Сен. Қаз 12th, 2024

Кешеден бері құрулы тұрған этюдниктің бетіне кергішке керілген кенепті қойып жатып Бота жүрегі өрекпи жөнелді. Жолға шығарда мальбортпен бірге этюдникті де алып шыққанды жөн көргенді. Бөлменің шырағын өшіре салып терезеден Жайыққа қараған. Толықсыған айдың аппай сәулесі су бетіндегі майда толқынмен шағылысып айналаны тіптен жарықтандырып жібергендей. Алыстан Шағанның Жайыққа құяр тұсынан әлде қалбалақтап өзеннің ортасына қарай маңып барады. Терезеден ұмсына тесіле телмірген. Қалбалақтап қалқып бара жатқан қайық. Балықшы қайығы емес. Серуен қайығынан ұзын. Ескекті қайық. Оған дау жоқ. Балық аулайтын мезгіл емес. Айлы түнде Шағанды құлдап Асау Ақжайыққа ескек ұрғызған нендей күш екен деп ойлаған. Әуелде дарияның арғы бетіне қарай ағыспен қиғаштап бара жатқандай көрінген. Арғы жағаға жете әлдене жарық еткендей болды. Жаңағы қалбалақтаған қайық желкен жайып жатыр. Бұндай қайықтарға желкен орнатылмайтынын Бота жақсы білетін. Не қылсада әйтеуір тылсым дүние… Түн тыныштығын тіліп енді өзенді өрлеп келеді. Анда санда айдың аппақ сәулесімен ескегі жарқ етіп шығылысып қалады. Манадан Ботаға көрінбей қонақ үйдің төбе тұсына түсіп тұрған ай жыбырлай жылжып енді өзеннің үстіне келген. Терезеден құйылған аппақ сәулемен ескек жел этюдниктің алдында жатқан қағазды жерге ұшырып әкетті. Сылдыр етіп көтерілген қағаз қалықтап барып еденге түсті. Ол есіне енді келген адамдай кеше өзі жинап қойған қоржынын ақтарып қаламдарын шығарды. Этюднкитың үстіндегі планшетті ыңғайлап қойды да, бояуларды шығара бастады. Жеті қаламды алып қайталап кешегі ретімен қойды.
Сөмкенің түбінде жатқан мастихинды қолына алып аударыстырып біраз қарап отырды. Айдың сәулесімен шағылысқан мастихиннің металл қалақшасы ұстарадай өткірленіп кеткендей көрінді. Денесі дір ете қалып матаға қайта орап сумканың түбіне тастай салды да, қарандашын қолына алды. Орнынан тұрып шырақ жақпақ болып ойлады да, ол ойынан айнып қалды. Айдың сәулесі де жетерлік еді.
Орнынан тұрып терезеден сыртқа қарады. Жаңағы желкенді қайық тура өкпе тұсына келіп қалыпты. Ап-анық көрініп тұр. Аппақ желкенінне соғылардай болған шағалалар қайықты ағысқа қарай сүйреп келе жатқандай… мастихинды өзіне ыңғайлап терезенің жанына қойды да қарындашты кенептің бетіне қарай апара берген. Өзінің сонау бала жастан бастап салып келе жатқан үйді атасының өсиетіндегі айтқанындай оң жағынан бастамақ болып апара бере қолы өз еркіне бағынбай әуелде кенептің сол жақ астыңғы бұрышына еріксіз алып барды. Оңнан басталған сызық сәл иректеле толқынданып оң жақ жақтаудың ортасын кесіп аяқталды. Бота өзін меңгере алар емес. Қолы енді манағы сол жақ жақтаудың орта тұсына таяу жерден басталып оң жақтағы үстіңгі бұрышқа барып тірелді де, алғашқы салынған астыңғы сызықтың сол жақ бұрыш жағынан төменге қарай құйылған екі сызық тартылды. Осы кезде барып Бота өзінің көз алдындағы Жайық пен Шағанды салып жатқанын білді. Қарандашы тоқтар емес, енді Жайықтың ортасындағы желкенді қайықты салып жатыр. Негізгі сұлбасы салынып бола қарындашты тастай салып енді қыл қаламын қолына алған да қайта қоя салып, манағы сумканың түбіне тастай салған мастихинды сан бояу езілсе де, өз түсін ешқашан бермей келе жатқан планшетіне қолына ілінген бояуларды алып араластыра бастаған.
Қолында ойнаған қыл қаламдар… Есі кіресілі-шығасылы секілді. Өзін-өзі билей алмай қалған. Бояулар да еркінен тыс араласып өз түстерін тауып жатқандай… салынған картинаның бетіндегі Жайықтың жанды толқындары Ботаны еліктіре бастады. Қолына енді үлкен қыл қалам ілініп кетті. Планшеттің шеткі жағында езілген қызыл сары бояуға апарып желкенді ұстап тұрған діңгекке түс берем деп таята бергенде, картинадағы желкен лап етіп лаулай жөнелді. Баж ете қалған Бота қыл қаламдарын жуып тұрған суды алып шашып қалды. Оттың бор етіп сөнген даусы естілді. Бар дүниені қара түнек жұтып қойғандай айнала қап-қараңғы болып кеті. Манадан тынып тұрған түн құтырына боран бастап сар етіп жаңбыр төкті. Жарқ ете қалған найзағайдың жарқылынан Бота Жайықтың арнасынан асып жөңкіле тасып жатқанын, үйдей үлкен толқынның етегіндегі қайықтың тұмсығын толқынға қадап сабалап есіп жатқан ескекті көріп қалды. Найзағайдың күркіреген ащы дауысы құлақ тұндырады. Бота енді терезенің алдына қабырғаға сүйеніп отыра кетті. Атасының өсиетнамасы есіне түсіп, қолын сумкасына созды. Сипалап жүріп сумканы тауып алған соң еңбектеген қалпы есік жақтағы шырақтың түймесіне қарай беттеді. Неге келдім мұнда деген өзіне беймәлім сұрақ көкейіне ащы запран болып орала берді.


Қала үш төрт жылдың ішінде тұстастай өзгеріп кетіпті. Дегенмен Жайықтың жағасын көмкерген қалың орман бәз-баяғысындай екен. Қаланың қаптаған қалың көлігінің гүрілінің арасында ақ шағаланың шаңқылдаған үні естіліп қалады. «Менің ақ шағалаларым… амансыңдар ма» деп ішінен күбірлеген қыз айналасына көз сала бастады. Бұрынғы жұпыны жай үйлердің орнына шетінен зәулім сарайлар салынып, құм басып жататын иыр-қиыр көшелер сымға тартқандай түзеліп, асфальт жатқызылыпты. Келмегеніне қанша уақыт өткенін енді сезініп тұр. Ақ әжесі өмірден өткеннен соң неге екенін қайдам өзінің осы туған жеріне келуге жүрегі бір дауаламай-ақ қойғаны. Үнемі жанынан тастамайтын мольбертін қолтығына қысып шағын чемоданын сүйретіп вокзалдың алдына шыққаны сол еді, анадайдан бір таксист жүгіріп келіп:
– Қарындас, қайда барасыз? –деп чемоданына қол созғанды.
Ескі көпірдің жанындағы мазарға апара аласыз ба? –деген де бетіне үдірейе қараған жігіт:
Кешір, ол жақтың жолы нашар… – деп кете барды да, анадайда тұрған біреуіне:
– Ерік, мүмкін сен апарасың… –деді. Ескі көлігінің айнасын сүртіп жатқан жігіт:
– Қайда барады екен? –деп еді ол:
– Бар да сұра өзің… –деді. Қолындағы жаңағы көлік сүрткен сүлгісін бұғаңдатып келген екінші таксист:
– Сұлу қыз, қайда барасың? –деп анайы ыржалақтап –қалаған жеріңе жеткізіп тастаймын… –деді. Бұның көлігіне өзінің мінгісі келмеді. Жақтырмай қалды. Сумаңдаған көзімен өзінің тұла бойын тімтіне қараған жігіттен әуелі сескеніп қалды.
– Сіздің көлігіңізге мінбеймін… –деді, бірден.
– Неге? –деді ол одан арман ыжалақтап. Онымен сөз таластырғысы келмеген соң, чемоданын сүйреп үлкен көшеге қарай жүрген еді:
– Қарындас машинаны менсінбей тұрсың ба? Әлде күтіп алатын адамың бар ма? Айтсаң болды, апарып тастаймын… Барар жерің қайда? –деп соңынан қалмай қойған жігітке бұрылып:
– Не керек сізге?! –деп еді, анау:
– Сіздей сұлу бикешті барар жеріне жеткізіп тастау бақыты керек маған… –деп енді сайқымазаққа айналдыра бастады. Бота енді жылауға шақ қалды. Өмірден ақ әжесін алып кеткен осы қаланы жек көретін еді. Енді мына таксист тіптен жиіркенішті қылып жібергендей. Осы кезде анадайдан мосқалдау ер адам:
– Ай, Ерік құры бар… сен не қаламаған адамды көлігіңе күшпен отырғызасың ба? Жетер енді! –деп зірк ете қалды.
– Манас көке сізде… –деп міңгірлеген жігіт кері бұрылып кетті. Бота енді Манас көке атанған кісіге қарай жүрді. Көлігінің ашық есігіне сүйеніп тұрған жігіт ағасына таяп келіп:
– Аға, ескі көпірдің жанындағы мазарға жеткізе аласыз ба? –деді.
– Ескі көпір… Мазар… –деп қайталаған Манас: –Жарйды, қалқам, жолы нашар… десе де апарып тастайын… сонда қаласың ба? Әлде кері қайтасың ба? –деп сұрады.
– Сонда жеткізіп тастасаңыз… қайтам… бірақ кешірек… –деп чемонданын машинаның жүк салғышына қарай әкелді. Манас Ботаның чемоданымен сырты өрнектелген этюднигін жүк салғышқа салып жатып:
– Суретшісің бе, қалқам? –деді тұнжыраңқырап.
– Иә… Бірақ ол жаққа сурет салуға бара жатқам жоқ! –деді ол. Қаланың шет жағына қарай жол алған көнетоз көлік сықырлай ауыр қозғалып келеді. Айнадан Ботаға қайта қайта қараған Манас:
– Қызым, қатеселспесем Ағайша кемпірдің қызы есессің бе? –деді күрсініп.
Ақ әжесінің атын айтып отырған адам өзінің баяғыдан етжақын туысқанындай сезіліп кеткен Ботаның көзіне жас үйіріле қалып:
– Иә, иә… әжемді танисыз ба? –деді даусы дір-дір етіп.
– Танимын… жарықтық ғаламат адам еді ғой… сыртынан Ағайша кемпір дегеніміз болмаса өзін барлығымыз ақ әже дейтұғын едік… дүние солай… өте шығады ғой… сені кішкентай кезіңде көргенмін… танымайтын болуың керек. Сен бойжетпей тұрып басқа жаққа көшіп кеткенбіз… сосын араға біраз уақыт салып қайта оралдық. Менің атым Манас… Есіңде болса, сенің кішкентай кезіңде үйлеріңнің аяқ жағындағы көршілерің бар еді ғой… Ертеректе басқа жаққа көшіп кетіп, қайта оралғанымызға үш-төрт жыл ғана болды. Әжеңді жақсы танимыз. Осында келгенде естідік Ағайша кемпірдің қызы баяғыда өзі оқыған суретшілер мектебіне кетіпті деп… Бұл жақтағылардың барлығы сені Ағайша кемпірдің қызы дейді ғой, –деді күліп.
– Иә… апаңыз есімде, әжем мені тіл алмасам Жамал апаңа айтып укол салдырам деп қорқытатын… есімде… иә… иә… сосын сіздердің үйлеріңізде көп түйе болатын… Бақырауық қара інгендеріңіз есімнен кетпейді әлі –деген Бота Ағайшаның қызын енді кімнің қызы деуі керек еді деген бір ащы мысқыл ойына оралып миығынан күліп. Есіне бала кезде тіл алмай қойғанда ақ әжесі сол Жамал апасымен қорқытатын ылғида. Укол салады десе бұның шығарда жаны қалмай қорқатын. Қайбір жылы мұз ойылып, ботасы суға кетіп қалғанда сол қара інген су жағалап ай бойы күн-түн демей боздап, өзі неше рет мұзға түсіп кеткенде ауыл адамдары әзер шығарып алған-тұғын. – Зарлы інгеннің боздаған зар дауысы құлағын жеген Бота ақ әжесінен: – «қара інген неге сонша жылай береді, ақ әже» деген де, ақ әжесі – Е, ақботам менің… ішін жарып шыққан, ақсүтін емген ботасынан айырылу оңай дейсің бе? Құдай жылатпасын… Мен бейбақта сол қара інгендей боздап қалғам… Оның жанын осы ауылда менен артық түсінентін кім бар дейсің деп егіліп бір жылап алатын. Сол әжесін танитын адамды көргеніне қатты қуанса да, ішіндегі бір өксік тыйылар емес. Көзінен аққан жас қанша сүртсе де құрғамай, көйлегінің омырауына сорғалап отыр.
– Сені атың ұмытпасам Бота ғой, иә… Әжең марқұм ақ ботам деп отырушы еді ғой… –деді көліктің салқындатқышын қосып жатып.
– Иә, атым Бота, –деген қызға:
– Әжесінен тығылып сурет салатын кішкентай қыз есімде… Сен менің Ақжарқыныммен бір жыл, бір айда туғансың… –деді еміреніп.
– Ақжарқын… –деді бұл да өткен күннің бір елесі көз алдынан буалдырланып. Бірақ анық бейнесін көз алдына әкеле алмады. Мүмкін ұмытып қалған. Көліктің терезесін төмен түсіріп еді, сырттан боз жусанның бұрқыраған иісі келді. Басын терезеден шығарып алып құшырлана жұтты да:
– Ағай, рұқсат болса аялдай тұрыңызшы –деді. Көлік созылып барып жол жиегіне тоқтады. Бота шыға сала жол жиегінде қаулап өсіп тұрған жусанның бір түбін жұлып алып бетіне басты… сосын барып көлікке отырды. Осы кезде:
– Иә, Ақжарқын да бойжетті. Құтты орнына қондырдық… қаланың шетінде тұрады. Амандық болса ертең жолығасың… Ақ әженің Ботасы атақты суретші болып кеттіпті… дүниенің ең атақты көргізбелерінде суреттері тұрады… –деп мақтанып отырады… біз көшкенде сендер әлі беске толмағансыңдар… қазір кездессеңдер бір біріңді танымай қаларсыңдар –деген Манасқа Ақжарқынды есіме түсіре алмадым деп айтуға ұялды.
– Бұйырса… –деді де қойды.
– Әжеңнің басына құран оқиын деп барасың ба, қалқам? –деді Манас тағы күрсініп.
– Иә… ақ әжем мен жоғары оқу орнына түсетін жылы қайтты ғой. Күзде Алматыға кетіп қалдым да … содан осы жаққа келуге көңілім бір тартпай қойып еді, осы жолы амалсыз келе жатырмын… –Бота ары қарай сөйлей алмай еңіреп жылап жіберді.
– Қалқам, сабыр қыл. Қайрат деген адамның ең жақын досы… қайратты жаныңа серік қылсаң, сабырлық сақтасаң… жаратқанның амалына еш амалың жоқ екенін білген адамға ары қарай өмір сүруге жетелейтін осы екі дүние ғана… –Манас қызды қалай жұбатарын білмей, аузына іліккен сөзін айтып жатыр.
– Рахмет, ағатай! Әжемді танитын адамды көргеннен соң көңілім босап кетіп жатыр ғой… – Бота қолындағы орамалымен көзін құрғатып жатып.
– Е, айналайын, қалқам! мен марқұм Ақжігіттің құрдасы ем… –деген Манас сөзін кілт үзіп, өңі бұзылып кетті де, ары қарай: – Бота қалқам сен Алматыда тұрасың ғой, ә? –деп әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрып кетті.
«Ақжігіт» дегенде еріксіз ойына Аман атасы түсіп кетті. Аман атасының аманатын туралы ойлай бастағыны сол еді, Манас оның ойын бөліп:
– Алматыда біржола қалып қалдың ба? –деп сұрағын жаңалады.
Алдыңғы сөзіне сәп салмаған Бота:
– Иә, біраз уақыт болды Алматыда тұрамын… Неге екенін өзім де білмеймін… Осы жаққа келгім келмеп еді… Өмір оқиятта жолықтырған ұстаз Атам өмірден өтерінде өсиет қалдырып кетіпті. Сол ұстаз атмның өсиеті бойынша келіп отырмын… –деп ары қарай көзінің жасын тағы сығымдап алды. Анадайдан қарауытып ескі көпір көрінді. Баяғыда бала кезінде көрші балалармен бірге жанынан бір елі қалдырмайтын ақ әжесінен қашып кетіп, мұнда көп келетін-ді. Бірақ ұзақ жүруге мұрсат жоқ-тұғын. Өзенді бойлап келе жатқан ақ әжесін көре сала үйге қарай өзі екі етегі жасқа тола бақырып өзі безілдей жөнелетін. Әжесінің қолындағы өрімдей көк шыбық қылтасын қиып жіберердей үрейлі болатын. Бірақ әжесі ол шыбықпен бұны ешқашан да осып көрмеген еді. Ес білгеннен бастап Бота түсінде сурет салып жатып оянатын. Өртеніп жатқан үйдің суретін саламын деп жанталасып бояудың түсін таба алмай қиналып жатып оянып кететін. Түсін естіген әжесі әуелде шоқ басып алғандай баж ете қалған. Содан бастап оны қатты қадағалайтын. Неге екенін қайдам, әжесі марқұм оның сурет салуына жаны қарсы болды. Соған егескендей ол да қолына қарындаш ұстай алатын болғаннан бастап сурет салуға жарайтын дүние болса болды, үйдің сұлбасын сала беретін. Бір-бірінен аумайтын үйдің сызбасынан әжесі өлердей қорқатын. Әжесі қанша шектеу қойса да, ол сурет салуын қойған жоқ. Ақыры, міне, кіндік қаны тамған жеріне суреттері әлемнің ең керемет деген көргізбелерінде тұратын ең атақты суретші болып оралып отыр. Сол есіне түскенде ақырын жымиып қойды.
– Ал, Бота, қалқам, жеттік. Ары қарай жаяу барамыз… –деген Манас машинасын қаңтарып, өзі алдыға түсіп, мазарға қарай жүріп кетті. Көліктен түсе қол сумкасын сол қолының қарына ілген ол:
– Рахмет, ағатай… – деп ере берген. Манас артынан ебелектеп әзер ілесіп келе жатқан Ботаға бұрылып:
– Әжеңнің қайда жатқанын білесің бе? –деп сұрады.
– Иә… білем… –деп айтып алғанымен, өзіне онша сеніді болмады.
– Қайдам… қорым үш-төрт жылда-ақ өзгерді… аумағы кеңіді… төрт-бес жылдың алдында көрген сен түгілі апта сайын болмаса да ай сайын келіп тұратын менің өзім әзер табамын… –деп Манас жеңіл күлген болды. Манас айтса айтқандай-ақ, іргесін кеңге жайған өлілер мекенінен әжесін табуы шынымен қиын болғандай екен. Әсем мраморлармен айшықталғаны да, басында жәй сайғақ қана тұрғандарында жел мүжіп мұқалған топырақ крпішпен құлақтанғаны да, қара темірмен шарбақталғаны да, ескірген төмпешігі көзден кете бастағандармен үйілген топырақтың қиыршығы уатылмаған жаңасы да кешегі бала күніндегі өздері айнала жүгіріп, жарысып ойнап жүретін алаңқайды бірақ алып жатыр екен.
– Иә, мен таба алмай қалғандай екенмін… –деді ол Манасқа естілер естілмес үнмен.
– Келдік, міне! –Манас жүрелеп отыра кетті.
– Әже! Ақ әжем менің… –еңреп тұрып жылаған Бота әжесінің құлпытасын құшып тоқтай алмай жылады. Бейшара бала жылап кеңіп алсын деген болу керек, Манас үнсіз жүрелеп отырған жеріне бір жамбасымен жантайып ұзақ күтті.
Жылай, жылай әбден сілесі қатқан Бота ақыры өксік атқан демі өзіне жетпей тұншыға бастағанда барып орнынан тұрып, Манастың арт жағына келіп отырды. Ботаның келуін күтіп отырған Манас әлдебір көне мақаммен, адамның сай-сүйегін сырқырата ұзақ оқыды. Артанан дұға қылып орнынан тұрып жатып:
– Бота, балапаным, қызым, сен бойжеттің… әжеңнің басына келіп аят оқытып жатырсың… Ақ әжең марқұм көзі тірісінде саған айта алмай кеткен бір дүниесі бар еді… Басына келіп тұрған соң мен айтайын енді… сен дұрыстап тыңдап ала қой… бұны мен айтпасам, саған басқа айтатын ешкім табыла қоймас… Мынау әжеңнің арт жағында жатқан екі топырақты көрдің бе? –деді.
– Иә, ағатайым, көрдім, олар кімдер? –деді Бота таңырқап.
– Оң жағындағысы сенің әкең Ақжігіт, жанындағы шешең Бағила… –дегенде Бота денесін тоқ соққандай ыршып кетті.
– Қалай? Өтірік… Менің Әкем Жексембай, шешем Ағайша… –деп тұрған орнынан шегіне берді. Қай кездегі Аман атасы айтқан сөзді тіптен есінен шығарып алғанын енді білді.
– Е, қарғам-ай, сұм дүние басыңа салған тағдырды қайдан білесің… ол кезде сен бесіктен шықпаған сәби едің ғой… –деді көзіне жас алып.
– Сенбеймін… Өтірік! Бәрі өтірік… –Бота жынданған адамдай бажылдай жөнелді.
– Сабыр, қызым… Тыңдасаң, айтып берейін.. тіпті тыңдағың келмесе де, мен бұл дүниені саған айтып беруге борыштармын… –деді салмақпен сөйлеп. Бота енді қайтадан барып әжесінің құлпытасын құшақтап еңіреп жылай бастады.
– Қызым, сенің әкең Ақжігіт менің түйдей құрдасым еді марқұм… Ақжігіт десе дегендей азамат болатын… Сен шешең Бағиладан аумай қалған екенсің… Мана көрген жерден шешең есіме түсіп шырамыттым, қалқам… үйлерің өртенетін күні марқұм біздің барлығымызды жинап алып Жайықтың бетінде коньки теуіп едік. Соқталдай жігіттердің жас балалармен бірге коньки тепкендеріне ел қалжақ қылып күлген еді сонда. Кешкісін біздің үйде қонақта болып, қона салыңдар дегенге көнбей қоярда-қоймай кетіп қалып еді. Марқұм бой жасап жүрген екен ғой. Құдай жақсы адамды аларында алдын ала ескертеді дейді ғой… Марқұм ақ әжең Ағайша да қайтарынан екі күн бұрын барлық көрші-қолаңды жинап, дастарханын жайып, ақтық сөзін айтып кетіпті ғой… Менің әкем марқұм соны айтып отыратын… –Манас ұзақ сөйледі. Бота жылап отырып, Манас айтқан сөздің көбін ести алмады, Аман атасы айтқан әкесіз өскен баланың өз әкесі екенін енді білді. Білгенмен, әже бауырында өскен қыз өз ішінен де оны мойындай алар емес. Жылап отырып: «Мүмкін емес! Мен әжемнің қызымын… әжемнің қызымын…», дей берген.
– Қарағым, Бота! Берік бол! Егіле берме енді, –деп Манас қолтығынан демемегенде, ол әліде отыра беретін еді. Қолтығынан демеп көлікке дейін әкелген Манас: –Біздің үйге бар… бұл жақта бізден жақын ешкімің жоқ қой, қызым, –деді мүсіркей.
– Рахмет, ағатай, мен қонақүйге алдын ала тапсырыс беріп қойған едім… –деген Ботаға:
– Біз тұрғанда қонақ үйге жатқаны несі… Атама, біздің үйге барасың… Бөтен емес өз үйің… Ертең Ақжарқын құрбың да келіп қалар… –деді.
– Бүгінше оңаша қалайын… сосын барам ғой… –деп әзер көндірді.

Кешеден бері құрулы тұрған этюдниктің бетіне кергішке керілген кенепті қойып жатып Бота жүрегі өрекпи жөнелді. Жолға ыңғайлы болар деп мальбортты қалдырып этюдник алып шыққанды жөн көргенді. Бөлменің шырағын өшіре салып терезеден Жайыққа қараған. Толықсыған айдың аппай сәулесі су бетіндегі майда толқынмен шағылысып айналаны тіптен жарықтандырып жібергендей. Алыстан Шағанның Жайыққа құяр тұсынан әлде не қалбалақтап өзеннің ортасына қарай маңып барады. Терезеден ұмсына тесіле телмірген. Қалбалақтап қалқып бара жатқан қайық. Балықшы қайығы емес. Серуен қайығынан ұзын. Ескекті қайық. Оған дау жоқ. Балық аулайтын мезгіл емес. Айлы түнде Шағанды құлдап Асау Ақжайыққа ескек ұрғызған нендей күш екен деп ойлаған. Әуелде дарияның арғы бетіне қарай ағыспен қиғаштап бара жатқандай көрінген. Арғы жағаға жете әлдене жарық еткендей болды. Жаңағы қалбалақтаған қайық желкен жайып жатыр. Бұндай қайықтарға желкен орнатылмайтынын Бота жақсы білетін. Не қылсада әйтеуір тылсым дүние… Түн тыныштығын тіліп енді өзенді өрлеп келеді. Анда санда айдың аппақ сәулесімен ескегі жарқ етіп шағылысып қалады. Манадан Ботаға көрінбей қонақ үйдің төбе тұсына түсіп тұрған ай жыбырлай жылжып енді өзеннің үстіне келген. Терезеден құйылған аппақ сәулемен ескек жел этюдниктің алдында жатқан қағазды жерге ұшырып әкетті. Сылдыр етіп көтерілген қағаз қалықтап барып еденге түсті. Ол есіне енді келген адамдай кеше өзі жинап қойған қоржынын ақтарып қаламдарын шығарды. Этюднкитың үстіндегі планшетті ыңғайлап қойды да, бояуларды шығара бастады. Жеті қаламды алып қайталап кешегі ретімен қойды.
Сөмкенің түбінде жатқан мастихинды қолына алып аударыстырып біраз қарап отырды. Айдың сәулесімен шағылысқан мастихиннің металл қалақшасы ұстарадай өткірленіп кеткендей көрінді. Денесі дір ете қалып матаға қайта орап сумканың түбіне тастай салды да, қарандашын қолына алды. Орнынан тұрып шырақ жақпақ болып ойлады да, ол ойынан айнып қалды. Айдың сәулесі де жетерлік еді.
Орнынан тұрып терезеден сыртқа қарады. Жаңағы желкенді қайық тура өкпе тұсына келіп қалыпты. Ап-анық көрініп тұр. Аппақ желкенінне соғылардай болған шағалалар қайықты ағысқа қарсы сүйреп келе жатқандай… Жаңа ғана сумканың түбіне тастай салған мастихинды қайта алып өзіне ыңғайлап терезенің жанына қойды да қарындашты кенептің бетіне қарай апара берген. Өзінің сонау бала жастан бастап салып келе жатқан үйді атасының өсиетіндегі айтқанындай оң жағынан бастамақ болып апара бере қолы өз еркіне бағынбай әуелде кенептің сол жақ астыңғы бұрышына еріксіз алып барды. Оңнан басталған сызық сәл иректеле толқынданып оң жақ жақтаудың ортасын кесіп аяқталды. Бота өзін меңгере алар емес. Қолы енді манағы сол жақ жақтаудың орта тұсына таяу жерден басталып оң жақтағы үстіңгі бұрышқа барып тірелді де, алғашқы салынған астыңғы сызықтың сол жақ бұрыш жағынан төменге қарай құйылған екі сызық тартылды. Осы кезде барып Бота өзінің көз алдындағы Жайық пен Шағанды салып жатқанын білді. Қарандашы тоқтар емес, енді Жайықтың ортасындағы желкенді қайықты салып жатыр. Негізгі сұлбасы салынып бола қарындашты тастай салып енді қыл қаламын қолына алған да қайта қоя салып, қолына енді мастихинды алып сан бояу езілсе де, өз түсін ешқашан бермей келе жатқан планшетіне тізіулі тұрған бояуларды алып араластыра бастаған.
Қолында ойнаған қыл қаламдар… Есі кіресілі-шығасылы секілді. Өзін-өзі билей алмай қалған. Бояулар да еркінен тыс араласып өз түстерін тауып жатқандай… салынған картинаның бетіндегі Жайықтың жанды толқындары Ботаны еліктіре бастады. Қолына енді үлкен қыл қалам ілініп кетті. Планшеттің шеткі жағында езілген қызыл сары бояуға апарып желкенді ұстап тұрған діңгекке түс берем деп таята бергенде, картинадағы желкен лап етіп лаулай жөнелді. Баж ете қалған Бота қыл қаламдарын жуып тұрған суды алып шашып қалды. Оттың бор етіп сөнген даусы естілді. Бар дүниені қара түнек жұтып қойғандай айнала қап-қараңғы болып кетті. Манадан тынып тұрған түн құтырына боран бастап сар етіп жаңбыр төкті. Жарқ ете қалған найзағайдың жарқылынан Бота Жайықтың арнасынан асып жөңкіле тасып жатқанын, үйдей үлкен толқынның етегіндегі қайықтың тұмсығын толқынға қадап сабалап есіп жатқан ескекті көріп қалды. Найзағайдың күркіреген ащы дауысы құлақ тұндырады. Бота енді терезенің алдына қабырғаға сүйеніп отыра кетті. Атасының өсиетнамасы есіне түсіп, қолын сумкасына созды. Сипалап жүріп сумканы тауып алған соң еңбектеген қалпы есік жақтағы шырақтың түймесіне қарай беттеді. Неге келдім мұнда деген өзіне беймәлім сұрақ көкейіне ащы запран болып орала берді.


Қала үш төрт жылдың ішінде тұстастай өзгеріп кетіпті. Дегенмен Жайықтың жағасын көмкерген қалың орман бәз-баяғысындай екен. Қаланың қаптаған қалың көлігінің гүрілінің арасында ақ шағаланың шаңқылдаған үні естіліп қалады. «Менің ақ шағалаларым… амансыңдар ма» деп ішінен күбірлеген қыз айналасына көз сала бастады. Бұрынғы жұпыны жай үйлердің орнына шетінен зәулім сарайлар салынып, құм басып жататын иыр-қиыр көшелер сымға тартқандай түзеліп, асфальт жатқызылыпты. Келмегеніне қанша уақыт өткенін енді сезініп тұр. Ақ әжесі өмірден өткеннен соң неге екенін қайдам өзінің осы туған жеріне келуге жүрегі бір дауаламай-ақ қойғаны. Үнемі жанынан тастамайтын мольбертін қолтығына қысып шағын чемоданын сүйретіп вокзалдың алдына шыққаны сол еді, анадайдан бір таксист жүгіріп келіп:
– Қарындас, қайда барасыз? –деп чемоданына қол созғанды.
Ескі көпірдің жанындағы мазарға апара аласыз ба? –деген де бетіне үдірейе қараған жігіт:
Кешір, ол жақтың жолы нашар… – деп кете барды да, анадайда тұрған біреуіне:
– Ерік, мүмкін сен апарасың… –деді. Ескі көлігінің айнасын сүртіп жатқан жігіт:
– Қайда барады екен? –деп еді ол:
– Бар да сұра өзің… –деді. Қолындағы жаңағы көлік сүрткен сүлгісін бұғаңдатып келген екінші таксист:
– Сұлу қыз, қайда барасың? –деп анайы ыржалақтап –қалаған жеріңе жеткізіп тастаймын… –деді. Бұның көлігіне өзінің мінгісі келмеді. Жақтырмай қалды. Сумаңдаған көзімен өзінің тұла бойын тімтіне қараған жігіттен әуелі сескеніп қалды.
– Сіздің көлігіңізге мінбеймін… –деді, бірден.
– Неге? –деді ол одан арман ыжалақтап. Онымен сөз таластырғысы келмеген соң, чемоданын сүйреп үлкен көшеге қарай жүрген еді:
– Қарындас машинаны менсінбей тұрсың ба? Әлде күтіп алатын адамың бар ма? Айтсаң болды, апарып тастаймын… Барар жерің қайда? –деп соңынан қалмай қойған жігітке бұрылып:
– Не керек сізге?! –деп еді, анау:
– Сіздей сұлу бикешті барар жеріне жеткізіп тастау бақыты керек маған… –деп енді сайқымазаққа айналдыра бастады. Бота енді жылауға шақ қалды. Өмірден ақ әжесін алып кеткен осы қаланы жек көретін еді. Енді мына таксист тіптен жиіркенішті қылып жібергендей. Осы кезде анадайдан мосқалдау ер адам:
– Ай, Ерік құры бар… сен не қаламаған адамды көлігіңе күшпен отырғызасың ба? Жетер енді! –деп зірк ете қалды.
– Манас көке сізде… –деп міңгірлеген жігіт кері бұрылып кетті. Бота енді Манас көке атанған кісіге қарай жүрді. Көлігінің ашық есігіне сүйеніп тұрған жігіт ағасына таяп келіп:
– Аға, ескі көпірдің жанындағы мазарға жеткізе аласыз ба? –деді.
– Ескі көпір… Мазар… –деп қайталаған Манас: –Жарйды, қалқам, жолы нашар… десе де апарып тастайын… сонда қаласың ба? Әлде кері қайтасың ба? –деп сұрады.
– Сонда жеткізіп тастасаңыз… қайтам… бірақ кешірек… –деп чемонданын машинаның жүк салғышына қарай әкелді. Манас Ботаның чемоданымен сырты өрнектелген этюднигін жүк салғышқа салып жатып:
– Суретшісің бе, қалқам? –деді тұнжыраңқырап.
– Иә… Бірақ ол жаққа сурет салуға бара жатқам жоқ! –деді ол. Қаланың шет жағына қарай жол алған көнетоз көлік сықырлай ауыр қозғалып келеді. Айнадан Ботаға қайта қайта қараған Манас:
– Қызым, қатеселспесем Ағайша кемпірдің қызы есессің бе? –деді күрсініп.
Ақ әжесінің атын айтып отырған адам өзінің баяғыдан етжақын туысқанындай сезіліп кеткен Ботаның көзіне жас үйіріле қалып:
– Иә, иә… әжемді танисыз ба? –деді даусы дір-дір етіп.
– Танимын… жарықтық ғаламат адам еді ғой… сыртынан Ағайша кемпір дегеніміз болмаса өзін барлығымыз ақ әже дейтұғын едік… дүние солай… өте шығады ғой… сені кішкентай кезіңде көргенмін… танымайтын болуың керек. Сен бойжетпей тұрып басқа жаққа көшіп кеткенбіз… сосын араға біраз уақыт салып қайта оралдық. Менің атым Манас… Есіңде болса, сенің кішкентай кезіңде үйлеріңнің аяқ жағындағы көршілерің бар еді ғой… Ертеректе басқа жаққа көшіп кетіп, қайта оралғанымызға үш-төрт жыл ғана болды. Әжеңді жақсы танимыз. Осында келгенде естідік Ағайша кемпірдің қызы баяғыда өзі оқыған суретшілер мектебіне кетіпті деп… Бұл жақтағылардың барлығы сені Ағайша кемпірдің қызы дейді ғой, –деді күліп.
– Иә… апаңыз есімде, әжем мені тіл алмасам Жамал апаңа айтып укол салдырам деп қорқытатын… есімде… иә… иә… сосын сіздердің үйлеріңізде көп түйе болатын… Бақырауық қара інгендеріңіз есімнен кетпейді әлі –деген Бота Ағайшаның қызын енді кімнің қызы деуі керек еді деген бір ащы мысқыл ойына оралып миығынан күліп. Есіне бала кезде тіл алмай қойғанда ақ әжесі сол Жамал апасымен қорқытатын ылғида. Укол салады десе бұның шығарда жаны қалмай қорқатын. Қайбір жылы мұз ойылып, ботасы суға кетіп қалғанда сол қара інген су жағалап ай бойы күн-түн демей боздап, өзі неше рет мұзға түсіп кеткенде ауыл адамдары әзер шығарып алған-тұғын. – Зарлы інгеннің боздаған зар дауысы құлағын жеген Бота ақ әжесінен: – «қара інген неге сонша жылай береді, ақ әже» деген де, ақ әжесі – Е, ақботам менің… ішін жарып шыққан, ақсүтін емген ботасынан айырылу оңай дейсің бе? Құдай жылатпасын… Мен бейбақта сол қара інгендей боздап қалғам… Оның жанын осы ауылда менен артық түсінентін кім бар дейсің деп егіліп бір жылап алатын. Сол әжесін танитын адамды көргеніне қатты қуанса да, ішіндегі бір өксік тыйылар емес. Көзінен аққан жас қанша сүртсе де құрғамай, көйлегінің омырауына сорғалап отыр.
– Сені атың ұмытпасам Бота ғой, иә… Әжең марқұм ақ ботам деп отырушы еді ғой… –деді көліктің салқындатқышын қосып жатып.
– Иә, атым Бота, –деген қызға:
– Әжесінен тығылып сурет салатын кішкентай қыз есімде… Сен менің Ақжарқыныммен бір жыл, бір айда туғансың… –деді еміреніп.
– Ақжарқын… –деді бұл да өткен күннің бір елесі көз алдынан буалдырланып. Бірақ анық бейнесін көз алдына әкеле алмады. Мүмкін ұмытып қалған. Көліктің терезесін төмен түсіріп еді, сырттан боз жусанның бұрқыраған иісі келді. Басын терезеден шығарып алып құшырлана жұтты да:
– Ағай, рұқсат болса аялдай тұрыңызшы –деді. Көлік созылып барып жол жиегіне тоқтады. Бота шыға сала жол жиегінде қаулап өсіп тұрған жусанның бір түбін жұлып алып бетіне басты… сосын барып көлікке отырды. Осы кезде:
– Иә, Ақжарқын да бойжетті. Құтты орнына қондырдық… қаланың шетінде тұрады. Амандық болса ертең жолығасың… Ақ әженің Ботасы атақты суретші болып кеттіпті… дүниенің ең атақты көргізбелерінде суреттері тұрады… –деп мақтанып отырады… біз көшкенде сендер әлі беске толмағансыңдар… қазір кездессеңдер бір біріңді танымай қаларсыңдар –деген Манасқа Ақжарқынды есіме түсіре алмадым деп айтуға ұялды.
– Бұйырса… –деді де қойды.
– Әжеңнің басына құран оқиын деп барасың ба, қалқам? –деді Манас тағы күрсініп.
– Иә… ақ әжем мен жоғары оқу орнына түсетін жылы қайтты ғой. Күзде Алматыға кетіп қалдым да … содан осы жаққа келуге көңілім бір тартпай қойып еді, осы жолы амалсыз келе жатырмын… –Бота ары қарай сөйлей алмай еңіреп жылап жіберді.
– Қалқам, сабыр қыл. Қайрат деген адамның ең жақын досы… қайратты жаныңа серік қылсаң, сабырлық сақтасаң… жаратқанның амалына еш амалың жоқ екенін білген адамға ары қарай өмір сүруге жетелейтін осы екі дүние ғана… –Манас қызды қалай жұбатарын білмей, аузына іліккен сөзін айтып жатыр.
– Рахмет, ағатай! Әжемді танитын адамды көргеннен соң көңілім босап кетіп жатыр ғой… – Бота қолындағы орамалымен көзін құрғатып жатып.
– Е, айналайын, қалқам! мен марқұм Ақжігіттің құрдасы ем… –деген Манас сөзін кілт үзіп, өңі бұзылып кетті де, ары қарай: – Бота қалқам сен Алматыда тұрасың ғой, ә? –деп әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрып кетті.
«Ақжігіт» дегенде еріксіз ойына Аман атасы түсіп кетті. Аман атасының аманатын туралы ойлай бастағыны сол еді, Манас оның ойын бөліп:
– Алматыда біржола қалып қалдың ба? –деп сұрағын жаңалады.
Алдыңғы сөзіне сәп салмаған Бота:
– Иә, біраз уақыт болды Алматыда тұрамын… Неге екенін өзім де білмеймін… Осы жаққа келгім келмеп еді… Өмір оқиятта жолықтырған ұстаз Атам өмірден өтерінде өсиет қалдырып кетіпті. Сол ұстаз атмның өсиеті бойынша келіп отырмын… –деп ары қарай көзінің жасын тағы сығымдап алды. Анадайдан қарауытып ескі көпір көрінді. Баяғыда бала кезінде көрші балалармен бірге жанынан бір елі қалдырмайтын ақ әжесінен қашып кетіп, мұнда көп келетін-ді. Бірақ ұзақ жүруге мұрсат жоқ-тұғын. Өзенді бойлап келе жатқан ақ әжесін көре сала үйге қарай өзі екі етегі жасқа тола бақырып өзі безілдей жөнелетін. Әжесінің қолындағы өрімдей көк шыбық қылтасын қиып жіберердей үрейлі болатын. Бірақ әжесі ол шыбықпен бұны ешқашан да осып көрмеген еді. Ес білгеннен бастап Бота түсінде сурет салып жатып оянатын. Өртеніп жатқан үйдің суретін саламын деп жанталасып бояудың түсін таба алмай қиналып жатып оянып кететін. Түсін естіген әжесі әуелде шоқ басып алғандай баж ете қалған. Содан бастап оны қатты қадағалайтын. Неге екенін қайдам, әжесі марқұм оның сурет салуына жаны қарсы болды. Соған егескендей ол да қолына қарындаш ұстай алатын болғаннан бастап сурет салуға жарайтын дүние болса болды, үйдің сұлбасын сала беретін. Бір-бірінен аумайтын үйдің сызбасынан әжесі өлердей қорқатын. Әжесі қанша шектеу қойса да, ол сурет салуын қойған жоқ. Ақыры, міне, кіндік қаны тамған жеріне суреттері әлемнің ең керемет деген көргізбелерінде тұратын ең атақты суретші болып оралып отыр. Сол есіне түскенде ақырын жымиып қойды.
– Ал, Бота, қалқам, жеттік. Ары қарай жаяу барамыз… –деген Манас машинасын қаңтарып, өзі алдыға түсіп, мазарға қарай жүріп кетті. Көліктен түсе қол сумкасын сол қолының қарына ілген ол:
– Рахмет, ағатай… – деп ере берген. Манас артынан ебелектеп әзер ілесіп келе жатқан Ботаға бұрылып:
– Әжеңнің қайда жатқанын білесің бе? –деп сұрады.
– Иә… білем… –деп айтып алғанымен, өзіне онша сенімді болмады.
– Қайдам… қорым үш-төрт жылда-ақ өзгерді… аумағы кеңіді… төрт-бес жылдың алдында көрген сен түгілі апта сайын болмаса да ай сайын келіп тұратын менің өзім әзер табамын… –деп Манас жеңіл күлген болды. Манас айтса айтқандай-ақ, іргесін кеңге жайған өлілер мекенінен әжесін табуы шынымен қиын болғандай екен. Әсем мраморлармен айшықталғаны да, басында жәй сайғақ қана тұрғандарында жел мүжіп мұқалған топырақ крпішпен құлақтанғаны да, қара темірмен шарбақталғаны да, ескірген төмпешігі көзден кете бастағандармен үйілген топырақтың қиыршығы уатылмаған жаңасы да кешегі бала күніндегі өздері айнала жүгіріп, жарысып ойнап жүретін алаңқайды бірақ алып жатыр екен.
– Иә, мен таба алмай қалғандай екенмін… –деді ол Манасқа естілер естілмес үнмен.
– Келдік, міне! –Манас жүрелеп отыра кетті.
– Әже! Ақ әжем менің… –еңреп тұрып жылаған Бота әжесінің құлпытасын құшып тоқтай алмай жылады. Бейшара бала жылап кеңіп алсын деген болу керек, Манас үнсіз жүрелеп отырған жеріне бір жамбасымен жантайып ұзақ күтті.
Жылай, жылай әбден сілесі қатқан Бота ақыры өксік атқан демі өзіне жетпей тұншыға бастағанда барып орнынан тұрып, Манастың арт жағына келіп отырды. Ботаның келуін күтіп отырған Манас әлдебір көне мақаммен, адамның сай-сүйегін сырқырата ұзақ оқыды. Артынан дұға қылып орнынан тұрып жатып:
– Бота, балапаным, қызым, сен бойжеттің… әжеңнің басына келіп аят оқытып жатырсың… Ақ әжең марқұм көзі тірісінде саған айта алмай кеткен бір дүниесі бар еді… Басына келіп тұрған соң мен айтайын енді… сен дұрыстап тыңдап ала қой… бұны мен айтпасам, саған басқа айтатын ешкім табыла қоймас… Мынау әжеңнің арт жағында жатқан екі топырақты көрдің бе? –деді.
– Иә, ағатайым, көрдім, олар кімдер? –деді Бота таңырқап.
– Оң жағындағысы сенің әкең Ақжігіт, жанындағы шешең Бағила… –дегенде Бота денесін тоқ соққандай ыршып кетті.
– Қалай? Өтірік… Мен Ағайшаның қызымын!.. –деп тұрған орнынан шегіне берді. Қай кездегі Аман атасы айтқан сөзді тіптен есінен шығарып алғанын енді білді.
– Е, қарғам-ай, сұм дүние басыңа салған тағдырды қайдан білесің… ол кезде сен бесіктен шықпаған сәби едің ғой… –деді көзіне жас алып.
– Сенбеймін… Өтірік! Бәрі өтірік… –Бота жынданған адамдай бажылдай жөнелді.
– Сабыр, қызым… Тыңдасаң, айтып берейін.. тіпті тыңдағың келмесе де, мен бұл дүниені саған айтып беруге борыштармын… –деді салмақпен сөйлеп. Бота енді қайтадан барып әжесінің құлпытасын құшақтап еңіреп жылай бастады.
– Қызым, сенің әкең Ақжігіт менің түйдей құрдасым еді марқұм… Ақжігіт десе дегендей азамат болатын… Сен шешең Бағиладан аумай қалған екенсің… Мана көрген жерден шешең есіме түсіп шырамыттым, қалқам… үйлерің өртенетін күні марқұм біздің барлығымызды жинап алып Жайықтың бетінде коньки теуіп едік. Соқталдай жігіттердің жас балалармен бірге коньки тепкендеріне ел қалжақ қылып күлген еді сонда. Кешкісін біздің үйде қонақта болып, қона салыңдар дегенге көнбей қоярда-қоймай кетіп қалып еді. Марқұм бой жасап жүрген екен ғой. Құдай жақсы адамды аларында алдын ала ескертеді дейді ғой… Марқұм ақ әжең Ағайша да қайтарынан екі күн бұрын барлық көрші-қолаңды жинап, дастарханын жайып, ақтық сөзін айтып кетіпті ғой… Менің әкем марқұм соны айтып отыратын… –Манас ұзақ сөйледі. Бота жылап отырып, Манас айтқан сөздің көбін ести алмады, Аман атасы айтқан әкесіз өскен баланың өз әкесі екенін енді білді. Білгенмен, әже бауырында өскен қыз өз ішінен де оны мойындай алар емес. Жылап отырып: «Мүмкін емес! Мен әжемнің қызымын… әжемнің қызымын…», дей берген.
– Қарағым, Бота! Берік бол! Егіле берме енді, –деп Манас қолтығынан демемегенде, ол әліде отыра беретін еді. Қолтығынан демеп көлікке дейін әкелген Манас: –Біздің үйге бар… бұл жақта бізден жақын ешкімің жоқ қой, қызым, –деді мүсіркей.
– Рахмет, ағатай, мен қонақүйге алдын ала тапсырыс беріп қойған едім… –деген Ботаға:
– Біз тұрғанда қонақ үйге жатқаны несі… Атама, біздің үйге барасың… Бөтен емес өз үйің… Ертең Ақжарқын құрбың да келіп қалар… –деді.
– Бүгінше оңаша қалайын… сосын барам ғой… –деп әзер көндірді.

Бота бұл ауылдан тоғыз жылдықты бітірген жылы кеткен-ді. Ақ әжесі «Ботаммен бірге Алатаудың баурайына Алматыға бірге кетемін» деп жүретінді. Аяқ астынан кетті де қалды. Жол қамының бәрін жасап, ертең не арғы күні жолға шығамыз деп отырған. Көрші-қолаңдардың бәрін шақырып, қолынан дәм татқызып, барды-жоқтысын дайындап, қалғанын ескі тамның бір бұрышына үйген де, «Әдірем қалғыр, бұның енді маған не керегі бар» деп өртеген де жіберген. Тек төсегінің басында тұратын кішкене қобдишадан жартысын күйік шалған мүйіз тұмарды алып Ботаның мойнына таққанда:
–Құлыным, бұл ата-бабамыздан сақталып келе жатқан қасиетті тұмар… әуелде егіз болған… соның сыңары… жоғалтып алушы болма! –деп ескерткен.
–Егіз болса болса, екінші сыңары қайда әже? –деген оған әжесі ауыр күрсініп:
–Тағдыр жазса оны да бір күні көрерсің… Оны менен қазбалап сұрама… Тұмар бір бірін өздері табады. Тұмарлар табысқан кезде өмірдің бар шындығын естірсің… Саған айтпаған, айтылмаған сырымды сонда бір-ақ білесің… әзірге ешнәрсе сұраушы болма! –деп кесеткен. Әжесіне еркелеп айтқанының барлығын орындататын Бота қанша жалынса да әжесі сол қалпынан танбай қойған. Бар айтқаны бұл тұмардың арғы аталарынан жалғасып келе жатқаны, ата-бабаларының даңсалы бәдізші болғаны… Сол үшін де өзінің жас кезінде суретке құмартқаны, Ботаға айтуға болмайтын жағдайдан кейін сурет атаулыны тастап кеткенін, Ботаның да қолына қылқалам ұстауға бала жастан құмар болғанының өзінің сол баба қанынан жалғасып келе жатқан қасиет екендігін. Сол қасиетті баба қолынан шыққан тұмарды қастерлеп ұстауға қарыздар екендігінінен басқа ешнәрсе біле алмағанды.
Сол кезде барып Бота өзінің әрдайым түсіне кіретін өртеніп жатқан үйді… соны салу үшін бояудың түсін таба алмай қиналып жатып оянып кететінінің жайын шамалап болса да түсінгендей болған.
Үйдің маңайындағы көлденең шырпыныда шып-шырғасын шығармай жинап отыратын әжесінің өзі ұстаған осыншама дүниесін өз қолымен өртегеніне Бота да, ауылдастары да таң-тамаша болғанды. Бар алғаны Ботаның бір киер киімі мен мойнындағы сырты әлдеқандай түсініксіз сызықтармен айшықталған мүйіз тұмары мен төркінімнен келген деген бір бума ақтық қана-тын.


Бөлмеге ене сала қолындағы этюдникті босағаға сүйей сала бірден терезенің алдына келді. Тура иегінің астында Ақжайық. Ақ шағалалары қанаттарын қайшылап арлы-берлі сабылып жүр. Бауырымен майда су бетінің майда толқындарын соғып жанап өтеді. Жолға шығарда арнайы жоғарғы қабаттан терезесі өзенге қарап тұрған бөлмеге тапсырыс берген болатын. Енді сол ісіне өзі балаша қуанды. Асығыс терезені ашты. Енді құлағына бала күнгі шағаланың шаңқылы анық естілді… «Ақ шағалаларым менің» тағы ішінен күбірлеп… Ақ шағала деп басталатын әлде бір әннің мәтіні ойына оралды. Өзінің әннің ырғағына қалай еріп бара жатқанын байқамай қалған ол селк етіп тоқтай қалды. Енді манадан бергі шағалалы өзеннің бергі жағындағы қос қабатты үй өзгере бастағандай көрінді… Тура өзінің үнемі түсінен шықпайтын өртеніп жатқан үйге айналып бара жатты… Ол терезеден басын ұмсындырып шығара бере жаңағы үй лап етіп жана бастады. Лап өткен от дереу қызыл жалынға айналып үйді алып бара жатқанын көріп Бота баж ете қалды. Өзінің дауысынан селк ете түскен ол есін енді жиды. Өзен де, үй де өз орнында екен. Тек түсі өңінде елестеген екен. Манадан бергі жылау, егілу, көз жасы есіне қайта оралды. Ақ әжесін сағынды… Атасы сыйлаған әжесінің портретін ала келмегеніне өкінді. Таяудан көрініп тұрған өзен жағасында ақ әжесі баяғыдай өзін жетелеп кетіп бара жатқандай сезілді. Сол көрністі қайталап көріп қалатындай жағаны тімтіне қарады… жағалаудағы қалың адамның ішінен өзінің іздегенін таппай көзі талды. Сосын барып жанында тұрған төсекке құлай кеткенде қайтадан еңіреп жылай бастады. Жылап жатып манағы Манас көкесінің айтқаны есіне түсіп кетіп, шоқ басып алғандай орнынан атып тұрды да терезеге қайта үңілді. Ол өзін өмірі сол ақ кемпірден тудым деп есептейтін. Тіпті елдің бәрі оны Ағайшаның өзі туды деп ойлайтындай көрінетін. Кім ол Ақжігіт, кім ол Бағила… қанша ойланса да, ой ұшығын шығара алар емес. Атасының айтқанының ақиқатқа айналып бара жатқанын енді мойындағандай… Енді оның басы ауырып, зеңи бастады… Терезені жапты да, пердесін тартып, төсекке қайта құлады. Ешнәрсе ойламай ұйықтап кетсем ғой деп ойлады. Ұйықтап кетсем деп ойлаған сайын Манастың «Сенің әкең Ақжігіт, шешең Бағила» дегені құлағының түбінен жаңғырып қояр емес. Ол жынданған адамша «Олай болуы мүмкін емес… тіптен де олай емес…» деп бар даусымен айқайлай бастады. Оның ащы айқайын сыртқы есікті басқан қоңырау бөліп жіберді. Арғы жақтан:
– Кешіріңіз, сізге бірдеме болып қалды ма? –Даусыңыз қатты шығып жатыр… –деген қонақ үй күзетшісі болса керек, ер адам қарлығыңқы дауыспен. Ол есіктің тұтқасын ұстап тұрып:
– Алаңдамаңыз… кешіріңіз… ешнәрсе болған жоқ, –деді де, есіктің тұтқасын қайта жіберді де, этюдник терезенің алдына апарып күмістелген күршегін ашты да, сирақтарын орнатып құрды. Этюдникті құрып болып жаңа ғана жауып тастаған пердені шетке ысырып, терезені қайта ашты. Сосын чемоданын сүйреп әкеліп сыртпасын сыдырды да, бөлек салынған қорапшадағы ұстазының өлер алдында өзіне беріп кеткен қылқаламдарын алып қарап отырып тағы жылай бастады.
Жап-жаңа қылқаламдардың орамын ашып жатып, өз-өзінен таңырқап отырып қалды. Ол қаламның қылын жақсы танитын. Мұндай қылқаламды ол ешқашан көрмегенді. Қаламның қылының неден жасалғанын ойланып таба алмады. Өте таныс дүние секілді. Қанша ойланса да, сол ең жақын таныс дүниесі сырын ашпай бейтанысқа айналып кете береді. Атасы Аман ұстаз өлер алдында бір парша өсиетнама хат қалдырған еді. Ақ әжесінен айырылып, қан жұтып жүргенде сол ақ әжесінің өсиеті мен бар қалдырған жалғыз мұрасы сүйек тұмарын тағып, алысқа Алатаудың баурайына кетіп қалған қыз енді атасы Аман ұстаздың өсиетімен кіндік қаны тамған жеріне қайтадан табан тіреп отыр. Аман ұстазы атасы хатында: «Құлыным, Бота! Бұл хат сенің қолыңа тигенде мен бұл өмірде болмаймын. Ақ әжеңнен көз алдыңда айырылған азапты күніңді қайталамасын деп маған өзім хабар бергенше хабарласпа деген ем. Мен дәм-тұзым таусылып кетіп бара жатырмын. Сен менің қолыма келгенде сынық қанат балапандай ғана едің. Одан сүйек тұмар егізін өзі тауып, сені менімен табыстырды… әжеңнің ыстық құшағына әбден бауыр басқандықтан, мені туған атам деп мойындай алмайтыныңды білем, менің ең жақсы, әрі ең талантты шәкіртім болдың. Өзіңнің әркез айтатын түсіңдегі суреттің бояуын таба алатын сол жұмбақты шешетін жеті тал қылқалам қалдырдым. Менен саған қалған мұра сол ғана. Өзіңнің бала кезден салатын жай сызбадағы үйдің сұлбасын тек осы қылқаламдармен салғанда ғана шеше аласың… Бұл өсиетім қолыңа түсе бөгелмей ауылыңа қайт! Әуелі ақ әжеңе баруды ұмытпа! Сол жерде өміріңнің өзің білмейтін біраз сырына қанық боларсың! Есіңде болсын, өзің айтатын Жайығың анық көрінетін оңаша орын тап та, айдың толуын күт. Ай тоған түні сол өзің бала кезден бергі салатын үйдің суретін сал. Суретті салып болған соң өрттің түсін өзің талдарсың… Ұмытпа, сен ылғи да оны сол жағынан бастап салатын едің. Бұл жолы оң жағынан баста! Іргесіне имек қалдырма! Саусақтарыңның жеткен жеріне дейін жайып жібер! Іргесі мықты болсын! Сосын қабырғаны қалағаныңша биіктет те, дөдегесіне шағын ғана орам қалдыр… Шатырдың ұшар басын айшықтауға тырыспа! Қыл қаламдағы бояу таусылған жерден тоқтатып сол жағын саларсың… Ұмытпа! Есік ашық болсын! Жалынды үлкен қаламмен сал… Жалынның түсін үлкен қыл қаламмен жағуды ұмытпа! Бабадан қалған қасиетті тұмар осының барлығын білген… білген де сені маған жіберген… Құлыным, менің айтқандарымды есіңнен шығарушы болма! Бұл сенің тағдырыңды салатын қаламдар. Бәрі ретімен нөмірленген. Ең кішісімен басталған қылқаламды бояудың қанығынан солғынына қарай істетесің. Сосын ең соңғы алтыншы нөмірдегі қылқаламмен салынған суреттің сол жақ үстіңгі бұрышынан бастап тазалап сүртсең, суреттің сиқырын көресің. Өртенген үйдің суреті біткен соңі бояуларың кеппей тұрып үшінші нөмірдегі қылқаламмен таза суды суретің бетіне толық жағып болуың керек. Есіңде болсын, сенің ең абайлайтын кезің сол. Қаламды бір іздің үстінен екінші қайтара жүргізуші болма! Екі қайталанса, үйді су алып кетеді. Ал су тимей қалса өртке оранады. Өзіңнің өмір бойы таба алмай жүрген түсіңді өзің тек бір сәтке ғана көре аласың… өртеніп кетпес үшін су жағып өшіруің керек. Су толық жағылып болған соң одан ары тағдырыңды өзің шешесің… Есіңде болсын, әр суретші тек өзінің тағдырын ғана сыза алады… Бақұл бол балам!» Хатты қолына алып, әлденеше қайталап оқып шықты. Жуынатын бөлмеге кіріп жеңіл жуынды да, қонақүйдің астында орналасқан дәмханадан бір стакан кофе мен бір жапырақ қарманы ғана талғажау етті. Манадан бергі ауыр ой меңдеген денесі дел сал болып асқа тәбеті тартар емес. Сыртқа шығып айналып келмек болып оқталды да, ол ойынан тез қайтты. Әлденені ұмытқандай жатын бөлмесіне асығыс көтеріліп есікті ішінен іліп алды да, орамдағы қылқаламдарды қайтадан қолына алып, шетінен айналдырып көре бастады.
Сосын планшетін жазып қылқаламдарды үстіне үлкеніннен кішісіне қарай қаз қатар тізіп қойды да, ұзақ қарады. Қайдан көргенін есіне түсіре алар емес. Сосын ретін алмастырып көрді. Бала кезінен фазл құрастырудың шебері болатын, ақыры соның себі тиді. Ең кішісін оң жағына қойды да, арасын ашып, одан үлкенін сол жаққа қойып келесі үлкенін сол жаққа одан оңға соңында ең үлкен қаламды ортасына қойған кезде Бота ойына әлдене түскендей чемоданын ақтарып түбіндегі альбомды алып шығып, атасының суретіне қарап отырып, әуелде сық етіп күліп жіберді Атасы өлерінің алдында өз сақалын күзеп қылқалам жасағанын білгенде қайтадан еңіреп тұрып жылады.
Аман атасын – ұлы ұстазын қайталап есіне алды. «Қызым, «Өртенген үйдің» бәсі бәрінен биік…» –деп тұрғандай, тіпті дауысы тура құлағының түбінен шығып тұрғандай сезілді.


Жалпақ әлемге аты мәшһұр Аман суретшінің шәкірттері санаулы-тын. Сол санаулы шакірттерінің ішінен ең талантты суретші ретінде осы Бота танылды. Арада біраз жыл өтіп өзі дүние жүзі суретшілерінің бәйгесіне қатысуға дайындалып жүргенде сол атасы:
– Қызым, «Өртенген үй» бәсі бәрінен биік… бас бәйге тек қана саған тән!.. – деп өз-өзіне марқайып, Ботаның маңдайынан емірене иіскейтін.
– Әлі салынбаған «Өртенген үй» туралы сәуегейлігіңіз ұстап кетті ғой, ата! – күлкіге айналдыратын.
Аман атасы өмірде де қызық адам болатын. Белуарына түскен ақ сақалының ұшы еңкейген сайын палитраның бетін жауып қалып былғанған бояуға матырылып шығатын. – Ата сақалың…. –дейтін Бота еріксіз күліп:
– Бота, осыны енді қырқып тастамасам, басқа амалым қалмады… өзіде өсе берді… өсе берді… осыны күзеп екеумізге қылқалам жасап алсақ жарар еді дейтін шал. Бота кейде шалдың сақалының палитра бетіндегі бояуға малынғанын қызықтап отыратын. Үйреншікті ғадет. Қанша рет айтқан. Ескерткен.
– Ата, қойыңыз… әдемі ғой… тек бояуға малмай, күтіп ұстасаңыз… –деп күлетін.
Қылқаламдарға қарап отырып енді қайтадан жылай бастады.
Ұзақ жылады. Жылап отырып күлді… қайта жылады.
Қазір де сол Аман атасын көрген кезі есіне түсіп еріксіз күліп жіберді. Әуелі көріп жөн сұраса келе:
– Ім, кемпірдің қызымын де… еркесің ғой онда? –деген мейірлене күліп.
– Жоқ, жоқ, ата, әжем мені сөз тыңдайтын ақылды қызым, артық еркелігі жоқ деп мақтап отыратын деген қысыла, қымтырыла. Содан бастап жұрт құсап «ағай» демей ата деп атап кеткенді. Ата дегеніне әуелде курстастарынан бастап оқу орнындағылардың барлығы күліп жүрді де, кейін үйреніп кетті. Көбісі әдейі қылжаққа болса да, Аман ұстазды Ботаның атасы атап кеткенді. Аман ұстаз Ботаға дегенде әуелден ықыласы бөлек.
Сурет институтқа алғаш түскен жылы. Ауылда әжесі қанша шектесе де, өз бетімен суретке әуестенген Бота үшін мальбортқа үйірлесудің өзі бір машахат болғанды. Үнемі ес білгеннен бергі түсіне кіре беретін сол өртенген үйдің суретін салатын да отыратын. «Саған басқа тапсырма берілген. Ал сен өртенген үйді тағы салып келіпсің» деп ұстаздары ұрсатын да жүретін. Бірде Аман атасы тапсырмаға бір бөлмеде тұратын құрбысы екеуіне бір-бірінің портретін салуды берген-ді.
Жанында бірге тұратын құрбысы Айша Ботаның портретін қоярда қоймай кеудешесінің ішінде көрінбей тұратын тұмарды сыртына шығарып салған-тұғын.
Ертесі шәкірттерінің орындаған тапсырмаларын қарап отырған Аман ұстаз Айшаның салған жұмысына қарап отырып оқияттан оғаш бір қылық көрсеткен. Қараптан қарап отырып көз жасына ерік берген. Еңкілдей жылап отырып барып Айшаның жұмысын қолына ұстаған қалпы орнынан атып тұрып, Ботаның қарсы алдына келіп портретке бір қарап, Ботаға бір қарап, орнына қайта барып отырғанда қайтадан атып тұрып Ботаның алдына келген:
– Ағай, менің жұмысым кейіпкеріме ұқсамай қалып па? –деген Айшаға:
– Тыныш, үндеме… –деп сұқ саусағын ерніне апарды да, жаңағы әрекетін сабақ уақыты аяқталғанда неше рет қайталады. Сабақта отырғандардың барлығы ұстаздарының осы оғаш қылығына таң-тамаша болғанымен, ешкім себебін сұрай алмаған.
Әдетте әркімнің жұмысынан бір кемшілік тауып, ескертіп, жайы келсе сөзбен мүжіп, ары қарай жақсы жұмыс істеуге жебеп отыратын ұстаздарының бүгінгі қылығына шәкірттері таңғалғанда қойған.
Сабақ аяқталып, аудиториядан шығып бара жатқанда ақырын ымдап Айшаны алып қалған ұстаз есікті ішінен бекіте сала, Айшының білегінен бас салып ұстай алып:
– Тұмар қайда тұмар?! – деді өз-өзінен тұтығып.
– Ағай, не? –Айша абдырап қалды.
– Тұмар? –дейді Аман ұстаз ары қарай үні шықпай.
– Ауырттыңыз! – Айша қолын босатпаққа бұлқынып жатыр.
– Тұмар қайда? Сүйек тұмар!–дейді Аман ұстаз.
– Қандай тұмар ағай? Мен тұмар тақпаймын… –Айша аң-таң болып ұстазының қолынан құтылып кетпекке тырбанып жатыр.
– Жаңағы портреттегі тұмар! –дегенде барып Айша әрең түсінді.
– Ол тұмар ма? Ол менікі емес! –деді дегбірі қашып.
– Онда кімдікі? –Аман ұстаздың көзі бағжаң ете қалды.
– Ол ма, Ол Ботанікі… Әсілінде Бота оны ешкімге көрсетпей жасырып тағып жүретін, қай күні мен қоярда қоймай кеудешесінің сыртынан таққызып едім… Сіздің оған соншалықты көңіл аударатыныңызды ойламадым, –деді. Оның қаншалықты маңызы бар еді деген кісіше.
– Өзінікі ме? –Аман ұстаз осы сұрақты неге қойғанын өзіде түсінбей қалды.
– Иә, өзінікі болмаса, мойнына тастамай таға ма?! –деді Айша. Айшаның қолынан жібере салған Аман ұстаз енді оған:
– Айша, қалқам, кешіре ғой… Ботаны шақырып бере қойшы, –деді жалынышты үнмен.
– Аман ағай, сонда ол қандай тұмар? –енді сұрақтың кезегі Айшаға келгендей.
– Мүйіз тұмар… –деді Аман ұстаз да ары қарай сырын жасырып.
– Ол сіз үшін соншалықты маңызды дүние ме? –деді Айша да құтығурлап.
– Айша, қарғам, бұл туралы аузыңнан шығарушы болма? Сен Ботаны шақырып кел. Сосын мен Ботамен оңаша сөйлесемін… Қарғам, саған айтарым, бұл туралы ешкімге сыр шашушы болма… сенен ақсақалды басыммен өтініп сұрарым сол… Тек ешкімге тісіңнен шығармаймын деп уәде берші… –деген Аман ұстаз балаша қалбалақтап.
Жақсы көретін ұстаздарының оғаш қылығына қатты таңданса да, Айша «ешкімге ешнәрсе айтпаймын!» деп уәде беріп әзер шықты.
Бота ауладан шығып, алыстап кеткен екен. Артынан ентіге жүгіріп әзер жетті.
– Бота! Тоқта! Аман ағай шақырып жатыр сені… –деді. Ары қарай сөзін жұтып.
– Неге? –деді Бота таңданыспен.
– Білмеймін… Сені шақырып жібер, –деді.
– Тапсырма орындаймын… бір жағы шаршап тұрмын… – Бота нарау.
– Маған шақыр, –деді. Айша да қояр емес.
– Ертең барамыз ғой… Бірінші сабақ ағайдыкі… – Бота шынымен жалқауланып тұр.
– Туу! Бота, ағай сені шақыр деді маған, жүрші енді, –деп жеңінен жұлқып, оқу корпусына қарай сүйреледі.
Екеуі итіс-тартыс болып жүріп манағы өздері шыққан аудиторияға келгенде Аман ұстаз екі шынтағын үстелге тіреп қос қолымен басын шеңбектеп отыр екен. Есіктен кірген қыздарды көре сала:
– Айша, айып етпесең, бізді оңаша қалдыршы, –деді.
– Мақұл, –деген Айша Ботаға қарап:
– Мен сені су бұрқақтың жанында күтем! –деді де, шығып кетті. Неге шақырғанын түсінбеген Бота ұстазына қарап:
– Ата, неге шақырдыңыз мені? –деді, әлденені бүлдіріп алдым ба дегендей өз-өзінен қуыстанып.
– Бота! Тұмарды көрейінші… –деді ұстазы өзін барынша салмақты ұстап.
– Неге? –деді Бота аң-таң болып.
– Көрсетші, құлыным? –деді ұстазы қайталап.
– Жоқ, болмайды! –деп Бота есікке қарай жылыстай берді.
– Кетпе, құлыным, көрсетші тұмарды… –деді атасы аса бір жалынышты үнмен. Бота ойланып қалды. Әжесі әрдайым тұмарды ешкімге көрсетуші болма. Киіміңнің ішінен тастамай тағып жүр деп ескертіп отыратын.
– Әжем бөтен адамға көрсетпе! –деген. Бота шынын айтып тұр.
– Айналайын, Бота, құлыным, мен бөтен адам емеспін… көрсете ғой! – деді атасы кемсеңдей жылап. Бота ұстазының көз жасын көріп, ыңғайсызданып қалды. Шынымен Аман ұстаз – атасы бөтен адам емес қой… ақыры мойнындағы тұмарды алып ұстазына ұсынды.
Тұмарды қолына алған атасы екі тізесі қалтырап барып жерге жүрелеп отыра қалды да:
– Ағайша-ау! Айнам-ау! Ақыры сақтап қалған екенсің ғой… Осы үшін қанша азап тарттың екенсің… Жаным-ау!.. –деп еңіреп жылап жіберді.
– Ата! Ата! Сізге не болды? –деп қорыққаннан үрпиіп қалған Ботаға:
– Құлыным, Бота! Бұл тұмарды қайдан алдың? Кім берді саған? –деді өксігін тия алмай.
– Ақ әжем берді… сіз менің әжемді қайдан танисыз, ата? –деді Ботада атасымен бірге жылап.
– Әжем дейді?! Сен Ағайшаның немересісің бе? Құлыным-ау! Менің немеремсің бе сен?! –деп өзіне қарай ұмсына берген ұстазының құшағына құлай кеткен Бота:
– Мен немересі емес, қызымын ата! –деді көз жасын сүртіп жатып.
Маңдайынан емірене иіскеген атасы Ботаның құшағынан босатып:
– Әзірге бұл туралы ешкімге тіс жарма! Және менен ары қарай қазбалап сұраушы болма! Кейін бәрін түсінесің –деп тұмарын тағып берді де, сыртқа шықты.
Ботаны атасы сыртқа шығарды да, өзі кері қайтты. Анадайда су бұрқақтың тамшыларына алақанын жайып ойнап тұрған Айшаны көрген ол онымен кездескісі келмей бірден кідіріп сәл тұрды да, ол ойынан тез айнып, солай қарай жүрді. Аспанға қарай көтеріліп қайта құлаған судан баяу соққан ескек жел ала қашқан тамшыларды алақанымен тосып ойнап тұрған Айша бұны жанына келгенше байқамады. Көңілінде ешқандай кірбең жоқ, әрдайым жүрген жерінен өзіне бір қуаныш шаттық тауып алып жүретін Айшаға ол қызыға қарады. Әдемі көңіл-күйін бұзғысы келмей бөгеле берді.
Айша ұзақ күттіріп барып Ботаны бірақ көрді.
– Бота, Аман ұстаз не деді? Айтшы, сенің мойныңдағы не тұмар? – деп Ботаны жан алқымға ала бастады.
– Қойшы, Айша, түкте емес. Әжемнің берген тұмары… –деп алдаусыратқанымен, Айша оған көнер емес.
– Әжеңнің берген тұмары екенінде дау жоқ. –деді Айша барған сайын құтығуырлап.
– Онда несіне сұрап тұрсың? –деді Ботады шырт ете қалып.
– Білмеймін. Бұл тұмардың ішінде жасырынған бір құпиясы бар, –деді Айша қарақат көздерін жыпылықтатып.
– Ес білгелі мойнымда жүр… Мен бұдан ешқандай бір тылсым көрмедім –деді Бота қабағы қайта жадырап барып.
– Айпайсың, құрбым… жасырасың… білесің… –деді Айша Ботаға қалайда осының сырын саған айтқызбай қоймаймын дегендей…
– Рас айтам, мен осыдан ешнәрсе көрмедім… Сенен жасырып не істейін? –деді Бота дағдаарып.
– Әжең неге берді… –деді Айша енді арыдан түсіп зерттемек болған жандай кейіпте.
– Менен басқа беретін адамы болмады да… –деді күрсінген Бота көңілсіз ғана.
– Әжең қайдан алыпты… – Айша ары кетіп барады.
– Білмеймін…. –деді Бота қысқа қайырып
– Сенбеймін… – деді Айша да жарыса…
– Рас айтамын –деді Бота ақталып.
– Мүмкін, оған да әжесі берген шығар… –деді Айша өз сұрағының жауабын өзі тапқандай болып.
– Мүмкін! – деді Бота шынымен ойланып барып.
Манадан су бұрқақтың қаңғыбас тамшыларына малшынған көйлектерінің етегін сілкілеп суын кептірмек болған екі қыз енді қол ұстасып жатақханаларына қарай жүре сөйлесті.
– Аман ұстаз неге сұрапты? –деді Айша әлденеге әлі көңілі толмағандай, иә болмаса біреу бірдеңені әдейі өзінен жасырғандай сезініп.
– Білмеймін… –деді Бота, осы сұрақ өзін әбден қажытқандай Айшаға енді қайтып сұрамаса екен дегендей кейіпте.
– Менен жасырып тұрсың! –деді Айша тұра қалып Ботаның екі қолын тас қылып ұстап алып.
– Рас айтам… –Бота жыларман болып тұр.
– Мана менен тұмарды сұраған кезде өңі бұзылып кеткен тұғын. –Айша көзін қайта-қайта жылплықтатып әлдене есіне түскендей.
– Мен байқамадым. –деді Бота енді манағы атасының кейпі көз алдына келіп. Өзі де ойланып қалды.
– Сен жасырып тұрсың… Бота сен жақын құрбыңнан сырыңды жасырып тұрсың ба? –Айша енді Ботаны жұлқылай бастады.
– Неге жасыруым керек? –Бота енді Айшаны сөзбен айналдырып қаша бастады.
– Онда шыныңды айтшы… –Айша Ботаға осыны қалайда білмей қоймаймын деген дей жалынышты үнмен тіл қатып.
– Мен шынымды айтып тұрмын… – өз ішкі сырымды саған неге ашамын дегендей Бота жалтара бастады.
– Онда Аман ұстаз не деді, соны айтшы ал! –деді Айша енді қайда қашып құтыласың дегендей.
– Мен бардым… «Тұмар қайда деді?» –Бота енді нені айтып нені айтпау керек екендігін ойланып жатыр.
– Содан? –деді Айша ары қарай қазбалап.
– «Қандай тұмар?» дедім… алғашында өзімнің мойнымдағы тұмарды ұмытып кетіппін шынымен –деді Бота сөзді тағы басқа жаққа аудармақ болып. «Айшаның салған портретіндегі тұмар» деді.
– М… –деді Айша әңгімеңді ары қарай жалғай бер. Тұмар туралы шындықты енді айтарсың дегендей.
– «Менде» дедім –Бота сөзінің соңын жұтып.
– Не деді? –Айша үзілген сөзді ары қарай жалғап алмаққа жанталасып жатыр.
– Қойшы, Айша не деуші енді?! «Әкел деді…» –Бота енді жалыққандай сыңай танытты.
– Бердің бе тұмарды? Неге сұрапты… –Айша әңгіменің ең қызық жеріне жеткендей тіптен құтығуырлай бастады.
– Фуу! Айша, тұра тұршы, мен айтып болып алайын… –жанды қоймай қойдың ғой өзі… –Бота өтірік өкпелеген болып жатыр.
– Иә, айта бер онда… –деді Айша барынша сабырлы кейіпке түскен қалып танытып.
– «Неге» деп едім Атам маған «көремін» деді… болды… –деді Бота қайтадан қысқа қайырып.
– Содан… Бота ары қарай не болды… сөзіңнің соңын жұтып алмай айтшы бол тез! –Айшаның дегбірі қашып кетті.
– Содан не болушы еді мойнымдағы тұмарды бердім… –деді Бота сөзін кілт үзіп.
– Аман ұстаз не істеді? – деді Айша тым құрғанда мына жағынан шығып шындығын айтқызып алайын деген жандай.
– Қолына алып қарап көрді де, бере салды өзіме… –деді Бота әңгіме осымен аяқталды, ары қарай сұрамашы деген қалып танытып.
– Рас па? –Айша бұл жауапқа сенбейтінін ашық білдіріп тұрып өтірік сұрап жатыр.
– Иә, рас! –Бота осыдан артық саған айтар сырым жоқ деген кісіше селсоқ жауап қатты.
– Сенбеймін… Бота, сен құрбыңнан бір нәрені жасырып тұрсың! –деді Айшада өкпелеген бейнеде.
– Неге? Айша сенің сұраған дүниеңді айттым… болмаса саған ойдан құрап өтірік айтып беруім керек пе? –деді Бота да өтірік ашуланған болып Айшаны біржола тығырыққа тіреп тастамаққа.
– Бірдеме деген шығар енді? –деді Айша манадан бергі берген жауаптарыңа көңілім көншімеді дегенді білдіріп.
– Сыртындағы өрнекті көрді… –деді Бота бар айтар шындығым осы дегендей.
– Не деді Аман ұстаз? –деді Айша Ботаға бәрібір сен шыныңды айтпайсың ғой деген түңіліспен.
– Портретіңдегі тұмардан аумайды екен деді… – деп Бота енді Айшаны алдаусыратып.
Қыздар айтыса тартысып жүріп жатақханаға жеткен. Содан бастап Айша әр күні таң бозынан тұра сала Ботаның жанын қоймай тұмарды сұрап алып алақанына салып кейде өз мойнына тағып алып көретінді шығарған.
Содан бастап Аман ұстаз Ботаны әр кез сабақтан тыс жеке алып қалып, суреттің қыры мен сырын, бояулардың қасиеттерін арнайы сабақ ретінде үйрете бастаған. Аз уақыттың ішін-ақ Бота айтулы додаларға қатысып, ел іші-сыртына дерлік таныла бастады.
Аман ұстаз өзінің туған атасы екендігін айтқанға дейін Бота да құрбысы Айша секілді аң-таң болып жүрді.


Соңғы курста оқып жүрген кезі. Атасының үйіне жиі барып тұратын… көбінесе Айша екеуі баратын-ды. Соңғы кездер Аман ұстаз денсаулығына байланысты үйінде жатқанды. Бірде атасы «өзің ғана кел, саған айтатын маңызды дүнием бар еді» деп хабар жіберген. Алып ұшып Аман ұстазының үйіне келген. Үй ішін тып-тинақтай қылып жинап қойыпты. Тек құрулы тұрған мальборттың маңайы бояу езілген тақтайша… босаған бояу ыдыстары мен шашылған қаламдар. Аман ұстаздың көзі кіртиіп әбден жүдеп кетіпті. Неше күн ұйқысыз жұмыс істегені білініп тұр.
– Құлыным! Құлыншағым!.. Ботам! –деп емірінген атасы Ботаның маңдайынан иіскеп, терезенің алдындағы жұмсақ креслоға әкеп отырғызды да өзі мальборттың жанына барып:
– Ботам менің… –деп қайтадан емірене сөзін бастап кетті, – Сен толығымен тыңдап алуға тиіссің… Бұл дүниенің ақиқатын білетін тек қана өзің боласың… әуелде ақ әжең Ағайша білетін еді… ол да жоқ бұл өмірде… менің ішімде ғана шемен болып кетіп бара жатыр еді… енді құлыншағым тек сен ғана білетін бір шындықтың… сен ғана ие болатын бір тылсым құдіреттің сырын айтамын… Енді жарты ғасыр бойы бөлектенген тұмарлардың бірігетін уақыты жетті… – Аман ұстаз тоқтар емес. Аракідік үнін жұтып демалып қалғанымен, қайтадан ары сөзін сабақтай жөнеледі. Ботаның құлағында тек «Ағайша, ақ әжең» деген мен «тұмар өзінің туғанын сыңарын өзі табады» деген сөзі ғана арлы берлі жаңғырып жұргендей… Енді құлағы шыңылдай бастады да, басы айналып, көзі қарауыта бастағандай болды. Мұны байқаған Аман ұстаз Ботаның жанына келіп отырып, қалампыр салынған салқын су ұрттатты.
Қалампырдың ашқылтым жағымды дәмінен денесі жадырай түшкірінген Бота енді оңалып отырып атасын тыңдады.
Аман ұстаз есінен кетпейтін ескі күндерін көз алдынан өткізді. Тура алдына арқалы орындығын сүйреп алып келген атасы «Мен Ағайшаны көргенде он бесте едім» деп басынан кешкенін бастап кетті.


– «Сен салған суретіңе жан бітіре аласың…» деген қолпаштау мені бала жасымнан тым бір беткей, тәкаппар қылып жібергенін өзімде байқамаған екенмін. Жеті жылдықты бітіріп Ақжайықтағы сурет колледжіне түскен кезім… Соғыстың өзі тоқтағанымен қанды лебі ақырласпаған… Кез-келген жерден қолы не аяғы жоқ мүгедектерді кездестіресің… Өзім соғысқа бармасам да, сол соғысқа барып қан кешкен солдаттардың аузынан естігенім бойынша соғыс алаңын ажал картинасына бала жастан айналдырып атым шығандап кеткен кезім. Әуелде ешқандай ұстаз көрмей өз бетімше үйренгем… Бүгін сендер келіп неше жыл бойы оқып жүрсіңдер ғой… оқып суретші болады дегенге әйтеу өзім келіспес едім… осы институтта сабақ бергеніме жарты ғасыр болды… Ұлы ұстазды тапқанды әлі көргенім жоқ… Өздері суретті танып келіп ары қарай тереңдетіп алып кеткендері болмаса, қолына қарандаш ұстамай келгендер сол әппақ қалпы қайта кетеді… Соған қарап суретті ешкім оқып салмайды-ау деп ойлаймын, –деген атасына:
– Сонда не біз неше жыл бойы босқа оқып жүрміз бе?! Қанша дүниені осы өзіңіз секілді ұстаздардан үйрендік қой! –деп келіспейтінін білдірген.
– Е, құлыным, жас келген… бірдің басын айтып, бірдің аяғына кетем… мана өзіңе айтқан өмірімнің соңындағы жалғыз сырымды тек сен ғана білуің керек құпиямды бүгін айтып тауысып кетейін… деді сақалын саумалап. Неге екенін қайдам Бота өзі білмейтін сол шындықты яки тылсым құпияны естуге құлықсыз… іштей айтпай-ақ қойса деген ниетпен әңгімені қайта-қайта басқа арнаға бұра берген. Аман ұстаз енді арқалы орындыққа шалқалай отырып үнсіз терең ойға шомды. Көз алдынан кешегі күні тізбектеліп өтіп жатандай, кейде қабағы түйіліп, кейде шалт жадырап, аракідік шүңірейіп тереңге кірген көзін жыпылықтата жымиып күліп алады. Ұзақ үнсіздіктен кейін баяғы әдетімен аудиторияда лекция сөйлеп тұрған адамдай дауысын сәл көтеріп, әңгімесін бастап кетті. Осы әңгімені қаншалықты қаламаса да, Бота зер сала тыңдауға мәжбүр болды. Әсіресе, әжесі Ағайша туралы әлдебір өзі білмейтін құпияны, әлдебір шындықты қалай қабылдар екенмін деген үрейлі ой Аман ұстазының сөзімен жарысып, көкірегін кернеп бара жатқандай сезіле берді.


Алғаш көргенімде Ағайша он бесте еді. Соғыстың салған үрейлі кескіндерінің әлі тарқамаған кезі-тұғын. Бұл институт әуелде колледж-тұғын. Кейін институт болып қайта құрылды. Сол колледжге әр өңірден мектепті енді тауысып жатқан оқушылар күні бойы бірде Шағанның, бірде Жайықтың бойына барып, табиғатта демалып түс қайта корпусқа келіп, осындағы суретшілердің, әсіресе студенттердің жұмыстарын көріп солармен танысады. Менің жұрт аузына ілініп жүрген «Ажал» атты еңбегім көргізбенің қақ төрінде тұратын-ды. Бір қол бір аяғын сынария жұлып кеткен жауынгер бір аяғымен тік тұрып, аман қолын көкке қарай соза берген кеудесіне ұшқан снарядтың жарықшағының енді кіріп бара жатқаны бейнеленген тұғын. Мен бұл еңбегімді кешегі Ордадан шыққан атақты батыр Жексембайға арнағам. Аудандық мұражайдан Жексембай батырдың мұрағатта сақталған бір қанша фотоларын алып соның негізінде салған едім. Жұмыстың астындағы түсіндірме тақтайшада Ордалық Жексембай Қайбаров 1911-1943 деп жазулы тұрған.
Қос бұрымы тірсегін соғып, бойы сұңғақ тартса да мектеп формасын әлі шешпеген аққұбаша қыз менің сол еңбегімнің қасынан айналсоқтап шыға алмай қалды. Жанындағы бірге жүргендердің барлығы басқа жақтағы көргізбелерді аралап кетсе де, тура қарсы алдына барып тапжылмай қарап тұрады да қояды. Ақыры бір күні жанына өзім келдім.
– Қайдан келдің қарындасым? –деген маған селк ете түсіп жалт қараған ол:
– Ордадан, –деді қысыла.
– М, солай ма? Атың кім? –дедім мен.
– Ағайша, Ағайша Жексембайқызы… –деді екі беті нарттай қызарып.
– А, солай ма? –дедім мен де абдырап не айтарымды білмей.
– Иә, Қайырбекова… –деді «мені енді таныдың ба» деген адамша бетіме тіке қарап. Мен абдырап қалдым. Сосын барып:
– Қанша жастасың? –деппін.
– Он бесте… –деді ол «саған менің жасымның не керегі бар» деген кейіпте.
– Менен үш жас кіші екенсің… –дедім мен айтарға басқа сөз таппай.
– Онда сіз он сегіздесіз бе? –деді қыз кекете күліп.
– Иә, иә, он сегіздемін… –дедім мен де өз сөзіме өзім шашалып. Менің мүскін қалымді қызықтады ма, енді Ағайша мені сұрақтың астына алды.
– Осында оқисыз ба? –деді.
– Иә, осында оқимын…
– Қандай мамандық?
– Сурет және өнер…
– Жақсы ғой.. –деген қыз есіне әлдене түскендей томсарып ұзақ үнсіз қалды. Енді сұрақты мен бастадым.
– Қай класта оқисың? –дедім әңгімені басқа жаққа бұрғым келіп.
– Жетінші жылдықты бітірдім… күзде колледжге барамын… –деді Ағайша «саған күзде қайда баратыным да керек шығар» дегендей тіке қарап.
– Оқуың қалай еді? –дедім өзіме еш қатысы болмаса да.
– Осында келген оқушылардың барлығы үздік оқитындар… –деді жымиып.
– Қай сабақты ең жақсы көресің? –дедім мен де сұрағымның оғаш екенін білсем де.
– Барлық сабақты жақсы көрем… Бірақ әнші болғым келетін… –деді қыз қайтадан мұңая.
– Жақсы ғой… әнші болу деген… дауысың жақсы болса, жақсы әнші боласың… –мен енді мандырай бастадым.
– Бірақ енді суретші болғым келіп кетті –деді көзі қайтадан мөлтілдеп.
– Неге әншілік ұнамай ма? –дедім қапелімде аузыма басқа сөз түспей.
– Жоқ, әнші болуды жақсы көрем… Бірақ мына суретке қарап тұрып әнші емес суретші боламын деп шештім… –деді қыз менің осы шешіміме қалай қарайсың деген кісіше.
– Неге олай шештің? –дедім мен қысыла.
– Иә, бұл менің әкем… –деген қыздің екі бетін көз жасы жуып тұр. Мен абдырай бастадым.
– Қой, жылама! Ақылды бала жыламайды… –деп жұбатпақ болып жатырмын.
– Бұл суретті бұрын да көргем… журналдан… –деді кемсеңдеп тұрып.
– Сурет қалай? –деппін мен де аузыма сөз түспей.
– Жақсы… әкемнің түрі есімде жоқ… менің екі-үш жасымда соғысқа кетіп қалыпты… тек шешем мен әжемнің үйге почтамен келген қаралы қағаз деп аталатын хатты алып қатты жылағаны ғана есімде… Неге жылап жатсыңдар деген мені әжем мен шешем кезектесіп бауырына басып ұзақ жылаған еді. Кейін ес білген соң барып бір-ақ білдім ғой… әкемнің суреттері бар… тек ақ қара түсте ғана болатын… сосын журналдан осы суретті көрдім… әкемнің қандай адам болғанын білмеймін… мына суретті көріп әкеме жаным қатты ашиды… суретшіні тапсам қолымен аяғы бар кезіндегіні салып беріңізші деп айтайын деп күтіп жүрмін. Сіз білесіз бе? Қай күні осында бір апай бұл суретті осында үшінші курста оқитын бір ағаларың салған деп айтып еді… сіз сол ағаны танисыз ба? –деді.
– Оны не қыласың? –дедім мен не істерімді білмей.
– Әкемнің жанының бұлай қиналып тұра бергенін қаламаймын… аяғы мен қолын салып берші деп айтамын… –деді. Мен бұл шығарманың авторы өзім екенімді айтуға батылып бармады… шынымен өзінің туған әкесінің осындай аянышты халде көру қаншалықты қиын екендігін ойлана бастадым.
– Аға, суретші ағаны көрсеңіз, айтыңызшы… мені кезіктірсеңіз тіптен жақсы болар еді, –деді қыз жалынышпен.
– Мақұл, қарындасым.. мақұл… көрсем, кезіктірсем қалай да айтатын болам, –деп жалтарып жатырмын.
– Суретші болсам әкемнің сау денесін салар едім ғой… –дегенде оған айтар сөз таппай қалдым. Мен не айтарымды білмей қиналып тұрғанда құдай оңдап, оны бірге ертіп келген апайы шақырып кетті. Есіктен шығып бара жатып қабырғадағы әкесінің суретіне, сосын маған қараған Ағайша менің кеудеме әлдебір үлкен сұрақ тастап кеткендей болды. Соғыста шейт болған әкесіне жаралы кейпіне өзім кінәлі болғандай сезіндім.
Олар тағы үш-төрт күндей оқу орнында болды. Мен барынша қашқалақтап жүрдім. Неге екенін қайдам, Ағайшаға жолығып қалудан қорықтым…
Ағайшалар ауылына кетіп қалған соң көңілім біртүрлі қоңылтақсып қалды. Жаз бойына жоспарлаған біраз жұмыстарым бар еді. Ешқайсынан көңілім шаппады. Неге Ағайшаға дұрыстап таныстық бермедім… тым құрығанда хат жазғанға адресін неге сұрап алмадым… Осында оқуға түссе жақсы. Ал басқа жаққа түсіп кетсе, өмірі қайтып көре алмай қаламын ғой деген өкініш өзегімді өртеп, істейін деген бар жұмысымның берекесін қашырып жіберді. Расында көңілім шаппаған емес, қолыма алған қарындашым жүрмей қойды. Қыркүйек келіп абыр-сабыр басталғанша, мең-зең кейіптен бір құтыла алмай қойдым.
Соңғы курс болған соң бірден сабаққа да бара қоймағам. Араға екі-күн салып корпусқа бардым. Қашанғы әдетім бойынша «Ажалды» көріп қайтпақ болып солай келгем. Жүрегім әлденені сезгендей Ағайша «Ажалдың» жанында күтіп тұрғандай сезіле берген. Корпустің табалдырығын аттай бере манадан алып ұшіп келе жатқан жүрегім суый қалды. Өз-өзіме «құдай-ау, Аман тап бір сол қызбен уағдаң бардай, қайда алып ұшып барасың? Жарайды ал, ол осында оқуға түсті делік, тіпті «Ажалдың» алдында тұр… бірақ ол сені күтіп тұрған жоқ қой…» деген ой сап ете қалысымен, суынған жүрегіммен бірге денем де суый жөнелді… Тамыздың ыстығы әлі тарқай қоймаған қыркүйек басындағы табан қарыр ыстыққа қарамай, қалтырап тоңып бара жатқандаймын. Ақыры дәтке қуат деп сүйретілгендей болып «Ажалға» да жеттім.
Суретке телміріп қарап тұрған Ағайшаны сыртына-ақ бірден таныдым. Жүрегім атқалақтап аузымнан шығып кетердей. Жаңағы су сепкендей басылған көңілім қайтадан алабұртып, алып ұшып барады. Көңілім шалықтап ұшып кеткенімен, өзім мәз емес секілдімін. Тамағыма әлдене тығылғандай… алқымымнан әлдекім қысып ұстап тұрғандай қиналып, қос аяғыма кісен түскен адамдай кібіртіктеп қалдым. Тіптен өз-өзіме келе алар емеспін… кеудеме сыймай алып ұшып бара жатқан бір сезім… Осы кезде барып өзімнің Ағайшаға ғашық болып қалғанымды сездім. Әуелде өз ойымнан қатты қысылдым. Соңғы курстың студентінің жаңа келген сары ауыз балапан іспетті тәлімгерге ғашық болуы қазыргіні қайдам, ол кез үшін ұят-тұғын. Ақыры кібіртіктей жүріп жанына келдім. Үнім шығар емес. Сыбырға жақын үнмен әзер дегенде:
– Ағайша, келдің бе? –дегенге тілім әзер келді.
– Аман! Аман аға! Қалыңыз қалай? Сізді қайдан табарымды білмей жүр едім… –деп сүйрік саусағын ұсына берген Ағайшаның қолын алып тұрып, мені қайдан танитынын есіме түсіре алмадым. Жазғы демалыста кезіккенімде «Ажалдың» авторын сұрағанда таныстық бермей кеткенім есіме түсіп таң қалдым.
– Жақсы… өзің қалайсың? –дегеннен арыға бара алар емеспін.
– Мен де жақсымын… осында оқуға түстім… –Ағайша мен ойлағаннан әлдеқайда ашық жарқын екен. Мені баяғыдан танитын адамдай-ақ тоқтамай әңгімесін айтып жатыр.
– Жақсы… –деймін мен де осы бір ауыз сөзден басқа аузыма дәнеңе түспей.
– Мен сізді басқа жаққа кетіп қалдым ма деп ойлағам… сабақ басталғалы неше күн болды… қайда жүрсіз? –енді Ағайша мені сұраққа ала бастады…
– Соңғы курс қой… сосын… –деп шынымды айтып ақталып жатырмын.
– Тым құрығанда «Ажалды» бір соғып кететін шығар деп сабақтан босай сала осында келем… неше күн болды… неге келмейсіз? –Ағайша енді өкпесін айтып жатыр.
– Келдім ғой міне… –деп міңгірлеп мен тұрмын.
– Енді ешқайда кетіп қалмайсыз ғой? –деді Ағайша жанарын жанарыма қадап.
– Жоқ… ешқайда кетпеймін… –деп жанарымды тайдырып әкетіп барып, өзіне сұрақ қойдым.
– Ағайша, мен саған атымды айтпап едім ғой… –сөзімді жұлмалап жүріп әзер дегенде.
– Иә! –деп сық етіп күлді Ағайша.
– Онда қайдан білдің? –дедім мен енді Ағайшаның сық ете түскен тәтті күлкісімен бойыма жан бітіріп.
– Алғаш осында келген кезде осындағы бір апай сіздің сыртыңыздан көрсеткен… Ал, сіз өзіңізше болып… –деді ол сөзінің аяғын айтпай бұртия қалып. Мен қысылып қалдым.
– Ренжімеші… әңгіме «Ажал» туралы болып кеткен соң айтуға батпадым… –деп шынымды айтып жатырмын.
– Иә, мен де сіз «Ажалдың» авторысыз ғой дей алмадым… –деп зорлана күлген болды. Сосын барып бұдан кейін мен сізді Ақжігіт деп атайыншы –деді күліп.
– Жарайды –дедім мен еш ойланбастан.
– Рахмет, Ақжігіт! –Ағайша тағы күлді…
– Аман деген ат ұнамай ма? –деп сұрадым сосын барып.
– Білмеймін, солай атағым келіп тұр… –деп Ағайша ұяла жерге қарады.
– Неге? –дедім мен де осы сұрақты не үшін қойғанымды өзім де түсінбей.
– Білмеймін… –Ағайша ары қарай сұрамашы дегендей қиыла қарады.
Біз содан бастап жақын танысып кеттік. Тіптен күніге кемі екі-үш рет кездесіп, әңгімелесіп тұрдық. Мен оқуымды бітірдім де, осында оқытушы болып қалып қойдым… Біздің арамыз тіптен жақындап кетті. Ақыры Ағайшада оқуын бітірді. Біз сол кезде көңіл қостық. Ағайша оқуын бітірген соң Ордаға барып екі шешеміздің батасын алдық та, қалаға келіп жарты жыл бірге осында тұрдық. Той рәсімін жаңа жылдың қарсаңында Ағайшаның ауылында Ордада өткізбек болдық. Күз келген кезде Ағайша өзінің жүкті екенін айтты. Қуанышымызда шек жоқ. Өзім әке-шешенің аялы алақанын көрмей, жабығып өскеннен кейін бе, әке болуға сонша асықтым. Ағайша екеуміз баламызды қалай бағатынымыз туралы бітпейтін ұзын сонар әңгімеге кіріп кететінбіз. Мен әке-шешемнен ерте айырылғам. Барып той жасайтын туыс-туғаным да жоқ. Әуелде бірден Ордаға көшіп кетпек болдық. Салт бас, сабау қамшы жүрген адамда не жинаған дәулет болушы еді. Қалада жасағанға шамам да келмес еді. Оның үстіне бір үйдегі жалғыз тұяқ Ағайшаны әжесі мен шешесі басқа жаққа жібермесі анық-ты. Өз халімізше тойға дайындық жасап жүрміз. Бәленің барлығы содан басталды. Мен қайын жұртыма тосын сый жасағым келіп, Ағайшаға айтпай корпуста ілініп тұрған «Ажалды» өзіме қайтарып алдым. Тойға аз қалғанда біз Ордаға жол алдық. Қалың кенепке орап алған «Ажалды» Ағайша қанша сұраса да, не екенін жасырып айтпай қойдым. Өмір бойы сол ісіме өкінумен келем.
Иә, солай Ордаға жеттік. Марқұм енем де, тіпті әжеміз төбесі көкке жеткендей қуанды. Адамның ешкімі жоқ тұлдыр жетім болғаны ешкімге қуаныш болмайтыны анық қой. Дегенмен қайын жұртым менің ешкімім жоқ, тек өздерінің ғана баласы болатыныма айрықша қуанды.
Ауылдың ұлан асыр той жасағанға жағдайы жетпесе де, көптеп көмектесіп жүріп тойды мектептің үлкен залында өткізетін болдық.
Той таяп келеді. Дайындық қарбалас. Күнге қапылып жүрміз. Кеште шайға отыра екі шешеміз әлі өмірге келмеген баламызға айт қойып, иемденіп алады. Екеуінің балаша қуанғанына, екеуін соншалықты қуандырғанымызға Ағайша екеуміз мәзбіз.
Ақыры сол кесірлі күн де келді. Тойға жиналған қауым. Дастарханды барынша бардам қылып толтырып қойған. Орданың бетке басар әнші- күйшілерінің бәрі келген. Шырқалған ән, шалқыған күй… Ағайша екеуміздің бақытымызға арналған ақ тілектер… Мен ағыл-тегіл жылап тұрмын. Тойдың соңына қарай қос шешеміз орындарынан тұрып, Ағайша екеумізге мойнымызыға шаңырағымызда құт болып сақталған арғы бәдізші бабамыздан қалған қос тұмар еді деп сүйектен бедерлеп ою салынған қос тұмарды тағып, сыйлықтарын сыйлап жатыр… Ағайша екеуміздің қуанышымызда шек жоқ… өміріміздің ең бір шаттықты кезі ғой ол кез. Сосын ортаға шығып мен сөз сөйледім. Неге екенін қайдам… әлде осы кесепатқа көрінді ме, әдетте елдің алдына шығып сөйлеп көрмеген мен сол күні су жұқпас жорғадай шешілдім. Ата-анасыз өскен мұңлы халімнен тартып жеткен жеріме дейін… өмірде көрген қиыншылықтарымды, тартқан азабымды, жалғыздықтан жабыққанымды, өмірі өзімнің үйім дейтін бір лашықтың, аттайтын бір табалдырықтың болмағанын, енді осы босағаның, шаңырақтың туғаны болатынымды айтып тойға келгендердің барлығының көзіне жас алдырдым. Сосын ақ әжеміз бен шешемізге кешегі қанды соғыс жанын қиған батыр әкеміздің портретін тарту ететінімді айтып, алқалы жұртты бір дүр сілкіндіріп алдым.
Сосын тойға арнайы алып келген сауғамды алып шығып анық көрінсін деп, төр жақтағы қабырғаға апарып сыртын ораған кенепті шеше бастадым. Жұрттың бәрі тым-тырыс. Не дүние екен деп күтіп отыр. Орамды шешіп болып, «Ажалды» қабырғаға ілдім.
– Жексембай! –деді жақын тұрған біреуі
– Иә, Жексембай… суретші дегенің де бір құдірет қой… тура өзі… –деп таңдайын қағып, шықылықтап таңданысын білдіріп жатыр.
– Қандай керемет! –деп тағы біреуі қостап жатыр.
– Тура өзі… –деді тағы бір дауыс.
– Бір қол, бір аяғы жоқ болса да қасқайып тұр… –деп жақын тұрған біреуі емірене тіл қатып.
– Нағыз батыр… –деді арғы жағында тұрған егде тартқан божбан қара кісі.
– Керемет!
– Ғажап!
– Айнымайды…
– Аумайды…
– Қолыңа дерт бермесін… –гулеген жұрттың даусын:
– Құлыным! –деп шаңқ еткен әжеміздің дауысы пышақпен кескендей үзді.
– Құлыным… қарғам… –әжеміз құшағын ашып маған қарай ұшып келеді. Артынан ұзын көйлегіне шалына енем келе жатыр. Жұрт сілтідей тынған. Мен абдрап қалдым. Суретке жете әжеміз екпетінен құлады. Ұстап қалуға ұмтылып үлгермей қалдым. Енем құлап жатқан әжемізге қарамай, Жәкем-ай, Жәкем деп суреттің жанына келіп бүк түсіп отыра қалды. Жұрт у-шу болып кетті. Қалың у-шудың ішінен енемнің:
– Құдай-ай! Жәкем-ай… саған не істеген… жаның қалай шыдады, Жәкем-ау деген дауысы естіліп барып, сол жағына қарай қисая берді.
Анадайда Ағайша есі ауған адамша мелшиіп орнынан қозғала алмай, бетінде қан-сөл жоқ бозарып қатып қалыпты. Мен қайсына барарымды білмей дал болдым.
– Тез су әкеліңдер… бол тез! – деп ақжаулықты әжей жанындағыларға бұйыра сөйлеп.
– Есінен танып қалды… – деп жаңағы әжейдің қасындағы жас келіншек шегіншектей берген.
– Ой, әдірам қалғыр, есінен танып қалғанын бәріміз көріп тұрмыз… тез су әкелсеңдерші! –деп бажылдаған кемпір екі қолын алдыға соза екпетінен сұлық жатқан әжімізді шалқалатып аударып жатып.
– Жедел жәрдемге хабарласыңдар… –деді жігіт ағасы есік жақтағыларға бұйыра сөйлеп өзі жерде жатқан әжеміздің жанына жүрелеп отырып басын сүйеп жатып.
– Қайтсін… қан кешіп тұрған суретті көргенде жүрегі шыдамай кеткен ғой… –егде бір адамның күрсінісі құлағыма анық естілді.
– Аянышты… –деп тағы біреуі ышқынып деп алды.
– Кімнің жүрегін болса да жарып жіберетін үрейлі сурет қой…
– Қандай қатыгез сурет… манағы мақтауын асырғандар енді әп-cәтте қаралай бастады.
Мен қаумалаған қалың адамды кимелеп әжемізге таяй бергенде, басын ұстап отырған адам орнынан тұрып мені кеудемнен кері итерді де:
– Жүріп кетті… алыс тұр! Аулақ! –деп зекіп тастады. Шегіне беріп енді енеме қарай бұрылдым. Оны да бір топ әйел орнынан сүйеп тұрғызбақ болып жатыр екен. Жаңағы кісі енемнің жанына барып:
– Жіберіңдер түге! Жұлмаламай… қол-аяғын жазыңдар… онсыз да қысылып жатқан адамды онан ары тарылтпаңдар, алыс тұрыңдар деп зекіп жатыр. Алып ұшып мен жетіп барып едім, кеуде тұсымнан гүріс еткізіп қойып қалып:
– Жалмауыз… зәнталақ! Қарғыс атқан неме! Аулақ дедім мен саған… енді мынаның жанын алайын дедің бе? –деп ажырая қарады. Жақын тұрған әлде біреудің:
– Есеке-ау, сабыр… баланың не кінәсі бар? –дегенін ғана құлағыма шалынды. Дүние түгелімен шыр айналып төбе төмен түсіп келе жатқандай басым айналып барып, буыным босап, тізем дірілдеп аяғым жер тірей алмай еденге гүрс етіп, жүрелеп отыра кеттім. Көзім алабұртып, шұбартып бара жатыр. Анадайда Ағайша әлі қатып тұрған секілді. Одан арғы көп дүние менің есімде де үзік-үзік қалыпты.
– Жүріп кетті… –бір топ адам әжеміздің көзін жауып жатты. Енді біреулері енемнің жанында ұйлығысып тұрды. Шамасы сүт пісірімдей уақыт өткен болар. Ағайшаның тура аспаннан құйылып түскендей ащы даусы шықты.
– Әже! –манадан бері есеңгіреп қалып енді есіне келгендей… –Әже!.. –деп шырқыраған қалпы ұйлығысып тұрғандардың ішіне қойып кетті.
Сапырлысқан жұрт түн ортасы ауғанша жүрді. Әжеміздің сүйегін үйге алып жүрді де, Ағайшамен шешесін ауруханаға алып кетті. Бірге бармақ болып көлікке ұмтыла беріп едім, әлдебіреу жеңімнен тартып «Барма» дегенді ымдап басын шайқады. Ақыры жақын жерде тұрған орындыққа келіп қос қолыммен атылардай болып солқылдап әкетіп бара жатқан басымды шеңбектеп ұзақ отырдым. Ауыл адамдарының барлығы мені жек көре қарады. Тіпті ешкім де тіл қатқысы келмейді. Бірдеңе сұрайын, мән жайды білейін деп жандарына таясам болды, сырт айналып кетіп қалады.
– Сыртқа алып шық! Анау қарғыс атқан суретті… –әлдекім гүр ете түсті анадайдан.
– Тас талқанын шығар!.. –деп қостай жөнелді тағы біреуі.
– Гүлкүміренін шығар!.. –деген балаң жігіт ішке қарай алып-ұшып кіріп бара жатты. Арғы жақтан «Ажалды» тарсылдатып сүйреген екеу шығып келе жатты. Артынан шұбырған көптің даурыққан дауысы құлақ тұндырарлық болып тұр.
– Әкел бері!
– Өртеп жібер!
– «Ажал» деген атынан-ақ шығып тұр ғой…
– Бұл қотиын бұны неге әкеліп көрсетті… –деген дауысты естігінде барып өзім де осы құдай атқыр суретті неге әкелдім… Неге ойламадым… жар дегенде жалғыз баласының осыншама аянышты халдегі кейпін көргенде анасының көз алдынан не өтер деп неге ойламадық, жастай жесір қалған жарының осындай аянышты суретті көргенде жүрегі қаншалықты езілер деп неге ойламадым… Тым құрығанда Ағайшаға неге көрсетпедім… осыны апарам деп. Ағайша ақыл айтар еді ғой… Мен сурет – өнер әкелдім, соны сыйладым деп қатты қателесіппін ғой… Ол мен үшін өнер туындысы болғанымен жақын туыстары ет бауыр жамағайыны, көз көргендері үшін өмірдің өзіне айналып кететінін неге ескермедім… Көкірегімді жуған ащы жас, көмейіме тығылған ащы өкініш жанымды жеп барады.
Әлден уақытта жаңағы жұрттың ортасынан лапылдап жанған от көрінді. Тілін жалақтатып аспанға атылған жалынның түбінде «Ажал» өртеніп жатты. Өртеніп жатқан «Ажалдан» көзімді ала алар емеспін… Баттастырыла жағылған майлы бояудың қоңырсыған ащы иісі тамақты тітіркендіріп тұншықтырып барады. Бір кезде барып даусым шығып еңіреп жылай бастадым. Жаңағы қаумалаған жұрт енді маған тап берді.
– Өшір үніңді!.. –деп біреу гүр етті. Іле-шала барлығы шулап жамырай жөнелді.
– Жап аузыңды! –десе біреуі,
– Сенің кесірің… –деп екіншісі тебітіп келеді.
– Қанішер неме!.. өз қаныңа өзің тұншығып өл –деп арғы жақта тұрған әйел қарғанып жатыр.
– Басын кесіп алу керек! –деген мосқал еркекте маған қарай төніп келеді.
– Қолын шағыңдар! –деген жігіттің дауысымен қосанжарлап барылдаған дауыс:
– Саусағын қырқып таста! –деп бұйырып жатыр.
– Арыстай адам өлгенде мық етпеп еді… енді мына сүмелектің суретті өртегенге еңіреп отырғанын қара! –шамасы өзім құралыптас болу керек бір жігіт келіп бүйрімнен ыңқ еткізіп теуіп кетті. Үнім бітіп, тынысым тарылып бір жағыма құлап бара жатырмын… тілім қайырымға келер емес. Құтырынған топ ортаға алып тепкілей жөнелді. Жаңағы бүйірден алған ауыр соққыдан енді тынысым босай бергенде әлде біреудің үшкір тұмсықты етігі көзімді жарық еткізді. Көзімнің іші өрт болып жанып жарылып кетердей болып барып есімнен танып қалдым.
Есімді жиғанымда таң әлдеқашан атып күн шығып кетіпті. Ауруханада жатыр екем. Жаны ашыған біреу осында әкеліп тастаған болу керек. Бірақ орнымнан қозғалуға шамам келер емес. Көзімді ашпақ болып едім күреңткен қараңғылықтан басқа ешнәрсе көрінер емес. Оң қолымның бар жоғы белгісіз қозғалар емес. Тек сол қолым сау секілді, әзер қозғап бетіме қарай әкелдім. Бетімнің орында көлкілдіген бөтен бір дүние жатқандай. Тиген жері дуылдап ашып әкетіп барады. Таңдайым көн болып кеуіп қалған екен. Мұрнымнан дем ала алмай тек тамағыммен ғана алқынып тыныс алып жатыр екем. Қанның қаңсық иісі өңешімді тырнап жатқандай… су сұрамақ болып ернімді қыбырлатып көріп едім, тіптен қыбырлай алмайтын секілді. Осы кезде есіктің ашылған даусы естілді де әйел адамның: «Медбике қайда, келіңдер… есін жиып жатыр. Аузына су тамызыңдар… Сосын бетіне жағылған дәріні сүртіп қайта жаңалаңдар!» деп бұйырған даусы анық естілді де, өкшесінің тақылдаған дауысы алысқа қарай кетіп қалды. Көп күттірмей тағы біреулер кіргендей болды.
–Өліп қалатын шығар дегем… су ішері бар екен… –кексе әйелдің дауысы шықты да:
–Жамал сен таңдайына су тамыза бер… мен мына дәрілерді дайындайын деп әлдебір дүниелерді салдырлатып орнынан қозғап жатты.
Өзіме қарай таяп келе жатқанын аяғның дыбысынан біліп жатырмын. Ақырын басымды сүйеп әлденемен аузыма су тамыза бастады.
Таңдайыма тамызған суды жұтынған сайын алқымымды әлдене бүріп шеңбектеп бара жатқандай қиналып жатырмын.
–Адамдар қатыгез ғой… осынша өлімші еткені бар ма –деп маған су тамызып отырған әйелдің даусы мені мүсіркей шықты.
–Анау бейшара бір-біріне сүйеніп өмір өткізіп келе жатқан екі бейбақтың жайын айтсаңшы… осының кесірінен өлді екеуі де… Бейшара қызы жынданып кетуге шақ… таңнан бері есіне келе алмай жатыр… шешесінің жаны шыққанда жанында отырған… Соның бәріне осы сүмелек кінәлі… Тойдың үстінде біреуінің жанын жалмап еді, біреуі осында келген соң ес жимай жатып көз жұмды… Бұл нағыз қарғыс атқан сары жолды… бұған несіне жаның ашып отыр?!. –деген жаңағы кексе әйел ернін сылып еткізіп.
– Иә, қиын жағдай… десе де суретті адам өлтірейін деп әкелген жоқ қой… –дегенді естігіген кексе әйел өз-өзінен жынданып бұрқырай жөнелді.
– Жамал! Сенің не бұл сүмелекке жаның ашып отыр! Білесің бе, бұл қарғысқа ұшыраған қанышер… әйтпесе үйлену тойында екі бірдей енесінің жанын жалмар ма? Соны түсінбейсің бе?! Өлмек түгіл, өлем қабуы керек еді бұның… –деп шарқылдай бастады.
Кексе қатынның аузынан шыққан суық хабарды естігенде өзімнің де несіне тірі қалдым… өлтіріп тастамады ма… осыншама қиналатын не жазып едім деген оймен бірден осы қалпы есімді жимай өліп кетсем дегенді тіледім. Есіме бала кездегі балалар үйіндегі тарбиеші кемпірдің әке-шешесін бірдей жұтқан жалмауыз деп арлы берлі өткен сайын басымнан нұқып, бетімнен шымшып, жайы келсе таяқтап кететіні түсті.
Шынымен де қарғыс атқан адам шығармын дегенді ойлап жатып бір заманда барып Ағайшаның қалі нешік дегенді ойлай бастадым. Тас болып жұмылып, ісіктен бітіп қалған көзімнен жылып аққан жас құлағыма келіп құйылып жатыр. Аузыма су тамызып отырған әйел:
– Болды, тоқтат енді… бәрін естіп жатыр… –деп еді анау:
– Естіп жатырма әй сүмелек мені естисің бе қанішер неме… не бетіңмен ес жиып жатырсың… сол қалпы есіңді жиып, көзіңді ашпай өмірем қап… –деп тағы шаңқылдай жөнелді. Осы кезде:
– Тоқтат, сен қайда тұрғаныңды, не жұмыс істейтініңді білесің бе? Көшенің қатындарынша неге шәбеленіп тұрсың… Біздің міндетіміз біреуді жазалау, жазғыру емес, келген аурудың кім екеніне қарамай емдеу… Сен не сот залында тұрсың ба бұған үкім айтатын… өз жұмысыңды біл! Болмаса жұмысыңа адалдық ете алмасаң, жеке басыңның, жеке ойыңның, өз шешіміңнің қалауынан шыға алмайтын болсаң бұл жерде жұмыс істеуге хақың жоқ! Не болды сонша… болды бара бер дәріні өзім жасаймын бар енді… –деп зекіп тастады.
– Жамал-ау, кешірші… менікі де күйіп кеткеннен кейінгі айтқан дүнием ғой… Ағайшаның шешесін де, әжесін де жақын танитын едім… Соған ғой… Анау Ағайша байқұстың өзінің аяғы ауыр екен… Шешесінің мүрдесін құшақтап ешкімді жуытпай жынданып кетуге шақ қалып отырған күйін көрген соң айтқаным ғой… –деп ақталып жатыр. Ағайша жынданып кетейін деп қиналып жатыр дегенді естігенде орнымнан атып тұрып жанына барғым келді. Жақын барып жұбатқым келді. Денемді қозғайын десем жан жоқ, тек сол қолымнан басқаның барлығы қатып қалған тәрізді. Өзегімді өртеген ащы өкініш, уайым жанымды жеп барады… қозғалуға бірдеме деп тіл қатуға шамам келер емес.
Араға апта өткеннен кейін барып басымды әзер көтердім. Соның өзінде орнымнан тұра алмаймын. Барлық жағдайды Жамал апайдан естідім.
Мені тепкілеген жұрт өлдіге санап жан-жаққа тарап қашып кетіпті де, мектептегі күзетші шал қол арбаға салып осында емханаға әкелген екен. Сол күзетші болмағанда қансырап өліп кетер едің дейді. Ағайшаның да жағдайы ақырындап оңалып, енді емханадан шығып, бір жамағайын туыстарының үйінде дейді. Ағайшамен кезіксем дегеніме Жамал апай үзілді кесілді қарсы шықты. Менің есімді жинағанымды естіп құқық қорғау орынының адамдарыда неше рет келіп кетті. Өзімді соққыға жыққандардың үстінен арыз бересің бе дегенді сұрады. Мен арыз бермейтінімді айттым. Сурет үшін жазаланбағаныммен, осында қалуыңа рұхсат ете алмаймыз. Қайтып кет дегенді баса ескертті. Арада он күн өткенде Жамал апаймен бірге келген жас жігіт Ағайша екеуіміздің ажырасу қағазымызды алып келді. Мен ажыраспаймын дегеніме қаратқан жоқ Жамал апай:
– Аман бауырым, сен түсін… Ағайшаны ұмыт… Тойыңда екі бірдей шешесінен айырылған қыз енді сенімен бірге қалай тұрады… Егер Ағайшаға жаның ашыса, Ағайшаның жаны қиналмасын десең, енді бұл ауылдан кет! –дегенді күніге құлағыма құя берді. Тым құрғанда Ағайшаны бір көріп кетейінші дегеніме рұхсат етпеді. Ақыры жылай-жылай Жайыққа қайттым.

Жолға шығуға дайындалып жатқанымда Жамал апай келді. Жанымда біраз отырып барып:
– Аман бауырым, мен саған бір дүние айтайын сен дұрыстап тыңдап ал! Мен кеше Ағайшаға барып қайттым… –дегенде мен жалма-жан:
– Ағайша қалай екен? Аман ба? Денсаулыға қалай? –дей беріп едім, Жамал апай маған ала көзімен ата қарап:
– Аман мен саған дұрыстап тыңдап ал дедім ғой… аптықпай тұра тұр! Аман Ағайша кеше мен барған кезде Құмдағы Жәпек бақсы келіп жатыр екен. Жәпек бақсыны сен білмейтін шығарсың, оның айтқаны айдай келетін әулие адам. Сол айтып отыр «Мен Ағайшаға арнайы келдім… әжесін танитын едім деп… Сендердің бірге болуларыңды тағдыр қаламапты… Ағайшаның арғы аталары даңсалы бәдізші болған екен… Сол баба рухы сенің салған суретіңдегі жалған болмысты қабылдамапты. Жексембай қол аяғын оқ жұлып емес, маңдайынан тиген оқтан қайтыс болыпты. Соған жалған кейіп беріпті… аруақ соны шет көріпті… енді Ағайша ұлды болады… бірақ ұлын әкесіне көрсетсе, оныңда жолы қиылады… сондықтан ұрпақ ауысып кеткенше жолықпау керек… жолықса, сені қаумалаған қарғыс балаңа ауады» деп айтты. Қайдағы бір бақсының айтқаны деме… есіңде мықты сақта осыны… –деді күрсініп.
Келе сала Ағайшаға күн құрғатпай хат жазып сала бердім. Қайта айналып баруға Жамал апайдың жеткізген Жәпек бақсының сөзі құлағымның түбінен саңқылдай жөнеледі. Ақыры ай өткеннен соң Ағайшадан жауап хат келді. Ол хатта: «Аман! Сәлеметсің бе? Болған жағдайға байланысты сені кінәламаймын… бірақ, сені енді көру мен үшін өте ауыр болары анық. Түсін мені… Тағдыр екеумізді бірге болуды жазбаған екен… босқа әуреленбейік. Өз бақытыңды тауып аларсың… Жаратқан жар болып құрсағымдағы бала аман есен дүниеге келсе, түптің түбінде өзіңді бір іздеп табар… Саған айтар бар аманатым, мойныңа таққан тұмарыңа ие бол! Ұрпағыңды сол тұмар арқылы табарсың… Мені және өмірге енді келетін баламды біржола ұмыт! Сенен бар өтініп сұрарым, мен тірі тұрғанда Ордаға аяқ баспа! Өмірдегі қайғы қасіретімді қалыңдатпа, осыған сөз бер… хат жазып амандық сұрасып тұруыңа ғана рұхсат… оның өзінде де жиі емес…» деп жазыпты. Ақыры жылап сықтап жүріп айтқанын орындайтын болып хат жаздым. Көктем кезінде тағы бір хат келді. Ағайша ұлды болғанын, ұлының атын Ақжігіт деп қойғанын жазыпты. Барып қайтуға сұрандым… рұқсат етпеді… Сөйтіп екі бейбақ екі жақта өлместің халін кешіп жүрдік. Арада жиырма жылдан астам уақыт өтті. Үнемі хат жазысып тұрдық. Ақжігіт ержетіп үлкен жігіт болды деп жазады. Бір хатында Ақжігітке құдалық айттырып жатырмын деді… одан кейінгісінде Ақжігітім үйленді… келінді болдым деді… араға жыл өтпей немерелі болдым дегенді жазды. Мен Ағайшаға баяғыда Жәпек бақсы ұрпақ ауысқаннан кейін ғана жолығуға болды деп айтыпты ғой… енді көрсем болар, барсам болар деп қайта хат жаздым. Бірақ Ағайша тағы қарсы шықты… сосын барып келесі бір хатында Ақжігіт пен келінім Жайыққа барып қайтамыз деп жатыр дегенді жазды. Мен содан бастап әр күні Ордадан келетін автобусты аңдумен болдым. Баламды тым құрғанда сыртынан бір көргім келді…
Ақыры бір күні автобустан түсіп жатқандардың ішінен өзімнің туған баламды көрдім. Туғалы көрмеген баламды бірден таныдым… тура жиырма жылдың алдындағы өзімді көргендей болдым… тіптен айнымайды… әуелде еміреніп, жанына жетіп бармақ болып өзімді әзер тоқтаттым. Жанына келінімді ертіп автобустан түсіп келе жатты. Арттарынан еріп біраз жерге дейін бардым да, соңында көз жазып қалып қалдым.
Содан кейін Ағайша хат жазбай кетті. Арада жарты жыл өткеннен кейін ғана бір хат келді. Соңғы хаты сол екен. Одан кейін хабар-ошарсыз қалдым. Адамның басын шырмаған қырсық өмірі кетпейтінін сонда барып түсіндім. Ағайша бейбақ соңғы хатында «Ақжігіт! Мен Ақжігіттен айырылдым… жиырма бес жылдың алдындағы өмірлік жарым болады деп жанында жүрген Ақжігіттен тірідей айырылып едім, енді содан қалған жалғыз тұяқ мына сұм жалғандағы жалғыз терегім, көз қуанышым келінім мен ұлым Ақжігіттен өлідей айырылдым… Үйіміз өртеніп, келінім екеуі бірге әжелерінің артынан кетті. Мені енді бұл өмірде жоқ деп сана! Енді екеумізді байланыстыратын ешнәрсе қалмады… сау бол!» деген хат келді. Хат қолыма тие сала, алып ұшып Ордаға бардым. Ағайша жер жұтқандай жоқ болып шықты. Ауыл адамдырынан сұрастырып көрдім. Ешкім ешнәрсе білмейді… ақыры сандалып жүріп қайттым… Арада қанша уақыт өтті, сол тұмарды енді тауып отырмын… Аман атасы егіліп жылап отыр екен.
Бота Аман атасының манадан бергі айтқандарына сенгісі келер емес… Ес біліп, етек жиғаннан бүгінге дейін ол ақ әжесінен тудым деп келген. Сол сенімін ешнәрсеге айырбастағысы келер емес. Жай бір шытырман әңгіме естіген адамдай ғана қабылдауға тырысты. Ботаға тесіле қараған атасы өз мойнындағы тұмарын алып Ботаға ұсынды. Тура Ботаның тұмарымен бірдей… тек еш жерін күйік шалмаған екен.
– Бота! –деді атасы.
– Иә, ата, тыңдап отырмын сізді… –ол өзін барынша байсалды ұстады.
– Әжең үшін, әжелерің үшін, әке-шешең үшін кешір мені, құлыным! –деді тағы кемсеңдеп. Ботаның атасына жаны аши бастады. Тіптен сүлкіні түсіп барады… –Менің төрімнен көрім жақындады… ақ әжеңнің артынан мен де кетермін… саған әзірге осы тұмарды табыстайын… Сенің бойыңда арғы нағашы жұртыңның асыл бәдізімен менен жалғасқан ұлы суреттің құдіретті күші бар… ал, ол күшті ұстап тұру үшін мен кейінірек саған жеті бірдей қылқалам берем. Өзіңнің айтатын түсіңдегі суретті сонымен ғана сала аласың… Бояуды тек сол қылқаламдармен ғана бересің… Менің күнім жеткенде саған арнайы өсиетнама қалдырам… соны бұлжытпай орындасаң, құдіретті күштің қаһарынан құтылып, қасиетіне ие боласың… мен сенен тек соны ғана тілеймін… әзірге ауылыңа бармай-ақ қой… соңғы кездері ақ әжең түсіме жиі еніп жүр… менің де кететін күнім таяу… Бұл дүниеде адамның өмірі алдын ала белгі сызылып қойылады… оны әркім әрқалай қабылдай алады… анықтап ұстай алсаң, оны аңғара аласың… Өнер құдіретті күш… адамның ақыл-ойынан биікте жатыр… Әр өнердің ар жағында ұлы ұстаз бар… бір дүниеден шатаспау керек. Өнердің ұлы ұстазы ықылымнан адам болып көрген жоқ… адамдар тек сол ұстаздан үйренгенін жанындағыларға жеткізіп беруші ғана… Өнердің ең үлкен қасіреті сол ұстаздың ауыр алманында… Ол өнерді адамға қарызға береді… сол берген қарызы үшін адамның ең асылын алып кетеді… адам баласының ілуде біреуі ғана сол ұстазға борыштар болмайтын құдіретке ие бола алады. Ол қанша ғасырда бір-ақ рет болатын құдірет… Мен сенің сол ұстаздың алдындағы қарызыңды қайтарып кетем… тек менің айтқанымды есіңнен шығарма! Сен ғаламның ең ұлы суретшісіне айналасың… сен құдай текті дүниені жарата алатын боласың… құлыным… –атасы енді сандырақтай бастады… сөзінің соңы түсініксіз әлдебір уілге айналып кеткендей болды… Бота енді қорқа бастады. Орнынан атып тұрып, атасының қос иығынан жұлқылай бастады.
– Ата! Ата! Не болды сізге… Ата! –деп шырылдап жүр. Аман ұстаз есін тез жиды. Есін жиды да, құрулы мальборттың үстін жапқан кенепті алды. Ботаның көзі жарқ ете қалды. Әжесінің портреті… Тіптен мальбортқа сүйенген жақтаудан тірідей қарап тұрғандай…
– Әже! –деді Бота… еңкілдеп жылап. Енді атасы Ботаны уатып жатыр…
– Құлыным! Жылама, берік бол! –Менің бойымдағы бар қасиет осы портретте… сен алпыстан асқан әжеңді көріп отырсың… Ал мен бұл суретті жарты ғасыр бұрын салғам… Ағайшаның толықсыған бойжеткен шағы… Маған сол бейнесімен көрінеді… Бұны саған тарту етемін… тек бүлдіріп алма…қастерлеп ұстарсың… –деп Ботаға әжесінің портретін манағы кенепке орап ұсынды да:
– Бота, енді қайта ғой… Менен хабар барғанша, бұл жаққа келуші болма! Шалыс басқан бір қадамың өз өміріңді талқандап кетеді… осыны есіңнен шығарушы болма! –деп кесетіп шығарып салды.
Атасының үйінен шыға Ботаның екі тізесі дірілдеп әлдебіреу бас салып ұстап алатындай жүрегі өрекпіп жатағына әзер жетті. Бөлмесіне кіре сала төсегінің басына әжесінің портретін кенептен шығарып іліп қойды. Әжесі тіріліп келгендей… тіпті ерні жыбырлап сөйлеп тұрғандай. Портретке тесіліп қарап отырып сырттан кірген Айшаны да аңғармай қалыпты. Айша кіре сала:
– Бота, қандай тамаша салғансың… өзіңді салып жүргеніңді неге айтпадың маған… Менің салғанымнан әлдеқайда тамаша, тіптен тірі бейнең секілді екен… Сен шынымен өте талантты суретшісің… ешкім өз портретін тура осындай қылып сала алмайды… –деп таңдайын қағып тамсанды. Ол Айшаға портреттің сырын айтқан жоқ. Арада біраз уақыт өткенше атасын көрмеді.
Аптаның соңғы күні… Айша екеуі базарға барып аралап қайтпақ болып дайындалып жатқан. Тықылдай қағылған есікті ашқан Айшаға ар жағында қолында көтерген үлкен қорабы бар почтальон:
– Төрт жүз жетінші бөлме осы ғой, иә? –деді сұраулы жүзбен. Қашанғы бір дүниеге қырсыға сөйлеуді әдетке айналдырған Айша сенімді болмасаңыз, есікті қайта жауып сыртындағы нөмірін анықтап қарай салыңыз! –деп есіктің тұтқасынан ұстай бергені сол еді, почтальон:
– Қарындас! Сенімен тәжікелесіп тұратын уақытым жоқ! Жедел хат пен өсиетнама әкеліп тұрмын… осында… –дей бергені сол еді Айша:
– Қой-ары, желедхатты құшақ жетпес қораппен әкелгенді бірінші рет көріп тұрмын… –деп тағы қылжаққа басты. Почтальон жігіт енді шындап ашулана бастады.
– Мен сізге қайталап айтайын… Бұл жерде үлкен бір адамның өсіиетнамасы бар! Қайсыңыздың болса да, осындағы біреуіңіздің жақындарыңыздың өсиетнамасы… Бүгін таңертең мәңгілік сапарға аттанып кетті. Біз келісім бойынша ол кісі дүние салғаннан кейін өсиетнамасы мен аманатын иесіне тапсыруға міндеттіміз. Сол үшін келіп тұрмын. Қайсыңыз Ботасыз? –деді.
– Әуелде өсиетнама дегенде сәп салмағанымен қайтып кетті дегенді естігенде Бота буыны құрып, терезенің жақтауына сүйене берген. Манадан жігітті қылжақ қылып тұрған Айша тіптен ыңғайсыз күйге түсіп, екі беті қып-қызыл болып кетіпті.
– Кешіріңізші, аға! Білмедім! Кешіріңізші… –дей берген. Әл дәрмені құрып, қалтыраған екі тізесі өз салмағын көтере алмай терезенің жақтауына сүйеніп тұрған қыздың Бота екенін почтальон бірден сезді. Сосын бұндай суық хабарды түйеден түскендей айта салғаны үшін өзі де қатты қапаланып қалды. Қолындағы қорапты Ботаға таяу жерге әкеліп қойып жатып:
– Ренжімеңіз… жақыныңыз ба еді… артының қайырын берсін… мүмкіндігіңіз болса, қол қойып бере аласыз ба? Жұмыстың шарты ғой… –деп міңгірлеп қолындағы журналын Ботаға қарай икемдей берген.
Бота тез есін жиды. Бірақ көзінен аққан жасты тия алар емес. Почтальонның қолындағы қаламды алды да, аса бір ыждағатпен журналға қол қойды.
– Аман болыңыз! Әдепсіз кеткен әрекетім үшін айып етпеңіз… почтальон аса бір ілтипатпен кешірім сұрап, шегіншектеген қалпы сыртқа шығып кетті. Почтальон сыртқа шыға сала Бота Айшаны бас салып, еңіреп жылай бастады. Өздеріне сондай қадірлі ұстаздарының қазасы Айшаның да жүрегін езіп жібергені анық. Неге екенін қайдам, осы кезде Ботаға өз табиғатынан өз бір ұстамдылық, сабырлылық пайда болды. «Барлығы өмірдің өз заңы, қағидасы, ол үшін қанша қайғырып жыласаң да, өзгертіп алуға шамаң жетпейді… Өткен дүние үшін неге жылауым керек… Өтті, кетті… өлді… Ол енді жоқ… Әжем кеткенде де өлмей тірі қалдым ғой… Бәрібір туған атам екендігін білгеніммен, олай қабылдауға мен міндетті емеспін ғой…» деген тастай қатты, мұздай суық бір сезім, әлде сенім ойын торлап, бойын билеп алған. Өзін тас қылып құшақтап алып еңіреп жылап тұрған Айшаны әзер дегенде уатты.
Айша екеуі Атасының соңғы жұмыстарының барлығына бірге қатысты. Аман атасының қайтқанына қырық күн толып, қырқы өткеннен соң Айша ауылына қайтты да, Бота жалғыз қалды. Ата өсиетімен ауылына баруға қанша зорланса да, Ботаның жолға шығуға келгенде кежегесі кері тартып, біраз уақыт өткізді. Ақыры не болса да, бару керек екендігін өз-өзіне міндеттеп жүріп ақыры жолға шыққан. Енді осында қанша уақыт қалатынын өзі де білмейді. Әуелде барып қана бірер күн тұрып қайтармын деген… Айдың туғанынан бастап санап келеді бүгін он үші… айдың толуына да бір кесік қана қалған, ертең толады… Атасынан қалған өсиетнаманы қайталап оқып, қылқаламдарды жинап орнына салды да, шешінбей-ақ төсекке қисая кеткен. Көзі ілініп кетіпті. Түс көріп жатыр екен. Түсінде Бота иен құмның ішінде қалыпты дейді. Ұйтқи соққан боранмен арлы-берлі төңкерілген құм төбелердің басына жете бере табанының астындағы егілме құм суси жөнеліп төменге қарай сырғанай жөнеледі. Екінші төбеге ұмтылады. Онда да сол енді төбесіне жете бергенде көшпелі құм сусып кетіп етекке қайта түседі. Бір кезде барып манадан бері алай-дүлей болып құтырна құм көшіріп жатқан боран басыла қалып, аспан айналып жерге түсердей күн шыжи жөнелген. Енді табаннан өткен ыстық жалын аяғын жерге тигізер емес. Қаталап шөлдеп өліп барады. Төбедегі күн құмға құлайтындай жақындап келе жатқан тәрізді. Кеберсіген ернін кезек жаланып басы ауған жаққа қарай сүйретіле ілбіп бара жатып анадайдан құм төбелердің ішіндегі жап-жасыл желек орман көзіне шалына кетті. Енді жанталасып солай қарай жүгірген. Жүгірді дегені болмаса, көз көрім жердегі жасыл желекке жете алар емес. Ақыры өлдім-талдым дегенде әзер жеткен. Манадан бері көзіне құйылған тері ешнәрсені көрсетпеген екен, жасыл желектің шетіндегі алып еменнің түбінде әжесі мен тағы үш адам дастархан жайып, шай ішіп отыр екен. Енді таныды… әжесінің бас жағында отырған Аман атасы екен. Сақалын алып тастағанға әуелде танымай қалды. Ал жаныдағы отырған жасамыс еркекпен әйелді бұрын көрмеген адамдары… Олар бұны көретін емес. Күңгірлеп әлденені айтып әңгімелесіп отырған тәрізді.
–Әже! –деген Бота бар дауысымен шыңғырып! Ащы дауысынан шошып оянып кетті. Бөлменің іші бозғылт шырақтың сәулесімен буалдырланып тұрғандай… Ояна салып, –Әже! –деп қайталаған Бота түсінен оянып кеткеніне өкінді… Тағы бір көріп қалсам деген үмітпен қайтадан жастыққа басын қойып, көзін шарт жұмыды. Енді ұйқылы-ояу жатып жаңағы түсін жалғастырып жатыр. Әжесі күні кешегідей көз алдында… Атасының тізесіне сүйеніп шайын сораптап ішіп отыр. Жаңағы қасында отырған жасамыс еркекпен әйел өзінің әке-шешесі екен дейді…
–Әже! –деген Бота бұл жолы даусын бәсеңдетіп. Қатты айқайласам оянып кетермін деп қорқып. Әжесі қарайтын емес… «Әже» деп қанша қайталағанын өзі де білер емес… ақыры «Ата» деп дауыстаған… осы кезде барып атасы бұған жалт қарады… Жалт қарап, сосын әжесін нұқып, Бота жақты нұсқап көрсетіп жатыр. Енді әжесімен бірге барлығы Ботаға қарап отыр. Ботаның қиналып жете алмай келе жатқанын сезбейтін секілді. Жай ғана қарап қойып өздерімен өздері әңгімелерін жалғастырып жатыр. Бота қанша тыңдайын дегенмен, анық естіліп тұрған дауыстан ешнәрсе ұға алар емес. Көріп тұрып өзін елемегеніне Бота енді ашулана бастады. Енді баяғыдағы бала кезіне өтіп кетіпті дейді. Үстінде әжесі қолдан тігіп берген ақ көйлегі… Сендер қарамасаңдар онда қайтып кетемін деп айқайлап теріс қарап отыра қалып жылап жатыр екен. Жылап жатып, қайта оянып кетті. Содан таңға дейін қайтадан көз іле алмай қойды. Тек таң бозарып жерге жарық сызып келе жатқанда ғана көзі ілінді.


Сыртқы есікті жаймен ритмді тақылдатып қаққан дауыс Ботаны оятып жіберді.
Орнынан еріне әрең тұрған ол:
– Кім? –деді дауыстап. Кім болуы мүмкін… Менің бұл жерде іздеп келе қоятындай танысым жоқ еді ғой. Мүмкін кешегі Манас көкесі шығар… Бірақ есіктің қағысы тым нәзік… Қалайда бір нәзік жанды адам болу керек деп есікке қарай жүрді.
– Кім бұл? Кім керек? –деді қайталап. Сырттан:
– Бота! Амансың ба? Мен ғой… Ақжарқын… –деген сызылта әуендеткен сазды дауыс естілді. «Ақжарқын» Бота ішінен қайталап қапелемде есіне түсіре алмай қалып, есіктің түбіне кідіріп тұрып қалып барып кеше Манас көкесінің «Сен менің Ақжарқыныммен бір жыл, бір айда туғансың…» дегені есіне түскенде барып, келіп тұрған адамның кім екенін бір-ақ білді. Есік ашылды. Қарсы алдында сұңғақ бойлы, аққұба өңді аяғындағы туфлиінің ұшы ғана көрінетін ұзын көйлек киген келіншекті көргенде Бота әуелде не істерін білмей абдырап қалды. Өмірінде бірінші көріп тұрған адамы… Санаулы секундтардың ішінде ой елегінен тұтас ғұмыры заулап өте шыққан… ешбір картинасына қарсындағы адам сәйкес келмейтіндей…
– Ой жаман қыз! Не танымай тұрсың ба? –деп бас салып бетінен сүйген қыз бұны балаша көтеріп орнынан шыр айналдырды. Бота «тани алмай тұрмын» деп айтқанға ыңғайсызданып:
– Жо… жо… жоқ! –дей берген.
– Сен сол қалпы… баяғыдай… өзгермепсің… әдемі болып кетіпсің, жаным! –Ақжарқын бұны тағы бас салып шөпілдетіп сүйе жөнелді. Ботаның «сен де өзгермепсің» деп айтқысы келіп барып өзін тоқтатты. Қанша ойланғанымен Ақжарқынды есіне ала алар емес. Енді қарадай қысыла бастады. Ақжарқын емініп, елжіреп іші-бауырына кіріп барады.
– Сайтан, сен мені тани алмай тұрсың… есіңе алшы… сендердің үйлеріңнің артында отырып сен ақ әжеден тығылып сурет салатын едің ғой… сонда әжең келіп қалғанда қарындашыңмен қағазыңды менің алдыма сырып қоя салатынсың… Ақжарқын салып отыр деп… Сосын әжең маған ұрсатын еді ғой… сол есіңде ме –деді бұны қос иығынан жұлқылап. Ботаның есіне ақ әжесінен құтқаратын Ақжарқын бірден түсті… Бірақ мына қарсы алдында тұрған келіншектің сол сәби күніндегі құрбысына еш қатысы жоқтай сезіле берген… ақыры Ақждарқынға қарап:
– Қалай өзгеріп кеткенсің… сен… шын айтам? –деп көз жасына ерік берген.
– Қойшы, Бота, не болды саған! Әлі сондай жылауық екенсің ғой… біз көшетін кезде де мені жібермей алып қалам деп ауылды басыңа көтеріп бақырып жылағаның есіңде ме? Мен де саған қосылып жылап едім ғой… сен әлі сол қалпында екенсің… болды, жыламашы енді… –деген Ақжарқын да Ботамен бірге көз жасына ерік берген.
Өткен өмірлерінің сан парағын бірге ақтарып отырып ақыры Бота қарсындағы отырған Ақжарқынды сол баяғы бала күнгі құрбым деп өзін зорлағандай болып мойындағын. Ақжарқын төркіншілеп келіп жатыр екен. Әкесінен Бота келді дегенді ести сала омыраудағы баласын шешесіне тастай салып, осында жеткен екен. Қоярда қоймай үйлеріне ертіп барды. Бота Ақжарқынның шешесін жазбай таныды. Ақжарқынның шешесін көре сала ақ әжесі есіне түсіп бас салып еңіреп тұрып жылап алды. Ақжарқынның шешесі бұны көре сала тіптен егілді… ойының арғы түкпірінде жатқан бір дүниесін айтып жеткізе алмай жатқандай булығып жылады. Бас салып құшақтағаннан құшағын ажырата алмай жылады. Бұған қосылып Ақжарқын мен шешесі де қосылып жылаған. Үш әйел көз жастарына ерік беріп, ботадай боздап отырғанда үстеріне кешегі Манас көкесі келген. Үшеуінің кейпін көріп әуелде өзі де босап күрсінгенімен, соңыра өзінің қызымен әйеліне ұрса сөйлеп:
–Өзі қам көңіл болып жүрген адамды қосыла жылап онан ары мүжіп, естерің дұрыс па сендердің… көңілін аулап, көзінің жасын сүрткеннің орнына не мыналарың бірге жылап түге! Қойыңдар… дастарханды жасаңдар… Бота қызыммен бүгін бір кеңінен әңгімелесейін… сендер барып дастарханға кірісіңдер! –деп даусын қатайта бұйыра сөйлеген. Ана екеуі көз жастарын тез тыйып, ас қамына кіріскен.
–Жүре ғой, қызым… мына шешең мен құрбың ешқайда қашпайды… әңгімелеріңді сосын айта жатарсыңдар… Менің саған айтатыным бөлек дүние… Кеше шет жағасын айттым… Марқұм Ақжігіт туралы. Екеуміз туған бажамыз. Бота сен ақ әжеңнің қызысың ғой… дегенмен адам өмірінде жасыра алмайтын дүние бар. Туғаның мен өлгеніңді ешкімнен жасыра алмайсың… түптің түбінде бір шығады… Сенің шешең Бағила менің туған балдызым еді… – деп түпкі бөлмеге ертіп барып үлкен шкафтың үстінде тұрған альбомды қолына алды. Бота терезе жақтағы креслоға барып жайғасты. Манас альбомды әкеліп Бота мен қатарласа отырды да, албомды парақтай бастады.
Ақ жігіт! Ақжігіт десе дегендей еді ғой… марқұм! –деп әңгімесін бастаған Манас ары қарай ұзақ сөйледі. Бота үнсіз… бар зейінін салып тыңдап отыр. Бар дүниені барынша салмақтылықпен байыппен қарап отыр.


Менің шешем Жамал ауылдағы жалғыз емханада істейтін… Ақжігітпен сол бала кезімде емханада дос болдым. Алғаш мектепке барып бірінші класты бітірген кезіміз. Әр үйдің сетерлеген, бастарын хан көтерген бір-бір еркесі… мектепке барды дегені болмаса, әлі ес ақылымыз жоқ-тұғын. Класқа кіріп шулап-шулап қайтатынбыз. Бізге суреттен Ағайша апай сабақ беретін. Ішіміздегі ең ақылды, тәртіп бұзбай тапсырмасын толығымен орындап келетін тек Ақжігіт қана болатын. Мектепке жаңа барып жүрген балада не ес бар… тіпті бір біріміздің аты жөнімізді ұмытып қалып, шатасырып жүретінбіз. Ақыры бірінші класты бітіріп жазғы каникулға шыққанбыз. Ол кезде біз ауылдың ең басында тұратынбыз. Демалыс болған соң кей кездері шешеммен еріп емханаға барып алатын едім. Бірде сол шешемнің жұмыс кабинетінде отыр едім, сырттан:
–Жамал апа-ау!.. Жамал апа!.. Құдай-ай не жазып едім… жалғыз қарашығымды осынша қинап… –деп озандатып жылап келген Ағайша апайды көріп, қорыққаннан бұрышқа қарай тығыла бергем. Ағайша апай ес-түссіз әппақ қудай болып кеткен Ақжігітті құшақтап шешемнің жанына келіп бір-ақ тоқтады.
–Ағайша-ау! Не болды сонша?.. –деген шешем Ағайша апайдың қолынан Ақжігітті жұлып алып:
–Пуу… денесі өрт болып тұр екен ғой… суық тигізіп алып асқындырып жібергенсіңдер ғой… қазір… міне… қорықпа… қайта уақытында әкелдің… енді кешіккеніңді… құдай айтуға ауыз бармайды… қазір… міне –деп жүріп уколын дайындай бастаған. Ем-дом жарты сағатқа жалғасқанда барып, Ақжігіт есін жиған. Кеберсіген ернін жаланып менің қолымдағы кітапшаға қолын созған. Манадан қиналып жатқанына жаным ашыса керек өмірі қолымдағы дүниені ешкімге ұстатпайтын әдетім әдіра қалып, Ақжігітке қолымдағы кітапшаны ұсына бергем. Қолымдағы дүниені бергеніме Ағайша апай да риза болып басымнан сыйпағанды. Ақжігіт емханада апта бойы жатты. Мен күні бойы Ақжігіттің жанындамын… Содан бастап екеуміз бір үйдің баласындай болып кеттік. Арада талай заман өтті. Қол ұстасып жүріп азамат болдық. Мына үйдегі шешеңмен танысып үйленетін кезімде күйеу жолдас сол сенің әкең болған еді. Осы шешеңмен тете өскен Бағиламен сол тойда танысқан. Арада аз уақытта екеуі үйленді. Сол кездегі сенің ақ әжеңнің қуанышы әлі көз алдымда…
Келесі көктемде біздің Ақжарқын дүниеге келді. Күзде сен өмірге келдің. Сен туа сала Ақ әжең етегіне салып «өз балам»… деп иемденіп алды. Үйлеріңе барған сайын айтып отыратын «Бұларға бала керек болса, тағы тауып алсын, Ботақаным өз балам…» деп… сенің үш жастан енді асқан кезің… бізде қыс қатты, білесің… әжең сені алып көрші ауылға тойға кеткен. Сол түні… Қарғыс атқыр сол түні Бағила екеуі біздің үйде болған, ас ішіп түн жарымына дейін әңгіме соққанбыз. «Ақыры үйде ешкім жоқ! Осында қона салыңдар» дегенге көнбей кетіп қалды… дәм-тұзының таусылғанына көрінген шығар. Қанша жабыссақ та, қоймай қойды, «Ертең Бота мен апам келгенде үй суып қалар. От жағу керек» деп. Жап-жақын тұрамыз. «Онда екеуміз барып үйге от жағып, қайтып келейік» дедім. Оғанда ұнамады. Жүрегі әлденені сезді ме, Бағила да «Жезде-ағаның үйіне қонсақ, қона салайықшы» деп еді, «Апам мен Бота бір күн жоқта үйге қонбасақ ұят болар, қой кеттік» деп қоярда-қоймай ақыры сыртқа шықты. Айдың толықсып толған түні-тын. Айнала күндізгідей жарық. Үйлеріңнің есігіне дейін бірге барып кері қайттым. Қайтып келіп бізде жатып қалғанбыз. Қатты ұйықтап кеткен екенмін, есіктің қатты тарсылдаған дауысынан оянып кеттім. «Манас! Ау, Манас! Тұр тез… Ағайша апайдың үйі өртеніп жатыр…» деген көршілердің біреуінің дауысынан оянып кеттім. Шала киініп жүгіре жөнелдім. Үйдің бір жағынан атқалақтаған жалын аспанға атылып жатыр екен. Сыртқы есіктен кіру мүмкін емес. Ақыры терезені шақтық. Шағылған терезеден қою қара түтін қызыл жалынмен араласып будақтап жатыр. Жанымдағы біреудің сулаған орамалын бетіме орай салып, терезеден ішке қарай кірдім. «Ақжігіт! Бағила! Ақжігіт!» деп айқайлап жатырмын. Бетімді жалын қарып, қою түтін қақалдырып барады. Өлдім-талдым дегенде жатын бөлмеге жетіп төсек жаққа қарай ұмтылдым. Төсекке жетпей көлденің жатқан дүниеге шалынып жалманымнан түстім. Сыйпалап жүріп жаңағы шалынғаным Бағила екенін білдім. Ыс шыққан кезде шала оянып тырбанып жерге құлаған секілді… әзер дегенде терезені ашып сыртта тұрғандардың қолына тигіздім. Одан соң төсектегі Ақжігітке келдім. Өзімде әлсіреп кеткем. Бір жағынан марқұм Ақжігіт денелі еді ғой сүйрелеп жүріп өлдім-талдым дегенде терезеге жеттім. Одан ары өзім де есімнен айырылып қалыппын. Есімді жиғанымда ауылдың адамдарының барлығы жиналып алыпты. Қардың үстіне екеуін жатызып әлденемен беттерін жауып қойыпты. «Ақжігіт! Ау Ақжігіт!»деп айқайлап солай ұмтылып едім, жанымдағалар жібермей ұстап қалды. Екеуі де жүріп кеткен екен. Шелектеп су тасып, жанындағы қалың қарды күрекпен лақтырып жанталасып жүрген қалың адамға өрт күш беретін емес. Бір заманда гүрс етіп үйдің төбесі құлады. Таң ата ауылдағылар әжең екеуіңді алып келді… Сол кездегі ақ әжеңнің сай-сүйекті сырқыратқан жоқтауы, көз жасы күні бүгінге дейін көкірегімізден бір кеткен емес. Ақ әжең мені көрген сайын бас салып жылаушы еді… «сені көрсем, Ақжігітті көргендей боламын» деп. Араға біраз уақыт салып сендер ес біле бастағанда біз басқа жаққа қоныс аударып кеттік. Біз қайта айналып көшіп келгенде марқұм Ақ әжең өмірден өтіп, сен басқа жаққа оқуға аттанып кетіпсің… Міне, мына альбомды қарасаң болды. Әкең мен шешеңнің портреттері осында» деп Манас қолындағы альбомды Ботаның қолына ұстатып, өзі оңаша көрсін деген ниетпен сыртқа шығып кетті.
Бота әке-шешесінің суретіне ұзақ қарады. Бірақ қанша қараса да ақ әжесінің орнын баса алатын емес. Шешесінің суретіне қарап өзін көрді… әкесі тура Аман атасы секілді… жанарына жас үйіріліп жылағысы келді. Сосын өзіне тән қайсарлықпен көз жасын іркіп, альбомды орнына апарып қойды да, ас үйде дастархан жасап жатқан Ақжарқын мен өзінің туған нағашы апайының жанына келді де, бесікте жатқан Ақжарқынның баласын ойнатып өзін мазалаған көп ойдан айығуға тырысты. Ботаны ақ әжесінің баласы деп көкейлеріне әбден орнатып алғаны сонша, Ақжарқынның шешесі өзінің туған сіңілісінен туған қызды жиенім деп атағанға батылы бармай жанынында отырып күрсінумен болды.
Қара кешке дейін Ақжарқын мен шешесінің жанында отырған Бота кеш бата «бүгін осында қона сал!» дегеніне қоймай қайтып кетті.


Шырақты жаға сала қолындағы хатқа үңілген Бота өз көзіне өзі сенбей қалды. Хатта «Бота үйдің өртенген бояуын таңнан бұрын, күн нұрын көрмей тұрып салып бол! Әйтпесе бар әлемді өртеп жібересің… үйді салып болған соң Жайықтың басынан салы сал. Өмірлік бақытыңды сол салы ғана құтқарып қалады… қапы қалма!» деген атасының қолы тұр. Кеше ғана оқып еді ғой… «Бұл жазу кеше жоқ еді ғой» деп ойланып біраз отырған Бота орнынан атып тұрып, этюдниктің алдына келді. Манағы жерге лақтырып жіберген қарындашын алып суға шыланған кенептегі Жайықтың бергі жағасына үйдің сұлбасын сала бастады. Оңнан басталып үйдің сол жақ босағасына жеткенде қарындашы қолын сүйрегендей болып Жайықтың басынан салының суретін сала бастады.









By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.