Әкесінен қалған шошақ ер-тоқымды атқа асығыс салған жігіт шылбырын жиғанға үлгірмей көрші ауылға шаба жөнелді. Дәрігер алып келмек. Келіншегі қансырып хал үстінде жатыр. Арлы-берлі алып жүргенге шашырап кеткен сүйектер ыңғай берер емес. Өзенді бойлап барып айналып жететін жаттық жолды тастап, тіке төбе басындағы зираттан өтетін сүрдекпен тартты. Қамшы үстіне қамшы басып шапқылап келеді. Зираттың ортасына жеткенде барып аттың тізгінін тартқысы келді. Бірақ тартпады. Тек “Дәрігер, үйінде болса” деп тіледі.
Зираттан өте бере үлкендердің “Аруақтарды шулатпаңдар!.. Өздері асығып жатқанда қасынан жайлап өтіңдер!.. Әрі Қиямет қайым жақын деп айтыңдар!.. Бәрі Қарасат майданын, Алланың нұрлы жүзін көруге асығып қияметқайымды күтіп жатады…” дейтіні есіне түсті. Тым құрыса жаңа ғана марқұм әкесінің зиратының жанынан өткенде де, айтпапты-ау. Онан ары ойлауға мұрсасы жетпеді.
“Жаным, менің, мен дәрігер алып келгенше өліп қалмашы…” сол уайымның жетегімен қамшыны жиілетті. Кенет тура арт жағынан бір нәрсенің еріп келе жатқанын сезді. Жалт қарады. Марқұм әкесі. Ол енді атты шаужайлады. Шапқан атпен жарысып әкесі қатарласты. Әдетте аруақ туралы сөздің өзінен сонша қорқатын жігіт бұл жолы қобалжыған да жоқ.
– Кеп қалды ма?
– Нені айтасың әке?
– Қиямет қайым.
– Қайдағы, дәрігерге асығып барам.
– Ой, тәуба! Неге жалғаннан жар сап жүрсің!.. Қарашы артыңа!..
Жігіт бұрылып артына қарап еді. Бүкіл зираттағы өліктің барлығы арттарынан шұбап келеді.
– Қайда барасыңдар?
– Иә, қайда бара аламыз. Біз бұл паниден емеспіз ғой, қайтар жолды таба алмаймыз, бізді енді жер мекенімізге апарып тастарсың…
Жігіттің қамшысы қолынан сусып бара жатты. Көз алдында қанға малынып жанары сөніп бара жатқан қосағы, ақыретін жерге сүйретіп қайда барарларын білмей мәңгіріп тұрған әкесі бастаған қалың аруақ.