтай алды.
– Басымды қатырма… – мен бұл жолы бар күшіммен жұлқына босандым да бетіне шапалақпен жанып жібердім. Баж ете қалған ол:
– Мен бе сенің басыңды қатырып жүрген… Басыңды қатырып жүрген күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен шықпайтын анау сайқалың… Сол сайқалың үшін маған қол көтердің міне… – деп ол еңіреп отыра кетті.
Мен жіті басып көше жаққа қарай шыға бердім. Соңымнан бажылдай айқайлап жатқан Сараның сөзіне қарағаным да жоқ… Тек көшенің арғы бетіне өте бере Тәкен шалдың айқайын естіп қалдым.
– Әй, құдай атқан Ертас… Сараны тағы жылатып жатсың ба?..
Мен артыма бұрылмастан жолаушылар бекеті жаққа қарай жылдам жүгіре жөнелдім.
Талөкпеге баратын көлік оңайлықта табыла қоймады… Күніне бір рет қатынайтын жолаушылар автобусы әлдеқашан кетіп қалған екен. Енді тек жалдамалы жүргізушілерді табу керек. Арлы-берлі сандалып біраз жүрдім. Әлдекімдерден Талөкпеге баратын көлік туралы жөн сұрастым… Жолдың қарсы бетін нұсқаған біреуі анда барып тұрсаңыз солай баратындар жолай ала кетеді… мына жерде жүргеніңіздің еш пайдасы жоқ деп ақыл айтты.
Жолдың қарсы бетіндегі жанар май бекетінің жанына барғаным сол еді, көп күттірмей ескі неміс көлігі жаныма тоқтай қалып:
– Қайда барасың? Қияқ мұртты жігіт баяғы танысымдай тіл қатты.
– Талөкпеге…
– О, жол серік болатын болдың… кел отыра қал, мен де сонда бара жатырмын…
– Рахмет! Автобус кетіп қалыпты…
– А… баяғыда да солай ерте қатынайтын еді…
– Білмейді екенмін… бірінші рет бара жатырмын…
– Менің бармағаныма да қанша заман өтті. Он жылдан соң келе жатырмын…
– Талөкпеден емессіз бе?
– Туған жерім… дегенмен есейе басқа жаққа көшіп кеткенбіз… кейде адамды бір жерлер өзіне қабылдамайды екен ғой… мен де сондай бейбақтың бірімін… ауыр көлік апатына ұшырап жаным әзер қалған соң басқа жаққа қоныс аударып кеткен едім… Манадан бері сұрай алмай келе жатқан боларсың… Тізеден төмен жоқ… сосын да барлық құрылғына қолмен басқаруға көшкенмін… Айтпақшы таныспаппыз ғой… Ол рульдан қолын алып: – атым Батыл… деді ақсия күліп.
– Мен Естермін, – дедім еріксіз тізесіне көзім түсіп.
– Ал Естер мырза, жайша бара жатсың ба? – деді Батыл аңқылдап.
– Айтарлықтай шаруам жоқ… – дедім мен де.
– Онда?.. жігіт таңданыспен бетіме жалт қарады.
– Жай көріп қайтуға… мен барынша жайбарақат жауап қатттым.
– Қызық… ол даусын соза ыңыранып – Көріп қайтуға… деп қайталады. Мен өп-өтірік күлген болдым да.
– Өзіңіз қай жақтан келе жатырсыз… Мен Құмдаладан… Сонда тұрғаныма біраз болған. Жаңа айттым бұрын осы Талөкпеден қоныс аударғанбыз… Ескі там үйіміз қалған еді… Соңғы күндері сол түсімнен шықпай қойды… Расын айтсам соған барып қайтайын деп бара жатырмын… Ел есі ауысқан деп ойлар… Түсін іздеп бара жатқан деп… жігіт мұңая күлімсіріді.
– Үһ – деп терең дем алған маған қайта жалт қараған ол:
– Неге сонша күрсіндің? – деп сұрады.
– Есі ауысқанның көкесі міне қасыңда келе жатыр… – дедім мен шынымды айтып.
– Қалайша? – бетімен таңдана қараған Батылға:
– Мен де сол бір түске бола бара жатырмын… тіпті біреуге айтудың өзі оғаш… – дедім мен қос алақанымды уқалап отырып.
– Қой, рас па? – Батыл сенбей отырғандай.
– Иә… – деймін мен қайталап.
– Талөкпеде кімің бар еді? – Батыл әңгіменің ауанын бұзғысы келгендей.
– Ешкімім… Тек түсіме кіре беретін Тамара деген қыздан басқа ешкімім жоқ… – мен тағы да шынымды айттым.
– Мен мана айттым ғой бұрын осы ауылда тұрғанмын деп. Расын айтсам Тамара деген қыз барын білмейді екенмін… Онда қайда барасың… – деп сұрады Батыл алдағы жолға тесіле қарап отырып.
– Білмеймін… Шамасы бір базардың жанынан қалдырып кетерсің… елес иә түйсік ескі базар дегендей болады… – деген маған.
– Мүмкін бірге жүреміз… – деді Батыл.
– Жоқ, керек емес… шынын айтсам қайда барарымды өзім де білмеймін… – деп азарда безер болып жатырмын.
– Жақсы, базардың жанында қалдырып кетермін… Ұмытпасам сол маңда қонақ үй болу керек… ескі болса да түнеп шығуға жарар. Мен ескі тамды соққасын сонда барамын.
– А, қонақ үй болса жақсы екен. Онсыз да басқа барар жерім жоқ…
– Өмірде талай таңғажайып болады ғой… өз басымда да… десе де сенің Түсімді іздеп бара жатырмын дегеніңе әлі илана алмай келемін… – деп Батыл қырылдай күлді.
– Иә… Түсіме Тамара деген қыз кіреді… Кейде тура өз әйелімнің кейпінде кіретіндей… ояна бәрі есімнен көтеріліп кетеді… түн сайын сол Тамараны іздеп шарқ ұрып қиналып жүрем… Талөкпеде ескі базарға кел… тез кел… келші маған деп жалбарынған қыз даусы… Мен келіп таяй бергенде әлдебір құдірет оны аспанға қарай көтере жөнеледі… Мен Тамара, Тамара деп айқайлаймын… Қыздың аты Тамара екен деймін… сосын не болса да барып бір көрейінші дегенім… – деп түсініктеме берген маған:
– Тылсым дүние… – деп Батыл даусын барынша соза күрсінді.
– Иә, түске байланған екеуміздің жолыққанымызды айтсаңшы… – дедім мен сөз реті ғып.
– Айтпа… рас осы сені бір жерден көрген секілдімін… Құмқалаға барып па ең? – деді ол маған бедірейе қарап.
– Жоқ… – деп оған қарап отырып өзім де әлдеқайда бір таныс адамдай сезіліп кетті де, – мен де сені бір жерден көрген секілдімін… дедім. Екеуміз жол бойы бір-бірімізді қайдан көргенімізді есімізге түсіре алмадық.
Түс ауа Талөкпеге жеттік. Батыл мені ескі базардың жанына әкеліп түсірді де:
– Мен кешірек келемін… Базардың арғы бетінде қонақ үй бар. Сонда жолығармыз… көріскенше, – деп қоштасты да, көлігінің артынан қара түтін будақтатып кете барды.
Әуелде қайда барарымды білмей ділгіріп біраз тұрдым да, енді көрініп тұрған ескі базарға қарай бет ала беріп едім, анадайдан маған қарай күлімдеп келе жатқан қызыл көйлекті қызды көріп әуелде менің түсімде жүрген Тамара осы шығар деп ойлағам. Әудем жерден көрінген қыз тура қарсы алдыма келгенше көз алдымнан өзіме таныс қанша бейне өтті… Ешкімге ұқсамайды… неге екенін қайдам арғы жағымдағы бір түйсік бұл Тамара емес дейді. Әлде басқа бір танысым шығар деп ойладым. Мүмкін ұмытып қалған шығармын деп танымағанымды сездіргім келмеді.
– Сәлем! Қалай жеттің? Қыз бетімнен сүйіп, амандасып мойныма асыла кетті.
– Жақсы… Жолдың сәл нашарлығы болмаса, тамаша-ақ жеттім, – күтпеген кездесуден абдырап қалсам да, өзімді барынша еркін ұстауға тырысып жатырмын.
– Иә, адамдарға арналған жол солай… – қыз сықылықтап күле жөнелді…
– Өзің қалай жеттің? – әйтеу осы ауылда танысым жоқ. Қалай болса да мен секілді сырттан келген ғой деп өп-өтірік сұрап жатырмын…
Қалай болғанда да Тамара емес деген түйсік күнделікті таныстарымның бірі шығар деген ойға жетелейді.
– Қойшы, Ертас… сен өмірі осылай… адамды ақымақ қылып жүретінің… Қалай жеттісі несі… өзің секілді түсін іздеп кететін қаңғыбас қой дейсің бе? Сарғайып екі көзім төрт болып сені күтіп отырмын. Терезеден көре сала жүгіріп шықтым… Келместей болып кетіп едің… қайтып оралыпсың ғой… – енді бұртия бастады. Мен енді абдырай бастадым. Түс іздеп келгенім ғой рас… Ал мына қыз Түс іздеп кеттің дейді.
– Кешіріңіз… қателесіп тұрсыз… мен бірінші рет келіп тұрмын бұл ауылға… – мен әр сөзімді нықтап, нығарлап айтып жатырмын.
– Ертас, енді жыныма тие бермеші менің… Онсыз да жалғыз байыңа ие болмай не істеп отырсың деп екі кемпір бірдей келіп шашымды жұлып кетті. Не сен хабарласпайсың… – самбырлай сөйлеп жеңімнен тартқан қызға:
– Сіз… сіз шынымен қателесіп тұрсыз… – дедім мен аңтарылып.
– Қанымды ішпеші ары… Бол енді үйге кеттік. Құмқаладан жалғыз ағам келе жатыр екен. Соған дастархан дайындаймын… – деп сүйрелей бастады.
– Мен рас айтып тұрмын… – деп тұрған орнымнан қозғалмай тұрған маған:
– Болды… жүрші енді… мұнда тәжікелесіп тұра береміз бе? Елден ұят… – деп жалына бастады. Мен тіптен ешнәрсені түсіне не түсіндіре алар емеспін.
– Сіз шынымен… – мен енді саса бастадым.
– Құдай-ай десеңші, осы жындыға қор қылып қойған… өзіме де обал жоқ… есі ауған Ертасқа қатын болып жырғамассың деген талайдың бетіне түкіріп ем… енді міне соның киесі атып жатыр мені… – қыз отыра қалып еңіреп жылай жөнелді. Не істерімді білмей:
– Қойыңыз болды, жыламаңыз – деп қолтығынан демей бергенде жолдың қарсы бетіндегі үлкен қақпа шарқ етіп ашылып ішіне еңгезердей ақсақалды шал:
– Әй, құдай атқан Ертас… Тағы жылатып жатсың ба?..
Денем дір ете қалды. Түсіме үнемі кіріп жүрген Тамара осы деп өзімді қаншалықты сендіруге тырысқаныммен, арғы жан дүнием қабылдай алар емес. Мен таңертең үйден кетіп бара жатқанда Сара осылай бажылдап жылап артымнан жүгірген-тұғын. Сонда көрші Тәкен шал:
– Әй құдай атқан Ертас!.. тағы жылатып барасың ба – деп айқай салған-ды. Тура осы дауыс… Осы кезде орнынан атып тұрған қыз:
– Ұят-ай… Жанардың атасынан ұялмайсың ба тым құрғанда… Жүр бол енді – деп дедектіп сүйрелей жөнелді. Мен не дерімді білмей артынан дедектеп еріп келем… Үйге кіре бере:
– Жаным-ау, сен не ауру болып қалғансың ба – деп бас салып құшақтай алды…
– Кешіріңіз… – мен қыз құшағынан сытылып шығуға тырбанып жатырмын.
– Құдай-ай… – деп қыз қайтадан шар ете қалды.
– Сіз… – деп ары қарай не айтарымды білмей дағдарып қалған маған:
– Саған не болған… жаным-ау… Саған анау сайқалың не істеген… дуалап алған ба? Айтып едім ғой саған сол Шағалалыға бармай-ақ қойшы деп… Өзің де бір сөз тыңдамайсың… бір түнеп қана ертең қайтып келем деп кетіп апта бойы жоғалдың… – еңірей жылаған қыздың сөзі еңсемді езіп барады… Тура Сараның сөзін айтып тұрғандай…
– Мен… мен… – ары қарай ешнәрсе айта алар емеспін.
– Мені жынды қылатын шығарсың… – деп бажылдаған қыз өз шашын өзі жұла бастады.
– Жоқ, мен жынданатын шығармын… – дедім босағаға сүйене.
– Апта бойы қайда жүрсің қаңғып?!. Қайда әлгі ертең қайтып келем деп берген уәдең? – қыз келіп жұлқылап жатыр.
– Мұнда бірінші рет келіп тұрмын… Сені бірінші рет көріп тұрмын. Бүгін барып ертең қайтып келем деген уәдені саған емес өз әйелім Сараға бүгін таңертең бергенмін… – мен қыздың екі қолынан мыти қысып терезе жақтағы креслоға апарып отырғыздым.
– Есің дұрыс па? Ертас… – қыз шаңқ ете қалды.
– Рас айтам… саған өтірік айтып керегі не?! – дедім мен де даусымды көтеріп.
– Әдейі істеп тұрсың ба? – деп қыз креслодан тұрып.
– Сізді бірінші рет көріп тұрмын… Шағалалыдан бүгін таңертең шықтым. Өз үйімнен… Осында Талөкпеге Тамара деген қызды іздеп келдім… – мен барынша түсіндіруге тырысып жатырмын.
– Қойныңдағы қатыныңды танымай албасты басты ма құдай! – даусы тура Сараның даусына ұқсап кетті.
– Сен кімсің? – дедім еркімнен тыс.
– Ей, сорлы-ау, мен сенің қатының Тамарамын… Тамара! – денем дір ете қалды.
– Тамара?!. Тамара… – деп ішімнен әлденеше қайталадым. Мен оны тек түсімде ғана көретін-тұғым. Ал бұл сенің әйеліңмін дейді… Тіптен сене алар емеспін… Менің Тамарам басқа адам… Басқа болатын.
– Өзің екі жыл артынан қалмай жабысып жүріп алған Тамараң… – мен енді шатаса бастағандаймын. Алдымдағы тұрған бейнатыс әйелдің бетіне қарап:
– Сен менің әйелім емессің! – дедім.
– Жоқ, сенің әйеліңмін… – деді әйел өңі тотығып.
– Жоқ, сен емессің! Ол басқа Тамара… – мен сасқалақтай бастадым.
– Не басқа тауып алғаның бар ма? Ондайың болса басымды қаңғытпай шыныңды айт!.. – жаңа ғана жүзі жайнай қалған әйел енді сұрлана қалды.
– Тамара, айналайын, сен Тамарасың ғой… – дедім мен басқа не айтарымды білмей.
– Иә, мен Тамарамын… Мен сенің ақ некелі қатының Тамараңмын… – жынданып кеткендей мені жұлқылай бастады…
– Тоқта, сабыр ет, Тамара! Екеуміз бірге түсінісейік… – дедім мен барынша сабырлы болуға тырысып.
– Түсінісетін несі бар… Қойныңдағы байың апта бойы жоғалып кетеді де, келіп алып сені танымаймын дейді… – ол енді егіліп жылай бастады.
– Мен үшін де сұмдық жағдай… – менің аузыма басқа сөз түспеді.
– Иә, сұмдық… – енді ол жынданған адамдай шаңқылдап күле жөнелді… – Осы сен мені жындандыру үшін әдейі істейсің бе?! Мені жындандырғаннан не табасың ал…
– Тамшы, сен тыңда! Менің түсіме кіріп мені шақырған Тамара сен емес екеніңді жүрегім сезіп тұр – дедім оның қос қолынан ұстап тұрып.
– Иә, тыңдаймын… қашан сені тыңдамаған жерім бар еді… Сені тыңдаймын деп бақадай шулаған төркініммен де араласа алмай отырмын… Сені тыңдаймын деп барлық туыс-туған жақындарымнан баз кештім… қашан сені тыңдамап едім, ал айтшы… – ол самбырлап сөйлей жөнелді.
– Тамшы, мен қайталап айтайын саған… Мен сені бірінші рет көріп отырмын… – дедім көзіне қадалып.
– Туу, Ертас! – ол қолын тартып алып кері айналып кетті.
– Иә, мен Ертаспын… әйелімнің атының Сара екені де рас… – деген маған:
– Құдай-ау, көзің іліне Сара! Сарам менің… Шағалалыға барам саған… деп жүйкемді жұқартқаның аздай енді келіп әйелімнің аты Сара деп тұрғаның не сұмдық… – Тамшы таусыла сөйледі.
– Менің әйелім Сара! – деген маған:
– Не деп кеттің өзі?.. – деп сұраулы жүзбен қарап тұр.
– Менің түсімді іздеп келдім бұл жаққа… – дедім түсіндірмек болып.
– Құдай-ай… апта бұрын түсіңді іздеп кетіп едің ғой… құрысыншы сол түсің… – ол қайтадан гөйгөйлей жөнелді.
– Оны қайдан білесің? – дедім мен де таңырқап.
– Түсіңе түн сайын Сара деген қыз кіріп… Шағалалыға кеткенсің… – деді ол.
– Жоқ, мен Шағалалыдан келдім. Түсіме кірген Тамара деген қызды іздеп, – дедім оның сөзін түзетіп.
– Ертас! – ол шаңқ ете қалды.
– Иә! – дедім мен селк етіп барып бойымды тез жинап.
– Сенің есің шынымен ауысқан шығар… – деді таусыла сөйлеп.
Мен не дерімді білмей терезенің алдындағы манағы Тамараны отырғызған креслоға өзім барып отырдым.
Мен үшін бейтаныс әйел мені өз күйеуім деп зыр жүгіріп жүр. Жылай жүріп дастархан әзірледі де асқа шақырды. Мен еріксіз дастархан басына келіп шай алдым. Дастархан үстінде Тамара:
– Құмқаладан Батыл ағам келемін деп хабар айтыпты… сенің келгенің қандай жақсы болды… күйеу бала қайда деп сұрайды ғой… кешке дейін келіп қалатын шығар… құдай үшін ағам кеткенше ешнәрсені шалдырмай тұра тұршы… Менен басқа бір Тамараны іздейсің бе? Тіпті ағам кеткен соң сол Сараңа қайта кетіп қалсаң да өз еркің… құлың болайын сенің, осы менің бір тілегімді орындашы… Өзі зағип болғанымен көкірегі ояу адам… көңіліне кір түсірмей жіберейін… – деді жалынып.
Мен Тамараға Шағалалыдан бері Құмқаладан келген Батыл деген жігіттің көлігімен келдім, екі аяғы жоқ болса да барлық тетікті қолымен басқарып ақ көлікті жүйткітеді екен… – деп едім Тамара маған қарап:
– Естер, осы аусарлығың да жетер. Батыл ағам қалай көлік айдай алады… Оның екі көзі бірде көрмейтін зағип қой деді…
Менің енді көзім қарауытып басым айнала бастады… ішімнен күбірлеп Сара, Шағалалы, Тамара, Талөкпе… Батыл… – деп жатырмын.
Тілімнің ұшында тағы бірдеме тұрғандай… айта алар емеспін…