Жұм. Жел 6th, 2024

Есіктің артындағы сүйеулі тұрған балбал тасты ол осы үйге көшіп келген күні көрген-ді. Тіпті оны елеп те қойған жоқ-ты. Бар байқағаны пошымы әйел адамға келетін іспетті.
Бірде көне бір кітапты ақтарып отырып бір жерінен өткен ғасырдың басында балбал тастардың ең атақтысы саналатын сақ ханышасының жоғалып кеткенін оқыды. Қара тас кімге керек болды екен деп әрі қарай көз жүгіртті. “Көне шежірелерден жетуі бойынша сақ ханышасы ең әйгілі сиқыршылардан дәріс алған сиқырға жетік жан болыпты. Әрі келбеті қор қыздарымен таласатын сұлу екен. Жасы жиырма беске келгенде өзінің қартайып сұлу жүзінің мөрі қайтуынан қорыққан қыз мәңгілік балбалға айналыпты… оның тірілу заманына да көп қалмаса керек… Тек кер жыланның қанымен тас төбесіндегі тесікті толтырғанда ғана қалпына келеді екен. Бірақ күн көзін көруді жазбапты тек кешке ғана пайда болып тұрады екен…” жалғастырып оқуға зауқы соқпаған ол кітапты лақтыра салды да төсекке жантая кетті.
Күн ұясынан әбден көтерілген соң оянды. Жұмысқа жиналып сыртқа шығып бара жатып есіне бабалтас түсті. Жай ғана қызығушылықпен балбал тастың төбесіне көз жіберді. Қызық бәлкім сәйкестік шығар бұның да төбесінде тесік бар екен. Сәл-кем ойланып тұрған ол арт жағынан әлде ненің ысылдаған даусын естігендей болып жалт қарап еді, көрші кемпірдің сұр мысығы мен керіскедей кер жылан арбасып тұр екен. Қолына әлде қайдан іліне кеткен күрекпен жыланды бір-ақ салды. Екіге бөлінген жылан аз жерге шұбатылып барып сұлық жатты. Бөлінген екі денені күрекке салып балбалдың үстіне тастады да жұмысына кете барды.
Жұмыста отырып түс ауа балбал туралы ойға шомды. Жасы отыздан асып бара жатқан жігіт сақ қаншайымына деген ынтызарлығы арта түсті. Шынымен сол болса екен деп тіледі. Ақыры кеш те батты. Үйіне келген ол ең алдымен есік артындағы балбалдың жоқ екенін көріп жүрегі зырқ ете түсті. Жүрегі зырқ ете түсті де оның әйгілі сақ қаншайымы екенін ойлап жайлап қана езу тартып есікті ашты. Үйге кіріп шырақты жағып қалғанда төр жақтағы креслода жүзінде қан-сөл болмаса да ханшаға тән паңдықпен, ханшаға тән асыл жаһұттарға малынып отырған қызға жақындай бергенде:
– Жетесіз бейбақ. Қанша ғасыр күткен бақытымды ойрандадың-ау!.. Өлген жыланды жолдың екі жағына бөліп көмуді білмейтін бе едің!.. Қыз әшекейлі камзолының етегін көтеріп қалып еді, беліне әлде неше оралып алған кер жылан жігітке қарай ысылдап атылды.

By mystic

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.