Сен. Қаз 12th, 2024

Биыл ауылдың қырманын күзету кезегі біздің үйге келген. Әкемнің мың  ойланып, сан толғануымен өткен жылы үйленген ағам екеуіміз күзететін болдық. Қырман алыс емес, ауыл сыртында ғана. Бір шеті ауылға тиіп жатса, бір шеті ұзыннан ұзаққа көлбей созылып жатқан қалың қарағайлы тауға төскейлеп барып тоқтайды да, ал бас – аяғы көз көрім жерден де алыс жайылып жататын.

Біздің ауылда жалпы жиырмадан ғана асатын үй бар-тұғын. Жылда күзгі жиын теріннен соң, кемінде бір әйтпегенде бір қанша үй сыртқа көшіп кетіп  жатады. Қанша көшкенімен де ауыл ортайған емес. Атам заманнан келе жатқан тоқал тамдардың қаңырап бос қалған бір де бірі жоқ-ты. Жаңадан ешбір тамда соғылып көрген жоқ. Бүткіл ауыл адамдары бір-бірімен ілік шатыс, құда-жегжат. Берекелі ауыл. Ауыл адамдары дерлік жаз бойы жайқалған егін арасында. Әркім өз тірлігімен. Бір сарын тірлік. Тек көктемгі тұқым сіңіру кезі мен күзгі жиын терінде ғана тойға бергісіз думан. Ауылда ешқандай теріс пиғыл адамдар болмағанымен, ең жақын деген өзге елді мекеннің өзі күншілік жерден алыста болғанымен, қырманды қай уақытта да қараусыз қалдырған емес-ті.

Кешкі шай-суанымды ішіп ағам үйіне енді кіріп, тізе бүге бере есікті шарқ еткізіп ашып осы үйдегі жеңгемнің шешесі кіріп келді.

–   Сәлеметсіз бе, кәрі құдағи, – деп есендік сұрадым. Неге екенін қайдам осы кісіні біздің туғандардың бәрі жасы жетпесе де Жамал атын айтпай, кәрі құдағи атасатын.

Кәрі құдағидың анда – санда ұстамасы бар-тұғын. Әркімнің қорасына жинап қойған сабанның топалаңын шығарып шашып кететіні бар. Сосын күз келіп егін орағы бастала кеш баласы үйге қонбай сол атыз басында масақ теруге кететін. Таң бозына дейін әр жерге дестелеп жинаған масақты күн шыға әптер-тәптерін шығарып қайта шашып шығар еді.

Сол кәрі құдағи менің амандық сұрағаныма қарамастан алқын-жұлқын ағама шай құйып отырған қызының қасына барып:

–  Байыңды жіберме! Бүгін қырманға жіберме,- деп кереңге сөйлеп отырғандай бейберекет айқайлай бастады.

Ағам жай күліп:

–  Апатай, не болды? Әзер жеткен қырман күзетіне неге бармаймын,- деп еді:

–  Не жетпегір, сен алдыңғы жылы ғана қырман күзетіне шыққансың, енді не қатын үстіне тағы қатын алайын деп отырсың ба, –деп тағы шаңқ ете қалды.

Жеңгем шешесінің ұстамасының ұстап қалғанын білгенімен менен ұялып кетті.

–  Апа қойшы, қара аспанды төңкермей, ұят емес пе, –деп еді. Кәрі құдағи енді қызының қасынан атып тұрып ағамның қасына келді де сол қолынан шап етіп ұстап алып:

–  Жібермеймін бұны, жібермеймін, ешқайда, не сен қаншық жесір қалайын деп пе ең,- деп тағы айқайға басты.

Манадан бері бәрін үнсіз тыңдап отырған мен енді жайлап қана:

–  Жарайды, Ераға қырманға жалғыз бара берейін, деп орнымнан қозғала бастап едім. Ағам маған қарап:

–  Шалға қырманды жалғыз күзеткеніңді айтып қойма? Апамнан сайтанымның қалғанын шал екең қағып алмасын  деп күді.

Түнде қарның ашып шөлдеп қаларсың деп жеңгем қоярда қоймай зыр жүгіріп жүріп атамнан қалған тері торсыққа ашытқан көже құйып, кішкене дорбаға құрт бауырсақ салып берді.

Мен қырманға жеткенде әбден қас қарайып кеткен-ді. Қырманның төр жағындағы қара қоққа келдім де, мана көрші Бекен ағадан сұрап алған бос темекіні орап тамыздым да, кәдімгі еңбек адамдарындай қисайта тістеп бүгін ғана әкеліп тау мая етіп жиналған дестелерді бір айналып шығып қырманның ортасында жатқан үлкен шаңтастың бір басына құйрық басып отырдым. Шылымды шегіп болған соң арлы-берлі сенделіп біраз жүрдім. Арада шай қайнатым уақыт өтпей жалғыздықтан жалыға бастадым.

Мана құрдасым Манатты ертіп алмағаныма өкіндім. Жүр дегенімде ол бірден келер еді. Былтыр күзетте інісі екеуі болған-ды. Түстің алдында қайын жұртына барып қайтқан. Біздің құрдастардың ішінде алғаш қатын алғалы отырған осы. Ауылдың аяқ жағындағы етікші шалдың қызына құда түсіп бүгін қайыншылап қайтқан.

Құрдастар бәріміз қазір соның тез қатын алуын күтіп жүрміз.

–  Қатын алғанның қызығын ел айтпағанымен, мен жасырмай тек сендерге айтатын боламын, әй жаманда не сендер де алмайсыңдар ма жаспыз деп жүрсіңдер ме бұйырса биыл он жетіге толамыз,- деп масаттанып кететін. Тым құрғанда қайын жұртқа барғанда не қызық болады екен соны сұрамаймын ба деп ойладым да жүгіре басып Манаттың үйіне қарай тарттым. Қырманнан алыстап ауыл шетіне іліне бере қырман жақтан әлде ненің гүрс ете түскен жойқын даусын естіп кілт тоқтадым да еш ойланбастан қырманға қарай қайта жүгірдім. Қырманға жете өз көзіме өзім сенбей уқалап жіберіп қайта қарадым. Манағы таумая болып үйіліп тұрған дестелер қарманға жайылып тасталып үстінде шаңтас өзінен-өзі дүрс-дүрс етіп шыр айналып жүр. Енді көз алдым толқып кетті. Қырман бір басынан бастап аспанға қарай шұбатыла көтеріле көшіп бара жатады да қайта жерге түседі. Айқайлап жіберуге дәрменім жетпей көмейіме әлде не тығылып қалғандай үнім шығар емес. Екі аяғымнан қалтырап жан кете бастады. Көз алдым шұбартып есімді жоғалтып алдым. Есімді жинап көзімді ашқанымда әлде бір ғаламат жұпар иісі аңқыған жүзінен айдың аппақ сәулесі төгілген қыз аузыма қалақтап су тамызып отыр екен. Менің көзімді ашқанымды көріп құлағыма әлемде жоқ жағымды үнмен:

–    Сен менікісің.,- деп сыбырлады. Сәл салқын десе де мамықтай жұмсақ алақанымен маңдайымды сипап отыр. Тура осы жағымды күйден айырылып қалмайын деп көзімді қайта шарт жұмып алдым. Жаным балқып маужырап барып ұйықтап кетіппін.

Әйелдің шыңғырған ащы даусынан шошып ояндым. Манағы өздігінен шыр айналып жүрген шаңтас тоқтапты да әлгіндегі мені аймалап отырған қызды бауырынан басып қалыпты.

Жалма-жан шаңтасқа қарай жүгірдім, ғайыптан кезіккен асылымды құтқарып алмақ болып. Сол сәтте:

–  Тоқта! Қозғалма! Жетпегір саған әкең айтпап па еді қырманды кеш кіргесін иен қалдыруға болмайды деп, сенен  айрылып қалар едік қой жетпегір сол, – кәрі құдағи маған ұрса құшағына алып мекіреніп отыр.

–  Апатайым, жаным апам менің жігітімді өзіме қайтарып берші, манағы қыз енді шаңтас астынан өзі сүйретіліп шығып келе жатты. Масақтың біреуінде қалдырмай жинап тастаймын, апатай, қыздың сөзінің соңына жеткізбей кәрі құдағи менің құлағымды баса қалды. Одан ары не сөйлескендерін біле алмадым, таң алакеуімдегенге дейін екеуі ұзақ отырды. Әбден жерге жарық түскенде барып, кәрі құдағи маған “түнде көргендеріңді тісіңнен шығарушы болма”,- деп қатаң ескертіп өзі ауылға қарай кетті. Менің қыз жайындағы сұрағымның ешқайсысына да жауап бермей кетті.  Орақшылар келгенге дейін қостың алдында түнімен өздігінен қырман соққан шаңтасқа қарап ешнәрсенің байыбына жете алмай мен отырдым тамсанып.

Ауыл орақшыларының орған бидай дестесін жастар бірден қырманға жеткізіп жинап жатыр. Таңғы шайымды ағам үйінен іштім де кешке дейін ұйықтап алмаққа түпкі бөлмеге кіріп қолыма іліккен әлде нені үстіме жамылып жатып қалдым. Өткен түнім көз алдымнан кетер емес. Талығып барып ұйықтап кетіппін. Жеңгем жұлқылап жүріп әзер тұрғызды.

Кешкі шай үстінде ағам: “бүгін бірге барайын ба”,- деп сұрады. Мен бірден керек еместігін айтып шайымды іштім де қырманға қарай жол алдым.

Қырманға келген соң ең әуелі шаңтастың екі жағына тас жинап, арлы берлі аунамайтын еттім де жинаулы тұрған дестелердің үстіне шығып, айдың буалдыр сәулесі астындағы егін алқабына тімтіне қарап отырмын, кешегі қызды қайталап бір көре аламын ба деп.

Айдың аппақ саулесінен ауылда тіпті қарсы беттегі тауды жалдай өскен қалың қарағай да анық көрініп тұр.  Жан-жағыма алақтап отырып көзім талып кетті. Сүт иісі мұрынды жарған жас дестелердың үстінде отырған орнымда шалқалап жата кеттім. Айналаны күндізгідей жарқыратып тұрған аппақ айға қарап ұзақ жаттым. кенет алыстан талып жеткен қыз күлкісінің сыңғыры естілді құлағыма. Мен жатқан орнымнан жалма-жан атып тұрдым. Мойнымды созып, күлкі үні естілген жаққа  қарадым. Анадайда қырманға жеткізілмей қалған бір дестенің далдасында әлде не бүлкілдегендей болады. Мен маядан сырғып жерге түстім де қырманның қақпасына бара бергенде барып кешегі кәрі құдағидың қырманды ешқашанда қараусыз қалдыруға болмайды дегені есіме түсіп шорт тоқтадым.

Қыз күлкісі енді анық естілді. Сыңғыр-сыңғыр  еткен күлкі үні жанымды баурап барады. Қырман мен қыз арасында қалдым.

– Кел жаным, келші мен сені күтіп тұрмын,- деген қыз даусы құлағыма келгенде бәрін тастап солай жүгіре жөнелмекке ұмсынғанымда алдымнан қақшаңқағып кәрі құдағи сап ете қалды.

– Қайт кері,-деп зекіп қалған кәрі құдағидың зілді үнінен тайсап кейін шегіне бердім де: « кәрі құдағи барайыншы»,- деп  жалына сұрандым.

– Жоқ балам, оған рұқсат ете алмаймын,әлі жассың.

– Апатай тым құрғанда бір көрейінші.

– Жоқ!

– Неге?

– Ол атыз аруы…

– Қалай? –деп барып тосылып қалдым. Есіме ауылдың үлкендерінің ауаша айтатын бір әңгімесі түсті.

 

***

Ол кезде біздің ауыл әлі отырақтаспаған көшпелі екен. Бір бірінен туыстық жақындықтары болмағанымен бір туғандай болып кеткен ауыл адамдары тек менің үлкен атамның аузына қарап билігіне жүгінеді екен. Алдыларында азды-көпті малы болыпты. Қыстан қысылыңқырап шыққан ауылға түнделетіп бір жүргінші келген екен. Атамыз ауыл азаматтарын дерлік шақырып алып:

– Иә, арыстарым менің, маған бүгін құдайы қонақ келді, келсе жай келмепті, бір бұйымтайымен келіпті. Арықарай мен айтпайын сендер қазбаламаңдар. Әр шаңырақ бірден мініс ат, сауын сиыр, ұсақ малдарыңды алып қалыңдар да қалған сирақты малдың бәрін мына кісінің алдына салып беріңдер. Есесіне таудан ойға Тасбұлақтың бойына түсеміз. Сол жерге бір жола қоныс тебеміз, – депті. Әуелде өздеріне жат кәсіппен айналысуды біразы қиынсынғанымен атамыздың айтқанына ауыл болып көнген екен.

Арада бірақ күн еру болып солай шағын ауыл қотарыла ойға түсіпті. Бағы заманнан қалған қабырғаларын жел мен жаңбыр қанша мұжыса да сол әуелгі қалпынан онша айни қоймаған шағын там құжыраларға әр кім өз қалаулары бойынша жайғасыпты. Жайқалған жасыл егінді көріп бәрі де таң тамаша қалған екен. Енді ауыл азаматтары атамыздың қасына қайта жиналысқан деседі. Өмірі малмен қеткен адамдар үшін жер емшегін емудің де қыры мен сырын білуге тиіс екендігін айтысыпты. Сонда атамыз:

«Арыстарым менің, оның бәрі шешілген-ді. Қай күнгі қонақ осы егінжайды қарауға жалғыз бикесін қалдырып кеткен Жамал атты. Шебер құдай біздің де алдымызға бір сынақ тастағандай. Ол қазір біздің көзімізге көрінбейді екен. Тек күзгі жиын терін кезінде қырман күзеткен алғашқы азаматқа жолығып неке суын ішкеннен соң ғана адам бейнесіне еніп көзге көрінеді».

Осы сөзді естіген басқа – басқа ауыл жастары күзгі жиын терінді асыға күткен екен.  Бәрі дерлік үйді тастап қырман басында түнеп жүріпті.

Жап-жасыл болып жайқалған бидай әбден пісіп жетіліп сап алтындай сарғайған бір түні. Қырман күзетіндегі жігіттер тосын бір жайға кез болыпты. Түн ортасы ауа баяу есіп тұрған самал жел аяқ астынан құтырынып сұрапыл дауылға ұласыпты.  Аспанды торлаған алашарбы бұлт қара түнекке ұласып жерге бір тамшы жаңбыр тамбай-ақ жер әлемді зелзала қылып найзағай ойнаған екен. Үркердей болып ұйлыққан жігіттер жай отының жарқылынан жайқалған егіннің тау жағы төңкеріліп өздеріне қарай аунап келе жатқанын көріп ауыл жігіттері жан ұшыра ауылға қарай шырқырай қашыпты.

Сол кезде он беске енді толған жеңгелері әумесер Жәкен атап кеткен балаң жігіт қана қасқая қарап тұрған екен, қолына қырман ортасында жатқан майқанды алып. Қашқындардың соңы ауылға жеткенде әлгі аласұрған есер боран кілт тоқтап  жайқалған бидай арасынан аппақ көйлек киіп басын аппақ шәлімен тұмшалай қорған қыз ай сәулесімен шағылысып жігітке қарай келіпті.

Ала жаздай сарыла күткен асығының жүзін көруге асыққан жігітті қыз бірден тоқтатыпты.

– Азамат қағида бұзуға болмайтын! Қағида бар, әкем ескерткен қағида. Неке оқылмайынша менің дидарымды көруге болмайды.

Ақыры айдаладағы бейтаныс аруды жетелеген Жәкен атамыздың үйіне  тура тартқан екен.

Жамалға ауыл адамдары әуелде үрке қарап жүргенімен кейін келе әбден үйірлесіп бауыр басқан екен. Егін жайын осы біздің кәрі құдағи Жамал-бикеден үйреніпті. Жәкен мен Жамалдан жалғыз қыз туылған екен. Оны менің Ерағам алған.

Қас-қағым сәтте осы әңгіме ойыма орала кетті.

 

***

– Апатайым ол сенің сіңілің ғой, жіберші мені, – деп жалына бастадым.

Ауылға қайтпақ болып қозғалған Кәрі құдайғидың етегіне орала жалынып жібермей қойдым. Ақыры ол:

– Жарайды балам! Сен әуелі сөз бер маған. Менің айтқандарымның бәрін орындаймын деп, – деді.

Мен бірден:

– Апатайым-ау, оны бір көрсем болды не айтсаң да бұлжытпай орындаймын, міне басым,міне қасық қаным,– деп ант- су іштім.

Кәрі құдағи қолына бір уыс масақ алды да басын үгіп қызыл бидайды алақанында сапыра қауыз-қыбығынан арылтты, маған ұсынды да:

– Мынаны қалтаңа сал. Сосын мына майқанды жерден көтермей сүйретіп отырасың. Әр жеті қадамда бір тал бидайды жерге тастап отырып тура тауға қарай тарта бер, тауға жете көз алдыңа ешнарсе көрінбей қалады, қорықпай тура жүре берсең, алдыңнан үлкен ішінде жылтыраған оты бар үңгір келеді. сонда кірген соң қалтаңдағы қалған бидайдан тек бір талын ғана алып қалып қалғанын шашып жіберсең менің төркініме жетесің. Саған кезіккен менің ең кенже сіңілім, сенің құрдасың. Ол да сені асыға күтіп отыр. Тек қалтаңда қалаған бір тал бидайға ие бол. Одан айырылсаң кері қайтар жол жабылады. Менің және менің туғандарымның бар жағдайын сол жерден білетін боласың, –деп менің жолға салып жіберді.

Тура кәрі құдағидың айтқанындай үңгірге келдімде бір тал бидайды ғана бөлек алып қалдым да қалғанын шашып кеп қалғанымда жер ойлып кеткендей болып төмен қарай құлдилап құлап келемін, не бір замантта барып аяқ астынан жап-жарық әлемге кез болдым да, әлден уақытта жұп-жұмсақ бір нәрсеге құлап түстім де, аппақ мамыққа көміліп қалдым. Мамықтан тура атыз қызынан ескен жұпар иіс аңқып тұр.

Орнымнан тұрмаққа әрекеттене бастағанымда мені әлде бір жойқын күш лып еткізіп мамық арасынан жұлып алды да, көзіңді ашып жұмғанша әлде бір таңғажайып кең сарайдың ішіне алып кірді.

Кең сарайдың кез келген жері бидай масағымен әспеттелген, бар дүние алтын сары түспен боялған екен. Сарай төрінде алтын тақтың үстінде сақалы бидай кірпісіндей сапсары болып кеудесін жауған шал отыр.

Мені бірден қасына отырғызған ол:

– Хош келдің балам, бұл жаққа адамзаттың өз білгенімен жетуі мүмкін емес, сені Жамал бике жібергенін біліп отырмын.

– Хош көрдік ата, – дедім мен де айналамдағы әсемдіктен әзер есімді жиып.

– Тым ұзаққа қалдыра алмаймын,  бұйымтайыңды айта отыр сосын қайтатын боласың кері, – деді шал сақалын саусақтарымен салалай тарап отырып.

Өз табиғатымда жоқ әлде бір батылдықпен сарнай жөнелдім мен. Атыз аруы туралы менің айтқанымды әбден тыңдап болған ол:

– Балам сен орындалмас нәрсені қалап отырсың, әрине қателік сенен емес менің ерке кіші ханшайымымнан кеткен. Әпкесін сағынғасын көріп қайтуына мен рұқсат еткен едім. Енді міне соның азабын сен таратын болдың.

– Ата Жамал-бике де біздің ауылда ғой қызыңызды алып кетуіме рұқсат етіңізші.Мен жылап отырып жалына бастадым.

– Жоқ балам, сен әуелі жақсылап тыңда сосын мені де түсінетін боласың. деп бір әңгімені бастап кетті.

 

«Жер бетін әуелде адамзаттан бұрын мекендеген екенбіз. Жаратушының жазасы – әлде жарылқауы біздің мекенге адамзат келіп қоныстанды. Әуелде адам тұттай жалаңаш әрі барынша әлсіз еді. Біз жаратушының бұйыруымен оларға киім бірдік, әуретін  жапсын деп, ал адамның өмірдегі бар мақсаты жаратушысына деген құлшылығы еді.

Ол құлшылығын үзбей жасау үшін біз тіршілігіне жәрдем бердік. Араға қанша заман салып адамдар әуелгі мақсаттарын ұмыта бастады. Тіршілікке баса мән берді. Өнер үйренді. Жойқын күшке ие болды. Сазды әуенге елітті.

Жердің бір қыртысы мүжіліп біткенше олар біздің бар өнерімізді үйреніп алды. Тек қана ішінаралары ғана әуелгі болмысына адалдық танытқанымен, өз ортасы көп нәрсеге мұрсат бермеді. Оларға тек бір жаратушысын ғана сүйуге рұқсат берген еді, ақыры олардың сүйетіндері көбейіп кетті. олардың бар махаббаты тек жаратушысына ғана болуы керек еді, олар бір бірімен махаббаттасыпты».

Шалдың күңірене айтқан сөзінен басым айнала бастады. Сөз соңына қарай: «сол адамдардың кесірінен әуелі от патшалығы жер астына көшті, одан су патшалығы, тау хандығы, орман патшалығы, несін айтасың жер бетіндегі әр нәрсенің өз патшалығы бар-тұғын, соның бәрі орнын адамға біртіндеп босата бастады. Соңғы қалғаны біз едік… Бізді де жер бетінен аластау керек болғанын біліп, мен сенің атаңмен жолыққан едім. Қара таудағы қасиетті үңгірге тасаттық беріп қанға толтырың сол кезде әлем қақпасы ашылып біз осында адамдардан таса ғұмыр кеше аламыз. Әр патшалықтан бір ғана тұқым жер бетінде қалып адамдармен қатар өмір сүре алады. Бізден Жамал бике адамдар арасында. Оның жер бетіндегі дәмі таусылғанда осында оралады. Сол кезде ғана Арна бегімді адамдар арасына жібере алмын, одан бері үміттенуші болма балам. Енді жолың ашық қалтаңдағы бір түйір бидайды таңдайыңа бассаң қасиетті үңгірге жететін боласың, жолың болсын балам бар енді,- – деп қолтығымнан демеп тұрғызып жіберді. Сонша таңғажайып дүниені басынан өткергеніммен маған анда жолыққан қыздың Арна бегім екендігін білгеніммен, оған кезіге алмағаныма, оның ай дидарлы жүзін көре алмағаныма  қорлана бидайды таңдайыма бастым.

Ғайыптан тайып, ауыл жанындағы үңгірдің аузына жеттім. Үңгірден шыға келгенімде алдымда Кәрі құдағи күтіп тұр екен. Құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз үнмен шиқылдай күліп:

– Менен «қашан өлесің» деп сұрамайсың ба,-– деп мені бас салып алқымымнан езе қылқындыра бастады.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.