Сен. Қаз 12th, 2024

Мен қаладан келерден көп бұрын біздің ауылға Есен шал қайтып келіпті де, келе сала ауылдағы молдамен бірге біраз шал-шауқанды ертіп Сайтансайға жол тартыпты. Айтпақшы, Сайтансай деп отырғаным ауылдан күншілік жердегі көне қыстау болатын. Кеш бата «Мені алып кетіңдерші… мені жалғыз қалдырмашы» деп үздіге, сұңқылдап жылайтын әйел дауысы естіліп тұрады десетін жұрт. Ол маңға барудан қашатын. Бергі отыз жылдан бері онда ешкім де ат ізін салмаса керекті. Әлдебір бейбақтың зарлаған үні ол маңға барғандарға маза бермейді деп отыратын үлкендер. Сол сайға араға отыз жыл салып Есен шал барыпты. Ауылда гу-гу әңгіме…
Арада он жылдай уақыт өтсе де ауыл бәз-баяғысындай, ешнәрсе өзгермеген. Сол қалпы. Адамдары да.
Келгеніме апта өтпей жатып, әкем:
– Балам, үйде босқа қамалғанша арлы-берлі шығып жүріп келмейсің бе?! – деді.
– Қайда барам сонда?
– Есен шалға барып сәлем беріп қайт.
– Ол кісі қайда?
– Баяғы Сайтансайда тұрады, жасы жетпей бүгіліп қалыпты.
– …
Ертесі әкемнің жалбас торысын мініп, Сайтансайға тарттым.
Мен онда қас қарая жеттім. Осы ауылда туғаныммен Сайтансайға бірінші рет жол алуым.
Шағын ғана тастан жиналған тоқал үй, анадайда ескі қораның орны. Маңайда ат байлар атағаш көрінбеген соң жалбас торыны тұсадым да, сықырлауық есікті шықырлата ашып, сәлем бере ішке кірдім.
– Бұл қай жазған? Шал сәлем алмай зірк ете қалды.
Атымды айтайын деп барып тоқталдым, бәрібір танымайды, әкемнің атын айттым:
– Мұқаның баласымын ғой, ата.
– Әкең жіберді ме?
– Иә, ата.
– Әкеңмен құрдас ем. Анда-санда өзі де келіп тұрады. Рахмет, енді, баласын жіберген екен ғой. «Иенде жатқан сайтан шалды көріп кел» деді ме?
Шал кеңк-кеңк күлді. Алжиын деген шығар деп ойладым. Мен төр алдындағы бөстекке жантайып жатып, үй ішіне көз қыдырттым. Үйдің іші тап-таза мұнтаздай. Әлде бір пысық қолдың табы.
– Анау босаға жақтағы күбіде салқын қымыз тұр содан құйып іш. Шөлдеген шығарсың?
Шал басын көтеріп отырып, босаға жақты иегімен нұсқады.
Қымыздың талайын ішіп жүрмін, тап мынадай дәмді қымызды бірінші рет татуым екен. Арт-артынан төрт шараны бірақ төңкердім.
– Тәбетің жақсы екен, балам, енді шамалы жантая тұр! Еркенің қымызы сені бір сөтке ұйықтатпаса арғы қолыңды бері әкел! – деп тағы кеңкілдеді.
Шынымен шалдың қымызының бір бәлесі бар іспетті. Маужырап, ұйқым келе бастады. Әні-міні дегенше ­жантайып жатып ұйықтап кетіппін. Түн ортасы шамасында Есен атаның күңгірлеген дауысынан оянып кеттім.
– Ерке, жасым болса келді. Қатарымның бәрі қайтып жатыр шетінен. Енді мен де қайтайын. Обайып қашанғы отырамын.
– Есентай, жаным, мен сені қалай жіберемін?! Сенсіз қалай күн кешемін? Айымның халі анау… Сені әлі көре алмай жүрген… Ол да жалғыздықтан жабығып жүр… Мені бәрібір тастап кете алмайсың… Сен екеуміз мәңгіге бірге боламыз. Сызыла, сыңғырлай шыққан әйел дауысы тым жағымды. Кенет жүрегім дір ете қалды. Есіме ел аузындағы ескі әңгіме түсті.

***
Ауылдың ақсақал, көксақалының бәрін жинап алған молда:
– Ау, халайық, мына Есенді бірің білсең, енді бірің білмессің, арғы жағын айтсам атақты Көк бақсының немересі, бергі жағын айтсаң осы ауылды алғашқы құрушылардың бірі. Кешегі зұлмат заманда басына бәлелі іс тауып отыз жылға сүргінге айдалған еді. Енді міне аман-сау қайтып келіп тұр. Бүгін таңертең ауылдың азаматтары бірге бәріміз Сайтансайға бардық. Есеннің аманаты бар екен сонда. Соны орындап қайттық. Алқалы жұртқа қояр бір талабы бар екен, мен қосылып отырмын. Енді халқым сендердің де алдарыңнан өтелік дегеніміз… «Сайтансайға ешкім де қыстап жүрген жоқ қой. Сол қыстауды маған берсеңдер» дейді. Қалай қарайсыңдар?
– Алсын, алсын. Десе де, ол жаққа ешкім де бара алмайтын еді ғой. Сонысы қалай болар екен енді?!. Дуылдаған жұрт бірден мақұлдасты.
– Ол жағын өзі білер, арғы жағын өзі айтар!
Ары қарай әңгімені Есен атай айта бастады.
Осыдан отыз жыл бұрын, қайғы қапқан жұт жылы. Жаңа өкімет орнап, ел отырықтана бастаған. Әркім өз шама-шарқына қарай шарбақ тоқып, жер қазып дегендей осы ауылдың іргесі қаланған. Қолда бар аз малды ортақ қазанға өткіздік. Жаңа өкіметтің өкімі солай. Әркімге өзіне тиеселі жұмыс бөлісі. Мен малшы болатын болдым. Қыстауға ­Кеңөзекке шықтым. Бүгінгі Сайтансай деп жүргендерің ол кезде Кеңөзек деп аталатын. Анау Мұқа бастаған біраз жігіт көшіріп апарып тастаған. Әйелім Еркенің аяғы ауыр-тұғын. “Ай-күні таяғанда ауылға алып келерміз” деп қалдырып кетті. Қарашаның соңы еді. Күн суық. Олар кете сала екі күн өтпей қалың қар басты да қалды. Артынан алай да дүлей ақ түтек боран шығып тура қаңтардың аяғына дейін жалғасты. Мал біткен қызыл сирақ болып қорадан өре алмай шетінен қырыла бастады. Ортада жол жабылған. Еркенің де босанар уағы таяп қалған. Қаңтардың соңына қарай күн сәл-кем сына бастаған соң қалған малды өріске шығара қоймақ болып кетіп бара жатыр едім, Ерке:
– Есен, бүгін үйден шықпай-ақ қойшы, бір түрлі болып отырғаным, жүрегім төмен саза береді,– деді.
– Тым болмағанда түске дейін қар қаптырып қайтайын. Айнам, ерте келемін! Күннің көзі жақсы. Алла қаласа ертең сені ауылға апарамын. Алаңдамай отыра бер! Сөзінің соңын тоспай шыға жөнелгенмін… Ерке де бірдеңе сезді ме, артымнан шығып мен теріскейге сіңіп кеткенге дейін бір орында қазық болып қатты да тұрды. Ай бойы соққан қара боран теріскейді толығымен ашып кеткен екен. Бір-бірінің жүнін жеп қалған аш мал ақшөпке жете дүркірей жөнелді. Қайыруға ырық берер емес. Өлдім-талдым дегенде алдын орап кері қайыра бастадым. Анау алыста, көз ұшында төменгі сайда менің жаман тас қорам көрінеді қарауытып. Сайдың аузы ары қарай аппақ жазыққа ұласқан. Сүт пісірім өтпей теріскейдің үскірік желі шаға бастады. Алыс жазықтағы ақ қарды ұйтқытып, ақ топалаң қылып аспанға шығарып бері келе жатыр. Жүрегім тас төбеме шығып алдымдағы малды тез жиып үйге қарай қуалай бастадым. Ақ түтек боран, тура маңдайдан ұрып тұр. Алдымдағы қойым қайта-қайта ыға жөнеледі. Көзге түк көрінбейтін түтек. Тек ой жотамен ғана келе жатырмын. Бағыт дұрыс секілді. Ендігі үйге жетіп қалуым керек еді деймін. Үскірік бетті қарып, көзді аштырмайды. Қанша жүргенімді білмеймін, бір сәтте алдымдағы малымнан көз жазып қалдым. Енді жол қиялап емес, жазыққа қарай түскен секілді. Айнала тастай қараңғылыққа ұласып кетті. Шамасы кеш батып кеткен іспетті. Енді ығып кеткен мал жайында емес, Ерке не істеп жатыр екен деп қорқа бастадым. Қанша жүргенімді кім білсін, бір заматта бір жардан оңбай ұшып түстім. Сонда барып есіме түсті. Үйдің сәл қиыс төмен жағында жазғытұрымғы сел орып кеткен арна бар еді. Қайта қар үрлеп толыңқырап қалған екен. Тырбанып жүріп сыртқа әзер шығып, өлдім-талдым дегенде үйге жеттім. Ошақтағы от сөне бастаған екен. Үйдің іші тас қараңғы.
– Ерке, Ерке барсың ба, жаным? Есіктен кіре пеш жаққа қарай ұмтылдым. Пеш түбіндегі шәкене сәкіге жеткенде, Еркенің бебеу қаға қинала ухілеген дауысы әзер естіледі. Жалма-жан оттық шағып, білте шамды жақтым. Сырт көк аяз болғанымен үй іші жылы екен.
– Есен, жаным, келдің бе? Ух, жаным-ай, қиналғаным-ай. Толғақ басталды-ау деймін, ішім бүріп әкетіп бара жатыр. Неге кешіктің? Малың ығып кеткен жоқ па? – деген үні әзер естіледі.
– Иәғ жаным қарлы боран шығып адасып, малдың қайда кеткенін білмей қалдым. Не істеймін жаным, малы құрсын! Сен аман болшы! Мен барып ауылдан көзі қарақты біреу шақырып келейін онда. Не болса да ауылға қарай тартып кетсем бе деп ойландым.
– Жоқ жаным, кетпеші, сен жанымда отырсаң болды! Құдайдың салғанын көреміз ғой енді,– деді Ерке. Расында солай өзі де жалғыз ат аз күннің алдында жардан ұшып өліп қалған. Салт атты адамға күндік жердегі ауылға жаяу жету, одан қайтып келгенше толғағы құрғыр күтіп тұра ма?..
– Ыстық шай ішесің бе? – деп сұрадым, ұйып қалған қол-аяғын уқалап отырып.
– Жоқ, жоқ ішпеймін! Ух-жаным-ау, іші бауырым күйіп өртеніп жатқандай. Анау құрды әкеліп керме тартшы!– деді Ерке, бозарып кеткен ерні дір-дір етіп.
– Оны не істеймін? – деп сұраппын есім ауып.
– Бар болғыр-ау, толғақ қысып бара жатыр ғой! – деп барып, талықсып кетті.
Мен ірге жақтағы теңді қопарып ішінен ескі киіз үйдің құрын алып шығып керме арқан жасадым да, әл-дәрмені құрып, есі кіресілі-шығасылы болып жатқан Еркені сүйеп арқанға екі қолын ұстаттым. Дене қуаты әлсіреп кеткен арқанды ұстап тұруға да шамасы жоқ.
– Белім үзіліп барады, – деп бебеулейді.
– Бибәтима пірім-ау, қолдап, қуаттай гөр! Қол-аяғының жеңілдігін бере гөр! – деп зарлана мінәжәт етіп мен жүрмін, жанымды қоярға жер таппай.
Әредік бір тынысы кеңіп, толғағы басыла қалғанында:
– Есен ұл тапсам атын сен қой… Қыз тапсам атын Айым деп өзім қоямын… – дейді.
– Алдымен аман-есен босаншы… – деймін мен күпірлік болмасыншы деп сақтанып.
Арада қанша уақыт өткенін қайдам, бір заманда бозарып таң да атайын деді. Еркенің толғағы жиілеп, дәрмені тіпті түгелдей таусылды. Бүкшиген қалпы жерге жүрелеп отыра кетіп сәлден кейін:
-Ух! – деп бір тыныс алып, таяп қалды-ау деймін, су кетті. От жағып, қазанға су қайнатшы. Жарыс қазан жасасаң жеңіл болады деуші еді үлкендер.
Қоламтасы ғана қалған пештегі отқа құрғақ сексеуілді толтырып, лезімде гүрілдетіп от жағып, пештің үстіне қара қазанға су толтырып қойдым. Бала кезімнен естіп жүрген «Қара қатын бұрын туа ма, қара қазан қайнай ма?!» деп сарнап ала жөнелдім.
Ерке мен қара қазанның ортасында сенделдім де қалдым. Қара қазан әлденеше рет қайнады. Ерке сұлық жатып қалды. Аузына ыстық шай тамызып қоямын әрегідік. Бір заматта ернін әзер қыбырлатып мені ымдап өзіне шақырды. Үні ішіне түсіп кеткен. Құлағымды аузына тақадым.
– Есен, жаным, әуре болма енді. Мен енді жоқпын! Кеттім. Әттең, тым құрығанда ауылда, ел ішінде болмағанымыз, бақұл бол! Қыс мынау! Мені дұрыстап жөнелте де алмайсың-ау! Артық кеткен жерім болса кешір! Сенің де кінәң болса кештім. Жаным, мына көк тоңды қаза да алмайсың ғой! Мені аманаттап қой да, арт жақтан ел-жұртқа хабарласып алып кетерсің! – деп сөйлеп жатып үзіліп кетті.
– Ерке, Еркетайым қойшы, қайдағыны айтпай! Әлі-ақ тәуірленіп кетесің!– деп зар еңіреген менің үнімді естімей де қалды.
Еркенің мәйітін құшып, қара кешке дейін зарлана еңіреп жатып, кешке қарай өз білгенімше арулап жуындырып таң атқанға дейін үйдің іргесінен аманатқа қабір қаздым. Көк тоң болып қалған жерді белуарға дейін әзер жеткізіп, жылай жүріп таңертең Еркені жерледім де, кешегі ығып кеткен малды жинап қамап тастап, хабар жеткізуге ауылға жаяу да болса кетпек болдым. Кешегі ақтүтек боран басылған. Күн ашық. Маңайда қарайған мал көрінбейді. Кешегі жүрген жолымның межесімен шатқа қарай біраз жүріп ем, алдымдағы құлама құзға қарай кетіп жатқан шұбырынды ізді көріп онсызда тасталқаны шығып тұрған жүрегім зырқ ете қалды. Жүгіре басып, жардың басына келдім. Құламаның түбінде үйме-жүйме болып үйіліп қатып қалған бір қора қойды көргенде өмірден күдерім бір-ақ үзілді.
Қарашада қыстауға келер алдында, жаңадан келген ауыл бастығы “Алдыңдағы қоралы қойдан бір тоқты шығынға шығар болса, өзіңді темір тордың арғы жағынан көресің” – деп арнайы ескерткен еді. Ақыры Еркенің қар аралас үйілген кішкентай ғана қабірінің басына келіп отыра-отыра әбден күдерім үзілген соң ауылға жолға шықтым. Араға екі қонып үсіп жығылып ауылға әзер жеттім. Мен ауыл шетіне іліне қарсы алдымнан құдай атқыр ауыл бастығы мен жанында мылтық асынған екі милициясы кезіге кетті. Болған жайды қаз-қалпында жеткіздім. Ол антұрған менің қайғыма ортақтасқанның орнына қасындағыларға:
– Ұстаңдар, мына халықтың жауын! Халықтың барлық ортақ байлығын, барлық малын қырып тастағаны үшін жазаға тартылады,– деді.
– Жарқыным, сіз қайдағы малды айтасыз? Менің әйелім қайтыс болды. Өзім осында үсіп жығылып әзер жеттім,– дедім күйіп кетіп.
– Жап аузыңды! Мен қазір ол жаққа арнайы адам жіберіп тексертемін. Ал, сені ауданға сотқа жіберемін! – деп зіркілдеген оған жауап қайтаруға үлгермедім. Мылтықтың дүмімен кеуде тұсымнан қойып кеп қалғанда есеңгіреп барып құлап түстім. Ана екеуі мені сүйрелеп әкеліп, әлдебір тас қораға кіргізіп байлап тастады. Ауылдың еш адамымен тіл қатыса алмадым. Екі күннен соң барып үлкенді-кішілі біраз өкімет белсенділері бір кеште арнайы жиын ашып, менің үстімнен іс қозғады да, бір ауылдың барлық малын қасақана, қаскүнемдік мақсатпен қырып тастаған деген қылмыспен қатар, әйелін өлтірді деген жаламен іс-қағазын толтырып қосар атты шанамен ауданға алып жүріп кетті. Тізгінде отырған милиционерге:
– Ауылға қайтқан соң, ауылдағыларға айта баршы! ­Кеңөзектегі тас қораның іргесіне әйелімді аманаттап жерлеп кетіп едім. Соны ыңғайластырсыншы, – деп едім:
– Бәтшағар, сен қайдағы өлген қатыныңды айтып не қыласың? Бір қора қойды қырғаның үшін өзің атыласың. Әуелі көмусіз қаласың. Сендей кербақпаларды жерлеудің керегі не? – деп қарқ-қарқ күлді. Одан еш қайыр болмайтынын түсінген соң ары қарай ешнәрсе айтпадым.
Аудан орталығына келген соң мені еш сұрақ жауапсыз отыз жылға ауыр жаза майданына айдап жіберді. Ауыр еңбекпен өзгерту алаңында отыз жыл бойына азапты күн кештім. Сол отыз жыл бойы көз алдымнан Еркенің елесі бір кеткен емес. Әр түні жаныма келіп отырғандай сезіледі де тұрады. Бар айтатыны: «Мені алып кетші, мені… жалғыздықтан жабықтым… мені алып кетші!» – деп еңіреумен болады…
Ауылға хат хабар жіберуге еш мүмкіндік таппадым. Сонымен отыз жылды өткеріп осында жеттім. Мені осында жеткізген Еркенің әруағы. Марқұмның жаны жай тапқан болар… Осындағы қабірлікке әкеліп жерледік қайтадан. Енді сол тасқораға кетсем, сол араны мекендеп қалсам деп ойлаймын.
– Бейшара-ай! Күн батса болды – Мені алып кетші… мені жалғыз қалдырмашы дейтін дауыс сол Еркенің дауысы екен ғой… Әруақ та болса жалғызсыраған екен ғой! – деп ­отырғандардың біразы көзіне жас үйірді.
***
– Құдіреті күшті құдайым-ау, отыз жыл бойы жер астында жатқан сүйек осылай сақталады деп кім ойлаған.
– Тіпті, шашындағы тарақтың табы да әлі кетпепті…
– Тек киімі іріп кеткен екен… – деп ескі тас қораның күн батыс жақ іргесіне таяу жерден белуарға жетпестей жерге аманаттап қойылған қабірдің бетін ашып шуласқан қауымды ортадағы ақсақалды аппақ сәлделі молда:
– Аманат деп қойылған соң да күткен ғой жарықтық! Жаратқан ием аманатты соңына дейін сақтайды екен! – деп тоқтатты. Молданың сөзін еңкілдеп жылаған Есен атаның күңіренген үні бөліп кетті.
– Жас емессің ғой, Есен саған не болды? Сабыр ет! Тоқтат енді!
– Айналайын, халқым-ау, осы отыз жылды қандай азаппен өткізгенімді сезбейсіңдер ғой сендер! Абақтының азабына емес, аманаттап кеткен Еркемнің сүйегіне жете алмағанымнан азаптандым. Енді шебер құдай ала берсе де арманым жоқ. Еркенің жаназасын шығарып ауылдың зиратына жерлесем болды.
Еркені ауыл маңындағы қорымға әкеліп жерлеген соң Есен бірден Сайтансайға қайтты да, ел ауылға келген. Әлі де болса жұбыңа жетіп отырған жоқсың, тым құрғанда шай қайнатып, көйлегіңді жуып беретін бір адам керек қой, ауылға келіп үйлі-баранды бол деп айтқан ауыл тұрғындарына ләм-мим деп тіл қатпай, Сайтансайды мекендеп қалған-ды.

***
Мен таңға ұйықтамадым. Бір жағынан қорқып. Бірақ сыр бермеуге тырыстым. Ертең ерте тұрып шай қояйын деп, ошақ басына барсам ошақта от лаулап жанып жатыр, үстіндегі қара шәугім бұрқылдап қайнап тұр. Біз дастархан басында отырмыз.
Есен ата екеуміз ана-мынаның басын шалып біраз отырдық.
– Осы жерге сенің әкеңнен басқа ешкім аяғын баспағалы қашан. Ол да тек түстеніп кетіп қалатұғын, ал сен қонып шықтың, не сездің бала?
– Иә, әйеліңіздің аруағы келеді екен түнде.
– Иә, иә, менде сенің құлағың түрік жатқан шығар деп ойлағанмын, десе де тағы бір нәрсені сезбеген екенсің.
– Нені?
– Бүгін тағы түне.
Қаланың қауырт шаруасынан әбден жалыққам. Ауылға қайтқаныммен әке-шешемнің “Енді осылай сұр бойдақ болып қашанғы жүресің, бір шүйке бас тапсаңшы, біздің де жасымыз келді… тым құрғанда оң жақтың қызарғанын көріп кетейік” деп бас ауыртқанынан қаштым да неде болса Есен шалмен қауқылдасып тағы бір түнеп қайтуға бекідім.
Кеш те батты. Білте шамды тұтатып әлсіз бозамық жарықтың астында түн ортасы ауғанға дейін әңгімелесіп ­отырдық.
– Жә, балам, енді саған мен тағы бір сырымды айтайын, мен әйелімнің сүйегін анау қорымға апарып жерлеген едім ғой…
– Иә.
– Содан кейін бұл жердегі түнімен жылап шығатын әйел дауысы жоқ болғанын да білесің.
– Иә.
– Кеше түнде маған бір әйелдің келгенін сездің?!
– Иә.
– Мынау иен шатта не қылған жан деп ойладың ба?
– Иә ойладым, сол әйеліңіздің аруағы шығар деп.
– Ол менің әйелімнің рухы, әр түні осында келеді.
– Сонда…
– Мені ешқайда жібермейтін сол, онымен бірге қызым да келеді.
– Сіздің қызыңыз да бар ма еді?
– Менің әйелім баладан кеткен, ішіндегі қыз бала екен.
– Сонда сіздің қызыңыз…
– Иә, оның да рухы… Сәл күтсең келеді… Айтып ауыз жиғанша есік дыбыссыз ашылды да ішке тұла бойынан айдың аппақ нұры шашылған әйел кіріп келді. Шамасы мені көрмеген тәрізді. Келе Есен шалдың тізесіне жантая кетті.
– Ерке, үйде қонақ бар – деген Есен шалдың дауысын естіп орнынан атып тұрғанда барып, оның жай адамдарды көре алмайтындығын сездім.
– Алаңдама, бөтен емес Мұқаның баласы, сен қайтқан жылы туған.
– Менің Айымыммен құрдас екен ғой…
– Иә, ол қайда?
– Сені мен көргенмен ол көре алмайды ғой, соған налып үйге кірмей қойды…
Менің жүрегім атша тулап лобып барып басылды. Адамның аруағымен қатар бір үйде отыру, ойлаған сайын жүрегім тулай жөнеледі. Әйел дастархан жайды, дәмнен жүрексіне отырып татып көріп ем, тіл үйіреді екен. Дастархан жиылған соң сергіп қайтуға далаға шықтым. Тасқораны айнала бере ай сәулесінің астында ары қарап отырған қыздың сұлбасын көріп Айым екенін бірден сездім. Жайлап басып жанына бардым. Ол маған жалт қарап орнынан атып тұрды да:
– Сіз… сіз.., – деп тілі күрмеле берді.
– Мен сенің құрдасыңмын… Мен өзімді барынша байыпты ұстауға тырыстым
– Әкем, әкемді де көре аламын ба? Ол үйге қарай тұра жөнелді. Шешесі көрмегенмен қызының көргеніне таң қалып, тыста әлі тұрмын. Тура шешесіне тартқан өн-бойынан айдың ақшулан сәулесі шашыраған қыздың, мұң ұялаған жанары менің көкірегімді найзамен түйрегендей піспектеп жатты…
Таң атқанша мен тас қораның маңында айналсоқтап жүрдім де, таң ата өрелеулі атымды босатып жіберіп, Есен шалдың қасына келіп қисайып жатыр едім…
– Сен бала қайтпайсың ба, – деп сұрады.
– Жоқ ата мен осында қалуды ұйғардым, – деп ем, шал басын жұлып алып:
– Қой, қой, қайт бұл жерден, айықпас өкінішке қаласың, басың бәлеге байланар, мені қой, бар болсам да жоқ адаммын,– деді.
– Жоқ, атеке, мен жүрегіме мәңгіге бір сауға байлаған тәріздімін. Мен осында қаламын! – деп шалдың аяқ жағында жатқан жамылғыны үстіме жауып тағы да бір түннің келуін асыға күтіп жатып қалдым.

Мистик – Қойшыбек МҮБАРАК

By admin

One thought on “Қойшыбек МҮБАРАК: СҮЙЕК”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.