– Жібер мені! Жібер!.. Ол өзінің ащы дауысынан шошып оянып кетті. Түннің қай уағы екенін аңғара алмады. Жап-жарық күміс айнадай жарқыраған аппақ айдың ақшулаң сәулесі машинаның алдыңғы терезенінен тура бетіне түсіп тұр екен. Манағы төпелеген қатты жаңбырдың басылғанына қуанды. Кеше ғана орақтай болып жұқарып кеткен ай қалайша бүгін толып кеткен деп ойлады да қойды.
Жігіт әлгінде ғана түсінде мойнына жыланша оратылған аппақ қыздың білегінен әлдебір таңба қалды ма деген кісіше шалқалатқан машина орындығын тіктеп, тамағын әлсін-әлі сыйпалай берген. Өзі отырған жақтағы терезесін аз түсіріп, сосын бір тал шылым тұтатты да ауыр күрсініп машинаны оталдырды.
– Қатты шаршаған екенмін-ау, – деді сосын өз-өзіне күбірлеп. Машинаның алдыңғы шырағын жағып орнынан қозғала бере іштегі айнадан арт жаққа қарасын. Селк ете түсті… Манағы түсіндегі аққыз. Қол-аяғы қалтырап артқы орындыққа қарасын. Ешнәрсе жоқ. Сосын барып жүрегі орнына түсіп, көлікті қозғалта бере айнаға қайта қарасын. Бұл жолы тура жон арқасынан суық тер бұрқ ете қалды. Манағы қыз әлі отыр. Ол енді машинаны меңгере алмай қалды. Басқарусыз қалған темір тұлпар бір жұлқынып барып өшіп қалды. Сыртқа шығып кетпекке жанталассын… Есіктің іштен ашатын тұтқасын таба алсашы…
Мың рет, тіпті одан көп рет бірде-бір жаңылмай тура қолға ұстауға арналған есіктің ішіне қарай кірген кішкентай қазан шұңқырдағы ілгек қолына ілінер емес… Алқынып кетті. Енді дығдыры құри бастады… Арт жаққа қарауға дәті жетер емес… Анда-санда бір айнадан жалт еткізіп көздің қиғын өткізеді… Қыз үнсіз. Арада сүт пісірім уақыт өткенде машинаның жарығы өздігінен жалп етіп өшіп қалсын. Сосын қайтадан жарқ ете қалып барып қайта өшті… Енді машина өздігінен теңселіп арлы-берлі жұлқына бастады… Осы кезде барып арт жақтағы үнсіз отырған қызға тіл бітіп:
– Жұм көзіңді! Ашушы болма, тез жұм! – деп оның көзін екі алақанмен жаба қалды… Алақаны тастай суық екен, қабағын қарып барады… Босанбақ болып тырбынып еді… Қыздың сыбырға жақын дауысы құлағының түбінен:
– Қозғалма… Қорықпа… Қимылсыз жатып алсаң сәлден соң кетеді, – деп күбір ете қалды… Талықсып барып талмаурып қимылсыз қалды… Енді машина да тыныштала бастағандай… Тек сыртта әлдененің гүркіреген жойқын дауысы құлақ тұндырады. Қыздың мұздай суық алақанының суығы енді беттен өтіп миын шым-шым еткізіп шанышқылай бастасын…
– Қолың бетімді қарып кетті… Алшы… Оның дауысы үзіліп-үзіліп әзер шықты. Тісі тісіне тимей сақылдап кетті.
– Ім..ім… Сенің бойыңда тұмар бар ма еді?.. Қыздың қинала ыңырсыған даусы әзер естілді.
– Иә бар… Әжем берген… Жігіт те ернін әзер икемге келтірді.
– Сол тұмарды алып маған бер!.. Қыздың дауысы бұйрыққа жақын естілді.
– Жоқ олай істей алмаймын…
– Онда екеуміз де мұзға айналып кетеміз…
Жігіт қатып қалған саусақтарын әзер икемге келтіріп кеудешесінің ішіндегі тұмарды зорға дегенде жұлып алды да тастай суық қызға ұмсына берді. Алақанынан тұмар шыға бере әлгіннен бері қатып мұздап бара жатқан денесі лезімде жадырап жылына бастады. Алғашында көк аяз болып қарыған қыздың алақаны енді жанын балқытып бара жатыр… Алғашқы қорқыныш үрейдің барлығы әдіра қалған. Тәні сүйсініп ұзаққа дейін үнсіз жатып бір заманда барып ұйқыдан шошып оянғандай басын оқыс жұлып алып машинаның арт жағына қайта қарасын… Жүзінен аппақ сәуле шашқан аппақ қыз отыр. Қолын созып қыздың сүйрік саусақтарынан ұстады. Жып-жылы жұп-жұмсақ. Бұл қыздың ғайыптан пайда болғаны есіне түскенде денесі қайта дір ете қалды. Алқынды. Аптықты. Абдырады. Апасының «адам таза жүрмесе албастыға кез болады» дейтіні есіне түсті.
– Сен кімсің? Қайдан пайда болдың? Албастысың ба? – деп сұрағанға айдай жамалды қызды қимады.
– Мен менмін… Айдың қызымын… Менің атым жоқ… Кім деп атағың келсе солай атай бер…
– Қалай, аты жоқ адам бола ма?
– Жоқ! Мен адам емеспін.
– Онда сен…
– Айдың қызы… Мен біреу ғанамын… Бүкіл осы жаратылыста біреу ғана… Жалғыз болған соң да менің атым жоқ…
– Сені аққыз десем бола ма?
– Өз еркің…
– Қайда барасың?.. Жеткізіп саламын…
– Еш қайда да бармаймын.
– Менің кетуім керек.
– Кете алмайсың…
– Неге?
– Саған жол жабылған…
– Қалай?
– Жолдың қағидасын бұздың.
– Не?! Жігіт шақ ете қалды.
– Ақырын, естіп қалады…
– Кім?
– Жолдың қарақшысы…
– Ертегі айтып отырсың ба?
– Тыныш, тағы келе жатыр… Таң атқанша аман қалсақ құтыла аламыз.
– Таң тез атса екен…
– Көзіңді жұмып өткеніңді ойлауға тырыс…
– …
Жігіт үнсіз көзін жұмды. Қыз мойнындағы ақ орамалын жігіттің бетіне жапты.
***
– Апа, мен қаладығы әпкеме барып келемін, – деді таңертеңгі шайын шаңқай түс ауғанша ұйықтап енді ішпекші боп отырған балаң жігіт толқынды шашын кері серпи, басын сілкіп тастап.
– Не? Балам түс көрдің бе? Биыл жауын жоқ шөптің барлығы күйіп барады. Азда болса бірдеме жинап алмасаң қыста малға не береміз? – деп ақ кимешекті кемпір баласына кесені беріп жатып зірк ете қалды.
– Ойбай, апатайым-ау, сол да сөз бе?! Бүгін шығам да, ертең бір қонып, жездемнің құлағын бір түн бұраймын да арғы күні шауып жетіп келем. Астымда судай жаңа машина, кешке шықсам таңға жетемін… шөп дегенді сосын ексем де, орсам да табамын… Қыңқ етпей таудай етіп маялап тастаймын…
– Жарайды… Жарайды… Барсаң бар… Бірақ жолға бүгін емес ертең шық…
– Неге, бүгін шығуым керек…
– Балам бүгін айдың соңғы сәрсенбісі…
– Е, не бопты?.. Сенбі күні таңертең жетіп келем.
– Қой балам соңғы сәрсенбінің жолы ауыр…
– О, о, айдың соңғы сәрсенбісі атам сені алып кеткен… Дәм деген сол… Бақсы шал болмаса туған жиеніңе тиесің бе?!. Жарықтық өзі де жанып тұрған от еді-ау, ә?! Күніне он рет айтатын әңгімең… Не, атам есіңе түсіп кеттіме?!. хы..хы.. хы… Жылайды енді… Содан келіп әкем туылып, қарқынан шықпай жатып шалың өліп қалды… сондағы жынды шалдың айтқаны айдай анық келді… Жынды деп жүрсеңдер сол нақ әулиенің өзі екен… Е, сұм дүние-ай, солай да солай… Айдың соңғы сәрсенбісі өліп қалған шалыңның артынан кете қалайын деп ең шырқырыған құлыныңның дауысын естіп қимай қалдың… Әйтпесе мынау сұм жалғанда құдай қосқан қосағыңнан айырылып несіне өмір сүресің… Қойшы апа… Балаң жігіт апасын жорта мазақтап отыр. Кемпір шынымен жылай бастады.
– Құлыншағым Жаныс та тура сен ұқсап ақымақ қылып отырып кетіп қалған… Сол құдай атқыр айдың соңғы сәрсенбісінде. Кемпір одан ары сөзін жалғай алмай булығып қалды.
– Тағы бастадың, апа… Сол құрғыр қыл құйрыққа қызықпа дедің… Қамшылар жақ артқы аяғының аласын көргенде-ақ айттың… Жемтіктің басына жүгенмен бір салда қуып жібер деп… менің әкем де сол айтқанды ұғатын ба еді… Жабысты да қалды… Кісі басына шапшып тұрған шу асауды сол айдың соңғы сәрсенбісі күні үйрете қоямын деп… шылбырға оратылып жата қалайын деп ең құрғыр Жанысыңның достары тұр екен қаумалап… Шешесі не деген көкбет еді деп ойламасын деп тартынып қалғаның… Несіне ойлай қалдың?.. Әйтпегенде құлының көз алдыңда жүретін еді ғой… Иә апа… Балаң жігіт тағы сықылықтап күлді… Кемпір шылауышының ұшын тістеп жылап отыр…
– Содан апа… Әкем де сөз тыңдамайды ғой ә… А… Айтпақшы атам марқұм өзіңді алып келе жатқанда да сол сары жұлдызды көрген екенсің ғой… Сары жұлдыз туралы қанша аңыз айтып бердің маған.. Бір аймақты астықпен, матамен қамдап отырған бүкіл керуенді қырған… Құдай да құдай болғанда адамдар әупірімдеп жүріп аман қалып кіредегі бүкіл есегі қырылып қалған… Соны неге өз аты Есек- қырғанмен атамай «сары жұлдыз» дейсіз… Бейшаралар таң атып «шолпан туған екен» деп жолға шығып кетіпті – мыс. Әйітпегенде аман болар ма еді… – деп, әкем алып келген алаяқ атты таң атардан бұрын босатып жіберейін деп далаға шығып, сары жұлдызды көрген соң қорқып қайта келіп жатып қалдың ғойғ иә… Әдірәм қалғыр сары жұлдыз аларын алып алған. Несіне қорқа қалдың екен… Босатып жіберуің керек еді… Апа сонымен тағы не қалды… А… Құлының Жаныс кесапатты алааяқ атты жетелеп бара жатып сені елемей ай-күні толып босанғалы отырған келіншегіне дұрысы менің шешеме (ол да қой аузынан шөп алмас жуас еді байқұс): «Ау Ләйла апамның көңілін өзің табасың… Мен бүгін келмеймін… төменгі ауылда той, соған барып ертең бірақ қайтам» дегенде… «Тоқта» деп артанан тұра жүгіріп едің мына құрғыр шор тізең бастырмай, жете алмай қалдың ғой ә… Ау, апа… Ау, апа, тағы айта берейін бе?!…
Әке-шешесінен жастай жетім қалып өлмелі кемпірдің алақанында әбден еркелеп өскен балаң жігіт күндегі әдетінше әжесін шамдандырып отарғаны. «Содан Жаныс құлының жоқ. Ат сүйреп өлтіріпті… Айтпақшы сол қанды сәрсенбіде мен туылыппын… Бейшара бақытсыз бала-ай… Мені туа сала шешем де әкемнің артынан кетіп қалыпты… Е, онікі де дұрыс болған… Сен ұқсап қан құсып, қасірет жұтып отырғанша ерте кетіп қалғаны… Бәрін қой енді осы жалғыз тұяғың аман болсын… Бұның өзін анау төрдегі ілулі тұрған көк бұршақты мойнына салып, таңнан таңға нәр татпай құдайдан жылап жүріп әзер тілеп алған… Осы шаңырақтың түтінін жалғастырсын деп атын Жалғас қойдың… Төркіннен асырып алған қыздың кейпі анау. Тым құрғанда жақын жерде емес… Әзер оқытып жеткіздім дегенде байсыз қалардай қалаға қашып кеткен… Осы ауылдағы Ерсін артынан қанша жүгірді, соған-ақ тие салу керек еді… Мына бейшара құлының шөп шауып жер жыртып жанын қинамас еді… Әншейін алпамсадай Ерсін апырып-жапырып барлығын істеп салар еді…»
Бала жігіт енді ерні ерніне тимей сайрай бастады… манағы апасының берген шайы суып, оған шыбын түсіп кетіпті… Сөз желігі ұстап аңғармаған ол суық шайды өлі шыбынмен қосып қауып ұрттап жұтып жіберді… Айтуға үлгермей қалған кемпірдің қаны енді басына бірақ шапса керек, қолындағы ожаумен немересін қақ маңдайдан тарс еткізіп салып қалды… Кемпір ашудан булығып қалған үн шығар емес.
Өмірі бүйтіп тәтті етіне ащы таяқ тиіп көрмеген жігіттің көзінен жас бұрқ ете қалсын. Алдындағы кесені төңкере салып сыртқа қарай ата жөнелді.
Алып ұшып үйдің алдында қаңтарулы тұрған машинаға жеткен жігіт ішке кірді де есікті тарс еткізіп жауып кілтті бұрасын. Кеше ғана от алып жүріп тұрған машина мыңқ етпейді… Ток келмей қалған болар деп мотор тұрған қақпағын ашып арлы берлі шұқылап көрді, үн жоқ… Өңі қап қара түтек болып түтеп кеткен… Артынан іле-шала шыққан кемпір немересінің қасына келіп кемсеңдеп аз тұрды да, өзін тыңдамасын білген соң көрші үйге қарай жантаңдап сүйретіле кетіп бара жатты.
Кенет шайдай ашық күн қараптан-қарап бұзыла қалсын… Тау жақтан жөңкілген қара бұлт күркірей, сіркіреп өте шығып, тура үйдің артындағы кісі құшағы жетпейтін нән қарағайға жәй түсіп қақырап қалсын… Оны елер бала жоқ… Алқымына тығылған өксік көзін шұбартып ешнәрсе көрсетер емес… Жақын жерге түскен жайдың кереметі ме, әлде басқа ма, әйтеуір манадан отала алмай тұрған машина өздігінен дүр ете қалды. Машинасына енді отыра бергені сол еді, көрші қазық аяқ жесір шал таяққа сүйеніп, бір аяғын жерге сүйрете машинаның алдына келді де жап-жаңа машинаны жаман таяғымен салып-салып қалсын.
– Ау! Жалғас… Өшір мына елегеніңді… Тоқта… Қайда кетіп барасың… Өлмелі кемпірді қайда қалтырып барасың? Шал ашулы иегіндегі шоқша сақалы дір-дір етіп аузы көпіршіп кеткен.
Атасымен құрдаспын деп апасының қаймақты күрең шайын үнемі келіп ішіп тұратын шалға сіз деп сыйлап емес, сен деп сөйлеп үйреніп кеткен жігіт:
– Кімге несі… Жесір кемпір, жетім шал… Саған қалтырып кетем… Кемпір қылып аласың…
– Оһ…оһ… Өзімнің кемпірімнен әзер құтылғанда сенің өлмелі шешеңді не қылам, кетер болсаң алып кет!
– Ойбоой… Саған біреу шешесін бергелі жатыр еді?!. Сенбі күні қайтып келем… Үміттенбе… Қақпас…
– Бүгін жолға шықсаң келе алмайсың…
– Ех… Сәуегейім-ай оны қайдан білдің…
– Айдың соңғы сәрсенбісі сенің ұрқыңа жабысқан пәлекет…
– Айтасың-ау айтасың… Сен қақпастың да сол апамнан асып тұрған ақылың шамалы-ау… Айда босат жолды!.. Қозғалытқышты іске қосып машинаны алға қарай жылжытып қалғанда шал тәнтіректеп жолды босата беріп, ашық терезеден ақ сөңке болып мүжіліп кеткен таяқпен құлақ шекенің тұсынан көсіп қалған.
***
Көзі қарауытып барып бір сәтке есін жоғалтқан жігіт қиқар шалды артқа қалдырып, денесі машинамен бірге әуеде қалықтай, көз ілеспес жылдамдықпен ауылдан шығар күре жолға қарай заулай жөнелген. Қақпадан шыға бере көршілерінің үйінен атып шығып жолды кескестеп өтіп бара жатқан қап-қара мысықты баж еткізіп мыжып өте шыққан. Заулай жөнелгенде ауыл сыртындағы жанаса өтетін кең күре жолға қосылған асфальтты бұрма жолмен емес ауыл шетіндегі жақықпен тура тартқан. Алаңқайдың ортасында балалар қураған шырпыларды үйіп өртеп жатыр екен. Басқа жүрер із таппағандай оттың басында жүрген балаларға күл қаптырып, бұрқ еткізіп күлін көкке ұшырып өте шыққан… Осы ауылдағы Ақай кемпірдің он жасар немересі бетін жапқан күлді жеңімен сүртті де жерден бір уыс топырақты алып шашып қалсын… Жас болғанмен тілі удай ащы.
– Өз күлің осылай көкке ұшсын!.. Астыңдағы елегеніңнің доңғалағы жарылып жолда қал!..
Баланың шарылдаған дауысын естіген жоқ. Күре жолмен көсіле сызып келе жатқан ауыр жүк көлігінің алдына түсіп кетпек болып газды баса түскен. Арада қас-қағым сәт қана. Барқырай шыққан жүк көлігінің сигналымен қатар шұғыл берілген тежегіштің шиқылы… Ыңыранып барып әзер тоқтаған жүк машинасының алдын сүріп кетуге шақ қалып үлгерді… кабинадан секіріп түскен жүргізушіге де қарамай зымырай жөнелсін…
Машинаны ала сала жаңадан ауыстырған соңғы үлгідегі магнитафонын бар дауысымен бақыртып қойған. Мағынасын өзі түсіне бермейтін бір даңғаза… Гүп-гүп еткен дауыс бар жылдамдықпен кетіп бара жатқан машинаны солқ-солқ еткізеді. Тақтайдай түзу жол. Жап-жаңа машина. Шегіне жеткен жылдамдық. Құлақты жарар музыка. Жігіт жынданған адамша сақ-сақ күлсін кеп. Көз ұшындағы шырғалаң шырағын жағып қойған машина көрінеді… Әні-міні дегенше жетіп келді. Жүргізуші жақ есігін ашып қойған мосқал еркек шамасы доңғалағы жарылған болса керек. Машинасының бір жағын көтеріп қойып жол тосып тұр. Әріректе кішкентай сәбиін құшақтап бір жас келіншек тұр. Тоқтамаққа ниеттенді. Газды жіберіп тежегішке аяғын апара бере ол ойынан тез айнып, қайта газды басып кете берді… Ол осы жүріспен біраз жолды еңсеріп тастады. Кеш бата айнала қара түнекке айналып жаңбыр шелектеп құя бастады. Жаңбырдың қаттылығы сонша терезе тазалағыштың өзі сүртіп үлгіре алмай қалды… Жол әзер көрініп келеді… манағы зымыраған қарқын әдірәм қалған, өгіз аяң, баяу еді… Енді ол машинасын жолдың шетіне доғарды да орындықты сәл шалқалатып аз-кем көз шырымын алмаққа шалқалай көзін жұмған. Көзін тарс жұмып жатып апасы туралы ойлады… Неге сонша шыр-пыр болды екен, ә? Көз алдынан апасының бейнесі кетпей қойды… Енді апасы баяғыдан сан мәрте қайталап айтып беретін хикаятын бастап кетті. Апасының айтқан әңгімесі көз алдына тура сол кезде өзі қастарында бірге жүргендей елестей бастады.
***
– Шық үйден шық!.. Кет бұл жерден!.. Батыр қараңды!.. Беліне ала арқанды неше қабат қылып орап алған жынды шал алты қанат киіз үйде түнгі сауықта отырған қалың жастың арасына келіп, төрде домбырамен халық әндерін құлақтың құрышын қандыра шырқап отырған сері жігітті қолындағы аса таяғымен төпелей жөнелген.
– Қайтеді ей мынау… ұста ананы…
– Қайдан келді өзі шырықты бұзып?!…
– Неге кіргізесіңдер?!
Жан-жақтан шулаған жұрт қаңбақтай ғана шалды тарпа бас салды да желкесінен түрулі тұрған есіктен сыртқа итеріп шығарып жіберген…
– Қуыңдар ананы… сәтсіз күні жолға шыққан… ауылға кесапаты тиеді…
Жынды шал өзеурей айқайлап барады…
– Бейшара мұндайы жоқ еді… Айып етпе жиен… есі шалаң адам ғой…– деді жүкке арқасын сүйеп отырған жігіт ағасы күрсініп.
– Топырлаған жұртты көріп, саңқылдаған әнді естіген соң жыны қозып кеткен ғой,… – деп сәл төмен отырған балаң жігіт жаңағы жігіт ағасына қарады. Шамасы ділмарсығаны ұнамаса керек оқты көзімен ішіп жеп қарап отыр екен, балаң жігіт көзін тез тайдырып әкетті де «Есі дұрыс па, мен не жаздым» деп ішінен күбір етіп көмейіне келіп қалған сөзін жұтып қалды.
– Оқасы жоқ ағасы… бұғанда үйреніп қалғанбыз… Осы жынды атаулының мені көрсе бір бәлесі бар… – деп қолына домбырасын қайта алған жігіт ары қарай бір әңгіме бастай жөнелді.
Күміс көмей әншінің ән салғандағы дауысы қандай асқақ болса, сөйлегенде де солай күмбірлеген қоңыр дауысы құлаққа сонша жағымды екен.
– Біздің ауылда да тура осындай бір жынды шал бар. Не бәлесінің барын қайдам мені көрді болды жыны ұстайды да қалады… Қарадай жер сабалап қуады да жүреді… Мен ес білгелі сол… Бала күнімде қатты қорқатын едім. Келе-келе оған да үйрендім. Жарайды… Нағашыларымнан қырық серкешімді алам деп келгенде жынды шалдан таяқ жегенім сәл нелеу болмаса… Десе де мына жиен жасық екен деп қалмаңыздар, тағы біраз ән салайын… – деп домбыраның құлақ күйін келтіріп, отырғандарға жағалата көз қыдыртқан. Басына үкілі кәмшат, үстіне оюлы камзол киген әдемі аққұба қыз бота көздерімен кірпік қақпай өзіне тесіліп қарап отыр екен. Қызға тесіле қалған оның өн-бойын бір ыстық ағын қуалай жөнелген. Ылғида түсіне кіріп ән салдырып жүретін қаз. Тура сол. Дәл өзі.
– Қалың жұрттың ішінде өзіне үздіге қараған жігіттен ұялған қыз жанарын тез тайдырып әкетті. Аққұба беті алаурай қызарып, сәл күлімсірегенде пайда болатын бетінің шұңқырына барып ұялап қалды.
– Ал, жиен әніңді баста! – деген жігіт ағасының саңқ еткен даусынан селк етіп есін жиып алған жігіт өзінің әбестік жасағанына ұялып, күп-күрең болып тотығып кетті. Көмейіне тығылған әнді бастай алмай домбырасын ұзақ бебеулетіп, бір сәтте әзер бастады-ау әйтеуір.
Біразға дейін ән салған жігіт маңдайының терін сүрте отырып:
– Ал, енді қара ормандай қалың нағашыларым, мен қыдырманың қырық ауызын айттым… Ауылдың алты ауызын енді айтатын шығарсыздар, – деп домбырасын өзімен қатар отырған жігітке ұсынды.
– Жо… Жоқ. Атама жиен… Біздікі әншейін әдетте ауыз жаппас, той десе өлең таппас болып отырған жайымыз бар… Деседе ауылды елміз ғой… Біз айтпасақта анау нағашы қарындасың Айнамкөз ептеп ән салады, соған бер, – деп манағы өзінің жүрегін дір еткізген аққұба қызды иегімен нұсқады.
Қымсына ұялып төмен қараған қызға отырғандар:
– Айта ғой айналайын… Алыстан келген жиен нағашыларым өнерсіз, өресіз екен деп қалмасын, қысылма айта ғой! – деп кеу-кеулесіп кетті.
– Ұялма қалқам, менікі де сол шамалы барылдаған дауыс қой… Мен де сол жиен мөндібас біреу екен демесін деп нағашыларым кінәламасын деген ой ғой, – деп орнынан лып етіп тұрды да, Айнамкөздің алдына келіп бір тізелеп отырып домбырасын ұсынды.
Айнамкөз әнді анау айытқаннан да керемет салады екен. «О, бәрекелді» десіп жұрт қайта-қайта дүрлігісіп отырды. Енді олар кезектесіп салып отырды. Бара-бара бір біріне қосылып шырқады. Дауыстары да бір-біріне сай. Отырғандар әнді айыздары қанғанша тыңдады. Сызылып таң да атты. Таң ата әнде тоқтап тамашашы топ әсем әннің ырғағы буындарына түсіп үйді-үйлеріне теңселе қайтты. Сауықшыл топпен бірге Айнамкөз де кете барды, үйіне. Сыртқа шығып қыз соңынан ұзақ қарап тұрған ол қасына түндегі жынды шалдың қалай келіп қалғанын аңғармай қалды.
– Кет бұл жерден! Кет кесапатты жиен! Шал қасына келіп күңк ете қалды. Дауысы зәрлі. Белін шатпақтап орап алған арқанымен үстіне киген алба-жұлба киімі болмаса шалдың сөйлеген сөз, бет әлпетінен есалаңдығы көрінбейді.
– Неге?! Жігіт шынымен сұрап тұр.
– Кеше жолда жатқан түйіншекті неге алдың?
– Оны қайдан білдіңіз?!
– Сен сәтсіз күні туылғансың… Әкең ішті малды тепкен екен… Содан… Кешегі түйіншек жолыңды күткен кесапат!.. Балам босқа шатылғансың… Енді бұл сенің ұрқыңа жалғасады…
– Қойыңызшы қайдағыны айтпай ол қайдағы кесапат…
– Әне, анау төбенің басындағыны көрдің бе? Шал оның жеңінен тартып киіз үйдің далдасында қалған төбеге қарай жетеледі.
Төбенің басында тұрпаты не адамға не аңға ұқсамайтын бір кұбыжық бұған тесіле қарап тұр екен. Төбе едәуір алыс болғанмен ол құбыжықты анық көрді.
– Ол не?! Оның қол аяғы дірілдеп сала берді.
Осы кезде үйден нағашы ағасы шыға келіп:
– Ау, жиен неге сілейіп тұрсың… Денің сау ма? Неге сонша бозарып кеткенсің? – деп келіп қолтығынан сүйей берді.
– Нағашы ана төбенің басындағыны көрдің бе? Ол төбе жақты нұсқап тұрып, өз көзіне өзі сенбей көзін қайта-қайта уқалап жіберіп қайта қарады. Жаңағы құбыжық ізім-ғайым жоқ.
– Қой ары ешнәрсе жоқ. Шаршағансың ғой, – деді нағашысы күліп.
– Жынды шал қайда кетті? Жаңа сол көрсеткен.
– Қой бала! Сенің көзіңе жәй бір нәрсе елестеген шығар ол шал түнде-ақ кетіп қалған. Сен манадан бері жалғыз өзің тұрсың. Қой енді кір үйге. Үйге қарай оны жетелей жөнелген.
– Мен анық көрдім… Анық көрдім,… – деп өз-өзіне күбірлей жүріп үйге кірген ол жұмсақтап салынып қойған төсекке жатқаннан соң көпке дейін ұйықтай алмады. Шешесінің «әкең марқұм сені туатын күні «жауалғыр буаз құла биені жетекке жүрмеді деп ішінен бір теуіп едім, ішіндегі құлыны шыңғырды, сол дауыс құлағымнан кетпей қойды, бір түрлі адамның дауысы сықылды естілді, осы пәлекет мені қоймас» деп сарнап жатып бір жетіде-ақ жүріп кетті» деп айтып отыратыны есіне түсіп, қорыққанынан қалшылдап кетті. Қалшылдап жатып көзі ілініп кетті. Көзі іліне түс көріп, бастырлып қалды. Жынды шал көрсеткен құбыжық мұның алқымынан алып жабысып қалыпты дейді… Жібермей буындырып барады екен. Анадайда жынды шал шыр көбелек айналып, жер сабалап жүр: – Кет пәлекет кет! – деп. Оны айқайлап көмекке шақырмақ еді дауысы шықпай қойды. Шал мұны көрер емес. Өлген жерім осы-ау деп талықсып құлап бара жатқанда анадайда суға Айнамкөз кетіп бара жатыр екен дейді.
– Айнамкөз! Оның дауысы тұншыға әзер шықты. Айнамкөз бұларды көре сала шелектерін тастай салып иін ағашпен құбыжықты сабалап жүріп қуып жіберіпті. Қарсыдағы төбенің басына барып шоқыйып отырып алған құбыжық бұдан көзін алмай тесіліп қарап отыр. Айнамкөз кете сала мұны қайта бас салмаққа. Тек Айнамкөзден ғана қорқады екен дейді. «Апам ұрсар үйге су апарайын» деп кетіп бара жатқан Айнамкөзге «Кетпеші Айнамкөз кетпеші» деп бар дауысымен айқайлап жіберген даусынын шошып оянып кетті. Үсті басы малмандай су. Қара терге булығып қалыпты.
– Жайма тентек жиен, бәсе таң атпай далада неге сілейіп тұр десем еркеме ғашық болып қалған екенсің-ау… Нағашы жеңгесі аярлана күлді.
– Жоқ… жоқ, жеңгетай бастырылып қалыппын… Ақталып жатқандағысы.
– Несі бар осы ауылдың жалғыз еркесі… Десе де байқа ол сенің шешеңнің үлкен ағасының қызы! От басып жүме!
– Шын айтам бастырылып қалыппын…
– Жасырмай-ақ қой, бір-бірлеріңе қалай қарағандарыңнан-ақ бір бәленің боларын білгем… Тек ел-жұрт білмесін, – деп жеңгесі тағы зілдене түсті.
Одан ары сөз таластырғанға шамасы жетер емес, әлі құрып қалыпты. Талықсып жатып қайта ұйықтап кетті. Тағы сол түс. Сол құбыжық. Тағы сол Айнамкөз. Түс ауа денесі қызып бейберекет сандарақтай бастады. Жалғыз жиен бірдеме болып кетпесін деп нағашы жұрты ала шапқынға түсті. Ақыры көрші ауылдан бақсы шалды шақыртты. Кеш бата ауылды басына көтере даңғаза қылып қобызын зарлата жеткен бақсы қара қойды сойғызып, соның өкпесімен қақты. Алдымен үш рет суық су, сосын үш рет ыстық сумен үшкірді. Ертесінде қырық үйден қырық ожау су алдырып сонымен құйындырып барып ауылдың үлкендерін жинаған бақсы:
– Жолдан бір кесапат жолыққан екен… Үш жеті жиырма бір күннің ішінде өзі талдаған бір күні ауылдан шықсын… Ауыр болса да айтайын қасына тамағының астында нысана қара қалы бар нағашы қарындасы бар екен соны қосып берсеңдер ғана еліне аман есен жетеді. Одан арғысын менде біле алмай отырмын…
– Ойбай құдай не дейді… Қарашығымды қалай жібере саламын, – деп от жақта шай құйып отырған саркідір әйел баж ете қалды.
– Тәйт, тыныш отыр… Бақсыдан төменіректе отырған күйеуі жекіріп әйелін басты.
– Бұл ауылда басқа адамның қолынан дәм татпасын тек сол нысаналы қыз ғана тамақтандырсын!.. Сырттан бөтен адам келмесін!.. Кеткендерін ешкім білмейтін болсын!.. Қосар атты күніге белдеуден үзбеңдер!.. Оянғанннан кейін айтыңдар!.. Ана қоржынының түбіндегі жолда тауып алған түйіншекті сол тауып алған жерге тастасын!..
Бақсы шал езуі көпіріп кешелі бері белін бунатып жүрген қайыс шылбырды шумақтап:
– Мына шылбырды әрдайым жанынан тастамай алып жүрсін! – деп тастады да дастарханның соңына қарамай кетіп қалды.
– Құдайым-ау, басқа амалы жоқ па? Манағы әйел тағы баж ете қалсын.
– Доғар енді қайта-қайта сөзге килікпей!.. Күйеуінің күж ете қалған дауысынан әйелдің үні тағы өшті.
– Алысқа кеткен жалғыз қарындасымның жалғызынан артықпа жаны… Бар шақыр ана Айнамкөзді!..
Бұл күн өтіп ертесі басын көтерген жігіт қасында отырған Айнамкөзді көріп таң қалды… Басқа ешкім жоқ. Болған жайды Айнамкөзден естіп бір жағынан қорықса, енді бір жағынан қуанды. Белдеуде алыс жолды сезгендей аттар пысқырынады. Дәл қазір жолға шығып кетпекке ниеттенген ол тысқа шығып төбе басына көзі түсе жүрегі өрекпіп үйге қайта тығылды. Төбе басында құбыжық. Қас қарая киіз үйдің жарма есігін сықыр еткізіп жынды шал кіріп келді. Екеуінің де жүректері тас төбелеріне шығып қорқып қалды.
– Қорықпаңдар… қорықпаңдар… Жолға шығарда төбе жаққа қарама… Мә мына ала арқанмен түйіншекті алған жеріңе матап тастап кет… Арқанды артынан өзім барып алып кетем… Шал беліндегі арқанды шеше бастағанда жігіт:
– Нағашы аға! Ау, нағашы аға! – деп бар дауысымен айқай салды.
– Жолың қатер бәлекет… Тез кет… Менің тілімді ал… Құтыласың… Әйтпегенде опынатын боласың… – Шал сөзін аяқтамай сыртта жетіп келген нағашы ағасы беліндегі ала арқанынан бұрап ұстап шалды сыртқа қарай дедектете жөнелді… Шалдың бажылдап айтқан сөзін ешкімде елемеді. Олар сол күні таң қараңғысында жолға шығып кетті. Есіктен шыға төбедегі құбыжықты тағы көрген жігіт үйге кіріп, қыздың шәлісімен көзін таңдырып қыздың жетегімен атқа мінді де екеуі суыт жүріп кетті. Екеуінің шығып бара жатқанын ауылда жынды шалдан өзге ешкім білмей қалды. Арттарынан қуып, жетпек болып қисалаңдап жүгірген шал жарау аттардың зар желісіне жете алмай шаң қауып қала берді. Олар суыт жүріспен түске дейін жүрген соң жігіт көзін шештіріп енді межелі жерге жеттік-ау деп, қосарларындағы атты ауыстырып мінді. Сай аузындағы ескі жұрттың қасына жете тізгінін тартқан жігіт қоржынындағы түйіншекті қолы қалтырай әзер шығарып алып, анау күні тауып алған жерге тастай салды. Түйіншек жерге топ етіп түсе сала өзінің көзіне көрініп жүрген құбыжыққа айналып анадайдағы ескі жұртқа қарай ысылдай жүгіре жөнелді. Жігіттің астындағы қақпанбел күрең қорс етіп үркіп барып, қалшылдап бір орында тұрды да сар еткізіп қан сиіп жіберді. Аттар қалшылдап орындарынан қозғала алмай қалды. Өздерінің де жүректері тас төбелеріне шығып, меңірейіп қалды. Ескі жұрттың ішінде құбыжық гүркірей ысылдап, жаңбыр шайып жел мүжіген қабырғаларды гүрс-гүрс құлата бастады. Қанша уақыт өткенін кім білсін бір заманда өздері келген жақтан қолына ала арқанын шумақтап ұстап алған жынды шал жүгіріп келеді…
– Айтқанға көнбеген зәнталақ… Сенің ажалың осы пәлекеттен… Мына арқанмен байлап кет дедім… Айтқанға көнбедің… Өкпемді қолыма алып әзер жеттім… Енді кішкене кешіккенімде жандарың жаһанамға кетер еді… Шал бір орында ерсілі-қарсылы теңселіп тұр.
– Ататайым-ай, кешіре көрші… Құтқаршы мына зұлматтан… Екеуі екі жақтан еңіріп жылап жіберді.
Бақсы қайыс шылбырын маған берді де:
– Мына ала арқанды ал, зәнталақ… Бүгін сары жұлдыз шыққан екен… Абай бол… Өзіңнің тауып алған бәлекетің… Енді өмірі дауысыңды қатты шығарып ән айтушы болма!.. Осы жолы алып қала аламын… Бір рет… Басыңа бір қатер төнсе мына ала шылбырдың ұшын тарқат… Кетіңдер енді… Еш жерге аялдамай кетіңдер… Таң бозынан бұрын үйіңе жетіп әкеңнен қалған барлық ескі киімдерді өртеп жібер… Кетіңдер тез!.. Шал қолындағы таяғымен жер сабалап ескі жұртқа қарай таяй берді.
Екеуі аттарына қамшы басты. Ауылға таяй бере ол Айнамкөзге сары жұлдыз хикаясын айта бастап еді.
– Қойшы жиен аға! Құдай атқыр сары жұлдызда неміз бар, тез жетелік, – деп әңгіменің соңын тыңдамай қойды.
– Жоқ, мен оны шолпан деп адасып келе жатқаным жоқ… жай үнсіздікті бұзғым кеп айтқанымда… Сенің көңілің жайлансын дегенім ғой… Айнам…
– Сонда менің көңілімді кесапатты жұлдызды айтып жұбатасыз ба?! – деген соң одан ары ешнәрсе демеді.
Аттардың қан сорпасын шығарып таң атпай үйіне жеткен жігіт шешесіне болған жайды шолақ қайырып жеткізді де, әкесінің қайқыбас төсегінің басында ілулі тұрған киімдерін құшақтап сыртқа шыға жөнелді. Киімдер әп сәтте-ақ қызыл шоққа оранды, тек көксауырлы саптама етіктің сол жақ сыңары ғана сол қалпы, тіпті қонышы да қып-қызыл шоқтың ішінде көгеріп жатып алды. Үстіне май құйса да жанбай қойды ақыры еш амал таппаған соң жерді терең қазып көміп тастады.
Арада жұма өте шешесі ауыл адамдарын шақырып той жасады.
Ұлының нағашыларына барып кесапатқа жолыққанынан қорыққанымен, оң жағын қызартып келін түсіргеніне, тіпті басқа-басқа өзінің немере сіңілісін келін қылып алып келгеніне қатты қуанды.
Апталап айлап уақыт өтіп жатты. Келінінің аяғы ауыр екенін білген кемпірдің қуанышында шек жоқ. Аяғы аяғына тимей зыр жүгіріп жүр. Тек жігіттің қабағы түсіп тұнжырай бастаған. Құлағында баяғы жынды шалдың «Сен сәтсіз күні туылғансың… Әкең ішті малды тепкен екен… Содан… кешегі түйіншек жолыңды күткен кесапат!.. Балам босқа шатылғансың… Енді бұл сенің ұрқыңа жалғасады…» деген сөзі құлағынан бір кетпей қойды.
Ай-күні толып Айнамкөз басы бақырдай ұл тапты. Ұлан-асыр той болды. Шілдехана күзеткен жастар оған тағы да ән айттыра алмай қойды. Үйлену тойында да әнін тыңдай алмай әбден сағынып қалған жастардың біразы оған өкпелерін айтысып жатты.
Таң атып шілдехана тарқаған соң мал-сұлын жөндеп тастап көз шырымын алмаққа қисая кеткен жігіттің түсіне баяғы құбажық тағы кірді. Бұл жолы ол оның алқымына жабыспай анадайда тұрып, адамша сөйлей бастады.
– Сен не ақымақ шалдың арқанымен құтылам деп жүрсің бе?! Мен енді не сені, не сенің балаңды құртамын. Ала арқанды тарқатсаң балаң кетеді. Ал, арқанды өртесең балаңа тимеймін… Ойлан қырық күн мұрсат беремін, – деді де ғайып болып кетті. Орнынан атып тұрған ол жөргекте жатқан баласын бас салып еңіреп тұрып жылады. Бір кесапаттың болғанын сезген Айнамкөз ала арқанды тарқатуға кеңес бергенімен ол оған бармады. Есіне «ала арқанды тарқатсаң балаңның жанын аламын» дегені түсіп ауыр күрсінді.
– Айнам! Біз енді қоштасатын секілдіміз… Бүгін бе, ертең бе? Жоқ әлде одан ұзақтау ма? Мені тыңда соңын күтейік… аңдыған жау алмай қоймас… апама тіс жар ма. Нағашыларым мені саған аманаттаған еді мен мына жалғыз құлынымды тағы саған аманаттаймын… Бекем бол! Іші удай ашып қан жылаған Айнамкөз күйеуінің сөзінен аса алмады. Арқанды тарқатуға қанша кеңес бергенімен еш өнім болмады.
Әр кез көзі іліне сол бір түсті қайталап көре беретін болды. Тіпті құбыжыққа да бойы үйреніп қалған іспетті. Құбыжық әр келген сайын қанша күн қалғанын есіне қайталап салып отыратын болды.
Қырық күн толып ауылдың кемпір-кешектері жиылып баланы қырық қалақ суға жуындырып жатқанда бала қарадай шырқырып барып көгеріп қалды. Кемпірлер шу ете қалысты… Осы кезде төрде ілулі тұрған ала арқанға Айнамкөз екеуі қатар жүгірді. Арқанға қолы бұрын жеткен Айнамкөз қолына іліне бере жанталасып тарқата бергенде, ол арқанды қолынан жұлып алып ошақта лаулап жатқан отқа тастап жіберіп, арқанға ұмтылған Айнамкөзді жібермей құшақтап ұстап қалды. Арқан бытырлап жанып бола бере бала шар етіп жылап есін жиды. Айнамкөзді тас қылып құшақтап тұрған ол талықсып барып екі қолымен өз алқымына жармасып, құлай кетті. Осы кезде есікті шарқ еткізіп ашып баяғы жынды шал кірді.
– Әттең! Әттең! Зұлматтың алдауына түстің-ау… Зұлматтың алдауына түстің-ау,… – деп сұлық жатқан жігіттің басын сүйей берген.
Арада сүт пісірім уақыт өтпей жатып ол жүріп кетті. Шу етіп жоқтау айта бастаған әйелдерді жынды шал қатты-қатты зекіріп тоқтатып тастады. Есінен қайта-қайта танып қалып жатқан Айнамкөзбен апасын су бүркіп естерін жиғызды да:
– Енді еш амал жоқ… Жазымыш солай… Артында қалған жалғыз тұяқ аман болсын десеңдер берік болыңдар… Кешіктіңдер… Ертерек білгенде құтқарып қалар ма едім, кім білсін…
Жетісі өткенше еш қайда шықпай жатқан шал жетісі өткен күннің ертеңінде қағаз қалам алдырып екі тұмар жазып біреуін жөргектегі балаға тақты да енді береуін Айнамкөзге ұстатты.
– Кейін немереңе тағасың… Апаң екеуміздің дәуреніміз бітті. Апаңды өзіммен бірге алып кетем… Ендігі шапағатшың бір Жаратқан ғана… Меніңде бар күш қуатым ала арқанда еді… Сәтсіз күні сәрсенбі олда өртеніп кетті… бақыл бол балам… Балаңның аты Жаныс… Жаныс… Жаныс… деп жөргектегі баланы алып құлағына үш рет айқайлады да, есі ауып қалған кемпірді жетелеп ауылдан кетіп қалды.
***
– Ұста! Ұста! Арқанды әкел! Жіберме! – орнынан айқайлап атып тұрған ұлының қасына жетіп келген Айнамкөз:
– Не болды құлыным? – деп кішкене баланы еркелеткендей маңдайынан сүйіп айналып үйіріліп жатыр. Анадайда пеш түбінде отырған келіні енесінің оқыс қимылына ақырын жымыйып күліп қойды.
– Апа-ау– деді келіншек Айнамкөзге қарап.
– Ау, жаным айта ғой…
– Осы Жаныс сізге әлі бесіктен белі шықпаған баладай көрінеді-ау деймін.
– Е, құлындарым-ай… Екі етегімді жасқа толтырып, мойныма бұршақ салып жүріп әзер жеткізген құлыным әлі маған кіп-кішкентай көрінбегенде қайтеді…
– Ләйла! Ертең сен туған соң апам маған қарамай қалады көрде тұр.
– Қой балам қайдағыны айтпай… Немере ыстық әрине, сендердің де орындарың бөлек… Не түс көрдің балам?.. Айнамкөз ұлына қарады.
Жасы қырықтан енді асқанымен Айнамкөздың шашы әппақ болып ағарып кеткен… беті алжа-алда, айқұш-ұйқыш әжім толған. Бір аяғынан әзер басады, тізесі шор болып қалған, әзер илігеді. Өткен жылы ғана ұлын үйлендіріп көне қасіретін енді-енді ұмыта бастаған.
– Апа бүгін базарға барам…
– Содан?
– Ат аламын.
– Құла айғырың бар ғой.
– Айғырды жібермей міне берген обал ғой… бір арқалы ат алып алмасам…
– Ала ғой балам… базарға барсаң қалжаға соятын мал да қарастыра кел! Бұйырса бүгін ертең деп отырмыз ғой…
– Жоқ апа ат аламында келемін
– Неге?
– Сенің қара тауығыңды қалжаға жыға саламын… Ұлы шешесін әдейі қылжақ қылып отыр. Әр кез қайдағыны айтып шешесін шамдандырып отыратын әдеті.
– Тәйт ары қайдағы жаман ырымды бастамай. Қара тауық сойғаны несі…
– Онда көкала үйректі сояйық…
– Ожаумен басыңнан періп қалам, жүгірмек…
– Ойбай, апа, жарайды… қайтер екен дегенім ғой… Біреумен келісіп қойғам… Айттың болды алып келем, асықпасаңшы апа… Бүгін тек ат алып келемін. Ертең төменгі ауылда той. Соған мінетін.
– Е, сүйтсеңші балам, кешке дейін мені қылжақ қыла бермей… Түсіңді айтпадың ғой…
– Апа, түсімде ат қуып жүр екенмін. Қашаған екен, қамап алып шалма тастағалы жатып оятып кеттім…
– Түске ат кірген жақсы балам киелі жануар ғой… Менің жорығаным емес Қызыр пайғамбардың жорығаны… Ұлды боласың… Айнамкөздің одан арғы сөзі ұғылмай қалды. Ішінен күбірлеп әлде бір дұғаны оқып кетті.
Жиырма жыл бойы мойнынан тастамай тағып жүрген май сіңіп қарая бастаған көк моншағын санамалап, жаратқан иесіне жалбарына тілек тілеп күбірлеп отырған шешесін иегімен ымдап келіншегіне қарап тісін ақсита бір күлді де Жаныс үйден шығып кетті.
Ет асым уақыт күбірлеп отырған Айнамкөз келінінің:
– Апа шай ішсеңізші, – деп неше қайталап айтқанда барып әзер естіді. Дастарқанның басына келе күндегі әдетінше қайта тұрып, төр жақтағы төсегінің басындағы кішкене сандықтан баяғы жынды шалдың жазып берген тұмарын қолына алып құшырлана иіскеп барып, жайлап орнана қойды да дастарханға қайта келді. Келінінің жүкті екенін білгеннен бастап әр кез дастарқанның алдында сол тұмарды бір иіскеп келетін әдет тапқан.
Түс ауа аулаға сырттан Жаныс келді.
– Апа! Ау, апа. Атқа көрімдік… Айқай салған ұлының дауысын естіп аяғын сүйрете сыртқа шыққан Айнамкөз есік пен төрдей келісті торыны көргенде алғашында қуанып қалды… Жалы бұйра-бұйра шашасы жерге төгілген… Ұлының қуанышында шек жоқ.
– Апатайым менің атым қалай екен?!
Айнамкөз атты айнала беріп қамшылар жақ артқы аяғының аласын көріп ышқынып қалды. Бір түрлі жүрегі төмен сазып сала берді…
– Апа не болды? Бір жерің ауыра ма? Қасына ентелеп жетіп келген ұлының қолындағы шылбырға жармаса кеткен ол:
– Мен десең… Мына қарығы ашылмаған өлмелі шешең ажалынан бұрын кетпесін десең жібер мына жау алғырды. Жүгенін сыпыр да жібер… Шыққан ақшаң садақа болсын… Жібер тез!.. – булығып одан ары сөйлей алмай қалды.
– Апа-ау, жай ма?! Не болды?..
– Жібер мынаны!
– Неге?! Апатай…
– Ана аяғындағы аланы көрдің бе?
– Ойбой, сол ма… Не болып қалды деп жүрегім тас төбеме шықса… Несі бар… әдемі, өзіне жарасады…
– Қамшылар жақ артқы аяғының аласы бар ат иесіне кесапат әкеледі…
– Қойшы апа, мұныңды білгенде аяғын бояп алып келер ем…
Шылбырдан қолы босап жерге жалп етіп отыра кеткен шешесіне күле бір қараған Жаныс тез-тез басып атты қораға байлап, отырған жерінде бүкшиіп сұлқ қалған шешесін жеп-жеңіл көтеріп үйге кіріп кетті.
Жанысқа сөзін өткізе алмағанда апасының анда-санда өстіп құрысып қалатынына үйреніп қалған Ләйла да онша мән берген жоқ. Кеш батып түн ортасы ауа жатар алдындағы шайларын ішіп оларда жатып қалды. Апаларының ертеңге дейін құрысының жазылмайтынын жақсы білетін олар мазасын алмады.
Ұлы мен келіні ұйқыға кеткеннен соң бір талай уақыт өткізіп барып Айнамкөз қорадағы атты босатып жібермек болып сыртқа қарай беттеді. Есікті ашып қалып тура қақ маңдайында жарқырып тұрған сары жұлдызды көріп тұла бойы дір ете қалды. Жүрегі лобып қол аяғынан жан кете жалма-жан есікті қайта жаба қойды да, асығыс төсегіне беттеді. Қалың көрпенің ішіне кіріп алып құрғыр денесі қалшылдасын келіп. Бейне бір сары жұлдыз өзін келіп тарпа бас салатындай. Күн шыға көзі ілініп кетті. Бір заманда барып сырттағы даңғырлаған дауыстан оянып кетті. Асығыс сыртқа қарай беттеді. Аулада Жаныстың құрбы-құрдастары толып жүр.
– Атың ат екен!
– Жүрісті болсын!
– Міністі болсын!
– Тақымыңда қартайсын!
– Басын өзің мүжі…
Айнамкөзді көрген Жаныс енді асыға бастады.
– Рахмет жігіттер, енді қозғалайық… Жеткенше мынаны үйрету керек… Өзі шу асау екен… Тоқымды әзер салдырды… – деп асығыс атты сыртқа қарай жетелей жөнелді.
Аттың шылбырына оралып жата кетпекке ниеттенген Айнамкөз:
– Жаныс! – деп барып бөгеліп қалды. Әкесіз өскен бала намысқой еді… жора-жолдастарының алдында шешесі шылбырға жармасса намыстанып қалар деп тосылды. Ұлының артынан ұзақ сүзіле қараған ол ақыры үйге қайтып кіріп бара жатып бет-қол жуатын жерден әлденені көзі шалып қалғандай болды. Барып қараса Жаныстың тұмары екен, басын жуған соң ұмытып кеткен сықылды. Тұмарды қолына алып далаға қарай ұшты. Бірақ ол кешігіп қалған еді, атты дүрмек дауыс жетпейтін жерге ұзап кетіпті.
Түс ауа Ләйлә ішім ауырды деп толғақ қысып бебеу қақты… Көршісіне жүгіріп барып дәрігер шақыртты да, өзі үйіне қайта жүгірді. Шай қайнатым болмай-ақ, жетіп келген дәрігерлер Ләйләні машиналарына мінгізе бере ауылдың ақсақал-көксақалдарының барлығы үйіне қарай беттеп келе жатқанын көріп Айнамкөз көзі қарауытып табалдырыққа отыра кеткен. Машина орнынан қозғала ауыл адамдары да жетті. Айнамкөзді қолтықтап үйіне кіргізген олар шарт жүгініп отырып ұлынан айырылып қалғанын естіртті. Айнамкөз меңіреу болып қалғандай көзі төбеге қарап, шақшиып отырды да алды.
– Қайтсін бейшара… Көргені аз ба?!
– Жаны Жаныстың үстінде еді ғой…
– Е, сызығы біткен соң не шара…
– Осы жолы көтере алмас…
Осы кезде сырттан дауыс айтып ауыл әйелдері жетті. Айнамкөз оның бірін де ести алмады. Тіпті көзінен бір тамшы жаста шықпады… Құманмен су әкеліп бір әйел бетін жуып берді… Ауыл адамдары түн ортасы ауғанша отырып, енді қайтпаққа қамдана бергенде сырттан әлдекімдер келіп төрде отырған ақсақалдың құлағына бірдемелер сыбырлап айтты.
– Үһ!.. – деп ауыр күрсінген шал: – Естіріткенмен ұға қоймас. Онсызда ұлының қазасын естіп, есі ауып қалды. Шалдың көзінен аққан жас сақалын жуды.
– Не дейді, құдай не болыпты тағы?!
– Келіні қайтыпты.
– Не?! Ләйләні да әкетіп пе?.. Айнамкөз саңқ ете қалды. Жұрттың барлығының еңсесі түсіп кеткен.
– Енді менде не қалды… Жыларға жанарымда жаста жоқ не қалды? Долдана бажылдаған Айнамкөз басындағы жаулығын жұлып алып өзінің мойнына салып жіберіп өзін қалқындыра бастады. Қалың еркек қаптап жүріп қарысып қалған саусақтарын әзер ажыратып алды. Талықсып талып кеткен оны суық су бүркіп есін жиғызды. Әркім өзі білген тоқтау сөзін айтқан болады… Тіпті айтарға сөздері де таусылған іспетті.
– Айналайындар-ау, мені несіне алып қалып отырсыңдар сол құлындарымның артынан кетейін енді. Обайып несіне отырам мына қу молада?! Айнамкөздың дауысы барынша сабырлы, барынша зарлы шықты. Жұрт тым-тырыс.
Тек манағы төрдегі шал.
– Қалқам тағдырдың ісіне амалың жоқ. Жаратқан немереңе ғұмыр берсін деп тіле енді. Немерең аман-есен дү- ниеге келіпті… Оны қайда тастап кетпексің?!. Дәм-тұзың таусылғанша енді соның тілеуін тіле!– дегенде барып орнынан атып тұрған Айнамкөз зар еңіреп жанындағы тұрған әйелдерді бас салып дауыс айта бастады.
– Сабыр! Сабыр! – деп тоқтатпақ болғандарға манағы ақсақал:
– Жыласын, шерінен шығып жыласын азда болса жеңілдеп алсын… – деп тыйып тастады.
Ертесі ауыл жанындағы қорымға екеуін қатар жереп қайтқан соң Айнамкөзді көршісі туыла сала жетім қалған немересінің қасына апарып тастады. Таңдайы жабысып шырқырап жатқан немересінің мойнына баяғыдан сақтап келе жатқан тұмарды тағып еді, сәби тыныштанып лезде пысылдап ұйықтап кетті. Екі-үш күн өткен соң үйіне қайтып келді. Алыс жақыннан көңіл айтып келгендердің барлығына дауыс шығартпады. Өзі де дауыс шығармады. Немересінің атын Жалғас деп қойғызды.
– Жаңа өмір есігін ашқан сәбидің құлағына аза үні сіңбесін…Қайғыма ортақтасып келгендеріңе рахмет!.. – деп бір шәугім шайын беріп шығарып салып отырды.
Тіпті ұлы мен келінінің жетісін де, қырқын да ататпады. Бастарына да бармады. Алыстағы төркінінен келгендер «алып кетейік жас сәбимен жалғыз өзің қалай жан бағасың?!» дегенде де бармады.
– Маған рахым жасағыларың келсе Жалғасым жалғыз болмасын, біреулерің бір балаларыңды маған беріңдер, – деп жолға салып жіберді. Арада апта өтпей ағасы қайта келді. Аяғын апыл-тапыл енді басып жүрген өз немересін алып келіпті.
– Аты Сая, Жалғасыңа сая болсын!.. Екі дүниеде де сұрамаймыз… өз қызың… Қаласаң осында тұра бер, қаласаң көшіріп алып кетейін… Екі қонып ағасы қайтты, ауылына.
Айнамкөз елден ауашаланып қалған. Бірін жетелеп, бірін қолтығына қысып жүріп екі баланы қайқы мүйіз көк ешкінің сүтімен бағып есейтті. Тек анда санда марқұм күйеуінің құрдасы қазық аяқ ақсақ көршісі келіп шай ішіп тұрады. Екі ақсақ бірге отырып өткен-кеткенді айтысады…
***
– Тез бар балаларыңа… Тұр! Тұр! – деген дауыстан шошып оянып кеткен Айнамкөз жан-жағына алақтай қарап орнынан атып тұрды. Үйде ешкім жоқ. Көз байланып кетіпті. Жан-дәрменімен сыртқа атып шықты. Үйдің алдындағы үюлі топырақтың үстінде ойнап отырған Сая мен Жалғастың ортасында тағы бір бала отыр. Алғашында шеткі үйдің баласы Ерсін екен деп қалды. Бұлармен тек Ерсін ғана келіп ойнайтын. Жақындап келгенде байқады. Қыз бала екен шашы желбіреп айдың сағымымен шағылысып тұр. Қастарына жетіп келгенде Айнамкөздің жүрегі тас төбесіне шықты. Жалғастың төбесінен құм құйып ойнап отырған адам баласынан жат әппақ тәнді екен. Жалғас пыс-пыс етіп қара терге малшынып отыр. Сая оны байқамаған іспетті. Өз алдына құм қала жасап отыр. Бір-ақ аттап барып қыздың қолынан Жалғасты әзер босатып алған Айнамкөз қызды беттен жанып кеп қалам деп өз қолының екпінімен жалманынан түсті. Қыздың бетіне қолының қалай дарымай қалғанын ұқпай қалды. Орнанан атып тұрып қызды бас салды. Жоқ бұл жолы үйілген құмды құша құлады. Қыз ұсталмайды екен. Тек ауада қалқып тұрған елес қана екен. Айнамкөздың әрекетін келеке еткендей аппақ қыз сақылдай күліп көкке қарай көтеріліп кетті.
– Не болды? Құлыным не болды? –деген апасына Жалғас:
–Ана қыз маған тұмарды берші деді… Мен бермей қойдым… Бермесең құмға көмем дейді… – деп былдырлай бастағанда Айнамкөз Саяны жұлқылап:
– Сен қыз не қарап отырсың, Жалғасқа қарамай а?! – деп жекіді.
– Апа… Апа… Мен қарап отырмын… Ойнайық деп ем өзі үндемей отырып алды, сосын өзім жалғыз ойнадым…
– Ана албастыны көрдің бе?
– Қайдағы апа?
– Қастарыңда отырған?
– Жоқ, апа Жалғас екеуіміз ғана болдық… Басқа ешкім келген жоқ…
– Сен қыз шынымен ешкімді көрмедің бе?
– Жоқ апа, шын айтам Жалғас екеуіміз ғана…
Сол кештен бастап Айнамкөз балаларын көзінен таса қылған емес… Дәретке барса да қасынан қалдырмай ертіп жүреді.
Бір күні түнде ұйықтап жатқанда Жалғастың бақырған дауысынан шошып оянып кетті.
– Бермеймін! Апа! Апа! Тұмарды алам дейді…
Орнынан атып тұрған Айнамкөз өздерінің бас жақтарында тұрған аппақ қызды көріп Жалғасты құшағына баса баж ете қалды. Апасының ащы дауысынан Сая да оянып кетті.
– Апа не болды? – деп сұрады.
– Мына албасты тағы келіп алыпты…
– Кәне, апа түк жоқ қой, – деп Сая көзін қайта-қайта уқалап түк көре алмай қойды.
– Маған тұмарды берші… Қыздың дауысы сонша жалынышты шықты.
– Жоқ… бермейміз… Кет бұл жерден… Айнамкөз баж-бұж ете қалды.
– Ол менің тұмарым! Қыз екіленіп тұрып алды…
– Жоқ бұл тұмарды мен отыз жылдан бері жанымнан тастамай алып жүрмін… Өз қолыммен жаздырған…
– Жоқ менікі… менің тұмарымды көшіріп алыпты… қайтарып берші…
– Саған тұмар керек пе лағынет? Мен басқа тұмар берем саған, – деп ұлын құшағынан босатпай төсектің басындағы сандықтан баяғыда Жаныстың ұмыт қалдырып кеткен тұмарын алып қызға қарай лақтырып қалды.
Тұмар ауада қалықтап барып қыздың мойнына асыла қалды… Шыңғырып жіберген қыз:
– Бұл менің емес, шешемнің тұмары… Ол өліп қалған… Ұлың есін жоғалтқан күні келем… – деген ол сөзді булыға әзер айтып, лап етіп от болып жанып жоқ болып кетті. Сол түні олар таңға көз ілмей шықты. Содан бастап қанша уақытқа дейін аққыз мазаларын алған емес. Сая мен Жалғас та ержетіп кетті. Айнамкөз енді Жалғасқа ие бола алмайтын болып қалды. Әні-міні дегенше бір жағына лып етіп қашады да кетеді. Әйтеуір бар сенері Сая мен Ерсін.
– Бір секунд көздеріңнен таса қыла көрмеңдер, – деп жалынады. Ерсін бір тоға тыңғылықты бала. Жалғастың жанынан қалмай бірге жүреді. Алдымен Сая мен Ерсін, сосын Жалғас мектепке барды. Он жылдықты бітіргенше апасы Жалғаспен бірге оқып шыққандай болды. Жалғасты сы- ныпқа кіргізіп жіберіп өзі есік алдында күтіп отырады…
Сая жоғары оқу орнына тапсырып, алыс бір қалаға оқуға кетіп қалды. Енді үйде Жалғас екеуі ғана қалды… Үйдің қатты қайырым жұмыстарының барлығына Ерсін көмектесіп тұрады… Қызы әр демалысқа келген сайын Айнамкөз:
– Осы сен тіл алсаң сол оқуыңды қой, ана Ерсінді бала қылып алайын… Жалғасыма пана болсын… Мен қанша жасаймын ертең өлем де қалам… сонда мына жалғыз бауырыңа кім қарайласады, – деп құлағына құяды… Алғашында үндемей тыңдайтын қызы екі-үш жыл өткен соң «ауылдың оқи алмай қалған баласы менің теңім емес» деп қайқайып шыға келетін болды… Ақыры сол оқып жатқан қаласындағы әлде біреуге тиді де кетті. Қатты ашуланған апасы тойына да бармай қойды… тойға тек Жалғас пен Ерсін барып қайтты. Содан бері әр кез Ерсін екеуі Саяға барып қайтып жүреді… Әйтеуір Жалғас Сая көмектесіп, Ерсін селбесіп жүріп бір машина алып алған. Құрғыр сол машина деген пәлені алған күннен бастап Айнамкөзден тыныштық кетті. Жалғас үйге тоқтағанды қойған.
Енді міне түс ауғанша ұйықтап орнынан тұра сала әпкеме барам деп қиғылық салып отырғаны. Шешесін зар қақсатып жолға шыққаны. Жолдағы жағдайлар. Машинада отырған тылсым қыз. Көзі ілініп кетіпті… Ол оянғанда таң атып қалған екен. Бірден арт жағына қарауға батылы бармады… Бетін жапқан жамылғының жан дүниені балқытар жағымды иісі бойын кернеп барады.
– Ояндың ба?
– Сен күннен қорықпайсың ба?
– Менің тұмарым мойнымда тұрғанда барлығынан да құдыреттімін.
– Менің жол жүруім керек.
– Кері қайтамыз.
– Қайда?
– Үйіңе әжеңе… Бір сұмдық жағдайлар болып жатыр..
– Содан?
– Мен сенімен бірге осы әлемде қаламын… Енді сені әжең қорғай алмайды… Сол үшін мен қорғауым керек.
– Кімнен…
– Түуу… сенің жолыңды кім кесіп жүр еді…
– Тіпті тамаша-ақ болар еді… Айдай жамалды келінді болса әжем тіптен қуанар еді…
Қыз күрсінді. Ал бала мәз болып шаттанып отыр.
Олар кері қайтты. Үйлеріне таяй бере Жалғас көрші-қолаңдардың үйлеріне қарай жанталасып жүгіріп бара жатқанын көріп тұла бойы дір ете қалды… Машинаның бар жылдамдығымен келіп ауланың алдына үюлі топырақты сүзе әзер тоқтады да қарғып түсіп, аулаға қарай қойып кетті. Ол келгенде кешегі қазық аяқ шал бар бір топ үйдің алдындағы нән теректің бұтағына асылып қалған әжесін енді түсіріп жатыр екен.
Мистик – Қойшыбек МҮБАРАК