Ол өлген соң да ауылда көп жүрді. Иә, өзін жерлегендер қайтқанда солармен бірге қайтып келген-ді. Бірақ оны ешкім де көрмеді. Үйіне келсе ешкім жоқ. Ол жалғыз басты еді. Табалдырықтың астына жасырып қоятын қосымша кілтті алмақ болып қолын созып еді. Кілтті көрді, бірақ ұстай алмай қойды. Сосын қақпаны қақпақ болып ұрып еді қолы ары өтіп кетті, бірақ еш дыбыссыз. Сосын есікті ашпай-ақ жайлап ішке кірді, өзіне еш нәрсенің кедергі болмайтынын білді. Кітаптары, киімдері, өзіне керекті барлық бұйымдары өз-өз орнында тек, қол шатыры жоқ. Қол шатырын іздеп үйдің барлық түкпірін ақтарып шықты, жоқ. Еденнің астында жатқан бір нәрсені көрді, шамасы тақтайдың жарығынан түсіп кетсе керек. Барып қарап еді Мария екеуінің суреті. Сонда барып қол шатырдың Мария екеуінің үнемі бірге баратын бақта қалғанын білді. Суретті жоғарға алып қоймаққа көп талпынды, дегенмен одан өнім жоқ еді. Ол тура баққа қарай тартты. Бұрынғыша көпірді айналып жүрген жоқ. Тура бара салды. Баққа кіре бере бақтың арғы шетінен енді бері шыққан Марияны көрді. Марияны көргеніне қатты қуанды. Жан пәрмен солай жүгірді. Лезде тура алдына жетіп барды. “Мария, жаным, мен келдім” Марияны бас салып құшақтады. Жоқ, Мария баяғы сол қалпы қабағы түсіп жылап кетіп барады. Ол құрғақ ауаны құшып қалған еді. Қайта соңынан жүгірді, тағы сол Мария оны көре алмады. Кенет жаңбыр төпелеп кетті. Бақтағы елдің бәрі бастарына қол шатырларын көтеріп, иә болмаса асығыс үйлеріне жүгірісіп жатты. Тек Мария ғана малмандай су болып жаймен басып жалғыз аяқ жолды бойлап ары-бері қыдырып жүр, үнемі қол шатыр ұстамайтын тек оның қол шатырының астында жүретін. Ол өзі өлердегі отырған орындыққа барды да, орындықтың арт жағына түсіп кеткен қол шатырды Марияға алып келмек болды. Бір-ақ ырғып қол шатырға жетіп барды. Қанша жағаласты қол шатырды ұстай алмайды. Не істерін білмей мәңгіріп отырғанда орындыққа жас қызбен жігіт келіп отырды да, жігіт аузындағы темекісін орындықтың артына тастай салды. Шоқ тура оның алақанына түсті, алақанын қарып бара жатты. Шоқты алақанынан зорға түсірген ол қайтадан қол шатырдың сабына жармасты. Тура алақанның шоқ қарыған жері ғана сәл де болса қол шатырдың сабына тіреу болғанын сезді. Соны сезді де, бақ сыртындағы теміршінің дүкеніне қарай жөнелді. Қып-қызыл ғып таптап жатқан сом темірге алақанын басып тұрып қалды. Жанын жеп қарып барады. Бар даусымен шыңғырып жіберді. Оның даусын ұста естіген жоқ, тек қабырғадағы ілулі орамал бір желпініп барып орнына тұрды. Қайта баққа ұмтылды. Қол шатырды бас салды. Отырғандар: “Ананы қарашы, қол шатыр ұшып барады. Ылғи да осы жалғыз аяқ жолдың бойымен ұшады екен” десіп таң қалысты.
өте өкінішті оқиға екен
өте өкінішті оқиға екен