Жек. Сәу 28th, 2024

Көшені бойлап келе жатқан оның жолын жұрт өліп тірілді деп жүрген досы кескестеді
– …
– …
– Білесің бе, мен тағдыр кітабын ұрлап кеттім.
– Қойшы… қайдағыны айтпай.
– Шынымен, сенбесең көрсетем.
– Жынданған шығарсың… айтпақшы сені өліп қалды деп еді ғой.
– Иә, өлуін өлгем, бірақ қашып кеттім.
– Қалай?
– Оны өзің өлсең білесің.
– Тағы сол өтірікшілігіңе бастың.
– Әне, сенбейсің… айтайын… анада өздеріңнен кеткен соң қатты ауырдым, ем қонбай ақыры қайтыс болғам. Содан білесің мен де туыс-туған жоқ қой, бағыма қарай мәйітханада қараусыз қалыппын. Жә, бұл осы дүниенің әңгімесі. Ал, арғы жақта… жаным мұрнымнан шыбын болып ытқып шықты да білмеймін, әйтеуір әлде қайда зымырай жөнелді. Бір кезде екі жағымнан сап етіп екі періште пайда бола кетті. “Жүр кеттік қарасат майданына” дейді. Бұлқынарға шама жоқ арттарынан жалп-жалп етіп ұшып келем. Содан бір жерге жеттік. Істеген ізгілігің мен күнәларың деп екі бума қағаз көтеріп келді. Бірі бір-екі парақ қанада, енді бірі тау-мая екен. Әәрине тау-маясы күнә да. Ізгілігім түкте жоқ екен. Екі-үш ақ ауыз сөз. Ал, күнәм жетерлік апта бойы оқып жатыр. Ақыры соңғы бетіне келгенде періштенің бірі:
– Мәссаған мынаның әлі істемеген күнәлары жетерлік екен ғой. Бұны қайтаруымыз керек. – десе, біреу:
– Әй, осы күнәлары да жеткілікті қалсын… – деп таласып жатты. Мен байқатпай күнәларым жазылған буманың астында тұрған тағдыр кітабымды тығып алдым. Содан не керек мені қайтаруды ұйғарды. Бұл дүниеге денең болмаса жаныңның не керегі бар. Мәйітханадағылар поршалап тастады ма деп қорқып, салып ұрып жетіп келсем, әйтеуір аман-есен бұрышта мыжылып жатыр екен. Қыс болғаны қандай жақсы, сәл тоңазып қалыпты. Киімнен түк жоқ тұлттай екен. Жаңадан әкелген бір мүрденің киімін сыпырдым да терезеден тайып тұрдым. Міне, тағдыр кітабым, не күнә өткізетінімді білем. Бас ауыртпаймын, оқимын да іске кірсем. Істелмеген күнәларымның бірі сені бауыздау!
Жанынан кәдімгі қанжар суырып алған досы оның алқымын езіп барды.
– Жібер мені ақымақ…
– Тағдыр кітабында жазылған құтылмайсың…
Досы оның тамағын орып жіберді. Тамағынан атқақтаған қанның қырылынан оның:
– Мен де тағдыр кітабын алып келген соң көрем сені… – дегеннін ести алған жоқ.

By mystic

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.