Дүй. Қар 4th, 2024

– Білесің бе, бұл көлде Қыз–Ләйлі бар…
– Ол кім?!
– А… білмейтін бе едің? ол менің Марал әпкемнің құрбысы…
– Ол қайда?
– Осы көлде?
– Қалай?
– Жарайды онда саған басынан бастап айтып берейін…
– Бұл жерге неге ертіп келдің?
– Алдымен тыңдасаңшы сосын түсінесің…
Аяғына коньки байлаған қыз сыр етіп жігітті жанап өте шықты да айнадай жалтыраған мұздың арғы бетіне заулай жөнелді… көл жиегіне жете боран үрлеп жондап тастаған қасат қардың үстіне барып жантайып отыра кетті. Артынан нарау басып жігіт те келді.
– Айтсаңшы енді…
– Алдымен жайланып отыр…
– Осылай тұрып-ақ тыңдай беремін…
– Болмайды…
– Неге?
– Құрметсіздік болады.
– Кімге?
– Ләйлі–Қызға…
– Лә-әйл-л-і-і–Қы-ыз!
Жігіт бар дауысымен айқай салды…
– Тоқтат! Баж ете қалған қыз орнынан атып тұрып жігіттің аузын алақанымен баса қалды. – Тоқтат… Қыз–Ләйлінің атын қатты айқайлап айтуға болмайды, жаным..
Қыздың әлсіз саусақтарын аузынан жеп-жеңіл босатып алған жігіт… сәл абдырап:
– Ләйлі жаным… не болып жатыр… түкке түсіне алмадым…
– Отыршы… айтамын… түсінесің…
Ол кезде мен тым кішкене болатынмын… Бірақ есімді білетінмін… Бәрі күні бүгінге дейін көз алдымда…
Біздің көшенің балалары бірге ауылдың шетінде ойнап жүргенбіз… Қолына шелек алып бізге қарай Қыз–Ләйлі келе жатыр екен. Ол ылғи да ауылдың қасындағы өзеннің суымен басын жуатын… Неге екенін қайдам ауылдың адамдарының барлығы оны Қыз–Ләйлі десетін… Аты Ләйлі… Менің Марал әпкемнің құрбысы-тын. Біздің қасымыздан өтіп бара жатып:
– Қандай жақсы балалар, төбелеспей ойнайтын… Үстілеріңді былғап алмай абайлап ойнаңдар, – деп қолындағы шелегін теңселтіп кетіп бара жатты… Шіркін, ол кезде Қыз-Ләйлі қандай еді… Тоқпақтай қос бұрымының ұшы жерге сәл-пәл тиер-тимес болып, әппақ балтырын соғып кетіп бара жатты.
Қыз-Ләйлі алыстай бере біз қайта үй-үй ойнауға кірістік… Сүт пісірім болмай өзен жақтан қатты бажылдаған дабыс шықты… Бәріміз солай қарастық. Бізге қарай, жоқ, дұрысы ауылға қарай Қыз–Ләйлі жан ұшырып жүгіріп келеді екен. Біз не істерімізді білмей үдерейіп қалдық. Ол бізге жете:
– Тез, тез бұл жерден кетіңдер… Алысқа кетіңдер! Бол! Тез!.. Қатты қорқтық, ақша жүзі тотығып, бет әлпеті қара жалын болып кетіпті… Біз шырқырай-шулап үйді-үйлерімізге қарай қаша жөнелдік… Содан үш күнге дейін Қыз-Ләйліні көрмедім. Тек апамның Маралға:
– Бейшара қыз қатты шошыныпты… Сандырақтап қайдағыны айтып жатыр… Бүгін тағы барып келдім… Ауылдан көшіңдер… Бұл ауылды су басады… Адамдар қырылады… Тез кетіңдер… Жиналыңдар…– деп аласұрып жатыр… Көзіне бірдеңе елестеген бе… Бүгін төменгі ауылдағы бақсы шал келеді дейді… Сол ұшықтаса бірдеме болып қалар деп үміттеніп отыр. Жалғыз қыздарының жан қиналысы әке-шешелеріне де қиын болды… – дегенін естідім. Одан әрі не айтқандарын білмедім…
– Үлкен адамдардың сөзін тыңдауға болмайды, бар ­с­ыртқа ойна, – деп шығарып жеберді.
Қыз-Ләйліні өз әпкем Маралдан кем жақсы көрмейтін едім… Не болды екен деп қатты уайымдадым… Бақсы шал деген кісіні де көргенмін, менің атам ауырып жатқанда келген… Атамды қаладағы ауруханадан алып келген соң, сол бақсы шалды шақырған… Иә сақалы кеудесіне түскен, қолында үлкен таяғы бар кісі… Атамның қасында көп отырған… Сол кез көз алдыма келгенде қатты қорқып кеттім… Қыз-Ләйлі де атам құсап өліп қалса қайтемін… Бақсы шалды неге шақырды екен деп ойладым… Содан бері бақсы шалды жек көретінмін… Бірде ауылдан өтіп бара жатқанда көршінің балалары бар, барлығымыз тас лақтырып, атын үркітіп жібергенбіз… Сонда әкем маған қатты ұрысқан еді… Мен жылап, бақсы шалды жек көремін, ол менің атамды өлтіріп тастаған деп айқайлаған едім, сонда әкем:
– Әй періште сәби-ай! Ол атаңды өлтірген жоқ… Атаңа өлерінің алдында аузына иман салған… Ана жақтағы, атаң қыдырып кеткен дүниеде жақсы жүру үшін сол жаққа барарда иман айту керек. Соны атаңа үйреткен жақсы адам деген еді… Мейлі, не десе де бәрібір, бақсы шал адамдарды ана жаққа жіберетін адам ұқсап сезілетін… Атам сияқты Қыз-Ләйлі өліп қалса қайтемін деп қорқып жылап отырып есік алдындағы арбаның үстінде ұйықтап қалыппын. Қатты шуылдан шошып ояндым. Орнымнан атып тұрып ауланың сыртына қарай жүгірдім, анадайда шашы дудырап Қыз-Ләйлі жүгіріп жүр екен. Артынан қалың адам қуып жете алмай жүр… Бұл ауылды қанды қасірет күтіп тұр… Тез кетіңдер… Көшіңдер бұл жерден… Маған Су иесі өзі айтты. Ақыры Қыз-Ләйліні нағашы ағасы қуып жетіп ұстап алды.
– Ағатайым-ай, жіберші… Ертең босқа қырылып қаласыңдар ғой… Маған сеніңіздерші… Тез-тез бұл жерден кетіңіздерші…
– Алла-ай, құлыным-ай… Не жазған едің… Есіңді жишы, қарғам… Не болды?..
Қалың адам топырылап Қыз-Ләйліні үйіне қарай алып кетті.
Қалбалақтап арттарынан біраз жерге дейін жүгіріп барып қалып қойдым.
Содан, Қыз-Ләйлі араға бірер апта салып барып сыртқа бірақ шықты… Бірақ, баяғы қалпы емес… Көңілі әлде неге алаң, кезіккен адамдардың барлығына:
– Бұл жерден кетіңдер… Маған су иесінің өзі ескертті… Түптің түбінде бұл жерді ауылдың бас жағындағы көл жауып қалады, адамдар қырылып, қан сасиды… Бұл жерден мен ата мен ананың күңіренген дауысын, жас сәбилердің зарлы шырылын естідім. Тез кетіңдер… – деп жар салып жүрді де қойды… Неге екенін қайдам, оның сөзін ешкім елеген жоқ… Әрдайым осы көлдің жағасына келіп, шашын жайып тастап:
– Менің ел-жұртымды, менің жақындарымды қырғынға ұшырата көрмеші… Солардың орнына менің жанымды алшы… – деп таңнан-таңға зарланып отыра беретін. Ауыл адамдары қанша рет үйіне қайтып әкелгенімен, әйтеуір, бір ебін тауып көл бойына қашып кететін… Сөйтіп жүріп бір күні жоғалып кетті… Осы көлдің жағасында отырғанын біреулер көріпті… Суға батып кетті деп көп уақыт іздегенімен мәйітін таба алмай қойды… ­Біреулер, су түбіндегі қайранға шөгіп кетті десе, енді біреулер, жындар ма, әлде басқа ма, әлдебір тылсым күш алып кетті десетін… Сүйекті таба алмаған соң, бақсы шалды осында алып келген екен. Ол кісі «оның тәні де, жаны да осы судың түбінде жатыр… Қауымға келген бір кесапатты тоқтатып қалған екен… Содан, оның сүйегі табылмапты… Енді бұл көлдің бойына келіп оның атын атап шақыруға болмайды… Өзінің атын естігенде Қыз-Ләйліның назары дауысқа ауып кетіп, тас қылып құшақтап жібермей тұрған кесапаттан айырылып қалады…» депті. Содан бастап бұл көлде Қыз-Ләйлінің атын шақыруға тыйым салынған. Мейлі шын болсын, өтірік болсын сол орасан зор кесапаттан халықты сақтап тұрған Қыз-Ләйліге адамдар тәу ететін-ді. Әсіресе, біздің ауылдың қыздары өздерінің сүйген жандарымен мәңгі бірге болу үшін осында келіп тілек тілейтін болған.
– Қойшы Ләйлі… Қайдағыны айтпай… Сенде осындай шатпаққа сенесің бе? Көзің ашық оқыған адамсың… Ұят емес пе… Қайдағы бір жоқ нәрселерге сеніп?!.
– Жоқ! Сен қателеспе! Бұл біздің ауылдың, менің ­аулымның заңы… Бұл біздің жастардың, менің құрбыларымның адал махаббатына мәңгілік берік болуының айғағы үшін шын жүрегімізбен ант беретін киелі орнымыз… Өзің анықтап қарашы, көл бойындағы ағаштардың барлығына ақ байланған… Мана мен де байладым. Әркез, келген сайын ақ байлаймыз… Келгендердің барлығы солай істейді… Не, солардың барлығы ақымақ па?!. Соншама адамның ішінде сен ғана көкірегің ояу данасың ба?!. Кешір жаным… Егер сен бұл қағиданы бұзсаң бізді Қыз-Ләйлінің киесі атады… Біз болашақта да бір-бірімізбен отаса алмаймыз… Онда осы бастан-ақ ойлануымызға тура келеді…
Қыз еңіреп жылап жіберді… Жігіттің өңі сұрланып кеткен… Түтігіп, аузына сөз түсер емес…
– Сен… Сен Ләйлі қыз, осыншама ақымақ болар ма ең… Сенің мұндай екеніңді кім білген?!. Шынымен, біз бір-бірімізді әлі күнге толық білмейді екенбіз… Құдай-ау, мына заманда осындай ертегілерге де сенетін адамдар бар екен-ау ә?! Өздері тағы өтірік ертегілерінен өлердей қорқады екен… Бұл дегенің сұмдық қой… Мен қазір сендердың осы өтірік ертегілеріңнің жалған екенін тас-талқанын шығарып дәлелдеп беремін…
Екі білегінен тас қылып ұстап тұрған қызды кері серпе итеріп тастады да, манағы өздері сырғанап ойнаған көл ортасындағы жалтыр алаңқайға қарай айқайлай сырғанап, ­жүйтки жөнелді.
– Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!.. Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!..Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!..
Артынан шырқырай жанұшырып жүгірген қыз, құтырына айқайға басып жүрген жігітке жете алмай қалды.
Кенет шарт ете түскен ауыр үн құлақты тұндыра ұзаққа созылып барып, артынан қалың мұздың гүтір-гүтір айырылып шатынаған сұмдық даусы шықты…
– Кешірші бізді, Қыз-Ләйлі, кешірші… Ашулана көрмеші… Бізге төніп тұрған кесапатты жібере көрмеші…
Жігітке жете алмаған қыз шатынай айырылып кеткен үлкен бір кесек мұздың үстінде маңдайын ызғарлы мұзға төсеп, шырқырай жылап жалбаранып отыр… Алғашқы шарт ете түскен дыбыстан-ақ есін жинап алған жігіт, шыбын-шіркей жағаға қарай зымырап қашқан-ды… Ізін қуа айырылып бара жатқан мұздың жарығы, мұз бетін аяусыз тілгілеп сырғып бара жатқан конькиге жетер-жетпес қана қалып қуып барады. Ақыры жанұшыра қашқан жігіт жағаға да аман-сау ілінді… Ілінді де, мұз үстінде қалған қызға көз қырын салуға да мұрсат таппай жол жиегіне тоқтап тұрған көлігіне жармасты…

***
«Қыз-Ләйлі» деген дабысты алғаш естігенде мұз астында әлде бір жойқын алапат, дүлей күшті тас қылып құшақтап он бес жыл бойы жібермей жатқан Қыз-Ләйлінің мұз болып қалған денесі дүр сілкінді… Көк сірне мұзды қақ жарып өзін шақырған адамға атылып барып, өзінің қаншама уақыттан бері осы кесапатпен алысып жатқанын айтып шағынғысы келді… Бірақ, құрсауынан шықты болды кесапаттың көлдің төменгі жақта ауыл жатқан кемерін талқандап, осыншама шалқар суды ауылға қарай төңкере салатынын ойлап өзін әзер ұстап қалды. Сүт пісірім өтпей-ақ, “Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!” деген дабыс, тіпті, құлақ түбенен естіліп делебесін қоздырып жіберді… Соншама уақыттан бері тас болып қарысып қатып қалған саусақтары еріксіз жыбырлай бастады… Ол енді көзін көл бетіне жіберді… Көлді жағалай қалың адам көмекке келіп тұр екен… Қаптаған қалың адам бұрын өзі білетін ну орманнан бір бұтақ та көрінбейді… Самсаған қалың қол… Ол енді адамдарыдың кеш болса да өзіне сеніп көл бойына кесапатты жою үшін келгенін ойлап жүрегі жарыла қуанып кетті… Қуаныштан шарқ-шарқ күліп құшағындағы кесапатты тастай сала мұз бетін қақ айырып атылып сыртқа бірақ шықты.
Көл бетіне бар пәрменімен атылып шықты да, манағы өзінің көзіне көрінген қалың нөпірдің адам емес солардың байлаған ақтығы екенін көріп баж ете қалып, мұз құрсауында қалған кесапатты ұстап қалмаққа мұз жарығынан қайта сүңгіді. Ол енді өзінің кешіккенін ұқты… Мұз құрсауындағы кесапат құшағынан шыға салап, көлдің ауыл жақ кемерене жайылып, тоң болып қалған керішті қопарыстыра бастапты… Жан таласып қанша арпалысқанымен оның қолынан ешнәрсе келер емес… Ол енді ауылға қарай заулады… Ауылдың ең бергі шетіндегі үйге есігін ашпай ақ лып етіп кіріп кетті… Үйде баяғыдағы өзінің жан құрбысы Марал отыр… Жанында төрт-бес бала ойнап жүр…
– Марал… Жаным… Тез… Қашыңдар… – деп шырқырай барып бас салып еді Марал ештеңе сезбеген тәрізді. Өзі Маралдың денесіне өтіп барып арт жағында жиюлы тұрған көрпенің арасына жалп етіп етпеттей құлады… Қайта атып тұрып манағы сөзін қайталап Маралды айнала шыр-пыр болды… Марал да басқалары да мұны естімеді. Тек пеш түбінде жатқан тарғыл мысық пыс етіп жотасын күжірейте бұған айбар шекті… Мысықтың оқыс қимылына таң қалған Маралдың күйеуі:
– Тәйт ары, мынаған не көрінген, деп қолына ілінген әлденені мысыққа қарай жіберіп қалды. Иесінің айбарынан сескенген мысық енді пыр етіп мұртын едірейтті де, ­жинаулы тұрған жүктің үстіне секіріп шығып мяулай бастады… Қыз-Ләйлі әлі үйдің ішін айналып зарлап жылап жүр.
– Еркін, жүрегім бір түрлі сазып тұр… Бірдеме болды-ау деймін… Сыртқа шықшы…
Марал орнынан қозғалуға дәрмені қалмай, алақтай бастады… Орнынан нарау тұрған күйеуі сыртқа шықты да, лезде қайта кіріп:
– Ой, Алла, әлгі біздің Ләйлі көл жақтан шырқырап жылап жүгіріп келеді… Киімімді алуға келдім… Не көрінді екен бұл қызға… – деп сөйлей жүріп қабырғаға ілулі тұрған қалың шапанын алып сыртқа ата жөнелді…
Маралдың дәрмені құрып қасындағы кенжесін бауырына баса, бір жағына қарай жантая құлап бара жатты. Маралдың күйеуінің артынан ере шыққан Қыз-Ләйлі, мана өзі мұз үстінен көзі шалып қалған қыздың Маралдың өзі аттас сіңілісі екенін енді білді. Ол да шырқырап жылап келеді екен… Алдынан қарсы жүгірген жездесі таяп қалғанда:
– Ағатайым-ай… Көлдің ауыл жағы жарылып кетті… Тез қашыңдар, әпкем қайда… Тез-тез қашыңдар – деп жездесіне жете талықсып құлап кетті… Беймезгіл айқайға ауылдың адамдары да құлақ түрісіп, біразы бұларға қарай жүгірісті…
– Тез-тез ауылға хабарлаңдар… Жандарын аман алып қалсын, мына тауға қарай, биікке қарай қашсын… Осы сөз ауыздан-ауызға айтылып, құлақтан-құлаққа лезде жетті… Ауыл өре түрегелісті… Бірі бала-шағасын, бірі керек-жарағын алысып ауылға тиіп тұрған тауға қарай қалың қарды кешіп, тырмыса жанталасып шығып бара жатты… Ұлар-шу болған қалың нөпердің ішінде жүрген Қыз-Ләйлі енді тым құрғанда адамдар аман қалатын болды деп байыздап отыра бергені сол еді… Манағы өзінің құшағынан босанған кесапат енді адамдардың арасына адам бейнесімен келіп араласып кетіпті…
– Тоқтаңдар түге… Бұл не жанталас… Міне біз жаңа ғана көл бойынан келе жатырмыз… Ешқандай бір қауіп-қатерді көрмедік… Мына қақаған қыста, қатты аязда жалаңаш жалпылы өз үйлеріңді тастап қайда кетіп барасыңдар…
Енді, ауылдан шұбыра қашқан адамдар әрі-сәрі болып, дағдарсып қалды… Айнала топтанып кідіріп қалған адамдарға Қыз-Ләйлі шыр-пыр болып қанша жалбарынғанымен мұны ешкім де ести алмады… Тек, осы ауылдың кәдімгі адамдарының бейнесіне кіріп алған кесепат қана олармен нақпа-нақ сөйлесіп тұр. Не істерін, кімге сенерін білмей дағдарып тұрған жұрттың ішіне енді манағы кіші Ләйлі келді…
– Алла-ай, жандарым-ай неге тұрсыңдар, тез кетсеңдерші… Енді әні-міні мына жерді су басып қалады…
– Не мына қыз жынданған ба?! Қайдағы су, айттым ғой мен сол көл бойынан келемін…
Кесапат та өзеуреп қояр емес…
– Ағакем-ай, мен жалған айтып нем бар… Мына адамдарды ажалға айдамасаңшы… Тез кетсеңдерші…
– Қайтыңдар…
– Тез қашыңдар…
Ұйлығысып қалған қауым енді екіге бөлінді… Жартысы ауылға қайта қайтты да, жартысы сол алған беттерінен ­қайтпай тауға қарай тырмысып кетіп бара жатты. Өзінің тәнсіз құр елес бейне ғана екенін енді сезінген Қыз-Ләйлі қалың нөпердің жартысының кіші Ләйліні, өздерінің ортасындағы кәдуелгі тірі адамды тыңдамай сол ауыл адамдарының бейнесіне еніп алған кесапаттың сөзіне еріп ауылға қарай қайта қайтқанын көргенде күйіп кетті. Еш қайран қыла алмағанына ашынды… Өзінің адамдар санатында жоқ екенін сезіп өртенді…
– Әй адамдар-ай! Осыншама бейғам… Осыншама марғау, парықсыз боларсыңдар ма?! – деп бар дауысымен айқайлады… Бұларға еш қайран жасай алмайтынын сезген соң, енді ол көлге қарай жанұшыртты. Көлдің кемерін үңгіп лықсыған сеңді, ауыл мен көлді бөліп тұрған бөгетке арып таласа ұрғылып жатқан кесапатты жанталаса тоқтатып қалмаққа арып-таласты. Қанша алысқанын өзі де білмеді. Әйтеуір түн ортасы ауа өзінің талығып әлсірей бастағанын сезді… ­Бойында еш дәрмен қалмай, шатырлап сынған қалың мұздың арасына батып бара жатты. Бір кезде тарс еткен жойқын дауыс шығып бүкіл алапты дүр сілгіндіріп жиегіне шіреп әзер тұрған көл ауылға қарай аунай жөнелді.
Таудай-таудай толқындар кең аңғарлы сайды бойлап ауылға қарап атылып бара жатты… Алып кесек мұздармен бірге алдынан кезіккеннің барлығын жайпап бара жатқан алапат су, лезде ауылға жетіп барды. Түнгі ай жарығына шағылыса жер әлемді теңселтіп жөңкіліп келе жатқан ­тасқынды көріп тауға шығып кеткендер шу ете қалды. Артық бір қадам басуға да мұрсат бермей үстерінен басып қалған топан суда қалған ауылдағылар азан-қазан болып шырылдап, құлында-құлын дауыстары шығып, құлақты тұндыратын ащы зармен булықты…

***
Түн… Жартылай туған орақ айдың буалдыр сәулесі ауылды басып қалған алып тасқынға төтеп бере алмай айналаны тастай қара түнекке айналдырып жіберген.
Жөңкіле жұлқынып ауылға қарай атылған тасқынның алғашқы толқындарымен бірге ауылға ағып жеткен Қыз-Ләйлі шар ете қалған баланың ащы дауысынан есін жиып алды. Тасқынның жойқын күші алғашқы кезіккен үйді үстін жаба қабырғадан келіп соққанда астындағы ірге тасымен бірге қопарып, домалатып барады екен. Алғашқы соққыдан-ақ опырыла құлаған қабырға ерлі-зайыптыларды жатқан жерінде-ақ тіл тарқызбай жаншып кете барғанда, бесікте бөлеулі жатқан бала ойдақ-сойдағы шығып домаланған үймен бірге шырқырап кетіп барады. Анасының жұпарлы аппақ сүтінен басқа ешнәрсені таңдайына жағып көрмеген сәби, тұншықтыра көмейіне жүгірген лай суға шашала шырқырайды… Қыз-Ләйлі бейкүнә сәбиді алапат судан алып қалмаққа қарманып қанша арып таласқанымен ешнәрсе істей алмады… Енді байқады, бүкіл ауыл көлдің астында қалған екен. Көл жөңкіле тулап ауылды көшіріп барады…
– Көке!..
– …
– Көке!..
– …
– Ата!..
– Апа!..
– …
– Құлыным!..
– …
– Жаным!..
– …
– Қарашығым!..
– …
– Тәңірім!..
– …
Жан дауыстары шығып шырқыраған адамдардың анасына бір, мынасына бір жүгіріп Қыз-Ләйлі жүр…
– Ата-ай… Ата!.. Қайдасың ата?!
– Құлыным-ай, құлыным… Мен міне, қазір саған жетем…
Су астында қалған үйдің құлаған бір қабырғасы белінен төмен басып қалып, қансырап жатқан шал көрші бөлмедегі шырқыраған немересіне жете алмай аһ ұрып жатыр… Үйдің үстінен гүтір-гүтір сынған мұз бен жөңкілген тасқынның гүрілі бір-біріне дауыстарын әзер естіртеді.
– Ей жаратқан тәңірім не жаздық… Бұл кесапаттан басқа жанымды алатын амал таппадың ба… Құдіреті күшті ­Құдайым… Құлындарымның жан шырылын естірпей өзімді ғана неге алмадың… Тәңірім…
– Ата-ааа… Кенет шықыраған бала үні гүрс ете түскен қабырғамен бірге шорт үзілді. Манадан бері немересіне жетпек болып жанталасып, үстін басып қалған қабырға кесектерін аршып жатқан шал ауыр ыңыранып, сұлқ жатып қалды…
– Бітті… Бәрі бітті… Енді мені де тез әкет… Мынау қараң дүниеден… Енді бұл жалғанның не қызығы қалды…
Есік терезені жарып кірген су, енді бөлмелердің ішін толтыра бастады… Су астында тұншығып жатқан шалдың жаны шықпай қойды… Қолқасын бітей ішке кеткен лай су кеудесін керіп жарып жіберердей болса да, жан шығар емес…
– Тез-тез әкет мені… Құлыншағымның қасына тез ­жетейін…
Су астындағы әр үйден шыңғыра шырқыраған ащы үндер толастар емес… Қыз-Ләйлі енді арлы-бері алып ұшып барлық адамдарың қасына барып шықты… Бірақ, ешкімге де қол ұшын бере алмады… Анау жерде алғашқы толқын ұрғанда-ақ үйді қопарып ішіндегілердің барлығын қораға әкеліп тығып тастаған нән бір кесек мұз ашық тұрған есікті жауып қалып ішіне онша су кіре қоймаған… Алғашқы соққыда-ақ жантәсілім болған шешесінің ашық омырауына жабысып, тастай суық судан қол аяғы тоңазып қата бастаған жас баланың үні ішіне түсіп кеткен… Шешесінің емшегін әлсіз тырмалайды… Қыз-Ләйлі енді сол жас сәбиді жылытпақ болып ұмтылды. Құшағына қысып жылытқысы келді… Ол, бұл жолы да ешнәрсе істей алмады… Мынау дүниенің тірлігіне араласуды оған жазбаған екен… Тыр жалаңаш сәби өз болмысынан тыс денесін селкілдетіп анасының омырауына бетін баса шетінеп кетті.
Олардан сәл төменгі жерде ғана, қатар тұрған үлкен екі ағаштың арасына қысылып қалған жігіт ағасы екі қолтығына екі баласын қысып алған… Тамырлары білеуленіп, лай батпақтың ішінде көздері еркінен тыс ақшиып, қарысып тұр… Алып мұздар ағашты жанап өтіп, солқ-солқ еткізеді… Денесі тас болып қарысып қалған жігіттің жүрегі булығып кеудесін жарып жіберердей тарсылдап соғады… Өкпесін ­қапқан лай су әлсін-әлсін қан бұрқақ болып сыртқа атқылақтап жатыр. Қолтығындағы балалардың бірі әлдеқашан жантәсілім болғанда, енді бірі суға тұншығып тыпырлап жатыр. Қыз-Ләйлі олардың қасына барғанда дәті жетпеді, енді ол өзінің ешкімге көмектесе алмасын әбден түсінген. Кері айналып кетіп бара жатып қырылдаған дауысты құлағы шалып солай қарай барды… Су соққан қашаға бір қолымен жармасып енді бір қолымен баласын құшақтаған әйел қашаның іргесіндегі кішкене қораға жете алмай тұр… Қораның ішіне су кірмепті, бір жас лақ бажылдай маңырап тұр… Әйелдің екі көзі лайлы батпақ суды жарып сол лақ тұрған қораға қадалып қалған, жанталасып, қолтығындағы баласын лақтың жанына жеткізбекке тырмысады… Суық су сорып қатып қалған денесі икемге келер емес…
Қыз-Ләйлі ауыл адамдарының барлығының жан түршіктірер азаптан өліп жатқанын көріп, аспанға қарай оқша атылып барып, көлдің орнына қарай құлдилай құйыла жөнелді…
Көлге жете бере кешегі өзінің атын айқайлап шақырып мәңгілікке жібермеске, тас қылып құшақтап жібермей жатқан кесапаттан айырылып қалуға себепші болған жігітті көріп сол тұрған жерінен жоқ қылып жібермекке ұмтылды… Адамдарға көмектесе алмағанымен қатыгездікке келгенде кез келген елес рухы соншама қайратты келетінін жақсы білетін… Екі қолы алқымына іліне бере өзін әлде бір жойқын күш кері серпіп лақтырып тастады… Адам баласынан осыншалықты жойқын күшті көрмеген ол, таң тамаша болып жығылған жерінен тұра бере… Енді байқады… Қағиданы бұзып, халықтың қасіретке бөктірген жігітті кешегі өз құрсауынан босанып кеткен қара күш кесапаты алақандарына салып әспеттеп, аспандатып тұр екен. Қыз-Ләйлі өзінің енді бұл пәнидегі ешқандайда бір құбылысқа әсер ете алмайтынын біліп, шексіз зеңгір аспанға қарай заулай жөнелді… Заулап бара жатып:
– Адамдар-ай, адамдар… Қандай әлсіз… Қандай әлжуаз… Қандай байғам, сенгіш… едіңдер… Сендер қуаныштарың мен қайғыларыңды да, туғызатындар мен жіберетіндерді қашанға дейін ажырата алмай кетеді екенсіңдер… Сендер өздеріңді қашанға дейін әлемнің иесіміз деген өтірік сенімдеріңе сене бермексіңдер… Білесіңдер ме сендер жер әлемдегі ең әлжуаз бейбақсыңдар… Соны түсінсеңдерші…
Алыстай бере оның үні ауаға тарап естілмей қалды.
Тек көл бойындағы қалың орманды жапқан ақтықтар ғана дүр-дүр етіп қаза жырын сарнап қала берді…

Мистик – Қойшыбек МҮБАРАК

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.