Сен. Қаз 12th, 2024

Ауыл сыртындағы қабірге қарай шұбап келе жатқан топқа таяй бере ол өз көзіне өзі сенбей қалды.
Жан-жағынан қаумалай көтеріп келе жатқан табытта кәдімгі тірі – адам, тірі қыз жан-дәрмен үстіндегі ақіретті шеше алмай аласұрып келеді. Табыт алып келе жатқандар мұны көрмеген іспетті.
Барлығының қабағына қайғы орнап ауыр басып келеді.
Қабіршілерге жетіп келген ол:
– Айналайындар-ау, сендерге не көрінген, тірі адамды ақіретке орап қайда алып барасыңдар!.. – деп анаған бір, мынаған бір жүгіріп жүр.
Шамасы қыз жақыны болар белін ұзын ақ шүберек-пен байлаған жігіт ағасы:
– Тәйт ары… әкетіңдер мынаны… аруақты қорлатпаңдар… – деді.
Желкелеп өзін шеткері алып шыққан жігіттерге жалбарынып еді.
– Өзіңді де сол қызбен бірге көмсін демесең жоғал көзден… есің ауысқан шығар… бар ана бұлаққа басыңды малып есіңді жи!..
Бұлақ басына келген ол шынымен жынданған шығармын деп ойлады. Бірақ ақіреттен шыға алмай бұлқынған қыздың өзіне жалынышпен қараған көзі көкейінен кетпей қойды. Ақыры қабіршілер қайтқан соң зират басына тартты.
Жас қабірге жете қабірді құшақтап өкіріп жылап жіберді. “Кешір мені, саған араша түсе алмадым… кешір мені, маған ешкім сенбеді… ”
– Жоқ бұл сенің кінәң емес, – қыз даусы жанынан шықты. Селк ете түскен жігіт қате естідім бе деп жан-жағына қарады. Сонда барып көрді. Қабірдің арғы жағында аққұба қыз аппақ ақіретке оранып бүк түсіп отыр.
– Жүр… қашайық бұл жерден…
– Мен кете алмаймын ғой… денем мынаның астында жатыр. Қыз иегімен қабірді нұсқады.
Жігіт орнынан атып тұрды да ауылға қарай жүгірді. Шеткі үйдің босағасына сүйеулі тұрған күректі ала сала қас-қағымда қабірге келді де жан-таласа қабірді қаза бастады. Жан ақымға жетіп қыздың сүйегін көтере бергенде топырақ гүр етіп оны басты да қалды. Жан дәрмен сыртқа ұмтылған ол жер бетіне шыққанда өз денесінің қыздың мүрдесімен бірге қалғанын бірақ білді.

By mystic

2 thoughts on “МҮРДЕ”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.