Дүй. Қар 4th, 2024

Бетіме түскен күннен, әлде ұйқым қанғаннан оянып кеттім. Кешегі соншалықты ішкенімді ойлап, орнымнан тұра алмайтын шығармын деп ойладым. Жоқ, сергек секілдімін. Тіптен арақты артық ішкен күннің ертеңінде таңдайыңды құрғатып, жаныңды қинап тұратын шөл де, басыңның ішіне әлдебір қорғасын құйылып кеткендей зеңдіретін ауруда жоқ. Бірден Еркені іздедім. Жалғыз жатыр екем. Еркенің мастерскойы емес. Өзімнің кешегі түскен қонақ үйімде. Шыға берістегі кіші бөлмеде теледидар сөйлеп тұр. Шамасы кеше шығып бара жатып өшіруді ұмытып кетсем керек. Әлде түнде келген соң қосқан шығармын. Ойыма ешнәрсе түсер емес. Енді кешегі кешті басынан бір-бірлеп есіме түсіре бастадым. Ұзақ ұшқан самолеттан шаршаңқырап түскем. Алдын-ала тапсырыс беріп қойған қонақ үйге түсе салып, жуынып-шайынып алдымда ресепшіннен «жақын маңда қай жерде жақсы ресторан бар» деп сұрағам. «Жайықтың жағасында. Осыдан шыға оңға бұрылып жарты шақырымдай жүрсеңіз болды. Алдыңызда…» деген ресепшінге рахметімді айтып, сонда тартқам. Ресторанның ішінде адам онша көп емес. Столдардың көбі бос. Әуелде бір столға отырайын деп оқталдым да бәрібір жалғызбын, онанда барда отыра берейін деп шешкем. Барменге аса қуатты араққа тапсырыс беріп, арнайы румкадан үлкен стовка алдырып сонымен ішіп отырғам.
– Егер он екінші стовкадан өтіп кетсе, саған берем!
– Жоқ, өте алмайды… ойласаңшы, қазірдің өзінде жетіншісі шайқала бастады…
Барға жақын үстелде отырған екі әйелдің сөзі жүйкеме тие бастады. Биік орындықтың үстінен мойнымды созып сыртқа қарадым. Ашық тұрған терезеден өзеннің салқын самалы бетке ұрады. Өзен жағасындағы қопалы қамыстың борық иісі мұрныма келіп түшкіріп жібердім.
– Сау болыңыз, мырза жігіт! – манағы әйелдің бірі сыңғырлай тіл қатты. Мен мойнымды бұрмастан:
– Рахмет, өзіңіз де… – деп алдымдағы босап қалған рөмкені барменге қарай сырғыттым.
– Закуска алмайсыз ба? – Бармен арақты рөмкеге балық көздендіріп құйып жатып.
– Рахмет! Керек емес… – дедім мен қайтадан сыртқа көз тігіп.
– Закускасыз ертең қиын болады… – бармен нешінші рет ескертіп жатыр. Мен ақырын күлдім де:
– Ертеңгіні ойларға шама жоқ… иә, айтпақшы Жайықтың жаңа ауланған ақ сазаны болса… мүмкін… – дедім тілім таңдайыма жабыса тамсанып.
– Кешіріңіз… сіз сырттан келгенсіз ғой… Бұл мезгілде Жайықтың жағасындағы ресторан барлардың барлығы балық етін пайдаланбайды… – бармен маған таңдана қарап тұр. Қанша алыс-жақын.
– Себеп? – дедім мен еш мақсатсыз сұрақ қойып.
– Сондай қағида! – деді ол да иығын қиқаң еткізіп. Енді қызыға бастағандаймын.
– Түсінбедім? – дедім барменге ары қарай түсіндіріп жебер дегендей емеурінмен.
– Түсінбейтін түгі жоқ… биыл көктем жай шықты… уылдырық шашу уақыты енді басталды… кімде-кім Жайықтың жағасында қандай да бір балық еттін пайдаланса, не өртеніп, не басқалай бір зауалға тап болады… – деді де, жанына келген даяшыға бардан қаз мойын шарапты алып беріп жатып.
– Қызық екен! – дедім мен шынымен таң қалып. Осы кезде манағы арт жағымда отырған әйелдердің бірі:
– Шамасы сусыз жерден келген боларсыз? – деп жаныма келді. Әппақ көйлегі тізесін жартылай жапқан сұңғақ бойлы, талдырмаш, аққұба өңді келіншек менімен қатарласа отырды. Осы кезде жанындағы құрбысы:
– Айша, ол әлі он екінші стовканы алған жоқ… келісіп едік қой… сол он екінші стовкадан аман өтсе ғана саған беремін… – деп сықылықтап күлді.
– Мені сыртымнан иемденіп алған сіз кімсіз… – даусымда зіл болмаса да, барынша салмақты үн қатып, арт жақтағы үстелге бұрылдым. Манадан байқамаған екенмін, екі беті алаурай қызарып, миығындағы шұңқырына әйел затының бар сұлулығын жинаған кеудесі төмен қызыл көйлегінің жағасымен тоқ омырауы тепсініп жартылай көрініп отырған әдемі әйел сұлулығымен көзімді қарлықтырып жібергендей болды. Мен көзімді жұмып, қайта аштым. Сүйрік саусақтарымен қыл мойын бокалды шыр айналдыра ойнатып отырған әйел:
– Абайлаңыз, бейтаныс жігіт… жұмған көзіңізді ашпағаныңыз дұрыс… ғашық болып қаласыз – деді әппақ маржандай тістерін жарқылдата сақыдай күліп.
– Құрыдым… Ерке сенің бетіңе паренжі жауып қоюым керек еді… енді маған жоқ… – деп жаңағы менің жаныма келіп отырған ақ көйлекті келіншек орнына кетті. Мен барменге қарап:
– Бұлар кім? – дедім сыбырлап.
– Сіздің жаныңызға келгені музыкант, ал анау отырған әдемісі суретші… Бірақ байқаңыз… ол кісі ауырады… кәдімгідей көтеріліп ауырады… әр жылы көктемде…– деді естілер-естілмес үнмен. Ту сыртымнан екеуінің қадалып қарап отырғанын сезгендей болдым. Екеуінің көздері өңменімнен өтіп кетердей…
Мен артыма бұрылдым. Иә, екеуі де бедірейіп, безірейіп қалғандай. Қызыл көйлекті келіншектің жалын ойнаған жанарымен түйісе қалып, көзімді еріксіз қайта жұмдым.
Барменның көтеріліп ауырады деген сөзі құлағымның түбінде үзілмей естіліп тұрғандай… «Мүмкін емес! Өтірік! Сап-сау отыр ғой» дедім ішімнен күбірлеп.
– Айттым ғой… маған қарамаңыз… ғашық болып қаласыз!.. – ол орнынан тұрып, жаныма келіп, әппақ білегін иығыма салып:
– Енді танысуға болар? – деді сықылықтай күліп.
– Мен… мен Асқармын… – дедім мен тұтығып барып, – ал сіз кімсіз?
– Мен Еркемін… Ал құрбым… менің сұлу құрбыммен танысқыңыз келмей ме? – күлегеш келіншек тағы сықылықтай күлді.
– Жоқ… керек емес… – мен есімнен тана жаздап отырмын. Еркенің иығымдағы қолы енді мойныма орала бастады. Денем өрт болып жанып бара жатқандай балқып барамын.
– Не ішесіз? – дедім мен басқа сөз таппай.
– Виски… мұзбен… сізге серік болайын… – деді ол қымсыбай-ақ. Виски құя берейін бе дегендей бармен маған қарады.
– Иә, құйыңыз… жақсысынан… мұзымен… – дедім мен.
– Неге жалғыз? – деген Еркеге:
– Бұл қалаға бүгін ғана түстім… ешқандай танысым жоқ… – деп шынымды айттым.
– Неге танысың жоқ… енді бар… мен бармын… – деді Ерке тағы сықылықтай күліп.
– Рахмет! – дедім мен ризашылығымды білдіріп.
– Енді дұрыстап танысайық… – деген Еркеге:
– Атым Асқар… Алатау қаласынанмын… осында жұмыс барысымен келдім… – дедім.
– Ерке! Атым да, өзім де еркемін… Осы Жайықтың тумасымын… өмірім Жайықтың суретін салумен өтіп жатыр… – деді маған емірене қарап:
– Жайықтан басқа сурет сала алмайсыз ба? – дедім мен еш мақсатсыз сұрақ қойып.
– Енді саламын… сіздің суретіңізді саламын… – деді Ерке шаңқылдай күліп. Мен ұялып қалдым.
– Керек емес…
– Неге?
– Өзімді натюрморт ретінде елестете алмаймын… – дедім күлген болып.
– Жоқ, сізден керемет картина жасаймын… – деді Ерке екілене.
– Керек емес! – дедім мен қайталап.
– Жоқ, келісім бересіз… сізді бүгін түнде-ақ салатын боламын… – деді Ерке де қоймай.
– Жоқ! – деп қанша қашқалақтағаныммен, мойныма асыла кетіп, ернімді соза таңдайына тартып тамсана сүйген Ерке енді көзіме тіке қарап:
– Асқар… бүгін мен сіздің картинаңызды салатын боламын… Босқа қарсыласпаңыз… мақұл деңіз! – деп қайтадан жанымды балқытып, емірене сүйді. Мен еріксіз бас изедім.
– Қайда түстіңіз? – деп мойныма асылып отырған Еркенің аш белін құшақтай:
– Алыс емес… Ақжайық қонақ үйіне… әдейі дария жағасына жақын жерге түстім… – дедім.
– Маған да алыс емес… сол маңда мастерскойым да, үйім де жақын… – деп үлбіреген ернін бетіме тигізді. Мен енді өзімді ұстай алмай қалдым. Еш қымсынбастан Еркенің ерніне жабыстым… Манадан ішкен арақтың буына Еркенің ернінің бал дәмі қосылып балқып барамын…
Ерсі қылығымызға ежірейе қараған барменді елегеміз жоқ. Сүйісе жүріп есепті жаптық та, Еркенің үйіне қарай кеттік. Жол ортаға дейін бірге келген Айша:
– Ерке, өтініш… ертеңге маған қалдырарсың… – деді аярлана күліп.
– Жоқ, сенімен бөлісе алмаймын, құрбым, ренжи көрме! – Еркенің шаңқылдап күлген күлкісі түнгі тыныш аспанды тітіретіп жібергендей болды.
Еркенің мастерскойы тура мен жатқан қонақ үйдің түбінде екен.
Ішке әуелі өзі кірген Ерке шырақты жақты. Құрулы мальборттар ілінген картиналар көздің жауын алады. Мен таң-тамаша болып жан-жағыма алақтай қарай бастап едім, Ерке шырақты әлсіретті де, жаныма келіп, ту сыртын беріп тұра қалды.
Сосын сол қолымен артында тұрған менің қолымды ұстап, жауырынына апарды да:
– Ағытсаңшы енді… – деді қиыла. Мен еш ойланбастан Еркенің көйлегінің сыртпасын төмен тарттым да, өзім де шешіне бастадым. Бөлменің тура ортасында тұрған кең диванға еркені жас балаша ту сыртынан құшақтап көтеріп алып келдім. Арадағы алқыныс тым ұзаққа созылды… әбден дығдырымыз құрып, екеуіміз де екі жаққа шашылып қалғандай болып жатырмыз… әуелгі сөзді мен бастадым:
– Ерке! – дедім.
– Ау… – деді Ерке нарау.
– Менің суретімді салмайсың ба?
– Айнып қалдым.
– Неге?
– Сен маған керексің.
– Не үшін?
– Тура осылай жатқанымыз үшін.
– Түсінбедім…
– Мана бармен айтты ғой… – деді Ерке сыбырлай. Жүрегім зырқ ете қалды. Соншалықты ақырын сыбырлап айтқан сөзді қалай естіп қойды деп. Үнсіз біраз жаттым да:
– Мен оған сенбеймін… – дедім өзімді барынша салмақты ұстап.
– Өкінішке қарай сенуіңе тура келеді… Ол рас айтады… мені бүкіл қала біледі… сондықтан да менімен жалғыз бөлем Айшадан басқа ешкім араласпайды… Сол үшін де сенің картинаңды салмай, алып қалайын деп шештім… – енді ол егіліп жылай бастады. Оған жаным ашыды. Өзіме қарай тартып, ернінен сүйдім. Дегенмен, денем бір түрлі тітіркенгендей…
– Асқар, саған не болды… қорқып жатсың ба? – деді Ерке беліме оратыла.
– Жоқ… жай тоңып жатқан шығармын… мына жер салқын екен… – дедім өзімше жал тауып.
– Жарайды, Асқар… сен шынымен қорқып жатсаң, онда тұрайық… мен сенің картинаңды жазайын… қазір… – деп орнынан тұрған Ерке анадайда тұрған тоңазытқышты ашты да, ішінен әлдебір құты алып үстелдің үстінде тұрған стаканға құяды да, маған алып келіп:
– Мынаны ішіп ал… жайланып қаласың… – деді. Мен еш ойланбастан сәл ашқылтым дәмі бар сусынды басыма бір-ақ көтердім. Шынымен де сергіп қалғандаймын… тұрып киінбек болып едім Ерке:
– Жоқ керек емес. Тура осылай отыра бер… осы қалпыңда әдемі… – деді қиыла құрулы мальбортын менің қарсы алдыма әкеліп қойып жатып.
Мен үнсіз Еркеге қарап отырмын. Үстінде лыпасы жоқ Ерке бояуларды бір- біріне қосып араластырып отыр. Тіптен сұлулықтың осыншама ғажап болатынына тамсанып отырмын. Енді балбырап көзіме ұйқы тығыла бастағандай. Маужырап көзімді аша алмай қисайып барамын. Дұрысталып отырайын десем де, денем икемге келер емес. Әлсін-әлсін манадан езіп араластырып отырған бояуларды енді жалаңаш денесіне жағып жатқан Еркені көзім шалып қалады.
– Ерке, менің көзіме ұйқы тығылып барады… картинаңды сосын жазшы… – дегенді зорға айтып сол жағыма қарай қисайып құлай кеттім. Соңғы рет бар күшімді жиып көзімді сығырайтып зорға бір ашқанымда қарсы алдымда қолында өткір кинжалы бар Еркені көрдім. Ары қарай ешнәрсе ойыма түсер емес.
Орнымнан тұрып терезеге бардым. Анадайда Еркенің мастерскойы менмұндалап көрініп тұр, алдында бес-алты полиция көлігі тұр. Не болды екен деп алаңдай бастадым. Киімімді киіп барып білмек болып төсектің асты-үстін қарадым. Жер жұтқандай жоқ. Мастықта тыржалаңаш келген шығармын деп өз-өзімнен қысыла бастадым. Терезеге қайта барғанымда екі қолтығынан екі полицей қолтықтаған Еркені кешегі қан қызыл көйлегін көлбіретіп көліктеріне қарай алып бара жатты.
Осы кезде ауызғы бөлмедегі теледидардан «Бүгін қаламызда сұмдық оқиға орын алды. Көптен бері көтеріліп ауырып жүрген суретші қала қонағының денесін паршалап тастапты» дегенді ести сала жүгіріп келіп теледидарға үңілдім.
Тікелей эфир жүргізіп тұрған тілші кешегі Еркенің мастерскойының ішінде тұр. Қабырғадағы суреттерден бірден таныдым. Құрулы тұрған мальбортқа камера бұрылғанда шыңғырып жібере жаздадым. Мальборттағы кенепке адам денелері қол-аяғы бөлек-бөлек паршаланған күйінде салыныпты. Тіпті үстіңгі бұрышына салынған адам басының екі жағына көз, құлақ-мұрындарын қаны ағып жатқандай қылып салған екен.
Камера енді кері бұрылып кешегі біз жатқан диванға бағытталды. Диванның үстіне ақшыл мата жабылыпты. Матаның ойдым-ойдым жерінен сыртқа тепкен қанның түсі қарауыта күреңітіп барып жайыла солғындап кетіпті. Журналистің жанында тұрған полицей диванның жанына барып, матаны сілке тартып жұлып алғанда мен есеңгіреп жүрелеп отыра кеттім. Дианның үстінде тура кенепке салынған суреттегідей денем парша-паршасы шығып өзім жатыр екенмін.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.