Жұм. Нау 29th, 2024

Аялдамада ұзақ тұрды. Қар қапалақтап түсе бастаған. Жасы отызды орталап қалсада әлі бойдақ-тұғын.

Қайсы күні қаланың орталығында тұратын бөлесінің үйіне қонаққа барған-ды. Сол қонағасыда бөлесі өзінің қайынбикесі Әнияны таныстырған. Әния аққұба өңді, талдырмаш бойлы, ашық жарқын қыз екен. Қаланың әлде бір мектебінде оқытушы екен. Жиырманы енді орталата бастаған қыз әлі бұла қалпы екен. қиыла қарағанда-ақ бұның жүрегін шым еткізген. Сол кеште екеуіде бөлесінің үйіне қонып қалған. арасы он жас болсада қыз бұған қарағанда әлде қайда ұстамды екен. Артық әрекеттке жол берер емес. “Бәрін уақыт көрсетеді… әуелі ақ некеңді кестір… сосын барымды тек өзіңе ғана арнаймын… асықпа…” деген. Өзінен мүшел жас кіші қыздың айтқан ақылынан асып кете алмаған. Таңертен қимастықпен қоштасқан. Қоштасқанда кешкісін жұмыстан соң кездесуге келіскен. Әдепкі күндерде заулап өте шығытын күн енді жылдай жыбырлап тұрып алған. Ақыры кеште батып уағдалы жерге жеткен екеу шағын, шағында болса жинақы, тыныш бір кафеде отырып ұзақ сырласқан. Алдағы өмір жолдары туралы кеңінен сыр шертіскен. Ақыры қол ұстасып өмірлік жар болуға келіскен. Артық әуіреленетін ешнәрсе жоқ. Алдағы сәтті күні сәрсенбіге оны өз құжырасына ертіп барып сосын жақын дос-жарандарын ғана шақырып шағын дастархан ғана жайып ықылстарын алмақ. Содан бері аз дегенде алты жеті рет кездескем. Кеше ғана осы жерден кездесіп алып кетуге келіскен. Ол уағдалы уақытынан төрт сағатқа бұрын келіп алып қарлы боранға қалып тұған кейпі. Әуелі қапалақтай жауған қар соңна бұрқақтап түсе бастады. Көше бойында тірі пенде жоқ. Көше бойы анда-санда артынан түтінін будақтатып жеңіл көліктер көбік қарды кеше көшенің келесі басына қарай жыбырлай сырғып көзден ғайып болып қайтадан қаңырап бос қалады. Табанынан өткен суық алғашында тізесін сосын тұла бойын тітірітіп барады. Аялдаманың қалтқасында тоңазыған аяғын бір-бірене соққылап біраз тұрды да анадайдағы ашық тұрған жалғыз дүкенге қарай аяңдады.

Дүкеннің ауыр ағаш есігін жұлқа тартып әзер ашты. Іштен көгеністің борсық иісімен қосыла бұрық еткен жылы бу сыртқа лап ете қалды.

– Жылдам есікті жабыңыз!.- талдырмаш сатушы қыз бұйыра сөйледі.

Ол есікті жауып дүкеннің сөресіне келді де сатушы қызға:

– Қарындас бос арақ барма? -деп сұрады.

– Қанша құяйын?

– Жүз… жоқ екі жүз грам…

– Ақшасын алдымен төлейсіз… – қыз аузы ашылған құмыраны қолындағы үлкен қырлы стаканға бейімей бере қатып қалды. Ол қалтасын ақтарып ақшасын төлеген соң барып стаканды ернеуінен асыра толтырған қыз оған ұсынды.

Тоқталмастан басына бірақ көтерген ол босаған стаканды сөреге тақ еткізіп қоя салды да қос алақанымен бет аузын батыра ысқылап керіле бір дем алып:

– Рахмет! – деді де, есікке қарай беттеді.

– Біреуді күтіп жүрсіз бе? -деді қыз сөренің арғы жағындағы әлде бір қорапты сырғытып жатып.

– Иә, азаннан бері күтіп жүрмін…

– Дала суық қой осында ақ күте беріңіз.

– Ыңғайсыз болмаса…

– Жоқ, ешқандай… қайта маған мына қорптарды реттестіруге көмектесіп жіберіңіз.

Ол ойланбастан кейін қайтты да сатушы қыздың нұсқауымен қораптарды жинастырып тастады.

– Сізді бір жерден көрген секілдімін… – қыз оған жимыия қарап тұр.

Манада байқамаған екен. Қыздың албыраған жүзі, қымсына қараған көзі тіпті үзіле, үздіге сөйлеген сөзі сондай тартымды екен.

– Мүмкін… менде… қай жақта тұрасың… деді. сөзін бөліп жарып.

– Ескі қалада.

– Менде.

– Қай жерінде?

– Жастар бағындағы жатақханада…

– Менде сонда тұрамын… қашаннан бері тұрасыз?

– Он жыл шамасы…

– Маған алты жыл…

– кіммен бірге тұрасың?

– Ешкіммен жалғыз тұрамын, өзіңіз?..

– Менде…

– Содан бері қалайша кездеспегенбіз…

– Жұмыстан кеш түсемін…

– Біз жақ қараңғы ғой… қорықпайсың ба?

– Иә қорқынышты… басқа жұмыстың ыңғайы жоқ.

Көше шырығы атымен жоқ тас қараңғы көшеде еліктің лағындай болған әдемі қыздың жападан жалғыз аяғын қорқа, қорғана басып кетіп бара жатқан кейпі көз алдына келе қалды. Нәп-нәзік қыз түгілі атпал азаматтың өзі жалғыз жарым жүруге қорқатын қараңғы көшені ойлағанда қызға жаны ашып кетті.

– Кеште сені жеткізіп салсам болама?

– Рахметімді айтар ем… бірақ…

– Неге бірақ?..

– Бәрі бір ертең жалғыз қайтуыма тура келеді ғой…

Ол қызға қадала қарады. Қыз сүлкіні түсе алдында тұрған қорапты еш мақсатсыз шұқылай бастады.

Енді бір сәт аяз сан қырлы өрнегін салған терезенің алдына келіп аялдама жаққа қарады.

Аялдамада асға күткен Әния тұр екен. Жанында қомақты қызыл чемоданы. Қуанып кетті.

– Сау бол!. – деп есікке қарай қайта беттей бергенде, сатушы қыз:

– Мені кешкісін жеткізіп салмайсыз ба? – деді үні дірілдеп.

Ол есіктің тұтқасын ұстаған қалпы ойланып тұрып қалды.

– Жалғыздықтан әбден жалықтым… мені күнде алып кетіп тұрыңызшы… қыз өксік ата жылап жіберді.

Ол артына бұрылып жылап тұрған қыздың жанына келіп қалтасындағы қол орамалымен қыздың көз жасын құрғатты.

Көз жасы құрғаған қыз оның мойнана асыла кетті. Екеуі құшақтасқан қалпы өбісе бастады.

Сыртта бұрқасынды боранның астында тісі-тісіне тимей сақылдаған Әния жылынып алмаққа ашық тұрған дүкенге қарай беттеді.

Мистик – Қойшыбек МҮБАРАК

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.