Дүй. Сәу 29th, 2024

Айған

Ай астына қарай шұбырған ақ керуен. Ақтылы көш.
Көштің соңы жерден енді ғана көтерілген-ді. Аспанға қарай аспақталып шұбап бара жатқан көштің соңына екі аяғымнан жан кеткенше шырқырай жүгіріп келе жатып, әлде бір қу томарға шалынып жалпамнан түстім.
– Ата!.. Әке!.. Апа!.. Көке!.. – айқайлай-айқайлай үнім де шықпай қалған.
– Құлыным-ай!.. тірідей көзіңді жәудіретіп қалай тастап кетем!.. – деп ышқына жылап барып талып қалған шешемнің бейнесі келді көз алдыма.
– Жетіге енді толған баланы жападан жалғыз мына әлемге тастап кету маған оңай дейсің бе?.. Жылама… Тағдырдың салғанынан ешкімде қашып құтыла алмайды… Тәңірім бұдан басқа сегіз ұлыңның амандығын берсін деп тіле… Дәм тартса түбі өзі іздеп табады… Қайтейін енді бар ауылдың өмірін бір боқмұранға байлап қойған тағдырға менің де қарсы тұрар шамам жоқ… Нағашы атамның дауысы саңқ-саңқ етіп шыққанмен ар жағында өксіктің дірілі білініп тұр.
Қашанда тастан да қатты мінезінен бір айнымайтын әкем:
– Бақұл бол балам, ақ құлыным… Мен шарасызбын… Кешір балам… – деп мені өзіне жұлқи тартып маңдайымнан ұзақ сүйіп тұрып, аяқ астынан бар күшімен мені кері итеріп қалып, шырылдай омақасып құлап жатқан маған қарамай ерттеулі тұрған ақбозына қарай асығыс кетіп бара жатқаны…
Ауылдың бар адамы… Ақ басты аталары мен ақ шылауышты әжелерім… ағаларым, тәтелерім тіпті мұрнының боғын әлі жиа алмай жүрген боқмұрындарға дейін мені бір-бір құшақтап қоштасып жатқаны.
– Ақ құлым, сені күтемін… қорықпа артымыздан келесің… Тәтеңді сағындырмай тез келе ғой… деп өзінің жып-жылы алақанымен бетімді аялай сипаған Айған көз алдыма келгенде өксігімді тия алмай жатсамда езуіме күлкі үйрілгендей болды.
Аспанға қарап едім айды бет алған көштің тек сорабы ғана қалыпты. Бар күш-қайратымды жиып орнымнан атып тұрдым.
Анадайда бір құлағы үзілген шешемнің ақ шелегі жатыр екен. Бар пәле сенен басталды деп аяғымнан саулап қан аққанша таң бозына дейін жападан жалғыз ақ шелекті бір уыс жұмарланған қаңылтыр болып қалғанша тепкілеп, бар өшімді алдым.
Кеше ғана мыңғырған малы жайылып, ұлан-асыр болып адамдары сабылып жатқан ауылда жалғыз қалу жанымды жегі құрттай жеп, менің кіп-кішкентай кеудемнің ішіне жерден де үлкен қып-қызыл шоқ толып алғандай өртеп барады.
Енді естімейтінін білсемде анда-санда:
– Ата!.. деп бақырып қоямын.
Айдалаға тастап кеткен атамды қанша жек көрсем де, осы зұлматтан тек соның ғана құтқара алатынын сәби жүрегім бәрібір сезетіндей.
Асығыс көшкен ауылдың әр жұртында шашылып қалған дүниелерді бар пәрменіммен жан-жаққа тепкілеп шашып жүрмін.
Әуелі өзіміздің үйдің жұртын тас-талқан еттім… Анадайда жатқан әжемнің ақ ұршығын көргенде еңіреп жылап алдым…
– Әже, аналар мені жалғыз тастап кетті… сен болсаң қалдырмайтын едің ғой… әже… – деп бар дауысыммен айқайға бастым.
Жұрттан қалған дүниелерді тепкілей-тепкілей Айғандардың үйінің жұртына келдім де, әлі істелмеген жап-жаңа мескейді даң еткізіп бір теуіп қалып, Айғанның үнемі суға барғанда көтеріп жүретін иінағашын көріп бар ашуым бірден басылғандай… Иінағашты аялай қолыма алып сипалап біраз тұрдым да қалған дүниелерді тәптештеп ақтара бастадым тағы бір нәрселері ұмыт қалмады ма деп.
Ошақтың басында аузы ашық қалған үлкен қара сөмкені ақтарып отырып Айғанның ақ мүйіз тарағын тауып алдым да, қай күні ғана тықырлап алып тастаған басымды тарай бастадым. Содан осы тарақты Айғанның кенже сіңілісі Жанай қолына алып ұйысқан шашын тарап отырғаны есіме түсіп кетіп лақтырып қалдым. Мұрнының маңқасын жия алмай жүріп шаш тарағаны несін алған деп кекетіп бір мырс етіп қалдым.
Бар дүниені зер сала ақтарып жүріп, сопақша келген артында марал суреті бар кішкентай айнасын тауып алып, ішінен Айған көрініп қалардай ұзақ қарадым. Екі көзім домбығып ісіп, мұрнымнан Жанайдың маңқасындай болып аққан маңқам үстіңгі ернімнен асып аузыма түсейін деп тұр екен.
Маңқамды Айған көріп қоймасын дегендей асығыс жеңіме сүрте салып, қайта қарап ұзақ отырдым.
Сосын орнымнан тұрып жұрттың аяқ жағында төңкеріліп жатқан тайқазанның жанына келіп бір құлағына қолымды әзер іліндіріп бар шамаммен тырбанып жүріп аударып кеп қалып баж ете қалдым.
Қазанның астында Жанай жатыр. Менің баж ете түскен дауысымнан шошынып ол шыңғырып жіберді.
Екеуміз екі жаққа тұра қаштық. Анадайға барып артыма қайырып ем ол жығылып қалыпты. Орнынан тұра алмай шыңғыра жылап тыпырлап жатыр.
Жанайды жек көрсемде оның Айғанның сіңілісі екені есіме түсіп жайлап қасына бардым да қолынан сүйреп орнынан тұрғыздым.
– Көке!.. – деп жылап, мені бас салды. Жанай менен бір ғана жас кіші болса да Жазағамның балаларымен бірге көке деп атайтын.
– Сен неге қалдың?..
– Әжем…
– Әжеңе не болды?..
– Көке түн ортасы ауғанда сенің нағашы атаң келіп әжеме бірдеңелер деп еді содан әжем маған осы қазанның астынан шықпай жат… өзім шығарғанда бірақ шық… айтқанымды бұлжытпай орындасаң Айған тәтеңнің сырғасындай әдемі сырға әперем деген… –деді.
– Әжең қайда?.. – деп сұрадым мен… Оның көшпен бірге кетіп қалғанын білсем де әдейі.
– Маған сырға әкелуге кеткен.
– Атаңның басы… – деп барып тосылып қалдым Жанайдың атасы Айғанның да атасы екені есіме түсіп.
Жанай жұртта қалғанын әлі білмеген.
– Иә бәрі саған сырға әкелуге ұзаққа кетті… сен жыламайсың ғой ә… қорықпа! Қасыңда мен бармын… сенің әдемі сыр­ғаң болады…, – деп Жанайдың қолынан жетелеп өзіміздің жұртқа қарай тұра жүгірдім.
– Нағашы атам келіп бізді ауылға алып барғанда Айғанның алдында бір жақсы іс істегенімді айғақтамақпын.
Екі үйдің ортасын бөліп жатқан бұлаққа жеткенде кенерезем кеуіп шөлдегінімді біліп, әрі беті-қолымды жуып алмаққа бұлақ басына айдадық.
Бұлақтың жағасында түнде өзім төгіп алған сүттің орнынан қалың тікен қаулап өсіп кетіпті. Сол тікенге қарап отырып, кешегім көз алдыма орнай қалды.

* * *
– Бұзауыңды емізіп алмай ертерек айдап кел. Бүгін нағашы атаң келеді… – деп ескерткен шешем жаныма айран толтырылған торсықты байлап беріп үйден шығарып салған.
Алдымдағы бұзауды ауылдың аяқ жағындағы шілікті сазға қарай тырқырата қуып бара жатып, анадайдан иінағашын асып суға кетіп бара жатқан Айғанды көріп енді бір-бірімен сүзісе ойнақтаған бұзауларды өзенге қарай айдай жөнелдім.
Ауылды жарып тұп-тұнық бұлақ ағып жатса да барлығы өзеннен су ішетін-ді.
Айғанның үнемі су алып жүретін өзеннің аласалау қабағына онымен бірдей жеттім.
– Ақ құлын… табын арғы жағада ғана жүр, бұзауларыңды емізіп алма,– деді Айған маған күле қарап.
Бар ауыл мені атаммен бірге бет әлпетім қазанның түп күйесіндей қап-қара екендігіме қарамай Ақ құлын деп атайтұғын-ды. Айғанның оңашада еркелете Ақ құлын деп атағанына төбем көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Құлын болып тұмсығымды көкке көтеріп, құлақ құрышын қандыра бір кісінеп жібергім келіп әзер тоқтадым. Қанша дегенмен бала емес, жігіт болып қыз соңынан келіп тұрғаным есіме кеп.
– Бұзауларымды суарайын деп…
– Жас бұзаулар су ішпейді…
– Өзім де шөлдеп… – өзімше жалтарып жатқаным. Жата қалып жарғабақтан мойнымды созып, қатты ағысты өзеннің толқыны бетімді жауып кеткеніне қарамастан шашала-қақала сіміріп жатырмын.
– Ақ құлын болды енді тұра ғой… қарның біздің ақ өгіздің қарнындай болып кетеді…,- демегенде басымды көтермес ем.
Су-су болған бетімді жеңіммен бір сипап құрғатып алғаныма сықылықтай күлген Айған:
– Ақ құлын шыныңды айтшы… неге келдің?… – деп сұрады.
Қапелімде аузыма сөз түспей қалды.
– Шыныңды айтатын болсаң саған қалаған нәрсеңді берем… айта ғой… Мен су алған сайын сенің бұзауларың болмаса өзің шөлдеп қаласың ғой…, – деп тағы сықылықтай күлді…
Күлкісі сондай тамаша…
– Шын ба? -деп сұрадым.
– Иә! Не маған сенбейсің бе?!
– Өлда-білда деші…
– Өлда-білда рас айтам…
Осы сәтті қанша күткенім есімде жоқ. Қуанып кеттім… қалай айтарымды білмей кідіріп тұрмын.
– Айта ғой енді… әйтпесе кетіп қалам… – деп қорқытады Айған.
«Айған тәте сізді жақсы көремін» деп айтайын деп ойладым да ол ойымнан тез қайттым. Біздің ауылдағы көкелерімнің ешқайсысы әйелдерін сіз деп айтпайтыны есіме түсіп.
Бірден батылданып:
– Мен… Сені… Жақсы көремін… – деп қинала-қинала әзер айттым. Қанша қиналсамда менің титтей ғана жүрегімнің сөзін жеткізгеніме марсиып қалдым.
Сақ-сақ күлген Айған менің екі бетімнен ып-ыстық алақанымен қысып, маңдайымнан шөп-шөп еткізіп сүйіп алды.
Жүрегім кеудеме сыймай кеткендей… Айғанды бас салып құшақтап жылап жібердім.
– Ақ құлыным-ау менде сені жақсы көремін ғой… Алтыным… – дейді қыз сықылықтап.
Мен өксігімді әзер басып енді батылдана:
– Жаңағы сөзіңде тұрасың ба?– деп сұрадым өзімді әлде бір салауатты жігіт сездіріп.
– Иә айтқаным айтқан…
– Өтірік айтсаң, қат… – деп барып аузымды жаба қалдым. Өзімнің жанымдай жақсы көріп жүрген адамға ауылдағы өзім теңдес балаларға айтатын жаман сөзді айтуға болмайтыны есіме түсіп.
Ішегі түйіле сықылықтаған Айған:
– Тез енді айта ғой… Не алғың келеді?… Мен үйге қайтамын – деп қыстап жатыр.
Оның жанарына тіке қарауға қорғансамда қадалып тұрып:
– Сені аламын! – дедім. Осы сөзді айта алғаным үшін өзімді әлемдегі ең бақытты әрі ең батыл азамат сезініп тұрмын. Өлда-білда айтқаныңды орындаймын деген сөзі енді оның тек менікі екендігін сездіріп тұр, жаныма.
Оқыс бетін баса қалған Айған:
– Көтек, деп барып қып-қызыл болып кетті. Менен ары қарай шегініп барып:
– Ақ құлын… қой ұят болады… мен тәтеңмін… Білесің бе мен сенен он жас үлкенмін… біреу естісе ұят болады… Онда мен саған Жанайды берейін, –деді.
Мен шоқ басып алғандай ыршып кеттім.
Үйде ағаларым тілін алмасам «Мазанның Жанайын алып береміз… Екеуің маңқаларың салақтап бірге отырасыңдар» деп жыныма тиетін…
Бірден қаталдыққа бастым өзімше:
– Жоқ маңқасын ағызып Жанайды не қылам, сені алам, – дедім өрекпіп.
– Қой деймін ұят болады.
– Өлда-білда дегенің қайда… сені алам…
– Басқа не қаласаң да берейін, Ақ құлын… Сен жақсы баласың ғой… Айған енді мені алдауысырата бастады.
– Басқа ешнәрсенің керегі жоқ, тек сені аламын… Мен қасарысып тұрып алдым.
– Сен жігіт болып мені алғанша мен кәртейіп кетем ғой…
– Ештеме етпейді…
– Менімен жасты болсаң барар ем… қой… сен әлі баласың…
– Жігіт болмай-ақ ала берем…
Маған қанша жалынғанымен айтқанымнан қайтара алмаған Айған ақыры суын алып үйіне қарай бет алды.
Артынан тұра жүгіріп бас салып ұстап алмақ болғанымда шелектегі суы бірақ төңкерілді. Жүзі сұп-сұр болып кеткен Айған:
– Не деген тәртіпсіз баласың… – деп бетімнен жанып жібергенде жалпамнан түстім.
Қорланып кеттім. Орнымнан жалма-жан атып тұрып, арғы беттегі енелеріне қарап мөңіреп тұрған бұзауларымды қолыма ілінген жас шыбықпен аямай осқылап манағы сазға қарай тырқырата қудым.
– Мен сені алам!.. Мен Айғанды алам… – деп айқайлап, еңіреп жылап барамын.
Айғанның шапалағы тиген бетіп ду-ду ашып барады.
Мені Айғаннан он жас кіші етіп туғаны үшін әке-шешемді де бір мезет сыбап алдым.
Айғанмен құрдас үлкен ағам Сәленді бір боқтап алдым.
Оның орнында мен болсам Жақайдың Маруасын емес Айғанды алар ем.
Топ шіліктің арасына кірген соң бар ашуымды бұзаулардан алдым. Айналдыра шықпыртып сабап, тоз-топалаңын шығарып қуып салдым да, қалың шілікті есі ауған адамша арлы-берлі кездім де жүрдім.
Кеш батып қас қарайғанда ғана үйге қарай бет алдым… Мана жынданып жүргенімде шешем құйып берген айранды қайда түсіріп алғанымды есіме ала алмай қойдым.
Қарным ашып үйге әзер жеттім.
Үйдің белдеуінде нағашы атамның ақбурылы байлаулы тұр екен. Анадайдан шешем мені көріп:
– Жер жұтқыр!.. жетпегір… қу шешек алыңдағы бес бұзауға ие болмай қайда жүрсің?… Қоралы сиыр айдап отырып енді кімнен сүт сұраймын… – деп үйді айналдыра қолындағы сыпыртқымен соққылап қуалап жүр.
Үйден нағашы атамның ақырған дауысы шықты:
– Тоқтат! Екі кештің арасында балаға осындай қарғыс айта ма адам деген… Шешем орнында тұрып қалды… Мен атылып үйге кірдім…
Төр алдында таудай болып нағашы атам отыр. Аппақ сақалы кеудесін бірақ жауып кеткен.
– Кел… Келе ғой Ақ құлын… – Мені алдына алып басымнан мекірене иіскелеп отыр.
– Ой ынжық… Алдыңдағы бес бұзауға ие болмай не қылып жүрсің… Мына түріңмен қайтып жігіт болып, қатын аласың?!… Тап саған Мазанның ана маңқасын жинай алмайтын кенже қызы да тимейді.. – деп кеңк-кеңк күледі әкем.
Аяқ жақта отырған ағаларым дуылдасып жатыр:
– Көке, қой маңқасы аққан келіннің қолынан шайды қайтып ішеміз…, – деп.
Араша іздеп нағашы атама қараймын… Ол үнсіз… Тек Маруа жеңгем ғана ара түсті…
– Ой, ата, біздің аққұлын Мазан ағаның маңқа қызын не қылады… осы ауылдағы ең әдемі қызды алады… – деп.
“Жанайды емес Айғанды аламын” деп айтып қала жаздап тосылып қалдым. Манағы Айғанның шапалағы тиген бетім ду ете қалды тағы.
Сырттан кірген шешем:
– Не тындырып келгендей атаңның алдында жатырсың ғой… Бар ана Мазан құданың үйінен сүт алып кел. Қара шайды қайтып ішеміз?! – деп бұйырды.
Үйдегі бір тентектігімді көргенде шешем де «Мазанға құда болып, Жанайды алып берем» деп ашуландыратын мені.
Мен үнсіз орнымнан тұрдым. Ішімнен «Иә құдаңның үйіне кетіп барам… Жанай маңқаны емес, өзімнің Айғанымды аламын» деп барамын.
Қолымдағы шелекті даңғырлата Айғанның үйіне қарай безіп келем. Бұлақ басына жете шелекті жерге қойып шаптырдым да қайта жүгіре жөнелдім.
Мен шелекті даңғырлатып үйге кіріп барғанда Айған үйде жоқ екен.
– Сүт берсін деп жатыр… – дедім оның шешесіне.
– Ақ құлын бүгін тағы бұзауыңа ие болмай қалдың ба?..– деді…
Ошақтың басына мініп алған Жанай маңқасын бырқ еткізіп күліп жіберді.
– Мм.. мө… – деп мұрнымды жиырып Жанайды ақымақ қылдым да шелек толы сүтті алып сыртқа шықтым. Екі-ақ ырғып бұлақтың басына барғанымда жағадағы шоқ талдың түбінен Айғанның сыңғырлаған күлкісі келді құлағыма. Жүрегім алқынып кетті. Қас қағым сәтте ойыма сан-мың елес орала кетті…
«Ммм мені күтіп тұр екен ғой… Өлдә-білдәні айтқан соң оны орындамаса өте жаман болады… сол үшін келген ғой… осыдан Айғанмен кездессем… ертең өзімді Жанайды алып беремін деп ақымақ қылатын әке-шешемді емес тура нағашы атамды құдалыққа жіберсем…».Шоқ талға бұрыла бере қаттымда қалдым. Шарасына жетіп толған ай айналаны сүттей жарық қылып тұр.
Айғанның қасында Сәлен ағамның құрдасы Естай тұр… Жай тұрған жоқ екеуі құшақтасып тұр. Мені енді көрді.
– Ақ құлын, неғып тұрсың? – деген Естайға:
– Атаңның басы… – деп бірақ айқайладым да, бұлақтан ары секіріп өте шыққанда сүрініп, манағы өзімнің шаптырып кеткен жеріме сүтті төңкеріп алдым.
Жалма-жан шелекті ақ теңіз болып ақтарылып жатқан сүттен жұлып алғанда түбінде жартысына да жетпейтіні қалыпты.
Еш ойланбастан артымдағы бұлаққа шелекті матырып толтырып алдымда үйге қарай Естайды сыбап заулай жөнелдім.
Есіктен енді аттай бергенімде өмірі маған дауысын көтеріп көрмеген нағашы атам ақырып жіберді. Селк етіп барып табалдырықта тұрып қалдым.
Атам орнынан атып тұрып селк-селк етіп қалшылдайды. Үйдегілердің бәрі аң-таң қалысты атамның қылығына.
Бұрында осылай қалшылдағанын көргенмін талай. Онда тек ауру адамдарды емдегенде… болмаса жазда жаңбыр жаумай қойғанда… Ауыл адамдарын жинап алып құрбандық шалып жаңбыр жауғызатын…
– Төк андағы сүтті бұлаққа апарып төк те.. сол бұлақтан толтырып су алып кел… Кесірге байланған иттің ғана баласы-ай… кесірге байланған… бол тез… мынау қарайған халықты қырып алмай тұрғанда… бол тез… Мен қорыққанымнан есікті сыртынан шарқ еткізіп жаба салдым.
Есіме атамның «осы бұлақтың басына менің атамның атасы бар жеті молда жеті күн оқып адам жұтатын тажалды қамап тастаған екен… иен қалса сол тажал босап кетті-мыс. Сол үшін содан бері осы ауыл ешқайда жылжымай отыр… Сол үшін бұлақтан ешкім су ішпейді…» дегені түсіп екі аяғым қалтырап кетті.
Адам жұтатын тажалы бар бұлақ жаққа баруға батылым жетпей оның бер жағындағы көршінің үйінің іргесінде тұратын үлкен кеспектегі суды толтырып алдымда үйге қарай қайта дыздаңдадым. Адам жұтатын тажал артымнан келіп бас салатындай құны-перен болып келіп үйге қойып кеттім.
Нағашы атам зіркілдеп әлде нені оқып қолындағы ақ қамшысымен жер сабалап жүр.
Әп-сәтте ауыл адамдары біздің үйдің маңайына жинала қалды… Атамның зіркілдеген дауысы алты қырдан асып жатқандай құлақ тұндырады.
Кенет жер көше жөнелгендей дүр ете қалды. Жиылып тұрғандар шу ете қалды… Қасиетті көк өгіздің мүйізі талған-ау жарықтықтың… десіп иманын үйірісті жұрт.
Атам жер сабалай жүріп үйдің туырлық түндігін сыпырып жалаңаштап тастады да жаңағы мен әкелген шелектегі суға келіп сүп-сүп деп түкіре бастады.
Енді шелектегі су бұрқырап қайнап ернеуінен асып төгіліп жатыр… Атам манағы күңіренген зікірін тоқтатып:
– Қайт кейін!.. Қайт!.. – деп шелекті қамшысымен салып қалып бүгіліп отыра кетті.
– Жаратқаным-ай… Жасаған ием-ай… не жазып ек… жас сәбидің қателігіне бола бізді осылай жазалайсың ба… сенің рахым шапағатың мол еді ғой… рахым нұрыңды төксеңші… жас сәбидің бір білместігін кешсеңші…
Осы кезде бұлақ жақтан ақ кимешегі желп-желп етіп Айғанның әжесі таяғын жерге сабалаған қалпы келіп, атамның қарсы алдына жалп етіп отыра кетті.
– Көк сиырдың сүтін күнде бөлек жинап көн ыдысқа құйып жүретін ем… кешке қарай анау сайтан қыз жоқ болып кеткен соң, қайда кете қалды деп соның іздеп шығып ем… Әлгі жазған келін сенің ақ құлыныңа құйып бере салыпты… Кеше гөр… жер әлемді мүйізің талмай көтеріп тұрған көк өгіз… Тек сенің ғана ішуіңе арналған көк сиырдың сүтінің жеті қабат жер астына қамалған тажалдың аузына тиерін білмедім… кеше гөр… көк өгіз… мүйізің талмай… мына күнәһар пақырларың тірлік етіп тұрған қара жерді мүйізіңнен түсіріп алмай көтеріп тұра бер… Зарлана шыққан дауыс адамның сай-сүйегін сырқыратады…
– Үһ… Үһ… алдырар күн жаздырар… бейнеті арылмаған құлыным-ай… бұлақтың суын неге әкелмегенсің… мынау жай су ғой… қарығы ашылмаған қарғам-ай… қараңғыда бұлаққа барғаннан қорықтың-ау… сенің азабыңа көрінген ғой… құлыным, – деп аңыраған атам енді босағада жатқан ертоқымында қанжығаға байлаулы жатқан ақ қоржынын ақтара бастады.
Жерден гүрс еткен дауыс шығып айнала бірақ теңселіп кетті.
Ауылдың екі жағындағы қыраттан енді қап қара бір түнек ауылға қарай төніп келеді…
Шұрқыраған жылқы… толассыз ұлыған ит… маңыраған мал… шырқыраған балалар… шулаған адам…
Атам ақ қоржынның ішінен сала құлаш ақтық алып Айғанның әжесінің қолына ұстатты. Айғанның әжесі ақтықпен атамды шыр айналып орап жатыр… Ақтықты орап бола атам аппақ буға айналып аспанға қарай заулай жөнелді…
Алыстан гүрс-гүрс құлаған таудың құлақ тұндырар дауысы, гүрілдей теңселіп тұрған жердің үнімен бірге үрей ұшырады.
Аспанға көтеріліп кеткен атам енді көрінбей кетті… Сүт пісірім уақыт өтпей аспаннан жауын сіркіреп, найзағай толассыз жарқылдай жөнелді…
–Тапқан екен жарықтық, тапқан екен… жолды тапқан екен – деп қуана айқайлаған кемпір енді ғана бір сәтке тізе бүкті… Сол аралықта жарқылдаған найзағайдың арасында атам бізге қарай құлдилап ұшып келеді… Аппақ сақалы найзағай жарығымен бірге жарқ-жұрқ етеді.
Атам жерге түсе қолына ұстап алған жеңді білектей жарқыраған бір затты тура ошақтың астындағы күлге сүңгітіп жібергенде айнала жым-жырт болып тынши қады.
Жандарын қоярға жер таппай ұйлығысып тұрған қауымға атам:
– Кеттік, жер мекеннен… Енді қашан ораларымызды білмеймін… Аспанның ар жағынан тұрақ таптым… Ала алғандарыңша жүктеріңді түйелеріңе артыңдар да мына ақтықты бұйдаға байлап осында жиналыңдар… Шай қайнатым ғана уақыттарың бар… – деп бұйырды…
– Жанымыз аман қалса болды еш дүниенің қажеті жоқ, – деп шулаған жұртқа атам:
– Ол жақта бұл пәнидің еш заты жоқ… біз бір жола емес тек уақыттық қана қонаққа бара жатырмыз… Ала алғандарыңша дүниелеріңді қалдырмаңдар, – деп бұйырды.
Нағашы атамның еш сөзін бұрып көрмеген ауыл қаламасада үйді-үйлеріне қарай тарқай бастады.
Айған мен Жанайды дедектете жетелеген әжелерінің артынан атам солай қарай жітірмелете басып бірге кетіп барады.
Әп-сәтте ауыл тас тұйнақтай болып жиналды.
Әркім бір-бір көлікке мініп алған. Ақ жал құнаныма мінгелі жармасып жатқан мені атам қолымнан жетелеп ошақтың басына алып келіп:
– Ақ құлын… сен осында қаласың… ол жаққа бара алмайсың… деп кемсеңдеп аппақ сақалын жас жуып жылап жіберді.
– Құлыным-ай! Тіредей көзін жәудіретіп қалай тастап кетем!.. – деп ышқына жылап барып талып қалды, шешем.
– Қалмаймын ата… қалдырмашы… менде кетем… мені қалдырмай алып кетші…. – деп мен бейберекет бажылдап ананың бір мынаның бір етегіне жармасып жүрмін.
Атам әлденені күбірлеп менің бетіме сүп деп қалды…
Мен лезде есімді жинап алдым….
Әлдебір тылсым күш менің санама жерде сөзсіз қалуым керек екенін сыналап тастағандай.
– Қорықпа балам…. сен бәрін жеңесің… біз бұл жерден кетсек бәрі тынышталады… Тек осы бұлақтың басынан ұзап еш қайда кетуші болма! Осының ғана суын ішіп, осында жуын… қашан келетінін білмеймін… бір күні бір көк ешкі келеді, бұлақтан су ішкен ше оған тиме! Әбден су ішіп болған соң ұстап алда мына кездікпен бауыздап қанын бұлаққа ағыз… Сонда ғана біз қайтадан жермекенге орала аламыз… Жалғыз қалдым деп қамықпа… Ертең жаныңа серік табылады… Жаратқан иеңнен көк ешкінің тез келуін тіле… Бір күнде ме, бір жылда ма, бір ғасырда ма көк ешкінің әйтеуір бір келері ақиқат… айтқанымды ұмытпа… – деп ақбурылына мінді.
Көш жылжи жөнелді Айғанның әжесі мінген ақбас атан екі үш аттамай жатып-ақ аспанға, аппақ ай астына қарай қалықтай жөнелді. Көш артынан сілем қатқанша ай астына қарай жүгірдім.
Бетімді бұлақтың мұздай суық суымен сабалап жуа бастадым… Жылай-жылай меңзең болған басым азда болса жазылайын деді…
Жанымдағы Жанайда бетін жуып жатыр. Басымды көтеріп Жанайға қарап аңырып отырып қалдым.
Жанай қас-қағымның арасында бой жетіп кетіпті… Тура Айғанның өзі…
Бас салып құшақтай алмаққа орнымнан атып тұрғанда өзімнің де атпал азамат болып өсіп кеткенімді бірақ білдім.
Атам айтқан көк ешкі қашан келер екен… Жанай екеуміз сарыла сол көк ешкіні күтіп отырмыз.

Ай тұтылған түні

Неге екенін қайдам, сол жұмысқа зауқым соқпады. Қалжырау ма, әлде басқа ма, таң атқаннан бастап ісім кері кеткен-тін.
Әуелі орнымнан тұрып төсектен түсе бере қарала мысықты басып кетіп, балтырымды тырнатып алдым.
Түзге шығам деп бара жатып табалдырыққа сүрініп екі тізем мен шынтағымды оңбай жараладым. Жұмысқа келе бастықтан ұрыс естідім… Қойшы, әйтеуір бұл күн менің күнім емес-тұғын. Жолым болмай тұр.
Сыртқа шығып, шылым шегіп бой сергітпек болып есікке жете бергенімде, жұмыс столымдағы қара телефон бебеулей жөнелді.
Тұтқаны көтеру-көтермеу туралы сәл ойландым.Тағы сол бастық іздеп жатқан болар деп ақыры телефонды құлағыма тостым.
– Алло, сәлеметсіз бе?! – ар жағынан ызбарлы ер адамның дауысы естілді.
– Сәлеметсіз, кімсіз? Кім керек? – біртүрлі жүрегім сазып қоя берді.
Арғы жақтағы адам менің аты-жөнімді толығымен айтып:
– Сіз бе? – деп сұрады.
– Иә, менмін, қандай шаруамен хабарласып тұрсыз?
Енді қарсы жақтағы адамның дауысы тіптен күшейе түсті.
– Олай болса сол орныңыздан қозғалмай күте тұрыңыз… Сіздің үстіңізден кісі өліміне қарсы арыз түсті. Біз қазір сізге бара жатырмыз, – деді.
Не айтарымды білмей екі тізем қалтырап, орындыққа отыра кеттім. Қолымдағы телефон тұтқасы жерге шарқ ете қалды.
Адам өлтіру түгілі өмірімде тірі тышқан өлтіріп көрмегенімді санамда сан мың қайталай ойлағаныммен, қайыра жауап қайтаруға дәрменім жетер емес-ті.
Шамасы олар жақын арада болу керек, иә болмаса мен есім ауып көп отырған болармын. Қарапайым киінген екі азамат кіріп келді де, бірі:
–Белгіленген тәртіп бойынша сізді жұмыс орныңыздан зорлықпен әкетпейміз, өз еркіңізбен бізбен еріп жүруге бұйыр­амын, – деді. Жас шамасы менімен қарайлас жігіт барынша баяу сөйлегенімен, көмейінен адамның жан-тәнін қарып жіберетін суық ызғар сезіледі.
Араға сүт пісірім уақыт салып, қаланың орталығындағы сақшы мекемесіне жеттік.
Қалтыраған екі тіземді әзер басып бір сүркейлі бөлмеге кірдік.
Қарсы алдымда айбатын ат көтере алмайтындай полиция майоры отыр қасқайып:
– Мен сізді жақсы танимын. Кітаптарыңызды сүйіп оқитынмын. Жұмыстың аты- жұмыс. Сіздің үстіңізден Ерке атты әйел күйеуімді өлтірді деп арызданып отыр… Мейлі қандай жағдай болса да, осы мекеменің атына келіп түскен әрбір арызды міндетті түрде тексеруімізге тура келеді… Сіздің сүйікті оқырманыңыз болғандығымнан істі ашып айтып отырмын. Мынау Ерке ханымның арызы. Әрі сізбен қандай қатысы барын анықтамаққа фотосуретін де алып қалғам. Міне… – деп алдыма бір фотоны тастай салды.
Аққұба жүзді, мөп-мөлдір, қап-қара қарашығы көзінің ағы мен қарасының ерекше бір үйлесімділігін әйгілегендей. Бет біткеннің әрлісі… тек сол қап-қара жанарда қараған адамды терең шүңетіне тартатын бір сыйқырлы тылсым мұң жатқандай.
Қайдан болса да әйтеуір бір көрген адамым… қанша ойлансамда есіме түсіре алмай санам сан-саққа бөлініп сабылып отырмын.
Ойымды «Зәуде ғалым осы сіздің танысыңыз емес пе?» деп сұраған майор мырзаның сөзі бөліп кетті.
– Білмеймін… бір қарасам танитын сықылдымын… Дегенмен есіме түсіре алмадым… Бәлкім, біреуге ұқсатқан шығармын… Қысқасы тани алмадым… –дедім мәңгіріп.
– Бек мүмкін… ол да сізді кезіктірмегенін айтқан-тұғын…
– Онда қалай арызданып отыр? Мен осы сұрақты қалай қойғанымды өзімде білмей қалдым.
– Мына арызды өзіңіз бастан аяқ оқып шығыңыз. Бұл жерде сіздің соңғы кітабыңыз туралы айтылған.
Мен арызды қолыма алдым… жазуы маржандай… жүрегім дір ете қалды… таныс қолтаңба… бірақ кімдікі екендігін есіме түсіре алмадым.
«Құрметті сот мырза!
Сіздің жанабыңызға жәбірленуші Ерке Маранқызы жазу­шы Есет Қарытбайдың үстінен осыдан 12 жылдың алдында тура 5 мамырда өз үйімде күйеуім Есжанды өлтірді деген күмән­мен арыз беріп отырмын. Тарқата айтар болсам үйлен­ген­нен соң, үш жыл уақыттан кейін, белгісіз біреу үйде жал­­ғыз қалған күйеуімді өз төсегінде бауыздап кеткен еді… Қан­ша уақыт өтсе де, қанды қол қылмыскер әлі күнге ұста­лып, тиісті жазасын алмай келеді. Бұл туралы сіздердің құз­­ыр­­­­лы орындарыңызда да іс сан мәрте қаралған-ды. Дегенмен еш өнім жоқ-ты. Арада қанша уақыт өткен соң өткен аптада менің бір құрбым Есет Қартбайдың «Ай-Қара» атты романын әкеліп берді. Сол романды оқып шыққаннан соң бірден осы арызды жазуға тура келді. Ол романда автор марқұм күйеуім екеуміздің балалығымыздан бастап қалай танысып, қалай үйленгенімізге дейін, ай тұтылған түні марқұм күйеуімді қалай азаптап өлтіргеніне дейін тайға таңба басқандай анық жазған. Менің күйеуім өлтірілген күні ай тұтылған еді. Тіпті романдағы адам аттары, уақыт пен орын, бәрі-бәрі бір-біріне соншалықты сәйкес келеді. Сөзім дәлелді болу үшін “Ай-Қара” атты роман мен қоса марқұм күйеуім екеуміздің жеке өмірбаяндық құжаттарымызды да алып келіп отырмын. Істің анық қанығына жетіп, қанішер жазушыны жазалап беруіңізді сұраймын…». Жалпы хаттың мазмұны осылай.
Үстелдің бетін қаламсаппен тықылдатып, ауыр ойға шөгіп кеткен мені өзіне қайта қаратқан майор мырза маған өзімнің соңғы романыммен бірге буылған бір құшақ құжаттар мен фотосуреттерді алдыма тастады.
Барлығын дерлік ақтарып шыққан соң менің басым айнала, көзім қарауытып сол жерде құлап қалдым…
Көз алдымда тек шығармадағы кейіпкерім… кескестеп тұрды-да алды.
Аурухана. Мен палатада жатып есімді бір-ақ жидым… Көзімді ашуға дәрменім жетпей жатыр. Қасымдағы адамдардың дауысы еміс-еміс құлағыма жетеді.
– Анда ғана теледидардан көрсеткен атақты жазушы-ғой…
– Иә, сен әлі естімедің бе? Ана есікті сақшылар неге күзетіп тұрғанын білесің бе?
– Жоқ… неге?
– Бәріміз таласа-тармаса оқыған анау бір роман бар ғой… Есжан деген жігітті өлтіріп кететін…
– Иә.
– Сол шын уақиға екен.
– Қалай?
– Сол Есжанды осы жазушың өлтіріпті.
– Қашан?
– Ойбой, сенде бір… Мына дүниеде не болып жатқаны- нан бейхабар екенсің ғой… Газет-журнал оқымайсың ба?!. Теледидар қарамайсың ба?!. Осы адам осында түскелі апта бойы шуласып жатыр ғой.
– Содан?
– Содан он екі жылдың алдында біреуді өлтіріп тастапты… Соны роман қылып жазып шығыпты… Анау бар ғой, сол романдағы кім еді әлгі… Иә… Иә… Ерке деген қыз бар ғой Есжанның сүйгені сол осы романды оқып қылмыскерді тауыпты… Содан арызданған екен.
– Енді не болады… әлі есін жимай жатыр ғой?
– Қанды-қан жібермейді ғой, құрбым. Ертең-ақ есін жия- ды… Сосын қолымен істегенді мойнымен көтереді… Жазаланады!..
Осы сөздерді естігенде тұла бойым түршігіп кетті… Мен «нақақпын» деп айқайламақ болып ем үнім шықпай қойды…
Талығып барып, тағы да талмаусырап ұйықтап кеттім… Шым-шытырық түс көріп жатырмын… Анадайда мойнынан қан сорғалап өз кейіпкерім Есжан жүгіріп келе жатыр маған… Артында ғашығым Ерке… Ерке бар дауысымен айқайлап Есжанды тоқтата алмай келеді екен деймін… Есжан мені мойнынан атқақтаған қып-қызыл қанға тұншықтыра құшақтап жібермей жатыр екен… Жаным қиналып барып, ақ тер-көк тер болып, бастырылып әзер оянам… Айқайлап біреуді көмекке шақырайын десем, үнім шықпайды… Қаншалықты ұйықтамауға тырыссамда, көзім қайта ілініп кетеді… Енді мені тұншықтара буындырып жатқан Есжаннан Ерке келіп құтқарып алады… Жоқ, Ерке Есжанның емес, менің әйелім екен деймін… Ерке келіп Есжанды жұлқып қалған заманда ол ғайып болып кетіп өзімнің қос қолым мойныма жармаса кетеді… “Мені қалай қиып тастап кетесің жаным…”– деп еңіреп екі қолыма тастай жабысып алған Еркенің шырылынан қайта оянып кетем… Білмеймін, осылай күй кешіп қанша жатқанымды…
Араға біраз уақыт салып мені емханадан шығарды. Әрі, бірден сот залынан бірақ апарды.
Өздерінің сүйікті жазушысының сотына адам соншалықты мол жинала қоймаған екен.
Айыпталушы орнына жетелеп әкелген екеуі мені иығымнан басып орындыққа жалп еткізіп отырғыза салды.
Менің қиыс қарсы жағымда Ерке отыр. Мені айыптаушы Есжанның әйелі Ерке емес… Тура өз шығармамдағы Есжанның әйелі менің сүйікті кейіпкерім Ерке.
Мен жаққа жалт қараған Ерке шыңғырып барып талып қалды..
– Қайтсін, байғұс, күйеуінің қанын ішкен қанішерді көрген соң есі шығып кетті ғой деп зал дүр ете қалды…
Осы залда отырған бар адамның жанарлары ең бір жиреніш көзқараспен мені қарадай жеп барады… Қолдарына түссем тірідей түтіп жеп қоярдай… Тұла бойымнан суық тер бұрқ ете қалды.
Сот дәрігерінің көмегімен есін жиған Ерке енді бей-берекет айқайға басты…
– Қанішер… Менің күйеуімді өлтіріп қана қоймай оның бар болмысын тартып алыпты… Тіпті маңдайындағы тыртығына дейін сонікі… Сөйлеген сөзі… Дауысы… Бәрі-бәрі соныкі… Қанішер, қайтар менің күйеуімді…
Екі қолтығынан демеген медбикелер Еркені сыртқа алып шығып кетті.
Кіре берісте отырған аппақ қудай шалдың «Айнам, осы сенің өз күйеуің емес пе?!» деген сөзін менен басқа ешкім де естімеді. Әлде елемеді.
Мен ойлана бастадым… Рас, қай күнгі Майор мырзаның көрсеткен суретіндегі жәбірленуші тура өзіме ұқсайтын секілді… сол кезде неге сәп салмағаныма таң қалдым… Жоқ, мен есімнен адаса бастаған шығармын…
Сот төрағасы әуелгі сөзді айыптаушы жақтың жақтаушысына берді.
Шын өмірдегі Есжан мен Еркенің жеке құжаттарымен менің шығармамдағы кейіпкерлерімнің өмір дерегін айна қатесіз салыстырған айыптаушым бұлжытпас дәлелдермен менің қандықол қылмыскер екенімді бірден дәлелдеп берді. Зал теңселе күңіреніп кетті.
Тіпті менің өзімді ақтап алуыма да еш мүмкіндік қалмады.
Айыптаушы сөзін аяқтаған соң, сот енді менен сұрақтар сұрай бастады.
Әрі арнайы тергеу амалдарының жүргізілмей бірден сотқа келтірілуімнің де себебі айыптаушы жақтың бұлтартпас дәледері бар екендігін айтты.
– Аты-Жөніңіз?
– Есет Қартбай.
– Туған жылыңыз?
– 1972 жылдың 5 мамыры.
– Туған жеріңіз?
– Тасқарағай ауданы.
– Мағлұматыңыз?
– Жоғары
– Кәсібіңіз?
– Жазушы.
– Бұл қалаға қашан келдіңіз?
– 2 жыл бұрын.
– «Ай-Қара» атты шығармаңызды қашан, қай жерде бастап жаздыңыз және қай уақытта аяқтадыңыз?
– Тура он екі жылдың алдында Тасқарағай ауданынында түрмеде бастап жазып осында келгесін аяқтадым.
– Түрмеде қанша уақыт отырдыңыз?
– Нақақ жаламен он екі жылдың алдында тура бесінші мамыр күні кеште өз үйімнен алып кеткен… Арада он жыл өткеріп ақталып шықтым… Түрмеден босай сала жазық- сыздан тар қапасқа қамалған туған ауылымда қалғым келмей осында қоныс аударғам… Содан бері келе сала жеке меншік бір газетте редактордың көмекшісі болып жұмыс атқарып келемін.
Сот үнсіз ұзақ отырды да кімге екені білгісіз:
– Тасқарағай ауданы осыдан қаншалықты жер? – деп сұрады.
– Төрт мың жеті жүз шақырым.
–…
–…
– Өзіңнің қанды қол екендігінді мойындайсың ба?
– Жоқ!
– Қарсы жақтың айыптауымен келісесің бе?
– Жоқ!
Тағыда ұзық үнсіздік жайлады. Не бір уақыттан соң басын арлы-берлі шеңбектеген сот төрағасы:
– Сот отырсын үш күнге кейінге қалдырамын… Осы үш күн ішінде айыпталушы жақтың берген түсінігінің жалған, иә рас екендігін анықтайтын боламыз.. – деп жаза таяғымен үстелді тақ еткізді де, орнынан тұрып кетіп қалды.
Жазықсыз жаламен он жыл түрме азабын тартқаным есіме түскенде төбе шашым тік тұрып жаным тітіркеніп кететін… Енді тағы бір сұмдықтың төніп тұрғанын ойлағанда тіпті жанымнан қасым болып кеттім.
Тас еден тар қапаста жатып түнде осы азаптан бір жола құтылмаққа өз-өзімді өлтірмек болып бекіндім. Ойлаған ісімді жүзеге асыруға еш қару таба алмай, өзімді әлденеше рет тұншықтырып көрдім. Тас еденге тарс етіп отыра қалып, еңіреп жылап жібердім. Ақыры жерге ек беттеп жатып алып, тас еденге жайылған алақаныма тұмсығымды нығарлай тұншығып барам.
Енді есімнен адаса бастадым… Тарс бекітілген темір есік шарқ етіп ашылып есіктен Ерке кіріп келеді екен деймін.
Шынайы өмірдегі Есжанның Еркесі екен деймін…
– Есет, жаным, өле көрме!.. мені қалай жалғыз тастап кетесің? – деп шырылдап, оң қолымды алқымымнан жұлып алмаққа жанталасып жатыр.
Жоқ, өмірдегі Есжанның емес, шығармадағы Есжанның Еркесі екен деймін…
– Кештім сені… Кештім… Жаныңды қидым… Тек өле көрме, – деп егіліп жылап отыр…
Оң қолым болаттай қатып қалған… Алқымымды шеңбектеп бүріп барады…
Осы кезде Ерке тағы құбылып кетті… Өмірдегі де, шығармадағы да Есжанның емес… Сол шығармадағы өзімнің сүйіктім Ерке екен деймін…
– Мені жалғыз қалдыра көрме… Жаным… Жалғыздықтан әбден жабықтым… – деп егіледі.
Осы сөзді ести сала манадан арқаммен қабырғаға қыстырылып қимылсыз жатқан сол қолым оң қолымды тамағымнан жұлып алды.
Арада үш күн өткенше Ерке де құбылып көз алдымнан кетпеді… оң қолым да мені өлтіре алмады…
Таң бозынан келген сот орындаушылар менің құр сүлдерімді сүйретіп, сот залына қайта әкелді.
Тура үш күннің алдындағы көрініс. Тек бұл жолы Ерке басын жерден ала алмай отыр… Мен жаққа қарағанға батылы жетпейтіндей.
Бұл жолы басқа тыңдаулар болмады… Сөзді сот төрағасы өзі алды.
– Бұл әлемде сан түрлі ғажайыптар болады… Құрметті сот тыңдаушылары, біз сіздерден кешірім сұраймыз… Кездейсоқтық дейміз бе?! Әлде, сәйкестік дейміз бе? Қалай десек те, автордың «Ай-Қара» романындағы барлық сәйкестіктерді салыстырсақ та, Жазушы Есет Қартбай мырзаның берген жауабы оның қанды қол емес екендігін дәлелдеп отыр. Тасқарағай ауданындағы әріптестерімізбен селбесе жұмыс істеу барысында тура осындай бір өлімге қатысы бар деп сол күні яғни бесінші мамыр күні кеште Есет Қартбай мырза қолға алынып, абақтыда он жыл отырған… Әрі он жылдан соң абақтыда жазықсыз отырғандығы дәлелденіп бостандыққа шыққан… Осы себептерді есепке ала отырып, біз Есет Қартбай мырзаны сот залынан босатамыз… Әрі осы істі жүргізу барсында жан күйзелісіне ұшырап, денсаулығына айтарлықтай ақау келгені үшін арнаулы емханада қалпына келгенінше күтімге алынады.
Сот тарқады…
Менің есім кіресілі-шығасылы…
Кешегі суық тас еден емес… Аппақ мамықтай аппақ көрпеде жатырмын… Тек тұла бойым алдырмайды… Дел-сал күйдемін.
Түн ортасы ауа есік шиқ етіп ашылды… Қараңғы бөлмеде ай сәулесінен аппақ көйлегі буалдырланып маған қарай келе жатқан Еркені көріп қандай сезімде екенімді өзімде біле алмадым.
Ол үнсіз. Жайлап қана келіп, төсегімнің аяқ жағына отырды.
Мен терезеге қарадым… Аспандағы күміс айнадай жарқыраған айдың бір шеті қарая бастапты… Айды жеп бара жатқандай әп-сәтте айдың бетін қап-қара тостаған жауып қалғандай болды… Денем дір ете қалды… Орнымнан атып тұрмаққа қанша тырбынсамда дымым құрып, қозғала алмай қалдым… Әлдекімді көмекке шақырмаққа ниеттеніп едім, үнім шығар емес.
Аппақ көрпе… Ақкөйлекті әйел… Қап-қара сәуле… Сол сәулемен жарқылдаған аппақ кездік…

Алдашы

– Аға… Бірдеме деші… не болды сізге?.. Аға! Ағатайым… Қорқып барам… Шырқырай өзімді жұлқылап жатқан қыздың дауысын ап-анық естігеніммен, ешбір жауап қата алар емеспін… Аппақ көйлегінің көлбіреген жеңінен тас қылып ұстап алғанмын.
Төбеме келіп төніп тұрған Алдашының аппақ семсері қимылдасам болды мойнымды орып жіберейін деп тұр.
– Қайдан ғана келдім, ағатай… Мені мұнда неге алып келдің?.. Неге көргім келе қалды екен? Құдайм-ай… Аға есіңді жыйшы…
– Сізге не болды?! Әлдебір нәрсе көрінді ме?.. Егіле жылай отырып қойған қыз сұрағына әлі жауап қата алмай отырмын.
Аппақ музама айналған осы қызды осында алып келгеніме ішім удай ашып өкініп отырмын.
Соңғы кездері жүрегім алабұртып, кеудемнен атылып шығып кететіндей атқақтайтынды шығарған-ды.
Жігіт ағасы жасына келгенде жап-жас қызға бола дәл осылай есімнен кете алжасатыныма өзге түгілі өзімде сенбес едім.
Соңғы кездері жұмысқа тек сол қыз үшін ғана келіп жүрмін. Тіпті жылына сарыла жүріп әзер жететін бір айғы еңбек демалысымды да осы жұмыс орнында өткіздім.
– Сен әлі еңбек демалысына кетпедің бе?.. – деген қызметтестерім.
– Жай бір шаруалар болып… Содан кете алмай жүрмін… Бұйырса ертең-ақ кететін шығармын… – деп сылтауратамын.
Аппақ жүзі айдай нұрланып сол қыз алдымнан шыға келгенде бар дүниенің қызығы тек сол қыздың ғана жанында тұрғандай сезілетін… Бірдеме деп тіл қатуға батылым жетпейді… Алғашқы кездесудегі қорқытып алған оғаш қылығым есіме түскенде кірерге тесік таппай қалам.
Әлденені сезе ме әлде менің қадала қалатын жанарымнан жасқана ма, болмаса алғашқы кездесудегі кері әсер ме? Қызда мен тұрған жерде байыздап ұзақ тұра алмайтын.
Жанына таядым болды әлде қандай бір сылтаумен жылыстай жөнеледі.
Қанша дегенмен тіс қаққан адаммын ғой соңғы кездері өзгеше бір амал тауып алғам. Ұзын каридордың ең басындағы есіктің қалқасына тығылып, сол қыздың шығуын күтіп, сығалап тұрамын.
Менің кабинетімнің қарсысында отыратын ол залда мен жүр ме деген кісіше алдымен есіктен басын жартылай шығарып алып жан-жақты әбден бажайлап алып менің жоқ екенімді білгесін жіті басып сыртқа иә болмаса көрші кабинетке лып етіп кіріп кететін.
Қаншама рет тым құрғанда бір тіл қатысуға талпынсам да ақырын ғана жылыстап кеткен қызға жете алмай жер сипап қалатынмын-ды.
Ақыры бүгін амалын таптым.
Түскі асты жұмыс орныма тиіп тұрған үйден ішуге әдеттенгенмін. Тағы сол баяғы әккілігіме басып есіктің қалқасында жасырынып тұрғам.
Құрбысымен бірге кабинетінен шыққан ол:
– Сен үйіңе қайтасың ба?.. Мен төменгі қабаттағы дәмханадан түстенімін… Түс қайта біраз шаруаларымды реттеуім керек болып тұр… – деп ары қарай бет алды.
Астынғы қабаттағы дәмхананы үнемі бармасам да әбден білемін.
Шағын ғана. Тамақтанатын адамдары да көп емес әрі оңаша.
Көктен тілегенім жерден табылды. Ақырын баспалап артынан еріп келемін. Мені көре салып кері қайтып кетпесін деп ол тамаққа тапсырыс беріп, алдына алдырғанша босағада тығылып тұрдым.
Әбден тамағы алдына келгесін еш нәрседен хабарсыз адамдай кіріп бардым.
Мені көріп аққұба жүзіне алабұртып алқызыл сәуле ойнап шыға келген қыздың жанына барып отыруға рұқсат сұрадым.
Түртпектеп ананы бір, мынаны бір сұрап отырмын. Сосын өзімді таныстырмақ болып:
– Бір ғимаратта жүрсекте мені танымайтын шығарсың… Мен… – деп сөз бастай беріп ем:
– Аға сізді жақсы білемін шығармаларыңызды үзбей оқып тұрамын… Қайта сіз мені танымайтын шығасыз…
– Жо… жоқ, танимын…
– Айтыңызшы онда менің атымды…
Ұялып қалдым.
– Сен… сен… – деп барып тұтығып тоқтап қалдым. Әп-сәтте қара терге малшынып кеттім.
Шынымен оның атын әлі білмейтінмін-ді. Мені қысылдырмайын деді ме:
Менің атым Ай және Күн деп екіге бөліп айтты.
Жүрегім өрекпіп кетіп барады. Құдайым-ай… Ақ періштем-ай… мені біледі екенсің ғой… Менің тек саған ғана арналған жүрекжарды шығармаларыммен, сондағы аппақ музаммен таныс екенсің ғой… Айнам-ай… Айым менің… Күнім менің… Кеудемнен басталған ып-ыстық ағын тұла бойыма лезде тарап барады.
Тілім байланып қалғандай. Бар сөзімді айтып тауысып алғандаймын… Меңірейіп отырып қалыппын.
– Аға… – дейді қыз. Осы сөзді қанша қайталағынын білмедім әзер есіме келдім.
– Ау қалқам…
– Сізді жұрт «Ай құшағы» атты шығармаңыздан кейін ешнәрсе жаза алмай қалды десіп жүр ғой…
– Иә, ол рас…
– Сосын анда бір берген сұқбатыңызда осы туралы қойылған сұраққа менің музам ауысып кетті… енді соны ұстай алмай жүрмін дедіңіз…
– Ол сұқбатты сен де көрген бе едің, – деп сұрадым. Жаным елжіреп барады… мен туралы ойлайды екен ғой… Мені іздейді екен ғой деп.
Журналист қыздың сол сұрағы есіме түсті, қайтадан.
– Аға, “Ай құшағы” сіздің соңғы шығармаңыз ба?
– Жоқ! – деймін мен қақ маңдайымнан біреу қасқайта сойылмен салып қалғандай есеңгіреп барып. Көз алдымда осы қол жеткізбестей болған ақ қыз көлбеңдеп. “Ай құшағы” атағымды аспандатып жіберген бойымдағы бар күшімді соған салғандаймын… Жұмыстан кеш түскем. Он төртіне толықси толған айдың сәулесі көше бойындағы самсаған қалың шыраққа жұтылып кеткен… Самаладай самсыған шырақтар айналаны күндізгідей жарқыратып тұр. “Менің музам” деймін күбірлеп… Көз ұялта жарқыраған шырақтан ауаша шығып қаланың шығысындағы биік төбенің басына барып музаммен мұңдаспаққа көлігімнің есігін аша бергенім сол еді, мен жұмыс істейтін ғимараттан аппақ көйлек киінген менің музам шығып келеді…
Алғашында тура сол екен деп қалдым… жерге қайдан түскен?.. Мен неге білмегем… Мен тек аспанда ғана қалықтап жүруге ғана жаралғанмын… Жер менің мекенім емес дейтіні қайда… деп «Ай-Күнім менің!..» деп айқайлап тұра жүгірдім.
Қасына оқыс жетіп келген мені көріп баж ете қалған қыз қайта кері қашты.
Содан бастап айды мекендеген музам маған әсер етпейтін болып қалған… Ұзақ ойға батып кеткен мені журналист қыз қайта әңгімеге тартып жатыр:
– Онда неге соңғы кезде шығармаларыңыз жарияланбайтын болды?
– Өйткені ешнәрсе жазбадым.
– Неге жазбадыңыз? Әлі де жаза алмай жүрсіз бе?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын болсада тырысып көрейін енді. Әр адамның әсіресе шығармашылық адамының жеке музасы болады… Менің музам Аспандағы ай-тұғын.
– Айрылып қалдыңыз ба?.. – деп журналист қыз өзінің аңғармай қойып алған сұрағына ұялып қалды. Мен ары қарай сөзімді жалғай түстім.
Айлы кеш, әсіресе аспандағы ілулі аппақ айнадай болып шарасынан аса толған ай менің санама ғажайып бір тылсым күш құятын. Сонымен бірге жаңбырлы түн… Айлы түндегі жөңкілген бұлттар… Аппақ айдың бетін басып қалмаққа Айға қарай асыққан бұлттар. Тура осы бұлттың қуып бара жатқан әлде айдың жарты әлемінің келесі шетіне жете алмаған қап-қара қою бұлттан құтылмаққа қашып бара жатқан көрнісі көз алдыма келгенде тура айдың астынан менің музам шығатын… Әлемнің бар әсемдігін бойына жинаған менің музам аспанды торлаған бұлтты етегі шұбатылған аппақ көйлегімен желпіп шайдай ашатын тұғын… Менде…
– Иә, ай туралы сіздің бар шығармаңызда айтылады… Сонда енді ол көрінбей кетті ме?
– Жоқ ол табиғат құбылысы ғой… ол мәңгі толастамақ емес… әр сәтте көрініп тұрады…
– Әлде ол сізге әсер етпейтін болған ба?
– Иә… дәл таптың… тап солай… Мен бұрын оған барынша елітетін едім… Тіпті өзімнің де соның қатарына көтеріліп бірге жүргенімді елестететінмін… Оның жанында бір сәтке жүруімнің өзі кесек бір шығармаға айнала алатын.
– Ал қазір?
– Қазір менің музам алмасып кетті.
– Қалай?
– Әр сәтте айлы түндегі музамды көріп шабыт алуға қанша тырбанғаныммен соның жанына жерден бір ақ сағым көтеріледі де қалың бұлттың арасына тығып қалып көрінбей қояды…
– Ол не сонда?
– Муза…
– Анықтап айтсаңызшы… адам ба, зат па, құбылыс па ол не?
– Ол жағы менің құпиям… Айта алмаймын, дегенменде…
– Сол музаңыз туралы маған айта аласыз ба? – дейді қыз менің шашылып кеткен ойымды жинап.
– Айта алам әрине… әуелі мен бірер сұрақ қояйын өзіңе…
– Келістік…
– Мені көрген сайын неге қашасың?
– Қорқам…
– Неге?
– Анау кеште маған қарай тұра жүгіргеніңізді білесіз бе?
– Иә, мен біреумен шатастырып алыппын…
– Сол күні қатты шошынып қалыппын… үйге барғасын қатты ауырдым… Апам көрші бақсы кемпірді шақырып келген… Мені ұшықтаған сол кемпір… Саған адам бейнесіндегі перінің шалығы тиген екен деп айтып еді….
Мен қарқылдап тұрып күлдім де оның салалы сүйрік саусақтарын алақаныма алып аялай қыстым….
– Ұстап көрсеңші… адам емеспін бе?.. көзім… шашым… тіпті тұла бойым… Үнім адамға ұқсамай ма?
Айнала отырғандардан қысылса да менің уысымдағы қолын шығаруға дәрмені жетпей отырған қыз:
– Ұқсайсыз.. – деп айтып алып шегі түйіле сықылықтай күлген.
– Бақсының айтқанына сенесің бе?
– Жоқ, мен сол күні сізді мас шығар дегем…
– Жоқ… тек көзіме бірдеңе елестеп кетіп…. Қойған сұрағыма жауап ала алдым ба жоқ па өзімде шатысып қалдым… Аппақ қыздың жүзінен төгілген ақ шұғыла десімді басып бара жатқан-ды…
Тамақтануға келіп жайғасып жатқан жұрт бізге қайта-қайта көз салады… Жап-жас қыздың жасы үлкен еркекпен оңаша отырғаны, болмаса жасы келген еркектің жас қызға емініп отырғаны көздеріне сыймаса керек.
– Далада жаңбыр жауып кетті… деді терезе жаққа қараған қыз.
– Жауа берсін дедім мен бейжай күйде…
– Мына жерден шығайықшы… Қыз енді отырғандардан қысыла бастаса керек.
Менің жаныма жағатын сөз. Сыртқа шыға менің қолыма шатырын ұстатты сөмкесінен әлденені ақтарып жатып.
– Муза туралы айтатыныңыз қайда…
– Көргің келеме…
– Қойыңызшы…
– Рас айтам…
– Қызық… әуелі айтыңызшы…
– Ол үшін ана төбенің басына шығу керек…
– Көлікпен бе?
– Жаяу..
– Жарайды… – деп келісімін берген қызға мен қол шатырын аштым да өзіне бердім.
– Сіз ұстап жүрңіз… жаңбыр қатты жауып тұр ғой…
– Мен жаңбырды жақсы көремін, ұстамаймын… Қыз қолымнан шатырды алып жатып:
– Маған ұстап бермейсіз бе? – деп бұртиып қалды.
Жүрегім езіліп кетті… Өкпелеген бейнесінің өзі қандай тамаша… Тіпті айтып емес ойлап та адам көз алдына келтіре алмайтын бейне.
Қолшатырды қайта алмақ болып ем бермей қойды. – Жарайды, өзім-ақ ұстай берем деп.
Жаңбыр астында екеуміз жаяу қаладан шығып бармыз…
Айналаны тұман баса бастады… Жоқ тұман емес бұлт шөгіп қалғандай…
– Ананы қарашы деймін мен… Біз бет алған төбені жұтып бара жатқандай етегінен басына қарай жылыстап жауып бара жатқан тұманды нұсқап.
– Қандай ғаламат көрініс… Бұрын қалай байқамағанмын, – дейді қыз тамсанып.
– Пәлі қазір көресің… Анау таудың басынан бері шөгіп келе жатқан бұлтты көрдің бе?
– Иә көрдім құлап келе жатқандай ғой.
– Енді ана төбенің басындағы мұнараға қара.
– Мә… ағай біз баратын төбе жоқ қой… Табиғаттың тамаша көрінісіне сүйсінген қыз сықылықтап күліп жіберді. – Мұнараны қараңызшы аспанда қалықтап тұрғандай ғажап…
Мен үнсіз музам туралы ойлап келемін.
– Аға! Қыз шаттана айқайлап жіберді… – Манағы таудан құлаған бұлт мұнараның басын алып кетті… Қандай ғажап көрніс… қараңызшы бұлттың салақтаған баспалдағы секілді… Тез-тез жүріңізші… ана баспалдаққа өрмелегім келіп кетті.
Біз қанша асыққанымызбен басын бұлт жауған төбеге күн ұясына кіре әзер жеттік.
Төбенің басына жеткенде таудың баяу самалы шықты. Манадан айтылған әңгімені үнсіз тыңдап келе жатқан қыз:
– Аға менің аяғыма қараңызшы… бұлтқа көміліп тұр… деп шаттана күлді… Қалың тұманды самал жел жер бауырлатып ары тау басына қарай айдап барады.
– Қазір сәл шыдасаң өзіңде бұлтқа көмілесің…
Мен айтып ауыз жиғанша қалың тұман тура кеуде тұсымыздан әлдеқайда асыққандай өркештене толқып өтіп жатты.
– Ағатайым-ай… қандай ғажап бұл… Бұлттың үстінде ұшып бара жатқандаймын… тек аяғымның жерге тиіп тұрғаны болмаса… рахмет сізге, – деп айқайлаған Ай-Күнді қолтығынан тік көтердім.
Ешнәрседен қымсынатын емес…
– Алақай… мен шынымен ұшып барамын… – деп аяғын бейберкет тепкіленіп айқайға басқан.
Жөңкілген бұлттың артынан қуып Ай-Күнді аспанға қалықтатам деп жүріп түннің бір уағына дейін тау басында қалып қойыппыз.
Манадан бергі ұлан асыр шалқыған көңілдің буы ма оған:
– Сен менімен бірге болсаңшы… Мәңгі осылай аспанға қалықтатып көтеріп жүремін, – дедім.
– Қалай?! – деп сұрады қығз…
– Менің мәңгілік музам, жан жарым болшы…
– Ұятыңыз қайда? Қыз шаңқ ете қалды да отыра қалып бетін басып жылап жіберді… Табиғаттың тылсым көрнісіне елітіп менімен осынша уақытқа осында қалып қойғанына налитындай.
– Ұялсаңызшы! Айтыңызшы… Жасыңыз қаншада сіздің… Мен әлі жиырмаға толмадым… білесіз бе?
Қырық деген қырқылжыңнан баяғыда асып кеткенім енді есіме түскендей жабырқап қалдым…
Тура осы кезде аспанды күркірете найзағай жарқылдап барып жел күшейді де манадан бетін бұлт жауып қалған ай жарқ ете қалды. Жарқ ете қалған айдың астынан ақ сәуле… менің ескі музам ойнай бастады… Бетін басып еңіреп отырған қыз төменге қарай тұра қашпаққа орнынан атып тұрып барып, ай астында ойнаған ақ сәулені көріп аңырып тұрып қалды.
Жабырқаған қыздың көңілін жұбатпаққа…
– Әне менің музам… бұрынғы музам… дедім.
Жаңағы жабырқаңқы күйін лезде ұмытып қалған қыз.
– Рас па, қандай ғажап… – деп таңдай қақты…
– Анықтап жақыннан көргің келе ме? – деп сұрадым мен.
– Қайлай көрем, көрсете аласыз ба?.. Қыз қиылып тұр…
Мен мойныма тұмар қылып тағып жүрген шәкене ғана кітапты қолына ұстаттым.
– Не киелі кітап па?
– Менің жанымның құпиясы…
– Не істеймін…
– Ерніңе тигіз…
Шәкене ғана кітапті ерніне тигізе бере қыз екі көзін аспаннан ала алмай жүрелеп отыра кетті.
Менің музам аспанды кезіп жүр… Жердегі иесіне керек болмағасын барар жер таппағандай жұлдыздан жұлдызға аппақ көйлегі желбірей шұбатылып заулайды…
– Қандай керемет… бұл не? Қыз бір сұрағын қанша рет қайталай бастады.
– Менің бұрынғы музам…
– Сіз қандай сезімсіз адамсыз… осы келбет көңілімді жылт еткізе алмайды дегеніңіз тіптен жалған!.. Қыз тауды басына көтере айқайлай бастады.
Аппақ бетін өзіме қарай екі алақаныммен қысып тұрып зорға бұрып алып…
– Ары қарай көресің бе?.. – деп сұрадым.
Оның «иә» деуге дәрмені жетпей, басын изектете берді.
Мен қолындағы тұмар кітапты алдымда айналдырып теріс бетін әкеліп оның көзін сүрттім.
Тура осы кезде біздің үстімізден көз қарлықтыратын ақ сағым аспанға қарай қалықтай жөнелді…
– Ғажап… ғажап… Қыз одан ары тіл қата алатын емес.
Көз айырмай ұзақ қарағын қыз… бір заматта барып:
– Ағай анау… анау… бар ғой… сөзінің соңын айта алмай булығып отырып қалды.
– Ол сенсің…
– Өтірік…
– Сенсің!
– Өтірік… Қыз жалма-жан сумкасын ақтарып айнасын алып шықты да қарап отырып егіліп жылап жіберді.
– Енді сендің бе менің музама айналған сенсің… менің музам…
Осы кезде найзағай тағы жарқ ете қалды… Ай астынан адасып жүрген ескі музамның қасынан жерге қарай құлап келе жатқан өз сұлбам көрінді…
– Аға… Аға қараңызшы… анда бірдеңе көрінеді…
Менде аңтарылып қалдым… жоқ жерге қарай құлап емес қашып келе жатыр екем… артымда аппақ семсері бар Алдашы келеді. Таяған сайын анық көрінді… Сақал шашым сала құлаш болып өсіп аппақ қудай болып ағарып кетіпті… Тіптен қаусап қартайған екенмін… Бар пәрменіммен жерге қарай заулап келемін.
– Аппақ шал… ақсақалды адам құлап келеді… әне…әне… – деп бажылдаған қызға «ол менмін» деп айта алмадым.
Менің аппақ қудай болған сұлбам аспаннан заулаған қалпы келіп менің денеме кіріп жасырына қалды. Ай-Күн қорыққаннан баж ете түсті.
Көлбіреген көйлегінің жеңіне менің қолыммен бірге қолын тигізген сұлбам менің ішімде Ай-Күнге жете алмай аласұрады…
– Құшағыңды ашып құтқаршы мені… сенің құшағыңда ғана Алдашыдан құтыла аламын… Сенің құшағыңда ғана баяғы жас бейнеме қайта аламын… құшағыңды ашшы… – деп бар пәрменіммен айқайлағаныммен Алдашының десі бар дауысымды жұтып қойған, сыртқа шығар емес… «Мені құшағыңа алшы жаным… мені құтқаршы…» деп көзіммен қанша ишарағанмен Ай-Күн менің мұңымды сезе алмады… Мені бейберекет жұлқылап жүр…
Ай-Күннің құшағына жетсем өзімнің сол баяғы бозбала шағыма қайта оралатыным ап-анық көрініп тұрғанмен, оған жете алмай үзіліп барамын.
Ай-Күн төбемде төніп тұрған Алдашыны көрген жоқ.

Ай толған түндегі ақ қыз

Соңғы жұмысқа ауысып келуім, жай қызмет емес. Атағын ат әзер көтерердей бөлім меңгерушісі болуым өмірімді күрт өзгертіп жіберді.
Қырыққа таяп қалған қырқылжың бойдаққа ылғи өрімдей құралай көз жас қыздар мен бір кабинетте отыру бақыты бұйырғанына тағдырыма мың мәрте алғыс жаудырып жүрмін күніне.
– Аға білесіз бе, мен сіз тұрған ауылда тұрамын ғой, – дейді Айна деген аққұба қыз қиылып.
Қуанып қалдым.
– Тамаша болды ғой… бірге келіп… бірге қайтып тұрамыз… – деппін қуанышымды жасыра алмай.
Қыздардың ду ете қалған күлкісінен соң өзімнің байқамай сөйлеп қалғанымды аңғардым. Десе де сазбеттеніп оны онша елемеген кейіп таныттым. Бұрыннан жиналып қалған біраз шаруаны үстел басында-ақ шешіп тастауға тырыстым.Көркіне көз сүріндірген жеті бірдей ай келбетті арудың арасында жалғыз еркек кіндіктінің болуы бір жағынан қызық болса, енді бір жағынан аса ауыр міндет-тұғын, әрине. Бірден іскер басшы екенімді сездіргім келді. Әрі қол астымдағылардың десін басып алмаққа:
– Менімен бірге жұмыс істегісі келмейтіндерің болса айтыңдар, бүгіннен бастап босатам! – деп өз табиғатыма жат бір қаталдыққа қарай бет бұрдым.
Жаңа бастықтан мұндай қаталдықты күтпеген болар, әйелдер жағы жым-жалас бола қалды. Тек көздерінің қиығымен ғана бір-біріне үнсіз тіл қатып, еріндерін сылп еткізісіп алысты.
Әрқайсысын жаныма шақырып алып жеке-жеке тапсырма беріп жатырмын. Соңғысы болып алдыма Айна келді.
Өзіне жүктелген тапсырманы бір қайталап өзіме айтып берген әдемі қыз:
– Ағай, сіздің жеке көлігіңіз бар ма? – деп сұрады.
– Иә, қалқам, бұт артар бірдеңем бар…
– Мені ала кетесіз бе?
– Қуана-қуана…
Жұмыстан шығатын уақыт болған. Қызметкерлердің бәрі менің рұқсатыммен үйді-үйлеріне қайтып жатыр. Алдымдағы әлдебір парақ қағазға еш мақсатсыз үңіліп мен отырмын. Қарсы жақтағы үстелде Айна отыр мен жаққа ұрлана қарап.
Елдің бәрі кетіп болды. Тек Айна екеуміз. Ұзақ отырдық. Ақыры Айна:
– Ағай үйдегі жеңгей іздемей ме? – деп сұрады.
– Жоқ!.. – дедім мен бірден… Дауысым қатты шығып кетті. Әр кез қойылатын осы сұрақ менің бойдақ екендігімді бетіме басатындай сезілетін.
– Кешіріңіз… мен білмедім… Қыз бейкүнә қалыпқа түскен.
– Оқасы жоқ қалқам… – дедім менде бірден дауысымды жаймашуақтап, өз ішкі есебімді түгендеп. Қыз ұзақ үнсіз қалды. Біраз уақыттан соң барып:
– Сонда сіз үйленбегенсіз бе? Қыз дауысы осы сұрақты барынша сабырлы, барынша сыпайы етіп қойғандай болды.
– Сол туралы енді ойланып жүрмін…
– Жұмысбасты болдыңыз ба?
– Үйленбеуге себеп болардай емес…
– Әлде?
– Бұрын үйленген бе едің деп сұрағың келіп отыр ма?
– Жоқ… иә… енді қалай айтсам екен… иә… солай…
Қыз қарадай өз сөзінен жаңылып жатыр.
– Шынын айтсам бүгінге дейін соған лайық ешкімді кезіктіре алмадым.
– Қызық екен.
– Түк те қызығы жоқ… Осы күнге дейін кезіктіре алмадым … дегенмен бүгін… – деп сөзімнің аяғын жұтып қалдым.
Қыз беті ду ете түскендей болды. Ақша беті қызара алаулап, миғындағы шұңқырға барып ұялап қалды. Жүрегім дір ете қалды. Денемнен әлде бір тылсым дүние дүр етіп өте шыққандай болды. Айнаның аққұба жүзінен көз айыра алар емеспін. Қыз жанары тіке қарауға батылы жетпей жерден әлдебір табылмасын іздей бастады.
– Қайтпайсың ба?.. деп сұрадым.
– А, ағай… иә қазір… қайтам… Ол тағы сөзін шашып алды.
– Жинал онда кеттік.
– Ала кетесіз бе?
– Сол үшін отырмын.
– Рахмет… десе де ыңғайсыз емес пе?.. Қыз енді өп-өтірік мүләйімси қалды.
Қаладан шыға бойымды бір желік буа бастады. Жанымдағы қыздың әсем келбеті жан дүниемді қытықтап мазалай бастаған-ды. Ақыры әйел қауымы алдындағы алғашқы батылдығымды жасадым.
– Айна.
– Иә.
– Уақытың бар ма? Бірге тамақтануға?
– Білмеймін ағай…
– Онда кеттік бірге тамақтанамыз.
– Ыңғайсыз емес пе?.. Қыз тағы қылымси қалды.
– Ешқандай…
Көлікті жол бойындағы дәмханаға тіредім.
Екі адамның қажеттілігінен әлдеқайда көп тамаққа тапсырыс беріп тастадым қоярда-қоймай.
Тап бір өзімнің ер екенімді, әйел затына тұңғыш рет кездесіп отырғандай жан-дүниемді әлдебір сайтан сезім желпіндіріп барады.
– Ағай… –дейді қыз қиылып.
– Иә… – деймін мен де еміреніп.
– Мені жұмыстан шығарып жібермейтін шығарсыз.
– Атама! Қалқам… сендей әдемі арудың алдымда отырғанының өзі мен үшін үлкен бақыт қой… Осы сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де аңғармай қалдым.
Дастархан жиылып, қайтадан көлікке міндік. Жаныма келіп жайғасқан Айнаны өзім ойлаған батылдықтан әлдеқайда биік ерлікпен оң қолыммен иығынан өзіме қарай тарттым. Қызда еш қарсылық жоқ. Тек шын-өтірігі белгісіз аз ғана қымсыну бар.
Емірене аппақ жүзінен өптім. Сосын бал ерні… Тіпті екеуміз бір тұтас тәнге айналғандаймыз.
Еш үнсіз мен Айнаны көліктен түсірдім де жаңа ғана өзіміз тамақтанған дәмхананың үстіңгі қабатындағы қонақ үйге ертіп кірдім.
Қылшылдаған жастықтың дәурені аяқталған болар. Көңілім көтеріліп, жүрегім өрекпігенімен қатты қалжырап шықтым. Маған салса, сонда таңға дейін қала берер ем. Айна неге екені белгісіз «қайтпасам болмайды» деп өтініп қоймады.
Айнаны үйіне жеткізіп салып өз үйіме келгенде түн ортасына таяп қалған еді.
Үнемі жиналмай илектеніп жататын төсекке бірден гүрс етіп құлай кеттім. Ұйқылы-ояу мең-зең болып ұзақ жаттым. Ақыры орнымнан тұрып ас үйге бардым да әлі аузы ашылмаған арақты алып үлкен кесеге біржола бірақ төңкеріп, сусап қалғандай-ақ салқылдатып жұта салдым да, жатын орныма қайта келіп жантайдым. Көзім ілініп кетіпті. Шошып ояндым. Жер көшіп жатқандай сыртта әлдене дүркірейді.
Орнымнан атып тұрып сыртқа шықтым. Ауылдың бас жағынан жер бауырлап шұбатылып ақшарбы бұлт көшіп барады… Көзімді уқалап қайта қарадым. Бұлт емес. Шұбырған көш. Көштің иелері бұлдырып көзге шалынбайды, соңы тура менің үйімнің алдында ғана кетіп барады екен.
Сыңғыр-сыңғыр еткен бір әсем күлкі келгендей болды. Соған елітіп алға қарай асығыс аттап қалғанымда кеше алысқа төккенге ерініп есік алдына төңкере салған күлге оң аяғымды батырып алдым.
Дәл осы кезде көштің соңында аппақ желмаяға мінген аппақ киімді аппақ қыз жарқ ете қалды да манағы әсем күлкі пышақ кескендей үзіліп, бір ащы шыңғырған дауыс келді…
Ащы дауыс құлақ тұндырады. Күлден аяғымды жұлып алғанда манағы көш ізім-ғайым жоқ болып кетті… Таңға дейін көз іле алмай шықтым… Көзіме әлдене елестеді ме дейін десем, бәрін анық көргенім мен қоса шыңғырған ащы дауыс құлағымнан кетпей тұр.
Жұмысқа дел-сал болып әзер жеттім. Әуелі жүзі бал-бұл жайнаған Айна күтіп алды мені.
Енді орныма отыра бергенде сырт жақтан әлдебір әйелдің зеки сөйлеген таныс дауысы естілді. Соның арасынша сыртқы есікте тұратын қарауыл жігіт келіп:
–Сізге бір әйел кездесем деп қоймай тұр. Жіберейік десек, қалай айтсам екен, өзі біртүрлі, киімі де… – деп күмілжіп барып тоқтады.
– Несі бар? Кіргізе бер… – дедім мен әлденеге айналсоқтап.
Есіктен киімі алба-жұлба, аппақ шашы қобырап кеткен кемпір кіріп келді.
Өзім таң қалып қалдым. Не шаруа айтады деп күтіп отырмын. Маған ежірейе қарап біраз тұрды. Бір жерден көргендеймін… Дегенмен жыға тани алмадым.
Арадағы үнсіздікті қарсы жақ бұзды.
– Еһ! Танымадың ә! Қу шешек… көрмейтін нәрсені көрген соң, апайыңды танымайсың… күнәға белшеден батқасын…
Осы кезде барып есіме түсті. Бұрынғы жұмысымда бірге істеген Жәміш апай. Мен алғаш сол жұмысқа келгесін бір кабинетте жеті жыл бірге жұмыс істегенбіз. Тамаша адам еді. Бір күні аяқ астынан көтеріліп ауырып, сол қалпы оңала алмай кеткен.
– Жәміш апай!.. Құдайым-ау… Қайдан жүрсіз?.. Мені қайдан таптыңыз? Келіңіз, отырыңыз. Қызметтестерімнің алдында ыңғайсыздансам да жалбақтап жатырмын.
– Жетер!.. Зуылдама!.. Мен сенің мына арам орындығыңа отырмаймын!.. Апам шарқ ете қалды.
Әйелдердің алдында өзімді күнәлі сезінгендей қысылдым…
Сыртқа сүйреп шығарып салмақ болып ұмтылып келе жатқан қызметтес екі әйелді ыммен тоқаттатым да:
– Ау, апатай, өлтірсең де айтып өлтірсеңші… Не болды сізге, қарадай адамға тиісіп? Мен де мантырай бастадым.
– Сайтандар… шығыңдар… жеке айтатын сөзім бар. Жәміш апайдың сөзін елемеген әйелдерді мен қолыммен ишараттап сыртқа жібердім. Тек Айна сәл тосылып барып кейін шықты.
Жәміш апай жұлым-жұлым болған пешпетінің ішкі қалтасынан әлденені сурып алып шығып:
– Ай толғанда далаға шығушы болма! Алда-жалда шығуға тура келсе, мына тұмарды мойныңнан тастаушы болма! Сақтан, мына тұмарды бөтен әйел қолына алмасын. Бар асылыңнан бірақ айрыласың… Мен кеттім… Енді келмейтін жаққа кетіп барам… Бұл саған арналған тұмар… Берейін десем таба алмай жүрген ем, кеше түнде таптым. Саған содан келгенім… Абай бол өзіңе, – деп шыға жөнелді.
Мен қайырып ешнәрсе сұрай алмай қалдым. Артынан есікке ұмтылдым. Шықсам үркердей болып ұйлығысып тұрған әйелдер ғана. Жәміш апай ізім-ғайым жоқ.
Айналдыра ары-бері қарап тұмарды ақыры мойныма тағып алдым.
Кешке дейін жұмысқа құлықсыз болдым. Жұмыстан елдің соңынан шықтым. Көлігімнің қасында Айна күтіп тұр екен. Кешегі алып-ұшқан сезімнің жұрнағы да жоқ бүгін. Қаламасам да бірге кеттік. Тамақтандық. Тағы сол қонақүйге көтерілдік. Кешегідей албарынды әрекет жоқ. Бәрі байсалды, бәрі сабырлы қалыпта. Тек тәнім қалжыраған. Жәміш апайдың әрекетін түсіне алмай төбеге тесіліп жатқам. Менің сол қолымды жастанып емірене денемді жаланып жатқан Айна мойнымдағы тұмарды ұстап:
– Кеше көрмеген едім ғой… – деп сұрады.
Бөтен әйелдің қолы тимесін деген сөз құлағыма тағы бір мәрте саңқ ете қалғандай болды. Айнаның қолын оқыс қағып жібердім.
Қолын ауырсынып қалды ма, әлде басқа ма Айна уатуға көнбей ұзақ жылады егіліп тұрып.
– Ешқайда бармай-ақ осында түней салайық… – деп ем Айна шоқ басқандай ыршып кетті.
– Жоқ! Болмайды!
– Неге?
– Үйде балам жалғыз.
Тұла бойым дір етіп түршігіп кеттім. Айнаның баласы бар дегенді тіпті ойламаппын да… Әлі үйленбеген деп ойлап жүргеніме, ашып сұрамағаныма опындым.
– Күйеуің ше… – деппін абдырап.
– Қайтыс болған.
– Қай кезде?
– Жарты жылдың алдында…
– Күйеуінің жыл уағы толмай өзіммен төсекте бірге жатқан әйелді тұңғыш рет барынша жек көріп кеттім. Өзімді де соншалықты жиіркенішті сезіндім.
– Кешір ағатай… – дейді Айна кемсеңдеп. – Кеше жұмыстан айырылып қалмау үшін келгем… Сіз бірден жұмыстан адамдарды шығарам дегенде шығарға жаным қалмады… Бұл жұмыстан айрылсам балам екеуміз қалай күн көреміз деп ойладым… Сол үшін келгем… Ал, бүгін басқа… Таң атқанша көз ілмедім… Әрі бір шешімге келдім…
Мен ешнәрсе деместен орнымнан тұрып киіне бастадым. Айна да киінді. Оны үйіне жекізіп салып, мен өз үйіме қайттым.
Үйге келе ас үйге кіріп ас столының астында тұрған қорапты сүйреп алдым да ішіндегі арақты сол орында құлап қалғанша іштім.
Бір заматта әлдебіреудің жұлқылауымен оянып кеттім.
Жалтақтап жан-жағыма қарағанымен ешнәрсе көрінер емес.
– Сен маған керексің. Құлағымның түбінен Жәміш апайдың дауысы шықты.
– Жәміш апай!
– Жоқ, мен Жәміш емеспін.
Мен қорыққанымнан қалтырай бастадым. Манадан сылқита ішкен арақтың мастығы ілезде тарап кеткен.
– Онда?
– Пері!
– Не керек?
– Өзің.
– Кімге?
Әйел дауысы енді жалау аралас шықты…
– Пері деген жаратылыстанбыз… кеше осы маңнан көшіп бара жатып қызым айықпас дертке душар болды… Сол дерттің жалғыз емі сен ғанасың… Осы кезде кешегі түнгі елес келді көз алдыма… Сыңғырлаған әйел затының сиқырлы күлкісі… Соңынан жан төзгісіз шыңғырған ащы дауысы.
– Жүр менімен балам… Қызымды құтқарып бер… Оның жаны тек сенің ғана қолыңда… Елес мені орнымнан тұрғызып сыртқа қарай жетелей жөнелді. Есікті ашып кеп қалғанда тура қарсыда қасқайып тұрған, толықсып толған айды көріп, күндізгі Жәміш апайдың айтқаны есіме түсіп, қайта үйге қарай қаштым.
Сырттағы әйел даусы бар зар-мұңын шағып, жан-дү- ниемді езіп барады.
«Алда-жалда ай толғанда шығар болсаң, тұмарды жаныңнан тастама» деген дауыс құлағыма қайта жаңғырғандай болды.
Ақыры бар батылдығымды бойыма жинап сыртқа шықтым.
Тура кешегі өзім басып кеткен күлдің үстіне әкеліп тұр- ғызған әйел даусы «Енді көзіңді жұм! Мен қашан аш дегенше ашушы болма» деп ескертті. Мен айтқанын екі етпей орындадым.
Құлақ тұндыра зуылдаған дауыстан өзімнің кеңістікте заулап ұшып келе жатқанымды сезіндім.
Ақыры қалқып барып әлдененің үстіне тікеден тік түстім.
– Апатайым-ай, келді ме?.. – деген әлсіз-әлсіз болсада соншама сазды әйел үні естілді.
– Келдік… келдік… Су ішерің бар екен қызым… Кеше жан ұшырып Жәмішті тауып ем, сол көмектесті… Келді… – деген әйел даусы маған:
– Енді көзіңді аш, – деп бұйырды.
Төбесіне көз жетпейтін Сәулетті сарай. Төр жағында мен өмірі көрмеген сүйек тектес бұйымнан жасалған ақ төсек. Төсектің үстінде аппақ жамылғы жамылып жатқан Аппақ қыз.
Екі көзі тарс жабылып ерні бозара аласұрып қиналып жатыр. Кең сарайдың есігі өздігінен ашылып жабылды да манағы әйел дауысы жоқ болды. Көрмесем де оның сыртқа шығып кеткенін сездім.
– Жақын келші… жаныма жақындашы… – дейді үзігіп.
Аяғымды санай басып жанына бардым.
– Жастығымның астындағы тұмарды алып ашшы, – деді енді қыз.
Мен қорғалай қимылдап аппақ жастықтың астына қол жүгірттім. Қолыма ілінген затты алып шыққанда бірақ білдім. Тура менің мойнымдағы тұмардан айнымайды.
– Төсектің басындағы анау ақ пердені ал… менің бетіме жап… тұмарды аш… бірінші бетін оқы.
Мен еш жауап қатпастан айтқанын орындадым.
Тұмарды ашқанымда өзім көрмеген хатқа көзім түсті. Аңырап біраз қарап тұрып барып өзім білмейтін, өмірі сөйлемек түгілі естімеген бір тілде заулатып оқи жөнелдім… Мен оқып бола бере есік сықыр етіп ашылды да:
– Көп рахмет, балам. Енді сені жер мекеніңе жекізіп салайын… Бұл тұмар жеті парақтан тұрады… бізге рахым қылып әр ай толған сайын келіп оқып беріп тұрсаң, жеті айдан соң қызым құлан-таза жазылады… көзіңді жұм, енді кеттік… – деді.
Таңертең орнымнан тұрып түндегінің түсім не өңім екенін айыра алмай ділгіріп біраз жаттым да кенет сырттағы күл есіме түсіп, жерден жеті қоян тапқандай сыртқа ұмтылдым.
Күлдің бетінде батпиып менің екі жалаңаяқ табанымның ізі тұр. Көз алдыма бетіне перде жаптырып өлеусіреп жатқан қыз келді.
Табанымның ізі қалған күлге мелшиіп қарап біраз тұрдым да ақыры жұмысқа кеттім.
Жұмысқа келе алдымнан сылаңдап шыға келген Айнаны көріп әлдебір асылымды жоғалтып алғандай жабырқап қалдым. Кешті әзер батырып жұмыстан түстім. Айна бүгінде күтіп тұр екен. Ешқайда бұрылмастан тура үйіне жеткізіп салдым.
Сөйтіп күн артынан күн өтіп жатты… Ортада Ай үш рет толды… мен үш рет сол ғажайып мекенге, сырлы аруға барып қайттым… Айна да алған бетінен қайтар емес… күніге жолымды күтіп тұрады. Бір күні тыңнан бір жаңалық айтты.
– Баламыз болады…енді қашанғы осылай жүре береміз, – деп.
Мен ойланып қалдым. Бірақ ешнәрсе айтпадым.
– Баласы бар әйелге үйленгің келмей жүр ме? – деп сұрады бірде. Мен тағы ешнәрсе айтпадым.
Мен алтыншы рет барып қайтып енді жетінші реткі айдың толуын асыға күтіп жүргем. Айнаның құрсағы үлкейіп жұмысқа әзер келіп жүр. Еңбек демалысыңды алып үйіңде демал десем көнбейді.
– Баламды шешеме беріп жібердім… енді жалғызбын… жақын арада сәбиіміз дүниеге келеді… енді бірге тұратын шығармыз, – деді тағы бірде. Мен тағы сөзін естісем де естімегенге салындым… Айна жылап та, қарғап-сілеп те маған еш сөзін өткере алмай-ақ қойды.
Мен қабылдамағанмен жұмыстағылардың бірі бұл туралы білетін-ді. Айнаға бастықтың әйелі ретінде құрмет жасап жатады… Бұл енді өз баласы бар әйелден қашып қайда барар дейтін болса керек.
Неге екенін қайдам осы кезде мен Айнадан әбден суып қалғам… Сол бірінші рет барғанда бетіне жамылған ақ перденің астындағы аппақ қызға деген құштарлығым дүниенің бәрін ұмыттырған.
Жетінші рет ай толатын күні мен жұмысқа бармай қалдым. Кешті әзер батырып, сырын әлі аша алмаған ақ періштеме қарай зауладым.
Жетінші парақты оқып болып бетіндегі ақ пердеге қолымды тигізе бергенде перде өздігінен сусып жерге түсіп қалды.
Айдында аппақ ақ қыздың нұрлы дидарына қарап есімнен танып қала жаздадым. Ақ қыздың көркін қандай атақты суретшінің бояуы бейнелей алмайтын, қандай ақын-жазушың да суреттей алмас еді…
Айдай дөңгелек ақ жүзі, ботаның көзіндей мөлдіреген көзі… жанымды шығарып жіберетіндей бір сезімге… әлдебір түбіне жеткізбес асқақ арманға жетелей жөнелді… Көз алдыма ақ қыздың әсем дидарынан өзге ешнәрсе елестер емес. Ойымды ақ қыздың:
– Қайырын берсін… қайырын берсін… жанымды алып қалғаныңа мәңгі қарызбын… менің жаным өзімдікі емес… енді тек өзіңдікі ғана… енді мәңгі тек өз иелігіңде… Мәңгіге осы жұмақ мекенде бірге қалар ек… Әттең, ақ жаныңды кірлетіп алғаның… Бұл жерден сізге орын жоқ… келесі айдың толғанын күт… мен өзім барам… енді ары қалуға уақытың жоқ… – деп мені шығарып салды. Қинала-қинала қимасымды қалдырып кері қайттым.
Ертесі жұмысқа бардым да өз еркіммен жұмыстан шығатынымды айтып арыз қалдырып үйге қайттым… Келесі айдың толуын сарыла күттім.
Арада Айна сан мәрте келіп мені көндіре алмай әуре. Менің бар есіл-дертім ақ қызда. Асыға соны күтіп жүрмін.
Ақыры асыға күткен ай ортасы да жетті. Шығыстан жарқырай шыққан дөп-дөңгелек айды көргенде жанымды қоярға жер таппадым… Асығыма қолым жетпей қалмасын деп есік алдына күлді тау мая қылып үйіп тастағам.
Үйілген күлдің төбесіне шықтым… Бопыраған бос күлге белуарымнан баттым… Ай тура қасқа маңдайыма келгенде тура айдың астынан маған қарай асыға ұшып келе жатқан ақ сәулені көріп жүрегім қуаныштан жарылып кетуге шақ қалды.
Тура осы кезде маған қарай қинала басып күні таяп қалған Айна келе жатыр екен… Қолында буыншағы бар…
Маған жетер-жетпестен:
– Жаным қиналып кетті… Қаласаң да, қаламасаң да сенің үйіңе біржола келгенім… Күнім-ау, есің дұрыс па? Күлге малтығып неге тұрсың? – деп мені тұрған орнымнан жұлқылай бастады.
Ай астынан келе жатқан ақ қыз енді анық көрінді. Басына ақ орамалын байлаусыз жаба салған… Ақ дидары айдан да аппақ… Маған қарай құшағын ашып қалықтап келеді…
Айнадан біржола құтылмаққа, аппақ қыздың қасына бірден кете қалмаққа, мойнымдағы тұмарымды жұлып алып көкке қарай қолымды соза бергенде Айна көз ілеспес жылдамдықпен қолымдағы тұмарды жұлып алды.
Тура осы кезде Аспаннан шыңғырған ақ қыздың ащы дауысы жетті құлағыма… Мен Айнаға қарай ұмтылдым… Тұмарды қайтарып алмаққа.
Шарасынан шыға толған ай… Аппақ қыз… Айнаның қолындағы ақ тұмар…

Көне құда

Биыл ауылдың қырманын күзету кезегі біздің үйге келген. Әкемнің мың ойланып, сан толғануымен өткен жылы үйленген ағам екеуміз күзететін болдық. Қырман алыс емес, ауыл сыртында ғана. Бір шеті ауылға тиіп жатса, бір шеті ұзыннан ұзаққа көлбей созылып жатқан қалың қарағайлы тауға төскейлеп барып тоқтайды да ал бас аяғы көз көрім жерден де алыс жайылып жататын.
Біздің ауылда жалпы жиырмадан ғана асатын үй бар-тұғын. Жылда күзгі жиын теріннен соң кемінде бір, әйтпегенде бірнеше үй сыртқа көшіп кетіп жатады. Қанша көшкенімен де ауыл ортайған емес. Атам заманнан келе жатқан тоқал тамдардың қаңырап бос қалған бір де бірі жоқ-ты. Жаңадан ешбір тамда соғылып көрген жоқ. Бүкіл ауыл адамдары бір-бірімен ілік шатыс, құда-жегжат. Берекелі ауыл. Ауыл адамдары дерлік жаз бойы жайқалған егін арасында. Әркім өз тірлігімен. Бір сарын тірлік. Тек көктемгі тұқым сіңіру кезі мен күзгі жиын терінде ғана тойға бергісіз думан. Ауылда ешқандай теріс пиғыл адамдар болмағанымен, ең жақын деген өзге елді мекеннің өзі күншілік жерден алыста болғанымен қырманды қай уақытта да қараусыз қалдырған емес-ті.
Кешкі шай-суанымды ішіп, ағамның үйіне енді кіріп тізе бүге бергенде осы үйдегі жеңгемнің шешесі есікті шарқ еткізіп ашып, кіріп келді.
– Сәлеметсіз бе, кәрі құдағи?… – деп есендік сұрадым. Неге екенін қайдам осы кісіні біздің туғандардың бәрі жасы жетпеседе Жамал атын айтпай кәрі құдағи атасатын.
Кәрі құдағидың анда-санда ұстамасы бар-тұғын. Әркімнің қорасына жинап қойған сабанның топалаңын шығарып шашып кететіні бар. Сосын күз келіп егін орағы бастала кеш баласы үйге қонбай сол атыз басында масақ теруге кететін. Таң бозына дейін әр жерге дестелеп жинаған масақты күн шыға әптер-тәптерін шығарып қайта шашып шығар еді.
Сол кәрі құдағи менің амандық сұрағаныма қарамастан алқын-жұлқын ағама шай құйып отырған қызының қасына барып:
– Байыңды жіберме! бүгін қырманға жіберме!.. – деп кереңге сөйлеп отырғандай бейберекет айқайлай бастады.
Ағам жай күліп:
– Апатай не болды…, әзер жеткен қырман күзетіне неге бармаймын?.. – деп еді:
– Не жетпегір сен алдыңғы жылы ғана қырман күзетіне шыққансың… Енді не, қатын үстіне тағы қатын алайын деп отырсың ба?!. – деп тағы шаңқ ете қалды.
Жеңгем шешесінің ұстамасының ұстап қалғанын білгенімен менен ұялып кетті.
– Апа қойшы қара аспанды төңкермей… ұят емес пе… – деп еді, кәрі құдағи енді қызының қасынан атып тұрып ағамның қасына келді де сол қолынан шап етіп ұстап алып:
– Жібермеймін бұны жібермеймін… ешқайда… не сен қаншық жесір қалайын деп пе ең?.. – деп тағы айқайға басты.
Манадан бері бәрін үнсіз тыңдап отырған мен енді жайлап қана:
– Жарайды Ераға қырманға жалғыз бара берейін… – деп орнымнан қозғала бастап едім, ағам маған қарап:
– Шалға қырманды жалғыз күзеткеніңді айтып қойма. Апамнан сайтанымның қалғанын шалекең қағып алмасын… – деп күлді.
– Түнде қарның ашып шөлдеп қаларсың, – деп жеңгем қоярда қоймай зыр жүгіріп жүріп атамнан қалған тері торсыққа ашытқан көже құйып, кішкене дорбаға құрт, бауырсақ салып берді.
Мен қырманға жеткенде әбден қас қарайып кеткен-ді. Қырманның төр жағындағы қара қосқа келдім де мана көрші Бекен ағадан сұрап алған бос темекіні орап тамызып, кәдімгі еңбек адамдарындай қисайта тістеп, бүгін ғана әкеліп, тау мая етіп жиналған дестелерді бір айналып шығып, қырманның ортасында жатқан үлкен шаңтастың бір басына құйрық басып отырдым. Шылымды шегіп болған соң арлы-берлі сенделіп біраз жүрдім. Арада шай қайнатым уақыт өтпей жалғыздықтан жалыға бастадым.
Мана құрдасым Манатты ертіп алмағаныма өкіндім. Жүр дегенімде ол бірден келер еді. Былтыр күзетте інісі екеуі болғанды. Түстің алдында қайын жұртына барып қайтқан. Біздің құрдастардың ішінде алғаш қатын алғалы отырған осы. Ауылдың аяқ жағындағы етікші шалдың қызына құда түсіп бүгін қайыншылап қайтқан.
Құрдастар бәріміз қазір соның тез қатын алуын күтіп жүрміз.
– Қатын алғанның қызығын ел айтпағанымен мен жасырмай тек сендерге айтатын боламын… Әй жамандар, не сендерд е алмайсыңдар ма, жаспыз деп жүрсіңдер ме, бұйырса биыл он жетіге толамыз… – деп масаттанып кететін. Тым құрғанда «қайын жұртқа барғанда не қызық болады екен соны сұрамаймын ба?!» деп ойлап жүгіре басып Манаттың үйіне қарай тарттым. Қырманнан алыстап ауыл шетіне іліне бере қырман жақтан әлдененің гүрс ете түскен жойқын дауысын естіп кілт тоқтадым. Еш ойланбастан қырманға қарай қайта жүгірдім. Қырманға жете өз көзіме өзім сенбей, уқалап жіберіп қайта қарадым. Манағы таумая болып үйіліп тұрған дестелер қырманға жайылып тасталып, үстінде шаңтас өзінен-өзі дүрс-дүрс етіп шыр айналып жүр. Енді көз алдым толқып кетті. Қырман бір басынан бастап аспанға қарай шұбатыла көтеріле көшіп барады да қайта жерге түседі. Айқайлап жіберуге дәрменім жетпей көмейіме әлдене тығылып қалғандай үнім шығар емес. Екі аяғымнан қалтырап жан кете бастады. Көз алдым шұбартып есімді жоғалтып алдым. Есімді жинап көзімді ашқанымда әлдебір ғаламат, жұпар иісі аңқыған жүзінен айдың аппақ сәулесі төгілген қыз аузыма қалақтап су тамызып отыр екен. Менің көзімді ашқанымды көріп құлағыма әлемде жоқ жағымды үнмен:
– Сен менікісің… – деп сыбырлады. Сәл салқын деседе мамықтай жұмсақ алақанымен маңдайымды сипап отыр. Тура осы жағымды күйден айырылып қалмайын деп көзімді қайта шарт жұмып алдым. Жаным балқып маужырап барып ұйықтап кетіппін.
Әйелдің шыңғырған ащы дауысынан шошып ояндым. Манағы өздігінен шыр айналып жүрген шаңтас тоқтапты да, әлгіндегі мені аймалап отырған қызды бауырынан басып қалыпты.
Жалма-жан шаңтасқа қарай жүгірдім, ғайыптан кезіккен асығымды құтқарып алмақ болып. Сол сәтте:
– Тоқта! Қозғалма! Жетпегір, саған әкең айтпап па еді қырманды кеш кіргесін иен қалдыруға болмайды деп… Сенен айрылып қалар едік қой жетпегір сол… Кәрі құдағи маған ұрса құшағына алып мекіреніп отыр.
– Апатайым, жаным апам менің жігітімді өзіме қайтарып берші… Манағы қыз енді шаңтас астынан өзі сүйретіліп шығып келе жатты. Масақтың біреуінде қалдырмай жинап тастаймын… Апатай… Қыздың сөзін соңына жеткізбей кәрі құдағи менің құлағымды баса қалды. Одан ары не сөйлескендерін біле алмадым. Таң алакеуімдегенге дейін екеуі ұзақ отырды. Әбден жерге жарық түскенде барып кәрі құдағи маған “түнде көргендеріңді тісіңнен шығарушы болма!” деп қатаң ескертіп өзі ауылға қарай кетті. Менің қыз жайындағы сұрағымның ешқайсысына да жауап бермей кетті. Орақшылар келгенге дейін қостың алдында түнімен өздігінен қырман соққан шаңтасқа қарап ешнәрсенің байыбына жете алмай мен отырдым тамсанып.
Ауыл орақшыларының орған бидай дестесін жастар бірден қырманға жеткізіп жинап жатыр. Таңғы шайымды ағамның үйінен ішіп, кешке дейін ұйықтап алмаққа түпкі бөлмеге кіріп қолыма іліккен әлденені үстіме жамылып, жатып қалдым. Өткен түнім көз алдымнан кетер емес. Талығып барып ұйықтап кетіппін. Жеңгем жұлқылап жүріп әзер тұрғызды.
Кешкі шай үстінде ағам “бүгін бірге барайынба” деп сұрады. Мен бірден керек еместігін айтып шайымды іштім де қырманға қарай жол алдым.
Қырманға келген соң ең әуелі шаңтастың екі жағына тас жинап арлы берлі аунамайтын еттім де жинаулы тұрған дестелердің үстіне шығып айдың буалдыр сәулесі астындағы егін алқабына тімтіне қарап отырмын, кешегі қызды қайталап бір көре аламын ба деп.
Айдың аппақ сәулесінен ауылда тіпті қарсы беттегі тауды жалдай өскен қалың қарағайда анық көрініп тұр. Жан-жағыма алақтап отырып көзім талып кетті. Сүт иісі мұрынды жарған жас дестелердың үстінде отырған орнымда шалқалап жата кеттім. Айналаны күндізгідей жарқыратып тұрған аппақ айға қарап ұзық жаттым. Кенет алыстан талып жеткен қыз күлкісінің сыңғыры естілді, құлағыма. Мен жатқан орнымнан жалма-жан атып тұрдым. Мойнымды созып күлкі үні естілген жаққа қарай қарадым. Анадайда қырманға жеткізілмей қалған бір дестенің қалқасында әлдене бүлкілдегендей болады. Мен маядан сырғып жерге түстім де қырманның қақпасына бара бергенде барып кешегі кәрі құдағидың «қырманды ешқашан қараусыз қалдыруға болмайды» дегені есіме түсіп шорт тоқтадым.
Қыз күлкісі енді анық естілді. Сыңғыр-сыңғыр еткен күлкі үні жанымды баурап барады. Қырман мен қыз арасында қалдым.
– Кел жаным… Келші мен сені күтіп тұрмын… – деген қыз дауысы құлағыма келгенде бәрін тастап солай жүгіре жөнелмекке ұмсынғанымда алдымнан қақшаңқағып кәрі құдағи сап ете қалды.
– Қайт кері!.. – деп зекіп қалған кәрі құдағидың зілді үнінен тайсап кейін шегіне бердім де:
– Кәрі құдағи барайыншы, – деп жалына сұрандым.
– Жоқ балам оған рұқсат ете алмаймын… Әлі жассың…
– Апатай тым құрғанда бір көрейінші…
– Жоқ!
– Неге?
– Ол атыз аруы…
– Қалай? – деп барып тосылып қалдым. Есіме ауылдың үлкендерінің ауаша айтатын бір әңгімесі түсті.

***
Ол кезде біздің ауыл әлі отырақтаспаған көшпелі екен. Бір бірінен туыстық жақындықтары болмағанымен бір туғандай болып кеткен ауыл адамдары тек менің үлкен атамның аузына қарап билігіне жүгінеді екен.Алдыларында азды-көпті малы болыпты. Қыстан қысылыңқырап шыққан ауылға түнделетіп бір жүргінші келген екен. Атамыз ауыл азаматтарын дерлік шақырып алып:
– Иә, арыстарым менің, маған бүгін құдайы қонақ келді… Келсе де жай келмепті, бір бұйымтайымен келіпті. Арықарай мен айтпайын сендер қазбаламаңдар… Әр шаңырақ бірден мініс ат, сауын сиыр, ұсақ малдарыңды алып қалыңдарда қалған сирақты малдың бәрін мына кісінің алдына салып беріңдер. Есесіне таудан ойға Тасбұлақтың бойына түсеміз. Сол жерге бір жола қоныс тебеміз… – депті. Әуелде өздеріне жат кәсіппен айналысуды біразы қиынсынғанымен атамыздың айтқанына ауыл болып көнген екен.
Арада бірақ күн еру болып солай шағын ауыл қотарыла ойға түсіпті. Баяғы заманнан қалған қабырғаларын жел мен жаңбыр қанша мұжыса да сол әуелгі қалпынан онша айни қоймаған шағын там құжыраларға әркім өз қалаулары бойынша жайғасыпты. Жайқалған жасыл егінді көріп бәрі де таң тамаша қалған екен. Енді ауыл азаматтары атамыздың қасына қайта жиналысқан деседі. Өмірі малмен кеткен адамдар үшін жер емшегін емудің де қыры мен сырын білуге тіс (ниетті) екендігін айтысыпты. Сонда атамыз:
– Арыстарым менің, оның бәрі шешілген-ді. Қай күнгі қонақ осы егінжайды қарауға жалғыз бикесін қалдырып кеткен, Жамал атты… Шебер құдай біздің де алдымызға бір сынақ тастағандай… Ол қазір біздің көзімізге көрінбейді екен. Тек күзгі жиын-терін кезінде қырман күзеткен алғашқы азаматқа жолығып неке суын ішкеннен соң ғана адам бейнесіне еніп көзге көрінеді, – деген.
Осы сөзді естіген басқа басқа ауыл жастары күзгі жиын-терінді асыға күткен екен. Бәрі дерлік үйді тастап қырман басында түнеп жүріпті.
Жап-жасыл болып жайқалған бидай әбден пісіп жетіліп сап алтындай сарғайған бір түні. Қырман күзетіндегі жігіттер тосын бір жайға кез болыпты. Түн ортасы ауа баяу есіп тұрған самал жел аяқ астынан құтырынып сұрапыл дауылға ұласыпты. Аспанды торлаған алашарбы бұлт қара түнекке ұласып жерге бір тамшы жаңбыр тамбай-ақ жер әлемді зілзала қылып найзағай ойнаған екен. Үркердей болып ұйлыққан жігіттер жай отының жарқылынан жайқалған егіннің тау жағы төңкеріліп өздеріне қарай аунап келе жатқанын көріп, жан ұшыра ауылға қарай шырқырай қашыпты.
Сол кезде он беске енді толған жеңгелері әумесер Жәкен атап кеткен балаң жігіт қана қасқая қарап тұрған екен қолына қырман ортасында жатқан майқанды алып. Қашқындардың соңы ауылға жеткенде әлгі аласұрған есер боран кілт тоқтап, жайқалған бидай арасынан аппақ көйлек киіп басын аппақ шәлімен тұмшалай қорыған қыз ай сәулесімен шағылысып жігітке қарай келіпті.
Ала жаздай сарыла күткен асығының жүзін көруге асыққан жігітті қыз бірден тоқтатыпты.
– Азамат бұзуға болмайтын қағида бар… әкем ескерткен қағида… Неке оқылмайынша менің дидарымды көруге болмайды… – деп.
Ақыры айдаладағы бейтаныс аруды жетелеген Жәкен атамыздың үйіне тура тартқан екен.
Жамалға ауыл адамдары әуелде үрке қарап жүргенімен кейін келе әбден үйірлесіп бауыр басқан екен. Егін жайын осы біздің кәрі құдағи Жамал-бикеден үйреніпті. Жәкен мен Жамалдан жалғыз қыз туылған екен. Оны менің Ерағам алған.
Қас-қағым сәтте осы әңгіме ойыма орала кетті.
***
– Апатайым ол сенің сіңілің ғой… жіберші… мені… – деп жалына бастадым.
Ауылға қайтпақ болып қозғалған Кәрі құдағидың етегіне орала жалынып жібермей қойдым. Ақыры ол:
– Жарайды балам! Сен әуелі сөз бер маған. Менің айтқандарымның бәрін орындаймын деп… – деді.
Мен бірден:
– Апатайым-ау оны бір көрсем болды не айтсаңда бұлжытпай орындаймын… міне басым… міне қасық қаным… – деп ант су іштім.
Кәрі құдағи қолына бір уыс масақ алды да басын үгіп қызыл бидайды алақанында сапыра қауыз-қабығынан арыл- тып маған ұсынды:
– Мынаны қалтаңа сал, сосын мына майқанды жерден көтермей сүйретіп отырасың. Әр жеті қадамда бір тал бидайды жерге тастап отырып тура тауға қарай тарта бер. Тауға жете көз алдыңа ешнарсе көрінбей қалады… Қорықпай тура жүре берсең алдыңнан ішінде жылтыраған оты бар үлкен үңгір келеді. Сонда кірген соң қалтаңдағы қалған бидайдан тек бір талын ғана алып қалып қалғанын шашып жіберсең менің төркініме жетесің… Саған кезіккен менің ең кенже сіңілім… Сенің құрдасың… Ол да сені асыға күтіп отыр… Тек қалтаңда қалаған бір тал бидайға ие бол… Одан айырылсаң кері қайтар жол жабылады… Менің және менің туғандарымның бар жағдайын сол жерден білетін боласың… – деп менің жолға салып жіберді.
Тура кәрі құдағидың айтқанындай үңгірге келдімде бір тал бидайды ғана бөлек алып қалып, қалғанын шашып кеп қалғанымда жер ойылып кеткендей болып төмен қарай құлдилап құлап келемін, небір заматта барып аяқ астынан жап-жарық әлемге кез болдым да әлден уақытта жұп-жұмсақ бір нәрсеге құлап түсіп, аппақ мамыққа көміліп қалдым. Мамықтан тура атыз қызынан ескен жұпар иіс аңқып тұр.
Орнымнан тұрмаққа әрекеттене бастағанымда мені әлде бір жойқын күш лып еткізіп мамық арасынан жұлып алды да көзіңді ашып жұмғанша әлде бір таңғажайып кең сарайдың ішіне алып кірді.
Кең сарайдың кез келген жері бидай масағымен әспеттелген, бар дүние алтын сары түспен боялған екен. Сарай төрінде алтын тақтың үстінде сақалы бидай кірпісіндей сап-сары болып кеудесін жауған шал отыр.
Мені бірден қасына отырғызған ол:
– Қош келдің балам… Бұл жаққа адамзаттың өз білгенімен жетуі мүмкін емес. Сені Жамал бике жібергенін біліп отырмын…
– Қош көрдік ата… – дедім мен де айналамдағы әсемдіктен әзер есімді жиып.
– Тым ұзаққа қалдыра алмаймын… Бұйымтайыңды айта отыр сосын қайтатын боласың кері… – деді шал сақалын саусақтарымен салалай тарап отырып.
Өз табиғатымда жоқ әлдебір батылдықпен сарнай жөнелдім мен… Атыз аруы туралы… менің айтқанымды әбден тыңдап болған ол:
– Балам сен орындалмас нәрсені қалап отырсың… Әрине қателік сенен емес менің ерке кіші ханшайымымнан кеткен… Әпкесін сағынғасын көріп қайтуына мен рұқсат еткен едім… Енді міне соның азабын сен таратын болдың…
– Ата, Жамал-бике де біздің ауылда ғой қызыңызды алып кетуіме рұқсат етіңізші… Мен жылап отырып жалына бастадым.
– Жоқ балам… Мен әуелі жақсылап тыңда сосын мені де түсінетін боласың… – деп бір әңгімені бастап кетті.
Жер бетін әуелде адамзаттан бұрын мекендеген екенбіз… Жаратушының жазасы әлде жарылқауы біздің мекенге адамзат келіп қоныстанды… Әуелде адам тұттай жалаңаш әрі барынша әлсіз еді… Біз жаратушының бұйыруымен оларға киім бірдік әуретін жапсын деп… Ал адамның өмірдегі бар мақсаты жаратушысына деген құлшылығы еді.
Ол құлшылығын үзбей жасау үшін біз тіршілігіне жәрдем бердік. Араға қанша заман салып адамдар әуелгі мақсаттарын ұмыта бастады. Тіршілікке баса мән берді. Өнер үйренді… Жойқын күшке ие болды… Сазды әуенге елітті.
Жердің бір қыртысы мүжіліп біткенше олар біздің бар өнерімізді үйреніп алды… тек қана ішінаралары ғана әуелгі болмысына адалдық танытқанымен өз ортасы көп нәрсеге мұрсат бермеді… Оларға тек бір жаратушысын ғана сүюге рұқсат берген еді ақыры олардың сүйетіндері көбейіп кетті. Олардың бар махаббаты тек жаратушысына ғана болуы керек еді олар бір бірімен махаббаттасыпты… Шалдың күңірене айтқан сөзінен басым айнала бастады… Сөз соңына қарай:
– Сол адамдардың кесірінен әуелі от патшалығы жер астына көшті, одан су патшалығы, тау хандығы, орман патшалығы… несін айтасың жер бетіндегі әр нәрсенің өз патшалығы бар-тұғын, соның бәрі орнын адамға біртіндеп босата бастады… Соңғы қалғаны біз едік… Бізді де жер бетінен аластау керек болғанын біліп мен сенің атаңмен жолыққан едім… Қара таудағы қасиетті үңгірге тасаттық беріп қанға толтырса сол кезде әлем қақпасы ашылып біз осында адамдардан таса ғұмыр кеше аламыз… Әр патшалықтан бір ғана тұқым жер бетінде қалып адамдармен қатар өмір сүре алады… Бізден Жамал бике адамдар арасында… Оның жер бетіндегі дәмі таусылғанда осында оралады… сол кезде ғана Арна бегімді адамдар арасына жібере алмын одан бері үміттенуші болма балам… Енді жолың ашық, қалтаңдағы бір түйір бидайды таңдайыңа бассаң қасиетті үңгірге жететін боласың жолың болсын балам бар енді… – деп қолтығымнан демеп тұрғызып жіберді…
Сонша таңғажайып дүниені басымнан өткергеніммен маған анда жолыққан қыздың Арна бегім екендігін білгеніммен, оған кезіге алмағаныма оның ай дидарлы жүзін көре алмағаныма қорына бидайды таңдайыма бастым.
Ғайыптан тайып ауыл жанындағы үңгірдің аузына жеттім. Үңгірден шыға келгенімде алдамда Кәрі құдағи күтіп тұр екен. Құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз үнмен шиқылдай күліп…
– Менен «қашан өлесің» деп сұрамайсың ба? – деп мені бас салып алқымымнан езе қылқындыра бастады.

АЙДЫҢ СОҢҒЫ СӘРСЕНБІСІ

– Жібер мені! Жібер!.. Ол өзінің ащы дауысынан шошып оянып кетті. Түннің қай уағы екенін аңғара алмады. Жап-жарық күміс айнадай жарқыраған аппақ айдың ақшулаң сәулесі машинаның алдыңғы терезенінен тура бетіне түсіп тұр екен. Манағы төпелеген қатты жаңбырдың басылғанына қуанды. Кеше ғана орақтай болып жұқарып кеткен ай қалайша бүгін толып кеткен деп ойлады да қойды.
Жігіт әлгінде ғана түсінде мойнына жыланша оратылған аппақ қыздың білегінен әлдебір таңба қалды ма деген кісіше шалқалатқан машина орындығын тіктеп, тамағын әлсін-әлі сыйпалай берген. Өзі отырған жақтағы терезесін аз түсіріп, сосын бір тал шылым тұтатты да ауыр күрсініп машинаны оталдырды.
– Қатты шаршаған екенмін-ау, – деді сосын өз-өзіне күбірлеп. Машинаның алдыңғы шырағын жағып орнынан қозғала бере іштегі айнадан арт жаққа қарасын. Селк ете түсті… Манағы түсіндегі аққыз. Қол-аяғы қалтырап артқы орындыққа қарасын. Ешнәрсе жоқ. Сосын барып жүрегі орнына түсіп, көлікті қозғалта бере айнаға қайта қарасын. Бұл жолы тура жон арқасынан суық тер бұрқ ете қалды. Манағы қыз әлі отыр. Ол енді машинаны меңгере алмай қалды. Басқарусыз қалған темір тұлпар бір жұлқынып барып өшіп қалды. Сыртқа шығып кетпекке жанталассын… Есіктің іштен ашатын тұтқасын таба алсашы…
Мың рет, тіпті одан көп рет бірде-бір жаңылмай тура қолға ұстауға арналған есіктің ішіне қарай кірген кішкентай қазан шұңқырдағы ілгек қолына ілінер емес… Алқынып кетті. Енді дығдыры құри бастады… Арт жаққа қарауға дәті жетер емес… Анда-санда бір айнадан жалт еткізіп көздің қиғын өткізеді… Қыз үнсіз. Арада сүт пісірім уақыт өткенде машинаның жарығы өздігінен жалп етіп өшіп қалсын. Сосын қайтадан жарқ ете қалып барып қайта өшті… Енді машина өздігінен теңселіп арлы-берлі жұлқына бастады… Осы кезде барып арт жақтағы үнсіз отырған қызға тіл бітіп:
– Жұм көзіңді! Ашушы болма, тез жұм! – деп оның көзін екі алақанмен жаба қалды… Алақаны тастай суық екен, қабағын қарып барады… Босанбақ болып тырбынып еді… Қыздың сыбырға жақын дауысы құлағының түбінен:
– Қозғалма… Қорықпа… Қимылсыз жатып алсаң сәлден соң кетеді, – деп күбір ете қалды… Талықсып барып талмаурып қимылсыз қалды… Енді машина да тыныштала бастағандай… Тек сыртта әлдененің гүркіреген жойқын дауысы құлақ тұндырады. Қыздың мұздай суық алақанының суығы енді беттен өтіп миын шым-шым еткізіп шанышқылай бастасын…
– Қолың бетімді қарып кетті… Алшы… Оның дауысы үзіліп-үзіліп әзер шықты. Тісі тісіне тимей сақылдап кетті.
– Ім..ім… Сенің бойыңда тұмар бар ма еді?.. Қыздың қинала ыңырсыған даусы әзер естілді.
– Иә бар… Әжем берген… Жігіт те ернін әзер икемге келтірді.
– Сол тұмарды алып маған бер!.. Қыздың дауысы бұйрыққа жақын естілді.
– Жоқ олай істей алмаймын…
– Онда екеуміз де мұзға айналып кетеміз…
Жігіт қатып қалған саусақтарын әзер икемге келтіріп кеудешесінің ішіндегі тұмарды зорға дегенде жұлып алды да тастай суық қызға ұмсына берді. Алақанынан тұмар шыға бере әлгіннен бері қатып мұздап бара жатқан денесі лезімде жадырап жылына бастады. Алғашында көк аяз болып қарыған қыздың алақаны енді жанын балқытып бара жатыр… Алғашқы қорқыныш үрейдің барлығы әдіра қалған. Тәні сүйсініп ұзаққа дейін үнсіз жатып бір заманда барып ұйқыдан шошып оянғандай басын оқыс жұлып алып машинаның арт жағына қайта қарасын… Жүзінен аппақ сәуле шашқан аппақ қыз отыр. Қолын созып қыздың сүйрік саусақтарынан ұстады. Жып-жылы жұп-жұмсақ. Бұл қыздың ғайыптан пайда болғаны есіне түскенде денесі қайта дір ете қалды. Алқынды. Аптықты. Абдырады. Апасының «адам таза жүрмесе албастыға кез болады» дейтіні есіне түсті.
– Сен кімсің? Қайдан пайда болдың? Албастысың ба? – деп сұрағанға айдай жамалды қызды қимады.
– Мен менмін… Айдың қызымын… Менің атым жоқ… Кім деп атағың келсе солай атай бер…
– Қалай, аты жоқ адам бола ма?
– Жоқ! Мен адам емеспін.
– Онда сен…
– Айдың қызы… Мен біреу ғанамын… Бүкіл осы жаратылыста біреу ғана… Жалғыз болған соң да менің атым жоқ…
– Сені аққыз десем бола ма?
– Өз еркің…
– Қайда барасың?.. Жеткізіп саламын…
– Еш қайда да бармаймын.
– Менің кетуім керек.
– Кете алмайсың…
– Неге?
– Саған жол жабылған…
– Қалай?
– Жолдың қағидасын бұздың.
– Не?! Жігіт шақ ете қалды.
– Ақырын, естіп қалады…
– Кім?
– Жолдың қарақшысы…
– Ертегі айтып отырсың ба?
– Тыныш, тағы келе жатыр… Таң атқанша аман қалсақ құтыла аламыз.
– Таң тез атса екен…
– Көзіңді жұмып өткеніңді ойлауға тырыс…
– …
Жігіт үнсіз көзін жұмды. Қыз мойнындағы ақ орамалын жігіттің бетіне жапты.
***
– Апа, мен қаладығы әпкеме барып келемін, – деді таңертеңгі шайын шаңқай түс ауғанша ұйықтап енді ішпекші боп отырған балаң жігіт толқынды шашын кері серпи, басын сілкіп тастап.
– Не? Балам түс көрдің бе? Биыл жауын жоқ шөптің барлығы күйіп барады. Азда болса бірдеме жинап алмасаң қыста малға не береміз? – деп ақ кимешекті кемпір баласына кесені беріп жатып зірк ете қалды.
– Ойбай, апатайым-ау, сол да сөз бе?! Бүгін шығам да, ертең бір қонып, жездемнің құлағын бір түн бұраймын да арғы күні шауып жетіп келем. Астымда судай жаңа машина, кешке шықсам таңға жетемін… шөп дегенді сосын ексем де, орсам да табамын… Қыңқ етпей таудай етіп маялап тастаймын…
– Жарайды… Жарайды… Барсаң бар… Бірақ жолға бүгін емес ертең шық…
– Неге, бүгін шығуым керек…
– Балам бүгін айдың соңғы сәрсенбісі…
– Е, не бопты?.. Сенбі күні таңертең жетіп келем.
– Қой балам соңғы сәрсенбінің жолы ауыр…
– О, о, айдың соңғы сәрсенбісі атам сені алып кеткен… Дәм деген сол… Бақсы шал болмаса туған жиеніңе тиесің бе?!. Жарықтық өзі де жанып тұрған от еді-ау, ә?! Күніне он рет айтатын әңгімең… Не, атам есіңе түсіп кеттіме?!. хы..хы.. хы… Жылайды енді… Содан келіп әкем туылып, қарқынан шықпай жатып шалың өліп қалды… сондағы жынды шалдың айтқаны айдай анық келді… Жынды деп жүрсеңдер сол нақ әулиенің өзі екен… Е, сұм дүние-ай, солай да солай… Айдың соңғы сәрсенбісі өліп қалған шалыңның артынан кете қалайын деп ең шырқырыған құлыныңның дауысын естіп қимай қалдың… Әйтпесе мынау сұм жалғанда құдай қосқан қосағыңнан айырылып несіне өмір сүресің… Қойшы апа… Балаң жігіт апасын жорта мазақтап отыр. Кемпір шынымен жылай бастады.
– Құлыншағым Жаныс та тура сен ұқсап ақымақ қылып отырып кетіп қалған… Сол құдай атқыр айдың соңғы сәрсенбісінде. Кемпір одан ары сөзін жалғай алмай булығып қалды.
– Тағы бастадың, апа… Сол құрғыр қыл құйрыққа қызықпа дедің… Қамшылар жақ артқы аяғының аласын көргенде-ақ айттың… Жемтіктің басына жүгенмен бір салда қуып жібер деп… менің әкем де сол айтқанды ұғатын ба еді… Жабысты да қалды… Кісі басына шапшып тұрған шу асауды сол айдың соңғы сәрсенбісі күні үйрете қоямын деп… шылбырға оратылып жата қалайын деп ең құрғыр Жанысыңның достары тұр екен қаумалап… Шешесі не деген көкбет еді деп ойламасын деп тартынып қалғаның… Несіне ойлай қалдың?.. Әйтпегенде құлының көз алдыңда жүретін еді ғой… Иә апа… Балаң жігіт тағы сықылықтап күлді… Кемпір шылауышының ұшын тістеп жылап отыр…
– Содан апа… Әкем де сөз тыңдамайды ғой ә… А… Айтпақшы атам марқұм өзіңді алып келе жатқанда да сол сары жұлдызды көрген екенсің ғой… Сары жұлдыз туралы қанша аңыз айтып бердің маған.. Бір аймақты астықпен, матамен қамдап отырған бүкіл керуенді қырған… Құдай да құдай болғанда адамдар әупірімдеп жүріп аман қалып кіредегі бүкіл есегі қырылып қалған… Соны неге өз аты Есек- қырғанмен атамай «сары жұлдыз» дейсіз… Бейшаралар таң атып «шолпан туған екен» деп жолға шығып кетіпті – мыс. Әйітпегенде аман болар ма еді… – деп, әкем алып келген алаяқ атты таң атардан бұрын босатып жіберейін деп далаға шығып, сары жұлдызды көрген соң қорқып қайта келіп жатып қалдың ғойғ иә… Әдірәм қалғыр сары жұлдыз аларын алып алған. Несіне қорқа қалдың екен… Босатып жіберуің керек еді… Апа сонымен тағы не қалды… А… Құлының Жаныс кесапатты алааяқ атты жетелеп бара жатып сені елемей ай-күні толып босанғалы отырған келіншегіне дұрысы менің шешеме (ол да қой аузынан шөп алмас жуас еді байқұс): «Ау Ләйла апамның көңілін өзің табасың… Мен бүгін келмеймін… төменгі ауылда той, соған барып ертең бірақ қайтам» дегенде… «Тоқта» деп артанан тұра жүгіріп едің мына құрғыр шор тізең бастырмай, жете алмай қалдың ғой ә… Ау, апа… Ау, апа, тағы айта берейін бе?!…
Әке-шешесінен жастай жетім қалып өлмелі кемпірдің алақанында әбден еркелеп өскен балаң жігіт күндегі әдетінше әжесін шамдандырып отарғаны. «Содан Жаныс құлының жоқ. Ат сүйреп өлтіріпті… Айтпақшы сол қанды сәрсенбіде мен туылыппын… Бейшара бақытсыз бала-ай… Мені туа сала шешем де әкемнің артынан кетіп қалыпты… Е, онікі де дұрыс болған… Сен ұқсап қан құсып, қасірет жұтып отырғанша ерте кетіп қалғаны… Бәрін қой енді осы жалғыз тұяғың аман болсын… Бұның өзін анау төрдегі ілулі тұрған көк бұршақты мойнына салып, таңнан таңға нәр татпай құдайдан жылап жүріп әзер тілеп алған… Осы шаңырақтың түтінін жалғастырсын деп атын Жалғас қойдың… Төркіннен асырып алған қыздың кейпі анау. Тым құрғанда жақын жерде емес… Әзер оқытып жеткіздім дегенде байсыз қалардай қалаға қашып кеткен… Осы ауылдағы Ерсін артынан қанша жүгірді, соған-ақ тие салу керек еді… Мына бейшара құлының шөп шауып жер жыртып жанын қинамас еді… Әншейін алпамсадай Ерсін апырып-жапырып барлығын істеп салар еді…»
Бала жігіт енді ерні ерніне тимей сайрай бастады… манағы апасының берген шайы суып, оған шыбын түсіп кетіпті… Сөз желігі ұстап аңғармаған ол суық шайды өлі шыбынмен қосып қауып ұрттап жұтып жіберді… Айтуға үлгермей қалған кемпірдің қаны енді басына бірақ шапса керек, қолындағы ожаумен немересін қақ маңдайдан тарс еткізіп салып қалды… Кемпір ашудан булығып қалған үн шығар емес.
Өмірі бүйтіп тәтті етіне ащы таяқ тиіп көрмеген жігіттің көзінен жас бұрқ ете қалсын. Алдындағы кесені төңкере салып сыртқа қарай ата жөнелді.
Алып ұшып үйдің алдында қаңтарулы тұрған машинаға жеткен жігіт ішке кірді де есікті тарс еткізіп жауып кілтті бұрасын. Кеше ғана от алып жүріп тұрған машина мыңқ етпейді… Ток келмей қалған болар деп мотор тұрған қақпағын ашып арлы берлі шұқылап көрді, үн жоқ… Өңі қап қара түтек болып түтеп кеткен… Артынан іле-шала шыққан кемпір немересінің қасына келіп кемсеңдеп аз тұрды да, өзін тыңдамасын білген соң көрші үйге қарай жантаңдап сүйретіле кетіп бара жатты.
Кенет шайдай ашық күн қараптан-қарап бұзыла қалсын… Тау жақтан жөңкілген қара бұлт күркірей, сіркіреп өте шығып, тура үйдің артындағы кісі құшағы жетпейтін нән қарағайға жәй түсіп қақырап қалсын… Оны елер бала жоқ… Алқымына тығылған өксік көзін шұбартып ешнәрсе көрсетер емес… Жақын жерге түскен жайдың кереметі ме, әлде басқа ма, әйтеуір манадан отала алмай тұрған машина өздігінен дүр ете қалды. Машинасына енді отыра бергені сол еді, көрші қазық аяқ жесір шал таяққа сүйеніп, бір аяғын жерге сүйрете машинаның алдына келді де жап-жаңа машинаны жаман таяғымен салып-салып қалсын.
– Ау! Жалғас… Өшір мына елегеніңді… Тоқта… Қайда кетіп барасың… Өлмелі кемпірді қайда қалтырып барасың? Шал ашулы иегіндегі шоқша сақалы дір-дір етіп аузы көпіршіп кеткен.
Атасымен құрдаспын деп апасының қаймақты күрең шайын үнемі келіп ішіп тұратын шалға сіз деп сыйлап емес, сен деп сөйлеп үйреніп кеткен жігіт:
– Кімге несі… Жесір кемпір, жетім шал… Саған қалтырып кетем… Кемпір қылып аласың…
– Оһ…оһ… Өзімнің кемпірімнен әзер құтылғанда сенің өлмелі шешеңді не қылам, кетер болсаң алып кет!
– Ойбоой… Саған біреу шешесін бергелі жатыр еді?!. Сенбі күні қайтып келем… Үміттенбе… Қақпас…
– Бүгін жолға шықсаң келе алмайсың…
– Ех… Сәуегейім-ай оны қайдан білдің…
– Айдың соңғы сәрсенбісі сенің ұрқыңа жабысқан пәлекет…
– Айтасың-ау айтасың… Сен қақпастың да сол апамнан асып тұрған ақылың шамалы-ау… Айда босат жолды!.. Қозғалытқышты іске қосып машинаны алға қарай жылжытып қалғанда шал тәнтіректеп жолды босата беріп, ашық терезеден ақ сөңке болып мүжіліп кеткен таяқпен құлақ шекенің тұсынан көсіп қалған.

***
Көзі қарауытып барып бір сәтке есін жоғалтқан жігіт қиқар шалды артқа қалдырып, денесі машинамен бірге әуеде қалықтай, көз ілеспес жылдамдықпен ауылдан шығар күре жолға қарай заулай жөнелген. Қақпадан шыға бере көршілерінің үйінен атып шығып жолды кескестеп өтіп бара жатқан қап-қара мысықты баж еткізіп мыжып өте шыққан. Заулай жөнелгенде ауыл сыртындағы жанаса өтетін кең күре жолға қосылған асфальтты бұрма жолмен емес ауыл шетіндегі жақықпен тура тартқан. Алаңқайдың ортасында балалар қураған шырпыларды үйіп өртеп жатыр екен. Басқа жүрер із таппағандай оттың басында жүрген балаларға күл қаптырып, бұрқ еткізіп күлін көкке ұшырып өте шыққан… Осы ауылдағы Ақай кемпірдің он жасар немересі бетін жапқан күлді жеңімен сүртті де жерден бір уыс топырақты алып шашып қалсын… Жас болғанмен тілі удай ащы.
– Өз күлің осылай көкке ұшсын!.. Астыңдағы елегеніңнің доңғалағы жарылып жолда қал!..
Баланың шарылдаған дауысын естіген жоқ. Күре жолмен көсіле сызып келе жатқан ауыр жүк көлігінің алдына түсіп кетпек болып газды баса түскен. Арада қас-қағым сәт қана. Барқырай шыққан жүк көлігінің сигналымен қатар шұғыл берілген тежегіштің шиқылы… Ыңыранып барып әзер тоқтаған жүк машинасының алдын сүріп кетуге шақ қалып үлгерді… кабинадан секіріп түскен жүргізушіге де қарамай зымырай жөнелсін…
Машинаны ала сала жаңадан ауыстырған соңғы үлгідегі магнитафонын бар дауысымен бақыртып қойған. Мағынасын өзі түсіне бермейтін бір даңғаза… Гүп-гүп еткен дауыс бар жылдамдықпен кетіп бара жатқан машинаны солқ-солқ еткізеді. Тақтайдай түзу жол. Жап-жаңа машина. Шегіне жеткен жылдамдық. Құлақты жарар музыка. Жігіт жынданған адамша сақ-сақ күлсін кеп. Көз ұшындағы шырғалаң шырағын жағып қойған машина көрінеді… Әні-міні дегенше жетіп келді. Жүргізуші жақ есігін ашып қойған мосқал еркек шамасы доңғалағы жарылған болса керек. Машинасының бір жағын көтеріп қойып жол тосып тұр. Әріректе кішкентай сәбиін құшақтап бір жас келіншек тұр. Тоқтамаққа ниеттенді. Газды жіберіп тежегішке аяғын апара бере ол ойынан тез айнып, қайта газды басып кете берді… Ол осы жүріспен біраз жолды еңсеріп тастады. Кеш бата айнала қара түнекке айналып жаңбыр шелектеп құя бастады. Жаңбырдың қаттылығы сонша терезе тазалағыштың өзі сүртіп үлгіре алмай қалды… Жол әзер көрініп келеді… манағы зымыраған қарқын әдірәм қалған, өгіз аяң, баяу еді… Енді ол машинасын жолдың шетіне доғарды да орындықты сәл шалқалатып аз-кем көз шырымын алмаққа шалқалай көзін жұмған. Көзін тарс жұмып жатып апасы туралы ойлады… Неге сонша шыр-пыр болды екен, ә? Көз алдынан апасының бейнесі кетпей қойды… Енді апасы баяғыдан сан мәрте қайталап айтып беретін хикаятын бастап кетті. Апасының айтқан әңгімесі көз алдына тура сол кезде өзі қастарында бірге жүргендей елестей бастады.

***
– Шық үйден шық!.. Кет бұл жерден!.. Батыр қараңды!.. Беліне ала арқанды неше қабат қылып орап алған жынды шал алты қанат киіз үйде түнгі сауықта отырған қалың жастың арасына келіп, төрде домбырамен халық әндерін құлақтың құрышын қандыра шырқап отырған сері жігітті қолындағы аса таяғымен төпелей жөнелген.
– Қайтеді ей мынау… ұста ананы…
– Қайдан келді өзі шырықты бұзып?!…
– Неге кіргізесіңдер?!
Жан-жақтан шулаған жұрт қаңбақтай ғана шалды тарпа бас салды да желкесінен түрулі тұрған есіктен сыртқа итеріп шығарып жіберген…
– Қуыңдар ананы… сәтсіз күні жолға шыққан… ауылға кесапаты тиеді…
Жынды шал өзеурей айқайлап барады…
– Бейшара мұндайы жоқ еді… Айып етпе жиен… есі шалаң адам ғой…– деді жүкке арқасын сүйеп отырған жігіт ағасы күрсініп.
– Топырлаған жұртты көріп, саңқылдаған әнді естіген соң жыны қозып кеткен ғой,… – деп сәл төмен отырған балаң жігіт жаңағы жігіт ағасына қарады. Шамасы ділмарсығаны ұнамаса керек оқты көзімен ішіп жеп қарап отыр екен, балаң жігіт көзін тез тайдырып әкетті де «Есі дұрыс па, мен не жаздым» деп ішінен күбір етіп көмейіне келіп қалған сөзін жұтып қалды.
– Оқасы жоқ ағасы… бұғанда үйреніп қалғанбыз… Осы жынды атаулының мені көрсе бір бәлесі бар… – деп қолына домбырасын қайта алған жігіт ары қарай бір әңгіме бастай жөнелді.
Күміс көмей әншінің ән салғандағы дауысы қандай асқақ болса, сөйлегенде де солай күмбірлеген қоңыр дауысы құлаққа сонша жағымды екен.
– Біздің ауылда да тура осындай бір жынды шал бар. Не бәлесінің барын қайдам мені көрді болды жыны ұстайды да қалады… Қарадай жер сабалап қуады да жүреді… Мен ес білгелі сол… Бала күнімде қатты қорқатын едім. Келе-келе оған да үйрендім. Жарайды… Нағашыларымнан қырық серкешімді алам деп келгенде жынды шалдан таяқ жегенім сәл нелеу болмаса… Десе де мына жиен жасық екен деп қалмаңыздар, тағы біраз ән салайын… – деп домбыраның құлақ күйін келтіріп, отырғандарға жағалата көз қыдыртқан. Басына үкілі кәмшат, үстіне оюлы камзол киген әдемі аққұба қыз бота көздерімен кірпік қақпай өзіне тесіліп қарап отыр екен. Қызға тесіле қалған оның өн-бойын бір ыстық ағын қуалай жөнелген. Ылғида түсіне кіріп ән салдырып жүретін қаз. Тура сол. Дәл өзі.
– Қалың жұрттың ішінде өзіне үздіге қараған жігіттен ұялған қыз жанарын тез тайдырып әкетті. Аққұба беті алаурай қызарып, сәл күлімсірегенде пайда болатын бетінің шұңқырына барып ұялап қалды.
– Ал, жиен әніңді баста! – деген жігіт ағасының саңқ еткен даусынан селк етіп есін жиып алған жігіт өзінің әбестік жасағанына ұялып, күп-күрең болып тотығып кетті. Көмейіне тығылған әнді бастай алмай домбырасын ұзақ бебеулетіп, бір сәтте әзер бастады-ау әйтеуір.
Біразға дейін ән салған жігіт маңдайының терін сүрте отырып:
– Ал, енді қара ормандай қалың нағашыларым, мен қыдырманың қырық ауызын айттым… Ауылдың алты ауызын енді айтатын шығарсыздар, – деп домбырасын өзімен қатар отырған жігітке ұсынды.
– Жо… Жоқ. Атама жиен… Біздікі әншейін әдетте ауыз жаппас, той десе өлең таппас болып отырған жайымыз бар… Деседе ауылды елміз ғой… Біз айтпасақта анау нағашы қарындасың Айнамкөз ептеп ән салады, соған бер, – деп манағы өзінің жүрегін дір еткізген аққұба қызды иегімен нұсқады.
Қымсына ұялып төмен қараған қызға отырғандар:
– Айта ғой айналайын… Алыстан келген жиен нағашыларым өнерсіз, өресіз екен деп қалмасын, қысылма айта ғой! – деп кеу-кеулесіп кетті.
– Ұялма қалқам, менікі де сол шамалы барылдаған дауыс қой… Мен де сол жиен мөндібас біреу екен демесін деп нағашыларым кінәламасын деген ой ғой, – деп орнынан лып етіп тұрды да, Айнамкөздің алдына келіп бір тізелеп отырып домбырасын ұсынды.
Айнамкөз әнді анау айытқаннан да керемет салады екен. «О, бәрекелді» десіп жұрт қайта-қайта дүрлігісіп отырды. Енді олар кезектесіп салып отырды. Бара-бара бір біріне қосылып шырқады. Дауыстары да бір-біріне сай. Отырғандар әнді айыздары қанғанша тыңдады. Сызылып таң да атты. Таң ата әнде тоқтап тамашашы топ әсем әннің ырғағы буындарына түсіп үйді-үйлеріне теңселе қайтты. Сауықшыл топпен бірге Айнамкөз де кете барды, үйіне. Сыртқа шығып қыз соңынан ұзақ қарап тұрған ол қасына түндегі жынды шалдың қалай келіп қалғанын аңғармай қалды.
– Кет бұл жерден! Кет кесапатты жиен! Шал қасына келіп күңк ете қалды. Дауысы зәрлі. Белін шатпақтап орап алған арқанымен үстіне киген алба-жұлба киімі болмаса шалдың сөйлеген сөз, бет әлпетінен есалаңдығы көрінбейді.
– Неге?! Жігіт шынымен сұрап тұр.
– Кеше жолда жатқан түйіншекті неге алдың?
– Оны қайдан білдіңіз?!
– Сен сәтсіз күні туылғансың… Әкең ішті малды тепкен екен… Содан… Кешегі түйіншек жолыңды күткен кесапат!.. Балам босқа шатылғансың… Енді бұл сенің ұрқыңа жалғасады…
– Қойыңызшы қайдағыны айтпай ол қайдағы кесапат…
– Әне, анау төбенің басындағыны көрдің бе? Шал оның жеңінен тартып киіз үйдің далдасында қалған төбеге қарай жетеледі.
Төбенің басында тұрпаты не адамға не аңға ұқсамайтын бір кұбыжық бұған тесіле қарап тұр екен. Төбе едәуір алыс болғанмен ол құбыжықты анық көрді.
– Ол не?! Оның қол аяғы дірілдеп сала берді.
Осы кезде үйден нағашы ағасы шыға келіп:
– Ау, жиен неге сілейіп тұрсың… Денің сау ма? Неге сонша бозарып кеткенсің? – деп келіп қолтығынан сүйей берді.
– Нағашы ана төбенің басындағыны көрдің бе? Ол төбе жақты нұсқап тұрып, өз көзіне өзі сенбей көзін қайта-қайта уқалап жіберіп қайта қарады. Жаңағы құбыжық ізім-ғайым жоқ.
– Қой ары ешнәрсе жоқ. Шаршағансың ғой, – деді нағашысы күліп.
– Жынды шал қайда кетті? Жаңа сол көрсеткен.
– Қой бала! Сенің көзіңе жәй бір нәрсе елестеген шығар ол шал түнде-ақ кетіп қалған. Сен манадан бері жалғыз өзің тұрсың. Қой енді кір үйге. Үйге қарай оны жетелей жөнелген.
– Мен анық көрдім… Анық көрдім,… – деп өз-өзіне күбірлей жүріп үйге кірген ол жұмсақтап салынып қойған төсекке жатқаннан соң көпке дейін ұйықтай алмады. Шешесінің «әкең марқұм сені туатын күні «жауалғыр буаз құла биені жетекке жүрмеді деп ішінен бір теуіп едім, ішіндегі құлыны шыңғырды, сол дауыс құлағымнан кетпей қойды, бір түрлі адамның дауысы сықылды естілді, осы пәлекет мені қоймас» деп сарнап жатып бір жетіде-ақ жүріп кетті» деп айтып отыратыны есіне түсіп, қорыққанынан қалшылдап кетті. Қалшылдап жатып көзі ілініп кетті. Көзі іліне түс көріп, бастырлып қалды. Жынды шал көрсеткен құбыжық мұның алқымынан алып жабысып қалыпты дейді… Жібермей буындырып барады екен. Анадайда жынды шал шыр көбелек айналып, жер сабалап жүр: – Кет пәлекет кет! – деп. Оны айқайлап көмекке шақырмақ еді дауысы шықпай қойды. Шал мұны көрер емес. Өлген жерім осы-ау деп талықсып құлап бара жатқанда анадайда суға Айнамкөз кетіп бара жатыр екен дейді.
– Айнамкөз! Оның дауысы тұншыға әзер шықты. Айнамкөз бұларды көре сала шелектерін тастай салып иін ағашпен құбыжықты сабалап жүріп қуып жіберіпті. Қарсыдағы төбенің басына барып шоқыйып отырып алған құбыжық бұдан көзін алмай тесіліп қарап отыр. Айнамкөз кете сала мұны қайта бас салмаққа. Тек Айнамкөзден ғана қорқады екен дейді. «Апам ұрсар үйге су апарайын» деп кетіп бара жатқан Айнамкөзге «Кетпеші Айнамкөз кетпеші» деп бар дауысымен айқайлап жіберген даусынын шошып оянып кетті. Үсті басы малмандай су. Қара терге булығып қалыпты.
– Жайма тентек жиен, бәсе таң атпай далада неге сілейіп тұр десем еркеме ғашық болып қалған екенсің-ау… Нағашы жеңгесі аярлана күлді.
– Жоқ… жоқ, жеңгетай бастырылып қалыппын… Ақталып жатқандағысы.
– Несі бар осы ауылдың жалғыз еркесі… Десе де байқа ол сенің шешеңнің үлкен ағасының қызы! От басып жүме!
– Шын айтам бастырылып қалыппын…
– Жасырмай-ақ қой, бір-бірлеріңе қалай қарағандарыңнан-ақ бір бәленің боларын білгем… Тек ел-жұрт білмесін, – деп жеңгесі тағы зілдене түсті.
Одан ары сөз таластырғанға шамасы жетер емес, әлі құрып қалыпты. Талықсып жатып қайта ұйықтап кетті. Тағы сол түс. Сол құбыжық. Тағы сол Айнамкөз. Түс ауа денесі қызып бейберекет сандарақтай бастады. Жалғыз жиен бірдеме болып кетпесін деп нағашы жұрты ала шапқынға түсті. Ақыры көрші ауылдан бақсы шалды шақыртты. Кеш бата ауылды басына көтере даңғаза қылып қобызын зарлата жеткен бақсы қара қойды сойғызып, соның өкпесімен қақты. Алдымен үш рет суық су, сосын үш рет ыстық сумен үшкірді. Ертесінде қырық үйден қырық ожау су алдырып сонымен құйындырып барып ауылдың үлкендерін жинаған бақсы:
– Жолдан бір кесапат жолыққан екен… Үш жеті жиырма бір күннің ішінде өзі талдаған бір күні ауылдан шықсын… Ауыр болса да айтайын қасына тамағының астында нысана қара қалы бар нағашы қарындасы бар екен соны қосып берсеңдер ғана еліне аман есен жетеді. Одан арғысын менде біле алмай отырмын…
– Ойбай құдай не дейді… Қарашығымды қалай жібере саламын, – деп от жақта шай құйып отырған саркідір әйел баж ете қалды.
– Тәйт, тыныш отыр… Бақсыдан төменіректе отырған күйеуі жекіріп әйелін басты.
– Бұл ауылда басқа адамның қолынан дәм татпасын тек сол нысаналы қыз ғана тамақтандырсын!.. Сырттан бөтен адам келмесін!.. Кеткендерін ешкім білмейтін болсын!.. Қосар атты күніге белдеуден үзбеңдер!.. Оянғанннан кейін айтыңдар!.. Ана қоржынының түбіндегі жолда тауып алған түйіншекті сол тауып алған жерге тастасын!..
Бақсы шал езуі көпіріп кешелі бері белін бунатып жүрген қайыс шылбырды шумақтап:
– Мына шылбырды әрдайым жанынан тастамай алып жүрсін! – деп тастады да дастарханның соңына қарамай кетіп қалды.
– Құдайым-ау, басқа амалы жоқ па? Манағы әйел тағы баж ете қалсын.
– Доғар енді қайта-қайта сөзге килікпей!.. Күйеуінің күж ете қалған дауысынан әйелдің үні тағы өшті.
– Алысқа кеткен жалғыз қарындасымның жалғызынан артықпа жаны… Бар шақыр ана Айнамкөзді!..
Бұл күн өтіп ертесі басын көтерген жігіт қасында отырған Айнамкөзді көріп таң қалды… Басқа ешкім жоқ. Болған жайды Айнамкөзден естіп бір жағынан қорықса, енді бір жағынан қуанды. Белдеуде алыс жолды сезгендей аттар пысқырынады. Дәл қазір жолға шығып кетпекке ниеттенген ол тысқа шығып төбе басына көзі түсе жүрегі өрекпіп үйге қайта тығылды. Төбе басында құбыжық. Қас қарая киіз үйдің жарма есігін сықыр еткізіп жынды шал кіріп келді. Екеуінің де жүректері тас төбелеріне шығып қорқып қалды.
– Қорықпаңдар… қорықпаңдар… Жолға шығарда төбе жаққа қарама… Мә мына ала арқанмен түйіншекті алған жеріңе матап тастап кет… Арқанды артынан өзім барып алып кетем… Шал беліндегі арқанды шеше бастағанда жігіт:
– Нағашы аға! Ау, нағашы аға! – деп бар дауысымен айқай салды.
– Жолың қатер бәлекет… Тез кет… Менің тілімді ал… Құтыласың… Әйтпегенде опынатын боласың… – Шал сөзін аяқтамай сыртта жетіп келген нағашы ағасы беліндегі ала арқанынан бұрап ұстап шалды сыртқа қарай дедектете жөнелді… Шалдың бажылдап айтқан сөзін ешкімде елемеді. Олар сол күні таң қараңғысында жолға шығып кетті. Есіктен шыға төбедегі құбыжықты тағы көрген жігіт үйге кіріп, қыздың шәлісімен көзін таңдырып қыздың жетегімен атқа мінді де екеуі суыт жүріп кетті. Екеуінің шығып бара жатқанын ауылда жынды шалдан өзге ешкім білмей қалды. Арттарынан қуып, жетпек болып қисалаңдап жүгірген шал жарау аттардың зар желісіне жете алмай шаң қауып қала берді. Олар суыт жүріспен түске дейін жүрген соң жігіт көзін шештіріп енді межелі жерге жеттік-ау деп, қосарларындағы атты ауыстырып мінді. Сай аузындағы ескі жұрттың қасына жете тізгінін тартқан жігіт қоржынындағы түйіншекті қолы қалтырай әзер шығарып алып, анау күні тауып алған жерге тастай салды. Түйіншек жерге топ етіп түсе сала өзінің көзіне көрініп жүрген құбыжыққа айналып анадайдағы ескі жұртқа қарай ысылдай жүгіре жөнелді. Жігіттің астындағы қақпанбел күрең қорс етіп үркіп барып, қалшылдап бір орында тұрды да сар еткізіп қан сиіп жіберді. Аттар қалшылдап орындарынан қозғала алмай қалды. Өздерінің де жүректері тас төбелеріне шығып, меңірейіп қалды. Ескі жұрттың ішінде құбыжық гүркірей ысылдап, жаңбыр шайып жел мүжіген қабырғаларды гүрс-гүрс құлата бастады. Қанша уақыт өткенін кім білсін бір заманда өздері келген жақтан қолына ала арқанын шумақтап ұстап алған жынды шал жүгіріп келеді…
– Айтқанға көнбеген зәнталақ… Сенің ажалың осы пәлекеттен… Мына арқанмен байлап кет дедім… Айтқанға көнбедің… Өкпемді қолыма алып әзер жеттім… Енді кішкене кешіккенімде жандарың жаһанамға кетер еді… Шал бір орында ерсілі-қарсылы теңселіп тұр.
– Ататайым-ай, кешіре көрші… Құтқаршы мына зұлматтан… Екеуі екі жақтан еңіріп жылап жіберді.
Бақсы қайыс шылбырын маған берді де:
– Мына ала арқанды ал, зәнталақ… Бүгін сары жұлдыз шыққан екен… Абай бол… Өзіңнің тауып алған бәлекетің… Енді өмірі дауысыңды қатты шығарып ән айтушы болма!.. Осы жолы алып қала аламын… Бір рет… Басыңа бір қатер төнсе мына ала шылбырдың ұшын тарқат… Кетіңдер енді… Еш жерге аялдамай кетіңдер… Таң бозынан бұрын үйіңе жетіп әкеңнен қалған барлық ескі киімдерді өртеп жібер… Кетіңдер тез!.. Шал қолындағы таяғымен жер сабалап ескі жұртқа қарай таяй берді.
Екеуі аттарына қамшы басты. Ауылға таяй бере ол Айнамкөзге сары жұлдыз хикаясын айта бастап еді.
– Қойшы жиен аға! Құдай атқыр сары жұлдызда неміз бар, тез жетелік, – деп әңгіменің соңын тыңдамай қойды.
– Жоқ, мен оны шолпан деп адасып келе жатқаным жоқ… жай үнсіздікті бұзғым кеп айтқанымда… Сенің көңілің жайлансын дегенім ғой… Айнам…
– Сонда менің көңілімді кесапатты жұлдызды айтып жұбатасыз ба?! – деген соң одан ары ешнәрсе демеді.
Аттардың қан сорпасын шығарып таң атпай үйіне жеткен жігіт шешесіне болған жайды шолақ қайырып жеткізді де, әкесінің қайқыбас төсегінің басында ілулі тұрған киімдерін құшақтап сыртқа шыға жөнелді. Киімдер әп сәтте-ақ қызыл шоққа оранды, тек көксауырлы саптама етіктің сол жақ сыңары ғана сол қалпы, тіпті қонышы да қып-қызыл шоқтың ішінде көгеріп жатып алды. Үстіне май құйса да жанбай қойды ақыры еш амал таппаған соң жерді терең қазып көміп тастады.
Арада жұма өте шешесі ауыл адамдарын шақырып той жасады.
Ұлының нағашыларына барып кесапатқа жолыққанынан қорыққанымен, оң жағын қызартып келін түсіргеніне, тіпті басқа-басқа өзінің немере сіңілісін келін қылып алып келгеніне қатты қуанды.
Апталап айлап уақыт өтіп жатты. Келінінің аяғы ауыр екенін білген кемпірдің қуанышында шек жоқ. Аяғы аяғына тимей зыр жүгіріп жүр. Тек жігіттің қабағы түсіп тұнжырай бастаған. Құлағында баяғы жынды шалдың «Сен сәтсіз күні туылғансың… Әкең ішті малды тепкен екен… Содан… кешегі түйіншек жолыңды күткен кесапат!.. Балам босқа шатылғансың… Енді бұл сенің ұрқыңа жалғасады…» деген сөзі құлағынан бір кетпей қойды.
Ай-күні толып Айнамкөз басы бақырдай ұл тапты. Ұлан-асыр той болды. Шілдехана күзеткен жастар оған тағы да ән айттыра алмай қойды. Үйлену тойында да әнін тыңдай алмай әбден сағынып қалған жастардың біразы оған өкпелерін айтысып жатты.
Таң атып шілдехана тарқаған соң мал-сұлын жөндеп тастап көз шырымын алмаққа қисая кеткен жігіттің түсіне баяғы құбажық тағы кірді. Бұл жолы ол оның алқымына жабыспай анадайда тұрып, адамша сөйлей бастады.
– Сен не ақымақ шалдың арқанымен құтылам деп жүрсің бе?! Мен енді не сені, не сенің балаңды құртамын. Ала арқанды тарқатсаң балаң кетеді. Ал, арқанды өртесең балаңа тимеймін… Ойлан қырық күн мұрсат беремін, – деді де ғайып болып кетті. Орнынан атып тұрған ол жөргекте жатқан баласын бас салып еңіреп тұрып жылады. Бір кесапаттың болғанын сезген Айнамкөз ала арқанды тарқатуға кеңес бергенімен ол оған бармады. Есіне «ала арқанды тарқатсаң балаңның жанын аламын» дегені түсіп ауыр күрсінді.
– Айнам! Біз енді қоштасатын секілдіміз… Бүгін бе, ертең бе? Жоқ әлде одан ұзақтау ма? Мені тыңда соңын күтейік… аңдыған жау алмай қоймас… апама тіс жар ма. Нағашыларым мені саған аманаттаған еді мен мына жалғыз құлынымды тағы саған аманаттаймын… Бекем бол! Іші удай ашып қан жылаған Айнамкөз күйеуінің сөзінен аса алмады. Арқанды тарқатуға қанша кеңес бергенімен еш өнім болмады.
Әр кез көзі іліне сол бір түсті қайталап көре беретін болды. Тіпті құбыжыққа да бойы үйреніп қалған іспетті. Құбыжық әр келген сайын қанша күн қалғанын есіне қайталап салып отыратын болды.
Қырық күн толып ауылдың кемпір-кешектері жиылып баланы қырық қалақ суға жуындырып жатқанда бала қарадай шырқырып барып көгеріп қалды. Кемпірлер шу ете қалысты… Осы кезде төрде ілулі тұрған ала арқанға Айнамкөз екеуі қатар жүгірді. Арқанға қолы бұрын жеткен Айнамкөз қолына іліне бере жанталасып тарқата бергенде, ол арқанды қолынан жұлып алып ошақта лаулап жатқан отқа тастап жіберіп, арқанға ұмтылған Айнамкөзді жібермей құшақтап ұстап қалды. Арқан бытырлап жанып бола бере бала шар етіп жылап есін жиды. Айнамкөзді тас қылып құшақтап тұрған ол талықсып барып екі қолымен өз алқымына жармасып, құлай кетті. Осы кезде есікті шарқ еткізіп ашып баяғы жынды шал кірді.
– Әттең! Әттең! Зұлматтың алдауына түстің-ау… Зұлматтың алдауына түстің-ау,… – деп сұлық жатқан жігіттің басын сүйей берген.
Арада сүт пісірім уақыт өтпей жатып ол жүріп кетті. Шу етіп жоқтау айта бастаған әйелдерді жынды шал қатты-қатты зекіріп тоқтатып тастады. Есінен қайта-қайта танып қалып жатқан Айнамкөзбен апасын су бүркіп естерін жиғызды да:
– Енді еш амал жоқ… Жазымыш солай… Артында қалған жалғыз тұяқ аман болсын десеңдер берік болыңдар… Кешіктіңдер… Ертерек білгенде құтқарып қалар ма едім, кім білсін…
Жетісі өткенше еш қайда шықпай жатқан шал жетісі өткен күннің ертеңінде қағаз қалам алдырып екі тұмар жазып біреуін жөргектегі балаға тақты да енді береуін Айнамкөзге ұстатты.
– Кейін немереңе тағасың… Апаң екеуміздің дәуреніміз бітті. Апаңды өзіммен бірге алып кетем… Ендігі шапағатшың бір Жаратқан ғана… Меніңде бар күш қуатым ала арқанда еді… Сәтсіз күні сәрсенбі олда өртеніп кетті… бақыл бол балам… Балаңның аты Жаныс… Жаныс… Жаныс… деп жөргектегі баланы алып құлағына үш рет айқайлады да, есі ауып қалған кемпірді жетелеп ауылдан кетіп қалды.

***
– Ұста! Ұста! Арқанды әкел! Жіберме! – орнынан айқайлап атып тұрған ұлының қасына жетіп келген Айнамкөз:
– Не болды құлыным? – деп кішкене баланы еркелеткендей маңдайынан сүйіп айналып үйіріліп жатыр. Анадайда пеш түбінде отырған келіні енесінің оқыс қимылына ақырын жымыйып күліп қойды.
– Апа-ау– деді келіншек Айнамкөзге қарап.
– Ау, жаным айта ғой…
– Осы Жаныс сізге әлі бесіктен белі шықпаған баладай көрінеді-ау деймін.
– Е, құлындарым-ай… Екі етегімді жасқа толтырып, мойныма бұршақ салып жүріп әзер жеткізген құлыным әлі маған кіп-кішкентай көрінбегенде қайтеді…
– Ләйла! Ертең сен туған соң апам маған қарамай қалады көрде тұр.
– Қой балам қайдағыны айтпай… Немере ыстық әрине, сендердің де орындарың бөлек… Не түс көрдің балам?.. Айнамкөз ұлына қарады.
Жасы қырықтан енді асқанымен Айнамкөздың шашы әппақ болып ағарып кеткен… беті алжа-алда, айқұш-ұйқыш әжім толған. Бір аяғынан әзер басады, тізесі шор болып қалған, әзер илігеді. Өткен жылы ғана ұлын үйлендіріп көне қасіретін енді-енді ұмыта бастаған.
– Апа бүгін базарға барам…
– Содан?
– Ат аламын.
– Құла айғырың бар ғой.
– Айғырды жібермей міне берген обал ғой… бір арқалы ат алып алмасам…
– Ала ғой балам… базарға барсаң қалжаға соятын мал да қарастыра кел! Бұйырса бүгін ертең деп отырмыз ғой…
– Жоқ апа ат аламында келемін
– Неге?
– Сенің қара тауығыңды қалжаға жыға саламын… Ұлы шешесін әдейі қылжақ қылып отыр. Әр кез қайдағыны айтып шешесін шамдандырып отыратын әдеті.
– Тәйт ары қайдағы жаман ырымды бастамай. Қара тауық сойғаны несі…
– Онда көкала үйректі сояйық…
– Ожаумен басыңнан періп қалам, жүгірмек…
– Ойбай, апа, жарайды… қайтер екен дегенім ғой… Біреумен келісіп қойғам… Айттың болды алып келем, асықпасаңшы апа… Бүгін тек ат алып келемін. Ертең төменгі ауылда той. Соған мінетін.
– Е, сүйтсеңші балам, кешке дейін мені қылжақ қыла бермей… Түсіңді айтпадың ғой…
– Апа, түсімде ат қуып жүр екенмін. Қашаған екен, қамап алып шалма тастағалы жатып оятып кеттім…
– Түске ат кірген жақсы балам киелі жануар ғой… Менің жорығаным емес Қызыр пайғамбардың жорығаны… Ұлды боласың… Айнамкөздің одан арғы сөзі ұғылмай қалды. Ішінен күбірлеп әлде бір дұғаны оқып кетті.
Жиырма жыл бойы мойнынан тастамай тағып жүрген май сіңіп қарая бастаған көк моншағын санамалап, жаратқан иесіне жалбарына тілек тілеп күбірлеп отырған шешесін иегімен ымдап келіншегіне қарап тісін ақсита бір күлді де Жаныс үйден шығып кетті.
Ет асым уақыт күбірлеп отырған Айнамкөз келінінің:
– Апа шай ішсеңізші, – деп неше қайталап айтқанда барып әзер естіді. Дастарқанның басына келе күндегі әдетінше қайта тұрып, төр жақтағы төсегінің басындағы кішкене сандықтан баяғы жынды шалдың жазып берген тұмарын қолына алып құшырлана иіскеп барып, жайлап орнана қойды да дастарханға қайта келді. Келінінің жүкті екенін білгеннен бастап әр кез дастарқанның алдында сол тұмарды бір иіскеп келетін әдет тапқан.
Түс ауа аулаға сырттан Жаныс келді.
– Апа! Ау, апа. Атқа көрімдік… Айқай салған ұлының дауысын естіп аяғын сүйрете сыртқа шыққан Айнамкөз есік пен төрдей келісті торыны көргенде алғашында қуанып қалды… Жалы бұйра-бұйра шашасы жерге төгілген… Ұлының қуанышында шек жоқ.
– Апатайым менің атым қалай екен?!
Айнамкөз атты айнала беріп қамшылар жақ артқы аяғының аласын көріп ышқынып қалды. Бір түрлі жүрегі төмен сазып сала берді…
– Апа не болды? Бір жерің ауыра ма? Қасына ентелеп жетіп келген ұлының қолындағы шылбырға жармаса кеткен ол:
– Мен десең… Мына қарығы ашылмаған өлмелі шешең ажалынан бұрын кетпесін десең жібер мына жау алғырды. Жүгенін сыпыр да жібер… Шыққан ақшаң садақа болсын… Жібер тез!.. – булығып одан ары сөйлей алмай қалды.
– Апа-ау, жай ма?! Не болды?..
– Жібер мынаны!
– Неге?! Апатай…
– Ана аяғындағы аланы көрдің бе?
– Ойбой, сол ма… Не болып қалды деп жүрегім тас төбеме шықса… Несі бар… әдемі, өзіне жарасады…
– Қамшылар жақ артқы аяғының аласы бар ат иесіне кесапат әкеледі…
– Қойшы апа, мұныңды білгенде аяғын бояп алып келер ем…
Шылбырдан қолы босап жерге жалп етіп отыра кеткен шешесіне күле бір қараған Жаныс тез-тез басып атты қораға байлап, отырған жерінде бүкшиіп сұлқ қалған шешесін жеп-жеңіл көтеріп үйге кіріп кетті.
Жанысқа сөзін өткізе алмағанда апасының анда-санда өстіп құрысып қалатынына үйреніп қалған Ләйла да онша мән берген жоқ. Кеш батып түн ортасы ауа жатар алдындағы шайларын ішіп оларда жатып қалды. Апаларының ертеңге дейін құрысының жазылмайтынын жақсы білетін олар мазасын алмады.
Ұлы мен келіні ұйқыға кеткеннен соң бір талай уақыт өткізіп барып Айнамкөз қорадағы атты босатып жібермек болып сыртқа қарай беттеді. Есікті ашып қалып тура қақ маңдайында жарқырып тұрған сары жұлдызды көріп тұла бойы дір ете қалды. Жүрегі лобып қол аяғынан жан кете жалма-жан есікті қайта жаба қойды да, асығыс төсегіне беттеді. Қалың көрпенің ішіне кіріп алып құрғыр денесі қалшылдасын келіп. Бейне бір сары жұлдыз өзін келіп тарпа бас салатындай. Күн шыға көзі ілініп кетті. Бір заманда барып сырттағы даңғырлаған дауыстан оянып кетті. Асығыс сыртқа қарай беттеді. Аулада Жаныстың құрбы-құрдастары толып жүр.
– Атың ат екен!
– Жүрісті болсын!
– Міністі болсын!
– Тақымыңда қартайсын!
– Басын өзің мүжі…
Айнамкөзді көрген Жаныс енді асыға бастады.
– Рахмет жігіттер, енді қозғалайық… Жеткенше мынаны үйрету керек… Өзі шу асау екен… Тоқымды әзер салдырды… – деп асығыс атты сыртқа қарай жетелей жөнелді.
Аттың шылбырына оралып жата кетпекке ниеттенген Айнамкөз:
– Жаныс! – деп барып бөгеліп қалды. Әкесіз өскен бала намысқой еді… жора-жолдастарының алдында шешесі шылбырға жармасса намыстанып қалар деп тосылды. Ұлының артынан ұзақ сүзіле қараған ол ақыры үйге қайтып кіріп бара жатып бет-қол жуатын жерден әлденені көзі шалып қалғандай болды. Барып қараса Жаныстың тұмары екен, басын жуған соң ұмытып кеткен сықылды. Тұмарды қолына алып далаға қарай ұшты. Бірақ ол кешігіп қалған еді, атты дүрмек дауыс жетпейтін жерге ұзап кетіпті.
Түс ауа Ләйлә ішім ауырды деп толғақ қысып бебеу қақты… Көршісіне жүгіріп барып дәрігер шақыртты да, өзі үйіне қайта жүгірді. Шай қайнатым болмай-ақ, жетіп келген дәрігерлер Ләйләні машиналарына мінгізе бере ауылдың ақсақал-көксақалдарының барлығы үйіне қарай беттеп келе жатқанын көріп Айнамкөз көзі қарауытып табалдырыққа отыра кеткен. Машина орнынан қозғала ауыл адамдары да жетті. Айнамкөзді қолтықтап үйіне кіргізген олар шарт жүгініп отырып ұлынан айырылып қалғанын естіртті. Айнамкөз меңіреу болып қалғандай көзі төбеге қарап, шақшиып отырды да алды.
– Қайтсін бейшара… Көргені аз ба?!
– Жаны Жаныстың үстінде еді ғой…
– Е, сызығы біткен соң не шара…
– Осы жолы көтере алмас…
Осы кезде сырттан дауыс айтып ауыл әйелдері жетті. Айнамкөз оның бірін де ести алмады. Тіпті көзінен бір тамшы жаста шықпады… Құманмен су әкеліп бір әйел бетін жуып берді… Ауыл адамдары түн ортасы ауғанша отырып, енді қайтпаққа қамдана бергенде сырттан әлдекімдер келіп төрде отырған ақсақалдың құлағына бірдемелер сыбырлап айтты.
– Үһ!.. – деп ауыр күрсінген шал: – Естіріткенмен ұға қоймас. Онсызда ұлының қазасын естіп, есі ауып қалды. Шалдың көзінен аққан жас сақалын жуды.
– Не дейді, құдай не болыпты тағы?!
– Келіні қайтыпты.
– Не?! Ләйләні да әкетіп пе?.. Айнамкөз саңқ ете қалды. Жұрттың барлығының еңсесі түсіп кеткен.
– Енді менде не қалды… Жыларға жанарымда жаста жоқ не қалды? Долдана бажылдаған Айнамкөз басындағы жаулығын жұлып алып өзінің мойнына салып жіберіп өзін қалқындыра бастады. Қалың еркек қаптап жүріп қарысып қалған саусақтарын әзер ажыратып алды. Талықсып талып кеткен оны суық су бүркіп есін жиғызды. Әркім өзі білген тоқтау сөзін айтқан болады… Тіпті айтарға сөздері де таусылған іспетті.
– Айналайындар-ау, мені несіне алып қалып отырсыңдар сол құлындарымның артынан кетейін енді. Обайып несіне отырам мына қу молада?! Айнамкөздың дауысы барынша сабырлы, барынша зарлы шықты. Жұрт тым-тырыс.
Тек манағы төрдегі шал.
– Қалқам тағдырдың ісіне амалың жоқ. Жаратқан немереңе ғұмыр берсін деп тіле енді. Немерең аман-есен дү- ниеге келіпті… Оны қайда тастап кетпексің?!. Дәм-тұзың таусылғанша енді соның тілеуін тіле!– дегенде барып орнынан атып тұрған Айнамкөз зар еңіреп жанындағы тұрған әйелдерді бас салып дауыс айта бастады.
– Сабыр! Сабыр! – деп тоқтатпақ болғандарға манағы ақсақал:
– Жыласын, шерінен шығып жыласын азда болса жеңілдеп алсын… – деп тыйып тастады.
Ертесі ауыл жанындағы қорымға екеуін қатар жереп қайтқан соң Айнамкөзді көршісі туыла сала жетім қалған немересінің қасына апарып тастады. Таңдайы жабысып шырқырап жатқан немересінің мойнына баяғыдан сақтап келе жатқан тұмарды тағып еді, сәби тыныштанып лезде пысылдап ұйықтап кетті. Екі-үш күн өткен соң үйіне қайтып келді. Алыс жақыннан көңіл айтып келгендердің барлығына дауыс шығартпады. Өзі де дауыс шығармады. Немересінің атын Жалғас деп қойғызды.
– Жаңа өмір есігін ашқан сәбидің құлағына аза үні сіңбесін…Қайғыма ортақтасып келгендеріңе рахмет!.. – деп бір шәугім шайын беріп шығарып салып отырды.
Тіпті ұлы мен келінінің жетісін де, қырқын да ататпады. Бастарына да бармады. Алыстағы төркінінен келгендер «алып кетейік жас сәбимен жалғыз өзің қалай жан бағасың?!» дегенде де бармады.
– Маған рахым жасағыларың келсе Жалғасым жалғыз болмасын, біреулерің бір балаларыңды маған беріңдер, – деп жолға салып жіберді. Арада апта өтпей ағасы қайта келді. Аяғын апыл-тапыл енді басып жүрген өз немересін алып келіпті.
– Аты Сая, Жалғасыңа сая болсын!.. Екі дүниеде де сұрамаймыз… өз қызың… Қаласаң осында тұра бер, қаласаң көшіріп алып кетейін… Екі қонып ағасы қайтты, ауылына.
Айнамкөз елден ауашаланып қалған. Бірін жетелеп, бірін қолтығына қысып жүріп екі баланы қайқы мүйіз көк ешкінің сүтімен бағып есейтті. Тек анда санда марқұм күйеуінің құрдасы қазық аяқ ақсақ көршісі келіп шай ішіп тұрады. Екі ақсақ бірге отырып өткен-кеткенді айтысады…
***
– Тез бар балаларыңа… Тұр! Тұр! – деген дауыстан шошып оянып кеткен Айнамкөз жан-жағына алақтай қарап орнынан атып тұрды. Үйде ешкім жоқ. Көз байланып кетіпті. Жан-дәрменімен сыртқа атып шықты. Үйдің алдындағы үюлі топырақтың үстінде ойнап отырған Сая мен Жалғастың ортасында тағы бір бала отыр. Алғашында шеткі үйдің баласы Ерсін екен деп қалды. Бұлармен тек Ерсін ғана келіп ойнайтын. Жақындап келгенде байқады. Қыз бала екен шашы желбіреп айдың сағымымен шағылысып тұр. Қастарына жетіп келгенде Айнамкөздің жүрегі тас төбесіне шықты. Жалғастың төбесінен құм құйып ойнап отырған адам баласынан жат әппақ тәнді екен. Жалғас пыс-пыс етіп қара терге малшынып отыр. Сая оны байқамаған іспетті. Өз алдына құм қала жасап отыр. Бір-ақ аттап барып қыздың қолынан Жалғасты әзер босатып алған Айнамкөз қызды беттен жанып кеп қалам деп өз қолының екпінімен жалманынан түсті. Қыздың бетіне қолының қалай дарымай қалғанын ұқпай қалды. Орнанан атып тұрып қызды бас салды. Жоқ бұл жолы үйілген құмды құша құлады. Қыз ұсталмайды екен. Тек ауада қалқып тұрған елес қана екен. Айнамкөздың әрекетін келеке еткендей аппақ қыз сақылдай күліп көкке қарай көтеріліп кетті.
– Не болды? Құлыным не болды? –деген апасына Жалғас:
–Ана қыз маған тұмарды берші деді… Мен бермей қойдым… Бермесең құмға көмем дейді… – деп былдырлай бастағанда Айнамкөз Саяны жұлқылап:
– Сен қыз не қарап отырсың, Жалғасқа қарамай а?! – деп жекіді.
– Апа… Апа… Мен қарап отырмын… Ойнайық деп ем өзі үндемей отырып алды, сосын өзім жалғыз ойнадым…
– Ана албастыны көрдің бе?
– Қайдағы апа?
– Қастарыңда отырған?
– Жоқ, апа Жалғас екеуіміз ғана болдық… Басқа ешкім келген жоқ…
– Сен қыз шынымен ешкімді көрмедің бе?
– Жоқ апа, шын айтам Жалғас екеуіміз ғана…
Сол кештен бастап Айнамкөз балаларын көзінен таса қылған емес… Дәретке барса да қасынан қалдырмай ертіп жүреді.
Бір күні түнде ұйықтап жатқанда Жалғастың бақырған дауысынан шошып оянып кетті.
– Бермеймін! Апа! Апа! Тұмарды алам дейді…
Орнынан атып тұрған Айнамкөз өздерінің бас жақтарында тұрған аппақ қызды көріп Жалғасты құшағына баса баж ете қалды. Апасының ащы дауысынан Сая да оянып кетті.
– Апа не болды? – деп сұрады.
– Мына албасты тағы келіп алыпты…
– Кәне, апа түк жоқ қой, – деп Сая көзін қайта-қайта уқалап түк көре алмай қойды.
– Маған тұмарды берші… Қыздың дауысы сонша жалынышты шықты.
– Жоқ… бермейміз… Кет бұл жерден… Айнамкөз баж-бұж ете қалды.
– Ол менің тұмарым! Қыз екіленіп тұрып алды…
– Жоқ бұл тұмарды мен отыз жылдан бері жанымнан тастамай алып жүрмін… Өз қолыммен жаздырған…
– Жоқ менікі… менің тұмарымды көшіріп алыпты… қайтарып берші…
– Саған тұмар керек пе лағынет? Мен басқа тұмар берем саған, – деп ұлын құшағынан босатпай төсектің басындағы сандықтан баяғыда Жаныстың ұмыт қалдырып кеткен тұмарын алып қызға қарай лақтырып қалды.
Тұмар ауада қалықтап барып қыздың мойнына асыла қалды… Шыңғырып жіберген қыз:
– Бұл менің емес, шешемнің тұмары… Ол өліп қалған… Ұлың есін жоғалтқан күні келем… – деген ол сөзді булыға әзер айтып, лап етіп от болып жанып жоқ болып кетті. Сол түні олар таңға көз ілмей шықты. Содан бастап қанша уақытқа дейін аққыз мазаларын алған емес. Сая мен Жалғас та ержетіп кетті. Айнамкөз енді Жалғасқа ие бола алмайтын болып қалды. Әні-міні дегенше бір жағына лып етіп қашады да кетеді. Әйтеуір бар сенері Сая мен Ерсін.
– Бір секунд көздеріңнен таса қыла көрмеңдер, – деп жалынады. Ерсін бір тоға тыңғылықты бала. Жалғастың жанынан қалмай бірге жүреді. Алдымен Сая мен Ерсін, сосын Жалғас мектепке барды. Он жылдықты бітіргенше апасы Жалғаспен бірге оқып шыққандай болды. Жалғасты сы- ныпқа кіргізіп жіберіп өзі есік алдында күтіп отырады…
Сая жоғары оқу орнына тапсырып, алыс бір қалаға оқуға кетіп қалды. Енді үйде Жалғас екеуі ғана қалды… Үйдің қатты қайырым жұмыстарының барлығына Ерсін көмектесіп тұрады… Қызы әр демалысқа келген сайын Айнамкөз:
– Осы сен тіл алсаң сол оқуыңды қой, ана Ерсінді бала қылып алайын… Жалғасыма пана болсын… Мен қанша жасаймын ертең өлем де қалам… сонда мына жалғыз бауырыңа кім қарайласады, – деп құлағына құяды… Алғашында үндемей тыңдайтын қызы екі-үш жыл өткен соң «ауылдың оқи алмай қалған баласы менің теңім емес» деп қайқайып шыға келетін болды… Ақыры сол оқып жатқан қаласындағы әлде біреуге тиді де кетті. Қатты ашуланған апасы тойына да бармай қойды… тойға тек Жалғас пен Ерсін барып қайтты. Содан бері әр кез Ерсін екеуі Саяға барып қайтып жүреді… Әйтеуір Жалғас Сая көмектесіп, Ерсін селбесіп жүріп бір машина алып алған. Құрғыр сол машина деген пәлені алған күннен бастап Айнамкөзден тыныштық кетті. Жалғас үйге тоқтағанды қойған.
Енді міне түс ауғанша ұйықтап орнынан тұра сала әпкеме барам деп қиғылық салып отырғаны. Шешесін зар қақсатып жолға шыққаны. Жолдағы жағдайлар. Машинада отыр­ған тылсым қыз. Көзі ілініп кетіпті… Ол оянғанда таң атып қалған екен. Бірден арт жағына қарауға батылы бармады… Бетін жапқан жамылғының жан дүниені балқытар жағымды иісі бойын кернеп барады.
– Ояндың ба?
– Сен күннен қорықпайсың ба?
– Менің тұмарым мойнымда тұрғанда барлығынан да құдыреттімін.
– Менің жол жүруім керек.
– Кері қайтамыз.
– Қайда?
– Үйіңе әжеңе… Бір сұмдық жағдайлар болып жатыр..
– Содан?
– Мен сенімен бірге осы әлемде қаламын… Енді сені әжең қорғай алмайды… Сол үшін мен қорғауым керек.
– Кімнен…
– Түуу… сенің жолыңды кім кесіп жүр еді…
– Тіпті тамаша-ақ болар еді… Айдай жамалды келінді болса әжем тіптен қуанар еді…
Қыз күрсінді. Ал бала мәз болып шаттанып отыр.
Олар кері қайтты. Үйлеріне таяй бере Жалғас көрші-қолаңдардың үйлеріне қарай жанталасып жүгіріп бара жатқанын көріп тұла бойы дір ете қалды… Машинаның бар жылдамдығымен келіп ауланың алдына үюлі топырақты сүзе әзер тоқтады да қарғып түсіп, аулаға қарай қойып кетті. Ол келгенде кешегі қазық аяқ шал бар бір топ үйдің алдындағы нән теректің бұтағына асылып қалған әжесін енді түсіріп жатыр екен.

АҚ КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ

Қаладан кеше келгем. Осы ауылда анау алыстағы қалада оқып жатқан жалғыз менмін. Туыс-туған, көрші-қолаңның барлығы менен сарқыт дәметеді… Шамамша қалтамдағы қалған соңғы жармағыма дейін қаланың неше түрлі тәтті-дәруменін ала келетін әдетім… Биыл ерте қайтам деп хат жазып жібергем… Қайтатын қаржыны Есен ағам салып жіберіпті. Тіпті бұрынғылардан молырақ. Сосын Есен ағамның үйіндегі жеңгеме арнайы таңдап жүріп қос етекті әдемі көйлек сатып алғанмын. Сонымды алып үйлеріне келдім. Мен келгенде Есен ағам үйде жоқ екен, жеңгем әлі жасқа тола қоймаған баласын емізіп отыр. Алтын адам… Қай уақытта келсеңде жарқылдап отырады. Мені Тентекқара дейтін… Амандық сұрасып болған соң сәлемдемемді жеңгеме ұстаттым. Сыртта ойнап жүрген балаларды шақырып мен әкелген тәттіні үлестірген жеңгем көйлекті көріп балаша мәз болды…
– Әй, Тентекқара-ай, алтын қайным-ай, несіне әуре болдың? Қандай тамаша еді! Өзі арлы-берлі аударып көріп тұрып бір заманда өңі сұрлана қалды. Бірдемесі ұнамай қалды ма деп ойлай қалдым.
– Жарайды, жаным, кел шайға. Рахмет ескеріп сыйлық алғаныңа. Бірақ осы құрғырды тағы киюге бұйыртпайды ғой, – деп күрсінді. Менің есіме осыдан он жылдың алдындағы бір оқиға түсті.

***
Біздің үй сол жылы төр жайлауға жай шыққан. Тағы сол қарасан келгір көк бұқаның кесірі. Жылдағы әдеті ғой. Әні-міні көшеміз десек болды, жоғалады да кетеді. Ал, көк бұқасыз атам ешқайда көшуге рұқсат етпейтін. Малымның басы дейтін…
– Ата-ау, осы малыңның басына көк бұқаны қойғанша ана апамның сары қасқа сиырын қойсаңызшы. Күніне екі шелек сүт шығады. Көк бұқаңда не бар? Қасына барған адамды да, малды да сүзіп елге лаң салғаннан басқа, – дейміз ғой барлығымыз жиналып.
– Тәйт ары!.. Қасиетті малға тіл тигізбе! – деп зекіп салатын.
– Кеше ғана табындағы сиырмен бірге жүрген қарасан келгір бүгін жоқ. Сай-сайдан таппадық. Төрге қарай тартып кеткен шығар, болмаса ойға түсіп кетті ме екен… Бұрындары атам өзі ғана іздейтін. Осы жолы мені де жоқшының қатарына қосты. Былтыр нағашы атам бәсіреге берген құла құнаныма жайдақ тоқым сала салып мен де кеттім. Ерменсайды аралап кел деген. Түс ауа жаман құнанды тепектетіп әзер жеттім. Осы сайды несіне «Ерменсай» деп атайтынына таңым бар. Бір тал да ермен өспейтін, қайта бөктерді алып жатқан қып-қызыл бүлдіргенге толы еді. Неге «Бүлдіргенді» деп атамады екен деп ойладым. Шамасы артық жүрістен құнанымның қолы түсіп қалған болар, алдынан ақсап әзер жеттім. Қып-қызыл бүлдіргенді көргенімде атамның қасиетті көк бұқасы есімнен шығып кетіпті. Таңдайға жете езіліп жоқ болып кететін бал бүлдіргенді күйседім-ай келіп… Қанша жегенімді кім білсін. Әйтеуір бір заманда маужырап барып ұйықтап кетіппін… Жер теуіп осқырынған құнанның дауысынан оянып кеттім. Кеш батып қалған екен. Күннің қызыл шапағы таудың биік шоқысынан ары қарай құйылып барады. Манағы шамадан тыс жеген бүлдірген ішімді керіп, шөл қысып барады. Мана келе жатып жолдан тастұманы көргем, солай бармақ болдым. Енді жайлап қорқа бастадым…
– Иен жерде сайтан болады, – деп айтып отыратын үлкендер. Енді қол- аяғым қалтырап, әдетте секіріп мініп алатын құнанның шоқтығына қанша жармасқаныммен міне алсамшы. Маңайда бір биік тас та, тұмар да көрінбейді. Енді құнанды жетелеп манағы көрген бұлаққа қарай жүгіре жөнелдім. Тұмаға жете бере әлденеге шалынып омақасып кеттім. Құнаным үркіп қолымдағы шылбырды жұлып кетті.
– Абайла, бала, ақырын жүрмейсің бе? Құлағымның түбінен әйелдің мүсіркеген жағымды дауысы естілді. Басымды жерден жұлып алдым. Қасымда шамасы менен оншақты жастай үлкен әдемі қыз тұр. Аппақ көйлегі баяу соққан самалмен дірілдеп тұр. Сасқалақтағанымнан:
– Еш жерім ауырған жоқ. Көк бұқа көрдің бе? – деппін…
– Ааа, ана сыңар мүйіз бұқаны айтасың ба?
– Иә, дәл өзі. Төрге көшейік деп ек, жоғалып кетіп… Атам көшпеймін деп. Балпылдап ананы бір, мынаны бір айтып жатырмын…
– Неге жүгірдің?
– Шөлдеп кеттім, бұлақтан су ішем.
– Сен менің бүлдіргенімді жеп қойдың.
– Сенікі емес… Бұқа қайда?
– Бүлдірген менікі…
– Атама айтам… Бұқа қайда?.. Бұқа атамдікі…
– Жоқ, бала, бұқа атаңдікі емес… сенікі…
– Жоқ, менікі емес… Атамның сүзеген көк бұқасынан, шолақ құйрық қызыл тайынша әлде қайда жақсы еді… Өзі менің қасымнан кетпейді. Анда-санда апам берген қантты тартып жеп алатыны болмаса…
– Жарайды, өзің біл, атаңа бұқаның не керегі бар дейсің…
– Соны айтам, көше берейік десек болмайды…
– Жүр, су ішесің бе?
Біз бұлаққа қарай бара жатырмыз. Қыздың аяғы жерге тигені білінбейді, сырғып бара жатқан сықылды. Артынан дыздаңдап мен келемін. Кенет ойыма сайтан деген қайта түсті. Жүрегім дір ете қалды. Артынша ойымнан тез арылдым. Осындай әдемі қызды сайтан деуге қимадым. Шіркін, Есен ағамдай үлкен жігіт болсам, осы қызды алар едім деп армандадым. Екеуміз суға жеттік. Екбеттеп жата қалып сімірмек болып ем:
– Тұра тұр, бала, қазір, – деп анадайда қалың құрақтың арасынан бір жарқыраған күміс кесе алып келіп сонымен су алып берді. Су емес, нағыз бал дерсің… Төңкере салып қайта ұсындым… Үш кесені сіміріп жеберіп барып тілге келдім…
– Бұқам қайда?
– Бар, әне тұр… – деп қапталдағы қалың самырсын жақты нұсқады… Бағана келгенде бүлдіргенге қызығып кетіп сәп салмаған болсам керек, тура жанымызда сыңар мүйізін шайқап тұр екен…
– Мен кеттім…
– Бұқаны бермеймін…
– Неге?
– Айырбастаймын…
– Атама айтам…
– Жәй айтамын… Беремін… Сен жақсы бала екенсің, тұра тұр, кішкене әңгімелесейік…
– Апам ұрсады…
– Тұра тұр, сенен бір нәрсе сұрайын…
– Тез сұра…
– Мөлдір қандай қыз?
Жүрегім дір ете қалды… Сайтан Жұмақанның сол қызы мен үшін әлемдегі ең сұлу қыз болатын… Тез ер жетіп жігіт болсам, соны алсам деп армандайтынмын… Бірақ шешесі жаман… Жігіт болып сені келіншек қылып алам деп айтып ем, шешесіне айтып барған екен, шешесі мені ұстап алып: «Тентек, менің қызымды аламын десең, атаңның көк бұқасын, сонымен бірге Есен ағаңның күрең төбелін қалың малға бересің!» деген.
Атамның көк бұқасын берер ем… Ал, Есен ағамның күрең төбелін… Жоқ, қызын бермесе қойсын… Күрең төбел болмаса, Есен ағам… Жоқ болмады… Әйенің жалбасын берем деп ем… Қу шешек, күрең төбелді бермесең, қызымды бермеймін деп құйрығымнан шапалақпен бір салып қуып жіберген. Бірақ мен Мөлдірді әлі ұмыта қойғам жоқ. Жігіт болғанда алып қашып кетем деп ойлайтынмын.
Енді Мөлдір де бойжеткенде тура осы қыздай әдемі болса ғой деп ойладым… А, жоқ, мына қыздай әдемі бола алмас… маңдайындағы тас тіліп кеткен тыртығы, бетіндегі секпілі…
– Мөлдір екеуміздің қайсымыз сұлумыз?.. Қыз сайқалдана күлді.
Мен ойланғам жоқ… ойланатын да дәнеңесі жоқ-ты.
– Сен сұлусың…
– Мені алғың келмей ме?..
– Жоқ, мен әлі кішімін… Сені Есен ағама алып берейін…
– Жоқ, Есен мені алмайды… Барысқанның қарындасына сөз салып жүр…
Мен ойланып қалдым. Барысқанның қарындасын танимын. Анда ел орта жайлауға көшерде маған көп тәтті берген. Жақсы қыз… Бірақ мына қыздай сұлу емес.
– Мен сені өсіп, Есен ағаң сықылды үлкен жігіт болғаныңша күтемін…
Мен тағы ойландым. Мен Есен ағамдай болғанша әлі он бес жыл… Оған дейін бұл қыз қартайып кетеді ғой…
– Мен жігіт болғанда сен кәрі қатын болып қаласың, – деп бұртидым…
– Жоқ, мен қартаймай күтемін… Сен апаңның сандығының түбіндегі күміс сақинаны әкеліп берсең… Қыз тағы аярлана күлді…
– Сенбеймін…
– Онда көк бұқаны бермеймін…
Менің де шамалы қулығым бар. Соған басқым келді… Атам бір жаққа барарда «Мен атамның қасқа құлынымын» деп басымды шұлғып-шұлғып жіберіп, тай болып кісінегенде атам: «Әй, менің қу құлыншағым-ай!» деп ақыры ертіп кететін… Сол қулыққа басқым келді.
– Жарайды, келістік… Сен алдымен көк бұқаны бересің, мен ертең сақинаны әкеліп беремін… Қыз менің қулығымды білмей қалды ма, әдейі сенді ме білмеймін … Анадайда осқырына үріккен құла құнанды қуып жүріп ұстап әкеліп берді де, мені лып еткізіп құнанның үстіне қондыра салды… Менің құнаным да бүлдіргенді аямай жеген бе? Ышқынып барып қып-қызыл қылып сиіп жіберді… Көк бұқаны алдыма салып қуалап, үйге қарай тарттым… Түн болып айнала қап-қараңғы болып кеткен… Жүрегім атша тулап қорқа бастадым…
«Ерменсайдан» шыға көк бұқа өкіріп, астымда құла құнан шыңғыра кісінеп ауылға қарай заулады… Көк бұқаның мынадай қорқынышты дауысын естіп көрмегем, қатты қорқып кеттім. Құла құнаннан ауып қалмайын деп жалына жабысып мен де бажылдап жылап келем…
Мен есімді жиғанда біздің алты қанат кең үйдің іші тола адам екен. Тура бас жағымда Әдеп бақсы отыр.
– Есін жиды…
– Есін жиды…
– Періштесі қаққан-ғой…
– Көк бұқа мен құла құнан да бауырымен жер соғып, орындарынан тұра алмай жатыр…
– Қорқуды білмейтін күнәсіз сәби ғой, ересек адам болғанда жүрегі жарылып өліп қалар еді… Кәрі құдағи менің сол қолымды уқалап отыр екен…
Менің сөйлеуге шамам келер емес… Іштей қорқуды білмейді дегенге масаттанып қоям… Өзімді бір үлкен батыр сезініп… Аузыма су тамызып жатыр…
– Қарасан келгір көк бұқада нең бар еді, қасқыр жемесе, бір күні өзі қайтып келер еді ғой… Апам атама ұрсып отыр… Атам үнсіз. Енді сөзді бақсы алды:
– Жарайды, даурықпаңдар… Көп сөйлесеңдер бала шаршайды, барлығың шығыңдар, – деп атамнан басқа елдің барлығын шығарып жіберді… Бәрі сыртқа шығып кеткен соң атам екеуі не көрдің деп сұрай бастады… Тілім күрмеліп сөйлер алар емеспін… ортадағы ошақтағы ашық оттың ішінен қып-қазыл болып тұрған шымшуырды ұстаған Әдеп бақсы қып-қызыл шоқты тілімен быж-быж етікізіп жалап-жалап жіберіп, мені еңбектетіп жатқызды да, арқамды жалаңаштап қып-қызыл шымшуырмен тартып-тартып жіберді… Мен баж ете қалдым… арқам күйіп қалды ма деп қорқып, қолымның жеткен жеріне дейін арқамды сипалай бастадым… Күймеген сықылды… Тілім енді сөзге келді… Болған жайды бастан аяқ айтып бердім…
Екі шал өзара шүңкілдесіп отыр, сөздерін еміс-еміс құлағым шалып қалады.
– Ең қиыны ол енді адамның берген уағдасын орындатпай қоймайды… Олар үшін бала ма, кәрі ме, бәрібір…
– Сіз екеуміз енді екі жақтасақ тоқтата алармыз… Мен көк бұқаның қасиетімен тоқтатып келіп ем, оны… Енді амалым қалмады… өзімнің тауып алған бәлем… Алғаш рет Есен туғанда көріп ем… Содан бері ізімнен бір қалмады…
– Иә, бұл Есенге құрылған тұзақ… Мұнысы да дұрыс болды… Енді тірі жанға қастық жасай алмайды… Тек затына ғана зәбірін тигізер… Молдаке, осы туралы талай рет сұрадым, айтпаған едіңіз… енді айтарсыз…
– Әдеке, баяғыдағы менің Ақтаңгерімді білетін шығарсыз…
– Иә, иә, жаралмаған жануар еді… Өзің Ерменсайда та­стан құлап өлді дедің… Бірақ менің кәрі жыным оны өзіңіздің тасаттыққа шалғаныңызды біледі…
– Иә, сол Ақтаңгердің жал-құйрығы қарадан-қарап өріліп қалады… Бітеу қораға байлап қойсам да, қара терге түсіп, малшынады да тұрады… Сосын бір күні түнде аңдыдым… Баяғыда марқұм атамыздан шамалы оқығанымыз бар еді… соны оқып… Түн ортасы ауа бере қасына аппақ киініп бір жас келіншек келді… Сосын атты шығарды… Ақтаңгер қан сиіп осқырынып үркеді, анау жіберер емес… Бір заманда мініп алды да, шапқылай жөнелді, көз жазып қалдым… Неде болса, бір пәленің болғанын біліп, қайтып келіп жатып қалдым. Таңертең атым орнында тұр екен… Сосын Барысқанның жүйрік торысын сұрап алып келесі түнде тағы аңдыдым… Тағы келді… Ол да кетті… Жүйрік торы аузымен құс тістеген жануар ғой, артынан бір елі қалмай «Ерменсайға» жеттік… Артынан түскен қуғыншыдан тайсап, ол «Ерменсайға» тоқтамай өте шықты… Бұрында осы сайда бір нәрсе бар деп еститінмін… Сол жерден күтейін деп бұлақтың басына келсем, жаңа туған бала шырқырап жатыр екен… Әйелдің енді құтылмасын білдім… Баланы бас салып ұстап алдым… Қызыл шақа бала енді қолға тоқтамай сақ-сақ күліп қашады… Қойнымдағы бір кітапшада оларды тоқтататын дұға бар еді… Соны оқып баланы аттың терлігіне орап матап тастадым… Сүт пісірім болмай әйел келді… Ол менің атыма жуымайтын болып уағда берді… Сол уағдасы ретінде маған күміс сақинасын қалдырды… Соны алмауым керек еді… Кей­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ін Есенім туғанда келді маған, құда боламын деп… Мен тік шапшыдым. Онда тұқымыңа дейін құртамын деп сес көрсетті… Екеуіміз Ерменсайға барып, жатып келіп дауластық. Адамнан ақылды туған бәлелер ғой, аузымды аштырмады. Сөйтіп отырғанда үстімізге ана жынды Темірхан келді. Не қасиетінің барлығын қайдам… Темірхан келе сала қолындағы арқанымен әйелді байлап тастады да, маған:
–Кет үйіңе, кет!.. Мен өлгенше бұл саған тиісе алмайды… Мен өлген соң ағаңның ала сиыры еркек көк бұзау туады… соны ал… Үйіңнің маңайынан алыстатпай бақ… көк бұқаны ұстап алғанынша саған тисе алмайды… Көк бұқадан айрылсаң, ұлыңды ананың қызы әкетеді… – деді. Сонымен ел-жұрттың наразылығына қарамай көк бұқаны сетерледім. Енді сол көк бұқаны құрбандыққа шалуға тура келді…
– Бір есептен мына бейкүнә сәби арқылы беті ашылғаны да дұрыс болыпты… Ересек адам болғанда тіптен құтыла алмас еді… Таң атсын… Оған дейін үйдің алдындағы алаңқайға от жағыңдар… Әдеп бақсының бұйрығымен атам сыртқа шығып кетті…
– Қорықпа, балам… Сен деген үлкен батыр болдың… – дейді бақсы шал маған.
Сыртқа үш жерден от жағылды. Қарағайдың қу бұталары шатыр-шұтыр етіп маздап жанып жатыр. Мені елден ерек сол үш жақтан жанған оттың ортасына отырғызып қойған. Әдеп бақсы қолына лапылдап жанған қарағайдың үлкен бұтасын алып ортан белінен аузына тістеді де, үйді айнала жүгірді. Ана жақта атам бір қолында сарала қамшы, бір қолында көк тікені бар, жер сабалап жүр… Бір заманда атам атқа мініп, Әдеп бақсы аузынан қып- қызыл шоқ бүркіп «Ерменсай» жаққа қарай жөнелді… Әдеп бақсы жаяу жүгіріп барады… Атам Есен ағамның күреңтөбелін борбайлап әзер еріп бара жатыр… Таң ата арсы-күрсі болып екеуі де жетті…
–Көк бұқаны алып жүріңдер – деді… Апамның сандығының түбіндегі сақинаны менің сол қолыма ұстатты да, мені де өздерімен бірге алып алды…
– Сақина алақанымды қарып күйдіріп барады…
– Алақаныңды ашушы болма! – дейді атам мен Әдеп бақсы…
«Ерменсайға» жеттік… Бұлақтың басына келіп көк бұқаны жықты да, Әдеп бақсы бұлақты айнала жүгіріп бірдемелер оқып, бұлақтың суына бұқаны бауыздап жіберді. Бұқаның орылған тамағынан атқақтаған қан бұлақ суын қып-қызыл қанға бояды… Бір заманда бұлақтың түбінен шыңғырып, шашы жалбыраған, алба-жұлба киімді, саусақтарының тырнақтары жерге сүйретілген кемпір шыға келді… Менің жүрегім аузыма тығылды… Алақанымдағы сақина тіптен өртеп барады…
– Ата, ата, қолым, – деймін шырқырап…
– Балам, аз шыда… аз шыда… – дейді атам маңдайымнан иіскелеп.
Судан шыққан кемпір мен Әдеп бақсы арбақ-құрбақ алыса кетті. Енді анадайдан шырқырап кешегі мен көрген қыз келе жатыр… Атам қойнынан әлдебір нәрсені алып көрсетіп еді, анау бажылдап анадай жерге қашып кетті. Шамасы сүт пісірімдей уақыт өтті-ау деймін… Бір заманда Әдеп бақсы кемпірді астына басып буындырып жатыр екен. Кемпір тұншығып қыр-қыр етеді… Әдеп бақсы күшейіп кеткен сықылды… Кемпір енді ышқына бастады да басы кішірейе берді…кішірейе берді… Әдеп бақсының уысында кемпірдің басы мен мойны саусақтың жуандығындай ғана болып кішіре- й­­іп кетті… Сол кезде атам маған андағы колыңдағы сақинаны кемпірдің басына кигіз деді… Мен айтқанын орындадым… Сақина басына киіле кемпір аласұра тулап-тулап барып отқа айналып жанып кетті… Манадан бері анадайда бажылдап жүрген қыз енді шырқырап жалға қарай тұра жүгірді… Менің қызға жаным ашып кетті… Көзімнен бір тамшы жас тамып кетіп еді… Әдеп бақсы көріп қойыпты… «Алданба оған, ол өтірік елес…» Ары қарай не айтқанын білмеймін… содан үйге қайттық…
Сол жылы ойға түскеннен кейін Есен ағам Барысқанның қарындасына үйленді… Масқарасы сол, жаңа түскен келіннің барлық жасауын біреу таң атқанша қайшылап қиып тастапты… Ел оны сан саққа жүгіртті… Менің ойыма екі шалдың: «… енді тірі жанға қастық жасай алмайды… тек затына ғана зәбірін тигізер…» – дегені оралатын.

***
Одан кейін де біраз уақыт өтті… Мен де ержеттім… Сол туралы ойласам, кейде денем түршігіп кетеді… Бірақ, сол қыздың бейнесі көз алдымнан бір кетпеді… Ол жайында қаладағы достарыма айтып берсем, барлығы мені келеке етеді: «Мына заманда сондай ертегіге кісі сене ме», – деп…
Қаладағы қаптаған қалың адамның ішінен сол қызға кейде біреулер қатты ұқсап кетеді… Ақ көйлекті қыздарды көрсем болды әрдайым тұла бойымнан бір ыстық ағын тулай жөнеледі… Ауылға келгенде, әсіресе, Есен ағамның үйінде болғанымда сол ақ қызды сағынамын. Уақыт өте өзім де, ол да ұмыт бола бастаған іспетті… Көз алдымда тек сол аппақ көйлекті қыз. Мені күтуге уағда бергені… Қате болды ма, дұрыс па білмеймін, мен оны сатып кеттім…
– Тентекқара, шай ала бер… Мен тамақ салып жіберейін, – деп жеңгем сыртқа қарай шыға жөнелді. Ізінше есік сықыр етіп ашылып қолындағы жарқылдаған қайшысын сырт-сырт еткізіп қайшылап баяғы аппақ көйлекті қыз кіріп келе жатты.

ЕСКЕКСІЗ ҚАЙЫҚ

Зәриям екеуіміз теңіз портына түс ауа жеттік. Ас ішіп ауқаттанып алған соң, қолтықтаса портты жағалап келеміз. Шет-шегі жоқ байтақ даланы алып жатқан судың арғы шеті көрінбейді. Бірін-бірі қуған ессіз толқындар көз жетпейтін жерден келіп, кері кетіп жатыр.
Мен шеткері тұрған шағын кемені көріп, соны жалдап алатынымды айттым.
– Жоқ, болмайды… Сіз кеме жалдамайсыз. Зәриям еркелей мойныма асылды.
– Енді теңізге шықпаймыз ба?
– Шығамыз, әрине.
– Онда?
– Менің кемеммен.
– Қой ары, сенде қайдағы кеме… болмаса сөмкеңе жел қайық салып алып па ең?
– Теңізге шығу туралы ұсынысты кім айтты?
– Сен.
– Онда кемені мен таңдаймын.
– Жарайды-ақ делік… десе де, екеуден екеуміз ғанамыз ғой. Үлкен кеменің қажеті шамалы… Иә, айтпақшы оны кім басқарады?
– Мен…
– Қой ары.
– Мен «теңіздің қызымын».
– Қой, айнам… қалжыңыңа болайын… «Теңіздің қызы» жаңбырдан қорқа ма?..
– Түсінбейсіз…
– Онда түсіндіре ғой, айнам…
– Кеменің үстінде ғана айтамын.
– Онда кеме жалдауға кеттік.
– Менің кемеме.
– Қайдағы?..
– Асықпаңыз, кеш кірсін… Қыздың сыңғыр-сыңғыр күлкісі жанымды балқытып барады. Оны теңізге шығудан қорқып тұр деп ойладым. Тіпті теңізге шықпай-ақ қояйық деп шештім.
– Жарайды, онда қоналқыға бір орын қарастырайық.
– Жоқ, анау жағалауға барып толқын қыздармен, менің сіңлілеріммен таныстырам сізді.
Мен ешнәрсе аңғарған жоқпын. Жай сөз реті солай болар деп Зариямның жетегіне ере жөнелдім.
Теңіз жақтан соққан салқын ауаға ол құшырлана бетін тосып, әлсін-әлі тұра қалады. Жақын жағалауға келіп әлсіз соғылған толқындардың сылдыры естіледі.
– Сіз судың үнін естисіз бе?
– Иә, естіп келемін.
– Не деп жатыр?
– Менен қорықсаңдар кері қайтыңдар дейді…
− Сіз білмейсіз… ал мен білемін… Олар мені сағынып қалыпты… Тез кел деп жатыр.
Біз жағалауға жете табанды күйдірген ып-ыстық құмды кешіп, теңіз шетіне іліктік. Сан мың ұсақ қиыршық құмды жағаға көшіріп, қайтадан өзіне қарай тартып әкетіп жатқан толқындарды қызықтап аз-кем аялдадым. «Саған не жоқ» дегендей толқын ернін жағаға сылп еткізіп соғады да, кері қайтады.
– Келіңіз, сәлемдесіңіз.
– Кіммен?
– Менің ел-жұртыммен… Қыз бар ынта-пейілімен қиыла өтінді. Онысы маған оғаш көрінді.
– Зәри!.. Біз жолға аттанғаннан бастап осылай атай бастағам.
– Сізге бір түрлі сөлекет болып тұрған болар… Зәриям бұртиып қалды.
Әдемі қыздың назының өзі соншалықты әдемі көрінді.
– Жарайды онда… Ей, су сұлулары, әдемі Зәридің әдемі сіңлілері, менен сәлем сендерге… Мен суға қойып кеттім.
Үлкен теңізді бірінші рет көріп тұрғаныммен, мен туған ауыл үш бірдей үлкен өзеннің құйғанында болатын. Бір кісідей жүзетін едім. Зәриямға өзімнің қалай малтитынымды көрсетпек болғам.
Құдай атқанда теңіздің суы басқаша болар. Қол-аяғымды біреу тас қылып матап тастағандай икемге келер емес. Бірақ батып бара жатқаным жоқ. Әлгіндегі әлсіз толқындар енді сәл үлкейіп, мені бір-біріне сырғытып, ары алып бара жатыр. Мен енді қорқа бастадым.
– Зәри… – дауысым оғаш шығып кетсе керек.
Қыз жағалауда маған қарап сақ-сақ күледі.
– Зәри, мен ағып барам…
– Ағай, теңізде адам ақпайды… батады…
Оның сөзінің соңын ести алмай қалдым. Кенет су астынан әлдебір жойқын күш түбіне қарай тарта жөнелді. Аузы-мұрныма су кіріп, қақала-шашала тырбаңдап жатырмын. Қас қағым сәтте көз алдымнан бар дүние жарқ етіп өте қалды.

***
Біздің жұмыста үш жылдан бері Зәриям атты қыз істейтін. Қай ауылдың қызы екенін бір біле алмай-ақ қойғам. Сұрағандардың барлығына «теңіздің қызымын» деп күлетін де қоятын. Әйтеуір, маған бір жерден көрген таныс мүсін көз алдыма орала беретін. Бірақ қайдан, қашан көргенімді еш есіме ала алмай-ақ қойғаным. Ол туралы бар білерім, жаңбырдан өлердей қорқушы еді… Қорыққанда сол, жаңбырлы күні сыртқа аттап баса алмай қалатын. Содан кейін де әдейі «теңіздің қызымын» деп айтатын шығар деп ойлайтынмын. Сол қыз бір күні менен:
– Сіз теңізді жақсы көресіз бе? – деп сұрады.
– Білмеймін, ол туралы ойланып көрмеппін… әрі өмірімде бір рет те ашық теңізге шыққан емеспін…
– Пәлі, сіз сұлулықтың не екенін әлі білмейді екенсіз ғой… Қарсы алдымдағы отырған қыз осыны айтып кейіді.
Аз ғана сіркіреп барып басылып қалатын жаңбырдан өлердей қорқатын қыздың маған теңіз туралы айтқаны күлкілі көрінді. Қыз сөзін ары жалғап:
– Сіздің теңізге барғыңыз келе ме? – деп сұрады. Мен күлдім де:
– Иә, барғым-ақ келеді… Неге сұрап отырсың?!. Әлде мені де өзің сықылды судан қорқады деп ойлайсың ба?.. Ұялып қалатын шығар деп ойлағам.
– Жоқ, мен судан қорықпаймын… Мен суды сүйемін… Оның жанары бал-бұл жанып кетті. Жанарындағы құштарлықтың оты жарқ етіп барып, дірілсіз тынық судай дереу мұңға бата қалды. Мен өзімнің баяғыдан бері қалай көз салмағаныма таң қалып отырмын. Қыздың аппақ жүзінде көзге әзер көрінер қаншама ұсақ меңін есептемегенде, нағыз аппақ арудың өзі екен. Мен ұзақ қарадым.
– Ағай!.. – деді ол қайталап.
– Ау?.. – дедім мен де.
– Сонымен теңізге барғыңыз келе ме?
– Иә.
– Онда барасыз ба?
– Мені кім апарғалы жатыр екен онда?
– Мен.
– Ненің құрметіне? – десем де ішім қылп ете қалды. Осындай әдемі қызбен өзім өмірі көрмеген теңізге бару, әрине, ғанибет!
– Сізге сұлулықты дәлелдегім келеді.
– Мен онсыз да көріп отырмын.
– Қойыңызшы…
– Шын айтамын…
– Алдағы демалыста барып қайталық.
– Қай жаққа?
– Теңізге.
– Теңіздің аты бар шығар.
– Жоқ, менің теңізім. Аты жоқ. Қыз қулана күлді де, орнынан лып етіп тұрып есікке қарай беттеген. Одан соң да қаншама рет теңіз туралы әңгімелер болған-ды. Ақыры демалыс уақытына да жеткенбіз.
Бір күні алыс бір теңіз жағалауына баратын екі билетті алып келіп тұр Зәриям. Мен жай әңгіме үшін ғана айтып жүрген шығар дейтінмін. Күтпегем. Ойланбастан келісімімді бергенмін. Тіпті айтарға болмаса, қуанып та қалдым. Зә- ри­­ямның шарты бойынша ешкімге де тіс жармастан бір кеште кете барғанбыз. Енді міне ізім-ғайым су түбіне әлде бір су мақұлықтарына жем болып кетіп бара жатқаным. Аузы-мұрнымнан кірген су қолқамды қауып, есімнен тандырып жіберді.
Мен есімді жиғанымда әлдеқашан кеш батып кеткен екен. Айсыз қараңғы түн айналадан ешнәрсені көрсетпейді. Құлағыма судың гүрілі келді. Денем мұздап, қалтырап жатыр екен. Жалма-жан орнымнан атып тұрып, қайта құладым. Мен тұрған жер теңселіп тұр екен. Аяғымнан тік тұра алар емеспін. Осы кезде барып:
– Ағай! Есіңізді жидыңыз ба? – деген құлақ түбімнен Зәриямның үні естілді.
– Зәриям! Айнам! Мен қайдамын?.. Мені кім алып шықты судан?.. Мен аптыға сөйлеп жатырмын.
– Мен алып шықтым,.. менің кемеммен…
– Қалай?..
– Мен кемеде айтамын дегенімді ұмытпаған шығарсыз…
– Қайдасың? Неге шырақ жақпадың?..
– Шырақ жағуға жете алмай жатырмын.
– Не болды, айнам, сен жараланып қалғансың ба?
– Жоқ, аманмын…
– Онда…
– Дұрысы шырақ жақпай-ақ қояйықшы.
– Неге?
– Сіз қорқып кетесіз…
– Неге?
– Менен…
– Түсінбедім, айнам…
– Онда алдымен сіз тыңдаңыз… Сосын қаласаңыз шырақ жағасыз… болмаса…
– Айта ғой, айнам…
– Әуелі, сізден бір нәрселерді сұрасам? Шыныңызды айтасыз ба?
– Сұрай бер.
– Мойныңыздағы тұмар кімдікі?
– Өзімдікі.
– Өтірік! –оның дауысы зілді шықты.
– Неге өтірік? Мен бұны ес білгелі тағып келемін…
– Қайдан алдыңыз?
– Білмеймін…
– Шыныңызды айтыңызшы…
– Шынымен білмеймін… Тек апамның айтуы бойынша мен ес білмейтін кезде үш жас па, әлде төрт жас шамасында ойнап жүріп жардан құлап суға кетіп қалыппын… Содан ел-жұрт болып неше күн іздеп таба алмай қойған екен. Төртінші күні біреулер «Жалпақ өткел» деген жерден тауып алған екен… Содан үйге алып келіпті… Апам:
–Осы мойныңдағы тұмар сені ажалдан алып қалған болар… бұрын тұмар болмаған… ана кісілер алып келгенде мойныңда жүр екен. Енді ешқашан шешпе… су перісі деген болады… соның шарапаты тиген болар,… – деген. Одан басқа ешнәрсе білмейді екенмін.
– Иә, ол менікі болатын.
– Қалайша?
– Тұмарды ашып көріп пе едіңіз?
– Иә, көргенмін.
– Сондағы жазулардың бас жағындағы сурет есіңізде ме?
Осы кезде барып есіме түсті. Иә, тура сол суреттегі қыз.
– Мен теңіздің қызымын дегенде сенбейтін едіңіз.
– Иә.
– Енді сенетін боласыз.
– Айнам, не айтып кеттің, шырақ қайда?
– Асықпаңыз, мен сіз көре қалатындай халде емеспін.
– Қалайша?
– Мен өз бейнеме қайтқанмын.
Сәл тіксінсем де жүрегімді орнына түсіріп:
– Онда сен кімсің? – деп сұрадым.
– Мен су перісімін.
– Адамдардың арасында не істеп жүрсің?
– Тұмарымды алуға келгем.
– Баяғыда-ақ сұрамадың ба? Қайтарып берер ем.
– Сізден айырылып қалудан қорықтым.
– Неге?
– Сол кезде жардан қалай құлап кеткеніңіз есіңізде ме?
– Жоқ.
– Онда тыңдаңыз. Мен су перісі патшасының жалғыз қызымын. Әдетте су перілеріне адамдар жүрген жерге баруға тиым салынады. Бұл қағида еді… Мен сол қағиданы бұзғам. Ол кезде мен де тым кішкене болғанмын. Сіздің есіңізде болмағанымен, менің көкейімде барлығы сайрап тұр. Су асты әлемінің барлығы әкеме бағынар еді. Содан болар, менің барлық әрекетіме ешкім де шектеу қоймайтын. Мен алыс-алыс өзен суларды, бұлақтарды кезетінмін. Менің жақсы көретін кіп-кішкентай көп балықтарым болды. Солармен ойнайтын едім. Сол жардың түбінде қарғыс атқан бір топ балалар ау салатын еді. Ессіз балықтар соған түсіп қалатын. Әр кез сіз сол балықтарды балалардан қолыңыздағы асық-сақаларыңызға айырбастап алып, суға қайта жіберіп отыратынсыз. Бірде ауға түсіп қалған шабақтарымды босатып аламын деп өзім шырмалып қалдым. Айналада көмекке келе қояр ешкім жоқ. Жанталасып әрбір жібін тісіммен қия бастағам. Сол кезде балықшы балалар келіп ауларын шығармақ болды. Мен суға, олар жағаға тартып арпалысқа түстік. Содан сіз балалармен таласып аудың жібін қолдарынан жұлып алдыңыз. Ашуланған біреуі сізді жарға итеріп жіберді. Сіз шыңғырған қалпы суға құлап түстіңіз. Осы кезде мен де аудан босанған едім. Сіз суға түсе есіңізден айырылып қалдыңыз. Мен сізді алып, әкемнің сарайына жеттім. Болған оқиғаның барлығын айтып беріп ем, әкем сізге қайрымдылық жасап, қайта жер бетіне жібірмек болды… Ол кездегі балалық сезім болар… Мен «ешқайда жібермеймін» деп зар еңіредім. Ақыры әкем маған: «Бұл – басқа жаратылыс. Су әлемінде күн кеше алмайды… әрі әлі жас… өскеннен соң тауып аласың» – деп көндірді. Содан менің мойнымдағы тұмарды тағып, жағалауға шығарып салған. Содан бастап жер бетіне шығып сіз- ді ізде­­­­умен өттім. Ақыры тауып сізбен бірге қызмет істедім. Мені бір күні таныр деп үміттендім.
Бірақ сіз тани алмадыңыз. Ақыры сізді осында алып келуге мәжбүр болдым. Себебі мен тұмарымды сусыз жерде пайдалана алмас едім. Менің денем тек белден жоғары ғана адам сипатты да, одан төмен балық тәнді едім. Жаңбырдан қорқатыным да содан. Суға тап болсам, әуелгі бейнеме қайтып кетемін, содан сақтанатынмын. Енді, міне, мен тұмарымды алдым…
– Шырақ жағайыншы. Мен қыздан өтіндім.
– Жарайды, жағыңыз. Мен қауызда жатырмын, қауыздың ішіне қараушы болмаңыз тек.
Бей-берекет теңселген кеменің ішінде анда бір, мында бір соғылып жүріп Зәриямның нұсқауымен оттық пен көне тоз шырағданды тауып жақтым. Аядай ғана каютаның ішін шырағдан күндізгідей жарқыратып жіберді.
Ортадағы үлкен қауыздың ішінде ернеуіне асылып Зәриям жатыр, маған тесіле қарап. Мен аяғымды аңдый басып таяп келем. Қауыздағы су кемемен бірге шайқалып шып-шып етіп кемерінен асып, еденге шашырап жатыр.
– Жақындамаңызшы,.. – деген Зәриямның жалынышын елемей, таяп келемін. Қауыздың ішінен алтын түстес балықтың жалтылдаған құйрығы суды әлсіз сабалап, бұлғаң қағады. Сырттан ауыр ыңырсып кеменің бүйірін соққан толқын үнімен жарысып сан мың қыздың күміс сыңғырлы күлкісінің үні естіледі. Мен жарты денесі суда жатқан Зәриямның жанына келіп, жантайып отыра кеттім. Зәриям тіпті ажарланып кетіпті. Жарқ ете қалған жанарының өзі жүрегіме ынтызарлықтың тылсым күшін нығарлап тығып жатқандай. Тарқатылған бұрымы тамағыма оратылып қытықтайды. Бүткіл денемді бір ыстық, бір суық ағын бойлай қуалап, Зәриям қызды құшып үнсіз отырмын.
– Ағай, мен сізді енді жерге жібергім келмейді… Үнсіздікті Зәриям бұзды.
– Айнам менің,.. енді не істейміз?.. Мен шынымен сұрап отырмын. Менің де Зәриямды қалдырып кетуге жүрегімдегі тулаған ынтызарлығым жіберер емес.
– Мен сізді су астына алып кетер-ақ едім.
– Сенімен қайда болса да баруға әзірмін, айнам.
– Жоқ, сізді су әлемі қабыл алмайды екен.
– Неге?
– Сіз су қағидасын бұзғансыз.
– Қалай?
– Балық жегенсіз…
– Несі бар, жер бетіндегілердің барлығы жейді.
– Сол үшін де жер бетіндегілердің барлығы суда тіршілік ете алмайды.
– Не істейміз онда?
– Осы кемеде өмір бойы менімен қала аласыз ба?
– Қаламын! – деп мен еш ойланбастан жауап қайтардым.
– Дауыл тұрайын деді.
– Не істейміз?
– Палубаға шығыңыз. Оң жақтағы жақтаудың қасында айналмалы шығырық тұр. Соны ақырын босатыңыз. Сосын арқанды саумалап жіберіп отырсаңыз, желкен түседі.
Мен тепкішекпен өрмелеп палубаға шықтым. Арлы-берлі шайқалақтап жүріп желкенді әзер түсірдім. Біз ұшы-қиыры жоқ алып теңіздің ортасында кетіп бара жатқан сықылдымыз. Бірін-бірі сабалап буырқана атқақтаған толқындар үйдей-үйдей болып келіп, кемені бірінен соң бірі соққылайды. Бірі тұмсығынан іліп алғандай кемені аспанға қарай шалқалатып алып бара жатса, енді бірі құйрығынан салақтатқандай қылып кеменің тұмсығын теңіздің түбіне бағыттап, тастап кеп жібереді. Толқыннан толқынға лақтырылып қалқақтап келе жатырмыз. Сыртта тұра беруге дәтім жетпей, асығыс каютаға түстім. Зәриям жатқан қауыздың ернеуіне келіп әлде бір көне тоз матрасты астыма төсеп жантайып жаттым. Жантайып жатып ұйықтап кетіппін.
Мен оянғанда әлдеқашан күн шығып кеткен екен. Жалма-жан қауызға қарадым. Зәриям жоқ. Менің Зәриям… менің аяулым… менің жаным… айнам… Жүрегім дір ете қалды… Кешеден бергінің барлығы түс емес пе деп ойландым. Жоқ, сол каютаның іші. Асығыс палубаға шықтым.
Жоқ, менің түнімен кеме деп жүргенім шағын каюталы ескі желкенді қайық екен. Тұмсық жағында Зәриям теңіз бетінің ащы күніне қыздырынып жатыр. Кәдімгі адам бейнесінде, аяқтары да орнында, баз-баяғыдай. Мен тосылып қалдым.
– Ағай, келсеңізші… Мен жайлап басып оған таяй бердім.
– Өз көзіңізге өзіңіз сенбей тұрсыз ба?
– Түс көрдім бе деп тұрмын.
– Жоқ, өңіңіз. Мен тек түнде ғана өз бейнеме қайтамын да, күн шыққанда адам кейіпіне ене аламын…
Мен оның сөзінің соңын күтпей бас салып құшырлана өптім. Қайықтың бүйірін соққылаған толқындардың сартылы маған ең жағымды музыкаға айналып кеткендей болды. Түс әлетінде Зәриям тамақтануға шақырды. Мен өмірі татып көрмеген әлдеқандай бір тағамдармен тамақтандық.
– Біз қайда бара жатырмыз? – деп сұрадым Зәриямнан.
– Таусылмайтын сапарға…
– Қандай?
– Бұл қайықта ескек жоқ.
– Дұрыс болған, ескекші де жоқ қой.
– Мына алып толқындар таусылады деп ойлайсыз ба?
– Жоқ.
– Онда біздің сапарымыз да таусылмайды… Біз енді толқындардың құзырындамыз…
Ол маған қарап наздана күлді. Оның күлкісі айдың аппақ сәулесіндей, күннің шуақты нұрынан да құдіретті еді.
Одан ары ешнәрсені қаузамадым. Зәридің айдай жамалына мастанып қараған сайын көз тойдыра алмай қарай бергім келеді.
Кеште жартылай балық, ал күндіз адам бейнелі Зәриям мен үшін әлемдегі ең қымбатты ынтызарым екенін ұқтым. Түнімен асау толқындармен арпалысып каютаға толып кеткен суды шелектеп сыртқа шығарып, күндіз Зәриімнің құшағында махаббаттың бал шәрбәтына мастанып ұйқыға кетемін.
Бізді ескексіз қайықты толқындар бірінен-біріне жалғап, таусылмайтын алыс сапарға қарай өздері алып бара жатыр.

ҚҰБЫЖЫҚ

Жайлау. Самал жел қарағай басын ырғаған салқын түн. Арғы шеті қараңғылық құшағына астасып, тұтас бетті алып жатқан қалың қарағай. Бергі етегінде шағын ауыл. Шамасы елу-алпыс, ылғи шәкене ит арқалар, ара-арасында төбесін жай буып, үстіне бар-жоғын жаба салған қара қостар. Аспандағы көшкен ала шарбы бұлт арасынан толған жап-жарық айдың сәулесі анда-санда жарқ етіп қалады.
Алыс беттен сұңқылдай жылаған байғыз үні естіледі. Үй маңында борт-борт күйіс қайтарған сиырлар мен анда-санда мекірене маңыраған қоралы қой. Еміс-еміс пысқырынған жылқы. Көксау қойдың күрк-күрк еткен жөтелінен өзге түн тыныштығын бұзар ешнәрсенің дыбысы естілмейді. Кенет жағалай отырған қалың жаппаның арасынан көз ілеспейтін жылдымдықпен әлдеқандай бір бозғылт нәрсе қатты ысқырық шығарып, зу етіп өте шықты.
Әлгінде ғана сілтідей тынған тыныштық әп-сәтте тас-талқан болып, ауылдың маң төбеттері құтырына арсылдап ала жөнелді. Ауыл шетіндегі қойшының жаппасының босағасында жатқан кішкене ақ күшік шабалана үріп, ауылдың аяқ жағына қарай жүгіріп барады.
Әр үйді жағалай жатқан қоралы қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқылар шұрқырай кісінеп, ауылдан алыс үрке жөнелді. Үріккен жылқылардың соңында қалған ала жабағының шапқылап келе жатып қасынан жарқ ете түскен бозғылт сәулемен бірге құлындай шыңғырған дауысы шығып, басы жұлына қалықтап, анадай жерге дейін ұша жөнелді де, омақаса домалап барып топыраққа көміліп қалды.
— Не болды?
— Не сұмдық? – дескен жұрт жапа-тармағай киімдерін киюге үлгірмей тысқа атып-атып шығысқан.
— Құлағыма бір жағымсыз ысылдаған үн келгендей болды… Сосын бірдеңе жалт етіп өтіп кеткендей… Басымды көтеріп қарасам, қостың бір қанатын жұлып кетіпті…
— Мен де не болғанын аңғара алмай қалдым.
— Бақсы атаң қайда?
— Бақсы аталарың үйінде ме еді? Ұлар-шу болған жұрт ауыл қонған кең сайды құлдай жөнелді. Ауылдың аяқ жағындағы шаршылап аппақ матамен тысталып тігілген үйге қарай бет алды. Он-он бір жас шамасындағы ер баланың жетектеп жүрген үлкен сары мойнақ төбеті арс-арс етіп баланы дедектете жұлқып, бақсы шалдың үйіне таяу бұлаққа қарай сүйрей жөнелді. Баланы ұстап қалмаққа топтың ішінен екі жігіт бірдей ұмтылысты. Білегіне оралып қалған иттің қарғыбауынан босана алмай бала шырқырап барады. Ит қуғыншыларға жеткізер емес. Бұлақ басына таяп қалғанда, жақын тұрған бақсы шалдың үйінің бір орнында шыр айналып тұрғанын көріп кілт тоқтай қалған ит, қыңсылап кері қарай қаша жөнелді. Үйдің қырық шоқпыт көп тесігінің ішінен көз ұялтар бір жасыл жарық жарқылдайды. Бала шалынып жығылып қалды. Манағы екі жігіт енді жете бергенде иттің мойнындағы қарғыбау бырт етіп үзілді де, жанталаса қашқан ит ана екеуінің басынан қарғып, қаңқылдаған қалпы қалың жұрттың арасына кіріп тығылды. Үрейленген жұрттың манадан бергі ащы шуылы пышақ кескендей тынды. Қалың қарағайдың етегіндегі кішкене тепсеңге, темір қазыққа арқандалған бес-алты жылқы арқанын бірінен соң бірі үзіп алыс сай аузына қарай үркіп барады. Манағы екі жігіттің біреуі ке- йіндеп қалды да, енді біреуі орнынан тұра алмай шырқырап жатқан балаға қолын соза бергенде артындағы:
— Қайт, кейін қаш, – деп баж ете қалды. Баланың жер тырнаған саусағына қолы жете бере баланы әлдене ары қарай жұлып әкетті. Орнында тек жұлынып қалған сұқ саусағы шоршып жүр. Көзі бақжаң ете қалған жігіт басын оқыс көтеріп қалды. Қарсы алдында ұп-ұзын бозғылт жамылғы оранған, шашы дудар-дудар дәу біреу баланың бір сирағынан көтеріп аспақтап тұр. Бала талықсып қалған тәрізді, үні шықпайды. Қарсы алдындағының беті шала-пұла көрінеді. Жүрелеп отырып қалып, орнынан қайтып тұра алмай қалған жігіт қарсы алдындағыға аз-кем қарады да, көзінен бір ұшқын жарқ ете қалып, бірдеме деп тіл қатпақ болды. Ерні жыбырлап орнынан ұмсынып тұра бергенде қарсыда тұрған құбыжықтың сол қолындағы орақ іспетті қанжар жарқ ете қалды. Орнынан енді көтеріле берген жігіт өкіріп барып етпетінен түсіп, жанталасып тыпырлай бастады. Шаққа дегенде тулап жатқан денесі шалқалады да, тамағынан орылып қалған басы сол қалпы бетімен жер құшып жатыр. Қиылып кеткен күре тамырдан қор-қор етіп қан атқақтайды. Манағы «қайт кейін» деп баж ете қалған жігіт сүріне-қабына ұйлығысып қалған топқа қарай ұшып келеді.
— Не бәле?
— Анық көре алдың ба?
— Бала қайда?
— Елдар қайда?
– Менің құлыным! – деп жас келіншек бейберекет бажылдап, анаған бір, мынаған бір жүгіріп жүр. Өз үніне тұншыққан жігіт қақалып-шашалып сөйлей алар емес. Алақтап, жан-жағына қарай береді. Бар айтқаны: «Кім…кім… ана кім қолында орақ… басын шапты… басын…» деп ежіктегенінен ешкім еш нәрсе ұға алмады.
– Кім ол? Ұғындырып айтсаңшы! – деп қаумаласқан жұртқа ары қарай ешнәрсе айта алмаған жігіт қалшылдап барып есінен танып қалды.
Ұйлыққан топқа қараңғы түнді жарып шатынай жанған екі жанарын кірпік қақпай сәл-кем қадап тұрған құбыжықтың көзінен жап-жасыл бір от жарқ етті де, қолындағы баланың денесін аспанға қарай бірнеше рет бұлғап-бұлғап алған бетте қалың қарағайға қарай көз ілеспейтін жылдамдықпен зу етіп кіріп, жоқ болып кетті.
Қалың адамның ішінен басында аппақ жаулығы бар бір кемпір бар дауысымен ойбайлап тамағынан қан әлі тоқтамай атқақтап жатқан жігітке қарай көйлегінің етегіне шалына жүгіріп жетті де, денеден бөлек сылқылдап бос қалған басты құшақтап өкіріп барып талып қалды. Жұрт сақтана басып талып қалған кемпірге қарай келе жатыр.
Бақсы шалдың үйі енді айналғанын тоқтатып, әредік дүр-дүр етіп орнынан қозғалып қояды.
– Маран аға, ана кісі есінен танып қалды.
Кемпірді өліктен бөлектеп алған жас жігіт шамасы қырықтардағы жігіт ағасының жеңінен тартты. Кемпірдің қасына келген еркек бақсының үйіне таяу жердегі сылдырлап ағып жатқан бұлаққа барды. Тақиясымен су алмаққа суға батырып кеп қалғанда судың түбінен бір етсіз қусүйек қол ұстап қалмаққа атып келе жатқанын көріп барынша жылдамдықпен тақиядағы судың жартысын шайқалақтата төгіп, қолын тартып алды. Су шолп ете түсті де, қап-қара болып түк көрінбей қалды. Ішінен әлденені күбірлеген еркек жіті басып кемпірдің қасына келді де, бетіне су бүрікті. Бақсы шалдың үйіне қарай жылыстап бара жатқан адамдарға әлгі еркек:
– Андағы бұлақтан алыс жүріңдер… маңайына таяушы болмаңдар, – деп айқай салды. Бұлақтың маңына жетіп қалған жұрт алқа-қотан жапырыла кейін қашты. Бұлақтың бас жағын айналып, бақсының үйіне қарай ентелей түсті.
– Бар пәлекет осы жын қуған шалда, – деп әлдебіреу жерден бір кесек тасты алды да, үйге қарай жіберіп қалды. Шатырдың қабырғасына тиген кесек тас дүңк ете түсті. Ішінен бүркіттің пыштақтаған даусы естілді. Сырттағы адамдардың бәрі жапа-тармағай бақсы шалды қарғап-сілеп қолдарына ілінген заттың барлығын үйге қарай тарсылдатып жіберіп жатыр.
Үй ішінде қабырғадан қабырғаға соғылып, бауыры саржағал үлкен қара бүркіт тоқтаусыз пыштақтап айнала ұшып жүр. Отты жанары жарқ-жұрқ етіп көзге ұрады. Үйдің тура ортасында сақалы белуарына түскен, шамасы жетпіс жастан асқан шал аппақ дамбал-жейдемен лаулай жанған оттың алдында көзін тарс жұмып, ерні тоқтаусыз жыбырлап, күбір-күбір етіп отыр. Шал жуандығы сұқ саусақтай қара ала арқан мен сары ала қамшының сабын беліне салып бұрап отыр. Белі үзілуге шақ қалған. Қылдырақтай ғана болып тұр. Шал арқанға көлденең салған қамшыны бұраған үстіне бұрай түседі.
Сырттағылардың лақтырған тастары үйдің ана жер, мына жерінен тасырлап түсіп жатыр. Үлкендігі жұдырықтай бір тас үйдің ішін шыр айналып ұшып жүрген бүркіттің кеуде тұсына тарс ете қалды. Қабырғаға соғыла құлай жаздаған бүркіт ащы бір шаңқ етті де, желпілдеп тұрған түндікті тесіп өтіп аспанға қарай заулай жөнелді. Осы кезде барып шал көзін ашып, үйдің төбесіне бір қарады да, ыңырана күрсініп белін бунаған арқанды асығыс босата бастады. Бірақ босатып үлгірмей бір тас шалдың қақ маңдайынан тиді де, шал бір жағына қарай жантайып құлап бара жатты.
Бетіне шашылған судан есін жинаған кемпірді бауырына қысып құшақтап отырған еркек:
– Е, жаратқан ием, кесапатыңнан сақтай гөр, немізбен жақпай қалдық екен саған! – деп өзінің екі саусағы түбінен жұлынған мұқыл қолына қарап күңірене ауыр күрсінді. Манадан бері алғашқы орнында бүрісіп ыңырана сандырақтап отырған балаң жігіттің жанына барды да, бетінен аямай шапалақпен осып-осып жіберді.
Сонда барып жігіт есін жинап:
– Маран аға-ау, не болды? Өз көзіме өзім сенбей қалдым, сұмдық… – деп сөйлей бастап еді:
– Ана кемпірдің қасына бар… Еш нәрсе етпейді, қорықпа, – деп зеки сөйледі де, жігітті қолынан демеп тұрғызып жіберіп, өзі бақсы шалдың үйін қоршап алып тас жаудырып тұрғандарға қарай жүгіре жөнелді.
– Тоқтат! Түге, естеріңнен ауысқансыңдар ма? Тоқтатыңдар!
Оның саңқ ете түскен дауысынан шулаған жұрттың барлығы бірдей, кейбірі еңкейген қалпы, кейбірі алақандарындағы әр түрлі пішіндегі тастарын мыта ұстаған қалпы тұрып қалды.
– Тоқтатыңдар жарқындарым, айдаладағы бейшара шалда нелерің бар? Батырлықтарың ұстап бара жатса бірін өлтіріп, бірін тірідей алып кеткен ана құбыжықтың артынан неге бармайсыңдар?..
Осы кезде бағана баланы сүйрей жөнелген сармойнақ төбет етегіне оралып жүрген келіншек тағы баж ете қалды да, құбыжық кіріп кеткен қарағайға қарай:
– Құлыным-ау, құлыным… – деп аңырап тұра кеп жүгірді.
– Ұста ананы! Жазым болады, жіберме! Маран аға тағы саңқ ете түсті. Жақын тұрған бір саркідір әйел екі-ақ аттап әйелді қуып жетті де, қолтықтап адамдардың арасына қарай сүйрелеп келеді.
– Абыстай-ай, жіберші, жар дегендегі жалғыз құлыным ғой. Ағекем-ау, бір көмегіңізді беріңізші. Адамдар-ау, неге тұрсыңдар, менің құлынымды тауып берсеңдерші. Оның жылау араласқан соңғы сөздері ұғылмай қалды.
Маран ағаға бүкіл ауылдан қарсы тіл қайтаратын ешкім шықпады, бәрі түстері сұсты, тістері шықырлап шалдың үйін ішіп-жеп қарап тұр.
Маран аға үйдің сыртқы қайырма есігін сілкіп төбесіне қарай лақтырып тастады да, жарма есікті шиқ еткізіп ашып, ішке еніп кетті.
Үй ішінде шал бір жағына жантайып, аузынан ақ көбік ағып, талықсып жатыр екен. Ішін бунаған арқаннан ауырсынып, әлсін-әлі қатты ышқынады.
Шалдың беліндегі жіпті босатып сыртқа алып шыққан Маран аға қаумалаған жұртқа зілдене:
– Бұл шалдың не жазығы бар, керек десеңдер осы зұлматты тоқтататын тек осы шал ғана, – дегенде манағы қарағайға қарай баласының артынан жүгірген әйел енді шалға қарай жүгірді.
– Қасиетіңе бас иейін, атекем-ау, менің құлынымды құтқаршы,– деп шалдың алдына құлай кетті. Бақсы шал да есінеп, орнынан қыбырлап тұрып келе жатты.
Ауылдың бар адамы бақсы шал мен Маран ағаның жан-жағын қаумалап қоршап тұр.
– От жағыңдар, өшірмей жағыңдар. Бүгін аспан ашық болып тұр, жаңбыр жауа қоймас. Жан-жақтан от жағып, соның маңынан кетпеңдер, – деп бұйырды бақсы.
Лезде лаулап от жанды. Қарағайдың қу бұтақтары ша- ты­­­­­­рлап жанып жатыр.
– Бұл осыдан отыз жылдың алдында ғана болған. Сол қайта қайталанып жатыр. Бақсы шал сөзінің соңын аяқтамай аузына лапылдап жанған шаланы тістеген қалпы лаулап жанған отты арлы-берлі кесіп өтіп, бақсылық ойынға кіріскен.
Лаулаған отты айналып ұйлығысып тұрған топтың арасында Маран аға әлдекімдерге сөйлеп тұр.
– Менің де есіме бірдемелер түскен тәрізді. Ой-хой, жалған-ай десеңші! Міне, мынау, сол зұлматтан қалған белгі. Ұлардай шулап отырған бір ауыл бір түнде қырылып жоқ болды. Дегенмен тағдырдың жазуына кімнің кесе көлденең болуға шамасы келсін. Сол ауылдан тек жалғыз бала ғана аман қалған еді. Ал мынау зұлматта тура сондай сықылды көрінеді маған. Соның бір шалығы емес пе деп қорқамын, – деп манағы шолақ қолына қарап сөйлеп кетті.
Бақсылық ойынын бір сәтке тоқтатқан шал Марандардың қасына келді де, маңдай терін сүртіп жатып:
– Иә, иә, Маран, сенің айтқаныңның да жаны бар. Бұл да сол отыз жылдың алдындағы сен көрген зұлматтың өзі бомаса да, соның жалғасы.
– Бұл да кәдімгідей адам. Осы ауылдың кірмесі, ана мылқау қойшының асыранды баласы.
– Қойыңыз.
Жұрт маңайына тімтіне қарап қойшы шал мен кемпірді іздеді. Бірақ оларды таба алмады.
– Соның қалай келгенін біле бермейсіңдер ғой. Алғаш әкелгенде мен қарсы болған едім. Е, адамбыз ғой, басқа түскенде болмаса басқаға сенбейтін. Шал ауыр күрсінді. Маран аға үнсіз ойға кетті.
– Менің қара дәуім болғанда одан аман қалар едік. Оны шамырқандырып қуып жібермегенде, бүгін бәрінен құтылатын едік. Ол адам етін жеген албасты әйелдің құрсағынан шыққан бала, – деді шал қайтадан сөзге келіп. Шал Маран ағаға өзінің білгенін айтып отыр.

* * *
Кешкі мезгіл. Қалың нулы қарағайдың ортасын ойып отырған шағын ауыл. Аппақ шағаладай самсаған қалың киіз үй. Қайшыласқан қалың адам. Ортадағы үлкен алты қанатты ақ үйде ас берілген. Үй маңындағы адамдар әлі тарқай қоймаған. Үй іші де тола адам. Кешкі асқа отырған. Есіктен кіре марқұмның бар киім – кешегі, ат-әбзелдері, қару-жарағы ілулі тұр. Төрде отырған ақбасты шалдар мен ақсамайлы кемпірлер алдарындағы төбе дастарханға қолдарын марғау созып, қызу әңгімеге кірісіп кеткен.
– Жас болса да осы ауылға бас болған еді.
– Қайдан жабысқанын білмедік, кешкісін ат суғаруға кеткен. Есіктен кіре «Апа!» деп бір шыңғырды да, құлады. Арғы ауылдағы бақсыны алдырғанымызша ет асым уақытқа жетпей-ақ, арып-таласып жатып кетті де қалды… Құлыным… Шәкене қара кемпір көзінен жас тоқтаусыз парлап отыр.
– Бақсы не дейді сонда?
— Жын соғыпты. Қап, әттең, үйге кіргізбей аластап жіберсеңдер аман қалар ма еді, – дейді. – Ол жас қой, білмеген біз де аңдамай қалдық.
– Артында тұяғы қалды ма?
– Жоқ, үйленгеннен кейін екі айдан соң қыршыннан қиылып кетті ғой, құлыным. Жоғарыда отырған үлкен ақ кимешекті жолаушы кемпір құтығуырлап сұрап отыр.
– Келініңіз қайда? – деп сұрады.
– Жас қой, кешеден бері жоқтау айтып сілесі қатқаннан кейін жаңа шайға көмектесші деп сыртқа шығарған едім, – деді қара кемпір.
– Шай алыңыздар, тамақ алыңыздар…
Сыптырғадай күтуші жігіттер шыны-аяқтарды қолдан қолға тигізбей алып-беріп жатыр. Есікті керіп тұра қалған балаға төрде отырған кемпір «керме босағаны…» деп зекіп қалды. Кемпірдің зілді дауысынан жасқанған бала сыртқа қарай шегініп шыға бергенде:
– Ойбай, күйесің ары! – деген әйел дауысы шықты да, баланы кимелеп шыға берді. Жас келіншек буы бұрқыраған самаурынды жалғыз өзі көтеріп ішке ентелеп келе жатты. Асығыста табалдырықтан сол аяғымен аттап кіріп кеткенін манағы кемпірдің көзі шалып:
– Тәйт ары, табалдырақтан сол аяғымен аттағаны несі, – деп саңқ ете қалды. Үйдегі отырғандардың барлығы келіншекке жақтырмай қарасты. Қатты қысылып қалған келіншектің көзінен бір тамшы жас ытқып кетті де:
– Кешіріңіздер!– деп самаурынды шай құйып отырған жас келіннің қасына қойып, иіліп сәлем етті де, шегінген қалпы есіктен шыға жөнелді.
– Е, бейбақ, осы менің келінім,– деді үй иесі кемпір төрдегіге манағы сұраққа берген жауабының қалғанын жалғап.
Ернін сылп еткізіп ішінен бірдемелерді күбірлеген жо- ла­­ушы кемпір одан ары ешнәрсе сұрамады.
Үйден шыға жанарына лықсып келіп қалған жасты еркіне жіберген келіншек босағадағы қазықта ілулі тұрған шелекті алды да, төменгі жылғадағы бұлаққа қарай жіті басып кетіп бара жатты. Келіншек келе жатқан бұлақтың басында үлкен қара ала ит бұлаққа қарап тап-тап беріп, арсылдап тұр. Қарала ит келіншекті көрді де қыңсылап келіп аяғына сүйкенді. Көзінен жас парлап қорланып келе жатқан ол қолындағы шелекпен итті басынан қойып кеп қалды. Ит қаңқ етіп тұра қашты.
Үй жақтан әлдебір ер адамның қарлығыңқы зор дауысы естілді.
– Кім-ей, екі кештің арасында суға бара жатқан, қайт кейін!
Келіншек аузы жыбыр ете түсті, үні сыртқа шықпады. Бұлақтың терең тұмасына шелекті батыра су бетінде қалқып тұрған малдың шикі өкпесін көрді де, тағы аузы жыбыр ете қалды. Суды ала беріп қараңғы су түбінен өзінің жап-жарық суретін көріп: – Көтек… – деп селк ете бойын еріксіз жинай берді. Қас пен көздің арасында су ішіндегі өз бейнесі адамның қу қаңқа сүйегіне айналып білегінен бас салды.
Көзі алақандай болып шарасынан шығып кете жаздаған келіншек баж ете қалды.
Қатты шыққан әйел дауысын ауыл адамдарының бәрі естіді. Үйден атып-атып шығып бұлаққа қарай жүгірісті. Алдымен жеткен еңгезердей қара жігіт суға етпетінен құлап жатқан келіншекті судан жұлып алды. Денесі былқ-сылқ, жан жоқ.
– Жаратқан ием, өзің пәле-қазаңнан сақтай гөр! – шөкімдей ғана қара кемпір келіншекті жас балаша екі білегіне салып көтеріп бара жатқан жігіттің алды-артына шығып дедектеп жүр.
– Екі кештің арасында бұлақтың басынан не іздеп жүр?!
– Жас қой, ненің парқына барар дейсің?
— Бірдеменің шалығы тиген шығар, – әркім бір-біріне күбір-күбір етісіп шұбап келе жатты. Жігіт үйдің алдына жете бергенде манағы ұрысқақ жолаушы кемпір тағы шаңқ ете қалды.
– Тоқтаңдар, алдымен құрым киізбен қағып, аластап барып кіргізелік.
Елдің күңіренген күбірі мен шулаған балалардың дауысынан жігіт кемпірдің дауысын естімеді ме, әлде елемеді ме, түрулі тұрған есіктен бір-ақ аттап ішке кіріп кетті.
– Ау, басқын басқан көксоққыр сол! Керең болдың ба? – Кемпір шаңқылдай сөйлеп үйге енді. От жақтағы шымылдық құрулы төсекке әйелді жатқызып енді шегініп шығып келе жатқан жігіт өзін қарғап сілеп жатқан кемпірге қарап ыржиып күлген болды.
– Шығар ана қатынды! Ой көксоққан сол… Әй, қайдасыңдар, құрым киіз беріңдер, арша тұтатыңдар… Үйге кіргізбей қағу керек еді. Енді, әй, қайдам бәрі бір жаратқанның қолында. Арша тұтатылып, келіншек сыртқа шығылды, әлі ес-түссіз жатыр.
– Алас! Алас! Бар пәледен қалас… Кет, пәлекет кет! Сұф… – деп кемпір бір қолында қарақұрым киіз, бір қолында үлкен кесе толы су бар. Құрым киізбен қағып, тұтанған аршамен аластап, су бүркіп ұшықтап жатыр. Бір сәтте барып келіншек ыңыранып есін жиды. Ерні дір-дір етіп бірдемелерді айтқандай болды. Бірақ онысын ешкім ести алмады. Манадан бергі арпалыстан дағдарып қалған кемпір қолындағы кесені біреуіне ұстатты да, екі-үш жігітті шақырып алып:
– Мықтап тұрып төрт қазық қағыңдар, – деп қазық қағатын жерді адымдап көрсетіп жүр. Ені үш адым, ұзындығы бес адым жерді көрсетті де:
– Осыған мықтап тұрып қазық қағып, мықты қайыс арқан алып келіңдер, – деп жұмсады. Қазық қағылып, арқан дай­­­­ын болған кезде есін енді жиып, басын көтеріп жанындағы мосқал әйелге сүйеніп әзер тұрған келіншекті қазыққа керіп байлап тастауға бұйырды. Келіншекті айнала үйіріліп жүрген манағы кемпір бастаған біраз адам шулап кетті.
– Өзінің жаны қиналып әзер тұрған адамды байлағаны несі, әкем-ау…
– Жынданған шығар, қақпас.
– Әкесі даңсалы бақсы адам еді, жарықтық. Мұның да бір шалығы бар-тұғын. Бірдемені білетін шығар, айтқанын істеңдер, – деді бір шал.
Ақыры келіншекті шырқыратып жүріп қазыққа керді. Төрт жағынан жеті-жетіден қадамаралық тастап от жақ- қызды.
– Босап кетпесін, көз ілмей байқап отырыңдар, таңға де- йін аман жетсек бәріміз де зауалдан құтыламыз, – деп кемпір денесін тік ұстап үйге қарай кетті. Байлаулы жатқан келіншектің маңайындағылар:
– Құтырған шығар, қақпас. Өлгелі жатқан адам қайтып босай алсын, – деп қыжыртысты. Аз-кем біреулері тіксіне қарап, шегіншектеп кетіп бара жатысты.
Манағы шәкене қара кемпір келіншектің аузына әкеліп су тамызды.
– Қарғам-ай, апақ-сапақ уақытта суға несіне бара қалдың? Тартқан бейнетің-ау, босатыңдаршы. Ау, балалар, көріп тұрып өлтіресіңдер ме?– деп шандып байланған қайыс арқанды босатпақ болып еді, үйден қолына лаулап жанған оттың жарығымен сабы жалт-жалт еткен сара ала қамшы алып шығып келе жатқан кемпірді көріп тосылып қалды. Кемпір байлаулы келіншектің қасына келді де, жерді қамшымен сабалай айналып жүр.
– Кет, пәлекет, кет! Әруағыңа бас атакем, қолдай гөр мына пақырыңды! Қолдай гөр мына күнәһар пендеңді, құтқара көр! – әлдекімдермен айқайласып, ұрысып, әлдекімдерге жалына жалбарынып жүр. Терістік жақтан жел тұрып, отты лаулата түсті. Бала-шағалар қаптап, қу бұталардың үсті-үстіне салып жатыр. Тырс-тырс етіп жаңбыр жауа бастады. Жаңбыр сәлден кейін күшейе түсті.
– Отты өшіріп алмаңдар! Үстіне май құйыңдар, – кемпір шыр-пыр бола қалды. Жұртшылық жан таласып отты өшірмеудің қамына кірісті. Аспан жарқ ете қалды да, құлақ тұндыра күн күркіреді. Кемпір отыра қалып қолын көкке жайып күбірлеп, бірдемелерді зарлана оқи жөнелді. Манадан бері сұлқ жатқан келіншек шиыршық атып, қазықты солқылдата жұлқынды.
– Қарғам-ай, қарғам… – деп, қасына жетіп барған шәкене кемпір келіншектің бетіне қарап қалып, баж ете қалды. Жанарынан қып-қызыл жарық шығарып, тістері алмас пышақтай жарқ-жарқ етіп, қайшыланып жатыр екен. Күн күркіреген сәтте жаңбыр төбеден шелектеп төгіп жібергендей болып құйып кетті де отты бор еткізіп өшіріп тастады да, сап тиылды. Аспанды жапқан қара бұлт лезде ізім-ғайым жоқ болып, ай топ-толық болып жарқ ете қалды. Қалың жаңбырдан өшіп қалған оттың шаласынан көк бу аралас түтін бықсыды.
– Отты жағыңдар! Отты… – Кемпір өзі талықсып кетті. Ел от жағу үшін жанталасып, бірін-бірі соға-моға қайшыласып жатқанда, арлы-берлі бұлқынып жатқан келіншек ышқына бір айқайлады да, неше қабат қайыс арқанды бырт-бырт үзіп орнынан тұрды. Маңайдағы мал үркіп, иттер қыңсылап адамдардың етегіне кірді.
– Сұмдық! О, тәңір ием, өзің жар бола гөр! – жұрт шуласып кетті. Талықсып кеткен кемпір енді төрт аяқтап шеткері қарай қашып бара жатыр. Аппақ көйлегі лай батпаққа былғанып, жағал тартып ағараңдайды.
Жұрт бейберекет шулай бастады. Шеткеріде тұрған шамасы жеті-сегіздердегі ұл бала сайды құлдап шауып бара жатқан аттың жалына көз ілестірмей жармаса кетті. Сүйретілген шылбырды жинап ала бергенде бір нәрсе жанынан жарқ етіп жанап өте шықты. Аттың жалына жабысып жатып шұбатылған шылбырды ұстаған оң қолын көтеріп көз алдына әкелген бала шыңғырып жылап келеді. Оң қолының екі саусағын түбінен бірдеңе қиғаштап кесіп кетіпті. Қан атқақтап тұр. Жалма-жан аттың жалының астына қолын тыға қойып, шырқырай атты тебініп барады. Ат оқтай зулап сай аузына қарай қараңғылыққа сіңіп көрінбей кетті.
Ауылдан одан өзге тірі жан ешқайда қашып құтыла алмай қалды. Көздері қып-қызыл шоқша жайнаған келіншек тістерін әлі сақ-сақ еткізіп, қайшылап жүр. Көйлегінің етегі жырым-жырым болып жыртылып жүргенде дүр-дүр дыбыс шығарып алдымен бұлаққа барды. Еңкейіп бірдеме алғандай болды да, қас пен көздің арасында үстіне алажағал бірдеме жамылды да, қолына орақ іспетті бір нәрсені алып қолын көкке көтерді. Атқан оқтай болып зу ете түсіп, әлі еңбектеп қашып бара жатқан кемпірді ну қарағайдың етегіне жеткізбей жанап өте шықты. Кемпірдің басы бір жаққа, денесі бір жаққа кетті. Жұрт тағы шу ете қалысып, отыра қалып, қолдарын көкке көтеріп тәңірлеріне жалбарынды. Келіншек ұйлығысып отырған жұртты жарқ ете қалған сәуле іспетті арлы-берлі әлденеше рет кесіп-кесіп өте шықты. Көз алдарына келіншек көрінбей қалды. Тек отырғандардың бір сызықтың бойымен шетінен тамақтан бауыздалып бір жақтарына қарай құлап жатқанын ғана көрді. Әп-сәтте барлығы қанға белшесінен батып, өлі денелері ылғи бір жақтарына қарай қисайып жусап жатты. Маңай өлі тыныштыққа ­ұла­­­­­­­­­­­­­­­сты. ­­­­­­­­­­­­­­­Алғашында-ақ басы мен денесі екіге бөлініп қалған кемпірдің бір санын көзін тарс жұмып алып шылпылдата мекіреніп жеп отырған келіншектің аузы басы қызыл қанға боялған.

***
Сызып таң атып келе жатты. Күннің жалқын сәулесі таудан асып маңайға түсе бастағанда келіншектің түнде бұлақтан барып алған жамылғысы күннің сәулесімен көкшіл түтінге айналып жоғалып бара жатты. Көзі шарт жұмулы келіншек қолындағы кемпірдің жіліншігін әлі тауысып жеп отыр. Жамылғы ғайып болған сәтте көзін жарқ еткізіп ашып алып, қолындағы адамның сирағын көріп баж етіп, талып қалды. Біраз уақыттан кейін есін жиған ол ойбайлап шыңғыра жылап, өз басын өзі жерге тоқпақтап, өзін-өзі қарғап-сілеп, айқасып жатқан өліктің анасын бір, мынасын бір «Ағакем-ау, апатайым-ау, атакем-ау» деп зарлай жылап, шарқ ұрып жүрді. Күн түс әлеті болайын дегенде есінен мүлде адасып жылағанын қойды да, шарқылдап күле бастады. Шеткері жатқан, түндегі өзін бұлақтан көтеріп келген жігіттің мәйітінің қасына барып:
– Тұр, Есет! Тұр… Сен неге жатырсың, жүр кеттік, анау күнгі жерге барамыз, – деп етпетінін жатқан жігітті аударып шалқалатты. Басының бір жақ жартысы жоқ, тамағынан орылған, бетін қан жауып кетіпті.
– Ұу, ауыра ма, қатты ауыра ма жаным? Тұршы, келші, сенің құшақтағаныңды сағындым. Анау күнгідей тағы құшақташы… шешінші… Ыржалақтап жүріп өліктің қан-қан киімін сыпыра бастады.
* * *
Кеш бата жайрап жатқан қалың өліктің шет жағында бүрісіп ұйықтап жатқан келіншек гүр ете түскен дыбыстан оянып кетіп, жан-жағына алақтап біраз қарап отырды да, атып тұрып бұлақтың басына жүгіріп барды да:
– Әкел шапанымды, әкел, – деп суға тебініп-тебініп ­қояды. Судың беті айдың сәулесімен дірілдеп барып қолдың қу сүйек қаңқасы кешегі алажағал жамылғыны келіншекке ұсына берді. Жамылғыны жамылған келіншек шақ-шақ күліп, өліктерді жәукемдеп жей бастады. Таң ата барлығын жеп жоқ қылып, алыстан жылаған байғыздың үніне елітіп біраз отырда да, ұйықтап қалды.

* * *
Арада жиырма жыл өтті. Баяғы ауылдың қаңыраған бос жұрты. Кең алқапты сай іші тусып тұр. Құстар сайрап, арлы-берлі аңдар ойқастап жүр. Ерекше бір көркем жүріспен секектеген еліктің лағы су ішпекке алаңқайдағы бұлаққа барып тұмсығын суға мала беріп, бақ ете қалды. Маңайда өлі тыныштық орнады. Барлық ойқастап жүрген аңдар үдере, үрке бұлаққа қарай қарады. Бұлақтың басынан лақтың артқы сирағы бір жарқ етіп көрінді де, ғайып болды. Су бетін шымыр-шымыр қайнап барып астына қарай су ортасынан айнала жөнелген бостық қалдырып, қатты қорп-қорп еткізген дауыс шығарды. Енді әлгі аңырып тұрған төрт аяқтылар бет-бетімен жақын тұрған қарағайлы бетке қарай тасырлатып үрке жөнелді. Жоғары таман беттегі қарағайдың арасында атам заманғы зәулім қарт қарағайдың маңайы – аңның жұлынған жүні, жыртылған терісі, төгілген қан-жын. Бірдеңенің қатұр-ғұтыр сүйек шайнаған дауысы естіледі. Қарағайдың арғы бетінде маралдың жас бұзауын аузымен жәукемдеп, баяғы аузы-басы қып-қызыл ала қан шашы дудырап кеткен келіншек отыр. Анда-санда адамға жат гүр-гүр еткен дыбыс шығарып қояды. Бұзаудың сирағының бір жағын табанына салып, бір жағын тісімен кергілеп жұлып жеп отыр.
Кенет тарс еткен мылтық дауысы шықты. Атып тұрған әйел көз ілестірмес жылдамдықпен атылып баяғы ауыл ­отырған алаңқайдағы бұлаққа келді де, суға күп етіп еніп кетті. Аз-кем уақытта баяғы сол жиырма жастағы алғаш келіншек болып түскен бейнесіне еніп шыға келді.

* * *
Арқасына жеңіл буыншақ асынған, қолына аң мылтығын ұстаған қапсағай бойлы, үстіне тайжақы киген аңшы беттен ыра төмен жүгіріп келеді. Балапан қарағайларды соға-моға жолдағы кезіккен кішігірім кедергіден орғи секіріп, ұштыртып келеді. Жан-дәрменімен жүгіріп келе жатып оң жақ беткейден үлкен үңгірді көзі шалып қалды. Бірақ оған аялдамады. Алдында іші салбырап тууға жақын қалған буаз марал бір жамбасынан қан сорғалатып тәлтіректеп қашып барады.
Түс ауып кеткен кез. Сай етегіндегі сылдырап аққан судың бойында аңшы жігіт арып-таласып үлкен маралды жәукемдеп жатыр. Көп ұзамай барлық етті бұзып, жас терінің үстіне тастады. Маралдың ішінен шыққан өлі бұзауды шаранасымен қасындағы бір ұшқаттың түбіне тастай салды да, анадайда жатқан буыншағынан кішкене бір дорбадан тұз алып, жас етке себе бастады. Бар жұмысын бітірген соң маңайдағы қу ағаштарды жинап от жақты да, шоғы қалғанша күтіп отырды. Еттің үстінде жатқан кездігін алып, жуандығы саусақтай екі ұзын бұтаны ұштап, сыртын жақсылап тұрып аршыды да, төстіктің етін кере түйреп шоққа қақтай бастады. Төстіктің майы тамып, қып-қызыл қарағай шоғы қайта-қайта лап-лап ете қалады. Тұзбен қоса тағы бірдемелерді шығарып ана-мұна жерлеріне сеуіп қойып отыр. Төстік қып-қызыл сары болып пісті. Түйіншегінің ішінен бір астауша шығарды да, піскен етті кесек-кесек етіп турай бастады. Анда-санда ауызына да бірдемелер салып қояды. Сүйсіне мекіреніп, майлы етті шайнаңдап отыр. Етті әбден турап болды да, астауымен бір шетке қойып, әлгінде ғана ұшқаттың түбіне тастай салған шаранадағы бұзауды алып, суды бойлап, аз-кем жүрді де қолындағысын тереңдеу бір жеріне тастай салды. Шарананың сары-жасыл нілі суды сәл лайлады да, лезімде өзі де жоқ болып, су тұп-тұнық қалпына келді. Үдірейе сәл қараған жігіт жалма-жан буыншағына келді де, арлы-берлі қопарыстырып жүріп бір ақ шүберек тапты, шетінен төрт елідей жалпақ әрі ұзын қылып жыртып алып, су бойындағы балапан қайыңның бұтағына байлады. «Қандай да болсын, бір сыры бар су-ау», – деп күбірледі. Астаудағы еттен біраз жеді де, буыншағын жастанып жантая кетті.

***
Кеш. Қатты қорылдап ұйықтап жатқан жігіттің жанына аяғын аңдып басып жас келіншек келе жатыр. Жігіт енді қырынан емес, шалқалап жатты. Бұға қалған келіншек ­тым-тырыс ұзақ күтті. Жігітке тесіле қарап жатып бет-аузы бүлк-бүлк етіп, көзі жап-жасыл болып жана бастады. Сонысын сезгендей сол қолымен көзін көлегейлей қалды. Енді жер бауырлап жылжып жігіттің қасына келді. Терінің үстінде жатқан еттерді құшырлана сипап көрді де, алақанына бір нәрсе алып «сүф-сүф» деп үрлеп қалып еді, жасыл жалқын сұйыққа айналды. Енді ол оны астаудағы етке құйып жаймен араластыра бастады. Әбден араластырғаннан кейін астауды да бір-екі үрлеп орнынан тұрды да, жақын тұрған қарағайдың арасына қарай кетті. Жігіт әлі ұйықтап жатыр. Қарағайдың түбінде ұзақ отырған әйел жігіттің денесінен көз алмай қарап отыр. Тыныс алғандағы көкірегінің көтеріліп басылғанына қызықтап қарайды. Көзін жігіттің төмен жағына қарай сырғыта бастады. Жігіттің ұятты жеріне ұзақ тесілді. Енді екі қолын өзінің екі санының арасына қысып алып арлы-берлі ырғала бастады. Көзі жасаурап ұзақ отырды да, орнынан сүйретіле тұрып, жігітке қарай жүрді. Жерде шашылып жатқан қу шырпылардың бытыр-бытыр сынған дауысынан жігіт оянып кетті. Басын жастанған буыншағынан жұлып алып, келе жатқан келіншекке қадалып қарап қалды. Ақырын қолын созып мылтығын алды. Келе жатқан адамнның әйел екенін көріп жүзіне күлкі үйірілді. Мылтығын қайта жерге қойып жатып есіне бірдеме түскендей селк ете түсті де, өңі қуқылданып, көзі бағжиып қалды. Әйел сөнген оттың басына келіп тізе бүкті. Жігіт әлі қадала қарап отыр. Әйел өксіп жылай бастады. Алыстан әйелмен үндесіп байғыздың сұңқылы естіледі. Жігіт енді орнынан тұрып, жайлап басып әйелдің иығынан ұстай қасына жүрелеп отырды.
– Саған не болды? Кімсің? Қайдан жүрсің? Әйел үн қата алмай ықылық ата өксуде.
– Мына иен далада не істеп жүрген жансың? Әйел жауап қайтармады. Біраз отырған жігіт бұталарды жиыстырып от жақты. Лаулаған отқа бір, әйелге бір қарап отырып:
– Сен не, сөйлей алмайсың ба? – деп сұрады. Сонда барып ышқына өксік атқан әйел:
– Мен мылқау емеспін, бірақ бұл жерге қалай тап болғанымды білмеймін, тіпті өзімнің кім екенімді де білмеймін. Сөзінің соңы күбірге айналып кетіп, анық естілмей қалды. Жігіт анадайда тұрған астауды алды да, лаулап жанған отқа ұстап, ішіндегі манадан қалған етті жылыта бастады. Еттің майы быж-быж етіп шыжғырылып әбден ысыды. Астауды құлағынан ұстап екеуінің ортасына қойып, жанындағы кездігін шығарып, астаудағы етті ұшымен шаншып алып аузына салды да тамсана шайнап, енді бір кесегін алып әйелге ұсынды.
Әйел үнсіз пышақтан етті сол қолымен іліп алды. Шырт етіп пышақтың ұшы етпен бірге сынып әйелдің қолында кетті. Етті аузына салған әйел шала шайнап жұта салды да, қолын қайта созды. Бұл жолы жігіт астаудағы етті қарбытып асап-асап алды да, бос ыдысты әйелдің алдына лақтырып ­тастай салды.
Көзі шатынай қараған әйел орнынан атып тұрмаққа қамданып еді, сақ отырған жігіт әйелді бас салып астына жұмарлады да, жанында жатқан жіңішке қайыс арқанмен қол-­аяғын мықтап байлап тастап, өзі буыншақ-түйіншектерін жинап кетуге қамдана бастады.
– Ешқайда да қашып құтыла алмайсың. Босат мені! ­Әйелдің ызбарлана шыққан үніне жігіт селт еткен жоқ. Мылтығын қолына алды да, қасқа маңдайдан тіреп тұрып:
– Тартып кеп қалайын ба? – деп масаттана қарқылдап күлді. Сенің арам қаныңа ортақ болып не қыламын. Жігіт кері бұрылды да, сайды өрлеп кетіп бара жатты. Түнгі айдың ақшыл сәулесі қалың қарағайдың арасынан анда-санда жарқ-жарқ етіп қалады.
– Тоқта! Әйелдің жарықшақтанған даусы естілді. Жігіт кенет жүрегі айнып құсып жіберді. Құсқан құсығынан жап-жасыл сәуле жарқылдап тұр. Жігіттің әл-дәрмені кетіп тізерлеп отыра кетті де, тілі салақтап, көзі алая ақиланып, бір жағына қарай сұлай жығылды. Байлаулы жатқан әйел орнынан домалап жүріп суға қарай жылжып бара жатты.

* * *
Күндіз. Кешегі аңшы жүгіріп келе жатқанда көрген үлкен үңгір. Үңгірдің ішінде төрт жаққа қағылған қазыққа керіліп байланған аңшы тырдай жалаңаш, ышқына дем алып қиналуда. Түп жағындағы бей-берекет жайылған қалың аң терісінің үстінде тырдай жалаңаш әйел жатыр. Рахаттана ұйықтап жатыр. Талмаусырап талықсып жатқан жігіттің көз алдына кешегі түн елестеді.
Құлап жатқан оның қасына келген әйел ерекше бір алапат күшпен оны қолтығына қысты да, осы үңгірге алып келді. Ешқандай бір қарсылық көрсетуге оның дәрмені жетпеді. Төрт жерге қазық қақты да, оның киімін тұттай қылып шешті де, қазыққа керіп тастап, енді өзі шешіне бастады. Оның керулі жатқан жалаңаш денесін тілімен жалап сүйе бастады. Жігіттің денесі дір-дір етіп, әлсіз бұлқынып жатты. Ұзақ жаланған әйел енді оның үстіне құнысып біраз отырды да, өзінің мақсатына жете алмаған соң, орнынан тұрып, үйілген терінің арасынан бір кішкене қалта тауып алды да, ақтара бастады. Ішінен бір ақшыл сүт түсті мөлдір түймешікті тауып алып, жігіттің бас жағына келді.
– Бұл бөкен жалақ, сенің енді шабытсыз болғаныңды көрейін, – деп әйел сайқалдана күлді де, қолындағы затты жігіттің аузына тықпалады.
Ернін жымқыра тістеп арып-таласқан жігіттің екі шықшытынан мыти қысқан әйел оның аузын еріксіз ­аштырды да, таңдайына салып жіберіп аузын алақанымен басып тұра қалды. Таңдайына түскен бөкен жалақ еріп тамағына кете бастасымен жігіт денесінің ішіне біреу ыстық май құйып жібергендей шарқ ұлып тулай бастады. Осы кезде жігіттің үстіне қарғып мінген әйел рахаттана, шарқылдай күліп, жігітпен бірге тулай бастады. Жігіт өзінің еріксіз қозған нәпсісін тия алар емес. Бір қарап қалғанда әйелдің сол жақ омырауының үстінде алақанның жартысындай қап-қара меңді көзі шалып қалды. Арада біраз уақыт өткенде жігіт талықсып барып, сұлқ жатып қалды. Әйел ашық омырауын жігіттің денесіне үйкелеп біраз жатты да, жігіттің жанына қисая кетті.

* * *
Қыс. Маңайды қалың қар басып, үңгірдің ішін аяз кернеп тұр. Екі аяғы мен бір қолы қазыққа мықтап байланған жігіт қалың терінің арасында тек бір қолы ғана бос, жүні жалбыраған әлдебір аңның сирағын мүжіп отыр. Үңгірдің ауыз жағында қарны шардиып шығып кеткен әйел ауыр қозғалып, шығар есікті қымтап жауып жүр. Өзінің астындағы нәжісінен жиіркенген жігіт қайта-қайта құрғақ лоқсиды да, қолындағы шикі етті лақтырып жібереді. Оны байқаған әйел сирақты қайтадан оның алдына алып келіп беріп жатып:
– Мұны талқажау етпесең аштан өлесің, – деді.
– Бұл қорлықты көргенше өлгенім жақсы еді. Жігіт бар үмітін үзген. Жайлап қана осыны айтты да, лоқси отырып шикі сирақты қайтадан мүжи бастады. Үңгірдің ауыз жағында жатқан өзінің киім кешек түйіншегінің арасында жатқан мылтығына тесіле ұзақ қараған жігіт үмітсіздене басын шайқап күрсінді де, бір жағына қарай қисайып жата кетті.

***
Түн ортасы ауған шақ. Далада гуілдеген боранның дауысы естіледі. Үңгірдің аузына жабылған терілерді ­қалдырлатып ішке қарай қар ұшқындары қапалақтайды. Үңгірдің қабырғасына екі алақанымен тіреліп жағалап жүрген әйел бебеу қағып толғатып жүр. Бет аузынан аққан жағал-жағал тер мен араласқан көз жасы иегінен сорғалап, үстіндегі аң терісінен тігілген кеудешесіне тырс-тырс тамады. Енді ол беліндегі көйлек орнына жапсырып алған теріні долдана жұлып алды да, жігітке қарай лақтырып жіберді.
Таң алакеуімдей бере үңгір ішіндегі үшкір тасқа асылып тұрған әйел күшене шыңғырып жіберіп, үнсіз жерге бүгіле түсті. Шар ете түскен бала дауысы шықты. Талықсып біраз жатқан әйел қолын созып жақын жерде жатқан жігіттің кездігін алды да, баланың кіндігін кесіп, оны қалың теріге орады да, жігіттен алыс терілердің үстіне тастай салып, сүйретіліп далаға шығып кетті.

* * *
Үңгірдің ішінде жатқан жігіт шырқырап жылап жатқан балаға қарай бармаққа қанша ұмсынса да, байлаулы арқаннан босай алмай, арып-таласып жатыр. Баланың ащы дауысы басқа еш нәрсені естіртер емес. Түс ауа сырттан әлдененің сүйретілген дауысы шықты. Үңгірдің аузындағы қалтқыны жұлып тастап, ішке сүйреткен бұғысы бар әйел кірді. ­Әйелдің аузы-басы қан. Бұғының санын сан, қолын қол етіп табанына басып тұрып, жұлып-жұлып алды да, бір санын жігіттің алдына қарай лақтырып жіберіп, өзі жылай-жылай үні әбден қарлығып қалған баланы қолына алып, омырауын емізе бастады. Жігіт үнсіз, тісі-тісіне тимей қалшылдап, қалың терінің астында басы ғана қылтиып жатыр. Кешке ­дейін әйел үңгірдің жартысын қарағайдың қу бұтағымен толтырып тастады. Кеш бата жігіттің буыншақтарын ақтарып жүріп оттық тауып алған ол жігіт осында келгелі тұңғыш рет от жақты. Әлсіз үзіліп шыққан түтін үңгірдің аузындағы жабылған терінің жыртығынан сыртқа шұбатылып шығып жатты. Жігіт ләм-мим деместен отқа қарап тапжылмай отыр. Әйел баласын құшақтап оттың басында отыр. Кенет сырттан әлдененің гүр ете түскен ащы үні естілді. Баланы жігіт жақтағы қалың терінің арасына қоя салған әйел бажылдап есікке қарай ұмтылды. Есіктен бір ала-жағал алып көлеңке еніп келе жатыр. Жігіт терінің арасына қарай басын тыға бастады. Бажылдаған әйел ала көлеңкемен барып алыса кетті. Үңгірдің ішінің қорс-қопасы шықты. Әлі арпалысып, алысып жүр. Бір заманда әйел үңгірдің ауыз жағында тұрған мылтықты жігітке қарай лақтырып кеп жіберді. Бос бір қолымен мылтықтың шақпағын қайырған жігіт үңгірдің ауыз жағындағы алысып жүргендерді көздеп, массаны басып қалды. Баж ете түскен әйел дауысы мен ауыр ыңқ ете түскен сұмдық жойқын дауыс шықты да, көлеңке сүйретіліп сыртқа қарай қаша жөнелді. Жігіт қолындағы мылтығының шақпағын қайырды да, үңгірдің аузына қарай көздеп, ­табжылмай әлі отыр. Бір кезде барып әйел сүйретіліп орнынан тұрып келе жатты. Жігіт асығыс мылтықтың массасын басып-басып қалды. Шырт-шырт еткен құрғақ дауыстан өзге ешнәрсе шықпады, асығыс шақпағын тағы қайырды. Жан таласып жатқан жігітке қараған әйел сақылдай күліп келіп, оның қолынан мылтықты жұлып алды да, үңгірдің қабырғасына бір салып құндағын жұлып алды да, ары түпке қарай лақтырып тастап, терінің арасында шырқырап жатқан баласына қарай келді.

* * *
Көктем мезгілі. Сол үңгір. Жігіт әлі сол орнында байлаулы. Шешесінің жұлмалап жеп отырған шикі етінің бір жағынан қызыл иегімен тістелеп жұлқылап баласы еңбектеп жүр. Жігіт балаға үнсіз қарап отыр. Жалаңбұт ер бала өз табиғатынан тыс есейіп кеткен. Шешесінің етегіне жармасып, тік жүріп жүгіріп кеткісі келетін тәрізді. Кенет сырттан тарс-тұрс мылтықтың даусы естілді.
– Төмен қарай, төмен қарай…
– Жіберме, жіберме…
– Иттерді босат!
– Байқа, итті жазым қылмасын. – Айқай сүрен салғандар тасырлатып үңгірдің маңынан өте шықты. Үңгір ішінде жатқан жігіттің көзі шырадай жанып кетіп:
– Құтқарыңдар! – деп бар дауысымен барылдап айқайлай бастады. Шар ете қалған баланы бір жаққа тастай салған әйел атылып келді де, байлаулы жігіттің алқымынан ала түсті. Арлы-берлі бұлқынған жігіттің көзі аспанға қарап ақиланып барып жарығы сөніп, байлаулы аяғын қатты бір серіпті де жаны үзілді. Өлікті аударып көрген әйел көзі мөлтілдеп жыларман болып отырды да, жігіттің мүрдесін бас салып жұлмалап жей бастады. Сүйсініп, мекіреніп жеп отыр. Бажылдаған баласы анадайда қалың арасында бастырылып жатыр.
Бұлақ басына жете жаралы қасқырды қуып жеткен иттер жан-жағынан ала кеткен. Артта тасырлатып аттылар да келді. Олар келгенше қасқырдың жаны баяғыда шығып кеткен-ді.
Ішіндегі мосқалдау бір кісісі бар атпалдай жеті жігіт. Қарқылдай күлісіп иттерін ажыратып алысты. Мосқал кісі:
– Ана беттен бері шауып келе жатып бір адамның ­айқайын естігендей болдым. Сендер ешнәрсе естімедіңдер ме?– деп сұрады.
– Мен де естідім…
– Сол маңнан үлкен бір үңгірді байқап қалғандай болдым.
– Қойсаңдаршы, мынау иен далада не қылған адам?
– Өзің қайдан жүрсің иен далада?
– Біздікі бөлек аңшылық..
– Ол жерде де бір аңшы жатқан шығар. Арлы-берлі көп қауқылдасқан олар қасқырдың терісін сыпырып жатқан жас жігітке:
– Сен асықпай теріні бүлдіріп алмай сыпыра бер! Біз анау үңгірге барып біліп келейік, – десіп аттарына мінді де өрге қарай тырмысып шаба жөнелісті.
Өздеріне қарай қалың аттылардың келе жатқанын көрген әйел қарағайдың ішіне қарай тұра қашты да, іште қалған баласының шыңғырған дауысын естіп, қайта артына қарай жүгірді. Бұл таяп қалғанда, аттылар да үңгірдің маңына жеткен еді. Енді оларды көріп әйел бөгеліп қалды. Дәу қарағайдың қалқасына барып жасырынып тұра қалды. Үңгірге алдымен мосқал еркек кірді.
Үңгірге кіріп келген кісі өзіне қарай еңбектеп бақырып келе жатқан баланы жерден іліп алды да, соңында келе жатқан жігітке ұстата салды. Анадайда жатқан кеудесінен жоғары терімен жабылып жатқан адамның қасына келді. Оның қол аяғының байлаулы екенін көріп тіксініп тұрып қалып барып бетіндегі теріні жұлып алды да, ышқып отыра кетті.
– Не? Не болды? – деп ентелеген артындағы жігіттерге сөйлеуге шамасы келмей байлаулы жатқан адамның бас жағын ымдай берді.
Жігіттердің барлығы шу ете қалды. Жатқан адамның бет аузынан түк жоқ, қан-қан бет сүйегі ғана қалыпты.
– Кеттік бұл жерден.
– Не қылса да бір пәлесі бар жер.
– Баланы қайтеміз?
– Таста!
– Обал ғой…
– Иә, жас сәбидің не күнәсы бар. Алып жүр.
Ақыры олар баланы алып сыртқа атып шықты да, аттарына асығыс қонып, манағы қасқыр сойып жатқан жігітке қарай шапқылай жөнелді. Арттарынан елбеңдеп біраз жерге дейін жүгірген әйел біраздан соң кейіндеп қалып қалды.
Аттылар бұлақтың басына жетті де, теріні қолына алып анадайда отырған жігітке «Бол! Бол!” десіп атқа мінгізді де, сайдың аузына қарай шапқылай жөнелісті.
***
Кеш батып, түн ортасы ауа өз ауылдарына жеткен аңшылар бірден тараспай, ауылдың аяқ жағында жалғыз отырған бақсының үйіне аттың басын бір-ақ тіреді.
Асығыс аттан түсіп жатқан оларды үйден бақсының өзі шығып қарсы алды. Бала әлі шырқырып жылап жүр.
– Армысыңдар? Аман жеттіңдер ме?
– Аман, аман.
– Е, аман болсаңдар, менде нелерің бар еді?
– Айтамыз, қазір айтамыз. Өзіміз есімізді жиып алайық.
– Айтпасаңдар да біліп отырмын…
– Қалай?
– Ол жерді жын буған, сол жерде осыдан он жылдан бұрын үлкен бір ауыл мекендеген, сол ауыл бір түнде қырылып жоқ болған, содан бір бейкүнә сәби қашып құтылған. Сосын бір әйел.
– Олар қайда?
– Әйел сол ауылды қырып жойған жалмауызға айналып кеткен.
– Ал, бала ше?
– Ол аман, құтылған.
– Біз мына баланы алып келдік. Тағы бір адам болды, өліп қалыпты, – келген жігіттер таласа-тармаса сөйлей жөнелді.
– Бәрібір қатерлі іске барғансыңдар. Жүріңдер, үйге кіріңдер, – деп барлығын бастап үйге кірген бақсы үйдің босағасында отырған қара бүркітті басынан сипап біраз тұрды да:
– Әкел ана арқанды, белімді буып бұраңдар, – деп әмір етті.
Керегенің басында ілулі тұрған қайыс арқанды бақсының беліне неше қабаттап байлаған жігіттер қамшының сабын салып бұрай бастады. Бұраған үстіне «Бұрай беріңдер!» деп бақсы бебеу қағады. Бақсы бір кезде бүркіт болып пыштақтап ала жөнелді. Сол кезде босағада отырған бүркіт те үйдің төбесін ала айнала ұшып пыштақтай жөнелді. Аузынан ақ жалын бүркіп буырқанған бақсы бір сәтте барып саябырлап өзін босатуды бұйырды. Беліндегі арқанды шешіп болғаннан кейін барып:
– Бұл бала Адам мен албастының арасынан жаралған… Сол жерде қалдыруларың керек еді. Енді ешқайда тастай алмайсыңдар… бастарыңа қатер төнеді… іздеріңнен албасты ілесіп алған. Баланы ауылға алып барып, бағыңдар. Тек қаннан алыс ұстаңдар. Қан көрмесе ешкімге зәбірі болмайды. Ал егер ерніне шикі қан тисе бұл да жалмауызға айналады. Өз ажалымен өлмесе, бұның шешесі бүкіл ауылды қырып кетеді. Ол күндіз адам бейнелі болады да, кеш батып, ай туған соң албастыға айналады. Оған ешкімнің шамасы келмейді. Тек өзінің баласының ғана шамасы жетеді… барыңдар енді, барыңдар… Балаға ат қоймаңдар, ауылға апарып жіберіңдер… – деп есікті ашып қонақтарды сыртқа шығарып жіберді де, өзі басын екі жаққа соғып бірдемелерді оқи бастады.
Сыртқа шығып аттарына мінген жігіттер алқа-қотан тұра қалып ақылдасып тұр.
– Ал енді не істейміз?
– Басқа түскен пәле деген осы?
– Осының барлығы бұзаулағалы тұрған маралды атқанымыздан…
– Үңгірге бармау керек еді.
Ананы бір, мынаны бір айтып дағдарып тұрған топқа манағы мосқал еркек:
– Жә, бұны даладан тауып алдық деп ана мылқау қойшы шалға асырауға береміз. Оның кемпірінде де тіл жоқ. Содан лайық ешкім де таба алмаймыз бұл ауылдан. Сосын әрдайым өзіміз аңдып жүреміз. Осыдан басқа еш амал таба алмадым. Барлықтарың ауыздарыңа ие болыңдар. Ешкімге тіс жармаңдар. Бұнымызды ана шолақ қол Маран білсе, арқамыздан таспа тіледі. Осыған келіселік, – деп шешім айтты.
Шеткері тұрған алпамсадай қара жігіт қана:
– Маран, ех, сол Маран да сырттан келген кірме емес пе? Әкелеріміз айтып отыратын, он жасында бір жақтан қашып келіпті, – деп күңкілдеп сөйлей бастаған оны манағы шалдауыт кісі:
– Жетер енді, мұны білсе Марансыз осы ауылдың ешкімі де бос қалдырмайды, – деп тиып тастап, қасына бір жігітті ғана ертті де қалғандарын жай-жайына жіберіп, ауылдың арғы шетіндегі қойшының үйіне келді.
Түн тастай қараңғы болса да, мылқау шал бұларды бірден танып, қолын шошайтып марапаттаған бейне көрсетті. Мосқал еркек қойнына тығып алған баланы шығарып, аттан түсті де шалды жетелеп үйіне кіріп кетті. Шала жанған отты қағыстырып отырған кемпір үні шықпаса да, ернін жыбырлатып амандасқан болды.
Баланы кемпірдің алдына әкеп отырғызған ол кемпірге «баланы сендерге анау алыс жақтан алып келдім» дегенді ымдап айтты. Кемпір сенер сенбесін білмей талығып ­ұйықтап жатқан баланы бауырына қыса түсіп, жылап отыр. Мылқау шал орнынан атып тұрды да оны жетелеп далаға алып шығып, белдеуде тұрған атына алып келіп, атының шылбырын шешіп оған ұстата берді.
Басын шайқап, қолымен ары итеріп «атты алмаймын, керегі жоқ» дегенді әзер түсіндіріп мылқаудың қасынан әзер құтылған ол атына келіп қасындағы жолдасына:
– Байқұс шал мен кемпірде шығарға жан жоқ, жалғыз атымды ал деп жүгіріп жүр. Е, аз күн болса да алданыш болсын. Біз де бәледен аз уақытқа болса да алыстай тұралық.. Кеттік енді, – деп атына қамшы басты.

***
Мылқау шал мен кемпірдің баласы да мылқау болып өскен. Бірақ орасан зор, жасы он бестен асқан. Атпал азаматтар әзер орнынан қозғалтатын нән қарағайды қолтығына қысып, беттеп сүйреп ауылға алып келеді. Баласының ерен күшіне масаттанған мылқау шал бас бармағын көрсетіп ыржиды. Баланың тілі шықпағаннан кейін бе, үнемі қабағы қатулы, бет-аузы кісі қарай алмастай сұсты. Ауылдың бала-шағасының барлығы айнала қашады. Ауылдың иттері де оны көргенде құйрықтарын бұтына қысып, зытып береді.
Бала шал-кемпірден бөлек сыртқа жататын болған. Әр күні кешкісін ұйықтаған сайын түс көреді. Түсінде қан мен сүт араластыра шірене жұлқылап омырау еміп жатады, кімнің омырауы екенін өзі де білмейді. Тек омыраудың үстіңгі жағындағы алақандай қара қалға қадалып жатып оянып кетеді. Оянады да аласұрып қалың қарағайға қарай жүгіре жөнеледі. Жүгірісінің жылдамдығы сонша, құлағының түбінен шыққан желдің дыбысы құлағын тұндырып жіберді. Көзді ашып-жұмғанша күндіз басы әзер көрінетін, атты адам ет асым уақытта етегіне әзер жететін таудың ұшар басына бір-ақ шығады. Сол жерде тұрып-ақ ауылдағы әр нәрсені ап-анық көреді. Қарсы беттен бір әйелдің сұлбасын көргендей болып, солай ұмтылады. Бірақ жете алмайды. Сосын қайтып келіп жатып қалады.
Ауыл адамдарының барлығы бұған өңін беріп көрген жоқ. Бәріде бір түрлі жиренішпен әлде қорқынышпен сұқтана қарайды.
Соңғы жылдары ғана ауыл шетінде бұларға ең жақын көршінің Елдар атты баласы ғана жақын келіп үйірсектеп жүреді. Тек шешесі көріп қалды болды ұлын дедектітіп сүйрелеп үйіне алып кетеді. Тіпті бірде қолындағы шелегімен оңдырмай басынан салып кеткен-ді. Басы зеңіп құлап қала жаздап әзер қашып құтылған. Ендігі сәтте Елдардың шешесінің төбесі көрнісімен алыс жаққа қашып кететін.
Анда-санда мал сойып жатқандардың қасынан өтіп бара жатқан баланы өзінен тысқары бір күш мал сойылып жатқан жерге еріксіз алып келеді. Малдың ытқи атқақтаған қып-қызыл қанын көргенде, көзі қызарып жанып шыға келеді. Маңайдан біреу-міреу көріп қалды ма деп, асығыс көзін жеңімен баса қояды. Қанның жылымшы иісі мұрнына келіп, тамағы бүлкілдеп жұтып, жұтынып қойып, қанды апарып төгуін күтеді. Үйден алыстатып апарып төккен қанға келген иттер оны көре қаша жөнеледі. Енді қанға жете бергенде, ­баяғыда өзін алып келгендердің бірін көріп қалады да, жылыстап шеткері кетіп қалады.

***
Кеш. Таяқ жонып отырған баланың қолындағы пышағы тайып кетіп, сол қолының бас бармағын етін жалбыратып кесіп кетті. Ауырсына ыңыранған бала сол қолын етегімен орай қойып еді, қан тоқтар емес. Ауырсынғаны сонша, көзінен жас парлап кетті. Ақыры етегінен қолын шығарып алып оң қолының алақанына салып мытып ұстап біраз отырды. Көзінен аққан жасын сүртпек болып қолын жоғары көтеріп келе жатып, баланың мұрны қусырыла қалды. Енді тімтініп жан-жақты иіскей бастады. Қолынан қан әлі саулап тұр. Оң қолының қалай босап, жаралы бас бармағының аузына қалай түскенін өзі аңдамай қалды. Саусағын құшырлана сорып барады. Денесінен бір ыстық ағын ағып өткендей жүзі жайнап, көзі қып-қызыл болып жарқырап шыға келді. Ол әзер дегенде аузынан сол қолын жұлып алды. Қолына қараса бас бармағы түбімен жоқ, жеп қойыпты, бір тамшы да қан жоқ, бәрін сорып алған. Орнынан атып тұрған ол қарағайдың ішіне қарай атыла жөнелді.
Баланың бар ісін көріп отырған бақсы беліне арқанды орап оң жақтағы керегенің басынан сары ала қамшыны алды да, өз белін өзі бунап бұрай бастады. Үйдің ішінде далп-далп етіп бүркіті арлы-берлі ұшып жүр.

***
Таудың басынан бұларға бедірейе қарап тұрған баланың қасынан әлдебір алажағал дүние зу етіп өте шықты. Қолындағы талықсып қалған баланың санын сан, қолын қол етіп боршалап бітеудей жұтып жіберген ол, сол лып етіп өте шыққан алажағалдың соңынан зымырады. Алажағал жамылған баяғы көне ауылдың жұртындағы үңгірге тартты. Үңгірге кіре қуып жеткен бала оны бас салды. Неге екені белгісіз, алажағал оған қарсылық көрсетпеді. Алажағалдың сирағынан ұстаған бала оны үңгірдің қабырғасына соққылап жанын шығарды да, жата қалып сирағынан бастап жұлмалап жей бастады. Екі сирағын бірдей жеп болып кеудесіндегі жамылғыны дар еткізіп жұлып алған бала түсінде еметін омырауды көріп шыңғырып жіберді де, лақылдатып құса бастады. Сосын әйелдің қалған жарты денесін мылжа мылжасын шығарып тас қабырғаға ұрғылап жоқ қылды да, көзінен қып-қызыл жарық шашып тістерін қарш-қарш қайшылап, өзі келген жаққа қарай заулай жөнелді.

***
Қалың қарағайдың арасынан тіліп із қалдырып заулап келе жатқан құбыжықтың төбесінен ащы шаңқылдап бақсының қара бүркіті ауылға қарай құйылып келеді.
Бүркітінің дауысы құлағына жеткен бақсы шал орнынан атып тұрып зіркілдеп, бұрқырап бақсылық ойынға қайта кіріскен. Аузында лапылдап жанған қарағайдың дәу бұтағы қып-қызыл оттың ішінде арлы-берлі ойқастап тұр. Құбыжық кейіндеп қала берді де, бүркіт ауылға жақындап қалды.
– Маран мына жазғандар бүркітімді жәбірлеп маған лағнет айтқанымен мен бұлардан кетіп қайда барайын… Маған көмегің керек… Күніміз әлі сөнбеген екен. Қара дәуімнің дауысын естіп тұрмын. Қазір олда келер… Анау құбыжықта жетер. Жүр енді оны мына тобырға араластырмай шаттың аузынан күтіп алайық.
Бақсы шал Маранды ертіп сыртқа шықты. Маран сырттағы ұйлығып тұрған жұртқа қарап:
– Айналайындар отты көсеп жағып, жанынан алыс кетпей осында күтіңдір… Дабырлап шуламай бір-біріңе сүйеу болыңдар… Тәңірдің басқа салғанын көрерміз. Таңға дейін аман болсақ бізде оралармыз… Біз орала алмасақ ертеңге дәм тұздарың жетсе онда бұл қонысты тастап барынша алыс жаққа қоныс аударып кетіңдер…
Маран да тағы бір нәрселер айтпақ еді, анадайға ұзап кеткен бақсы шал:
– Тез! Бол! Маран!.. – деп айқайлады.
Бақсы шалдың соңынан жүгіре басып Маран да ауылдың желкесіне қарай беттеді.
Бақсы шалмен Маран ауыл желкесіндегі ну қарағайдың шетіндегі тартылған бұлақтың басына іліне бақсының қара бүріті шаңқылдай пыштақтап жетті де, шалдың иығына қонды. Балақ жөні желбіреп мойнын сан мәрте бұрап жаңа ғана өзі ұшып келген жаққа алақтап қараған бүркіт шаңқ етіп аспанға қайта көтеріле жөнілді. Бақсы шал мана үйден ала шыққан қос шумақ арқанның біреуін Маранға ұстатып:
– Тез анау қу томардың арғы жағындағы қарағайдың далдасына жасырын да анау жетіп келгенде шалма таста. Құдай қолдап шалмаң дәл түссе онда арқанның мына ұшын бұлақтың орнындағы қара тасқа байлай салып дереу кері шегініп кет… – деп қу томар мен қарағайдың ортасындағы бұлақты көрсетті де өзі екінші арқанды алып беліне орай бастады. Аспанға көз жеткізгісіз зеңгірге көтеріліп кеткен бүркіттің шаңқылдаған дауысы үзіліп барып қайта шықты. Жоғарғы жақтан қалың қарағайдың шатырлай сынып, гүрсілдей қопарыла құлаған дауысы барған сайын таяп келеді.
Алқына тыныстаған әлдебір жойқын үн құлақты жеп барады.
Әп сәтте жақын тұрған алып қарағай түп тамырымен қопарыла жай түскендей екіге жарылып, қолындағы орақ қанжары жарқылдап анадайда беліне ораған арқанмен өзін бунап жанталасып жатқан бақсы шалға қарай атылып келе жатты. Қарағайдың тасасында қолындағы арқанды құлаштай үйірген Маран құбыжық қу томардың қасынан өте бере лақтырып қалды. Шалма құбыжықтың қыл мойнына іліне кетті. Осы кезде Аспаннан төмен құйылған бүркіт құбыжықтың тура басына тегеурінді шеңгелін салды. Маран бір-ақ қарғып манағы бақсы шал көрсеткен тасқа шалманың бір ұшын байлап, кері қарағайдың тасасына қарай шегінді. Арсы-гүрсі болып алқынған құбыжық пен қанатын сартылдатып сабалаған бүркіттің ащы дауысы тау баурайын азан-қазан қылды. Осы кезде беліндегі арқанды бұрай-бұрай шегіне жеткізген бақсы анадайда жатқан қамшыны қолына ала сала құбыжықты сабалай жөнелді. Құлақ тұндыра шыңғыра бажылдаған құбыжық айнала жұлқынып шалмаға оратыла бастады. Қара бүркіт те шаңқылдап қанжардай тырнақтарымен құбыжықтың бар денесін жұлмалап жүр. Сүт пісірімде арқанның ұшы байланған тастың түбінде бүк түсіп жансыз жатқан құбыжықтың үстіне маңайдағы қу бұтаны үйгізген бақсы шақпақ тасын соққылап, от ұшқындатты. Үстіндегі шапанның өңірінен жұлып алған мақтаны тұтатқан шал қу бұтақтар шатырлай жанып жан-жаққа шоғын атқылап жатқанда да отты айналып жүгіріп жүрді.
Жақын маңнан әлдебір сыбдырды естіген Маран қанша үңіліп қарағанымен, анадайда қураған кәрі қарағайдың қуысына кіріп алып өзінің шолақ саусағының қанын құныға ішіп отырған Елдарды көрмеді.

ТОРАҢҒЫЛЫ СИҚЫРЫ

Автобус тола адам… Барлығы маған таңданып келеді…
– Осыдан Тораңғылыға дейін екі жүз шақырым. Ал «Тораңғылыдан» ары Бесбастауға дейін жүз елу шақырым… Айналасы үш жүз елу шақырым жерде тамшы су жоқ… бетбақ дала.
– Сонда сен Тораңғылыдан не іздеп барасың?..
– Жай, әншейін.
– Қой, бала, жайдан жай ешкім басқа-басқа Тораңғылыға бармас болар… Қой, не осы жерден қал, болмаса бізбен бірге Бесбастауға бар… Тораңғылыда баяғыда-ақ мүжіліп құлап қалған иесіз қорадан басқа дәнеңе де жоқ.
– Жоқ, көке, мен Тораңғылыға барамын.
– Есің дұрыс па ол жерде қазір тірі жан тұрмайды.
– Жұмысым бар….
– Ау! Иен даладағы иесіз қорада нең бар?..
– Жеке шаруам… Неңіз бар, жеткенде өзім түсіп қалам…
– Қой-ей, сен де бір… Қарт тізгінші қолын бір-ақ сілтеді… Арт жақта отырған әлдебіреу:
– Сол қораға тығып қойған атасының қазынасы бар шығар… – деп келеке етті.
– Бәлкім, есі дұрыс емес шығар… Қойыңдар, не осы жерден түсіріп кетіндер, не Бесбастауға алып барыңдар!..
Менімен қатарлас отырған әжей маған емес, тізгіншіге бұйыра сөйледі. Мен де тыныш отырмадым:
– Ой, апатай, есім сап-сау… Кәдімгідей жоғары білімді адаммын… Сенбесеңіз міне, – деп қып-қызыл дипломымды қапшығымнан алып шықтым. Бекеттен ақшасын төлеп билет алып алғам… Мұнда қалдыруға құқығы жоқ, – деп шыр-пыр боламын.
– Жарайды, апатай… Осыған бола бәріміз шаршамалық… Маған десе сол Тораңғылыны мекендеп қалсын… Айтпақшы, суан бірдемең бар ма, біз ертең емес, арғы күні қайтамыз… Сонда ала қайтайын… Егер иендегі ит-құсқа жем болып қалмасаң… – деп тізгінші маған тағы қарады…
– Жоқ, судың керегі жоқ, – деймін мен тағы.
– Еркің білсін… Екі күнге шөлден өле қалмассың… Судың қаншалықты керегі барын бүрсүкүні қайтарда көреміз…
Күннің қапырық ыстығы автобус ішіндегі адамдардың тері иісіне қосылып тұншықтырады. Мен енді ойлана бастадым… Шынымен «қайдағы бір түске бола сандалып бара жатқаным ақымақтық емес пе?» деп… Жоқ, олай болуы мүмкін емес… Көйлегімнің төс қалтасындағы шәкене тұмарды алып иіскеледім.

***
Әр күні үйге қайтарда соңғы бекеттің жанында отырған кішкене балалы қайыршы әйелге қалтамдағы тиын-тебендерді қалдырып кететінмін. Сыған ба, әлде басқа ма, ол әйел әйтеуір менің садақа беретінімді біле ме, басқаларға қолын қанша созғанымен, мен келе жатқанда үнсіз отыра беретін.
Менің әйелге емес, жанындағы тас еденде жалаңаш денесімен отырған балаға жаным ашитын.
Бірде әлгі әйел:
– Мырзам, сізбен сөйлесуге бола ма?.. – деп сұрады. Мен қалдырған садақамды азырқанып тұрған шығар деп қалтамды қайтадан ақтара бастадым.
– Жоқ… жоқ… Мен басқа нәрсе айтайын дегем… Әйел баласын құшақтап жаныма келді… Қаптаған қалың елдің ішінде қайыршымен сөйлесуді өзіме сөлекет көрсем де тыңдауға ниет таныттым.
– Айта беріңіз… құлағым сізде…
– Сізге бір нәрсе берейін деп ем…
– Өзіңіз қайыр сұрап отырып маған не бергіңіз келеді… Мен мысқылдадым.
– Менде тек ақша ғана жоқ… Қалғанының барлығы бар… Әйелдің дауысы зілді шықты.
– Иә, қазір адамдардың барлығына ақша ғана керек.
– Мырза! Қателесесіз…
– Неге?
Ол омырауына қол жүгіртіп бір ақ түйіншек алып шықты. Мен ақшасын көрсеткелі тұрған шығар деп ойладым да:
– Керегі жоқ… бұйырса, өз ақшам өзіме жетеді… – деп едім:
– Кешіріңіз, менің сізге берер ақшам жоқ, басқа нәрсе…
– Сонда да қажеті жоқ… қайыршыдан бірдеме алғанға намыстанып тұрғаным.
– Сізден басқа лайықты ешкімді таба алмадым.
– Қалай?
– Менің жапанда қалған жалғыз сіңілім бар еді…
– Содан…
– Сол сіңіліме уағда берген ем…
– Не деп?..
– Әлемдегі ең жақсы жігітті жолықтырам деп.
– Қателесесіз… Мен әлемдегі жақсылардың қатарында емеспін… Ел сықылды үйім, болмаса, жақсы машинам, жоғары қызметім жоқ.
– Оның барлығы алдамшы дүниелер.
– Қызық…
– Сіз менің сіңілімді көрген жоқсыз…
– Иә, рас айтасыз көргенім жоқ… Көруге де онша құштар болып тұрғаным шамалы…
– Мына тұмарды алыңыз… Әйел түйіншекті шешіп ішінен шәкене ғана тұмарды шығарды.
– Қажеті жоқ… Өз тұмарым бар!
– Алыңыз… екеуі бір тұмар.
– Қалайша?!
– Сендегі жартысы…
Мен ойланып қалдым шынымен менің баяғыдан тағып жүрген тұмарымның бір бөлігі жоқ-тұғын. Сонда да:
– Не қыламын?.. – деп қашқалақтадым.
– Қажетсінбесеңіз, ертең қайтарда қайырып берерсіз… Әйел қоярда қоймай тұмарды жан қалтама тықпалап салды да, орынына қарай кете барды.
Орнына отырып алып, түкке де түсінбей ақыры үйге бет алған менің артымнан:
– Андағы тұмарды кеште айнаның алдына өз тұмарыңмен бірге іліп қой!.. – деп айқайлады.
Үй деймін-ау, менде қайдағы үй?.. Қаланың шетіндегі көнеден қалған жатақхананың бір бөлмесінде тұрамын.
Келіп беті-қолымды шала шайдым да, қолыма ілінген бір кітапты ала сала оқуға кірісіп кеттім. Кітаптың алғашқы бір бөлімін аяқтап басымды бірақ көтердім. Қарным қатты ашып тұр екен, ыдыс-аяқ жаққа қарадым. Бәрібір талғажау ете қоярлық ешнәрсе жоқ-тұғын. Сыртқа шығып тамақтанбақ болып ойландым да, ол ойымнан тез айныдым. Қойшы, ­ұйықтап қалсам, таңертең жолдан іше салармын деп ойладым. Орын көрпемді ыңғайлап шешініп жатып манағы әйелдің берген тұмары есіме түсті. Ешбір таңғажайыпты күтпей-ақ мақсатсыз айнаның алдына апарып өз тұмарыммен қоса ілдім де, төсегіме қарай кеттім. Төсегіме қарай кетіп бара жатып ту сыртымнан біреу тесіліп қарап тұрғандай сезіліп, жалт беріп айнаға қарадым.
Айнаның ішінде аппақ гүлге оранған қыз тұр. Селк ете түстім… Көзіме бірдеңе елестеген болар деп уқалап-уқалап жіберіп қайта қарадым. Басым айналып, құлағым шуылдап кетті. Орныма барып көрпеге тас бүркеніп жатып қалдым. Құлағыма «мені құтқаршы… босатшы мені…» деген қыздың жалынышты дауысы естілді.
Таң бозынан орнымнан тұрып асығыс киіндім де сыртқа қарай ата жөнелдім… Бұның не кесапат екенін білмек болып бекет басында отыратын қайыршы әйелді іздедім. Жоқ, келмепті. Үш төрт күн күттім көрінбеді. Содан үш-төрт күн үйге қайтпай жүрдім… Ақыры басқа барар жерім болмаған соң үйге қайтуға тура келді.
Барлық пәленің тұмардан басталғынын өзім де сезіп жүрмін. Бара сала айнаның алдындағы тұмарды алып лақтырып тастамақ болып шештім. Ақырын баспалап үйге кірдім… Үй баяғыдай, шашылған кітаптар, жиналмаған төсек-орын. Бірден айнаның алдына бардым. Міне масқара, тұмар айнаның ішінде тұр. Енді студент кезімнен бастап өзіме серік болған айнаны лақтыруыма тура келді… Қимасам да тыныштық үшін солай жасауым керек деп бекіндім. Қабырғаға терең қағылған жалғыз тал шегеге ілулі тұрған айнаны алмаққа қанша талпынғаныммен еш өнім шықпады… Қабырғамен бірге құйылып, біте қайнасып қалған іспетті. Енді тек шағып тастап қана құтылу керек болды. Еш ойланбастан бір сыйрағы әлде қашан сынып қалған ақсақ орындықты алып айнаны көздеп періп қалдым. Мыңқ етпейді… қабырғамен бірге мелшиіп тұр. Ары-бері арпалысып еш өнім шығара алмаған соң ақыры жалығып үйден қайта кетіп қалдым. Кешке ­дейін сырт жақты айналсоқтап арлы-берлі сандалып жүрдім де қойдым… Кеш батты. Түн болды. Не болса да тәуекел, қандай ғаламаты болса да көрейін деп үйге қайтып келдім.
– Мырзам, қош келдіңіз! Айнадағы қыз сөйлеп тұр.
– Сен кімсің?.. – өзімді барынша сабырлы, барынша батыл ұстадым.
– Жын,.. жынның қызы…
– Менде не ақың бар?
– Мені тек сіз ғана құтқара аласыз…
– Ненің құрметіне?.. Өзімше кекие бастадым.
– Өмір бойы сіздің қызметіңізде боламын…
– Сені түгіл өзімді баға алмай жүрмін… Шынымды айтып тұрмын.
– Мені құтқарыңызшы… босатыңызшы…
– Неге?.. Сайтан шығарсың?.. Онсызда басымдағы әурешілігім жетеді.
– Жоқ, мен жалған айтып тұрғаным жоқ… Мен жынның қызымын.
– Сайтаннан не айырмаң бар?.. Қанша дегенмен бірдемелер шимайлайтыным бар ғой, біле қалмақшымын.
– Сайтан адамдарға қас.
– Сонда не жын адамдармен дос па?
– Иә…
– Қалай?..
– Сайтан жоғарғы әлемде болған… Ал, біз жерлікпіз…
– Ары қарай…
– Адамдар да сол жоғарғы әлемнен келген… Біз жерді адамдардан бұрын мекендегенбіз. Бүкіл жердің барлығы біздің иелігімізде болған.
– Содан…
– Жаратушы адамдарды жерге жіберген соң бізді ығыстырып жіберді…
– Қайда?
– Иесіз суға, сосын иен далаға…
– Бүгінше маған осы да жетеді. Ертең ерте жұмысқа баруым керек… Қыздың сөйлей түскісі бар. Тоқтатып тастадым.
– Мені босатасыз ба?
– Ойланам… Бірақ қазір емес… ұйықтауым керек… мазамды алма!..
– Мақұл!
Көрпеге кіріп алып ойланып жатырмын. Күні бүгінге дейін осындай өңді қызды көрмеген екенмін. Тек атақты суретшілердің кескіндемесінен бірер рет көзім шалып қалғаны бар… Десе де олардың өзі мына қыздың қасында… тіпті білмеймін… ақыры талығып барып ұйықтап қалдым.
Ертесі ертемен тұрып жұмысқа кеттім. Күні бойы айнадағы қызды ойлаумен болдым. Өмірімде кезіксе деп армандадым… жоқ, солай айнаның ішінде-ақ тұра бергені дұрыс деп ой түйдім қайтадан… Өмірде болса, маған пысқырып та қарамайтын шығар. Бет-аузын секпіл басқан хатшы қыздың өзі қанша рет сөз салсам да, тіпті маңайлатпай қойған…
Түс ауа үйге қайтуға асыға бастадым… Көргім келетін іспетті.
Айнадағы қыз екеуміз ай бойы сырласып жүрдік… Бір-бірімізге әбден үйреніп кеттік. Тіпті бауыр басып қалғандаймыз… Жұмыстан үйге асығам да тұрам. Ақыры қызды босатып алуды жөн көрдім… Неше мәрте уағдаластым… Мені тастап ешқайда кетпейтініне өзімді әбден сендірген соң босатуға келісім бердім. Содан:
– Ал, енді қалай босатамын? – деп сұрадым қыздан.
– Баяғыда өзіңе тұмар берген әйелді тап, сол айтады…
Құдай атқыр қайыршы әйел бұрынғы орнына келмейтін болған. Тағы бір ай бойы сандалып жүріп ақыры бір шағын базардың алдынан таптым.
Мені көре сала аярлана күлген әйел:
– Мырза жігіт, менің тұмарымды қайтарғалы келдіңіз бе?.. – деп сұрады.
– Жоқ, мен сіздің сіңіліңізді қалай босата аламын, соны сұрағалы келдім, – дедім барынша ілтипатпен. Иә, ол қайыршы болғанымен, қайын бикем болғалы тұр, барынша ибалы болуым керек қой, әрине.
– Жарайды… уақытыңды жемейін… мына қағазды ал, сосын қаларалық бекетке бар да «Бесбастауға» билет ал. Сосын автобусқа отырып «Тораңғылыдан» түсіп қал. Сол жерде көне қора бар. Түн ортасы ауғанда қораның қабырғасынан айна көрінеді… соның алдына мына қағазды өрте…
– Ары қарай не болады?..
– Барғаннан соң көресің… Айналма, автобустан кешігесің… Міне, ақша, билет аласың… Ол қоярда қоймай қолындағы қағазбен бірге жұмырланған біраз ақшаны қалтама сүңгітіп жіберді.
Мен асығыс бекетке қарай жүгірдім. Автобус енді қозғалғалы тұр екен, соңғы билетті алып үлгірдім. Автобусқа шыға тізгінші кімнің қайда баратынын сұрап жатты. Елдің барлығы «Бесбастауға», болмаса, одан ары «Сарықалаға» барады екен. Кезек маған келді.
–«Тораңғылыға…» – деп едім барлығы шу ете қалды:
– Онда не бар? – деп. Кеш бата «Тораңғылыға» жеттік. Тізгінші түсіргісі келмей біраз қиқақтады, мен де күш бермедім:
– Билетім алынған, ақшасы төленген, жолаушы қайдан түсем десе, өз еркі… – деп.
– Бүрсүкүні қайтқанымда көрермін әуселеңді… – деп миығынан бір күлді де тізгінші көлікті тоқтатты.
Мен иендегі қораға келдім. Сәл жүрексінгеніммен, келерін келіп алғасын кері қайтарға жол жоқ, ақырын күттім. Түн ортасы ауа жаман там сықыр ете түсті… Менде зәре жоқ. Бір заманда тамды жарып айна көрінді… Қолым қалтырап, ­шырпыны әзер жағып қайыршы әйел берген қағазды тұтаттым. Қағаз жанып бола бере айнадан құлындай дауысы шығып шырқырап күндегі айнадан көріп жүрген қызым атылып шықты. Мен тұра қашуға қамдандым… Екі тізем қалтырап еркіме көнер емес. Тұрған орныма жүрелеп отыра кеттім. Қарсы алдымда айнадан шыққан қыз жатыр. Әлсіз ыңыранады… Сүлдерімді сүйретіп қызға таядым. Айдың сәулесімен анық көрініп тұр. Алақанында мен айнаның алдына таққан тұмар. Ақырын басын сүйедім. Арада сүт пісірім уақыт өткенде ол есін жиды… Мойныма асылып бетімнен құшырлана сүйді… Мен де сүйген болып қоям… Дәл осындай сезімді еш уақытта басымнан өткеріп көрмегем. Таң атуға таянғанда ол:
– Енді тез кетейік бұл қарғыс атқан жерден… –деді.
– Қайда барамыз? – деп сұрамадым. Сұрағым да келмеді… Қыздың ыстық құшағынан айырылып қалудан қорықтым. Қолындағы тұмарды менің мойныма таққан ол:
– Енді көзіңді жұм,– деді. Мен көзімді жұмдым… Айналаның астаң-кестеңі шығып күркіреп, біз тұрған жер қақ айырылып жердің астына қарай құлдилап бара жатырмыз. Құшағымда қыз. Жоқ, қыздың құшағында мен. Көзімді тарс жұмып алғаныммен, бәрін сезіп келемін. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір заманда мүлдем басқа бір әлемге топ ете түстік. Мен көзімді аштым. Мұндағылар да адам кейіпті екен. Тек бар айырмашылығы – барлығы әуеде қалықтап жүре алады. Жоқ, байқамаппын, мен де қалықтап ұшып келем. Ел-жұрты қызбен ұлар-шу болып қауышып жатыр. Барлығы мені алқап жатыр. Аста-төк қонақасы басталды. Бір ерекшелігі – бұл жақтағылардың барлығының жүзі жарқын екен. Жер бетіндегілердей көзіне қайғы-мұң ұялатқан ешбірін көрмедім. Жерге қалай қайтамын деп ойландым. Қыздан сұраудың бір ретін таба алмай қиналдым. Араға біраз уақыт салып қалың сауық-сайранның ішінен баяғы қыз мені оңаша алып шығып бір жерге ертіп барды.
– Біздің некеміз қиылады… – дейді. Менің қуанышымда шек жоқ. Жерге қайту туралы ойды ұмыттым. Біздің тойымыздың өзі ұзаққа созылды. Тойға баяғыда бекетте қайыр тілеп отыратын әйел де баласымен бірге келді. Сол кезде қалай сәп салмағаныма таң қалдым. Ол да асқан сұлу әйел екен.
– Жерге қайтқың келсе, маған хабарлас… – деді ол. Мен үнсіз басымды изедім.
Содан қаншама жыл сол әлемде тұрып қалдым. Біз өте бақытты болдық. Менің төрт ұлым болды. Жасым да біразға келіп қалған. Бірде әйелім дастархан басында басқаша бір әңгіме бастады:
– Мырзам,.. енді сенің қайтатын уақытың болды… – деп.
Мен шоқ басқандай быж ете қалдым:
– Неге?
– Сендер ажалды пендесіңдер ғой, мырзам. Сол айтулы сәтің таяды… Енді балаларыңды ертіп қайтуың керек… ­Әйелім жылап отыр. Менің де көңілім босады. Бізге жолды жер бетінде жүрген баяғы қайыршы әйел бастайды екен. Сол келді. Ақыры балаларыммен бірге қайтатын болдым. Бізге бір-бір кесе шәрбәт су ішкізіп көзімізді жұмғызды. Тағы сол астаң-кестең болып күркіреген дүние. Жер жарылып, біз үстіне қарай заулап келеміз. Бір заманда баяғыдағы жаман тамдағы айнадан біз де атылып-атылып шықтық… Балаларым шыға сала ғайып болып кетті. Арлы-берлі жүгіріп таба алмай қалдым. Таң да атты. «Тораңғылы» баяғы қалпы екен. Жол бойында отырмын. Қайда барарымды да білмеймін. Қаншама заман өтті… Мені ел-жұрт әлде қашан ұмытқан шығар деп ойладым. Түс ауа анадайдан автобус көрінді. Жанымда автобусқа төлер ақшам да жоқ-тұғын. Ала кетер деген оймен қол көтердім. Автобус тоқтады. Ішке кіріп келіп өз көзіме өзім сенбей қалдым… Менің ұлдарым әлдеқашан жайғасып отырып алыпты. Тура баяғыда өзім келген автобус сықылды екен. Тіпті тізгінші де тура соның өзі… Баласы шығар деп ойладым… Не деген ұқсастық деп бос орынға отыра бергенде тізгінші:
– Құдайым-ау… осы Тораңғылының бір сиқыры бар… Алдыңғы күні ғана бір боқмұрынды әкеліп тастап ем, бүгін иен даладан қаусаған шалды алып бара жатырмын, – деді.
Көзім қарауытып кетті. Ешнәрсе ойлай алар емеспін… Бір жағыма қарай қисайып жығылып бара жатырмын.
– Ата-ата, сізге не болды?.. – деп автобус ішіндегі адамдар үймелеп кетті. Менің ұлдарым үнсіз жылап отыр…

Көршінің үйі

Жоғары оқу орнын бітірген соң, арнайы жолдамамен осы қаладағы әлдебір көркем әдеби журналдың редакциясына жолым түскен.
Мен келген журналдың редакциясы қанша азып-тозып тұрғанымен қызметтестерім шетінен жаны жайсаң жақсы адамдар екен.
Бас редактор тіптен асты-үстіме түсіп менің келешек тұрмыс ақуалым туралы толғана бастаған.
– Сонымен бала бізге сендей жас журналист ауадай қажет. Сендер біздің келешегімізсіңдер. Бүгін біз сендердің жағдайларыңды жасасақ, ертең сендер бізді көркейтесіңдер. Иә, иә айтпақшы саған енді тұратын үй-жай керек. Мекемеміз үлкен болғанымен шаруашылығымыз шағын. Сол себепті әзірге бірден кереметтей баспана тауып бере алмаймыз. Сондықтан қаланың шет ауданында марқұм бұрынғы бас редактордың үйі қанша жылдан бері бос тұр. Ол енді сенікі. Сосын құжаттарын әзірлейміз. Қашан жағдаймыз жасалып, жоғары жақтан жаңа үй берілгенде береміз. Оған дейін сонда тұра тұруыңа тура келіп тұр. Астыңғы қабаттағы есеп-қисап бөліміне барсаң саған сол үйдің адресін айтып, кілтін береді. Орналастырып қойған. Түс ауып кетті. Бүгінше алдымен орналасып ал. Ертеңнен бастап жұмысыңды бастайсың да кетесің. Жол болсын бара ғой енді.
Жалпы бастығым тек өзі ғана сөйлетін адам секілді. Бірден қаланың шеті болса да баспаналы болғаныма сенер сенбесімді білмей, қайта-қайта рахметімді айтып, астыңғы қабатқа қарай жөнелдім.
Тура өз анам секілді қартаң әйел:
– Ә, балам жаңа келген қызметкер сен болдың ғой. Манада бас редактор айтып еді. Мынау үйіңнің кілті. Осыдан шығасың да жолдың қарсы бетіндегі аялдамадан он үшінші автобусқа мініп ең соңғы бекеттен түсесің. Сосын елден «Қабірлік көшесі» деп сұрасаң көрсетіп жібереді. Онша алыс емес. Үй қараусыз тұрғанына біраз уақыт болған. Жассың ғой бойыңда қайратың тасып тұрған, реттеп тазалап аларсың. Әлі-ақ ол ауланы гүл бақшаға айналдырарсың. Жолың болсын бара ғой, – деп қолыма ескіден қалған бір шумақ кілтті ұстатты да кабинетінің есігінен шығарып салды.
Бұл кісіге де алғысымды үйіп-төгіп бағана қарауылға тастап кеткен буыншақ-түйіншегімді алып, жолдың қарсы бетіне өттім де автобус күттім.
Көп кешікпей автобус та жетті. Тізгіншіден өзге қаусаған бес-алты шал-шауқаннан басқа адам жоқ. Есіктен кіре бос орынға жайғастым.
Соңғы аялдамаға жеткесін манадан өзіммен бірге келе жатқан бас аяғына дейін аппақ болып киініп алған қариядан «Қабірлік көшесін» сұрап едім:
– Менімен еріп жүре бер сонда бара жатырмын, – деп көшенің аяғына қарай жіті баса жөнелді. Аса ауыр болмаса да буыншақтарымды арқалап ақсақалға әзер еріп келемін. Біршама жүрген соң жол екіге айырылды.
Шал:
– Балам сен мына оң жақтағы көшемен кетесің. Сенің бара жерің сол маңда. Ал сол жақта жатқан жол қабірстанға апарады. Сау бола ғой мен сонда барамын,– деді. Мен:
– Рахмет атай,– деп айтып болғанша ары қарай біраз жерге кетіп қалды.
Қолымдағы кілтпен бірге байланған қалың матада «Қабірлік көшесі, 17 үй» деп жазылып тұрған жазуға қайталап бір қарап, көп ұзамай үйіме жеттім. Құлыптаулы үлкен қара қақпаның ашылмағанына талай заман өтсе керек, құлпын тат басып, алдына жабайы шөп белуардан өсіп кетіпті.
Әзер дегенде құлыпты ашып, ішке енгенімде тіптен бір ну қамыстың арасынан бірақ шыққандай болдым. Қаулай өскен шөп кісі бойымен бірдей болып, анадайда тұрған үйдің шатырын әзер көрсетіп тұр.
Сағақтары қатайып бұталанып кеткен шөпті әзер табаныммен жапырып жүріп жалғыз аяқ із салып үйдің есігіне жеттім. Тура есіктің босағасына көне тоз тот басқан шалғы сүйеулі тұр екен. Арқамдағы жүгімді сонда қойдым да шалғыны қолыма алып, шөптің ұзақ уақыт орылмай, қурап қалған қу түбірмен қоса қопара, тура қақпаға дейін кәдуелгідей жол аштым. Аз ғана жер болғанымен өтпес шалғымен жұлмалап жүріп кештің қалай батып бара жатқанын аңғармай қалған екенмін. Шалғыны есіктен қақпаға дейін шұбатыла созылып жатқан балдың үстіне тастай салдым да есікті ашып, босағадағы тоқтың қосқышын шырт еткізіп басып қалдым.
Міне керемет, адам тұрмағанына қанша жыл болған үйге ұқсамайды. Тура бір епті қолдың жаңа ғана реттеп тазалап қойғанындай. Бәрі жарқырап тұр. Тіпті үй жиһаздарының жақтауынан шаңның жұғынын таппайсың. Өз жүгімді босағада қалдырдым да бөлмелерді аралап көрдім. Бәрі тап-таза. Тіпті жатын бөлме де орын көрпесімен даяр тұр. Манағы шалғының шаршатуымен бірден дайын төсекке қойып кеттім. Лезде ұйықтап кетіппін. Қанша жатқанымды білмеймін. Есікті бір ырғақпен әлдекім қағып тұр екен.
Бірден шешемнің балам бейуақытта ұйықтама жаман болады дейтіні есіме түсіп жүрегім өрекпіп ала жөнелді.
Қанша жүрексінсем де үйдің шырағы жанып тұрған соң көршілер «кім екен білейін деген шығар» деп, өзімді жұбатып есікке қарай еппен басып келдім де дауысымды барынша нығыздап:
– Кіріңіз, – дедім.
Есік жеңіл сықыр етіп ашылды да ар жағынан шамасы он екі он үш жас шамасындағы ер бала басын ғана сұғып:
– Апам мен әкем көршіні шайға шақырып кел деді, – деп ақырын жымиып қойды.
– Рахмет, көп рахмет, – деп едім:
– Аға бармасаң апам ренжиді, – деген тура бір ересек адамдар секілді баланың сондай байсалды бейнесі мені ары қарай қарсылық көрсетуіме жол қалдырмады.
– Ұят болды ғой беймезгіл мазалап.
– Ешнәрсе етпейді көршіміз ғой.
Баланың қозғалысының өзі соншама салмақты екен. Мен сыртқа шыққанда:
–Пәлі үлкен жол салып алыпсыз ғой… Бірақ бізге бұл жол керек емес мына жақпен бара саламыз,– деп үйді айналып жол бастады.
Манада келгенімді байқамаған екенмін, үйді жағалаған кәдімгі жалғыз аяқ жол сайрап жатыр.
Тура менің жатын бөлмемнің терезесінің тұсына қарама қарсы селдір тартылған тор шарбақтың бүйірінде бір кісілік есік бар екен. Есіктен ары өте самаладай жанған қалың шырақ көз ұялтады. Ауланың іші тола әр алуан гүл. Әр гүлдің басында бір-бір шырақ. Жалғыз аяқ жол қалың гүлді түп-түзу жара, көршімнің есігіне тіреледі екен.
– Апа көршіні шақырып келдім, – деп дыбыстаған бала маған есік ашып берді де, кейін шегініп қалып қойды.
Бұл үй де тура менің үйімнен аумайды екен тіпті жиһаздарына дейін бірін бірі қайталайтын секілді.
Төрде мана маған жол сілтеп жіберген қария. Жанында аппақ киінген кемпір жаюлы дастарханның басында отыр екен. Менің сәлемімді еріндерін жыбырлата алғанымен сосын бірден қабақтары ашылып жарқылдай сөйлеп кетті.
– Қонысың құтты болсын балам.
– Жаңадан келген журналистсің ғой.
– Иә.
– Дұрыс балам, мен де журналист болғанмын, атым Мақпоз. Жақсы кәсіп.
– Иә.
– Дастарханға кел! Жақын отыр. Ас ал! Үйді бір жола саған берді ме?
– Білмеймін атай. Әзірге сенікі құжаттарын сосын реттейміз, қашан жаңа үй болғанша сонда тұра бересің дейді бас редактор, – деп едім кемпірдің жүзі бірден қуарып сала берді:
– Сонда сен уақытша ғана тұратын болдың ба?
– Солай шығар апай білмеймін.
– Жаңа үйді қайтесің осында өмір бойы тұра бер,- деді шал аппақ сақалын салалап.
– Сөйтетін шығармын, – деймін мен де міңгірлеп.
– Иә сөйт балам осында тұра бер, басқа жақты не қыласың балам… Кемпір самбырлап сөйлей жөнелді.
Адам қартайған соң қызық. Менің қайда тұратыныма қанша қатысы бар?! Жаңа үй берсе әрине сонда кетемін деп ойлап қоямын ішімнен.
– Айнам! –деді де кемпір әлде кімді дауыстап шақырып:
– Мен ас даярлайын, көрші балаға сен шай құйып берші, – деп қарсыдағы есікті барып ашты. Арғы жақта аппақ қыз аппақ ағзудың бетіне қап-қара жіппен кесте тігіп отыр екен. Орнынан сызыла тұрған ол жайлап басып дастархан басына келді де, кемпірдің орнына отырып шай құя бастады.
Ақсақалды шал-жаңа көршімнен қанша қысылсам да көзім қайта-қайта аққызға қыдырып қоймайды. Тіпті ­қарияның кей сөзін аңғармай қалып отырдым.
Дастархан тола ас. Ас ішіліп болғасын мені үйге аққыз шығарып салды. Екі үйдің ортасындағы есікке келгенде:
– Қайырлы түн болсын,– деді қыз сызыла.
– Өзіңе де, – деген сөзді әзер айттым мен үздігіп.
– Келіп тұрыңыз.
– Сен де, – деппін сасқалақтап. Қыз сықылықтап күліп ары жүгіре жөнелді.
Мен тура есіктің түбінде сәл кідіріп тұрып барып, өз ­үйіме қарай кеттім.­
Жатын бөлмеме кірдім де шырақты өшіріп тастап терезенің түбіне келіп, көршімнің ауласына ұрлана көз салдым.
Самаладай жарқыраған қалың шырақ аққыздың әрін тіпті асырып жібергендей. Қанша отырғанымды қайдам бір сәтте ұйқы қыса бастады. Тура соны сезгендей манадан бері қалың гүлдің арасында арлы берлі бұрала биге басып жүрген аққыз мен жаққа қарап қолын бір бұлғады да үйіне кіріп кетті.
Қараңғы үйдің ішінен көрінбейтін шығармын деп ұрланып қарап отырғанымды біліп қойғанына қатты ­ыңғайсыздандым. Манағы көзіме тығылған ұйқым шайдай ашылып кетті. Аунақшып арлы берлі жатып таң ата әзер ұйықтадым.
Қабырға сағаттың даң-даң еткен қатты дауысынан шошып ояндым. Басымды жастықтан жұлып алғанда бірден қабырғадағы сағат көзіме түсті. Жұмысқа баратын уақытым болған екен. Орнымнан атып тұрып, бетімді шала-пұла жуып аялдамаға қарай жөнелдім.
Редакцияға келіп бірден бас редактордың кабинетіне келдім.
Жарқылдай қарсы алған бастығым:
– Бала осы айдың журналын даярлап қойдық. Келесі журнал шыққанға әлі аттай бір ай бар. Оған дейін саған басқа жұмыс тауып қойдым. Есеп-қисап кабинетінің қасындағы қоймаға барасың да сол жердегі барлық журналды бірден қарап шық.
Осы редакциядағы ең алғашқы ұстазың солар. Соның барлығын көріп шықсаң ары қарай қаламыңды ешкім де тоқтата алмайтын жүйрік журналист боласың да шығасың, – деп қолтығымнан ұстады да кабинетінен шығарып салды.
Астына түсіп қоймаға келдім де, журналдың ең алғашқы санынан бастап, әр бетін қалдырмай оқи бастадым.
Журналды оқып отырып кешегі аққызға ойым қайта-қайта аунай берді.
Жұмыс уақыты аяқтала сала алды артыма қарамай үйіме қарай зауладым.
Үйге келе сала жатын бөлменің терезесіне келіп едім, кешегі бала келе жатыр екен. Терезеден мені көріп қалып, басын изеп сәлемнің ишарасын жасады да, айналып келіп есікті қақты.
– Апам шайға шақырып жатыр.
– Рахмет жаңа жұмыстан шай ішіп алғам. Кешегі аққыздың көріп қалғанынан қысылып қанша барғым келсе де әдеп сақтап тұрғаным.
– Бармасаңыз апам ренжиді.
– Рахмет бауырым ертең барайын.
Бала біраз тесірейе қарап тұрды да қайтып кетті. Енді терезеге баруға дәтім жетпей, манағы бала келген кезде ­отырған ауызғы үйдегі креслодан қозғалмай отырмын.
Сүт пісірімге жетпей есік тағы қағылды.
– Кіре ғой, – дедім мен тағы сол бала келіп тұр екен деп.
Есік еппен ашылып ішке аққыз кірді.
– Шайға жүріңіз.
– Рахмет ішіп алғам.
– Кешегіге ұялып тұрсыз ба, – қыз сықылықтай күлді.
Мен өп-өтірік қызға қосыла күлген болдым.
– Жүріңіз енді. Қыз тура жаныма келді де, аппақ саусақтарымен менің білегімнен ұстап өзіне қарай тартты. ­Қолы ­тастай суға малып алғандай суық екен. Мен еріксіз орнымнан тұрып аққыздың жетегіне ердім.
– Атың кім қалқам,- дедім кібіртіктей.
– Айна!
– Тамаша есім екен.
Қыз күлді де:
– Сіздің атыңыз ше?
– Дастан.
Қыз үндемеді. Тамақтанып болғасын үйге қайттым. Шарбақтың түбіне дейін әкеліп салған Айна:
– Шынымен мені көргіңіз келсе ренжімеймін терезеңізден қарай беруіңізге болады, – деді.
Не айтарымды білмей абдырап қалдым.
– Мен ренжімеймін, – деді қыз сөзін жалғап.
Таң бозына дейін терезенің түбінде отырдым.
Жұмысқа әзер үлгеріп келіп қоймаға кірдім де есікті ішінен жауып алып, түс ауғанша ұйықтап алып, түс ауған соң қалған журналдарды шолып қарай бастадым.
Осылай апта бойы күндіз қоймаға келіп ұйықтап жүрдім. Түні бойы Айнамен бірге таңды ұйқысыз атырамын. Үшінші күні-ақ Айна менің үйіме келіп, түн ортасы ауғанға дейін бітпейтін кестесін тігіп отырып жанымда сызылта ән салып берген-ді. Дауысының тамашалығы сондай бойды балқытып адамды есінен тандырып ұйықтатып кететін-ді.
Ақыры бір кеште оған:
–Саған үйленгім келеді, – дедім құшағыма тартып.
Бауырыма тығылып егіліп отырып жылаған ол «жоқ» деді.
– Неге? – деген сұрағыма:
– Сұрамаңыз айта алмаймын, – деп бірден кесіп тастады.
Мен жүрек сөзімді айтып жанын қоймай жалынып ем бар айтқаны:
– Сізден айырылып қалмау үшін айта алмаймын. Менен айырылып қалғыңыз келмесе сұрамаңыз, осылай жүре берейікші, – деп мені тас қылып құшақтап алып өксіп тұрып жылады.
Ешнәрсенің байыбына бара алмай шала ұйқы болып жұмысқа жеткем, кіре берістен бас редакторға жолығып қалдым:
– Бала, қал жағдайың қалай? Қабағың кірбең ғой, қалың журналды оқып бітіре алмай жатырсың ба? Жарайды онда барлығын емес үш жылдан бергісін қарап шық. Ай соңы таяды. Саған тапсырма беруім керек, жылдамдат бала, – деді де өзіне көтеріліп кетті.
Қоймаға келдім де сөредегі ретімен тізулі тұран журналдардың ішінен үш жылдан бергісін реттеп бөлек алдым да, оқу столына алып келіп ақтарыстыра бастадым.
Кенет көзіме бір сурет оттай басыла кетті. Айна, інісі, апасы мен атасы Мақпоз қария. Суретте тіпті өңді екен. Суретке емірене қарап отырып бас жағындағы қара әріптермен жазылған жазуға көзім түсіп кетті.
«Қайғылы хабар» деп тұр. Жүрегім кеудеме сыймай тарсылдап соға жөнелді. Мен мәтіннің соңын жалғап оқи бастадым.
«Осы жылдың мамыр айының он жетісі күні ­журналымыздың бас редакторы, білікті басшы, қарт журналист Мақпоз Зұлқарұлы алпыс үш жасында, жұбайы Зағира алпыс жасында, он үш жасар ұлы Жасұлан мен он сегіз жастағы қызы Айна төртеуі ауыр көлік шырғалаңының салдарынан бақилық болды…». Мәтіннің соңына жетпей жүрегім тас төбеме шықты. Қолымдағы журнал сусып жерге түсіп кетті. Үстел үстіндегі келесі журналды қолыма ұстап қалып едім бірден айқара беті ашылып кетті. Айқара бетте қабірліктің фотосы тұр. Төрт белгі таста төртеуінің кескіні мен аты-жөні. Мен сыртқа атып шығып жолдың қарсы бетіне қарай өттім. Тура мені күткендей автобуста келе қалды. Соңғы аялдамадан түсе сала үйге қарай ұша жөнелдім. Алғаш рет Мақпоз қарттың маған жол сілтеген жеріне жеткенде жол айрықта кілт тоқтап қалдым.
Сол жақта қабірстан, оң жақта менің және көршімнің үйі…

Портреттегі ғұмыр

Соңғы үш жылда денсаулығымның ақауына байланысты үй демалысында болғасын үлкен қаланың бір бұлтарыс кішкентай көшесінде таңнан қара кешке дейін самсатып тізіп қоятын қалың өнер туындысы жайылған жаймаға келіп шеткері тұрған орындыққа отырып алып, арлы-берлі өткен адамдарға көз салып, иә болмаса ара кідік суреттер көрмесін айналып қарап шығуды әдетке айналдырғанмын.
Сан-алуан түстегі бояу мен сарғыш матаның арасындағы елші қыл қалам және оның иелерінің де біразымен таныспын.
Мен келген сайын:
– Бала кешіктің ғой,… – деп алдымнан Ерден аға шығатын.
Соған бола қаншама рет таң бозынан тұрып келсемде сол баяғы аппақ сақалының ұшын бояу табы шалған ағам қарсы алады.
Кешкісін бәрі өз туындыларын жинап алып кетеді. Күні бойы қаптаған адаммен қан базарға айналған жер кешке қарай адам аяғын баспайтын сүреңсіз бір иен көшеге айналатын-ды.
Әрдайым бар картиналар жиналып кеткенде Ерден ағаның орнында шамасы тым ертеректе салынған бозаң баланың көне тоз портреті ғана қалатын.
Бірде:
– Аға мына портретті неге алмайсыз, – деп сұрадым.
Үнсіз ойға шомып біраз отырған суретші ағам әңгімесін арыдан бастады.
– Бала, қазір қаусаған шалды көріп жүрсің ғой… Ол кез қайда?!. қайран жастық жігер… қуат… қайрат… сезім… қойшы бәрін… Сонымен картинаың жайын білгің келеді ғой… Көркем сурет институтын енді бітірген кезім… Әлдебір мекемеге кіріп тапсырмамен сурет салуды жаным қаламайды… Сосын осы көшеге келдім… Бұл көше баяғыдан суреттер мекені-тін. Әуелде табысым жаман емес… Келген қонақтарымның суретін көңілінен шығара салып тірлігімнің нәпақасын тауып жүрдім.
Бірде енді жұмыстан түскелі жиналып жатқанымда осы сен секілді… Иә.. Тура сол кездегі мен секілді бір жас жігіт келіп портретін салып беруімді өтінді. Ертең кел дегеніме көнбеген соң, қаламымды қолыма алдым… Жігіт алдымда үнсіз отыр… Суретті салып болыдым. Жігіт риза. Ақшасын артығымен төледі. Салған портетті қолына алып біраз қарап отырды да өзіме қайтарды.
Бір жері ұнамай қалды ма деп жаным шығып барады…
– Не болды… ұнамай қалдыма? Болмаса ертең жарықта дұрыстап қайта салып берейін, – деп жатырмын.
– Жоқ, жоқ атама… Сурет керемет… тек бір ғана талабым бар…
– Иә, айтыңыз…
– Ай сайын ақысын өзіңізге төлеп тұрамын…
– Не үшін айтсаңызшы…
– Сурет әрдайым осында тұрсын… ешкім орнынан қозғамасын…
– Жарайды… ол үшін ақы төлемей-ақ қойыңыз…
– Жоқ төлеймін…
Сөз осы болды. Одан бері елу жылдан асты сол беймәлім жаннан әрдайым есепшотыма ақша түсіп тұрады…
Бұл суреттің атын содан аманат қойдым. Бұл аманат сурет.
Ерден ағамның әңгімесіне қызығып қалдым… Сол күннен бастан Аманат суретті аңдумен болдым… Күні бойы оған көз салатын көп ешкім болмайды. Десе де жанарынан жастықтың жалыны атқақтаған бір жас жігіт қана әр өткен сайын анадайдан көз қиығын елден жасыра салып өтеді. Ол тек ай ортасына қарай ғана келмейді. Иә бұл суретке көз салатын тағы бір адам бар ол ай ортасында бір күн ғана келетін қайыршы шал. Қолына мүжілген ағаш таяғын алып, жантаңдай бір аяғын сүйрете басып, әзер жүреді. Олардан басқа ешкім көз салмайды… Таңнан кешке дейін бұл суретті тек мен ғана тамашалаймын.
Жыл бойы ойға күдік салатын ешнәрсе таппағасын енді түні бойы суретті күзететін болғам… Ешқандай өзгеріс жоқ…
Ұрланып көз салатын жігіттің артынан аңдып көрдім. Әрдайым қалың нөпірдің арасына кіріп адастырып кетеді.
Сосын бірде қайыршы шалды аңдыдым. Асыға күткен ай ортасы да жетті. Таяғына сүйенген шал бізді айналсоқтап ұзақ жүрді. Алыс ешқайда бармайды екен. Тек қан базардың тарап, ертерек кеш болуын күтетін секілді. Елдің бәрі үйді-үйлеріне қайтты. Мен сол орнымнан ­тапжылмай әлі отырмын. Анадайда аяғын сүйреткен шал таяғымен жерді қатты-қатты тоқылдатып қояды. Түн ортасы ауған, толықсып толған айдың аппақ сәулесімен ­қайыршының жирен сақалы баяу ғана шағылсады. Жел тұра бастады. терістіктен қап-қара қою бұлт манағы бар әлемді күндізгідей жарық қылып, тура айға қарай жөңкіліп келеді. Аспанға кекжие бір сәт қарап тұрып қалған шал менің қасыма келіп:
– Қазір жаңбыр жауады үйіңе қайт!– деді сыбырға жақын бәсең дауыспен. Бірақ дауыс қанша бәсең болса да сондай зілді екен.
– Ешнарсе етпейді… Жаңбырды жақсы көремін… Өзіңіз қайта беріңіз,– дедім мен жаймен.
Шал таяғын көтеріп маған тағы бір нәрсе айта бергенде найзағай жарқ етіп, жаңбыр сіркірей жөнелді. Найзағайдың құлақ тұндыратын ащы дауысы шалдың сөзін естірітпей кетті. Мен жанымдағы қолшатырымды жайып шалға қарадым. Лезде қайда кетіп қалғанын кім білсін, шал көрінбейді. Көшенің екі басында да. Маған жақын тұрған ағаштың далдасын да қарадым, жоқ.
Таң атқасын ақырын аяңдап үйге қайттым.
Асықпай демалып ертесі қайта үйреншікті орныма келдім. Неге екенін қайдам бұл айда жас жігіт көзге түспеді… Бір жаққа кетіп қалған шығар деп ойладым. Енді асыға ай ортасын күттім, шал қашан келер екен деп. Ақыры ай ортасына да жеттік. Жан-жағыма алақтап отырғанымды байқаса керек, Ерден ағам:
– Бала біреуді күтіп отырсың ба? – деп сұрады.
– Иә, аға, тура осы уақытта қайыршы шал келетін еді. Төрт сағатқа кешікті,– дедім мен.
– Қайдағы қайыршы… Мұнда келетін қайыршылар көп қой.
– Аманат суретке назар аударатындарды ғана санамалап жүрмін аға.
– Иә, қызық осы айда аманат суреттің ақысы келмеді маған.
– Осында келетін бір жас жігіт бар еді. Оның келмегеніне де ай болды…
Әңгімеміз енді қыза бастағанда Ерден ағамды біреу шақырып кетті.
Кеш батуға шақ қалғанда қайыршы шал көрінді. Тіптен қаусап қартайып кетіпті… Қос балдаққа сүйеніп әзер келеді. Бізге жақын келіп маған сұқты жанарын қадап тұр екен… Шалдың жасаураған жанарында бір түрлі сыр бар секілді… Реніш пе, мұң ба, шарасыздық па әйтеуір жанарына көз қадап тұра алмай, теріс айналып кеттім.
Сосын орнамнан тұрдым да үйге қайтып кеттім. Үйде ананы-мынаны шұқылып отырып түн ортасы ауып қалғанын байқамай қалыппын. Таза ауа жұтпақ болып сыртқа шықтым. Үйге қайта кіргенге зауқым соқпай Аманат суретті көріп қайтпаққа жол тарттым.
Мен көшенің басына жеткенде кемеріне жете толған айдың аппақ сәулесімен Аманат суреттің қарасы көрінді. Қарсы алдында бір нәрсе жатқандай… Ақырын баспалап жақындап келем… Аманат сурет жақын көше бойындағы қарт еменнің түбіне келгенде барып бірақ анық көрінді… Манағы ­қайыршы шал суреттің алдына жүгініп отырып алып, екі қолын суретке созып егіліп жылап отыр.
Бірден жанына бармақ болып ол ойымнан тез айныдым. Соңына дейін күтпек болып шештім. Қайыршы шал мені аңғармады… Таң қараңғысына таяғанда ағашқа сүйеніп тұрып көзім ілініп кетіпті… Шаттана сақ-сақ күлген жарқын дауыстан селк етіп оянып кеттім. Аяғын баса алмай жүрген қайыршы шал тура суреттегі жас жігітке, бозбалаға айналып кетіпті.
Өз көзіме өзім сенбей қайта-қайта қараймын. Шынымен солай.
Жігіт алшаңдай басып көшенің ана басына қарай кетіп барады. Мен күндегі орныма келіп жайғастым. Сүт пісірім өте Ерден аға жетті артынып тартынып.
– Пәлі бірінші рет кешікпей келдің бала, – деп тісін ақсита күліп тұр.
– Аға менің де портретімді салып беріңізші… осында анау портретпен бірге тұрсын… ақшасын төлеп тұрамын… – деп Ерден ағаның алдындағы орындыққа келіп жайғастым.

Егіз Тұмар

Түн ортасы ауған шақ. Екеуміз, досым және мен. Автокөліктің іші. Бұл маңда таң бозынан қызыл іңірге дейін қайшалысатын қалың автокөлік түн ортасында сап тиылады. Көше бойындағы оқшау-оқшау ғимараттардан тек бірлі жарым ғана электр шамы жылтылдайды.
Алыс ауылдан осы қалаға келіп такси жүргізушісі болып жүргеніме үш жылдан асқан. Былтыр ғана ауылдағы бір досымды жаныма шақыртып алғанмын. Әке-шешесі ерте қайтыс болып кеткен. Бала күнінен әркімнің босағасында жүрген-тұғын. Екеуміз бір жатақта тұрамыз. Сол бар жиған-терген ақшасымен бірге бір парша хат жазып ­қалдырғанда, менің көлігімді алып тайып тұрған.
Аяқ астынан бүгін пайда болып отыр. Атысарымызды да, шабысарымызды да шеше алмай отырмыз.
Қара кештен бері үнсіз менің көлігімнің алдыңғы орындығында сәл-пәл шалқалаған қалпы отыр. Қырық күн ­бойына шеше алмаған жұмбағымның үстіне тағы баттастыра жамау салып, әңкі-тәңкі күйде мен отырмын.
– Кешір, бүгін ескіше он төрті, айдың толған күні сені мұнда әкелмеуім керек еді… Ұзаққа созылған үнсіздікті досым бұзды. Мен жауап қайтармадым… шынын айтсам, оның ешбір сөзіне сеніп те отырғаным жоқ.
– Өкпелісің маған, оған жетерлік себеп те бар… Десе де жан досымсың ғой, сенің алыңда өтірікші болмайын деп әкеліп отырмын мұнда. Менің айтқандарымның шын екендігіне көзіңді жеткізесің де, ешқайда бұрылмай түзу қайтасың!..
– Жетер, осы өтіріктерің де… кім сенеді… Одан да басқалай бір жол таппадың ба?.. Мен шарқ ете қалдым. Шамасы, оның шамына да қатты тисе керек. Басын оқыс жұлып алып, жағамнан жұлқи өзіне қарай тартты да:
– Тыңда, сайтанның сапалағы, мен басынан бастап айтып беремін… Оған дейін Нұрым-қызда шығар, сосын кетемін… Мен дір-дір еткен әлсіз саусақтарын жайлап қана бір-бірлеп шығардым да өз орындығыма шалқаладым. Ол басын көтерген қалпы сөйлеп отыр.

***
Мен ауылдан келгенде тек сені пана тұтып келгенмін. Бұл қалада сенен өзге танысым да, жақын жанашырым да жоқ-тын. Қалада жүргінші тасуды, бүкіл қаланың ойлы-шұңқыр, қым-қуыт қуыс көшелеріне дейін өзіңнен үйрендім. Мен қаламен толық танысқан соң, өзің күндізгі кезекке шықтың да, мені кеште таксишілік етуге шығардың. Әу баста табысымыз да жаман болған жоқ-ты. Бір көлікке мінгеспей және бір көлік алып екі жақтап ақша табу ғана ойымызда болған. Мен одан ешуақытта айнып көргем жоқ, сенде…
Әңгіменің барлығы сол кештен басталды.
Тура осы көшенің бойымен түнгі он екілер шамасында кезекті жүргіншімді іздеп зырлап келе жатқанмын, тура осы маңда, анау бір түп қара талдың түбінде біреу тұр екен. Жанына келіп тоқтай қалдым… Өрімдей жас қыз… жылап тұр. Күздің қара суығынан қатты жаураса керек… Дір-дір етеді… Үстіне жұқа ғана ақшағи көйлек киген… Жарайды, қойшы… Оның көйлегін айтып не қыламын… менің өз міндетім бар… Кезіккен жүргіншімді діттеген жеріне жеткізіп кіре ақымды алуым керек.
– Қайда барасың қарындас?! – дедім. Ол еш жауап қатпастан көлігіме отырды да, қолыма тілдей қағаз ұстатты… Сол кезде барып ол қызды мылқау шығар деп ойладым. Қағазда қаланың терістік бетіндегі шағын ауылдың адресі жазылған, көшенің де, үйдің де адресі анық. Мен солай қарай бет алдым. Анда-санда айнадан артқы орындықта ­отырған қызға еріксіз көз жүгіртемін… Тіптен менің қиялым жетпестей сұлулық… Шіркін, тілі болса ғой, әңгімеге тартар едім деп армандадым. Ақыры барар жеріне де жеттік. Тар көшенің ең соңғы үйі болар шамасы. Ары жол жоқ. Тұйыққа келіп тірелгенде, шамасы алпыстарды алқымдап қалған кемпір шығып, тап бір менімен келісіп алғандай ашық тұрған терезеден алақаныма бір уыс темір теңгені салды да, арт жақта отырған қызды жетелеп кете барды… Мен орнымда есім ауа жаздап мелшидім де қалдым. Мана байқамаған болармын, қыздың аппақ көйлегінің етегі қып-қызыл қан, жерге тамшылап барады. Мен жалма-жан артқы орындыққа, қыз отырған жерге жарық салып қарадым. Дым жоқ. Тап-таза. Бірақ мұрныма қанның қаңсық иісі келгендей болды. Қайтадан кетіп бара жатқандарға қарадым. Екеуінің де еңкілдеп жылап бара жатқаны иықтарынан-ақ сезіліп барады. Сол жерде таң ағарғанға дейін отырдым. Неге екенін қайдам… Әлдебір тылсым күш кері кетуіме ырық берер емес. Жерге жарық түсе амалсыз саған қарай жол тарттым.
Екеуміздің ең алғашқы ренжіскеніміз сол күні болды. Машинаның ішін қанның күлімсі иісі кеулеп кетіпті… Сен басқаша ойладың… менің оны басқаша түсіндіруге шамам болмады… Тек қана ақталумен ғана болдым. Аузыңа түскен ең жаман боқтықтарыңды төгіп сен кеттің. Сол күні алғаш рет қорындым. Бәрін тастап, ауылға қайтып кеткім келген. Кетіп қалайын-ақ деп бекінсем де, бір күш осы қалаға бекемдеп ұстап қалған тәрізді. Кете алмадым. Ақыры кешке дейін сені тағатсыздана күттім. Өлдім-талдым дегенде сен жеттің. Маған ләм-мим деместен көліктің кілтін ұстаттың да үйге кіріп кеттің. Сол күні алғаш рет еш табыссыз қаланы арлы-берлі кездім де жүрдім. Ешбір жүргіншіге ­тоқтауға зауқым соғар емес. Осы көшемен қанша рет өткенімді білмеймін. Түн ауды-ау деген бір мезгілде барып, анау қара ағаштың түбінен кешегі қызды көргенде, ойпыл-тойпыл болып аласұрған көңілім сәл тыншығандай болды-ау бір. Жанына келіп шорт тоқтадым. Тура кешегім қайталанып жатқандай… Қыз отыра бере, көліктің ішіндегі шырақты жақтым. Жүрегім зырқ ете қалды. Аппақ көйлегінің етегі шып-шып еткен қызыл қан. Ол үнсіз мүсеурей қарайды. Дереу шырақты өшіре қойдым да, атша тулаған жүрегімнің алқынысын басып қайта шырақ жақтым. Тағы сол. Кеше қалай сезбей қалғанмын, қанның қаңсыған күлімсі иісі қолқаны қабады екен. Қорқа бастадым. Қызды қалдырып кетейін деп бір ойладым да, ол ойымнан тез айныдым. Қыздың айдай жамалы бар нәрсені басып барады. Әнтек тым мұңлы… Бұл жолы көлікті барынша баяу жүргізіп келемін. Айнадан көз ала алар емеспін. Қыз да сәл-пәл миығынан жымиғандай болады, әлде менің көзіме солай көрінген. Қойшы, әйтеуір, ақыры жеттік-ау жетер жерімізге… Көлікті көре сала кешегі кемпір орнында тыпыршып тұр. Қара түнді қақ жарған көліктің күшті жарығынан кемпірдің жүзі анық көрініп келеді. Өртке түскендей түтеп кеткен. Мен жетіп енді тоқтай бергенде, есікті жұлып алардай жұлқи тартып ашты да:
– Жүгірмек! Менің құлыныма зәредей зәбір тигізер болсаң, менен еш жақсылық көрмейсің, ал мына тиыныңды… екінші жуыма!.. – деп, кемпір менің еш уәжімді тыңдамастан қызын ертіп кете барды. Мен асығыс жиналып, кері қайттым да жол бойында көлікті әбден тазартып, өзіңе әкеліп бердім.
– Ол екеуіміз үшінші күні тілдестік… Сол күні оның мылқау емес екенін білдім. Сол күні оның бұл жалғанның жаратылысы еместігін… Арғы әлемге кетіп қалғандығын сездім. Кеш кіре осы жерге келіп тапжылмай отырғанмын. Күндегі уақытында қыз да пайда бола кетті. Жанына келіп, көліктің есігін ашып едім, ол басын шайқады… мен қолтығынан демеп кіргізіп жібермекке ұмсынып едім:
– Кешіріңіз, мен сізбен бара алмаймын…– деді. Қыздың майда үні құлағыма әлде бір ып-ыстық жалындай сезілді.
– Қалқам, сен мылқау емессің бе? – деп сұраппын бірден. Қыз күрсінді. Мен қоярда қоймай қызды көлікке мінгіздім де жолға шықтым.
– Атың кім?
– Білмеймін.
– Қалайша?
– Рас айтамын… Менің есімде ешнәрсе жоқ, тек әжемді ғана танимын… сосын сыңарымды.
– Қалай…
– Біз егіз қызбыз…
–…
– Қайдан шықтың?
– Білмеймін…
– …
– …
Жол бойы қыздан мардымды жауап ала алмадым. Бұл жолы кешегідей емес, жылдам жүрдім. Не сыры болса да қыздың әжесінен білейін деп шештім.
Кемпір уағдаласқандай сол орнында тұр екен. Кешіктірмегесін бе, бұл жолы ешнәрсе айтпастан ақшасын ұмсына бергенде:
– Апатай! Ақшаңыздың керегі жоқ… Тек бір нәрсе білгім келеді… – деп едім, кемпір:
– Тәйт ары!.. Нені білгің келеді?!. Көрінбе көзіме, мен сені, сен мені көрген жоқсың!.. Ал мына ақшаңды, құры көзімнен!.. – деп буырқанып, қызын қолынан дедектете жетелеп ала жөнелді. Бұл күні де ешнәрсенің байыбына жете алмай қайттым. Енді оның сырын ашудың басқа жолын қарастыруыма тура келді.
Есіңде болса сенен сол күні таңертең осы қаладағы балшы-көріпкелдер туралы сұрағанмын. Сенің айтқаның ­бойынша ең атақты деген балшы соқыр кемпірді іздеп бардым.
Картасын дар-дар еткізіп қотарыстыра шилап отырған кемпір менің келерімді әуелден-ақ біліп алған тәрізді. Өздігінен сөйлей жөнелді.
«Оу! Бейбақ! Келдің бе… Сені қанша күттік… Бұл жалғанда да осындай тағдыры талайсыз талайлар бар… Талайлар бар… Бұның бақытына қарай, бақыт деймін-ау, тәйірі… Ондай бақыт әдірем қалсын… сен жолығыпсың… қап!.. қап! Сенің де бір қарығың ашылмаған сорлысың ғой… Кете алмайсың енді, кете алмайсың. Иә, иә, бейшара бала… Оның жайын біле алмай қиналып жүр екенсің ғой… Мен атын айтып беремін… Атын айтсаң анау қарығы ашылмаған сорлы әжесі бар болмысты өзі айтып береді… Ол кемпір менің бірге туған сіңілім… Ал қызының аты Айым… Оның сыңары бар, оның аты Нұрым… Бала, байқа, олармен бірге кетіп қалып қайта алмай қалма… Артыңда жоқшың болмаса, қайтар есік жабылып қалады… Сен табалдырықта тұр екенсің… кері қайтуға амалың жоқ, аттайсың енді… қаншалық талайың барын қайдам…. Оны тек артыңнан жоқтайтын жоқшың ғана шешеді, тағдырыңды… Жоқшың көп болса тез ораласың… ал болмаса мәңгіге ол қапаста сен де қаласың…».
Балшының бар сөзіне ешқандай да шек келтірмедім. Қайталап та ешнәрсе сұрамадым. Кері қайттым.
Бар жиған-тергенімді сенің жастығыңның астына ­қалдырдым да қысқа ғана «Жаңадан бір көлік алуға мына ақшалар жетер… Мен бір алыс сапарға кеттім… мені ұмытпа, әр кез жоқтап отырсаң бір күні ораламын, сонда барлығын айтып беремін… кешір мені, жан досым… бәрін білгенде мені кешіретін боласың» деген бір парша хат қалдырып, кеште сенен кілтті ала сала осында келдім. Тура сол күндегідей уағында Айымды алып, асыға үйіне қарай зауладым… Көңілім алай-дүлей астаң-кестең. Қыз секем алмасын деп тіл қатыспадым. Бірде бәрін тастап кері кетіп қалғым келсе, бірде не де болса соңына дейін көргім келеді… Бар уайымым мені сенен өзге жоқтар жоқшының жоқтығы…
Межелі жерге жете көлікті тоқтатып өзім жерге түстім… Менің әрекетіме кемпір таңданып қалған тәрізді. Сәл түйткілсіп барып қолыма ақшаны ұстата бергенде:
– Апатай, Айым туралы білгім келеді, айтыңызшы, – деп қолынан ұстап тізерлеп отыра кеттім.
– Жарығым-ай! Қарғам-ай, осы күнді асыға қанша күттім… Мен күткен жан сен екесің ғой, жарығым… – деп кемпір мені бас салып гөй-гөйлеп жылай бастады. Көліктен Айым түсіп:
– Әже, жүрші, кетейік, – демегенде, сол орында таң атқанша отыра берер ме ек. Айым екеумізді екі жағына алып, жетелеп кемпір бітеу қуысқа қарай жүріп келеді. Көлік сол орнында қалды. Тұйыққа тірелген соң оң жақтағы үстін шырмауық басқан бір адам әзер сиятын есіктен ішке кірдік. Үй деймін-ау, әйтеуір қадым заманнан қалған құжыраға кірдік. Іште аспалы қолшам тұр екен. Айым есіктен кіре сала төр жаққа барды да, үстіндегі бар лыпасын сыпырып тастап, қабырғаға ілулі тұрған жасыл көйлекті киді.. Қыздың жалаңаш тәніне қараудан қаншалықты именсем де, көзімді тайдыра алмай қойдым. Кемпір мұнымды сезді ме, әлде, сезбеске салынды ма, еш рай байқатпады… Тек сыртқа құлағын түрумен болды. Айым көйлекті киіп, белін буынып бола сала, үйдің біз отырған бір жақ бөлігі жарқырап шыға келді. Әу баста қотыр-қожалақ там сықылды еді, енді лезімде жарқыраған сарайға айналып сала берді… Тек қалған жартысы ғана бәз-баяғысынша сүркей тартып тұр.
Ғайыптан пайда болды ма, әлде, соның арасынша кемпір даярлап үлгерді ма, үстелді майыстырған дастархан дайын тұр.
Кемпір мені дастархан басына отырғызып шай құя отырып, әлсін-әлі шылауышының ұшымен көзін сүртіп қойып әңгімеге кірісті.
– Сөзді арыдан бастайын. Біз бұл қаланың байырғы тұрғынымыз. Осы қаланың тұғыры қаланбай тұрғанда біздің ата-бабаларымыз осында жасаған екен. Атамыздан жалғасқан дәу перілі бақсылық жынымыз бар-тұғын. Өз әкем жердің астындағыны да, үстіндегіні де толық біліп отыратын көріпкел болған. Біз үш ағайынды едік. Екі қыз, бір ұл. Үлкен екі қыз егізбіз. Сыңарымды менен сүт пісірім үлкен дейтін… Бастан бақ тайса бір күнде екен… Бір кеште әкеміз босағаға жете бере гүрс етіп отыра кетіп «әкетті… әкетті… жалғызым-ай… жарығым-ай… кетіп бара жатқанын қарашы… Әй, енді сендердің сорларың-ау… қайтейін енді, қайтейін…» дейді зар еңіреп. Ініміз сыртта жүрген. Апалы-сіңлі екеуміз әкемізді қаумалап не болғанын сұрап ­жатырмыз. Қолына ініміздің мойнынан тастамай тағып жүретін тұмарын ұстап алыпты. Еш уақытта оны мойнынан алдырмайтын еді. Бұл атадан жалғасқан қағидат дейтін. Әкеміздің қолындағы тұмар енді лапылдап жана бастады. Бар нәрсені көріп-біліп отыратын әкеміздің мына дәрменсіздігіне біз еш жіп таға алмадық… Қорқыныштың бір қалың тұманы басты да қалды… Сырттан баж ете қалған дауыс шықты. Әпкем екеуміз далаға атып шықтық. Қап-қара түтек болған шөкімдей бұлт інімізді жұлқылап, аспанға қарай алып бара жатыр екен. Құлында-құлын дауысымыз шығып үйге, әкемізге жүгірдік. Кірсек, әкеміз жерде құлап жатыр аузынан қара жалын қан атқақтап. Зар еңіреп басын сүйедік. Аузын сумен шайып жанталасып жатырмыз. Бір заманда барып есін шала жиған әкеміз: «менің де дәуренім біткен екен… жарықтарым… анау менің төсегімнің басындағы қобдиды ашсаңдар… Сонда егіз тас тұмар жатыр… екеуің екеуін алып тағып алыңдар… ол қасиетті тұмар. Мойындарыңнан тастамаңдар… иесімен бірге өсіп отырады. Өмірге бір ұрпақ келгенде жаңа бір тұмар пайда болады… Аталық тұмарды еш уақытта денеден ажыратпау шарт… Ол ажыраған күні жындардың жендеті тұмар иесін алып кетеді… ал аналық тұмар тәннен сырт сақталатын… Аталық тұмардан айырылдық… енді жылдам екеуің екеуін тағып алыңдар әрі ұрпақтарыңның мойнынан тұмарды ажыратпаңдар. Тез, жылдам тұмарды тағыңдар!.. сонда ғана кесапаттан аман қаласыдар… тез!.. тез!..» деп үздіге бұйырды. Екеуміз қатар қобдиды ашып тұмарды мойнымызға салғанымыз сол-ақ, әкеміз лап ете түскен бір жалынға айналды да, жоқ болып кетті. Тұмардың қасиеті бізге өтіп, бар дүние көз алдымызға самсап келе қалды… тіпті жазымыштың солай екенін де ұғындық. Артық жылап-сықтамадық та.
Арада қаншама уақыт өтті. Осында зәулім қала орнады. Екеуіміз де даңсалы балшы болдық.
Оның да өзіне тән машақаты бар. Адамдардың арасында адам ғұмырын кеше отырып адамға тән бақыттан баз кешу оңай шаруа емес. Мен жалыға бастадым, ақыры бәрін тастап, өзіме ұнаған бір еркектің етегінен ұстадым да кеттім. Әпкем менің бұл ісімді құп көрмей, бөлек кетті. Баба жолын ­жалғастырам деп. Некелі болған түні тұмар көріпкелдік қасиетін жояды. Тек қорғаныш қана бола алады. Арада біраз уақыт өткен соң балалы болдық… Босанғанда сүт пісірімдей уақыт есімді жоғалтып алыппын. Есімді жиғанымда алақанымда тура өз мойнымдағыдай, бірақ кіп-кішкентай тұмар жатыр екен. Қыз босанғанымды бірден сездім. Дереу қызыл-шақа болып жатқан сәбиімнің мойнына тақтым. Сонда барып білдім, еркек тұмарды қайтарып алып кеткен соң, біздің кіндікке ұл баланы жазбаған екен… Қызым бой жете келе күйеуім ақ ажалымен о дүниеге аттанды. Ел қатарлы өсті, өркендеді… сосын көршіміздің ұлына жат жұрттық болды. Арада жыл өтіп қызым босанды. Тағдырдың жазмышы сол екен, қызым туыттан қайтыс болды, тек артында егіз екі қызы қалды. Жылай-жылай жүріп сол екеуін өзім алып бағып қақтым. Өсірдім. Елмен бірге оқуға жібердім. Екеуі бірге қаладағы ең үлкен жоғары оқу орнына түсті, екінші жылдығында оқып жатқан кез екеуі. Кешқұрым қаншама жылдар бойы хабарсыз кеткен әпкем келіп тұр алқын-жұлқын:
– Көзіңді шел басқан албасты… Ана қыздарыңның тұмарына неге қарамайсың… Екеуі де үйге қалдырып кетіпті… Жүр, жүр, айырылып қалмай тұрғанда тез жетелік, – деп мені сыртқа қарай сүйрелей жөнелді. Біз есіктен шыға аспаннан баяғыда інімізді алып кеткен қара бұлт үйдің алдына шөкті де қалды. Мені жұлқылап жоғары алып бара жатыр, әпкем бар дуаларын оқып, арып таласып жүріп мені әзер алып қалды. Жерге құлап түсіп, бойымда қозғалар дәрмен жоқ, жер сызып жатырмын. Бір мезетте бұлт айықты. Әпкем қол-аяғымды уқалап отыр. Басымды көтеріп, бетіне қарап баж ете қалдым. Әпкемнің екі көзі бірдей ағып кетіпті. Үңірейген көздің ұяшығынан қан саулап тұр.
– Құлындарым-ай… Қорланып кеттіңдер ғой, қарғаларым-ай… Тым құрғанда сүйектеріңе жете алмай қор болатын болдық қой құлындарым, – деп еңіреп отыр. Жан шақырып сыртқа қарай сүйретіп бара жатырмын… Құлыншақтарымды таба қоймақпын ғой, мен пақыр.
– Сорлы бейбақ-ау… Сен қырық қадамнан ары бара алмайсың ғой… саған көрінбегенімен мен сезіп отырмын кесапаттың қамыт шынжырына маталып қалғансың ғой… ары жібермейді… мен де кеттім… менен де қайыр жоқ… қашан екенін қайдам, бір күні біреу келер. Мені кесапат олардың сүйегінің маңына жолатпайды… Қыздарыңды көшеде әулекілер қорлап, сосын өлтіріп тастап кетті… Енді тек солардың сүйегін қолыңа тигізе алсаң… Тек соған ғана жол сілтей аламын… содан соң мен де қайтамын арғы мекенге, Бақұл бол!.. – деп зар еңіреп қайтып кетті.
Содан бері күн шыға тасқа айналып, тек кеште ғана адам кейпіне келемін… араға апта салып, түн ортасында Айым жетті үйге. Айым деймін-ау… тәнін қалдырып, құр сұлбасы ғана. Көшедегі бір такси әкеліп тастады… бір рет әкелген адам қайтып оралып көрген емес. Соның артынан таң бозында Нұрым келді… ол да сол құр сұлба… Екеуі де не болғанын айтып бере алмайды… екеуін де әбден қорлаған… сосын өлтіріп тастап кеткен… Жандарында құжаттары да болмаған иесіз қалған… Саған кезіккен жерде осы қаланың мәйітханасы бар, денелері сонда… Кемпір әңгімесін аяқтар-аяқтамастан қақпаны әлде біреу дүрсілдете соққылады.
– Нұрым-ай… айнам-ай… Кемпір еңірей жылап сыртқа шыға жөнелді. Айым үйдің босағасында бүк түсіп еңіреп жылап жатыр. Сәлден соң есік ашылып, үсті-басы сауыс қан болған тура Айымнан аумайтын қызды кемпір сүйеп үйге кіргізді. Ол жарық жаққа келе алмайды екен. Бір жері жарыққа шалынса қиналып шыңғырады… тек бөлменің сүркей тартқан көлеңке жағына барып қинала ыңырсып жылап жатты. Манадан байқамаған екенмін… Мен де ағыл-тегіл еңіреп жылап отырмын.
Енді тым құрғанда қыздардың сүйегін жеткізіп ­берейін дегенді ойладым.
–Апатай, сабыр етіңізші… мен тым құрығанда қыздарыңыздың сүйегін жеткізіп беремін дедім…
– Ризамын саған балам, ризамын… тек сенің ғана қолыңнан келеді… Айымымның сүйегін әкеліп бере аласың…
– Нұрымды да әкелемін, апатай…
– Жоқ, балам, ол сенің қолыңнан келмейді… тек біреуін ғана әкеле аласың одан ары жол жоқ, құлыным… Кемпір тіпті еңіреп жылап кетті. Мен асығыс орнымнан тұрып сыртқа шықтым. Таң алакеуімдеп қалған екен, салып ұрып мәйітханаға келдім. Елдің жұмысқа шығар мезгілін күттім. Іштегі қыздардың мәйіті туралы есік қараушымен сөйлесіп көрдім… «Қаншама өлік жатыр, оны қайдан білейін» деп кері кетіп қалды. Ақыры бас маман келген соң сонымен сөйлестім.
– Туысқаны ем… жоғалып кетіп еді… таба алмай жүр едік, – деп біраз жағдайды айтып ем, қайырылмады. Жақын туыстығыңды толық дәлелдейтін құжат керек дейді. Соңыра «басымды ауырта берме» дегенге келді… Қанша жалынып жалпайғаныммен көнбеді… басқалай еш амалым болмаған соң сол күні түнде ұрланып кіріп Айымның мәйітін алып шықтым… Ал Нұрымның мәйітінің үстінде шұбалған қалың қара түтін маңайына жуытар емес. «Мені мұнда қалдыра көрмеші, ағатай» деп Нұрым шырқырап жатыр… Айнала ебелектеп жанымда Айым жүр. Сүйекті ала сала, кемпірдің үйіне тарттым. Кемпір асыға күтіп тұр екен. Көліктен сүйекті жерге түсіре бергенде айналам отқа оранды да кетті. Қорыққаным сонша, көлікке қайта тығылыппын.
– Қорықпа, балам, сені бұл от күйдіре алмайды… – деген кемпірдің сөзіне әзер сеніп, есікті аштым… шынымен де күймейді екенмін. Екі жақтап жүріп сүйекті үйге жеткіздік. Кемпір қабырғаға ілулі тұрған тұмардың біреуін әкеліп ­мәйіттің мойнына таққан замат анадайда бар іс-қимылымызды бағып тұрған Айымның сұлбасы сағымға айналып, қалықтап келіп тәнге орнады. Қатты-қатты түшкіріп Айымның мәйіті орнынан тұрып келе жатты. Жоқ, Айымның өзі тұрып келе жатты.
– Балам, енді сенің бар міндетің атқарылды… қуайын деп отырғаным жоқ… Бұл адамзатқа мекен болмайтын жай… Енді қайтудың амалын жасайық. Артыңнан жоқтайтын жоқтаушың бар ма еді… әркім сені әр жоқтағанын да есік бір елідей ғана ашылып отырады… ендігі тағдырыңды артыңдағы жоқтаушың шешеді. Менің қызымның жанын алып қалдың… қаласаң ертіп кет… Ол енді жай адамға айналды… Бірақ адамзатқа тән көптеген қасиеттеріңнен шектелесің… әманда Айым секілді Нұрымның да жолы болса ғой… – деп жылаған әжесін:
– Әжетай! Сені қалай тастап кетеміз… – деп, Айым аяғын құшып жылап жатты. Мен екі ойлы бола бастадым… Сан толғанып Айымды бірге алып кетуді шештім. Еш нәрсенің байыбына бармаған екенмін, үйден шығып қақпаға барсақ күндегі ескі ағаш есік мызғымас бітеу қара тасқа айналып қалыпты…
Мені сенен өзге жоқтар ешкім жоқ қой. Сен мені әр рет жоқтаған сайын бір елідей ашылатын тас есікті күтіп біраз уақыт айналып қалдым, досым… Қазір мен кетемін… Сәл күтсең Нұрым-қызды көресің… Бар ескертерім… Менің өтірік айтпағаныма көзіңді жеткіз де ешқайда айланбай кері қайт… менен саған қайыр жоқ… менің жоқтауым жүрмейді… көп нәрселерден шектелгенмін…

***
Алдыңғы жақтағы менен алып кеткен көлікте отырған қыздың басында осындай тағдыр бар дегенге еш сенгім келмеді. Мен айтарымды айтып болдым, сенсең өз еркің, сенбесең өз еркің деген кісіше қоштаспай-ақ көлігін оталдырды да көшені құлдап жайлап кетіп бара жатты.
Мен бір тал шылымды тұтатып шегіп болдым да, көлігімді оталдырып, енді қозғала бергенімде, жол жағасында тұрған қызды көрдім. Тура манағы досымның жанындағы қыздан аумайды. Тек үсті басы сауыс болып қатып қалған қара-қошқыл қан.
Жанына келіп көлікті тоқтаттым. Қыз артқы орындыққа отыра бергенде барып, осы мені жоқтайтын адам бар ма еді деп ойландым. Қыздың баратын жеріне жеткенге дейін ойыма ешкім түспеді…
Шынымен де мені жоқтайтындар бар ма еді?..

Тарғыл мысық

– Есен аға, сені әпкем шақырып жатыр… – деген он жастар шамасындағы көршінің баласы Ермекке аңырып қарап отырып қалыппын. Иә, біз бұл ауылға көшіп келгелі де бес-алты жылдың жүзі болып қалыпты. Әке-шешесі ауылдық емханада жұмыс істейді. Ермек бір үйдің жалғыз баласы-тұғын.
– Қайдағы әпекең?.. – деппін түкке түсінбей.
– Жүріңізші аға…
– Қайдан келген?
– Ешқайдан…
– Ешқайданы несі?
– Үйде…
– Сенің әпекең бар ма еді?..
– Иә…
– Бұрын көрмеппін…
– Иә, әке-шешем оған далаға шығуға рұқсат етпейді…
– Неге?
– Білмеймін…
– Мені неге шақырады?
– Білмеймін… Ермектердің үйіне жеткенше ананы-мынаны сұрап көріп, жартымды жауап ала алмадым. Шынымен де көршінің қызының бар екенін білмейтінмін. Тіпті осы ауыл білмейтін болса керек. Есікті ашып, ішке мені кіргізіп жіберген Ермек:
– Тура түпкі бөлмеге бар… Мен сыртта қарауылдап тұрамын… Егер біреу келе жатса, ысқырып белгі беремін… Үйдің артқы терезесінен шығып шарбақтан ары асып кетесің… – дейді үлкен адамның сөзін сөйлеп. Түпкі бөлменің есігін сәл жүрексіне аштым. Бөлме іші кәдімгедей қараңғы екен. Терезеге қалың перде тартқан секілді. Сыртқа қараған терезе алдында отырған адамның сұлбасы әзер көрінеді.
– Сәлем… Әйел затының күмістей сыңғырлаған тамаша жағымды үні естілді, құлағыма.
– Сәлеметсіз бе… Мен бөлменің шамын жақпақ болып, босаға жақ қабырғаны сипалай бастап едім.
– Кешіріңіз, бұл бөлмеде жарық жоқ… – деп қыз тағы тіл қатты.
– Қалайша?.. Сіз кімсіз?..
– Рахмет, келгеніңізге… Мен сізді келмей қоятын шығар деп ем… Маған жарыққа шығуды жазбаған… Менің атым Мәлике.
– Бұрын көрмеген екенмін… – дедім мен. Бірақ Мәлике бір түрлі таныс есім… Сәл ойлана қалдым. Иә, анда-санда бір шым-шытырық түс көретінім бар… Дәл сондағы қыздың аты Мәлике еді ғой деп ойладым.
– Иә… Мен тек Ермектен басқа ешкімді көрген емеспін әлі. Тек сырттан ғана кешке ай сәулесінде көше бойындағыларға қарай аламын… Тіпті әке-шешемді көрмегелі де біраз болған шығар.
– Сен неге қамалып отырсың?..
– Мен жарыққа шыға алмаймын.
– Неге?
– Асықпа, кейін айтамын…
– Мені неге шақырдың?..
– Жәй, әңгімелескім келген… Не, қорқып тұрсың ба?
– Жоқ… Сонда да неге шақырды дегенім ғой.
– Қандай түс көретін едің?..
– Ім… Менің түсімде көріп жүрген Мәлике сенсің бе…
– Иә, бірақ жартылай…
– Жартылайы қалай?..
– Ол жерде мен кәдуелгідей жүгіріп жүрген шығармын.
– Иә… Әрі өте әдемісің…
– Шындығында мен жүре алмаймын…
– Неге жүре алмайсың?
– Қорқасың…
– Неге?
– Менен…
– Қалайша?
– Білесің бе, екеуміз құрдаспыз.
– Оны қайдан білесің?
– Сосын айтамын…
– Сосын қашан?
– Жақындап келіп, отыршы қасыма… Қыздың қарсы алдына келіп жайғастым. Қалың пердеден буалдырлана әзер өтіп тұрған, өшкін сәуледен қыздың беті анық көрінеді екен. Тура сол түсімде көріп жүрген қыз. Ол маған қолын созды. Мен қолын екі алақанымның арасына алып сипалап отырмын. Тастай суық. Тіпті бір кесек мұз іспетті…
– Тоңбайсың ба?.. – деп сұрадым.
– Иә қатты мұздаймын, бірақ үйреніп кеттім…
– Неге суықсың?
– Белімнен жоғары ғана адаммын…
– Ал, төмен жағың ше?
– Айтқым келмейді… Мәлике егіліп жылай бастады… Аяп кеттім. Құшағыма қысып, уатқым келіп жанына қатарласып отыра бере, әлде бір былқылдақ жұмсақ нәрсені басып кеттім.
– Ақырын, ауырттың… Мәлике баж ете қалды. Мен кері секіріп кеттім. Манадан сәп салмаған екенмін. Жерде шұбатылып ұзын бір нәрсе жатыр ирелеңдеп. Жүрегім тас төбеме шықты. Тура осыны күткендей сырттан Ермектің ысқырған дауысы естілді. Мен терезені ашып сыртқа бірақ атылдым. Жүрегім өрекпіп үйге қалай жеткенімді аңдамай қалыппын… Арада сүт пісірім өтпей Ермек келді қайтадан.
– Есен аға, ешкімге ешнәрсе айтпайтыныңзға сөз бересіз бе?!. – дейді.
Мен алқынған жүрегімді әзер басып:
– Жоқ, жоқ ешкімге ешнәрсе айтпаймын…сөз беремін… – дей беріппін, булығып.
– Қорықпаңыз… адамға тимейді…
– Иә, тимейді, – дедім менде қайталап.
– Егер қаласаңыз кеште біздің үйдің артындағы бақшаға келіңіз… – деп ол қайтып кетті.
Мен түсіме кіріп, өзіне тәнті етіп жүрген қыздың жақын көршінің қызы екеніне әрі оның қорқынышты тылсым сырының байыбына жете алмай, төсегімде түн ортасы ауғанша аунақшумен болдым. Түн ортасы ауа сыртқа шығып аз-кем бой жаздым. Ермектер жаққа баруды ойладым да ол ойымнан тез айныдым. Қайтып кіріп ұйықтамақ болдым. Көзімді тарс жұмып қанша жатқанымды қайдам. Ұйқым келер емес. Көз алдымда Мәликенің сұп-суық бейнесі. Ақыры таң ағара көзім әзер ілінді. Тағы түс көрдім. Енді Мәлике қып-қызыл құмның ішінде жылан болып ирелеңдеп қашып барады екен. Артынан қуып барамын… Мәлике тоқта… тоқта… – деп айқайлап барамын…
– Есен!.. Мені құтқаршы!.. Алып қалшы!.. – деп зар еңіреп жылап барады…
– Тоқта!.. Тоқта!.. – деп айқайлаған дауысымнан өзім шошып оянып кеттім. Қара тер басып кетіпті… орнымнан зорға тұрдым. Қара кешке дейін үйден шықпадым. Ермекті бір соғып кетер деп ойлап едім ол да біз жаққа аяқ баспай қойды. Кеш батардың алдында Ермектің әке-шешесі жұмыстан қайттып келеді екен. Баяғыдан байқамаппын… Екеуі де жастарына жетпей ерте қартайып кеткен іспетті. Өңдері сонша жүдеу, шаршаңқы.
Алдарынан шығып сәлемдестім. Шешесі ернін жыбарлатып амандасты да өте шықты. Тек әкесі сәл бөгеліп:
– Есен осы сен қаншаға келдің? – деп сұрады.
– Енді жирма үшке толамын– дедім мен. Ол ауыр күрсінді де:
– Біздің Ермекке қарайлай жүрерсің балам. Шешесі екеуіміз де жұмыстамыз… Қазір демалыс кезі, күндіз үйде жалғыз зерігеді…– деді.
– Жарайды, қарайласамын, –дедім мен іштен тынып.
Кеш бата Ермектердің үйінің шамына қарап ұзақ отырдым. Шам өшті араға шай қайнатым уақыт салып, баспалап үйлерінің артындағы бақшаға қарай бардым. Шарбақтан асылып ішке көз жүгірттім. Бақшаның ортасындағы кішкентай көлшіктің жағасында Мәлике жалғыз отыр екен. Менің келгенімді сезгендей мен жаққа мойнын созып қарай қалды. Мен дереу бой тасалап үлгердім. Енді шарбақтың саңылауынан сығаладым. Айдың аппақ сәулесімен Мәлике анық көрініп тұр. Айдай жүзі тіпті бал-бұл жанып тұр. Судың шолпылдаған дауысы жетті құлағыма. Енді анық байқадым Мәликенің аяқ жағы жылан денелі екен. Құйрығымен су сабалап ойнап отыр. Ирелеңдеген ұзын құйрығы судың ана жерінен бір, мына жерінен бір бой көрсетіп су ішінде ойнақ салып жүр. Әредік, Мәликенің сыңғырлаған күлкісі естіледі. Быраз уақыт өткен соң Мәликенің терезесі сықыр етіп ашылды. Мен бұғына түстім. Терезеден басын шығарған Ермек:
– Әпкетай, енді үйге кіріп жатсаңшы… Ай жарық екен біреу-міреу көріп қалар… – деп ескертті. Сумен ойнап ­отырған Мәлике айдың жарық екенін енді сезгендей асығыс үйге қарай кеудесін көтере ирелеңдей жер бауырлап барып терезеден ішке еніп кетті. Мен ай бойы әр түні Мәликені аңдумен болдым. Ақыры бір күні түнде қасына бардым. Ол онша таң қалмаған секілді.
– Келетініңді білгенмін… – деді жай ғана.
– Түсімнен шықпай қойдың….
– Менімен бірге барасың ба?.. – деп сұрады ол менен.
– Қай жаққа?
– Мына судың түбіне…
– Онда не бар?
– Көрмедің бе?
– Не нәрсені?
– Анықтап қарасаңшы!..
Мен ай сәулесі бетінде толқыған судың түбіне тесіліп отырып, жүрегім зырқ ете қалды. Судың түбі толған жылан. Суға малып отырған аяғымды тартып алуға қамдана бергенімде:
– Қорықпа, – деді Мәлике. Жанынан тұмар іспетті бір нәрсеге тігілген затты алып шығып: – Көзіңе сүртші, – деп өтінді. Мен айтқанын орындадым.
Міне ғажап, судың түбінде сауық сайран дерсің… кең сарайдың төбесінен қарап отырғандай сезіндім өзімді… Қаптаған қалың ай маңдайлы ару қыздар… Мың бұрала биге басып жүр.
– Бұлар кімдер?.. – деп сұрадым Мәликеден.
– Су жыланы патшаймының сарайы.
– Жыланның да патшасы мен патшайымы бола ма?
– Есен қызықсың… Жалпы, адамдар қызық… Жер бетінде тек біз ғанамыз деп түсінеді… Қарашы анау кәрі еменнің басына, нені көрдің?
Мен таң-тамаша болып көзімді қайта-қайта уқалап емен басынан жанарымды тайдыра алмай қалдым. Күндегі қалың қарғаның мекені болған емен, үстілеріне жабыстыра қап-қара шағи көйлек киінген қалың канизактар ортада отырған қара сақалды шалды айнала би билеп, той тойлап жатыр.
– Бұлар кімдер? – деп сұрадым Мәликеден.
– Қарға әулеті ғой… ортадағы бекзадалары… – деп күлді Мәлике.
– Ғажап… – дедім мен.
– Бақытсыздар тек адамдар ғана… – деп күрсінді Мәлике.
– Мен ойланып қалдым. Ойлана отырып Мәликеге қайтадан көз салдым. жаңадан бері байқамаппын… Мәлике толық адам бейнесіне келіпті… шұбатыла ирелеңдеген жылан құйрығы ғайып болған.
– Жүр, кеттік… Жер астындағы жылан патшалығына барып қайтамыз… Көзіңді тарс жұм… Мен аш дегенде ғана ашатын бол!.. –деді ол маған бұйыра сөйлеп. Мен еш уәж айтпастан Мәликемен бірге кеттім. Құлақ түбімнен суылдап қатты боран соққандай болды. Әлден уақытта Мәлике:
– Көзіңді аш енді – деп бұйырды. Біз жер бетінде жоқ сәулетті сарайда жүрміз… Бұл жердің адамдары тіптен көрікті екен… Мен өзімді сондай қораш сезіне бастадым.
– Сен жылан патшалығына барамыз деп ең ғой, – деп сұрадым.
– Иә, сол осы, – деп күлді ол маған.
– Қалайша? – деп сұрадым мен дүдәмал болып.
– Қарашы, бәрі бақытты шығар… – деді менің сұрағыма жауап қайтармай.
– Иә… – дедім мен.
– Қазір саған тағы бір жерді көрсетемін, – деді ол мені сарайдың бір бұрышындағы есікке қарай жетелеп. Есікті ашып кеп қалғанда ішінен адам шыдатпас азан-қазан болып улап-шулаған дауыстар құлақты жарып жібере жаздады. Мен есікті кері итеріп жаба қойдым.
– Бұл не сұмдық енді? – деп сұрадым.
– Ажал аузында тұрғандар… –деді Мәлике мұңайып.
– Өлімнен сонша қорқама? Бәрібір тірі жан болған соң өледі ғой… – дедім мен өзімше ерленіп.
– Жоқ олар өлімнен емес басқа нәрседен қорқады…
– Не нәрсе?
– Ана дүниеге барғанда адам болып барады… Адам болғаннан қорқады…
– Неге… Адам болу қиын ба?
– Қасірет, мұң, қайғы дегендер тек адамдарға ғана тән… бұлар содан қорқады… Мәликенің сөзінің соңы ести алмай қалдым… Құлағым шуылдап басым зеңе бастады. Мәликеге қарай сүйене беріп есімді жоғалтып алдым. Мен есімді жиғанда таң атайын деп қалған екен. Бақшаның ішіндегі көлшіктің жағасында Мәликенің алдында жатыр екем.
Мен түс көрген шығармын деп ойладым. Кәрі еменнің басына қарадым. Манағы қара киінген канизак қыздар таңның бозғылт сәулесімен үстілеріне қарға қанатын енді байланып жатыр екен. Мәликенің де денесі мұздай бастапты… Аяғының орнына жылан денесі шұбатыла ирелеңдеп өсіп келеді екен.
– Мен бөлмеме қайтуым керек!.. – деді Мәлике мұздай суық алақанымен маңдайымнан сипап.
– Көріскенше… – дедім менде орнымнан сүйретіле тұрып жатып.
– Түнде тағы келесің бе? – деп сұрады Мәлике.
Мен еш ойланбастан:
– Енді әр кеш сенімен бірге боламын!.. – деп сөз бердім. Біз үй-үйімізге қайттық. Жатын бөлмемнің есігін ашқанымда төргі жақтан тарғыл мысық пыс етіп, арқасын күжірейтіп терезенің алдына қарай секіріп кетті.
Тарғыл мысық ана дүниеде кім екен ә?!. – деп ойлап жатып ұйықтап кетіппін.

ҚЫЗ ЛӘЙЛІ

– Білесің бе, бұл көлде Қыз–Ләйлі бар…
– Ол кім?!
– А… білмейтін бе едің? ол менің Марал әпкемнің құрбысы…
– Ол қайда?
– Осы көлде?
– Қалай?
– Жарайды онда саған басынан бастап айтып берейін…
– Бұл жерге неге ертіп келдің?
– Алдымен тыңдасаңшы сосын түсінесің…
Аяғына коньки байлаған қыз сыр етіп жігітті жанап өте шықты да айнадай жалтыраған мұздың арғы бетіне заулай жөнелді… көл жиегіне жете боран үрлеп жондап тастаған қасат қардың үстіне барып жантайып отыра кетті. Артынан нарау басып жігіт те келді.
– Айтсаңшы енді…
– Алдымен жайланып отыр…
– Осылай тұрып-ақ тыңдай беремін…
– Болмайды…
– Неге?
– Құрметсіздік болады.
– Кімге?
– Ләйлі–Қызға…
– Лә-әйл-л-і-і–Қы-ыз!
Жігіт бар дауысымен айқай салды…
– Тоқтат! Баж ете қалған қыз орнынан атып тұрып жігіттің аузын алақанымен баса қалды. – Тоқтат… Қыз–Ләйлінің атын қатты айқайлап айтуға болмайды, жаным..
Қыздың әлсіз саусақтарын аузынан жеп-жеңіл босатып алған жігіт… сәл абдырап:
– Ләйлі жаным… не болып жатыр… түкке түсіне алмадым…
– Отыршы… айтамын… түсінесің…
Ол кезде мен тым кішкене болатынмын… Бірақ есімді білетінмін… Бәрі күні бүгінге дейін көз алдымда…
Біздің көшенің балалары бірге ауылдың шетінде ойнап жүргенбіз… Қолына шелек алып бізге қарай Қыз–Ләйлі келе жатыр екен. Ол ылғи да ауылдың қасындағы өзеннің суымен басын жуатын… Неге екенін қайдам ауылдың адамдарының барлығы оны Қыз–Ләйлі десетін… Аты Ләйлі… Менің Марал әпкемнің құрбысы-тын. Біздің қасымыздан өтіп бара жатып:
– Қандай жақсы балалар, төбелеспей ойнайтын… Үстілеріңді былғап алмай абайлап ойнаңдар, – деп қолындағы шелегін теңселтіп кетіп бара жатты… Шіркін, ол кезде Қыз-Ләйлі қандай еді… Тоқпақтай қос бұрымының ұшы жерге сәл-пәл тиер-тимес болып, әппақ балтырын соғып кетіп бара жатты.
Қыз-Ләйлі алыстай бере біз қайта үй-үй ойнауға кірістік… Сүт пісірім болмай өзен жақтан қатты бажылдаған дабыс шықты… Бәріміз солай қарастық. Бізге қарай, жоқ, дұрысы ауылға қарай Қыз–Ләйлі жан ұшырып жүгіріп келеді екен. Біз не істерімізді білмей үдерейіп қалдық. Ол бізге жете:
– Тез, тез бұл жерден кетіңдер… Алысқа кетіңдер! Бол! Тез!.. Қатты қорқтық, ақша жүзі тотығып, бет әлпеті қара жалын болып кетіпті… Біз шырқырай-шулап үйді-үйлерімізге қарай қаша жөнелдік… Содан үш күнге дейін Қыз-Ләйліні көрмедім. Тек апамның Маралға:
– Бейшара қыз қатты шошыныпты… Сандырақтап қайдағыны айтып жатыр… Бүгін тағы барып келдім… Ауылдан көшіңдер… Бұл ауылды су басады… Адамдар қырылады… Тез кетіңдер… Жиналыңдар…– деп аласұрып жатыр… Көзіне бірдеңе елестеген бе… Бүгін төменгі ауылдағы бақсы шал келеді дейді… Сол ұшықтаса бірдеме болып қалар деп үміттеніп отыр. Жалғыз қыздарының жан қиналысы әке-шешелеріне де қиын болды… – дегенін естідім. Одан әрі не айтқандарын білмедім…
– Үлкен адамдардың сөзін тыңдауға болмайды, бар ­с­ыртқа ойна, – деп шығарып жеберді.
Қыз-Ләйліні өз әпкем Маралдан кем жақсы көрмейтін едім… Не болды екен деп қатты уайымдадым… Бақсы шал деген кісіні де көргенмін, менің атам ауырып жатқанда келген… Атамды қаладағы ауруханадан алып келген соң, сол бақсы шалды шақырған… Иә сақалы кеудесіне түскен, қолында үлкен таяғы бар кісі… Атамның қасында көп отырған… Сол кез көз алдыма келгенде қатты қорқып кеттім… Қыз-Ләйлі де атам құсап өліп қалса қайтемін… Бақсы шалды неге шақырды екен деп ойладым… Содан бері бақсы шалды жек көретінмін… Бірде ауылдан өтіп бара жатқанда көршінің балалары бар, барлығымыз тас лақтырып, атын үркітіп жібергенбіз… Сонда әкем маған қатты ұрысқан еді… Мен жылап, бақсы шалды жек көремін, ол менің атамды өлтіріп тастаған деп айқайлаған едім, сонда әкем:
– Әй періште сәби-ай! Ол атаңды өлтірген жоқ… Атаңа өлерінің алдында аузына иман салған… Ана жақтағы, атаң қыдырып кеткен дүниеде жақсы жүру үшін сол жаққа барарда иман айту керек. Соны атаңа үйреткен жақсы адам деген еді… Мейлі, не десе де бәрібір, бақсы шал адамдарды ана жаққа жіберетін адам ұқсап сезілетін… Атам сияқты Қыз-Ләйлі өліп қалса қайтемін деп қорқып жылап отырып есік алдындағы арбаның үстінде ұйықтап қалыппын. Қатты шуылдан шошып ояндым. Орнымнан атып тұрып ауланың сыртына қарай жүгірдім, анадайда шашы дудырап Қыз-Ләйлі жүгіріп жүр екен. Артынан қалың адам қуып жете алмай жүр… Бұл ауылды қанды қасірет күтіп тұр… Тез кетіңдер… Көшіңдер бұл жерден… Маған Су иесі өзі айтты. Ақыры Қыз-Ләйліні нағашы ағасы қуып жетіп ұстап алды.
– Ағатайым-ай, жіберші… Ертең босқа қырылып қаласыңдар ғой… Маған сеніңіздерші… Тез-тез бұл жерден кетіңіздерші…
– Алла-ай, құлыным-ай… Не жазған едің… Есіңді жишы, қарғам… Не болды?..
Қалың адам топырылап Қыз-Ләйліні үйіне қарай алып кетті.
Қалбалақтап арттарынан біраз жерге дейін жүгіріп барып қалып қойдым.
Содан, Қыз-Ләйлі араға бірер апта салып барып сыртқа бірақ шықты… Бірақ, баяғы қалпы емес… Көңілі әлде неге алаң, кезіккен адамдардың барлығына:
– Бұл жерден кетіңдер… Маған су иесінің өзі ескертті… Түптің түбінде бұл жерді ауылдың бас жағындағы көл жауып қалады, адамдар қырылып, қан сасиды… Бұл жерден мен ата мен ананың күңіренген дауысын, жас сәбилердің зарлы шырылын естідім. Тез кетіңдер… – деп жар салып жүрді де қойды… Неге екенін қайдам, оның сөзін ешкім елеген жоқ… Әрдайым осы көлдің жағасына келіп, шашын жайып тастап:
– Менің ел-жұртымды, менің жақындарымды қырғынға ұшырата көрмеші… Солардың орнына менің жанымды алшы… – деп таңнан-таңға зарланып отыра беретін. Ауыл адамдары қанша рет үйіне қайтып әкелгенімен, әйтеуір, бір ебін тауып көл бойына қашып кететін… Сөйтіп жүріп бір күні жоғалып кетті… Осы көлдің жағасында отырғанын біреулер көріпті… Суға батып кетті деп көп уақыт іздегенімен мәйітін таба алмай қойды… ­Біреулер, су түбіндегі қайранға шөгіп кетті десе, енді біреулер, жындар ма, әлде басқа ма, әлдебір тылсым күш алып кетті десетін… Сүйекті таба алмаған соң, бақсы шалды осында алып келген екен. Ол кісі «оның тәні де, жаны да осы судың түбінде жатыр… Қауымға келген бір кесапатты тоқтатып қалған екен… Содан, оның сүйегі табылмапты… Енді бұл көлдің бойына келіп оның атын атап шақыруға болмайды… Өзінің атын естігенде Қыз-Ләйліның назары дауысқа ауып кетіп, тас қылып құшақтап жібермей тұрған кесапаттан айырылып қалады…» депті. Содан бастап бұл көлде Қыз-Ләйлінің атын шақыруға тыйым салынған. Мейлі шын болсын, өтірік болсын сол орасан зор кесапаттан халықты сақтап тұрған Қыз-Ләйліге адамдар тәу ететін-ді. Әсіресе, біздің ауылдың қыздары өздерінің сүйген жандарымен мәңгі бірге болу үшін осында келіп тілек тілейтін болған.
– Қойшы Ләйлі… Қайдағыны айтпай… Сенде осындай шатпаққа сенесің бе? Көзің ашық оқыған адамсың… Ұят емес пе… Қайдағы бір жоқ нәрселерге сеніп?!.
– Жоқ! Сен қателеспе! Бұл біздің ауылдың, менің ­аулымның заңы… Бұл біздің жастардың, менің құрбыларымның адал махаббатына мәңгілік берік болуының айғағы үшін шын жүрегімізбен ант беретін киелі орнымыз… Өзің анықтап қарашы, көл бойындағы ағаштардың барлығына ақ байланған… Мана мен де байладым. Әркез, келген сайын ақ байлаймыз… Келгендердің барлығы солай істейді… Не, солардың барлығы ақымақ па?!. Соншама адамның ішінде сен ғана көкірегің ояу данасың ба?!. Кешір жаным… Егер сен бұл қағиданы бұзсаң бізді Қыз-Ләйлінің киесі атады… Біз болашақта да бір-бірімізбен отаса алмаймыз… Онда осы бастан-ақ ойлануымызға тура келеді…
Қыз еңіреп жылап жіберді… Жігіттің өңі сұрланып кеткен… Түтігіп, аузына сөз түсер емес…
– Сен… Сен Ләйлі қыз, осыншама ақымақ болар ма ең… Сенің мұндай екеніңді кім білген?!. Шынымен, біз бір-бірімізді әлі күнге толық білмейді екенбіз… Құдай-ау, мына заманда осындай ертегілерге де сенетін адамдар бар екен-ау ә?! Өздері тағы өтірік ертегілерінен өлердей қорқады екен… Бұл дегенің сұмдық қой… Мен қазір сендердың осы өтірік ертегілеріңнің жалған екенін тас-талқанын шығарып дәлелдеп беремін…
Екі білегінен тас қылып ұстап тұрған қызды кері серпе итеріп тастады да, манағы өздері сырғанап ойнаған көл ортасындағы жалтыр алаңқайға қарай айқайлай сырғанап, ­жүйтки жөнелді.
– Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!.. Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!..Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!..
Артынан шырқырай жанұшырып жүгірген қыз, құтырына айқайға басып жүрген жігітке жете алмай қалды.
Кенет шарт ете түскен ауыр үн құлақты тұндыра ұзаққа созылып барып, артынан қалың мұздың гүтір-гүтір айырылып шатынаған сұмдық даусы шықты…
– Кешірші бізді, Қыз-Ләйлі, кешірші… Ашулана көрмеші… Бізге төніп тұрған кесапатты жібере көрмеші…
Жігітке жете алмаған қыз шатынай айырылып кеткен үлкен бір кесек мұздың үстінде маңдайын ызғарлы мұзға төсеп, шырқырай жылап жалбаранып отыр… Алғашқы шарт ете түскен дыбыстан-ақ есін жинап алған жігіт, шыбын-шіркей жағаға қарай зымырап қашқан-ды… Ізін қуа айырылып бара жатқан мұздың жарығы, мұз бетін аяусыз тілгілеп сырғып бара жатқан конькиге жетер-жетпес қана қалып қуып барады. Ақыры жанұшыра қашқан жігіт жағаға да аман-сау ілінді… Ілінді де, мұз үстінде қалған қызға көз қырын салуға да мұрсат таппай жол жиегіне тоқтап тұрған көлігіне жармасты…

***
«Қыз-Ләйлі» деген дабысты алғаш естігенде мұз астында әлде бір жойқын алапат, дүлей күшті тас қылып құшақтап он бес жыл бойы жібермей жатқан Қыз-Ләйлінің мұз болып қалған денесі дүр сілкінді… Көк сірне мұзды қақ жарып өзін шақырған адамға атылып барып, өзінің қаншама уақыттан бері осы кесапатпен алысып жатқанын айтып шағынғысы келді… Бірақ, құрсауынан шықты болды кесапаттың көлдің төменгі жақта ауыл жатқан кемерін талқандап, осыншама шалқар суды ауылға қарай төңкере салатынын ойлап өзін әзер ұстап қалды. Сүт пісірім өтпей-ақ, “Қы-ы-ыз–Лә-ә-әй-л-лі!” деген дабыс, тіпті, құлақ түбенен естіліп делебесін қоздырып жіберді… Соншама уақыттан бері тас болып қарысып қатып қалған саусақтары еріксіз жыбырлай бастады… Ол енді көзін көл бетіне жіберді… Көлді жағалай қалың адам көмекке келіп тұр екен… Қаптаған қалың адам бұрын өзі білетін ну орманнан бір бұтақ та көрінбейді… Самсаған қалың қол… Ол енді адамдарыдың кеш болса да өзіне сеніп көл бойына кесапатты жою үшін келгенін ойлап жүрегі жарыла қуанып кетті… Қуаныштан шарқ-шарқ күліп құшағындағы кесапатты тастай сала мұз бетін қақ айырып атылып сыртқа бірақ шықты.
Көл бетіне бар пәрменімен атылып шықты да, манағы өзінің көзіне көрінген қалың нөпірдің адам емес солардың байлаған ақтығы екенін көріп баж ете қалып, мұз құрсауында қалған кесапатты ұстап қалмаққа мұз жарығынан қайта сүңгіді. Ол енді өзінің кешіккенін ұқты… Мұз құрсауындағы кесапат құшағынан шыға салап, көлдің ауыл жақ кемерене жайылып, тоң болып қалған керішті қопарыстыра бастапты… Жан таласып қанша арпалысқанымен оның қолынан ешнәрсе келер емес… Ол енді ауылға қарай заулады… Ауылдың ең бергі шетіндегі үйге есігін ашпай ақ лып етіп кіріп кетті… Үйде баяғыдағы өзінің жан құрбысы Марал отыр… Жанында төрт-бес бала ойнап жүр…
– Марал… Жаным… Тез… Қашыңдар… – деп шырқырай барып бас салып еді Марал ештеңе сезбеген тәрізді. Өзі Маралдың денесіне өтіп барып арт жағында жиюлы тұрған көрпенің арасына жалп етіп етпеттей құлады… Қайта атып тұрып манағы сөзін қайталап Маралды айнала шыр-пыр болды… Марал да басқалары да мұны естімеді. Тек пеш түбінде жатқан тарғыл мысық пыс етіп жотасын күжірейте бұған айбар шекті… Мысықтың оқыс қимылына таң қалған Маралдың күйеуі:
– Тәйт ары, мынаған не көрінген, деп қолына ілінген әлденені мысыққа қарай жіберіп қалды. Иесінің айбарынан сескенген мысық енді пыр етіп мұртын едірейтті де, ­жинаулы тұрған жүктің үстіне секіріп шығып мяулай бастады… Қыз-Ләйлі әлі үйдің ішін айналып зарлап жылап жүр.
– Еркін, жүрегім бір түрлі сазып тұр… Бірдеме болды-ау деймін… Сыртқа шықшы…
Марал орнынан қозғалуға дәрмені қалмай, алақтай бастады… Орнынан нарау тұрған күйеуі сыртқа шықты да, лезде қайта кіріп:
– Ой, Алла, әлгі біздің Ләйлі көл жақтан шырқырап жылап жүгіріп келеді… Киімімді алуға келдім… Не көрінді екен бұл қызға… – деп сөйлей жүріп қабырғаға ілулі тұрған қалың шапанын алып сыртқа ата жөнелді…
Маралдың дәрмені құрып қасындағы кенжесін бауырына баса, бір жағына қарай жантая құлап бара жатты. Маралдың күйеуінің артынан ере шыққан Қыз-Ләйлі, мана өзі мұз үстінен көзі шалып қалған қыздың Маралдың өзі аттас сіңілісі екенін енді білді. Ол да шырқырап жылап келеді екен… Алдынан қарсы жүгірген жездесі таяп қалғанда:
– Ағатайым-ай… Көлдің ауыл жағы жарылып кетті… Тез қашыңдар, әпкем қайда… Тез-тез қашыңдар – деп жездесіне жете талықсып құлап кетті… Беймезгіл айқайға ауылдың адамдары да құлақ түрісіп, біразы бұларға қарай жүгірісті…
– Тез-тез ауылға хабарлаңдар… Жандарын аман алып қалсын, мына тауға қарай, биікке қарай қашсын… Осы сөз ауыздан-ауызға айтылып, құлақтан-құлаққа лезде жетті… Ауыл өре түрегелісті… Бірі бала-шағасын, бірі керек-жарағын алысып ауылға тиіп тұрған тауға қарай қалың қарды кешіп, тырмыса жанталасып шығып бара жатты… Ұлар-шу болған қалың нөпердің ішінде жүрген Қыз-Ләйлі енді тым құрғанда адамдар аман қалатын болды деп байыздап отыра бергені сол еді… Манағы өзінің құшағынан босанған кесапат енді адамдардың арасына адам бейнесімен келіп араласып кетіпті…
– Тоқтаңдар түге… Бұл не жанталас… Міне біз жаңа ғана көл бойынан келе жатырмыз… Ешқандай бір қауіп-қатерді көрмедік… Мына қақаған қыста, қатты аязда жалаңаш жалпылы өз үйлеріңді тастап қайда кетіп барасыңдар…
Енді, ауылдан шұбыра қашқан адамдар әрі-сәрі болып, дағдарсып қалды… Айнала топтанып кідіріп қалған адамдарға Қыз-Ләйлі шыр-пыр болып қанша жалбарынғанымен мұны ешкім де ести алмады… Тек, осы ауылдың кәдімгі адамдарының бейнесіне кіріп алған кесепат қана олармен нақпа-нақ сөйлесіп тұр. Не істерін, кімге сенерін білмей дағдарып тұрған жұрттың ішіне енді манағы кіші Ләйлі келді…
– Алла-ай, жандарым-ай неге тұрсыңдар, тез кетсеңдерші… Енді әні-міні мына жерді су басып қалады…
– Не мына қыз жынданған ба?! Қайдағы су, айттым ғой мен сол көл бойынан келемін…
Кесапат та өзеуреп қояр емес…
– Ағакем-ай, мен жалған айтып нем бар… Мына адамдарды ажалға айдамасаңшы… Тез кетсеңдерші…
– Қайтыңдар…
– Тез қашыңдар…
Ұйлығысып қалған қауым енді екіге бөлінді… Жартысы ауылға қайта қайтты да, жартысы сол алған беттерінен ­қайтпай тауға қарай тырмысып кетіп бара жатты. Өзінің тәнсіз құр елес бейне ғана екенін енді сезінген Қыз-Ләйлі қалың нөпердің жартысының кіші Ләйліні, өздерінің ортасындағы кәдуелгі тірі адамды тыңдамай сол ауыл адамдарының бейнесіне еніп алған кесапаттың сөзіне еріп ауылға қарай қайта қайтқанын көргенде күйіп кетті. Еш қайран қыла алмағанына ашынды… Өзінің адамдар санатында жоқ екенін сезіп өртенді…
– Әй адамдар-ай! Осыншама бейғам… Осыншама марғау, парықсыз боларсыңдар ма?! – деп бар дауысымен айқайлады… Бұларға еш қайран жасай алмайтынын сезген соң, енді ол көлге қарай жанұшыртты. Көлдің кемерін үңгіп лықсыған сеңді, ауыл мен көлді бөліп тұрған бөгетке арып таласа ұрғылып жатқан кесапатты жанталаса тоқтатып қалмаққа арып-таласты. Қанша алысқанын өзі де білмеді. Әйтеуір түн ортасы ауа өзінің талығып әлсірей бастағанын сезді… ­Бойында еш дәрмен қалмай, шатырлап сынған қалың мұздың арасына батып бара жатты. Бір кезде тарс еткен жойқын дауыс шығып бүкіл алапты дүр сілгіндіріп жиегіне шіреп әзер тұрған көл ауылға қарай аунай жөнелді.
Таудай-таудай толқындар кең аңғарлы сайды бойлап ауылға қарап атылып бара жатты… Алып кесек мұздармен бірге алдынан кезіккеннің барлығын жайпап бара жатқан алапат су, лезде ауылға жетіп барды. Түнгі ай жарығына шағылыса жер әлемді теңселтіп жөңкіліп келе жатқан ­тасқынды көріп тауға шығып кеткендер шу ете қалды. Артық бір қадам басуға да мұрсат бермей үстерінен басып қалған топан суда қалған ауылдағылар азан-қазан болып шырылдап, құлында-құлын дауыстары шығып, құлақты тұндыратын ащы зармен булықты…

***
Түн… Жартылай туған орақ айдың буалдыр сәулесі ауылды басып қалған алып тасқынға төтеп бере алмай айналаны тастай қара түнекке айналдырып жіберген.
Жөңкіле жұлқынып ауылға қарай атылған тасқынның алғашқы толқындарымен бірге ауылға ағып жеткен Қыз-Ләйлі шар ете қалған баланың ащы дауысынан есін жиып алды. Тасқынның жойқын күші алғашқы кезіккен үйді үстін жаба қабырғадан келіп соққанда астындағы ірге тасымен бірге қопарып, домалатып барады екен. Алғашқы соққыдан-ақ опырыла құлаған қабырға ерлі-зайыптыларды жатқан жерінде-ақ тіл тарқызбай жаншып кете барғанда, бесікте бөлеулі жатқан бала ойдақ-сойдағы шығып домаланған үймен бірге шырқырап кетіп барады. Анасының жұпарлы аппақ сүтінен басқа ешнәрсені таңдайына жағып көрмеген сәби, тұншықтыра көмейіне жүгірген лай суға шашала шырқырайды… Қыз-Ләйлі бейкүнә сәбиді алапат судан алып қалмаққа қарманып қанша арып таласқанымен ешнәрсе істей алмады… Енді байқады, бүкіл ауыл көлдің астында қалған екен. Көл жөңкіле тулап ауылды көшіріп барады…
– Көке!..
– …
– Көке!..
– …
– Ата!..
– Апа!..
– …
– Құлыным!..
– …
– Жаным!..
– …
– Қарашығым!..
– …
– Тәңірім!..
– …
Жан дауыстары шығып шырқыраған адамдардың анасына бір, мынасына бір жүгіріп Қыз-Ләйлі жүр…
– Ата-ай… Ата!.. Қайдасың ата?!
– Құлыным-ай, құлыным… Мен міне, қазір саған жетем…
Су астында қалған үйдің құлаған бір қабырғасы белінен төмен басып қалып, қансырап жатқан шал көрші бөлмедегі шырқыраған немересіне жете алмай аһ ұрып жатыр… Үйдің үстінен гүтір-гүтір сынған мұз бен жөңкілген тасқынның гүрілі бір-біріне дауыстарын әзер естіртеді.
– Ей жаратқан тәңірім не жаздық… Бұл кесапаттан басқа жанымды алатын амал таппадың ба… Құдіреті күшті ­Құдайым… Құлындарымның жан шырылын естірпей өзімді ғана неге алмадың… Тәңірім…
– Ата-ааа… Кенет шықыраған бала үні гүрс ете түскен қабырғамен бірге шорт үзілді. Манадан бері немересіне жетпек болып жанталасып, үстін басып қалған қабырға кесектерін аршып жатқан шал ауыр ыңыранып, сұлқ жатып қалды…
– Бітті… Бәрі бітті… Енді мені де тез әкет… Мынау қараң дүниеден… Енді бұл жалғанның не қызығы қалды…
Есік терезені жарып кірген су, енді бөлмелердің ішін толтыра бастады… Су астында тұншығып жатқан шалдың жаны шықпай қойды… Қолқасын бітей ішке кеткен лай су кеудесін керіп жарып жіберердей болса да, жан шығар емес…
– Тез-тез әкет мені… Құлыншағымның қасына тез ­жетейін…
Су астындағы әр үйден шыңғыра шырқыраған ащы үндер толастар емес… Қыз-Ләйлі енді арлы-бері алып ұшып барлық адамдарың қасына барып шықты… Бірақ, ешкімге де қол ұшын бере алмады… Анау жерде алғашқы толқын ұрғанда-ақ үйді қопарып ішіндегілердің барлығын қораға әкеліп тығып тастаған нән бір кесек мұз ашық тұрған есікті жауып қалып ішіне онша су кіре қоймаған… Алғашқы соққыда-ақ жантәсілім болған шешесінің ашық омырауына жабысып, тастай суық судан қол аяғы тоңазып қата бастаған жас баланың үні ішіне түсіп кеткен… Шешесінің емшегін әлсіз тырмалайды… Қыз-Ләйлі енді сол жас сәбиді жылытпақ болып ұмтылды. Құшағына қысып жылытқысы келді… Ол, бұл жолы да ешнәрсе істей алмады… Мынау дүниенің тірлігіне араласуды оған жазбаған екен… Тыр жалаңаш сәби өз болмысынан тыс денесін селкілдетіп анасының омырауына бетін баса шетінеп кетті.
Олардан сәл төменгі жерде ғана, қатар тұрған үлкен екі ағаштың арасына қысылып қалған жігіт ағасы екі қолтығына екі баласын қысып алған… Тамырлары білеуленіп, лай батпақтың ішінде көздері еркінен тыс ақшиып, қарысып тұр… Алып мұздар ағашты жанап өтіп, солқ-солқ еткізеді… Денесі тас болып қарысып қалған жігіттің жүрегі булығып кеудесін жарып жіберердей тарсылдап соғады… Өкпесін ­қапқан лай су әлсін-әлсін қан бұрқақ болып сыртқа атқылақтап жатыр. Қолтығындағы балалардың бірі әлдеқашан жантәсілім болғанда, енді бірі суға тұншығып тыпырлап жатыр. Қыз-Ләйлі олардың қасына барғанда дәті жетпеді, енді ол өзінің ешкімге көмектесе алмасын әбден түсінген. Кері айналып кетіп бара жатып қырылдаған дауысты құлағы шалып солай қарай барды… Су соққан қашаға бір қолымен жармасып енді бір қолымен баласын құшақтаған әйел қашаның іргесіндегі кішкене қораға жете алмай тұр… Қораның ішіне су кірмепті, бір жас лақ бажылдай маңырап тұр… Әйелдің екі көзі лайлы батпақ суды жарып сол лақ тұрған қораға қадалып қалған, жанталасып, қолтығындағы баласын лақтың жанына жеткізбекке тырмысады… Суық су сорып қатып қалған денесі икемге келер емес…
Қыз-Ләйлі ауыл адамдарының барлығының жан түршіктірер азаптан өліп жатқанын көріп, аспанға қарай оқша атылып барып, көлдің орнына қарай құлдилай құйыла жөнелді…
Көлге жете бере кешегі өзінің атын айқайлап шақырып мәңгілікке жібермеске, тас қылып құшақтап жібермей жатқан кесапаттан айырылып қалуға себепші болған жігітті көріп сол тұрған жерінен жоқ қылып жібермекке ұмтылды… Адамдарға көмектесе алмағанымен қатыгездікке келгенде кез келген елес рухы соншама қайратты келетінін жақсы білетін… Екі қолы алқымына іліне бере өзін әлде бір жойқын күш кері серпіп лақтырып тастады… Адам баласынан осыншалықты жойқын күшті көрмеген ол, таң тамаша болып жығылған жерінен тұра бере… Енді байқады… Қағиданы бұзып, халықтың қасіретке бөктірген жігітті кешегі өз құрсауынан босанып кеткен қара күш кесапаты алақандарына салып әспеттеп, аспандатып тұр екен. Қыз-Ләйлі өзінің енді бұл пәнидегі ешқандайда бір құбылысқа әсер ете алмайтынын біліп, шексіз зеңгір аспанға қарай заулай жөнелді… Заулап бара жатып:
– Адамдар-ай, адамдар… Қандай әлсіз… Қандай әлжуаз… Қандай байғам, сенгіш… едіңдер… Сендер қуаныштарың мен қайғыларыңды да, туғызатындар мен жіберетіндерді қашанға дейін ажырата алмай кетеді екенсіңдер… Сендер өздеріңді қашанға дейін әлемнің иесіміз деген өтірік сенімдеріңе сене бермексіңдер… Білесіңдер ме сендер жер әлемдегі ең әлжуаз бейбақсыңдар… Соны түсінсеңдерші…
Алыстай бере оның үні ауаға тарап естілмей қалды.
Тек көл бойындағы қалың орманды жапқан ақтықтар ғана дүр-дүр етіп қаза жырын сарнап қала берді…

ПЕРІ КӨШІ

– Көке, «Торлысайға» бейтаныс біреулер келіп қонып жатыр екен.
– Қай ауыл?
– Білмедім…
– Шамасы біздің жағдайымызды білмейтін біреу шығар… Әтең бар ма?.. Маған келіп кетсінші…
– Қазір шақырамын. Бозбала тез басып үйден шыға жөнелді.
– Үһ! – деп ауыр күрсінген Мәлік киіз үйдің түрулі тұрған етегінен анадайдағы бір топ кәрі еменнің түбіне қарады. Жасы елуден енді асқанымен, өзі тым ерте қартайып қалған іспетті. Орнынан әзер қозғалады. Бет-аузын айқұш-ұйқыш шандыған әжімдер, тереңге тартып кеткен шүңет жанарына, шәкене ғана итарқа түсті. Айпарадай ашық тұрған итарқаның аузынан байлаулы жатқан жігіт өзіне ішіп-жеп тесіліп қарап жатыр екен.
– Әй, қайсың барсың Бақбөрдің су-суанын бердіңдер ме? – деп дабыстады да, құс жастыққа жантая көзін жұмып ұзақ ойға кетті.
Жиырма жыл бұрын, а, жоқ, заулап жатқан уақыт-ай десеңші отыз жыл, тура отыз жыл болыпты-ау содан бері. Иә, содан бері санасында бір тыныштық жоқ… Осы кесапаттың барлығына өзін кінәлі сезінетін…
Өзінің жиырмадан енді асқан кезі… Асып-тасыған дәулетті болмаса да алдындағы тете өскен жалғыз ағасы екеуі бірлікте атадан қалған аз малды бөліп-жарып еншілеспей, бірге ел қатарлы күн кешкен еді. Өзі де енді үйленген… Ағасының төрт баласы бар. Жаз жайлау, қыс қыстаумен ұзақ көшетін… Ағасы Сәлім жарықтық ыспор, іске орамды жігіт еді… Ойдан орып, қырдан қырып тұрып екі үйді сол бағар енді. Ал өзі сал-сері болғысы келді… Жаңа құрған отау жайында жаз жайлауда көрші ауылдардың таусылмайтын той-томалағымен сауық-сайран құрып кететін. Артынан ерген жалғыз інісі болған соң Сәлім де жетімдікті көрсетпейін деп аттың да, киімнің де жақсысын өзіне беретін. Орта жайлаудың мал тұяғымен шаңы шыға бастағасын төр жайлауға қарай көшкен ауыл араға екі қонып межелі қөне қонысқа түс ауа әзер жеткен. Түйелерді шөгеріп артқан жүктерді шешіп түсіріп бола бере шапшаң бой көтерген алты қанат ақ үйдің бел бауын асығып шандып байлап жатқан інісіне Сәлім:
– Ау, жарқыным! Не болды бір жаққа асығасың ба? –деп сұрады.
– Иә, ағаке, ертең «Бөктіргіде» отырған Жетібайдың қызын ұзатады, соған барсам деп ем…
– Жарайды, онда жолыңнан қалма, бар… Келінге де обал, жаз бойы үй бетін көрмейсің, осы жолы тез орал. Мен де осы бір жерім ауыра ма, жоқ па өзім де білмеймін, дел-сал болып жүргенім… Біраз уақыттан бері ұйқым қашты, амандық болса, келгеннен кейін еншімізді бөліссек деп ем. Сен енді қара шаңырақтың иесісің…
– Неге?.. Қойыңыз, аға, мен мал баға алмаймын. Інісі шоқ басқандай баж ете қалды…
– Жоқ, сен бақпайсың, мен бағам… Амандық болса, бірер жылда ана боқмұрындар да қозы-лақ қайыруға шамалары келіп қалады. Өзім-ақ баға берем ғой… деседе тез кел!.. Сосын әңгімелесерміз, – деп сөзді қысқа қайырды. Расында біраз уақыттан бері сәп салмаған екен ағасы едәуір жүдеу, өңі татарыңқы екен. Ерулік ала келгендердің салқын қымызынан бір шараны басына бір-ақ төңкерген ол ауылмен асығыс қоштасты да, қарсы беттегі жалға қарай қабырғалай жөнелген.
Әубаста бір күнде қайтармын деп ойлап еді, онысы болмай қалды. Қыз ұзату тойы… оның танысу… қарсы жақтың келін түсіру тойы… не дейсің әйтеу той көбейіп кетті…
Әне-міне дегенше екі аптадан асып кетті. Сөйтіп той тойлап мәре-сәре болып жүргенде өздерімен қанаттас отыратын Бектас деген жігіт тізгін ұшымен келіп: «Сәлім аттан жығылып, нашар жатыр», – деп хабар айтып келді. Салдық та, серілік те әдірам қалып, екі көзінен парлаған жасқа ие бола алмай таң асырып үйіне әзер жетті. Мал енді өріске бет алған екен үйдің маңы топырлаған адам… Жүрегі зырқ ете түсіп… аузына тығылып булықтырып келеді. Баяғыда әкесі мен шешесі қайтыс болған кезде де осындай болған еді… Ол кезде жас бала өлімді, жетімдікті түсініп кетпесе де жүрегінің сазғаны күні-бүгінге дейін есінде еді… Тура солай жүрегі сазып барады. Еңіреп келіп аттан домалай үйге қарай жүгірген оны қайнағасы ұстап қалды:
– Аптықпа… бала… ақырын… сені күтіп жатыр… Елдің барлығы өзіне мүсіркей қарап, оны ішке кіргізді…
Оң жақтағы қайқыбас қайың төсектің үстінде ағасы шалқасынан сұлқ жатыр екен де, жеңгесі бар, тағы бір кісілер аяқ-қолын уқалап отыр екен.
– Алда қарғам-ау… «Тентекқара» әйтеу жеттің бе? –деп жеңгесі еңіреп жіберді…
Сәлім де мұның келгенін біліп жатқан сықылды ақырын жүткірініп ернін жыбырлатып еді отырғандар аузына су тамызды. Сосын кәдімгідей есін жинап, басындағы жастықты сәл көтертіп қойып, үзіп-үзіп сойлей бастады:
– Жарқыным,.. жеттің бе?.. Сені көре алмай кетем бе деп көп қиналдым… енді арманым жоқ… бірге туғаныңа бір ауыз бақұлдасып кетудің өзі бақыт екен… мына ажал маған тура келіп тұр… неше күн бойы арпалыстым… ажалдан қорқып емес,.. сені көре алмай қалам ба деп… Әуелі ел-жұртқа рахмет!.. Сені осы отырғандарға аманаттаймын… Біріміз жетіде, енді біріміз он жасымызда әке-шешеден бір күнде айырылдық… Осы жұрт малымызды бағып, отымызды жағып есейтті… Біз осы жұртқа борыштармыз… Шамам келкенше сол борышымды өтеуге тырыстым… Пенде болған соң артық, не кем һам-харекеттеріміз болған шығар, кешіріңдер… Көптен бері әке-шешем түсімнен шықпай әлде қайда жетелеп кете беретін еді… Содан сезіктеніп… мал-жанның барлығын ен салып, бөліп қойып ем… Өзің келе ме деп көп күттім… Сен болмасаң да келінге көрсетіп барлығын бөлдім… Шамамша әділ бөлдім… Бұл тек атау ғана ғой… Мәлігім… Мәкентайым, барлығы өз малың… Мәкентайым, мал-сұлға онша қыры жоқ еді… Жетіммін деп жабырқамасын деп алдын қақпап ем… Осының отын жағып, күлін төгіп өтсем, армансызбын дейтін ем… Оған жете алмайтын болдым… енді осы Мәкентайды сізерге аманаттаймын… Мәлік, жарқыным,.. саған ана інілерің мен жеңгеңді аманаттаймын!.. Жеңгең әлі жас қой… келер өмірін өзі шешер… Балаларымды бауырыңнан шығарма!.. Баяғыда ана Көк бақсы: “Екі мүшелден ары жығылып барып кетеді екенсің… бес балаң болады”, – дегенде сенбеп ем, сол әулие екен… Барлығын бірдей көр… жазымыш кей нәрсені адамның санасына сыйдырмайды… сонда да… сабыр керек болады… қасқыр жегір көк бұқаны іздемейін-ақ деп ойладым… Мал көзі ыстық қой… жоқтамай қойсам, киесі атар деп… ала аяқ ат та бір нәрсе болардай ұстатпай көп қашты… ондайы жоқ еді… астынан бала өтсе, мық етпейтін жануар сол күні ертоқымды әзер салдырды… Ана айыр төбедегі қорымға жете тік шапшып жүрмей қойғаны… содан біраз сауырлап қамшымен тартып жіберіп ем… қорымға жете қорс ете қалып жалт бергені… Ауып түсіп қалыппын… Бір заманда барып есімді жидым… Бір жерім мертікті ме десем, аман сықылды, қозғалайын десем, денемді бір ауыр нәрсе қорғасын болып басып алыпты… Көзімді ашсам, кеудемемде бір кішкене бала қонжиып отыр… Кет ары деп орнымнан атып тұрайын деп жанталасып ем… әлгі бәле сары ешкі болып құбылып кетті. Қозғалдым болды келіп сүзеді… сөйтіп көп жатып қалдым… әйтеу, құдайда құдай дегенде ана Есбергендер үстімізге түсіп алып келіпті… Олар ешнәрсе көрмедік дейді… Енді көзім ілінсе болды былтыр бір тау ешкі атып едім… сол келіп сүзгілейді… Оқ жанды жерінен тимеген соң көп қашып еді… ақыры қанның ізімен аршаның ішінде өліп жатқан жерінен тауып алып ем… ішті екен… Бір лағы тірі туылып анадайда маңырап бақырып тұр екен де, енді біреуі толып шықпай өліп қалыпты… Сол күні қатты шошынып қалып ем,.. содан-ақ болды…– деп біраз тыныстап алып інісінен басқа жұрттың барлығын сыртқа шығартып жіберіп оңаша бір сырды ақтарған еді. – Жәми жеңгеңді өзіңе аманаттаймын… Сенен өмір бойы жасырған бір сырым бар еді… О дүниеге алып кеткім келмейді… Менің жын-перілермен алым-берім жасап қатынап тұратынымды ана көк бақсыдан басқа ешкім білмейді… Мына жұрт көк бақсыны алдырайық дейді… Оның пайдасы жоқ, оның қолынан келетін шаруа емес… Жәми жеңгеңнің арғы тегі туралы, төркіні туралы көп сұраушы ең… Әншейін әке-шешесіз жетім қыз екен, ғайыптан кезіктік деп алдаушы ем сені… Ол олай емес, перінің қызы… Мен дуамен ұстап қалған ем… Мен кеткеннен соң оған да қиын болары анық… Шамаңша күтерсің… сосын мені елден оңаша анау етектегі Баспақ төбенің басына апарып жерле… оның барлығын түсіндіріп жатқанға қазір шамамда келмес… маған жалғыз жату бұйырған… –деп сарнап жатып сылқ ете түскен… өлгеннің артынан өлмек жоқ демекші… жылай жылай жүріп екі үйдіңде ауыртпашылығын өзі көтерген… жанына балаған жарының мезгілсіз қазасы жеңгесін морт сындырған… бала шағасыныңда ас суанын әзірлеп бере алмай қалды… есі кетіп әйтеу меңірейіп отырады да қояды. Сәлімнің жылын беріп арада оншақты күн өткен соң бір күні таңғы шайда жеңгесі кәдімгідей есіне келіп. Арнай Мәлікті шақырып қасына отырғызып алып:
– Тентек-Қара менде сендерге көп салмақ салып жібердім-ау. Басымнан бір бәле қысып жібермей-ақ қойғаны… ана ағаңның ала аяқ атын әкеліп ерттеп берші… құбақорым жаққа барып сергіп қайтайын осы кезде Мергенсайдағы жұртты бір көрсем деп ем… сосын Сәлімнің басына барып қайтсам деген ем… деп өтінді… жеңгесінің есін жиғанына қатты қуанды… деседе сол алааяқ атты мінем дегеніне іштей қосылмасада ешнәрсе айтпады… жыл бойы тұлдап отырған сол алааяқ атты жеңгесі жылынада сойдырмай көкайғырды сойдырған еді… міне ағасы қайтқалы жеңгесі екінші рет есін жиды… әдетте тұз жеуге күнде келіп сүйкеніп тұратын алааяқ бүгін қашаған болып шыға келді… түс ауғанша ақтер-көктер болып қанша қуағанымен ұстанпай-ақ қойғаны…
Үйге қарай қайтып келе жатқан оның алдынан енді жетілерге келіп қалған ағасының ұлкен ұлы шықты… жүгіре, жүгіре әбден алқынып аузы құрғап қалыпты…
– Кіші аға… әйем жіберді… сені тез кел деп… апам жаяу кетем деп жатыр…
Ат үстіне баланы іліп алған ол үйге қарай тасырлатып шаба жөнелді… бала-шаға барлығы сыртта тұр екен…
– Жәнем бізге күш бермей кетіп қалды деп келіншегі жылап тұр… Жәми жеңгесін Және деп атайтын…
– Қап деген-ай… қалай кетті…
– Айыр төбе жаққа…
– Алдындағы баланы жерге түсыре сала енді сол айыр төбеге қарай шаба жөнелді. Арлы-берлі бұра тартар жол жоқ… екі жағы қалың қарағайлы тік беткей жалғыз сай. Ол айқайлап шапқылып келеды…
– Және… жеңеше… Және… жеңеше… жеңеше…
Күн ұясына кіре бере былтыр ағасы жығылған қорымға жетті. Енді астындағы аты тік шапшып алдыға баспай қойды… анадайда жеңешесі көрініп қалғандай болды… атты қаңтара салып жаяу бармақ болып оқталып еді жеңешесінің қасында қараңдап тағы бірдеңелер жүрген сықылды болды… енді ары барғанға жалғыз өзінің жүрегі дауаламай қасына біреулер ертіп алмақ болып ауылға қарай қайта шапты… ауылға келіп жақын отырған үйлерден бес алты жігітті ертіп алып қайта Айыр төбеге жеткенде таң атуға аз-ақ қалған еді… қорымның тура ортасына үлкен қылып от жағып соны айналып жүрген Жәмидің қасына ешкім бара алмады… тек таң атып күн шыққанда лаулап жанған от сөнді де Жәми бүйірін шеңбектеп бір жағына қарай жантайып жата кетті. Жігіттер енді ешнәрсеге қарамастан бірден ұмтылысты… Қасына жетіп барғанда Талықсып жатқан Жәмиді тек іш киіммен ғана тауып алды… түнімен лапылдаған оттан еш белгі бір түйір күлде жоқ тек Жәмидің асты бопырлаған күл… тек анадайда ұшқаттың түбінде илектеніп Жәмидің сырт киімдері жатыр… асығыс сырт киімдерін кигізіп есі-түссіз жатқан әйелді төрт жігіт ауылға қарай әкеттіде енді екеуі… қорымнан ары өтіп Тасбұлақтағы ауылдарда жүр деген бақсыны шақырып келмекке кетті.
Аузынан ақ көбігін бұрқыратып Ақпері, көкперісін шақырып азан қазан қылып Жәми жатқан үйге кіріп кеткен бақсы сыртқа қайта атып шықты…
– Бұл адамның ақы иесі кім?!. Ақы иесі кім… – деп дауыстады…
– Менмін ата, жалғыз қайнысымын… –деп қасына келген оны оңаша ертіп барған бақсы:
– Менің қолымнан келер еш амал жоқ… жеңгең енді адамизатпен перілердің арасында болады… тағдырдың жазымышы… марқұм ағаңның тілегі екен… балалы болады… атын Бақбөр қой… енді бұл жерге симайсың… басқа жаққа ешкімге айтпай бір-ақ түнде көшіп кетіңдер… басыңа келген қауып қатердің барлығын барлығын Бақбөр білып отырады… былай қарағанда ақыл есі кеміс болады… екі жастан бастап байлап ұстайсың… мына ала жіппен байла… басқа ешнәрсе тоқтата алмайды… тек шешесі қайтқаннан соң ғана ес кіреді…
Былтырдан бері жесір отырған жеңгесін балалы болады дегенде есі ауып қалған ол бақсының одан ары не дегенін ұққанда жоқ…
Үш төрт күннен соң әйелімен оңаша ақылдастыда қарсыласқанына қарамастан бір түнде ағасының үйі мен өз үйін шағындап қана төр атанға артты да қалған жүкті жұртқа қалдырып тек аяқты малдарын ғана айдап көшіп кетті.
Содан бері осы жерде… Жаңа таныстар… жаңа көршілер… оларменде сіңісіп кеткен… құдандалы ілік жілік болып… ағасының баларының барлығын аяқтандырды… өз балаларыда ержетті… мұндағы жұрттың көбі Жәмидің бар-жоғында біле бермейді… өзіне жеке шәкене ғана қос тіктіріп алған оңаша жатады… ойға түскендеде там үйден тысқары кішкене құжырада Бақбөр екеуі қыстап шығады… қыстың қақаған аязында жатқан жерлеріне от жақтырмайды… сол екеуі үшін ешкінің басын көбейткен екеуініңде ешкі сүтінен басқа қорегі жоқ. анда санда ғана өзін шақырып алып бірер қайырым тілге келеді… онда да – “Тентек-Қара бұл жерге қон ба… болмаса ертең жолға шықпа… үйіңе пәлен жерден біреу келе жатыр… жоғалған мал-сұлын пәлен деген адамнан сұра болмаса түген сайдың ішінде тұр” деп қана… Бұлда содан бері жеңгесінің айтқанын екі етіп көрмеді… байқұс өз әйеліде әлі Жәнем деп құрақ ұшып тұрады… неге екенін өздеріде білмейді… Жәми абысынына бір жылымай қойды… бұрын сондай жақын адам ауырғаннан бері суып кеткен… маңайына жуытпайды… тағы бір ақылы жетпейтін дүние Жәми көп тамақтанбайды анда санда ғана ешкінің сүтін ішіді… сол отыз жылдан бері пенде болып бір дәреттенгенін көрмепті… Бақбөрі өсе келе адуын күштің иесі болды… өзінен аз кем тайсағаны болмаса ауыруы қатты ұстап кеткенде күш бермей кетеді… баяғы бақсы шалдың ала арқаны үзіле үзіле бір тұтам ғана қалған… тек босап кеткенде маңайға біраз әлек салып барып шешесінің қасына келіп бүк түсіп жатып қалады… сол кезде байлап қалу керек басқа кезде еш мүмкін емес… ол босап кеткеннен кейін күндік жердегі ауылдарға дейін шулап қалады… ала арқан көрсе жыны бар кім болсада тартып алады… не шапқан атқа жеткізбейді… не қаптаған қалың адамға күш бермейді… содан болар бұл ауылдан алыстау отырады. Ешкімнің де жақын қоңсы отырууға дәттері жетпейді… Ал, мына келіп түсып жатқандар дәу де болса бұлардың сырын білмейтіндер.
***
Қалың ойдың шырмауымен көзі ілініп барады екен.
– Көке мені шақырдың ба… – Сәлімнің ұлкен ұлы келді.
– Иә, балам… анда бір ауыл келіп түсіп жатыр дейді… соларға қарай барып қайт… біздың жайымыздан хабарсыз болса керек. Биыл құрғақшылық болып Көкөзектің малшылары осылай келіп жатыр деген… солар болса керек… ауыру адамымыз бар деп түсіндер… арандап қалмасын… жер жетеді ғой алыстау отырсын… бірде болмаса бірде Бақбөр босап кетсе қиын болар… соған жұмсайын дегем…
– Иә, көке! қазір-ақ барып қайтам. –деп шыға жөнелген жігіт сүт пісірімге жетпей қайтып келді…
– Ойбай көке сізге өтірік маған шын… Сол ауылдың төбеттері маңына жуытпай қойды тіпті аттың үстінен алып қоя жаздады… Өздеріде бір зәнталақтар екен… ешкімі де сыртқа шығып итін қорымады… ақыры қайттым… Сенсеңізде сенбесеңізде осы… –Әтейдің өтірік айтпайтынын жақсы біледі… Бірақ, бұны кіргізбей аттың үстінен алып қоя жаздаған қандай ит деп ойлады… Әкесі сықылды зор денелі жүректі еді… Он бес жасында қызыл қолмен қойға шапқан қасқырды ұрып алған Әтейді қоқытқан төбет жәй ит емес. Бір түрлі алаңдай бастады… Соның арасынша үйге бала шағасының барлығы жиналып қалды…
– Иә көке, манада малды қайырып жүріп мен де көргем… Ол ауылды… Итін емес… Малдарын бір ыңғай түсті мал… Ұсағыда ірі қарасыда әппақ… Шетінен аң болып кеткен – тағы… Жақындап барып көрейін деп қойына атпен жете алмай қойдым… – өзінің кіші ұлы малдары туралы айтып отыр…
– Бұл тегін емес… Жарайды онда… Иттері қабаған болса алыстап жүріңдер… Болмаса өзім барып қайтармын…
– Көке Бақбөр бір босап кетсе өздері ақ көшіп кетер… итті қойып қасқырдың өзін тұмырлықтап ұстап алады… не тәйірі… Өзінің сүт кенжесі жынды бастау болып өскен… осы төрт-бес жылдың алдында ағасы Әтей үйленгенде… Әтейдің қайнатасы бұның жанындай жақсы көретін құла жорғасы бар еді… соны қалың малға сұратқан – Құла жорға мен мініп жүргеніммен Бақбөрінікі… алам десеңіз берем-ғой, Әтей ағамнан нені аяйын! Бірақ құла жорғаны алғаныңыз Бақбөріні қосып алғаным десеңіз болды дегенде… шал шалқадан түсе жаздап… ойбай керегі жоқ деп березек болған еді… бұның еркіне салса Бақбөрді босата салары сөзсіз… неге екенін кім білсін… басқа балаларындай емес Бақбөріге осы ұлы тым жақын… тіпті қасына барып кейде жантайып жатып әңгімелесіп отыратындары бар… тамағында сол береді… жуындырғандада солай… басқаларын ұрып соғып жіберетін Бақбөр кейде бұған ептеп көнеді…
Не болсада Жәми жеңгесінен бір ақыл сұрамақ болып үйден шықты… Бақбөрдің қасына келіп жерден көтеріп қалың қарағай тақтайдын жасаған сәкінің шетіне келіп отырды… Еменді сықырлатып арқасын үйкеп отыр екен өзіне қарай шақырып алып арқасын қасып берді… Бақбөр еркек атаулының барлығын жас-кәрісіне қарамай ата дейтінде, әйел затының барлығын апа дейтін…
– Ата… жіп… жіп… байлап алам… келді… келді… –деп ананы бір мынаны бір айтып ржалақтады…
– Балам байлауың мықтыма шешіліп кетпейме деп сұрады…
– Кетпеймін… кетпеймін… ата… ата… шешілмейді… деп аяғынан кісендеп байлаған матауды неше шешіп неше байлап жіберді… Бақбөр бір нәрсеге ашуланып, болмаса қатты ауырып барып арқанды үзіп кеткенде болмаса байлауды өзі шешкенімен ешқайда кетпейтін-ді… таңнан қара кешке дейін сол матауды неше шешіп неше байлап соны ермек ететін… кейде бір ши болып шиеленісіп шырмалып қалған арқандарды өздері шеше алмағанда Бақбөрге алып келетін… Бақбөрдің қолына түскен арқан әп сатте шырмауынан арылып шыға келетін.
– Иә балам еш қайда кетпе… тыныш отыратын болсаң саған көп арқан әкеліп берем… –деді.
Бақбөр алақайлап айқайлап жатыр…
– Охо! Охо! Атам маған арқан әкеледі… арқан… көп арқан… бәрін байлап тастаймын..
– Тентек-Қара! Ау, Тентек-Қара!.. – Жәмидің даусы естілді.
– Жеңеше бара жатырмын… ол Бақбөрдің маңдайынан искеді де орнынан тұрып жеңгесінің қосына келді.
Жеңгесі басын көтеріп арқасын керегеге сүйеп отыр екен. Жүзі жарқын.
– Тәуірсіңбе жеңеше…
– Тәуірмін… тәуірмін… сені келер деп күткем…
– Иә мына бас жаққа бір ауыл келіп түсіп жатыр дейді…
– Біліп жатырмын… біліп жатырмын… перінің көші… балаларды жіберме…
– Ол не пәле тағы…
– Сендерге еш зәбірі жоқ…
– Алысрақ барып қоныңдар деп айтайын деп ем…
– Ойбой Тентек-Қара-ай. Ол жерге Бақбөр екеуімізден басқаларың бара алмайсыңдар…
– Қойсаңшы… Бақбөрі барғанымен сен қалай барасың…
– …
– Қанша отырады олар…
– Мені ертіп кете алған күні көшеді…
– Қой ары саған не жоқ… бізді қайда тастайсың…
– Жетті енді осы масыл болғамда аз емес… Сәлімімді сағындым… олда мені сағынды келіп ертіп кетеді… балаларға өзің ие бол… салқыны тиіп жүрер… малыңды шығынсынбасаң саған бір өтініш айтайын деп ем…
– Айта бер ойбай… осы малдың жартысы сенікі ғой…
– Е… маған малдың не керегі бар дейсің… перінің ауылы тегін қонбайды… мені алып кетуге келген ғой бұлар… тек Бақбөрден сескеніп әкете алмай отыр… олардың малына қызықпасын балалар… қызыққаныменде оларға ұстанпайды ғой… сен өз малыңның ішінен абайлап байқап жүрсең нысаналы малдарды көресің енді… көбінде бір жеріне қызыл шүпірек байланып қалады… сол малды әр сейсенбі түн ауа қасыңа Бақбөрді ертіп алып мына басжақтағы үңгірдің азына апарып бауыздап аузында жатқан қу томардың үстіне қойып кетіп отыр…
– Ойбай жеңеше-ау… Бақбөр маған көш бермей кетсе қайтем?
– Менің мына жаулығымды беліңе байлап алсаң тіліңді бұрмайтын болады.
– Тағы не айтасың…
– Ерте ме кешпе… Бақбөр бір қалғып кеткенде олар мені әкетеді…
– Не сонда Бақбөр ешуақытта ұйықтамайды ма?
– Оның көзі жұмылып ұйықтаған сықылды болып жатқанымен көкірегі ояу бәрін біліп жатады… енді амалын тауып Бақбөрді ұйықтату керек…
– Қалай…
– Ана жүктің астындағы кебежені аш.
Ол жүкті құлатып кебежені ашты… ішінде кісінің құшағы әзер жететін доп домалақ болып домаланып киіз болып қалған жүн жатыр екен.
– Ал, бұны қайтем…
– Бақбөрге апарып бер… осы арқанды тарқат де… осыны тарқатып болғанда талықсып ұйықтайды…
– Не мына бітеу киіз арқанба?
– Бұл адамның емес жынның түйіншектеген арқаны…
Жеңгесінің басқа айтқандарына еш күмәнсіз сенгенімен мына бітеу киіз арқан дегенге онша сенбеді. Сенбесе де айқанын орындап Бақбөрге апарып берді.
– Ата! ата! Арқанның ұшын таппай жатырмын… –деген Бақбөрге ол:
– Балам асықпай іздесең табасың… –деді де өрістен қайтқан малға қарай кетті.
Өзінің сүт кенжесінің еншісіндегі құла дүнен артқы аяғын сылтып қалған екен.. тасқа қысып алдыма болмаса қоырққа аяғын тағып алдыма деп айналып арт жағына өте бере жалының арасында байланған қызыл шашақты көрді де, қайта үйге қарай келді. Кенжесін шақырып алып.
– Кенжеқұл екеуміз айырбас жасасақ…
– Неге көке?
– Құла дөненді маған бер… ал, менен қалаған бір атыңды ал.
– Көкасауды бер…
Көкасау алты жасар ат… неге екенін қайдам соның мойнына құрық салмаған еді… тек бестісінде ұстап піштіргенде үстіне бір ретте тоқым жаппай жіберген. Аты айтқандай шу асаудың өзі…
– Оны міне алмайсың…
– Онда ауыспаймын…
– Басқа қалаған жылқыңды берем…
– Көке көкасаудан басқаға ауыспаймын…
Ерке өскен ұлымен түннің бір уағына дейін саудаласты… ол да көкасаудан басқаны қаламады… ақыры айырбас жасалды… келісті…
Ол сыртқа шығуға қамданып жатқанда ұлы:
– Көке осы саған жаман құла неге керек болды… соған қайранмын…
– Оны сұрама… сауда сақал сипағанша келістік қол алыстық… көкасау сенікі… құла дүнен менікі… болды! бітті!
– Мен ұтылғам жоқ… жаман құланы атақты көк асауға айырбастадым…
Ол ешкімге үндемей сыртқа шықты да анадайда үйездеп тұрған құлаға шалма лақтырды.
Сосын жеңгесінің берген жаулығын беліне орап алып… Бақбөрдің қасына келді.
– Ата, ата, арқанның үшін қайда тықтың таба алмай жатырмын… –деген Бақбөрге балам оны асықпай табасың… жүр екеуіміз бір жаққа барып келейік деп аяғындағы матауын босатпақ болып еді. Бақбөр өзінен бұрын қимылдап лезімде босанды да
– Ата, ата қайда барамын… мен арқан шешем…тез… тез… деп алақтап арлы берлі жүгіре бастады.
– Менімен еріп отыр…
Ол құла дөненді жетелеп үңгірге жеткенше Бақбөр қараңғылық тұмшалаған сайдың ішін бас аяғына неше мәрте шыр айналып шарлап шықты…
Үңгірге таяй бере қасына жетіп келген Бақбөр:
– Ата, ата, көш келіпті… жеті үй… екі апа… жеті ит… екі ешкі…
– Жарайды қой енді балам қасымда жүр… – деп жеңінен тартты… Бақбөрдің айтқан сандарына мән бермеді… ол осы жеті мен екіні көп айтатын…
Үңгірдің аузына жете құла дөненді төрт аяғынан тұсап жықтыда қынынан қылпылдап өтіп тұрған пышағын алып Бақбөрге ұстатып
– Бауызда енді, –деді.
Бақбөр қолына пшақ тие көз леспес жылдамдықпен құла құнанды тамақтан орып жеберіп шапшыған қаны тыйылмастан жұлындап басын бөлек алдыда қарсыдағы қарағайдың ішіне тесіле қарап аз-кем тұрды да, қолындағы басты пшықпен қоса жерге тастай салып:
– Ата, ата –деп жүгіре жөнелді.
Ол әупірімдеп жүріп құнанның денесін томардың үстіне әзер шығарды да
– Бақбөр балам– деп дауыстап еді. Бақбөр лып етіп жетіп келді. Екеуі ақырын аяңдап үйге қайтты. Келе сала домаланған киізбен қайта арпалысып кеткен Бақбөрге сәл айналсоқтап қарайлап тұрды да үйіне кіріп кетті. Барлығы жатып қалған екен. Қараңғыда жайлап басып орнына барып жатып қалды.
***
Әкесінің саудасынан әлде неге сезіктенген кенже ұлы қанаттас отырған ағамның үйіне барып жата салам деп шешесіне айтты да әкесінің артынан шығып іздерін аңдыған. Қалың қарағайлы бетпен жанасалап бірге жүріп отырған еді. Үңгірге жеткенше Бақбөр бұған неше рет келіп кеткен. Әкесінің құла құнанды неге сойғанын түсіне алмады. Олар қайтқан соң арттарынан енді жүре берем дегенде сайдан сыңғырлаған әйел даусын естіп кідіріп қалды… тумысынан жүректі қорқу, сескені дегенді білмейтін ол тосын шыққан дыбыстан еш қорыққан да жоқ… ақырын таяп келіп аңдыды… үндері сондай жағымды… әуезді бірақ еш сөзі ұғылмайды… екі қыз екен. Манағы әкесі мен Бақбөрі әкеліп сойған құла құнанды екеуі әп сәтте жәукемдеп қолдарына ұстаған кішкене ғана дорбаларына сиғызып алып кері қайтты… манадан алыста отырып жүздерін көре алмаған еді… енді міне тура қасынан өтті… бірі-бірінен өткен жүздерінен әппақ сәуле шашқан ай дидарлы арулар екен. Денесін бойлап бір ыстық ағын тулай жөнелді…. маңайында аңдып тұрған біреу барын сездіме екі қыз тез тез басып ғайып болып кетті. Ол таң ата ағасының үйіне келіп жатты.
Арада апта өтпей әкесі үлкен келінімен саудаласты… төркінінен келген ала сиырды өзінің көшкенде жүк артып жүрген атанға бергісіз көкінгенге айырбастап алды… басқалары онша сәп салмағанымен кенже ұлы бұл жолы қатты қуанды… анау күннен бері сол қыздарды тағы бір көрсем деген құштарлығы күндіз күлкіден түнде ұйқыдан айырған еді. Кеш болмай сайдың аяқ жағындағы көрші ауылға барып қайтам деп шықтыда қабырғалып барып тура үңгірдің желкесіне атын қаңтарды да бекініп жатты. Түн ортасы ауа алдымен алып ұшып Бақбөр жетті.
–Ата, ата… арқан бер! – деп қоярда қоймай атының шылбырын алып кетті.
Шылбырды алып бара жатып жерден жылқының қу тезегін алып беріп: –Мынаны ұстап алсаң сені көрмейді… –деді де кейін қарай жүгіре жөнелді. Біраз уақыттан соң әкесі аласиырды жетелеп келді де жығып Бақбөрге бауыздатып. Томардың үстіне шығарып кері кетті. Олар кете бере қай күнгі қыздар жетті. Тіпті жап-жақын жерден көріп жатыр… олардың етті қалай жаукемдеп алып кеткенін ұқпай қалды… арттарынан еріп отырды… Тура торлы сайға тартты. Анау күнгі жаңа көшіп келген ауылға… содан бері әкелерінің қатаң ескертуімен бұл жаққа балаларының ешқайсысы аяқ баспаған еді. Үйге дейін баруға әкесінің ескертуінен емес Әтей ағасының өзі бара алмай қойған қабаған иттерден қорқып артқа қайтты.
Арада екі-үш күннен кейін Жәми апасы шақырып алып ләм-мим деместен бетіне біраз қарап отырдыда “кет” деп ымдап шығарып жіберіп әкесін шақыртты.
Жеңгесінің алдымен ұлын соңынан өзін шақырғанынан тіксінген ол қашанғы қосқа кіргенше жүрегі лобып әзер жетті.
– Тентек-Қара осы сендерге еш залалымыз тимесе екен деп ойлаушы ем… ол болмаған екен… ана кенжең сендерді аңдып жүр… пері ауылына дейін барып қайтты… енді көзіңнен таса қылмай ұстамасаң айырыласың… Бақбөрмен бірге матасаңда өзің ие бол… менен қайран жоқ… – деп шығарып салды. Басқа тірліктің барлығын қайырып тастап соны аңдумен қалды… еш қайда қия бастырмай қойды… еркелетіп өсірген кенжесінің тектеуге түскеніне отыз қанша жылдан бері екі үйдің бірдей барлық ауыртпашылығына қыңық етпеген шешесі шарт айырылды…
Өмірі алдынан кесіп өтпей Және деп зыр жүгіріп құрмет етіп жүрген жеңгесінің қосына жаулығын қолына алып кіріп кетіп орнынан тұра алмай домаланып жатқан бейбақпен жұлысып шықты… күйеуінің де мыйын ашытып құлақ етін жеді… ашуға мініп қамшымен қанша рет домбытып алғанымен қайтар емес…
Оған бығатын кенже ұлы жоқ… қарқ-қарық күліп Бақбөрдің қасына барып жаттыда алды…
– Екі жақтап жүріп арқанның ұшын таптық деді бір күні… ойбай ортасына жеттік деп келді… бір күні… арада біраз мал үңгірге жеткізілді… кезек соңыра құла құнанға ауыстырып алған асау көккеде жетті. Оғанда бықпады. Тек сол түні таң атқанша Бақбөрдың қасынан шықпай түнеп қалды. Бір-күннен соң жеңгесі шақырып алып барлығымен бақұлдасты. Тек абысынын үйге кіргізбеді. Оныңда келе қойғысы келмесе керек. Тек көз қылып жылаған сымақ болды. Асау көктен кейін көк інгенге кезек келді. Бұл жолы кенже ұлы әкесіне алаңдама аңдымаймын енді деп уаде беріп шешесінің қасында тыныш жатып қалды… ертесі таң атар-атпастан Бақбөрдың қалыптан тыс шарқылдап күлген даусы таудың ішін күңіренте жаңғыртты.
– Тарқаттым мен… тарқаттым. Үйдің желке жағындағы шоқыдан қалың тұман сайға қарай жылысып келеді екен. Тұманнан адасып қалмасын деп малға кеткен ұлкен ұлының артынан тағы бір баласын жіберген ол енді Жәми жеңгесіне келген… есікті ашып ішке кіре шорт тоқтады. Өз көзіне өзі сенбей қалды. Отыз жыл бойы орнынан тұра алмай топ болып домаланып қалған Жәми жеңгесін әуелі танымай қалды. Әппақ көйлекті төгілтіп киініп қостың қақ төрінде тікесінен тік тұр…
– Тентек-Қара қоырқпа… таң қалып тұрған шығарсың мына кемпір қалай орнынан тұрып кеткен деп… біз адамдармен қатар өмір сұру үшін сырттан қуат алатын едік… Сәлімім барде барлық күш-қуатты сол беретін… одан ғайыптан балалы болдым… менің қуатым Бақбөріме кетті… енді… менің төркінім жоқтап келіп жатыр… солар маған қуат берді… мен кетемін… енді тек сенен басқа ешкіммен қоштаса алмаспын… хош сау бол Тентек-Қара… деп қостың етегін түре аспанға қалықтап көтеріле бастады… өңім ба түсім ба деп арса-арсасы шыққан быртық саусақтарымен көзін қайта-қайта уқалады…
Әп-сәтте айналыны қалың тұман басып қалды… ит үріп, қой маңырап, сыйыр мөңіреп, жылқы шұрқырап кең алқапты сай іші азан-қазан болды да кетті… енді сіркіреп жауын жауа бастады…
Кенет шарт ете түсіп жер-әлемді зел зала қылып найзағай түсіп күн күркіреді… жайдың оты жарқ ете қалысымен аспанда ұзаққа созылған күннің күркірі аяқтамай-ақ манағы қалың тұман лезімде ашылып, сіберлеп құйып тұрған жаңбыр пышақ кескендей тоқтады…
Қостан сыртқа атып шыққан ол аспанға қарады… көтеріліп кеткен жеңгесі көзден ғайып болған екен… қосқа қайта кірді… өмірінде тұңғыш рет денесі дір етіп қорықты… неге екенін өзіде түсіне алмастан қалш-қалш етіп дірдектеп бара жатты… өз үйіне келді… бір жерің ауырама, суық өткізіп алмадың ба деген әйеліне ләм-мим деместен ошақтағы лаулаған отқа алақанын тосып біраз отырды да, сыртқа қайта шығып Бақбөрдің қасына келді… астындағы биік сәкіні солқылдатып қорылдап ұйықтап жатыр… ірге жағында өзінің кенже ұлы… әлде бір шашақпа бір нәрсені қолына жұмарлай қысып олда қатты ұйқыға кеткен.
Үйге қайта келіп үйдегілеріне Жәми туралы айтпақ болып оқталды да тоқтап қалды…
Сөзді әуелі әйелі бастады.
– Шақыр ана ұлыңды… құтырғанмен бірге құтырайын деп жүрме… сайтанның сапалағының маңына жуыма десем болмай қасына барып жатып алды… Меніңде өмір бойы бір қарығым ашылмаған бейбақпын… екі жындыны отыз жыл бағып ем… енді біреу тағы қосылайын деп жатыр… долданған қатынмен тәжікелесіп марқадам таппасын білген ол бетін ірге жақққа беріп басын қалың түйе жүн күпісімен тұмшалап жатып қалды… көзі ілініп кеткен екен:
– Және апам жоқ!.. деп айқайлап кірген өзінің үлкен ұлының даусынан оянып кетті. Бірақ басын көтермей орнынан қозғалмастан жата берді.
– Не дейді құдай… ол өлгін сүйретіп қайда кетеді дейсің төсектің астына құлап қалған жоқ па? Анық көрдің ба?
– Жоқ апа, қостың бәр жерін қарадым… жоқ…
– Сұмдық!
– Әкемді оятайын ба?
– Оят не болсада осы қақпас бір пәлені біледі…
– Әке! Әке! Ұлы өзін келіп жұлқылаған соң марғау орнынан тұрды… ұлы манадан бері өзі тыңдап жақан сөздерді қайталады.
– Даурықпаңдар!
– Шын айтам әке.
– Білемін! Және апаларың жоқ енді кетіп қалған…
– Ойбай не?! кетіп қалғаны несі… домаланған топ кемпір қалай кетіп қалады… Сайтанба ол!
– Доғар енді албаты сөйлемей!
– Құдайым-ау, ел жұртқа небетімізді айтамыз енді… кемпірде жеп қойдыңдар ма демей ме?
– Көшеміз!
– Қайда?
– Бізді танымайтын жерге.
– Жетер енді елден жұрттан айырылып отыз жыл сенің артыңнан жүргем… енді сенімен бірге сандалар шамам жоқ… ежелгі қонысқа кетем… төркінімнің қасына!
– Жолың болсын… енді сенімен шәркелесетін менде де шама қалмады…
– Қал өзің ана сайтаннан туаған жындыңмен бірге…
Қолына ілініп кеткен көксауыр кебісті жіберіп қалды. Қатын баж етіп шалқасынан түсты. Құлап қалған шешесін орнанан тұрғызып жатқан ұлы ұялмайсыңдар ма қойсаңдаршы… кемпірмен шал болғанда… әкесіне ызбарлана қарады… айрандай ұйыған үй тас бозылды… ұлкен ұлымен келінін ертіп қатыны кері көшетін болды. Ал қалғандары осында қалатын болып шешті…
Күн түн демей үш сөтке ұйықтаған Бақбөрмен кенже ұлы Кенжеқұл орындарынан тұрғанда жүк екіге бөлініп түйелерге арталып жатыр екен… неше күннен бері аласапыран айқай шудан кенже ұлын жоқтамай қалған кемпір енді кенже ұлына кеп жармасты…
– Кет менімен… мына сайтан жайлағандардан аулақ кет… менімен бірге жүресің…
Болған істің барлығы Кенжеқұлды еш таңғалдырмады… тіпті басы қасында жүрген адам сықылды…
– Апа, қойшы қайда барасың… мен осында қалам… Бақбөрдің қасында болам…
– Ойбай құдай… көрдің ба сап-сау адамды жынды қылды бұлар… құдай…құдай… деп шашын жұлған кемпірді келіні ары жетелеп кетті. Бұлардың шуылын
– Апа! Апа! Деп айқайлаған Бақбөрдің даусы басып кетті. Қолына қай күннен бергі өзі тарқатқан ұзын арқанды шумақтап сүйретіп Жәмидің қосына кіріп кетті.
– Ата! Ата, апам қайда деп Мәліктің етегіне келіп жармасты… аяғын құшып зар жылады…
– Апатайым-ай, апатайым… бір көре алмай қалдым ба апатайым деп еңіреп жатыр.
Мәліктің есіне баяғыдағы көкбақсының айтқаны түсті. Құдайға шүкір бұл есін жиған екен-ау деп ойлады.
Баяғыдан бері қалай байқамағанына таң қалды… Бақбөр тура Сәлім ағасын сойып қаптап қойғандай екен. Дене бітісі де… сөз әуені де.
Бұлқан талқан болып атқа қонғалы жатқан әйеліне келіп, жеңінен тартып Бақбөр жақты ымдады.
Буырқана долданып жүрген ашулы қатын күйеуіне осқырына бір қарады да Бақбөрге сәл көз тоқтатып:
– Ағыкем!.. құдайым-ау, тура ағыкем ғой… деп жыламсырап Мәлікке қарай қисая берген. Бетіне су бүркіп жүріп есін әзер жиғызып алды… Жүк шешілді… Түйелер жіберілді… Жығылған үйлер қайта тігілді…
Жанұшыра аласұрып жүрген Бақбөрді Кенжеқұл тоқтатты.
– Бақбөр аға сабыр… сабыр… кішкене тыныстап есімізге келіп алайық…
– Кенжеқұл мен саған Торлысайдағы қыздардың ауылынан ешнәрсе алып берген жоқ па ем?
– Бір мамық қауырсын әкеліп бергенсің…
– Кәне?
– Не істейміз енді…
– Кеттік.
– Қайда.
– Қыздардың аулына.
Манағы көшке таярланған аттардан кермедегі тұрған екеуіне Бақбөр мен Кенжеқұл мінді де Торлы сайға ұқарай құйғыта жөнеліді… ешкімде олардың артынан тоқтатып қалуға әрекеттенген жоқ… өз тірліктеріне кіріскен.

Бақбөр мен Кенжеқұл Торлы сайға жеткенде Торлысайдағы ауыл енді көшкелі қамданып жатыр еді. Атпен тасырлатып жетіп келгенде әуелі оларды қабаған төбеттер қарсы алды. Кенжеқұл жүрексініп тізгінін тарта беріп еді, Бақбөрі оған – қорықпа бұл жай елестер ғана төбеттердің көзіне қарамай менімен еріп жүре бер деп бұйырды. Ат үістіндегі кісіге шапқан иттерге тоқатмай ауылға енді жығылып артылып жатқан үйлердің қасына келген. Ақтылы көп үйде тек екі қыз ғана бар екен. Тура анау уақыттан бергі Кенжеқұлдың көріп жүрген аймаңдайлары.
– Армысыздар мырзалар.
– Армыз… амансыңдар ма сұлулар.
Бақбөрмен Кенжеқұл аттарынан түсті.
– Біз көшуге қамданып жатыр ек… әуелі қыздың үлкені сөз алды.
– Көш байсалды болсын…
– Рахмет…
– Онда сыздерге сусын береілік содан біз көше берсек… қыздың кішісі екі шара толы қымызды әкеліп жігеттерге ұсынды.
Жанында тұрған Кенжеқұлға Бақбөр сыбырлап… – қымызды ішпе! Қолыңа ала сала анау тұрған ақбас атанғың басына шашып жібер… сонда бұлар көше алмайды… –деді.
Кенжеқұл қолына шараны аласала ақбас атанның басына шашып кеп жібергені сол еді… ақбас атан бір шөкім жүнге айналып кетті.
Шыр-пыр болып жүгірген қыздар енді:
– Кешіре гөр бізді… қалағаның болса айт… – деп Бақбөрге қолқа салды.
– Апамды қайтарып беріңдер… Басқа ешнәрсенің керегі жоқ…
Бақбөрмен қыздар көп тәжкелесті… ақыры үй қайта тігілді…
Қыздардың сөзіне қарағанда апасы айшылық жолдағы төркініне, перілер ауылына кетіп қалған екен… Өздері ­жиеніміз бір іздеп келер көріп қалалық деп аялдапты… ­Әйтпегенде бұларға үлгіртпей кетіп қалар еді… Екеуін ақотаудың төріне жайғастырып қыздар аста төк қонағасы берді… Әредік бір сыртқа шыққанда Бақбөр Кенжеқұлға қыздар бізді күттік деп жалған айтады… Анау күні мен саған ана кіші қыздың қанатын әкеліп берген ем… соны алып кетуге күткен… Онсыз олар еш қайда бара алмайды… Соған ие бол ұлтарағыңның астына салып ал… одан басқа жердің барлығынан тауып алады… Қазір кіргеннен соң екеумізді екі үйге әкетеді… сенен сұрайды… бермеймін де… Тек сандығының түбіндегі сақинаңа ауысамын деп айт… Ол сақинасын береді… Сақинаны алған соң мен мамық қанатты жоғалтып алдым таба алмай қойдым деп сылтауратып отырып алсаң кіші пері қызы сендік болады… ал енді кеттік деп үйге кірді…
Айтқандай екі қыз екеуін екі отауға бөліп алып кетті. Енді бұларға қалың адам кейіпті перілер құрақ ұшып қызмет ете бастады. Таудай ет, көлдей қымыз… мың бұралған бишілер… тамылжыта ән салған әншілер… жігіттер сауық-сайранмен жатып бір аптадан аса уақытты өткеріп жіберді… Ақыры бір күні ақ шымылдықтың ішінде кіші пері Кенжеқұлдан мамық қауырсынды сұрады.
Кенжеқұл Бақбөрдың үйреткенін істеді…
Арада тағы бір апта өтті. Сақинаны алып алған Кенжеқұл енді шаттыққа мастанып жата берді. Кенжеқұл осында келгеннен бері күміс көмей әнші болып кеткен… Бұрын мал соңында жүріп анда-санда барылдап ауыл әуендерін айтқаны болмаса көп әндерді де біле бермейтін… өзі де ғажаптанады… білетін әндері сұмдық көп екен… барлығын тамылжытып тұрып айтады… өз дауысына өзі мастанып кейде таңнан таңға ән салып шығатын болған… Ал, Бақбөр апасының қайтып келуін күтіп жатты.
Екі қыз кері қайтудың амалын ойласты.
– Сіңілім сен әлі ала алмадың ба?
– Барлық жерді ақтардым… тек табанының астынан басқа…
– Онда ол ұлтарағының асыана тығып алған болды… Оны адамдар білмес еді… Бақбөр үйреткен болу керек. Ол пері затынан. Оның амалын табу керек. Сен онда оны алып көлге апар… суға түсір… шешіндірмей киімімен түсір… су болған киімін кептірмек болып жайғанда қолға түсіресің…
– Мақұл әпке… сосын бұлар осында қалады ма әлде?!.
– Не сен қыз ана жігітті ұнатып қалдың ба….
– …
– Адамзатпен некелесіп өмір сүруге болар… Десе де бір қателік өмір бойғы азаппен өтетіні бар… үлкен әпкем сықылды…
– Сізде жиен жігітті ұнатып қалған жоқсыз ба?
– Иә… несін жасырайын… ол Кенжеқұлдан бөлек… Перілердің арасында ғұмыр кеше алады… Бірақ, ол қайтуды қаламайды… адамзатқа ғашық болып қалған…
– Қойыңызшы, ол есі ауысып байлауда жатты ғой… Қалай ғашық болады?!.
– Сіңілім… жынданып аласұрып жатқан оның тәні ғана… жаны осы жер бетінде жүргендердің барлығынан ақылды болған… адамға тән тән пері жанына ие бола алмай аласұрады…
– Кенжеқұлды бірге ала кетсек ше…
– Олай ете алмаймыз… Адамдардың арасында перілерге орын болғанымен перілердің арасында адамдарға орын жоқ…
– Неге?
– Адамдарда тек бір ғана сезім бар… ол табыну, құлшылық ету…
– Қалай?.. Мен Кенжеқұлдың жанарынан маған деген соншама зор құштарлықты көремін…
– Сіңілім… Жаратушы ең әуелі адамзатты жаратқанда… осы жерге арнап емес… тек өзіне құлшылық ету үшін ғана жаратқан…
– Қалай ша?..
– Жаратушы алғашқы Адамды тек өзіне құлшылық ету үшін ал Хауа ананы Адам атаға тек серік қылу үшін жаратқан… Олар әлемнің ең жоғарғы бағында жүргенде сол жаратушыға деген құлшылық ету, табынудан өзге сезім болмаған. Оларда ер-әйел махаббаты деген болмаған… Некеде болмаған… Тек сайтаннның азғыруымен нәпсінің жемісін жеп қойып барып жерге түскен… Соның өзінде де қаншама уақыттан соң бір бірінен қашып құтыла алмаған соң бір-біріне жақындасқан… сосын жер бетіне тән барлық нәпсінің дүниесін бізден үйренген… олардың сезімдері тек осы дүниеде ғана… Ал о дүниеге кеткенде оларда… басқаша ешқандай сезім болмайды… әуелгі жаратылысына қайтады… тек құлшылық пен ғана қалады… Адамзатқа махаббат, қуану, мұңаю, сүю, сүйдіру сезімдерін біз үйреткенбіз… алғаш қаза болған адамзатты жерлеуді де бізден үйренген… ең алғашқы адамның некесін біз қиғанбыз… біз оларға от сыйлағанбыз… Біз оларды көк мұздан алып шыққанбыз… біз олардың ешқашанда ойлары жетпейтін ғаламаттарды жасап бергенбіз… жер бетінде ең әлсіз тірлік иелері осылар… Бұлар алғаш өмірге келгеннен бастап бір бірімен ғана селбесіп өмір сүреді… ешқайсысы да жеке-жеке күн көре алмайды… Бұл дүниеде олар бізден кем… тек олар о дүниеге кетіп ­әуелгі жаратылысына қайтқанда ғана бізден жоғары тұрады… ол кезде біз оларға қажетсізбіз… Сол үшін адамдармен қатар өмір сүру қиын…
– Онда үлкен әпкем қалай ша…
– Біздің жездеміз Сәлім асқан оқымсты болған адам… ол жаратылыстың барлық тілін білетін еді… бұларды құдіреттендіріп ұстайтын тек тілдері ғана… тілімен әлемді басқара алады… Бірде жерді шарлап жүрген әпкемді көріп ұнатып қалыпты да сиқырлы дуасын оқып өзіне алып қалған екен… Өзі қайтқаннан кейін отыз жылдан соң барып әпкемізді кері қайтаруға әзер шамамыз жетті…
– Неге одан ерте алып кетпедік болмаса өзі неге қайтпады?..
– Адамның аузынан шыққан сөзі ешқашанда жоғалмайды… әлемді шарлап жүреді… сен ана құлағыңдағы сырғаны шығарып көрші…
Кіші пері сол құлағының сырғасын шешіп ала бере шыңғырып барып талып қалды… Әпкесі бетіне су бүркіп есін жидырды…
– Сұмдық бір шырқыраған дауыстар… құлағымды тұндырып есімнен адастырып жіберді…
– Иә… осы дауыс бізді адамдармен бірге жасатпайды…
– Сырғаны шешпей жүруге болмай ма?
– Сырғаны шешпесең адамнан ұрпақ көре алмайсың… адамдар үшін махаббаттанда биік нәрсе ұрпақ қалдыру…
– Онда әпкеміз ше?!.
– Жездеміз дуамен басқа сырға таққан болар… бірақ ол да мезеттік қана, біраз уақыттан соң күшін жояды… Жездеміздің дуасы отыз жылда қайтты…
– Кенжеқұл ондай дуаны білмей ме әпке сұрасам қайтеді?..
– Жоқ ол білмеді… тек Бақбөр біледі…
– Онда сіз сұрап алып бересіз ба?..
– Ол менімен бірге перілер мекеніне кетуге көнсе алып бере аламын…
– Сонда да сұрап көрсеңші…
– Не сенің осында қалғың келіп отыр ма?
– Кенжеқұлды алып кете алмасақ қаламын…
– Онда сен ең әуелі Кенжеқұлдан мамық қауырсынды алып бер…
Ертесі Кенжеқұлдар көл бойына кетті. Үсті басы малмандай су болған Кенжеқұл киімін шешіп үйдің бас жағындағы кермеге жайып тастап су болған көн етігін бір қарағайдың қуысына ұлтарағын бөлек алып тыға салды да судан қалшылдап киіз үйге қарай жүгірді…
Жер-әлемді шарқ ұрып анасының келер жолын тосып сандалып жүрген Бақбөр бұдан хабарсыз еді…
Ортадағы ашық ошақтан лаулаған от бойын тез жылытты… Кіші перінің ыстық құшағына малынып аз кем шүйіркелесіп жатып ұйықтап кетті.
Түс көріп жатыр екен дейді. Түсінде кіші пері бұлтқа мініп алып «Кенжеқұл кел, тез кел» деп қол бұлғайды. Ал бұл «жерде ары-бері сандалып өзің бері түсші… Мені қалдыра көрмеші» деп зар жылап шыр айналып жүгіріп жүр екен.. Түстің соңы ұзарып талықсып кеткенде біреудің бүйірінен түрткенінен оянып кетті. Өзі айдалада төбе болып жиналып қалған жылқының қу құмалағының үстінде жатыр екен… таң атып кетіпті… Оятқан Бақбөр екен.
– Қайдамыз біз…
– Сендегі мамық қауырсын қайда…
– Ана қарағайдың қуысында болатын…
– Айырылдық…
– Қыздар тауып алғанда көшіп кеткен онда…
– Сен қайда болдың?..
– Апаң айыртөбе деген жерге келеді деген соң сонда барғам…
– Келді ма?
– Жоқ, бірақ сәлемін естідім…
– Кімнен?
– Арнайы елшіден… хабар жіберіпті…
– Келмей ме?
– Иә… дұрысы келе алмайды екен…
– Біз қайтеміз…
– Амалын табармыз… айтпақшы сақинаң бар ма?
– Иә бар…
– Онда қорықпа ол сені іздеп келеді..
– Енді не істейміз?..
– Үйге қайталық…
– Келмей қоймай ма?
– Перілер серттен таймайды…
– Айдан аса уақыт қайда кеттіңдер десе көкеме не дейміз?..
– Сұрамайды…
– Неге?
– Біз кеше ғана кеткенбіз…
– Жоқ, біз тура бір айдың алдында келгенбіз…
– Уақыт алмасып кеткен… перілердің әлемінде уақыт басқаша…
– Түсінбедім?!.
– Жүр қайталық… аттарымыз кешеден бері аш қаңтарылып тұр…
Екеуі жаяулап етекке қарай түсті… аттары баяғыда өздері келгенде кермеге қаңтарып байлаған қалпы тықыршып тұр екен. Кенжеқұл түккеде түсіне алмады. Аттарына мініп ауылға қарай аяңдады. Ауылдарына келгенде Кенжеқұл тіпті өз көзіне өзі сенбей қалды… Бұларды ешкім сағынып жоқтамаған іспетті… алдынан шешесі шығып:
– Құдай-ау, қарғам, шешеңнің жанын шығардың ғой. Кешеден бері қайда болдыңдар? – деп сұрады…
– Апа… – деп бірдеме айта бергенде Бақбөр оны бүйірінен түртіп:
– Ол туралы ешкімге тіс жарушы болма… ешнәрсе сездірме… оны қайта көргің келсе… – деп сыбырлады…
– Соның арасынша жалдан төмен қарай құйғытып келген Әтей ағалары:
– Көке жаңа көрдім ана ауыл көшіп кетіпті, – деп Мәліктің қасына келді… Не де болса олар туралы бір сырды осылар білер дегендей Мәлік Бақбөр мен Кенжеқұлға тесіле ұзақ қарап отырып қалды.
Періден қалған сақинаны ерніне тигізіп емірене сүйген Кенжеқұлдың құлағына сақинаның ішінен:
– Мырзам күт мені, күт! Мен қайта ораламын, – деген қыздың дауысы естілді.

ҚОЛ ЖАУЛЫҚ

Айдың суық сәулесі. Аспаннан ба әлдеқайдан құлдилап құлап келем. Қорқыныштан шыңғыра-шыңғыра дауысым бітіп қалған. Құлақ түбімнен суылдаған күшті желдің екпінді үні. Әні-міні жерге жетіп күл паршам шығар деп ойлағанда сұбхным ұшады. Сол қолымда бір зат бар екен. Енді бажайлап қарадым… Буалдыр сәуледен әзер көрінеді… кәдімгі қол орамал. Жоқ қол орамалдың жартысы. Мен қайдамын деп ойландым. Дұрсы қайдан құладым? Мынау не қылған орамал? Төменге қарадым. Қарауытып түбі көрінер емес… құлағыма бірдеңенің үкілеген үні келді. Жан-жағыма жалтақтай бастадым. Менен сәл қиғаш төменде тағы біреу құлап барады екен.
– Ей! Кім бұл?
– Сенсің бе, Дастан?! – дауысынан тани кеттім. Менімен бір бөлмеде жататын досым Асыл екен.
– Құдай атқыр біз қайдамыз?..
– Білмеймін… есімді жаңа жидым құлап келеді екенмін.
– Шипамыздың біткені осы болар.
– Солай досым…
– Қашан жетер екенбіз?
– Қайда…
– Жерге…
– Мен білсем тап осы біз жерден құлап келеміз.
– Қой ары… қолыңдағы не?
– Білмеймін жарты қол орамал… сенің ше?
– Менде де…
– Есіме бірдемелер түсетін сықылды…
– Менің де.
– Айтпақшы екеуміз бөлмеде отырғанбыз.
– Иә. Таптым осы орамалға таласып қалдық.
– Менікі болатын.
– Жоқ менікі.
– Маған Бану берген.
– Жоқ маған Ләйлі берген.
– Ей ақымақ. Менікі.
– Мен емес сен ақымақсың… құлап бара жатқан кейпіміз мынау… орамал не теңіміз.
– Мен білсем бізді осы орамал құтқарады.
– Тапқан екенсің шапағатшыңды… иә! Иә! Есіме енді түсті. Екеуміз менің орамалыма таласып қалғанбыз. Содан ортасынан қақ айырылды. Орамалмен бірге жер жарылып екеуміз құлағанбыз.
– Менің орамалыма!
– Менікіне.
– Қайда кетіп барамыз… ойбай-ау, қайда құлап барамыз?!.
– Қолымнан келсе Ләйлінің қасына барар ем.
– Мен Бануға.
– Ләйліні білесің бе?
– Жоқ. Сен Бануды танисың ба?
– Танымайды екенмін. Қандай қыз?
– Дүниеде онымен теңесетін сұлу болмаса керек.
– Ләйлі де жан біткеннің өңдісі болатын.
– Қалай таныстың?
– Ескі бақтағы су бұрқақтың орнынан.
– Кетші-ей, мен де Банумен сол жерде танысқам.
– Ұқсастық. Ғажап.
– Шыныңды айтшы, менің орамалыма неге таластың?
– Қой ары, бұл менің орамалым. Ләйлі өз қолымен берген.
– Жоқ, бұл орамалды Бану маған өз қолымен берген.
– Ғажап мұнда бір сыр бар. Бану туралы айтшы. Түрі қандай қыз еді.
– Кітап сөресіндегі тұрған портретті көріп пе ең?!
– Иә, оны мен әкелгем. Ләйлінің суреті.
– Жоғалшы ары мен әкелгем. Банудың суреті. Жынданған шығарсың сен…
– Сенің есің ауысыпты.
– Жоқ екеумізді де жын ұрған.
– Түкке түсінсем бұйырмасын.
– Менде…
Мен Асылды қуып жетіп қалдым. Манадан бері ысылдаған боран дауысымызды әзер естіртіп келе жатыр еді енді анық естілді.
– Әкел қолыңды.
– Неге?
– Барар жерге бірге жетейік.
– Е, тойға бара жатыр ек… Мен өзімше кекеткен болдым. Біз қол ұстасып келе жатырмыз. Әлі құлдилап құлап келеміз.
– Орамалымды қайтарсаңшы.
– Сен менікін қайтар!
– Жоқ менікі.
– Бір жерге барып соғыламызда тас-талқан боламыз.
– Қорқа-қорқа оған да бойым үйренді.
– Шынымен бар кесепат осы орамалдан шықты.
– Иә солай сықылды.
– Онда екеуміз де орамалды жіберейік.
– Ойланып алайын.
– Қимай келесің бе?
– Иә, сенші?
– Мен де.
– Сынап көрейік пе?
– …
Екеуміз қатар орамалды жібердік. Желдің екпінімен жалбырап келе жатқан орамалдың екі бөлігі жалпылдап барып біріге кетті. Орамал біріге шыңғырған әйелдің ащы дауысы естілді.
– Ләйлі!
– Бану!
– Ләйлі!
– Бану!
Екеуміз тағы қызыл кеңірдек болдық. Ол Ләйліні Бану деп шатасып келеді.
Қанша уақыт өткенін қайдам бір заманда тура төбемізден әппақ көйлегі желбіреп Ләйлі құлап келе жатыр екен.
Көзді ашып жұмғанша бізде қуып жетіп алды.
– Бану!
– Асыл! Жаным менің…
– Ләйлі!
– Дастан Жаным менің…
Ол екеумізге де бірдей жауап қайтарып келеді.
Біз екеуміз екі қолынан ұстап алдық. Енді үшеуіміз бірге құлап барамыз.
– Бәну жаным сен Ләйлі емессің ғой.
– Жоқ мен Банумын.
– Ләйлі сен Банусың ба?
– Жоқ мен Ләйлімін.
– Сен бізді жынды қылайын дедің бе?.. Бұл жолы Асыл екеуміздің даусымыз қатар шықты.
– Жоқ мен сендерді шатастырайын дегем жоқ… Сендер өздерің шатастыңдар… Менің тәнім бір болғанымен қазір жаным екеу.
– Түсінбедік.
– Онда тыңдаңдар мен айтайын…

***
Біз егіз болатынбыз. Кішкентаймыздан бастап нағашы апайымыздың қолында өскен едік. Онымен перілер қауымындағы ешкім араласпайтын. Өйткені жерге барып келген дейтін. Содан біз апайымыздан жер туралы сұрайтынбыз. Ол айтпайтын. Сөйтіп жүріп біз бойжеттік. Апайымыз өте ғұлама оқымысты жан болатын. Соның арқасында біз перілер қауымындағы ең сұлу, ең ақылды перизаттар атандық. Бізге ынтызар болғандар аз болмады. Бірақ тағдырдың жазуы болар солардың ішінен көңілімізге толатын ешкім шықпады. Перілер қауымында он сегізге толған соң үйленуің керек-ті. Бұл бір қатып қалған қағида еді. Біздің жүрегімізді шаттыққа бөлей алатын бір пері затының шықпағанына қатты налып қамықтық… Жылай-жылай құр сүлдеріміз қалды. Содан бір күні апайымыз екеумізді отырғызып алып жер туралы, жер бетін мекендейтін адамзат туралы барлық көрген білгендерін айтып берді. Енді «сендердің бақтарың бір ашылса сол жерге барып ашылар сонда кетіңдер» деп ақыл айтып, ­екеумізге бірдей екі қол орамал сыйлады. Бар шарты: «екеуің бірге күйеулеріңді кезіктірмеңдер екеуіңе бірдей адамның тәнін беремін, бұл өте қауіпті, өйткені менде тек бір ғана адамның тәні бар. Соны екіге бөліп екеуіңе беремін. Оның бар қасиеті мына орамалда, екі орамал бір біріне жақындаса бірігіп кетеді. Әрі екеуінің тәндеріңде баяғы өз қалпына яғни бір денеге айналады… өте сақ болғайсыңдар» деді де барар жолды көрсетіп жолға салып жіберді. Содан жерге түстік. Әуелі бірге жүрдік, сосын екіге бөлініп қош айтысып, екі жақтан өзімізге жар іздемек болып кеттік. Бізді тағдыр сол ескі бақтың ішіндегі су бұрқақтың орнында кезіктіргенін әрі екеуіңмен жеке-жеке кезігіп орамалымызды сыйға тартқан соң бірақ білдік. Екеуміз бір тәнге жабысып қалдық. Бізде ұзақ тай-таласқа түстік. Содан ақыры тек біреуміз ғана ­күйеу талдайтын болып келістік. Апайымыз адамзаттың барлық болмысын айтып берген еді… Адамның ең әлсіздігі қызғаншақтығы мен күмәнқорлығанда екенін жақсы білетінбіз. Сол үшін екеуіңе де бірдей суретімізді бердік. Сосын шешімді өздеріңе қалдырдық. Тек біреуіңнің ғана қалғанын қалаған біз. Әрқайсымыз өзіміз ұнатқан жігітіміз қалса екен деп тіледік. Біз бірақ сендердің қол орамалды бөліп алатындарыңды ойламаппыз… енді еш қайранымыз жоқ.
– Бану… Асыл бас салып құшақтай алды.
– Ләйлі… мен Асылды кеудесінен итеріп ажыратып алдым.
Екеуміз тағы қыздарды додаға салдық. Бір біріміздің жағамызға жармасып құлдилап барамыз.
Үш тән – төрт жан.

Жыртық көйлек

Мен оны әмиянымның түбін ақтарып әзер тапқан тиынымды автобустың ақша есептегішіне салып жіберіп, есіктен сүйретіле түсіп келе жатқанда көрдім.
Көзіміз қас-қағым сәтке ғана түйісіп барып тайып кетті. Қайта қарастық.
– Жолды босат! Арт жағымнан біреу желкемнен нұқып қалды. Мен сүрініп барып оны соғып кете жаздадым.
– Кешір, – деп бетіне қарағанымда, ол үнсіз жымиып, автобустың есігінен ішке қарай еніп кетті де, есіктің түбіндегі терезеден маған қадала қарап тұрды.
– Айна,– дедім мен оған қолымды бұлғап. Ол басын изеді.
Автобусқа қайта мінбек боп ұмтылып барып тоқтап қалдым. Қалтамда қалған соңғы темір тиындармен үйге әзер жеткенім есіме түсті.
Автобус орнынан қозағалып кетті. Мен оның артынан бірнеше қадамға дейін жүгіре басып барып тұрып қалдым.
“Айна” деп бірнеше рет қайталағаннан соң барып ойландым.
Айна деген кім еді. Қанша ойлансамда таба алмадым. Атын ұмытып қалған шығармын деп жаңағы бейнені көз алдыма әкелдім.
Қасы жіп-жіңішке бірақ көтеріңкі секілді. Көзі қара, иә көк пе? Соның арасынша ұмытып қалдым. Ерні әлгінде ғана көз алдымда үлбіреп тұрған еді, енді ғайып болып кетті. Көзімді жұмып, бейнесін ұмытып қалмауға қанша тырыссам да оның орнына әйелім Әнияның бейнесі орнап алды.
Оның бейнесін еске түсіру үшін “не істеуім керек” деп ұзақ ойланып тұрып ақыры амалын таптым. Түс көру керек.
Үйге кіріп келгенде алдымнан ұлым мен әйелім шықты.
– Әке! – деп ұлым маған қарай томпаңдап тұра жүгірді. Мен оны жерден көтеріп алдым да шешесіне ұстата салып:
– Мені мазаламаңдар, ұйықтауым керек! – деп жатын бөлмеге қарай бара жатқанда әйелім:
– Қалай жеттің? Әмияныңдағы барлық ақшаңды қалдырып кетіпсің, -деді.
Оған жауап қайтармастан жатын үйге кіріп,шешінбестен қолыма ілінген жамылғыны алып, сәкінің үстіне жатып қалдым.
Ескі автобус ырғатыла ілбіп үйдің қасына келгенде, ­әмиянымдағы соңғы тиынымды қолыма алып, енді есептегішке сала бергенде, автобусқа шығып келе жатқан Айнаны көрген соң кейін шегініп арт жағымдағыларға жол бердім. Олар түсіп бола бере Айна кірді.
– Айна?!
– Асқар – деді ол маған қолын ұсынып. Қолы жып-жылы екен, жібермей біраз тұрып қалдым.
– Биялайыңды неге кимедің?! Қолың мұздай ғой, – деді Айна.
Есік шиқ етіп ашылғанда мен оянып кеттім.
– Шешініп жатпайсың ба? Әния терезеге қарай кетіп бара жатыр.
– Мазалама мені! – дауысым қатты шығып кетті. Әния маған жалт қарады да, шыға жөнелді. Мен қайтадан жамылғыны басыма бүркеп, қайта ұйықтап кеттім.
– Кешіріңіз!.. Айна қолын өзіне қарай жұлқа тартты.
– Айна! -дедім мен оның қолын жібермей жабысып, жалынышты үнмен.
Ол маған қарап:
– Сізді мазалағым келмейді, алайда сіз менің қолымды ұстап алып, әлі жібермей тұрсыз.
– Ол сөз саған емес… Кел орындыққа отырайық… Мен Айнаның қолынан жібермеген қалпы, автобустың соңғы жағындағы орындыққа барып отырдық.
– Қайда барасың?
– Қаланың шетіндегі арзан базардан көйлек алғым келген… Менімен бірге жүресің бе?– деді ол бос қолының сұқ саусағын үстіндегі ескі көйлектің етегіндегі жыртығынан өткізіп.
– Ол жерде оңған киім жоқ қой, алдыдағы жаңа базардан алмайсың ба? – дедім мен.
Ол маған жабырқай қарап:
– Ақшам жетпейді,– деді. Мен қалтамдағы бос әмиянымның сыртанан умаждай ұстап тұрып, ойыма әлдене түсіп:
– Айна, сен күте тұр, мен қазір келем, – деп басымды алдыңғы орындықтың арқалығына аямай періп кеп қалдым.
Әйелім мана келгенде терезенің пердесін тартып кетіпті. Жатын бөлменің іші ала-көлеңке болып тұр екен.
– Әния! – деп айқайладым. Есікті еппен ашқан әйелім басын ғана сұғып:
– Ұйықтамадың ба? Мазалама деп едің ғой…– деді бұртиып.
– Тез менің ақшамды әкеліп берші…– дедім.
– Бір жаққа барасың ба?
– Ешқайда, тез әкел! Ұйықтаймын, бол енді!. Мен ашуланып айқайлап жібердім.
Басын есіктен ары жұлып алған Әния ағаш еденді тарп-тарп басып, кітап бөлмедегі ақшаны әкеліп түйіншегімен маған қарай лақтырып жіберді де, есікті шарқ еткізіп жаба салды.
Мен ақшаны ала салып, жамылғымды қайта бүркендім.
Автохабарлағыштың «Жаңа базар аялдамасы» деген ащы даусынан есімді жидым.
– Асқар, сізге не болды?.. Айна мені жұлқылап отыр.
– Жүр, тез автобустан түсеміз, мен оның қолынан сүйрелеп, есікке қарай тартқыладым.
– Базарға әлі жетпедім. Айна маған таңдана қарап қалыпты.
– Жоқ осы базардан аласың! – деп мен сүйрелеп келемін.
– Ақшам жетпейді, – дейді ол.
– Саған деген іңкәр жүрегімнің сыйы ретінде мен алып беремін, -деп мен оны ертіп, автобустан түсіп қалдым.
Біз базар аралап ұзақ жүрдік. Етегіне шетен гүлі бедерленген көйлекті көргенде, Айна айналсоқтап шыға алмай қалды. Мен ақшасын төлеп, алып бердім.
Үстіне киіп алған ақшулаң көйлекті алақанымен қайта-қайта сипалаған Айна:
– Мені жеткізіп саласыз ба? – деп сұрады.
Мен мақұл болдым. Айнаның үйіне жеткен соң ауладағы қарт еменнің түбіндегі орындықта отырып, екеуміз біраз әңгімелестік. Жұмыстан соң осында кездесіп тұратын болып уағдаластық.
Мен көше бойлап келе жатып, байқамай кәріз құдығына құлап кеттім. Шығайын деп қанша тырбансамда, жаңа құлағанда мертіккен болуым керек, денем қимылдай алмайды.
– Құтқарыңдар! құтқарыңдар! – деп айқайлай-айқайлай дауысым әбден қарлыққан кезде есік салдыр етіп ашылып ұлымның:
– Әке, әке! -деп шәңкілдеген дауысынан оянып кетіп, басымды жастықтан жұлып алдым. Қара сүмек болып терлеп кетіппін. Ұлым есіктен кірді де, босағадағы айырып қосқышты жарқ еткізіп қосып қалды. Үйдің іші жарқырап кетті.
– Ерік, барма онда, әкең ұрсады, – деп айқай салған әйелім есікке жетіп келгенде мен селк ете түсіп, көрпеммен басымды қайта бүркемелей бердім. Әния бағана Айнаға алып берген шетен гүлі бедерлі көйлекті киіп алыпты.
– Барыңдар тез… Бөлмеден шығып кетіңдер! Мен жамылғының астында жатып айқайладым. Әния ашулы.
– Түн ортасы ауды, тұрып тамақ іш. Еріктің ұйқысы келді. Мен дастархан даярлай беремін, – деп ұлымды ертіп, ас үйге шығып кетті.
Мен Айнаға барып жағдайды білмек болып тағы ұйқыға бастым.
Үйден шыға сала, алып-ұшып, Айнаның үйіне жетіп барып, қоңырауды бастым.
– Қазір, – деген таныс үн естілді. Менің жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдей жөнелді. Есік ашылғанда ар жағында ұлым Ерік пен әйелім Әния тұр. Әния Айнаның жыртық көйлегін киіп алыпты.
Мен басымды босағаға аямай соққылай жөнелдім.

ҚАРА ҚОБЫЗ

Әсілінде біз бұл жердің тұрғылықты тұрғыны емеспіз. Көрші ауданнан көшіп келгенбіз. Сырттан кірген кірме болған соң ба, бұл жақтың адамдарымен аралас-құраласымыз әліге саябыр. Осыдан екі жылдың алдында үйірден бөлініп қалған шабдар биені іздеп кеткен әкей араға оншақты күн салып келді де, ел-жұрттың ешбіріне айтпай, бір-ақ түнде осында мал-жанымызбен көшіп келгенбіз. Айтпақшы, сол жолы әкей жиырма жылдың алдында кісі өлтіріп сотталып кеткен ағасы Манас көкемді ертіп келген-ді. Әкейдің ойына не түскенін қайдам, онысын бізге, тіпті шешемізге де айтпады. Өзі де тым қатал адам, екі сөйлемейді. Сөйлетпейді. Мектепте бір кісідей-ақ озат оқушы едім. Мұнда келген соң мені мектепке жібермей, қойдың соңына салып қойған. Шешей де анда-санда көзінің жасын сығымдап алатын. Бар әңгімеден тыс қалатын тек Манас көке ғана. Көп сөйлемейтін бұйығы адам. Әуелде мен қорқып сырттап жүретін едім, кейін келе бауыр басып қалдым. Ол кісінің тіпті, үйде бар жоғы білінбейді. Ірі қара малға сол кісі қарайтын.
Шалдың тосын мінезін түсіне алмай екі ағам біраз уақыт күңкілдеп жүрген еді. Бір жылдай уақыт өтер-өтпестен ол екеуін де үйден айдап шықты. “Қанаттыға қақтырмадым, тұмсықтыға шоқтырмадым. Жеткіздім, жетілдірдім… енді менен аулақ” деген. Шешем зар еңіреп жылағанымен, ағаларымның көңілі онша босамаса керек-ті. Қайта, еркіндікке бір жола кеткендеріне ырза.
– Ау шал! Менің үлкен ағам әкейді солай атайтын. –Ұлдың керегі жоқ болса, ана Бектайды да бізбен бірге жібер. Оқуын жалғастырсын.
Шал тарс айырылған. Қолынан тастамай бірге алып жүретін сарала қамшысымен ағамды жондатып тартып кеп жіберсін. Бектас ағам баж етіп барып жалманнан түскен.
– Бектайға жуымаңдар, түге! Кетіңдер көзіме көрінбей! Арттарынан ере шыққан шешемді шалдың зәрлі көзі бір алайып қана үйге қайта тыққан.
– Жәкем, қой, балалардың мазасын алма. Манас көкем әкейді Жәкем дейтін. –Бұларға да ертеңгі өмір керек. Әлі жас, қолыңнан шығармай қалай байлап-матап ұстамақсың?! Еркіне жібер. Мына Бектай да оқуына кетсін.
– Шатымай жайыңа отыр! Әкей тағы тарс айырылған. Бұрындары екеуі былайша сөйлеспейтін. Тіпті, екеу ара мал-жанның қал-күйі болмаса басқаша әңгіме болмайтын да еді.
– Жетер!.. Манас көкенің дауысы үйді теңселтіп жібергендей болды.
– Араласпа менің шаруама… – деген әкейге. Барлығы өз кінәң… соның ашуын балаларыңнан аласың ба?… Жетесіз.
– Соның азабын аз тарттым ба?!. Әкейдің дауысы дірілдеп шықты. Ұрланып ақырын қарап едім, көзінен тарамдалып аққан жас сақалынан тамшылап тұр екен.
– Мені жетісіп жүр дейсің бе?… Жиырма жылғы түрменің тозағының өзі жанымды жеп біткен.
– Өзіңнің тапқан кеселің…
– Менімен ғана кетер еді, сен араласпағанда…
– Өкініп отырсың ба? Әлде сол сайтаныңды сағынып жүрсің бе? Әкейдің дауысы саңқ-саңқ ете қалған. Манас көке үйден атып шыға жөнелген.
– Ағаке-ау, қайда барасыз?… Кетпеңіз, – деп етегіне жабысып жылаған шешемді де тыңдамай, айқасқасына мініп тау жаққа қарай шаба жөнелген. Содан екі-үш күннен кейін барып әкей өзі ертіп келген.
Содан бері екі жыл өтті. Кәдімгі қара табан қойшы болдым жатылдым. Таңсәріден қотанды ақ серке бастап өреді. Ақтөс екеуміз артын қаумалап, ауылдың іргесінде тұрған тауға қарай беттейміз. Ақсерке де менің дауысымды әбден танып алған. Бір айқаймен-ақ кері қайтарып аламын. Тіптен болмаса көмекке Ақтөс барады. Оның барқ-барқ етіп абалаған дауысынан қоралы қой кері ығыса үркеді. Ұзын сонар сайды өрлеп барып тар шатқа енгенге дейінгі жердің әрбір тасына дейін қанықпын. Тек шатқа кіргеннен кейінгі ішінің кеңдігі алты қанат үйдей үңгірдің аузындағы шәкене тепсеңге ақ серке де баспайды. Ақтөс те маңайына бармай, алыстан абалап үріп, айналып өтеді. Анда-санда қызық көріп мен барып қайтамын. Кейде қатты жаңбыр жауып кеткенде барып паналаймын. Қанша айтақтасам да Ақтөс маңайламайды. Бірде сіберлеген ақ жауыннан бойтасалап үңгірде отырып ұйықтап қалыппын. Ояна кетсем, түн ортасы ауып қалған екен. Орнымнан атып тұрып, сыртқа жүгірдім. Қойым не болды екен деп алаңдадым. Жоқ, күнде жатып жүрген көңіне қой өз-ақ барады ғой. “Қойдан айырылып қайда жүрсің” деп әкей кәрленер деп қорықтым. Қолынан бір түспейтін сарала дырау қамшысы есіме түскенде, арқам шым ете қалғандай болды. Шаттан шығып, сайды бойлай үйге қарай зауладым. Айдың аппақ сәулесі айналаны күндізгідей жарқыратып тұр. Сайдың ортан беліне жете алдымнан Манас көкем шықты.
– Бектай-ау, қарғам, түн ортасы ауғанша қайда жүрсің?… Шешең зар жылап отыр. Мен де малдан енді келген бетім. Манас көкемнің дауысы реніштен көрі мүсіркеуі басым шықты.
– Көке, мана жаңбырдан бойтасалап ана шаттағы үңгірге барғам, сонда ұйықтап қалыппын.
– Не дейді… сол үңгірге сен де барып жүрсің бе?! Манас көкем зірк ете қалды.
– Әншейін, жаңбырға малшынып қалған соң… Ары қарай міңгірлеп ешнәрсе айта алмадым.
– Екінші ол жаққа аяғыңды аттап басушы болма!
– Неге, көке?
– Сен сұрама…
– Айтсаңызшы…
– Әкең білсе сирағыңды шағады… Манас көке бар ­пейілімен айтып тұр. Менің екі тізем қалтырап кетті.
– Әкеме айта көрмеңіз, көке…
– Сен ол жаққа бармаймын десең…
– Олда-былда, ол жаққа екінші аяқ баспаймын, көке…
Менің бағыма қарай әкей үйде болмай шықты. Жоқ қарап кетіпті. Шешейдің екі көзі төрт болып күтіп отыр екен. Мені көре сала бас салып дауыстап жылап жіберді.
– Ағаке-ау, осы баланың не жазығы бар еді?…
– Е, қалқам, біздің қолымыздан не келер дейсің… Манас көкем ауыр күрсінді де, ары қарай ешнәрсе айтпады.
Шешей де шамалыдан кейін көз жасын тыйып, алдыма ас қойды. Ас-суанымды іштім де, даяр тұрған төсекке барып, көрпені тас бүркеніп жатып қалдым. Көзім ілінер емес. Шешей мен Манас көкем екеуі әлденелерді айтып отыр.
– Ағаке, әлгі айтпайды әлі… Біз осы жаққа неге көшіп келдік?
– Е, оны сұрап не қыласың?
– Бұл баяғыда сіз тұрған ауыл емес пе?
– Иә, сол қарғыс атқан ауыл осы.
– Енді неге келдік?
– Баяғы сол кесапат.
– Жазасын өтеп келдіңіз ғой.
– Ол тек өкіметтің ғана жазасы… ол өзі жазалағысы келеді.
– Кім? Жанас сол түні үйге келе сала қатты ауырып жатып қалған… содан сандырақтап екеуін де ана сайтан қатын мен баласын бірдей өз қолыммен өлтірдім деп сандырақтаған еді… Артынша сізді ұстап кетті. Қанша рет сұрадым, ешнәрсе айтпай қойды…
– Иә, оның көзін құртқан… енді соның әпкесі тауып алып бізге шарт қойып отыр.
– Не деп?
– Жәкемнің жанын қалайды… Манас көкемнің осы сөзін естігенде тұла бойым дір ете қалды. Шешей уһлеп жылай бастады. –Жаныңды сақтағың келсе, кенже ұлыңды менің қызыма қос деп отыр.
– Соры қалың қарғам-ай… Шешей енді қыстыға өз үніне өзі тұншығып егіліп отыр.
– Ертең ерте сендер кетіңдер…
Шешей үнсіз.
– Көне жараны тырнап не қыламыз, қарағым?! Манас көке тағы күрсінді.
– …
– Жәкем екеумізді қалдыр да Бектайды алып қайтып кет.
– Сіздер ше?…
– Өз қателігіміздің азабын өзіміз тартайық.
– Жоқ бола қоймас, сіздерді қалай тастап кетеміз?!
– Бірге кетіп қалсақ қайтеді?
– Онда барлығымызды қоймайды.
– Басқа амалы жоқ па, ағаке?
– Ең дұрысы, таң ата Бектай екеуің кетіңдер…
– Әлгі…
Таңға дейін көз іле алмадым. Манас көкеммен шешейдің әңгімелерінің түп-төркінін толық түсінбесем де, бір сұмдықтың болып жатқанын жаным сезіп жатыр. Тек күн шығардың алдында көзім ілініп кетіпті. Мен оянғанда күн арқан бойы көтеріліп кеткен екен. Орнымнан асығыс тұрып малға кетпек болып ем, шешей:
– Асықпа, құлыным… Малды көкең өргізіп кетті – деді.
Мен ары ешнәрсе қаузамадым. Шешейдің ісінің берекеті кетіп, дастарқанды әзер даярлады. Шай ішіліп біткен соң енді кетелік деп айтатын шығар деп ойладым. Түс ауғанша үйде тапжылмай жаттым.
Түс ауа:
– Мен Манас көкеме барам, – деп шығып бара жатыр ем шешей:
– Тек ерте орал, – деді де, теріс айналып кетті. Жаулығының ұшымен көзін сүртіп тұрғанын сездім. Одан ары ешнәрсе айтпай сыртқа шықтым. Шарбақта Бектас ағамның көкбестісі байлаулы тұр екен. Бектас ағам кеткелі ол менің меншігіме өткен. Соған тоқым салдым да, сайға қарай шоқырақтата жөнелдім. Анадайдан мені көріп қалған ба, алдымнан Манас көкем шықты.
– Ау, жазғандар сендер кетпедіңдер ме?
– Қайда?
– Шешең ешнәрсе айтпады ма?
– Жоқ, көке, шешем ешнәрсе айтпады… Мен кеше сіздердің әңгімелеріңізді естігенмін… Мен кетпеймін… Өзімде жоқ батылдықпен Манас көкеме тіке қарап тұрып осыны айттым.
– Иттің ғана баласы… Манас көкем атының басын кері бұрды. Артынан құйрық тістесіп еріп келемін.
– Өкінесің ертең… кет!
– Көке, кетпеймін….
– Әкең де өстіген.
– Көке…
– Иә, не болды?
– Маған барлығын айтып берші, не болған еді?..
– Айтып берсем кетесің бе?!..
– Айтыңыз…
– Кетемін десең, осы қарғыс атқан ауылдан қарамды батырам десең айтамын… Манас көкемнің шоқша сақалының селкілдеп кеткенін арт жағында келе жатып-ақ сезіп келемін.
– Жарайды, кетемін, айтыңыз.
– Бектай, сен әкеңнің атақты қобызшы екенін білесің бе?
– Иә, елден естігем, тартқанын көрмедім.
– Ана қара сандығында не бар екенін білесің бе?
– Қазынасы шығар алпыс жыл жиған…
– Жоқ, онда қара қобыз… менің қобызым.
– Иә, сізді де мықты күйші болған деп естігем.
– Әкең қобызды менен үйренген.
– Әкеме қобызыңызды неге бердіңіз?
– Мен берген жоқпын, тартып алған.
– Қалай?
– Ұзақ әңгіме…
– Айтыңыз.
– Сол қобыз бізге арғы аталарымыздан қалған екен. Алдымен мен үйрендім. Үйренгенде оны біреуден емес, аяқ астынан бір түнде қолыма алдым да күңірентіп тарта жөнелдім.
– Қалай?
– Біздің әкеміз оны қолына алып көрмеген жан. Төрде ілулі тұратын. Тек аталарың тартушы еді… Осы маған қонбай-ақ қойды деп отыратын. Ауылдағы бірен-саран қобыз тартатындар келіп көріп үнін шығара алмай қойған. Содан бірде бір айғыр үйір жоғалып кетті… Соны індетіп жүріп осы жерден таптым. Ол кезде мынадай самсаған қалың ауыл жоқ. Бірлі жарым ғана жылқышылар отар қоспен мекендейтін. Кешегі сен ұйықтап қалған үңгірдің аузында ұйлығысып тұр екен. Барлығының құйрығын күзеп тастапты. Айт соғып шаршап келгем. Жантайып біраз дем алып алайын да, содан соң айдап қайтармын деп астымдағы атымды тұсадым да, үңгірге кіріп ертоқымымды жастанып жатып қалғам. Бір уақытта күңірене боздаған бір дауыстан оянып кетіп, орнымнан атып тұрдым. Тура бас жағымда қап-қара матамен оранған бір қыз қобыз тартып отыр екен. Қорыққаннан жүрегім тас төбеме шықты. Бір-ақ аттап үңгірдің сыртына шығып кеттіппін.
– Ер жігіт әйел затынан қорқушы ма еді? – деп сықылықтап күліп қыз да сыртқа шықты.
– Кімсің? Жынсың ба әлде албастысың ба? Аузыма одан өзге сөз түспей қалды. Құлағымнан әлгіндегі қобыздың дауысы кетер емес. Қыз жауап қайтармастан қолындағы қобызды қайтадан тарта бастады. Қобыздың күңіренген әуені мені күш-қайратымнан ажыратып, әлсірете бастады. Одан соңғысы есімде бұлдыр-салдыр. Мені қайта жетелеп үңгірге кіргізді. Содан дастарқан жайды. Артынан маған қобызды ұстатып тартқызды… Бір есімді жинасам, ағыл-тегіл жылап қобыз тартып отырмын. Одан кейін тағы есімнен адасып қалыппын. Оянғанымда түн ортасы ауып кетіпті… Әлгі сайтан алғыр қыздың құшағында жатыр екем. Орнымнан атып тұрып қоярда қоймай жылқымды айдап кері қайттым.
– Мені тастап кете көрме… – деп ол жол ортасына дейін зар еңіреп бірге барды… сосын қайтты.
– Мен ауылға келгеннен соң да құлағымдағы әуен бір кетпей қойды… Сол әуенмен бірге қара киінген қыз. Сол жастықтың кесапаты ғой, осыған душар еткен. Араға жұма салмай-ақ, өзімнің сол қызға ғашық болып қалғанымды білдім. Бір күні үйдегі қобызды алып тартып көрмек болып отыр едім, Жәкем келді.
– Тартып үйренейін деп отырсың ба? – деп сұрады.
– Осыны мен тартып кететін сықылдымын дедім мен де. Содан қобызды қолыма алып, ысқысын ақырын ішегіне тигізіп тарта бастадым. Несін айтасың, майталман күйшідей боздата жөнелдім. Сол жерден сенің әкең де қобызды қолына алып тартып көрмек болды… Үнін шығара алмай біраз уақыт өткізді… Ақыры үйреніп тынды… Содан бірер ай өткеннен соң, бір күні қосар ат алдымда баяғы үңгірге қарай тартып кеттім. Келсем әлгі қыз әлі сол үңгірде екен.
– Сенің келетініңді білгенмін… – дейді. Енді үлкен кесапат басталады.
– Сен қобызды ініңе неге үйреттің? – дейді зар еңіреп. Мен әуелде албастының қызы болғанмын… Содан қолыма осы қобыз түсіп, адамға өзгерген едім. Бүл әуенді тек бір адам ғана тартуы керек еді… Мен өмір бойы соған тәуелді болып өтер ем. Ал екінші бір адам тартар болса баяғы бейнеме қайтып кетемін. Енді құрыдық, – дейді жылап.
Мен сенбедім. Қобызды өзіммен бірге ала келген едім, қыз қобызды қолыма ұстатып:
– Көзіңді жұм да шанағын қаптаған теріні алақаныңмен сипап көрші, – деді. Көзімді жұмып қобыздың шанағын керген көн теріге қолымды тигізе беріп селк ете түстім. Кәдімгідей бүлкілдеп тулап тұр. Құлағыма алқынып дем алған үні келді. Қыз ары қарай әңгімесін жалғастырды.
– Дүние әуелі осы әуенмен жаралған екен… Ғайыптан осы әуен шығып қаншама заман зарлап тұрыпты… Сосын осы әуенге келіп қобыз пайда болыпты. Алғашында әлсіз зарлап тұрған әуен қобыздан шыққан кезде тіптен күңіреніп кеткен екен, содан бар дүние әуеннің әуезіне қарай жарала беріпті, жарала беріпті… алдымен су, одан соң жер, одан соң тау жаратылыпты… Әуен тау мен суды бір-біріне сапырып атқақтатқан кезде от жаралыпты, отпен бірге біз жаралған екенбіз… Содан әуен талығып барып тоқтап, қайтадан құйқылжи жөнелгенде барлық тіршілік иелері жаралыпты… Тек алғашқы адам ғана ең соңынан әуеннің құдіретімен топырақты су шайып от қыздырғанда жаратылған екен. Оған ­дейін өзі боздап тұрған әуен кілт тоқтаған екен. Адам сол кезде қобызды қолына алып, ары қарай жалғастырып тартыпты. Тарта-тарта жалыққан адам талығып ұйқыға кеткенде, қобыз өзіне жүкті болып тағы бір қобыз босаныпты… Оны біз ұстаппыз. Міне, екі қобыз да бір жерде, енді біз екеуміз мынау әлем құрып жоғалса да, мәңгіге бірге боламыз… Тек сен ініңді өлтіруің керек. Ол әуенді тек бір ғана адам тартуы қажет, екінші адам тартар болса, сен ажалды пенде қалпыңда қаласың да, мен қайтадан албастыға айналып кетемін, – деді.
Мен інімді өлімге қимадым. Біраз уақыт болып кері қайттым. Қыз менен қобызды алып қалды. Келген соң Жәкем қобызды сұрады. Ананы бір, мынаны бір сылтауратып, біраз уақыт жалтарғаныммен ақыры қоймай бар шындығымды айтқызды. Барлығын білген соң Жәкем біраз уақытқа дейін дел-сал болып жүрді де, аяқ-астынан бір күні шешеңді алып қашып келді. Алды артына қаратпай асығыс той жасады… Мұның осынша жініккенін менен өзге ешкім де білмеді. Біз әкеден екеу ғана едік. Мен албастымен кетсем, өзі ажал құшатын болса әкеміздің ары қарай түтіні үзілмесін деген болу керек. Апта аралатып осы үңгірге мен келіп кетіп жүрдім. Әупірімдеп жүріп анау алдындағы тепсеңге шәкене қос қалқайтып алдым. Қыз да күнде тақақтап қоймайды… Менің ақыл есімді бірақ жаулап алған. Ауылға келсем Жәкемді қимаймын. Содан бір күні сол Жәкем:
– Ана албастыңа айта бар… Менің жаным оны ұшпаққа апарар болса, сәл күтсін, әйелім босансын… Ұл болса сол күні-ақ қолына өзім барам… деді. Мен сәлемін айтып келдім, қыз да күтетін болып келісті… Арада біраз уақыт өткен соң ай-күні толып шешең Бектас ағаңа босанды… Әке-шешеміздің қуанышында шек жоқ. Тек Жәкем екеуміз ғана түнеріп әзер жүрміз. Айтулы сағат жетті. Екеуміз бірге жолға шықтық. Албастының арбауына түскеніммен туған інімді қалай өлімге қиямын. Мен Жанасқа:
– Әдірем қалсын бәрі… Екеуміз амалын тауып, ана албастының көзін құрталық дедім. Екеуміз жолда Әден деген бақсы шал бар еді, соған соқтық… Болған жайдың барлығын айтып бердік…
Баяғыдан қалған әлдебір кітаптарын ақтарып арлы-берлі шиыршық атып, селкілдеген бақсы ақырында Жәкеме бір тұмар жазып берді де…
– Шамаларың барда тез жетіңдер… Ол да толғатып жатыр екен… Ол тумай барып өлтірсеңдер, бұл бәлекеттен бір жола құтыласыңдар… Егер кешіксеңдер түптің түбінде қайталап соғады. Тез аттаныңдар… Екі ­қобызды бір-біріне беттестіріп астыңа басып ал да, ысқысының қылын талдап үзе бер… Інің өз қолымен сонда ғана өлтіре алады, – деді…
Біз жанұшырып осында жеткенімізде таң атып кеткен еді. Аттан түсе бергенімізде, жас баланың баж еткен дауысы шықты. Біз қосқа атып кірдік. Мен екі қобызды бір-біріне беттестіріп жамбасыма бастым да қыздың қобызының ысқысын талдап үзе бастадым. Жәкем бақсы шалдың берген ала шылбырымен ананы буындыра бастады… Жаңа туған бала сақ-сақ күліп, қостың ішін айнала еңбектеп шапқылып жүр. Жәке буындыра түсті… Мен ысқының қылын барынша жанталасып үзіп жатырмын. Ақыры соңғы, қылы үзілгенде әйелдің денесі лап етіп отқа оранды да жоқ болып кетті. Енді Жәкем баланы айнала қуып ұстай алмай, біраз арпалысты… Ақыры ұстап оны бажылдатып қылқындыра бастағанда, мен шыдай алмай сыртқа атып шықтым. Сүт пісірім уақытта Жәкем сыртқа шықты да менің қолымдағы қобыздарды жұлып алып, албастының қобызын тасқа бір періп қаусатты да, өзіміздің қобызды алып маған қарамай атына мініп, ­шапқылай жөнелді… Қосқа кірсем бала жоқ. Ошақтың орнында жатқан тулақтың үстінде бір-ақ уыс күл жатыр екен. Содан бастап қырсық шалды мені. Ауылға қайтып келе жатып Ерментауға соққанмын. Ерментауда жас шамасы жетпістердегі бір кейуананың үйіне қонғанмын. Ұйықтап жатқанмын, таң ата дабыр-дұбыр дауыстан оянып кеттім. Басымды көтергенімше болмады, екі-үш адам келіп бас салып жұмарлап, қолымды артыма қайырып байлап тастады. Шырақ жағылды. Манағы кейуана зар еңіреп жылап отыр.
– Мынау қанішер менің жалғыз қызымды өлтірді, – дейді. Қайдағы қызы деп мен аң-таң, мен келгенде кемпір жалғыз еді ғой деп ойладым. Терезе жақта қап-қара матамен оранып біреу сұлық жатыр. Келгендер сақшы қызметкерлері екен. Шақырған кемпір. Кемпірден уақиға туралы түсініктеме алып жатыр. Мені тұқыртып екеуі басып ұстап тұр. Тағы біреуі терезе жақтағы мүрдені суретке түсіре бастады. Бетіндегі қара жамылғыны алып қалғанда, мен ышқынып барып құлап қалдым. Үңгірдегі әйел. Мұнда қалай келген деп ойландым. Мені сыртқа алып бара жатқанда кемпір қасыма келіп:
– Әзірге бара тұр… Уақыты келгенде сенімен тағы есеп айырысатын боламын, – деді. Сот сараптамасы менің қандықол екенімді дәлелдеді. Мен жиырма жылға сотталдым. Содан шыққанымда баяғыдағы кемпір алдымнан шықты.
– Сен менен әлі құтыла алмайсың… бір қызымды өлтіргеніңмен енді бір қызым бар… енді сонымен есептесесіңдер… – деп ескертті… Мен ауылға қайтпай басқа жаққа кетіп қалмақ болғанмын. Оған кемпір.
– Сен менің талабымды орындамасаң ініңнің жанын аламын, – деп күш көрсетті… Ақыры ауылға келдім. Мен келе жатқанда кемпірдің үлкен қызы Жәкеме кезіккен екен.
– Кенже ұлың он беске толғанда менің қызыма бересің! Арамыздағы қанды кек сонымен жуылады… Ұлыңды алып кетеміз… Оған көнбесең барлық тұқымыңмен құртамын деген екен. Екеу ара ақылдаса келе, ақыры әйелдің шартына көніп, осында көшіп келдік. Енді, міне, сен де он беске толдың… мен барлығын айттым, ары қарай тағдырыңды өзің шешесің… Манас көкем осыны айтып атының басын тартты, біз үңгірдің аузына келіп қалған екенбіз. Үңгірдің ішінен сыңғырлаған қыз күлкісі естілді. Мен аттан түстім. Атынан еңкейіп маңдайымнан сүйген Манас көкем көзінен жас парлап, атын борбайлай шатты өрлеп шаба жөнелді… Қыз күлкісі тіпті жарқын-жарқын естіледі. Нартәуекел деп үңгірге қарай кіріп бара жатқанда әкейдің:
– Бектай… қарғам менің, құлыным… – деген даусын естіп тосылып қалдым.
Астындағы атын борбайлап маған қарай шауып келе жатыр. Қолында қара қобыз.

СҮЙЕК

Мен қаладан келерден көп бұрын біздің ауылға Есен шал қайтып келіпті де, келе сала ауылдағы молдамен бірге біраз шал-шауқанды ертіп Сайтансайға жол тартыпты. Айтпақшы, Сайтансай деп отырғаным ауылдан күншілік жердегі көне қыстау болатын. Кеш бата «Мені алып кетіңдерші… мені жалғыз қалдырмашы» деп үздіге, сұңқылдап жылайтын әйел дауысы естіліп тұрады десетін жұрт. Ол маңға барудан қашатын. Бергі отыз жылдан бері онда ешкім де ат ізін салмаса керекті. Әлдебір бейбақтың зарлаған үні ол маңға барғандарға маза бермейді деп отыратын үлкендер. Сол сайға араға отыз жыл салып Есен шал барыпты. Ауылда гу-гу әңгіме…
Арада он жылдай уақыт өтсе де ауыл бәз-баяғысындай, ешнәрсе өзгермеген. Сол қалпы. Адамдары да.
Келгеніме апта өтпей жатып, әкем:
– Балам, үйде босқа қамалғанша арлы-берлі шығып жүріп келмейсің бе?! – деді.
– Қайда барам сонда?
– Есен шалға барып сәлем беріп қайт.
– Ол кісі қайда?
– Баяғы Сайтансайда тұрады, жасы жетпей бүгіліп қалыпты.
– …
Ертесі әкемнің жалбас торысын мініп, Сайтансайға тарттым.
Мен онда қас қарая жеттім. Осы ауылда туғаныммен Сайтансайға бірінші рет жол алуым.
Шағын ғана тастан жиналған тоқал үй, анадайда ескі қораның орны. Маңайда ат байлар атағаш көрінбеген соң жалбас торыны тұсадым да, сықырлауық есікті шықырлата ашып, сәлем бере ішке кірдім.
– Бұл қай жазған? Шал сәлем алмай зірк ете қалды.
Атымды айтайын деп барып тоқталдым, бәрібір танымайды, әкемнің атын айттым:
– Мұқаның баласымын ғой, ата.
– Әкең жіберді ме?
– Иә, ата.
– Әкеңмен құрдас ем. Анда-санда өзі де келіп тұрады. Рахмет, енді, баласын жіберген екен ғой. «Иенде жатқан сайтан шалды көріп кел» деді ме?
Шал кеңк-кеңк күлді. Алжиын деген шығар деп ойладым. Мен төр алдындағы бөстекке жантайып жатып, үй ішіне көз қыдырттым. Үйдің іші тап-таза мұнтаздай. Әлде бір пысық қолдың табы.
– Анау босаға жақтағы күбіде салқын қымыз тұр содан құйып іш. Шөлдеген шығарсың?
Шал басын көтеріп отырып, босаға жақты иегімен нұсқады.
Қымыздың талайын ішіп жүрмін, тап мынадай дәмді қымызды бірінші рет татуым екен. Арт-артынан төрт шараны бірақ төңкердім.
– Тәбетің жақсы екен, балам, енді шамалы жантая тұр! Еркенің қымызы сені бір сөтке ұйықтатпаса арғы қолыңды бері әкел! – деп тағы кеңкілдеді.
Шынымен шалдың қымызының бір бәлесі бар іспетті. Маужырап, ұйқым келе бастады. Әні-міні дегенше ­жантайып жатып ұйықтап кетіппін. Түн ортасы шамасында Есен атаның күңгірлеген дауысынан оянып кеттім.
– Ерке, жасым болса келді. Қатарымның бәрі қайтып жатыр шетінен. Енді мен де қайтайын. Обайып қашанғы отырамын.
– Есентай, жаным, мен сені қалай жіберемін?! Сенсіз қалай күн кешемін? Айымның халі анау… Сені әлі көре алмай жүрген… Ол да жалғыздықтан жабығып жүр… Мені бәрібір тастап кете алмайсың… Сен екеуміз мәңгіге бірге боламыз. Сызыла, сыңғырлай шыққан әйел дауысы тым жағымды. Кенет жүрегім дір ете қалды. Есіме ел аузындағы ескі әңгіме түсті.

***
Ауылдың ақсақал, көксақалының бәрін жинап алған молда:
– Ау, халайық, мына Есенді бірің білсең, енді бірің білмессің, арғы жағын айтсам атақты Көк бақсының немересі, бергі жағын айтсаң осы ауылды алғашқы құрушылардың бірі. Кешегі зұлмат заманда басына бәлелі іс тауып отыз жылға сүргінге айдалған еді. Енді міне аман-сау қайтып келіп тұр. Бүгін таңертең ауылдың азаматтары бірге бәріміз Сайтансайға бардық. Есеннің аманаты бар екен сонда. Соны орындап қайттық. Алқалы жұртқа қояр бір талабы бар екен, мен қосылып отырмын. Енді халқым сендердің де алдарыңнан өтелік дегеніміз… «Сайтансайға ешкім де қыстап жүрген жоқ қой. Сол қыстауды маған берсеңдер» дейді. Қалай қарайсыңдар?
– Алсын, алсын. Десе де, ол жаққа ешкім де бара алмайтын еді ғой. Сонысы қалай болар екен енді?!. Дуылдаған жұрт бірден мақұлдасты.
– Ол жағын өзі білер, арғы жағын өзі айтар!
Ары қарай әңгімені Есен атай айта бастады.
Осыдан отыз жыл бұрын, қайғы қапқан жұт жылы. Жаңа өкімет орнап, ел отырықтана бастаған. Әркім өз шама-шарқына қарай шарбақ тоқып, жер қазып дегендей осы ауылдың іргесі қаланған. Қолда бар аз малды ортақ қазанға өткіздік. Жаңа өкіметтің өкімі солай. Әркімге өзіне тиеселі жұмыс бөлісі. Мен малшы болатын болдым. Қыстауға ­Кеңөзекке шықтым. Бүгінгі Сайтансай деп жүргендерің ол кезде Кеңөзек деп аталатын. Анау Мұқа бастаған біраз жігіт көшіріп апарып тастаған. Әйелім Еркенің аяғы ауыр-тұғын. “Ай-күні таяғанда ауылға алып келерміз” деп қалдырып кетті. Қарашаның соңы еді. Күн суық. Олар кете сала екі күн өтпей қалың қар басты да қалды. Артынан алай да дүлей ақ түтек боран шығып тура қаңтардың аяғына дейін жалғасты. Мал біткен қызыл сирақ болып қорадан өре алмай шетінен қырыла бастады. Ортада жол жабылған. Еркенің де босанар уағы таяп қалған. Қаңтардың соңына қарай күн сәл-кем сына бастаған соң қалған малды өріске шығара қоймақ болып кетіп бара жатыр едім, Ерке:
– Есен, бүгін үйден шықпай-ақ қойшы, бір түрлі болып отырғаным, жүрегім төмен саза береді,– деді.
– Тым болмағанда түске дейін қар қаптырып қайтайын. Айнам, ерте келемін! Күннің көзі жақсы. Алла қаласа ертең сені ауылға апарамын. Алаңдамай отыра бер! Сөзінің соңын тоспай шыға жөнелгенмін… Ерке де бірдеңе сезді ме, артымнан шығып мен теріскейге сіңіп кеткенге дейін бір орында қазық болып қатты да тұрды. Ай бойы соққан қара боран теріскейді толығымен ашып кеткен екен. Бір-бірінің жүнін жеп қалған аш мал ақшөпке жете дүркірей жөнелді. Қайыруға ырық берер емес. Өлдім-талдым дегенде алдын орап кері қайыра бастадым. Анау алыста, көз ұшында төменгі сайда менің жаман тас қорам көрінеді қарауытып. Сайдың аузы ары қарай аппақ жазыққа ұласқан. Сүт пісірім өтпей теріскейдің үскірік желі шаға бастады. Алыс жазықтағы ақ қарды ұйтқытып, ақ топалаң қылып аспанға шығарып бері келе жатыр. Жүрегім тас төбеме шығып алдымдағы малды тез жиып үйге қарай қуалай бастадым. Ақ түтек боран, тура маңдайдан ұрып тұр. Алдымдағы қойым қайта-қайта ыға жөнеледі. Көзге түк көрінбейтін түтек. Тек ой жотамен ғана келе жатырмын. Бағыт дұрыс секілді. Ендігі үйге жетіп қалуым керек еді деймін. Үскірік бетті қарып, көзді аштырмайды. Қанша жүргенімді білмеймін, бір сәтте алдымдағы малымнан көз жазып қалдым. Енді жол қиялап емес, жазыққа қарай түскен секілді. Айнала тастай қараңғылыққа ұласып кетті. Шамасы кеш батып кеткен іспетті. Енді ығып кеткен мал жайында емес, Ерке не істеп жатыр екен деп қорқа бастадым. Қанша жүргенімді кім білсін, бір заматта бір жардан оңбай ұшып түстім. Сонда барып есіме түсті. Үйдің сәл қиыс төмен жағында жазғытұрымғы сел орып кеткен арна бар еді. Қайта қар үрлеп толыңқырап қалған екен. Тырбанып жүріп сыртқа әзер шығып, өлдім-талдым дегенде үйге жеттім. Ошақтағы от сөне бастаған екен. Үйдің іші тас қараңғы.
– Ерке, Ерке барсың ба, жаным? Есіктен кіре пеш жаққа қарай ұмтылдым. Пеш түбіндегі шәкене сәкіге жеткенде, Еркенің бебеу қаға қинала ухілеген дауысы әзер естіледі. Жалма-жан оттық шағып, білте шамды жақтым. Сырт көк аяз болғанымен үй іші жылы екен.
– Есен, жаным, келдің бе? Ух, жаным-ай, қиналғаным-ай. Толғақ басталды-ау деймін, ішім бүріп әкетіп бара жатыр. Неге кешіктің? Малың ығып кеткен жоқ па? – деген үні әзер естіледі.
– Иәғ жаным қарлы боран шығып адасып, малдың қайда кеткенін білмей қалдым. Не істеймін жаным, малы құрсын! Сен аман болшы! Мен барып ауылдан көзі қарақты біреу шақырып келейін онда. Не болса да ауылға қарай тартып кетсем бе деп ойландым.
– Жоқ жаным, кетпеші, сен жанымда отырсаң болды! Құдайдың салғанын көреміз ғой енді,– деді Ерке. Расында солай өзі де жалғыз ат аз күннің алдында жардан ұшып өліп қалған. Салт атты адамға күндік жердегі ауылға жаяу жету, одан қайтып келгенше толғағы құрғыр күтіп тұра ма?..
– Ыстық шай ішесің бе? – деп сұрадым, ұйып қалған қол-аяғын уқалап отырып.
– Жоқ, жоқ ішпеймін! Ух-жаным-ау, іші бауырым күйіп өртеніп жатқандай. Анау құрды әкеліп керме тартшы!– деді Ерке, бозарып кеткен ерні дір-дір етіп.
– Оны не істеймін? – деп сұраппын есім ауып.
– Бар болғыр-ау, толғақ қысып бара жатыр ғой! – деп барып, талықсып кетті.
Мен ірге жақтағы теңді қопарып ішінен ескі киіз үйдің құрын алып шығып керме арқан жасадым да, әл-дәрмені құрып, есі кіресілі-шығасылы болып жатқан Еркені сүйеп арқанға екі қолын ұстаттым. Дене қуаты әлсіреп кеткен арқанды ұстап тұруға да шамасы жоқ.
– Белім үзіліп барады, – деп бебеулейді.
– Бибәтима пірім-ау, қолдап, қуаттай гөр! Қол-аяғының жеңілдігін бере гөр! – деп зарлана мінәжәт етіп мен жүрмін, жанымды қоярға жер таппай.
Әредік бір тынысы кеңіп, толғағы басыла қалғанында:
– Есен ұл тапсам атын сен қой… Қыз тапсам атын Айым деп өзім қоямын… – дейді.
– Алдымен аман-есен босаншы… – деймін мен күпірлік болмасыншы деп сақтанып.
Арада қанша уақыт өткенін қайдам, бір заманда бозарып таң да атайын деді. Еркенің толғағы жиілеп, дәрмені тіпті түгелдей таусылды. Бүкшиген қалпы жерге жүрелеп отыра кетіп сәлден кейін:
-Ух! – деп бір тыныс алып, таяп қалды-ау деймін, су кетті. От жағып, қазанға су қайнатшы. Жарыс қазан жасасаң жеңіл болады деуші еді үлкендер.
Қоламтасы ғана қалған пештегі отқа құрғақ сексеуілді толтырып, лезімде гүрілдетіп от жағып, пештің үстіне қара қазанға су толтырып қойдым. Бала кезімнен естіп жүрген «Қара қатын бұрын туа ма, қара қазан қайнай ма?!» деп сарнап ала жөнелдім.
Ерке мен қара қазанның ортасында сенделдім де қалдым. Қара қазан әлденеше рет қайнады. Ерке сұлық жатып қалды. Аузына ыстық шай тамызып қоямын әрегідік. Бір заматта ернін әзер қыбырлатып мені ымдап өзіне шақырды. Үні ішіне түсіп кеткен. Құлағымды аузына тақадым.
– Есен, жаным, әуре болма енді. Мен енді жоқпын! Кеттім. Әттең, тым құрығанда ауылда, ел ішінде болмағанымыз, бақұл бол! Қыс мынау! Мені дұрыстап жөнелте де алмайсың-ау! Артық кеткен жерім болса кешір! Сенің де кінәң болса кештім. Жаным, мына көк тоңды қаза да алмайсың ғой! Мені аманаттап қой да, арт жақтан ел-жұртқа хабарласып алып кетерсің! – деп сөйлеп жатып үзіліп кетті.
– Ерке, Еркетайым қойшы, қайдағыны айтпай! Әлі-ақ тәуірленіп кетесің!– деп зар еңіреген менің үнімді естімей де қалды.
Еркенің мәйітін құшып, қара кешке дейін зарлана еңіреп жатып, кешке қарай өз білгенімше арулап жуындырып таң атқанға дейін үйдің іргесінен аманатқа қабір қаздым. Көк тоң болып қалған жерді белуарға дейін әзер жеткізіп, жылай жүріп таңертең Еркені жерледім де, кешегі ығып кеткен малды жинап қамап тастап, хабар жеткізуге ауылға жаяу да болса кетпек болдым. Кешегі ақтүтек боран басылған. Күн ашық. Маңайда қарайған мал көрінбейді. Кешегі жүрген жолымның межесімен шатқа қарай біраз жүріп ем, алдымдағы құлама құзға қарай кетіп жатқан шұбырынды ізді көріп онсызда тасталқаны шығып тұрған жүрегім зырқ ете қалды. Жүгіре басып, жардың басына келдім. Құламаның түбінде үйме-жүйме болып үйіліп қатып қалған бір қора қойды көргенде өмірден күдерім бір-ақ үзілді.
Қарашада қыстауға келер алдында, жаңадан келген ауыл бастығы “Алдыңдағы қоралы қойдан бір тоқты шығынға шығар болса, өзіңді темір тордың арғы жағынан көресің” – деп арнайы ескерткен еді. Ақыры Еркенің қар аралас үйілген кішкентай ғана қабірінің басына келіп отыра-отыра әбден күдерім үзілген соң ауылға жолға шықтым. Араға екі қонып үсіп жығылып ауылға әзер жеттім. Мен ауыл шетіне іліне қарсы алдымнан құдай атқыр ауыл бастығы мен жанында мылтық асынған екі милициясы кезіге кетті. Болған жайды қаз-қалпында жеткіздім. Ол антұрған менің қайғыма ортақтасқанның орнына қасындағыларға:
– Ұстаңдар, мына халықтың жауын! Халықтың барлық ортақ байлығын, барлық малын қырып тастағаны үшін жазаға тартылады,– деді.
– Жарқыным, сіз қайдағы малды айтасыз? Менің әйелім қайтыс болды. Өзім осында үсіп жығылып әзер жеттім,– дедім күйіп кетіп.
– Жап аузыңды! Мен қазір ол жаққа арнайы адам жіберіп тексертемін. Ал, сені ауданға сотқа жіберемін! – деп зіркілдеген оған жауап қайтаруға үлгермедім. Мылтықтың дүмімен кеуде тұсымнан қойып кеп қалғанда есеңгіреп барып құлап түстім. Ана екеуі мені сүйрелеп әкеліп, әлдебір тас қораға кіргізіп байлап тастады. Ауылдың еш адамымен тіл қатыса алмадым. Екі күннен соң барып үлкенді-кішілі біраз өкімет белсенділері бір кеште арнайы жиын ашып, менің үстімнен іс қозғады да, бір ауылдың барлық малын қасақана, қаскүнемдік мақсатпен қырып тастаған деген қылмыспен қатар, әйелін өлтірді деген жаламен іс-қағазын толтырып қосар атты шанамен ауданға алып жүріп кетті. Тізгінде отырған милиционерге:
– Ауылға қайтқан соң, ауылдағыларға айта баршы! ­Кеңөзектегі тас қораның іргесіне әйелімді аманаттап жерлеп кетіп едім. Соны ыңғайластырсыншы, – деп едім:
– Бәтшағар, сен қайдағы өлген қатыныңды айтып не қыласың? Бір қора қойды қырғаның үшін өзің атыласың. Әуелі көмусіз қаласың. Сендей кербақпаларды жерлеудің керегі не? – деп қарқ-қарқ күлді. Одан еш қайыр болмайтынын түсінген соң ары қарай ешнәрсе айтпадым.
Аудан орталығына келген соң мені еш сұрақ жауапсыз отыз жылға ауыр жаза майданына айдап жіберді. Ауыр еңбекпен өзгерту алаңында отыз жыл бойына азапты күн кештім. Сол отыз жыл бойы көз алдымнан Еркенің елесі бір кеткен емес. Әр түні жаныма келіп отырғандай сезіледі де тұрады. Бар айтатыны: «Мені алып кетші, мені… жалғыздықтан жабықтым… мені алып кетші!» – деп еңіреумен болады…
Ауылға хат хабар жіберуге еш мүмкіндік таппадым. Сонымен отыз жылды өткеріп осында жеттім. Мені осында жеткізген Еркенің әруағы. Марқұмның жаны жай тапқан болар… Осындағы қабірлікке әкеліп жерледік қайтадан. Енді сол тасқораға кетсем, сол араны мекендеп қалсам деп ойлаймын.
– Бейшара-ай! Күн батса болды – Мені алып кетші… мені жалғыз қалдырмашы дейтін дауыс сол Еркенің дауысы екен ғой… Әруақ та болса жалғызсыраған екен ғой! – деп ­отырғандардың біразы көзіне жас үйірді.
***
– Құдіреті күшті құдайым-ау, отыз жыл бойы жер астында жатқан сүйек осылай сақталады деп кім ойлаған.
– Тіпті, шашындағы тарақтың табы да әлі кетпепті…
– Тек киімі іріп кеткен екен… – деп ескі тас қораның күн батыс жақ іргесіне таяу жерден белуарға жетпестей жерге аманаттап қойылған қабірдің бетін ашып шуласқан қауымды ортадағы ақсақалды аппақ сәлделі молда:
– Аманат деп қойылған соң да күткен ғой жарықтық! Жаратқан ием аманатты соңына дейін сақтайды екен! – деп тоқтатты. Молданың сөзін еңкілдеп жылаған Есен атаның күңіренген үні бөліп кетті.
– Жас емессің ғой, Есен саған не болды? Сабыр ет! Тоқтат енді!
– Айналайын, халқым-ау, осы отыз жылды қандай азаппен өткізгенімді сезбейсіңдер ғой сендер! Абақтының азабына емес, аманаттап кеткен Еркемнің сүйегіне жете алмағанымнан азаптандым. Енді шебер құдай ала берсе де арманым жоқ. Еркенің жаназасын шығарып ауылдың зиратына жерлесем болды.
Еркені ауыл маңындағы қорымға әкеліп жерлеген соң Есен бірден Сайтансайға қайтты да, ел ауылға келген. Әлі де болса жұбыңа жетіп отырған жоқсың, тым құрғанда шай қайнатып, көйлегіңді жуып беретін бір адам керек қой, ауылға келіп үйлі-баранды бол деп айтқан ауыл тұрғындарына ләм-мим деп тіл қатпай, Сайтансайды мекендеп қалған-ды.

***
Мен таңға ұйықтамадым. Бір жағынан қорқып. Бірақ сыр бермеуге тырыстым. Ертең ерте тұрып шай қояйын деп, ошақ басына барсам ошақта от лаулап жанып жатыр, үстіндегі қара шәугім бұрқылдап қайнап тұр. Біз дастархан басында отырмыз.
Есен ата екеуміз ана-мынаның басын шалып біраз отырдық.
– Осы жерге сенің әкеңнен басқа ешкім аяғын баспағалы қашан. Ол да тек түстеніп кетіп қалатұғын, ал сен қонып шықтың, не сездің бала?
– Иә, әйеліңіздің аруағы келеді екен түнде.
– Иә, иә, менде сенің құлағың түрік жатқан шығар деп ойлағанмын, десе де тағы бір нәрсені сезбеген екенсің.
– Нені?
– Бүгін тағы түне.
Қаланың қауырт шаруасынан әбден жалыққам. Ауылға қайтқаныммен әке-шешемнің “Енді осылай сұр бойдақ болып қашанғы жүресің, бір шүйке бас тапсаңшы, біздің де жасымыз келді… тым құрғанда оң жақтың қызарғанын көріп кетейік” деп бас ауыртқанынан қаштым да неде болса Есен шалмен қауқылдасып тағы бір түнеп қайтуға бекідім.
Кеш те батты. Білте шамды тұтатып әлсіз бозамық жарықтың астында түн ортасы ауғанға дейін әңгімелесіп ­отырдық.
– Жә, балам, енді саған мен тағы бір сырымды айтайын, мен әйелімнің сүйегін анау қорымға апарып жерлеген едім ғой…
– Иә.
– Содан кейін бұл жердегі түнімен жылап шығатын әйел дауысы жоқ болғанын да білесің.
– Иә.
– Кеше түнде маған бір әйелдің келгенін сездің?!
– Иә.
– Мынау иен шатта не қылған жан деп ойладың ба?
– Иә ойладым, сол әйеліңіздің аруағы шығар деп.
– Ол менің әйелімнің рухы, әр түні осында келеді.
– Сонда…
– Мені ешқайда жібермейтін сол, онымен бірге қызым да келеді.
– Сіздің қызыңыз да бар ма еді?
– Менің әйелім баладан кеткен, ішіндегі қыз бала екен.
– Сонда сіздің қызыңыз…
– Иә, оның да рухы… Сәл күтсең келеді… Айтып ауыз жиғанша есік дыбыссыз ашылды да ішке тұла бойынан айдың аппақ нұры шашылған әйел кіріп келді. Шамасы мені көрмеген тәрізді. Келе Есен шалдың тізесіне жантая кетті.
– Ерке, үйде қонақ бар – деген Есен шалдың дауысын естіп орнынан атып тұрғанда барып, оның жай адамдарды көре алмайтындығын сездім.
– Алаңдама, бөтен емес Мұқаның баласы, сен қайтқан жылы туған.
– Менің Айымыммен құрдас екен ғой…
– Иә, ол қайда?
– Сені мен көргенмен ол көре алмайды ғой, соған налып үйге кірмей қойды…
Менің жүрегім атша тулап лобып барып басылды. Адамның аруағымен қатар бір үйде отыру, ойлаған сайын жүрегім тулай жөнеледі. Әйел дастархан жайды, дәмнен жүрексіне отырып татып көріп ем, тіл үйіреді екен. Дастархан жиылған соң сергіп қайтуға далаға шықтым. Тасқораны айнала бере ай сәулесінің астында ары қарап отырған қыздың сұлбасын көріп Айым екенін бірден сездім. Жайлап басып жанына бардым. Ол маған жалт қарап орнынан атып тұрды да:
– Сіз… сіз.., – деп тілі күрмеле берді.
– Мен сенің құрдасыңмын… Мен өзімді барынша байыпты ұстауға тырыстым
– Әкем, әкемді де көре аламын ба? Ол үйге қарай тұра жөнелді. Шешесі көрмегенмен қызының көргеніне таң қалып, тыста әлі тұрмын. Тура шешесіне тартқан өн-бойынан айдың ақшулан сәулесі шашыраған қыздың, мұң ұялаған жанары менің көкірегімді найзамен түйрегендей піспектеп жатты…
Таң атқанша мен тас қораның маңында айналсоқтап жүрдім де, таң ата өрелеулі атымды босатып жіберіп, Есен шалдың қасына келіп қисайып жатыр едім…
– Сен бала қайтпайсың ба, – деп сұрады.
– Жоқ ата мен осында қалуды ұйғардым, – деп ем, шал басын жұлып алып:
– Қой, қой, қайт бұл жерден, айықпас өкінішке қаласың, басың бәлеге байланар, мені қой, бар болсам да жоқ адаммын,– деді.
– Жоқ, атеке, мен жүрегіме мәңгіге бір сауға байлаған тәріздімін. Мен осында қаламын! – деп шалдың аяқ жағында жатқан жамылғыны үстіме жауып тағы да бір түннің келуін асыға күтіп жатып қалдым.

САЙҒАҚ

Кірпіктерім бір-біріне матасып қалғандай. Көзімді аша алар емеспін. Орнымнан қозғалайын деп едім, еш жерімде жан жоқ секілді. Жаным кірпігіме ілініп қана тұрғандай. Қол-аяғымды, тіпті тұтас денемді сезіне алмадым. Тынысым бітеліп қалған. Бірақ, еш жерім ауырғаны не жаныма батқаны сезілмейді. Бар ойлағаным, тек көзімді ашып алсам болғаны. Одан басқа ешнәрсе ойлай да алмадым. Жабылған қабағымның ар жағынан әлдебір өшкін қызыл күрең сағым ойнағандай. Қанша жатқанымды білмеймін, бір заманда байланып жатқан кірпігім ажырап кетті. Көз алдым «жарқ» ете қалды. Көзі ұялтар әппақ сәуле. Жанарымды қанша жеп бара жатса да, қайта жапқым келмеді. Ақ сәуле құйылып келіп, көзіме кіріп кеткендей болды. Алғаш рет ышқына дем алдым. Тарсылдай соға жөнелген жүрегімді сезіндім. Жүрегім тіптен өзім ойлап жете алмайтын жылдамдықпен соғып жатқандай. Жоқ атылып шығып кететіндей бұлқынып жатыр. Жүрегімнің сол бұлқынысынан кеуде тұсымды сезіндім. Алқымды қари кірген суық ауа одан ар қарып ыстық жалын болып шығып жатқандай. Тіпті, осының бәрі лезде-ақ болып жатты. Кенет құлағым «шың» етіп барып ашылып кетті. Енді өзімнің ышқына дем алғаным мен тарсылдай соққан жүрегімді анық естідім.
– Есін жиды. Әлдебір ер адамның баршын тартқан дауысы естілді.
– Кәусар жылдам оттегін әкел. Тек сол еркектің дауысы ғана. Кім екен деп қарағым келді. Басым қимылдамайды екен. Манағы жанарымнан кіріп кеткен жарық енді тұла бойымды күйдіріп бара жатқандай. Бар денемді енді сезіне бастадым. Тек қимылдатуға ырқым жетпейді. Өртеніп балқып барады. Енді бір сәт тарам-тарам қызылды-жасылды жолақтар төбеден төмен түсе бастады. Әлдененің қалыпсыз шиқылдаған үні анық естіліп тұр.
– Кәусар,– деді манағы баршын дауыс тағы. Маған дәке берші. Қарсы жақта үн жоқ. Еденді тырп-тырп басқан аяқ дыбысы жаныма келді. Сосын көз алдымнан тағы бір нәрсе жарқ ете қалғандай болды. Дымқыл дәкенің күйіп тұрған бетіме тигенін сездім. Көзімді сүртіп өте шыққанда ең әуелі төбеге ілулі тұрған аппақ шырақты көрдім. Бетіне көгілдір бетперде тартқан шүңірек көзді мосқал ер адамның бас жағы ғана көрінді. Жанарым ақырын қозғала алады екен.
– Кәусар, мен керек-жарақтарымды алып келгенше ­жастығын көтеріп даярлай берші. Тағы сол дауыс.
– Мақұл бара беріңіз… Құлағыма аса жағымды. Жоқ аса таныс үн келді. Еденді тағы сықырлата сырпылдатып еркек сыртқа кетіп бара жатқанын сездім. Есік сырт етіп жабыла бас жағымнан әлдене бірқалыпты сыртылдап айнала бастағандай болды. Төбедегі шырақтың бас жағыма қарай кетіп бара жатқанынан төсектің басын көтеріп жатқанын аңғардым. Енді шырақ арт жағыма қарай өтті де алдымда аппақ қабырға ғана қалды. Бас жағымдағы адамның сол жағыммен төсектің аяқ жағына қарай кетіп бара жатқанын аңдадым. Төбесіне түйіп алған бұрымы әппақ бас киімін көтеріп тұр. Ол бас киімді басына емес тек бұрымына киіп алғандай. Қайдан келгенін білмеймін маған осы ой сап ете қалды. Күлкім келгендей болды. Бірақ, ернім қатып қалған секілді. Ол қарсы алдыма келіп менен көз айырмай қарап біраз тұрды. Менің кірпігім тағы қатып қалғандай жанарынан көзімді тайдырып әкетейін десем де, ырқыма көнбеді. Оның көзіне лықсып жас келе қалғандай болды да, менің оң жағыма қарай көз ілеспес жылдамдықпен өте шықты. Менің көз алдымда тағы сол әппақ қабырға қалды. Ол тура жаныма жетіп келді де.
– Қалан! – деп шыр ете қалып мені бас салды. Енді мен тағы ешнәрсе көрмей қалдым. Енді есіме келе бастағандаймын.
– Кәусар, – дедім. Бірақ дауысымды өзімде ести алмадым. Енді ішімнен «Кәусар… Кәусар» деп дамылсыз қайталап жаттым. Ең бір жақын адамым іспетті. Тіпті, жақыннан да жақын сияқты. Бірақ, қанша ойлансам да ешнәрсені есіме ала алмай жатырмын.
– Қалан… Жаным… Сен әлі тірі ме едің… Сені іздемеген жерім жоқ… Үш жылдан бері қайда болдың… Мені неге ­тастап кеттің… Мені кешірші, оны мен істеген жоқпын… Түсінші… Кешірші мені… Бетіме оның жып-жылы жасы тамып жатты. Жас ағып ерніме келіп езуімді бойлап барып, аузыма кіргенде тілім әлдебір кермек дәмді сезгендей болды. Енді ернім жыбырлап жан кіре бастағандай. Кәусар тоқтамай өксік атып сөйлеп жатыр. «Сен осында жатқалы апта болды. Мен содан бері бір рет неге келіп көрмедім екен… Әй, бірақ көргеніммен танымай қалар едім. Өң-сүрепетің бірақ өзгеріп кетіпті. Жаңа көзіңнен таныдым. Өзіме сенбей оң жақ мойныңдағы тыртықты көргенде бірақ білдім… Жаным… сені қайтып көре аламын деген үмітім әбден өшкен еді ғой… Елдің бәрі сені пері алып кетті деп жүр. Соңғы рет менімен бірге болғаныңды мен де ешкімге айта алмадым. Бақтың ішінде құйын соғып кеткен соң, мен шашымды жөндеп алайын деп тұрғанда сенің қатты ышқынған дауысыңды естіп, жалт қарап едім, сенің мойныңның екі жерінен біреу орып жіберген екен. Мен шошып кетіп саған қарай тұра жүгіріп едім, әлденеге шалынып ұзынымнан түстім. Талықсып кетіппін. Есімді жиғанда маңайымда ешнәрсе жоқ. Тіптен, ешнәрсе болмағандай. Жаңағы сенің мойныңнан аққан қанның да ізі жоқ. Жер құп-құрғақ. Боран да басылып қалған екен… Жан ұшырып сенің жатағыңа бардым. Жатақтастарың келмеді деді. Басқа бір жаққа кеткен шығар деп таң атқанша күтіп отырдым. Ертесінде де келмедің… Менің басымнан өткеннің бәрі түс шығар деп ойладым… Бірақ бәрі көз алдымда тұрды. Бірақ, ешкімге айта алмадым. Университет болып іздеу салды, сол қалпы таба алмадық. Оқу біткен соң осында келіп жұмысқа тұрдым. Бір аптаның алдында сол бақты көшіріп жатқанда, бір адамның денесін тауып алыпты деп естідім де, алып ұшып сонда барып едім, полиция қызметкерлері енді шұғыл құтқару машинасына басып жатыр екен. Әппақ матамен оралған адамның кім екенін тани алмадым. Бет-әлпетің тіптен басқа адам болып өзгеріп кетіпті… Кәусар тоқтаусыз сөйлеп жатыр.
Мен ешнәрсенің байыбына бара алар емеспін. Кенет әлдене жарқ ете қалғандай болды. Сол жарқ ете қалған жарықтан мен селк ете түстім. Денеме ақырындап жан кіре бастағандай тұла бойым қақсап ала жөнелді. Басымды ақырын қозғап көріп едім, әзер дегенде икемге келгендей болды. Сол жағыма қарай бетімді бұрдым. Енді шатырлаған найзағайдың ащы дауысын естідім. Терезе сықырлап, сырттан боран соға бастапты. Терезенің ілгегі ілінбей қалған болар, бір заманда сарт етіп ашылды да, ішке қарай салқын ауа лап қойды. Орнынан атып тұрған Кәусар терезеге қарай атылды. Ол терезенің тұтқасын ұстай бергенде, басындағы бас киімін жел жұлып алып, маған қарай ұшырып келе жатты. Мен бар қайратыммен қозғалып қалдым да, оң жағыма қарай аунап, жерге гүрс етіп құлап түскенде барып, толық есімді жидым.

***
Мен Кәусарды екінші курста жүргенде кезіктірдім. Жатақханаға баратын жол бойындағы орындықта отырғанмын. Анадайдан ілбіп, әппақ көйлек киіп алған қыз келе жатты. Еш мақсатсыз қарап отырдым. Ол тіптен бір орында тұрғандай. Қанша уақыт өткеннен кейін барып жақын келді. Булыға жылап әзер келеді. Осынша неге жылайды екен деген бір ой сап ете қалды. Жаныма келген кезде:
– Қарындас, тыныштық па, не болды, неге сонша жылап келесің? – деп орнымнан ұмсынып тұра беріп едім, қыз талықсып барып жүрелеп отыра кетті. Мен жалма-жан қолтығынан сүйедім де, орындыққа әкеліп отырғыздым.
– Ағатайым-ай, енді қайттім… Енді не істеймін. Қыз ышқына жылап отыр.
– Не болды? – деп мен тақымдап сұрап жатырмын.
– Лағылсыз қалай өмір сүрем… Неге мені бірге ала кетпеді… Енді қалай жалғыз өмір сүрем мен, – деп өзін-өзі сабалай бастады. Мен оның екі қолын тас қылып ұстап алып жібермей қойдым. Қыз тіптен долдана бастады. Кәдімгі, жынданып кететіндей көрініп кетті. Есінен ауысып түсінкісіз бір нәрселерді айта бастағанда, бойыма қайдан келгені белгісіз, бір күш келе қалды да, қыздың бетінен аямай осып-осып жібердім. Ащы шапалақ жанына батып кеткен болса керек, қыз есін тез жинап алды.
– Не болды түсіндіріп айтсаңшы… Мен даусымды қатайта сөйледім.
– Менімен бір кіндіктес сыңарымды машина қағып кетіпті…
– Аман ба екен?
– Сол жерде қайтып кетіпті… Қыз тағы еңіреп жылай бастады. Енді мені бар сүйеуі көргендей, бас салып құшақтап, кеудеме тұмсығын тығып алып өзін ұстай алмай өксік атып жылады. Мен әуелде не істерімді білмей абдырағаныммен, соңына қарай ес жинап, не болса да шерінен шығып жылап алсын деп құшақтаған қалпы отыра бердім. Жолдан арлы-берлі өткендер бір түрлі қарап қойып кетіп жатты. Недәуірден соң барып:
– Мен не істеймін?! – деді қыз басын менің кеудемнен жұлып алып. Не айтарымды білмей қалдым.
– Қайда оқисың, – деппін сасқалақтап.
– Медуниверситетте.
– Мен де. Қайда тұрасың?
– Жатақханада, – деді қыз. Медуниверситеттің жатақханасы бізге жақын-тұғын.
– Сыңарың қайда тұратын еді? – дедім мен өзімді барынша сабырлы ұстап.
– Ауылда.
– Қай ауыл?
– Басқарағай.
– Алыс екен ғой, не істейсің? – деппін қайтадан абдырап.
– Не істеймін енді?! – деп қыз қайта жылай бастады.
– Ауылыңа барасың ба? – дедім мен аузыма басқа сөз түспей.
– Ести сала кетейін деп едім, жанымда жол қаражат жоқ. Жатақтағы қыздардан сұрайын деп келе жатыр едім.
– Жүр, онда мен апарып салып жіберейін, – дедім. Қыз маған таңдана қарап біраз отырды да:
– Келген соң ақшаңызды қайырып беремін, – деді. Мен ешнәрсе айтпастан қолынан тартып тұрғыздым. Университет ауласынан шығып, такси тоқтаттым да вокзалға келіп билет алып бердім. Жанымдағы бар ақшамды «алмаймын» дегеніне қоймай қалтасына тықпалап салып бердім де, кері қайттым. Келе жатып, тым құрса қыздың аты-жөнін сұрамағаным есіме түсті. Кеште жатақта жатып сол қыз туралы ойлай бастадым. Ойыма әлдеқандай бір сайтан сезім ұялай қалғандай болды. Сөз байласып қойған Жәния манағы қыздың қасында тіпті ілікке алғысыз болып кетті. Қарадай Жәнияны жек көре бастадым. Күндегі әдетімен Жәния неше рет телефон соқты. Бірақ, көтергім келмеді. Апта бойы ой соқты болып жүрдім де қойдым. Іздейін десем не аты-жөнін білмеймін. Сосын ылғи да анау күнгі қызды жолықтырған жердегі орындыққа барып, ұзақтан-ұзақ отыратын болдым. Жәниямен сөйлеспей кеткеніме біраз уақыт болған. Ортада шешем телефон соқты.
– Сен шешек, неге Жәнияшыма хабарласпай жүрсің… Қалада оқыдым деп қылық шығарайын дедің бе? Жәниямның марқұм шешесіне өлер алдында берген сөзім бар. Жәнияны өзім бала қылып аламын дегенмін. Осыны есіңнен шығарма. Әйтпесе, менің ақ сүтім атады сені, – деп кесетті.
Қалай болса да, Жәнияға байлаулы екенімді түсіндім. Оны бұрын тіптен сүйетінмін. Енді не болып бара жатқанын өзім де түсінбей жүрмін. Ақыры бір күні бейтаныс қыз да келді. Мені көре сала ет жақынын көргендей бас салып еңіреп тұрып жылап алды. Сосын әмиянынан ақша шығара бастағанда мен ол қарыз емес деп азарде-безер болып алмай қойдым. Содан екеуміз университет ауласындағы буфетке барып шай іштік. Аты Кәусар екен. Әке-шешесі ертеде қайтыс болып кетіп, сыңары екеуі нағашы әжесінің қолында өсіпті. Екеуін бірге оқытуға шамасы келмеген соң, қаладағы оқуға Кәусар келіп, Лағыл ауылдағы дүкенде сатушы болып істеп, тапқан ақшасын сыңарына жіберіп тұрады екен. Жұмыстан кеш түсіп жолдан өте бергенде, жүк көлігі қағып кетіпті. Лағыл екеуінің бір-бірінен аумайтыны сонша, тіпті нағашы апасы да екеуін ажырата алмайды екен… Осыны естігенде өзімді тастай берік санағаныммен, Кәусармен бірге менде жылап алдым. Содан бастап біз күнде кезігіп тұрдық. Тіптен бір-бірімізге бауыр басқанымыз сонша, сабақ аралығындағы үзілісте кезікпесек тұра алмайтын болып қалдық. Жазғы демалыста ауылына екі рет іздеп барып қайттым. Арада жыл өткен соң бір күні екеуміз тағы оңаша отырып, жүрек сөзімізді айтысып, айырылмасқа сөз беріп сүйістік. Сол күннің ертесі таңертең Кәусар бұлаудай болып жылап келді. Түнде түсіне Лағыл кіріп «Қаланнан өзіңді алыс ұста, ол сенікі емес, айтқаныма көнбесең онда мен Қаланды алып кетем» депті. Мен Кәусардың сөзіне онша мән берген жоқпын. Өзімше бәрін шешіп қойғам. Әке-шешеммен де хабарласпағаныма біраз уақыт болған. Жәнияны жылататын болса, бізді көрме деп шығарып салған еді.
– Қойшы жаным, өзіңнің жай ойлағаның түсіңе кіріп жүр ғой, – дедім де қойдым. Оқу маусымы аяқталып, жазғы демалысқа кетуге дайындалып жүргенміз. Шешем көлдей қылып хат жазып жіберіпті. Қалайда барып қайтуым керек болды. Кәусардың ауылына кетіп қалмақшы болып жүргем. Ертең кетеміз деген күні кеште Кәусарды шақырып алып, сырттан бір қонақ үйге барайық дедім. Маған үдірейе қараған Кәусар:
– Жай ма, болмайды, – деді кесіп.
– Мен ертең ауылға кетіп барам. Бүгін менімен бірге бармасаң, онда ауылда қаламын саған жоқпын, – дедім мен қаным басыма шауып. Кәусар жылай-жылай ақыры көнді. Біз жолай бақтің ішін кесіп өтіп келе жатқанбыз. Бақта тірі жан жоқ, тымырсық түннің қапырық иісі ғана. Бір заманда ағаш басы сартылдап, жел соға жөнелді. Мен шылым тұтатпақ болып, сәл артта қалғам. Жел жұлмалаған шашын реттемек болған Кәусар төбесіне түйген шашын ағытып қалғанда, ұшы жерге жететін ұзын шашы көз алдымда жерге қарай құлап бара жатты да, жерге тие шың ете қалғандай болды. Жерге тиген қос бұрымның ұшынан жарқылдаған екі пышақ шығып маған қарай сақ ете қалғандай болды. Оң жақ мойнымнан атқақтаған қан дүниені жауып кетті. Мен құлап бара жатып, өзіме қарай ұшып келе жатқан Кәусарды көрдім. Кәусар менің қанға малынған денемді алып, бақтың түп жағындағы иен тамға қарай сүйреп бара жатты. Одан кейінгінің бәрі қанның ішіндегі елестер… Кәусар қып-қызыл қанды аузыма тамызып жататыны еміс-еміс есіме түседі. Есімде ең соңғы қалғаны, найзағай жарқ ете түсіп, күн күркірегенде Кәусар баж етіп, аспандағы шарасынан асып толып тұрған айға қарай көтеріліп бара жатқаны. Денемді малшындырған қанның әп-сәтте жоғалып, тастай болып қатып бара жатқаным ғана. Құлағыма әлдененің суылдап барып дың ете түскені естілді. Мен құлап жатқан жерімнен терезеге жалт қарадым. Кәусардың қос бұрымының ұшында пышақ жарқ-жарқ етіп, маған қарай атылып келеді. Осы кезде шиқ етіп есік ашылды да:
– Кәусар, жап терезені, – деген манағы дәрігердің қатқыл даусы естілді.

КӨК САЙТАН

– Замандас-ау, осы ауылда бізден жасырып жүрген бикелерің бар ма еді, атыңның жалын түк қалтырмай өріп тастапты ғой, – деді қулана күлген құрдасымның келіншегі босаған кесеге шай құйып жатып. Менің жүрегім «зырқ» ете қалды.
– Қойсаңшы, Жәміш! Құрдасым зілсіз жекіді.
– Менің атым қайда?! – деп апыл-ғұпыл жаюлы тұрған дастарханның шетін баса, есікке қарай ұмтылдым.
– Ой, не болды Асеке?! Құрдасым да менің артымнан ере шығып жеңімнен тартты.
– Құдайым-ай, бұл қырсық мені қайта тауып алған болды ғой… Мен шынымен таусылып кеттім.
– Не болды, жарқыным? Ашып айтсаңшы…
– Қанша заманнан кейін қайта жолыққанымды қарашы…
– Кімге, кімді айтасың?!
– Бұл ұзақ әңгіме… Жүр, атымды бекіткен жаққа барайық.
Екеуміз ауылдың аяқ жағындағы кешегі аттарды бекіткен жаққа қарай жүрдік. Топқарағанның бергі шетінде құрдасымның есік пен төрдей кертөбелі тұр. Менің құла айғырым көрінбейді. Асыға басып, төмен жақтағы ағарға қарай беттедік. Ағардағы бұлақ басында айғырым тұр. Қара сүмек терге малшынып, түсі барандап кетіпті. Жанына таяй бергенде, бізді көріп осқырына кісінеп жіберді де, маған қарай төрт аяғын теңселе әзер басып келе жатты. Тізесін соға түсіп тұратын ақшулан жалын тарам-тарам қылып өріп тастапты.
– Сол, нақ соның өзі, – дедім мен күңірене. Ширек ғасыр бұрынғы бір іс есіме түсті.

***
Нағашыларым орта жайлауға енді келіп жатыр екен. Жаз жайлауға шығып кетсе, қыс қыстауға ойға түсіп кететіндіктен, араға жыл салып әзер бір келетінбіз. Мен жоғары оқу орынынан шақырту алып, алыс қалаға аттанатын болған соң шешем:
– Нағашы атаңа барып батасын алып кел, – деп әкемнің алаяқ торысын мінгізіп, қанжығама сәлем-сауқатын бөктеріп беріп аттандырып салған. Таң бозынан желе-жортып, Тасбастауға жеттім де, ер-тоқымымды алып, бастау жағасындағы шалғынға атымды біраз оттадым. Енді бұлақтан су ішейін деп еңкейе беріп, су түбінен жарқыраған шідерді көріп қалдым. Таңертең асығып жүріп шідерді ұмытып кеткенім есіме түсіп, еріксіз мырс еттім де қолымды тастай бұлақ суына матырып, шідерді алып шықтым. Керемет бір шебердің қолынан шыққаны менмұндалап тұр. Иесі келіп алып кетпесін деген адамша асығыс атымды ерттеп, шідерді тоқымның астына көлденең бастырдым да, жүріп кеттім. Нағашымның ауылына түс қайта әзер жеттім. Алыстан ­жиенінің келгеніне нағашы атам балаша қуанды. Кеште:
– Жиенім алыс жол жүріп барады екен, жолы ашық болсын, ауылдың ақсақалдарын жиып, ақсарбас сойып бата тілеп отырмын, –деді үйге толып отырған қалың шал-кемпірге. Ортаға ақсарбастың басы енді келген кезде, манадан тып-тынық болып тұрған ауа райы кенеттен алай-дүлей болып, боран соғып, үйді теңселтіп жіберді. Есік жақта ­отырған нағашы ағам сыртқа атып шықты да, тіреуіш әкеліп, нағашы жеңгеме ұстата салды. Өзі қайта далаға жүгіріп шықты. Артынан мен де ере шықтым. Екі жақтап жүріп, үйге салма салып терең қағылған қазыққа мықтап байладық та, үйге қайта кіре бергенімізде, анадайда ойбайлап айғай сүрен салып біреу келе жатты. Мен қорқып кетіп, ортадағы ошақты соға-моға төр жақта отырған ақсақалдарың арасына келіп тығылдым.
– Әй, мынау Әден бақсының дауысы ғой. Апырай, жарықтыққа не көрінді екен? Бағана балаларды жіберіп ­шақыртқан едім, – деді нағашым жаймен ғана. Соның арасынша бақсы да айғай салып үйге кірді. Қолындағы сары ала жез қамшысымен айналасын сабалап:
– Антұрған жүгермек, даладан тауып алған шідерді неге аласың, онымен атыңды неге шідерлейсің, – деп маған тап береді. Мен әлдебіреудің дүниесін әдейі ұрлап алғандай қысылып қалдым. Нағашы атама қарап:
– Нағашы ата, мен оны ешқайдан ұрлап алғаным жоқ. Бұлақтан тауып алдым, – дедім.
– Иә, иә, зәнталақ, оны тауып алмасаң көк сайтан саған күміс шідерін қалай ұрлатады. Тауып алғансың білем, тауып алғансың… Бейбақ бала сорыңа бола тауып алғансың, – деп бақсы одан арман аласұра бастады.
– Сабыр, сабыр, бақсы! – деп атам «гүр» ете түскен кезде барып ол сәл басылды.
– Мәкем-ау! Бұл жай қарайтын дүние емес. Көксайтан бір жабысса, оңай құтылдырмайды… Жап-жас баланың алдағы өмірі ғой менің қара жынымды ойнатып тұрған. Ол осыны айтты да, ортадағы ошақтың басына жалп етіп отыра кетті. Менің жүрегім өрекпіп, аузымнан шығардай болып барады.
– Не амал енді? – Нағашы атам тағы гүр ете қалды. Орнынан атып тұрған бақсы ортадағы табақтан жауырынды, сосын нағашы жеңгемдердің алдындағы табақтан асық жілікті алды да, сыртқа қарай жүгіре басып шыға жөнелді. Отырғандардың барлығы үдірейісіп қалды. Нағашы атамда үн жоқ, тұнжырап отыр. Әредік тізесін басып отырған менің басымнан сыйпалап қояды. Отырғандар алдағы астан шұқылап ауыз тиді де, түн ортасы ауа үйлеріне қайтты. Көрер таңды көзбен атырдым. Таңертең менің алаяқ торымды жетелеп түндегі бақсы келді. Алаяқ қара сүмекке түсіп, арлы-берлі теңселіп тұр. Артқы екі аяғы қып-қызыл қан. Аттың жанына таяған нағашы атам:
– Аһ, жануар-ай, қан сиіп жіберген екен ғой, – деді күңіреніп. Мен енді байқадым. Алаяқторының жал-құйрығы түгелімен өріліп қалыпты. Үйден онша алыс өре қоймаған малдың ішінен меңсіз қара лақты алдырып сойғызған бақсы әлдебір түсініксіз күбірмен аттың жалын тарқата бастады. Жалын тарқатып болып, құйрығын енді тарқата бергенде, бақсының аузынан қара жалын болып, қан бұрқ ете қалды да бүк түсіп отыра кетті. Нағашы атам барып сүйей беріп еді, қанға шашалған бақсы:
– Мәкем-ау, Мәкем! Тез, тез құйрығын тарқатып жібер, сонда жиенің екеуміз де аман қаламыз, – деді. Атам жалма-жан аттың құйрығын тарқата бастады. Құйрықтың өрімі тарқатылып болғанда барып бақсы:
– Үһ, – деп терең дем алып орнынан ақырын көтерілді. Алаяқторы да дүр-дүр сілкініп, оқыранып барып құлақ тұндыра кісінеп жебірді. Анадайда тұрған мама ағашқа атты байлаған нағашым бақсыны ертіп үйге кірді.
– Көксайтанның өрімін шешетін бақсылардың бәрінің тұқымы құрыған. Жалғыз мен ғанамын. Мен өлгесін кім шешер оны… Әр өрімді бір жыныңмен байлап әзер шешесің… Құдіреті күшті құдайым мына жаман жиеніңді өзі сақтасын. Қашан екенін қайдам тағы бір айналып соғар. Менің көзім тұрғанда жолықса құтқарып жіберер едім… Кім білсін, оның қашан келетінін… Мен өлген соң кезігетін болса, аттың жал-құйрығын күзеп қана, жанын аман алып қалар, бірақ ары қарай көксайтан күнде мазасын алар… –деді.

***
Содан бері тура жиырма жыл өтіпті.
– Кім өрген бұны? – деді құрдасым.
– Көк сайтан.
– Не істейміз? – деді құрдасым тағы. Менің есіме сүйегі баяғыда қурап қалған Әден бақсы түсті де:
– Қайшы алып кел! – дедім құрдасыма.

Айғақ

Қаладан жалғыз шыққам. Көлікпен. Беталсым жақын жер емес. Шығыс жақтағы мың шақырым қашықтықтағы Жарбастау ауданы. Жол бойындағы жанармай бекетіне аялдап, енді қозғала бергенімде мөлшері 20 жасқа енді келген жігіт келіп амандасты да:
– Аға, Жарбастауға бармайсыз ба? – деп сұрады.
– Иә, – дедім мен.
– Ала кетесіз бе? – Жарайды, көлікке отыра ғой, – дедім жападан жалғыз зеріккенше жол бойы әңгімелесіп отырар деп ойлап.
– Аға, бірақ менде жолға берер ақшам жоқ, Қажет десеңіз жақсы бір сағатым бар еді соны берем, – деп төс қалтасынан жай адамдардың қолы жете бермейтін бір қымбат сағатты алып шықты.
– Керегі жоқ, жол бойы зеріктірмей әңгімелесіп отырсаң жетеді… – дедім күліп. Көлікке отырып аз жүргесін, Қорғандағы жол полициясының тексеру бекетіне жете бере:
– Аға, жанымда құжатым жоқ еді… жақын туысым деп алып өтіп кетіңізші, – деді, жалынышпен.
– Жарайды, – дедім менде селсоқ. Дегенмен әлденеден тіксініп қалғандай болдым. Бағымызға жарай тексеруге тоқтамай-ақ өтіп кеттік. Аз-кем жүрген соң:
– Ал, інім әңгімеңді айта отыр, жаныңда көк тиын ақшаң да, тым құрғанда кім екеніңді айғақтайтын құжатың да жоқ. Алда тағы да тексеру бекеттері бар. Дегенмен сені жолға қалдырмай жеткізіп қоямын. Қандай сырың бар жасырмай айт, – дедім.
– Аға, пәлекеттің бәрі осы сағаттан басталды, – деп ол әңгімесін бастап кетті.
Осыдан оншақты күн бұрын бір шаруаларыммен көрші ауданға барып қайттым. Қайта келгенімде вокзалдан бұрын университетте бірге оқыған таныс жігітке жолығып қалдым. Қал-жағдайы тамаша секілді, киген киімінің өзі-ақ айтып тұр. Кезіге шүйіркелесіп кеттік. Студенттік кезімізді еске алып, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Қазір белді бір компанияның иесі екен.
– Асығыс жолға кетіп барамын… Келгесін өзім іздеп тауып аламын… Мынаны естелікке тағып жүр… жоғалтып алма, базарын тапсаң бір машинаның құнын шығарады, – деп қоярда-қоймай осы сағатты берді де, өзі жаңа мен түскен пойызға мініп кетіп қалды. Ойламаған жерден қымбат сағатқа ие болғаныма қуанып мен қалдым. Қаланың шет жағынан үш жігіт бірге пәтер жалдап тұратынбыз. Келе сала қымбат сағатымды соларға көрсеттім. Бөлмедегі үй иесінен қалған ескі теледидарды қосып жаңалық қарап отырғанбыз. Тосын оқиға туралы бағдарлама шыққанда есімнен танып құлап қала жаздадым. Экранда бағана ғана пойызға мініп кеткен досым қан жоса болып өліп жатыр. Жүргізуші: «Өткен түні білгілі кәсіпкерді біреулер жұмыс орнында атып, жанындағы бар дүниесін бұлап кеткен. Айқын белгілерінің бірі арнайы тапсырыспен жасалған сағатын да алып кетіпті» деп сағаттың фотосын шығарды.
– Асқар мынау сол сағат қой! Жанымда отырған Бектас сағатты маған қарай лақтырып жіберді.
– Жоқ, рас айтам. Бағана ғана мен түскен пойызға мініп кеткен, – деп мен шыр-пыр болып жатырмын.
– Қой, кеше өлген адам саған қайдан жолығады?! – деп олар күш бермейді.
– Ол кеше өлген болса сағатын маған қалай берді? – деппін мен де мәңгіріп.
– Әңгіме осында. Оның сағаты сенде қалай жүр… Бұл айғақ. Сен өлтірген шығарсың. Бектас орнынан атып тұрып менің алқымымнан ала түсті де: – Сені өз қолыммен ­полицияға апарып берем, – деп есікке қарай сүйрелей жөнелді. Араға Ербол келіп түсті. Осы кезде Бектастың қолы босап кетті. Мен ашық тұрған есіктен сыртқа тұра қаштым. Сол қашқаннан таң атқанша жүріп, манағы май құю бекетіне келіп, Жарбастау жақтағы апайыма барып істің анық-қанығы ашылғанша паналай тұрсам дегем. «Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, болған жағдай осы, ал қымбат сағаты мынау» деп сағатты маған қарай ұсынды. Мен не дерімді білмей, сағатты қолыма алып көрдім. Бір түрлі қанның мүңкіген иісі келетін секілді.
– Аға мені Жарбастауға дейін ала кетіңізші, жарай ма? – деді ол жыламсырап. Мен не болса да оны барар жеріне жеткізіп салмақ болып шештім. Алдымызда тағы бір тексеру бекеті…
– Аға мен көлікте отыра тұрайын өзіңіз барып келіңіз… Тек, мені ұстап бермейтін шығарсыз… Асқар бағанағыдай емес өзін еркін ұстап отыр.
– Мақұл, – дедім де жол полициясымен бірге жол шетіндегі бекет үйіне кірдім.
– Қайда бет алдыңыз?
– Жарбастауға.
– Жалғызсыз ба?
– Жоқ, бір туысқан інім бар, – дедім мен өзімді барынша жайбырақат ұстап.
– Ініңіз қайда еді? Жаңа ғана менімен бірге кірген қызметкер маған таңдана қарап тұр.
– Көлікте!
– Мен қалай байқамадым онда, – деген ол сыртқа қарай шыға жөнеді. Осы кезде қабырғада қосулы тұрған теледидардан «Тосын оқиға» бағдарламасын беріп жатыр екен. Экранда қан жоса болып манадан менің қасымда келе жатқан Асқар жатыр. Жүргізуші : «Өткен түні жол бойында, бір жігітті өлтіріп жанындағы бар дүниесін бұлап кеткен. Айқын белгілерінің бірі арнайы тапсырыспен жасалған сағатын алып кетіпті» дегенде көзім қарауытып кетті. Мана байқамай, Асқардың сағатын өзіммен бірге ала шығыппын…

Жылауық тал

Ылғида қасына жақындасаң сыңсып ән салып тұратын Жылауық тал тым-тырыс. Үні өшкен. Жәния! Жәния деп қанша айқайласам да үн қатқан ешкім жоқ… Мен қолымдағы Бәкейдің айбалтасымен Жылауық талдың діңін дүрсілдетіп шауып жатырмын.
Қып-қызыл боп бұрқ етіп қан шықса екен деймін. Балтаны әр сілтеген сайын жан-жаққа жаңқалар шашырап жатыр. Қанша уақыт өткенін қайдам қылпып тұрған балтаның өткір жүзі әр тиген сайын бір құшақ жаңқа жаудырып жүріп, бір заманда Жылауық тал бір жағына қарай гүрс етіп құлап түсті.
Арқырай кісінеген алаяқ құла тік шапшып барып біздің қостың орнына қарай үрке жөнелді.
– Жәния! Жәния! Мен жер әлемді басыма көтере айқай салдым. Екі қолымның қары талып құлаған талдың түбіріне арқамды сүйей отыра кеттім. Көз алдымда осында алғаш келгенге дейінгі күндерім келді.
***
Отар қос. Төрт қора қойды қосып алып, үш жұма жая көшіп осы Жылауық талға келіп қос тіккенбіз.
Әуелде ауылдан шыққанда Бесқараның терістігін қыстаймыз дегенді жолай Байтел мен Мәкейдің егесімен осында бет бұрдық. Бізбен бірге Жәния да келе жатыр. Қазір мен Жәнияның менен басқа ешкімге көрінбейтінін біліп алғанмын.
Қасымдағы серіктерім Байтел, Мәкей, Бәкей үшеуі құрдас. Байтел мен Мәкей қашан көрсең тап бір әкелерінің құны қалғандай айтысып тартысып жатады. Бәкей біздің ауылдан емес, көрші қыстақтан. Қайсының қалжың, қайсысының шын екенін мен ажырата алмай қаламында екеуінің айтыс-тартысы басталғанда ақырын шеттей берем. Үндемей айызын қандырып қызықтайтын Бәкей ғана.
– Әлі-ақ орда бұзар отызға келеміз… Екеуіңнің қылығың мынау жас балаша алысып жүрген… Ой сендерді де… Бір біріңе мықтысыңдар… Ауылдан шыққан күнгі бірінші қоналқыда Бәкей осыны айтты.
– Е, құрдас ел аман, жұрт тыныш… Бір-бірімізге көрсетпеген мықтылықты қайдағы күштіні тауып көрсетеміз… Байтел осыны айтқанда жаба салманың ауыз жағында құж болып қалған мойнын маған уқалатып отырған Мәкей:
– Пәлі күш көрсететін жер таппай жүрсің бе?! Онда Бесқараға емес, Жылауық талға барып қыстайық. Сенің батырлығыңды көрейін.
– Несі бар?! Жылауық талдағы жынның қызын қатын ғып алармын әуелі. Бір түнеген соң өзің қорқып қойыңды бөліп алып кері көшпесең болды.
– Мен бе қорқатын! Тап атаңның басы! – мені қостың етегіне қарай бір қолының сыртымен домалата салған Мәкей тұра ұмтылды. Тар қостың ішінің қорыс-қопасын шығарды. Мен жан-дәрмен далаға сытылып шығып кеттім.
Бірің өліп бірің қал дегендей Бәкей қырқ-қырқ күліп анадайда алысқан екеуін тамашалап тұр.
– Бәкей аға арашаласаңызшы аналарды… – деп қасына келген маған:
– Е, бауырым-ау осылар араша береді дейсің бе?
– Бірін бірі өлтіреді ғой…
– Жоға, қазір сілелері қатып шаршағасын қояды… Қой онанда екеуміз біраз жүріп қайтайық. Айтпақшы, сен мектепте оқып жатыр едің ғой… елдің сендей балалары шалбарының бауын әлі шешелеріне байлатып жүр. Оқу қайда?
– Мұғалімдер оқымай-ақ қой деді.
– Неге?
– Жындысың дейді.
– Сап-саусың ғой…
– Сонда қалай?
– Бір жағынан балалар мазақтап маза бермей қойды… “Жоғалған Жәнияң қайда” деп…
– Ол кім? Жәния дегенің.
– …
Осыдан жеті сегіз жыл бұрын басталған бұл әңгіме.

***
Мен мектепке енді барам деп жүрген жылы шешем қайта-қайта ауыра берген соң, қоралы қойды нағашыларыма қосып ой жайлап қалғанбыз. Жаздың аптап ыстығында ойда қалып шыбын-шіркейге таланғанша нағашыларыңмен бірге сенде жайлауға шығып кел дегендеріне қарамай әке-шешемнің қасында қалғам. Жазғы демалыс ойда қыстауда бірен-саран қора-қосын жөндеуге қалғандар болмаса қалған жұрттың бәрі жайлауға шығып кеткен. Әуелде үй маңайында оны-мұнымен жағаласып күн өткізгеніммен соңыра бәрінен жалығып кеттім. Сосын иен қыстауларды кезіп кеш бата үйге әзер оралатын болғам. Таң бозынан шығамын да күн қызғанша арлы-берлі сенделемін. Күн қызғанда бір көлеңке жер тауып алып ұйқы соғамын.
Сөйтіп жүріп бір күні ауылдың ең аяқ жағындағы көне қораға барып айналшықтап жүрдімде күн қыза ашық тұрған терезеден ішке еніп сап-салқын үй ішіндегі ескі төсектің ағашының үстіне шықтымда ұйықтап қалдым.
– Тұр! Тұршы тез! – деп өзімді жұлқылап тұрған қыздың даусынан оянып кеттім. Кеш баяғыда батып кеткен екен. Менің иен үй деп кіріп кеткен үйімнің иелері отыр.
– Ешнәрсе ұрлағам жоқ… Жай ұйқым келіп ұйықтап қалыппын… Ақталып жатқан түрім.
– Иә ұрлайтын ешнәрсе жоқ мұнда… Дастархан басындағы шал мен кемпір өз жайларында шай ішіп отыр…
Менің жеңімнен тартқылаған қыз қоярда-қоймай дастархан басына алып келді. Дастарханның бір шетінде лапылдап жанып тұрған білте шамның жарығымен қыздың бет-ауызы анық көрінді.
Шамасы мен құралыптас секілді.
– Апа шай берші… Қыз сөзін кемпір елемеді. Атасы жай көзін бір төңкеріп қойып басын шайқады.
– Бізде көп тәтті бар, мә, мынаны алып ал! Қыз дастарханнан бір әдемі қағазға оралған кәмпетті ала бергенде кемпір қолын қағып жіберді.
– Берме! Жемейді ол! Шаңқ еткен кемпірдің даусымен дастархан шетінде шам жалп етіп сөніп қалды да алыстан әкемнің:
– Әске-ау! Әске… деп барылдаған даусы естілді.
– Бұл жерден бізді көргеніңді ешкімге айтушы болма! – деп есікке қарай сүйрелей жөнеліп еді, манағы қыз шырқырап:
– Ата оны жібермеші… жібермеші… деп етегіне жабысты.
– Менің Жәниям ақылды… Сөз ұғады… Мына баланың әкесі іздеп келіп тұр, кетпесе болмайды… Сосын ертең тағы келеді деп қызын бір қолтығына қысты.
– Рас па? Келесің бе? Қыз менің басымнан сипап тұр.
– Иә, -дедім менде тез кете қалсам ба деп.
Табалдырықтан сыртқа қарай аттай бергенде қыз:
– Келмесең өкпелеп қаламын… – деп айқайлап жатты.
– Әке!
– Ау, құлыным-ау, иен далада не істеп жүрсің екі кештің арасында! Суға кетіп қалдыма дегенде жаным мұрнымның ұшына келді ғой… Мені келіп бас салған әкем жерден жұлқа көтеріп бауырына басты да жаңағы мен шыққан ескі қораның жанында ағып жатқан өзен жаққа мойнын созып:
-Ау, жігіттер табылды… табылды… тірі екен… деп озандата айқайлады.
Жан-жақтан бес-алты адам анталап жетті.
– Үй, мөндібас неме! Иен қораға келіп ұйықтап қалған ғой…
– Ағасы балаңа ие болмасаң Бозайғырдың суын білесің, тынып жатып бір сәтте айналасын жайпап кететінін.
-Су жардан аса көтеріліп қайта басылған екен… Қабақты жағалап жүріп суға кетіп қалдыма дегенде зәрем қалмады.
– Жалғыздың жаны мұрнының ұшында… Жалғыз баланы көзіңнен таса қылмасаңшы. Қашан көрсең иен қыстауды кезіп жүреді…
– Иә, иә енді көзімнен таса қылмаймын, ниеттес болғандарыңа рахмет, – деп әкем оларға жалбарақтап жатыр.
– Ой енеңді… иен даладағы адам жоқ иен қорада не атаңның басын іздеп жүрсің, – деп күнде үйге келіп шай ішіп кетіп жүретін әкемнің құрдасы Естен құлағымнан бұрап ­қояды.
Шығардағы шалдың сөзі есіме түсіп ешнәрсе айтпадым.
Үйге келіп топырлаған жұрт шайға отырды. Мен орнынан тұра алмай төсек тартып жатқан шешемнің ірге жағына кіріп кеттім де ұйықтап қалдым.
Ертесі түске шейін әкем мен шешем мені қия бастырған жоқ. Тек түс қайта әкем шабындық жақты көздеп келем деп кеткесін ғана кешегі Жәнияның үйіне қарай ауыл арасының борбас топырақты бұрқылдақ жолын бұрқыратып тұра жүгірдім.
Кешегідей терезеден емес бүгін есіктен кірдім.
Ауызғы үй қаңырап бос тұр. Түпкі бөлмеде шығар деген оймен жайлап барып есіктің тұтқасын ұстай бергенімде арт жағымнан:
– Ашпа ол есікті атам ұрсады, – деген Жәнияның даусынан селк ете түсіп артыма жалт қарадым.
Босаға жақта жастықты құндақтап орап алып құшақтап тұр екен.
– Қайдан келдің? – деппін сасқалақтап.
– Ешқайдан, осындамын.
– Жаңа ғана жоқ едің ғой…
– Өзің көрмей өте шықтың. Қыз сөзі аяқтамай сырттан Жәнияның атасы мен апасы кірді.
– Жәния айттым ғой ертең келеді деп. Атасы Жәнияның қолындағы құндақты алып биік сәкінің үстіне қарай тастай салды.
– Ата лақтырма, бөпем жылайды…
– Қой балам енді жастық пен ойнама Әскемен сөйлесе ғой…
– Ән айтып берейін бе? Қыз менің қарсы алыдыма келіп тұра қалып көзін менен алмай ыңылдап ән айта бастады. Ешбір сөзін түсінбесемде менде Жәниямен бірге ыңылдай бастадым.
– Жарайды доғарыңдар. Жәния Бәрен әпкең оянып кетеді. Кемпір иіріп отырған ұршығын жанына қойды да орнынан сылбыр тұрып дастархан жаза бастады. Сосын маған анау терезенің жақтауында тұрған кесені әкеліп ежіреден су іше ғой, шөлдеген шығарсың, – деп өздеріне дастарханның шетінде тұрған шәйнектен шай құя бастады.
Мен ежіредегі судан алдым да кесені басыма бірақ көтердім. Сап салқын су бойымды тітіретіп жіберді.
– Апа Әскеге кәмпет беремін, – деп Жәния дастарханға қол созып еді апасы кешегіндей тағы қолын қағып жіберді.
– Әскеге кәмпет берсең үйге кіргізбей қоям онда. Кемпір зірк ете түсті. Мен ішімнен өкпелеп қалдым «ауылдағы апалардың барлығы кәмпеттерін қызғанбай бере беретін еді. Мына кемпір бір шық бермес Шығайбай екен» деп. Олар шай ішіп болғасын Жәнияның ойыншықтарын ортаға үйіп алып үй-үй ойнай бастадық. Ара-арасында әңгімелесіп қоямыз.
– Мен мектепке барамын биыл. Әкем қаладан сумка, кітаптар әкеліп берген. Сен барасың ба деп сұрадым?
– Алақай, онда менде барам. Апа Әскемен бірге мектепке барамын ғой ә?! -Жәния ойнап отырған ойыншықтарын ­тастай салып апасының мойнына асыла кетті.
– Барасың құлыным, барасың.
– Маған кітап пен сумка алып бересің апа?
– Иә, алып берем, атаң әкеліп береді.
Тағы біраз отырған соң Жәнияның атасы:
– Әске балам, сен мықты жігіт екенсің ғой. Бірақ осында келгеніңді, көргендеріңді ешкімге айтпа. Айтсаң әкең жібермей қояды. Енді үйіңе қайта ғой, – деген соң сыртқа шықтым да манағы ізіммен үйге қарай тыздаңдай жөнелдім.
Мен алып ұшып үйге жеткенде шешем әлі сол орнында жатыр екен, әкем әлі келмепті.
– Қайда кеттің қу түйнек, әкеңе айтып жоныңнан таспа тілдіремін. Кешегідей жоғалып кетсең қайтеміз?! Шешемнің даусы жарқаштанып шығып жатыр.
– Апа-ау бағанадан бері үйдің алдында ойнап отырдым…
– Айқайлағанда неге келмейсің онда…
– Естіген жоқпын…
– Әкеңнің де келіп қалатын уақыты болды, сырттағы ошаққа от салып су қоя салшы, құлыным. Менің күйім болса мынау, әкең талығып жұмыс істеп әзер жетеді, не бір шәугім шайды қайнатып бере алмай жатқан жатысым. Шешемнің үні енді мекірене шықты.
Мен сыртқа шығып тас ошаққа қу шөмшектерді толтырып су қойдым.
Күнде осылай әкем жұмысқа кете мен Жәнияға барып ән тыңдаймын. Екеуміз үйінің арт жағындағы өзеннің қабағына шығып алып топырақтан қоражай салып ойнаймыз.
Тек апасы маған тәтті мен өздері ішетін шайдан дәм ­татқызбайды. Сол ежіредегі судан күніне неше кесені сіміріп алып қайтамын.
Бір күні Жәниядан:
– Апаң мені жек көре ме?– деп сұрадым.
– Неге? Апам бәрімізді жақсы көреді.
– Онда маған неге кәмпет бермейді. Енді бермесе келмей қоям,– дедім.
Үйге қарай лақша секіріп тұра жөнелген Жания кірді де шықты. Екі уысында екі тал кәмпет.
– Апама айтпа. Екеуміз екеуін жеп алайық. Апасы көріп қоймасын деп, жалма-жан кәмпеттің қабығын аршыдым да, аузыма салып жіберуім сол екен, қол аяғым өз еркіме ырық бермей бір жағыма қарай қисайып құлап бара жатырмын. Менің жанымда Жәния ешнарсені сезбегендей көзін жұмып алып аузындағы кәмпетті екі ұртымен кезек таусап отыр.
– Жәнииии.. Даусым да шықпай қалыпты… Анадайдан Жәнидің апасы мен атасы жүгіріп келеді. Тек көзімнен басқа жерімде жан жоқ секілді. Тек көріп қана жатырмын. Қыбыр ете алатын емеспін. Апасы келіп Жәниді отырған орнынан жұлып алды. Атасы менің басымды енді сүйей бергенде анадайдан әкемнің құрдасы Естен сап ете қалды. Мені көре сала жүгіріп келіп, мені орнымнан жұлып алды да алды-артына қарамай үйге қарай жүгіре жөнелді. Жәниге ертең тағы келем деп айтқым келгенімен онымнан ешнәрсе өнбеді. Біз үйге таяп қалғанда анадайдан әкем де келе жатыр екен.
– Жалғызыңды көзіңнен таса қылма деп қанша айттым. Сеңқорада қабақтың үстінде жалғыз жығылып жатыр екен. Бір бәленің шалығы тимесе игі.
Әкем Естеннің құшағынан мені жұлып алды. ­Қол-аяғымда жан жоқ, арлы-берлі соқтығысып бос жатыр.
– Өтірік айтады жалғыз емес болатынмын,– деп айтқым келгенмен даусым жоқ.
– Құдайым-ай, не жазған ем, қатынның күйі анау, өлмелі болып жатқан. Енді мына жалғыз ұлға не істедің?! Әкем күңіреніп кетті. Соның арасынша осындағы барлық адам жиналып қалды.
– Тез біреуің Бастаулыға шабыңдар. Әден бақсыны алып келіңдір.
Менің үнім шықпағанымен, денем қозғалмағанымен, бәрін көріп, біліп жатырмын.
– Жылдам үйге кіргізіңдер!
Мені үйге кіргізгенде, шешем басын зорға көтеріп ­сөйлеуге даусы шықпай өз үніне өзі тұншығып жылап отыр екен. Сырттағы дауыстан менің халімді ұқса керек.
– Дереу пешке отын салып, лаулатып от жағыңдар. Қорғасын ертіп құяйық, бір нәрседен шошынып қалған ғой. Дән аға деген кісі барынша ұстамдылық танытып ­бұйырып тұр.
Әкем мен ішіне өзімше керек-жарақтарым деп жинап жүретін атамнан қалған талысты жерге бірақ төңкерді де, өзі құйып берген тепкіштің қылын суырып алып, қорғасынын Дән ағаға әкеліп еді:
– Жоқ мұның тым кішкентай, тағы біраз болу керек. Осы кезде шешем қолын босаға жақта сүйеулі тұрған адалбақанға қарай созып еді, әкем бірден түсінді. Адалбақанның басын ала қыстырулы тұрған ұршықтың қорғасынын шығарды. Оттықтың қасында тұрған ежіредегі қаңылтыр шөмішті алып оттың үстіне қойды да, ішіне қойдың тоң майынан бір кесегін салып жіберіп, май әбден бұрқылдап қайнай бастағанда қорғасынды үстіне салды. Сүт пісірімге жетпей қорғасынның шұрқылдап қайнаған дауысы естіліп, кеңсірікті ашытатын қышқыл иісі келді. Дән аға ожауды алып сыртқа шығып бара жатып:
– Қазір, қазір балқыған қорғасынды жайпақ ыдыстағы суға құйып көреміз. Неден шошынғаны сонда анық болады,– деп айтып бара жатты. Мені шешемнің қасына әкеліп жатқызып қойған. Шешем әлсіз саусақтарымен маңдайымнан сипалап отыр. Аз үзілістен соң жаңа қотарыла сыртқа шығып кеткендер қайтадан үйге кірді.
– Тура адамның бейнесі… Қыз баланың бейнесі ғой мынау…
– Бетіне апарыңдар… Есін жияды… Дән аға сенімді. Әкем қолындағы қорғасынның құймасын бетін көз алдыма алып келі. Жаңағы қыз баланың бейнесі деп жатқандары шынымен рас екен. Тура Жәнияның кішкентай ғана мүсіні екен. Тіпті дөп-дөңгелек көзінің көк пен жасылдың арасында құбылып тұратын жанарына дейін аумаған.
– Жәния!– дедім. Ернім қыбырлағандай болды. Тым әлсіз болса да үнім шыққандай.
– Есін жиды, есін жиды…
– Айналайын -ай…
– Құлыным -ай…
– Су ішерің бар екен ғой…
– Жарайды, енді кейін тұрыңдар. Есін енді жиғанда тарылтпаңдар. Бір-екі адамнан басқамыз сыртқа шығайық… Әзірге осы есін жиғанына да шүкірлік, қалғанын Әден бақсы келгесін естірміз. Дән аға бәріне бұйыра сөйлеп өзі төр жаққа барып жантайып жатты.
Шешем әлі маңдайымнан ақырын сипалап жатыр. Әкем есі ауған адамша анадайда состиып тұр. Жаңағы Жәнияның мүсінін қайда алып кетті екен деп ойлап жатып, көзім ілініп кетіпті. Қанша уақыт өткенін қайдам, ауылдың бас жағынан тура осында қарай алай-дүлей дауыл соқтырып осы үйді тұтасымен бүріп жібергелі келе жатқан, алып қара ­құстың қанатының ысылымен оянып кеттім. Манағыдай емес әлденіп қалған екем. Орнымнан атып тұрып, үйдегілерді құтқармақ болып енді көтерле бергенде, әкем мен Дән аға екеуі атылып келіп мені:
– Айналайыным- ай шошынып қалған ғой, тыныштала ғой, – десіп тапжылытпай ұстап қалысты.
– Қаш, қаш, қашыңдар, – деп мен барынша айқайлағаныммен, әкем құлағын аузыма төсеп жүріп әзер естіді.
– Рас айтасыз, Дән аға. «Қаш, қаш» деп жатыр, шошынып қалған екен…
Мен тағы талықсып барып есімді қайта жидым. Кенет есік шарқ етіп ашылып үйге тұмсығы ішіне қарай иілген алып қара құс кіріп келе жатты. Мен баж ете қалып көзімді жұма қойдым. Мені қашан келіп тегеурінді тұяқтарымен мыжғылап, анау өткір тұмсығымен жұлмалайды екен деп күтіп жаттым.
– Ассалаумағалейкум Әден бақсы…
– Армысыңдар қарақтарым…
– Мына бала…
– Білдім, көрдім. Қазір… Айналадан біреудің жерді қамшымен осқылаған даусы құлағыма келіп жатыр. Мен ақырын көзімді ашып едім сақалы белуарынан келетін, кезінде атамды кәрі жезде деп қалжыңдасып жүретін Әден шал. Жиі болмаса да, біз жаққа көп келіп тұратын. Анда-санда келіп шешеме дем салып кететін. Мен бұл кісіні Бақсы ата дейтінмін. Атам өлген соң біздің үйде біраз уақыт болған. Атамды сағынып жылаған сайын «мен сенің атаңмын» деп бауырына басатын-ды. Бақсы атам басында тұрған құманды қолына алып, үйдің ішін шыр көбелек айналып қолындағы сарала қамшысымен жер сабалап біраз уақыт жүрді де, аузына су толтырып, менің қасыма келіп бетіме бүркіп кеп жіберді.
– Ата! Бұл жолы даусым құлақты жарып жіберердей ащы болып шықты. Денемді тартып жатқан әлдебір зілмауыр нәрседен босап, бақсы атамның мойнына асыла кеттім.
Манағы сырқа шығып кеткендердің барлығы менің ащы даусымнан жапа- тармағай үйге кірген. Бақсы атамның мойнынан тас қылып құшақтап алып өксіп жылап тұрған мені көріп бәрі қуанысып қалды.
– Алда… қасиетіңе бас Әден аға… шарапатты адам ғой…. үй іші толқып кеткендей болды.
– Алғашында жан таппағасын қорғасын қайнатып құйған ек,- деді Дән аға баяғы сырбаз қалпы.
Бақсы атам Дән ағаға жалт қарап:
– Бәсе, бәсе… қолынан дәм татып тұрып, қалай аман қалды деп ойласам… қорғасын құймағандарыңда құрдымға бірақ кететін еді.
– Бір баланың нобайы түсті.
– Бейнесі қыз бала. Жұрт шуласып кетті.
Мен Бақсы атамның құлағына аузымды жақындатып.
– Ол, Жәния!- дедім, сыбырлап.
Бақсы атам тұла бойымен селк ете қалды. Мені төр жақтағы атамның қайқы бас төсегіне жатқызды да, менен не көргенімді тәптештеп сұрай бастады. Жәнияның атасының ешкімге айтпа деген сөзі есімде тұрғанымен, өз атам секілді жақсы көретін бақсы атамнан ешнәрсені жасырмай бәрін айтып бердім.
Атамның төсегінің бас жағында ілулі тұратын дорбаны ақтарып түбіндегі жатқан айшықты мүйіз тұмарды алып менің мойныма тақты. Сосын айнала қаумалап тұрғандардың барлығын сыртқа шығарып жіберді. Төсектен тұра алмай жатқан шешемді әкем мен Дән аға екеуі қолтықтап ауызғы бөлмеге шығып кетті. Мені тырдай жалаңаштап шешіндіріп тастап екпеттетіп жатқызды да арқамнан қолындағы қамшысымен тартып-тартып кеп жіберді. Ауылда қамшыгер атанған Бақсы атамның қамшысы менің арқама шыбын шаққан құрлы әсер ете алған жоқ. Сосын керіле есінеп біраз отырды да, пештегі гүрілдеп жанып тұрған отқа босаға жақта тұрған темір қалақшаны әкеліп салып, аузынан көбік шаша көрікше жел шығарып ошақты үрлей бастады. Қалақша балқып ағып кетердей болып қып-қызыл болған кезде ошақтан суырып алды да тілімен быж-быж еткізіп жалап-жалап жіберіп менің жонымнан, кеудемнен, екі бүйірімнен сол қып-қызыл боп жан-жаққа сатылатып жалын шашып тұрған қалақшамен сабалай жөнелді. Мен қайтадан талығып барып ұйықтап кеттім. Оянғанымда таң атып кетіпті. Бақсы атамның қойнында жатыр екем. Шешем басын көтеріп дастархан басына келіпті, қуанып қалдым. Төр жақта Дән аға бастаған біраз адам отыр. Бақсы атам да орнынан тұрып, қолына құман алып қақырынып-түкірініп сыртқа шығып кетті. Мен недәуір сергіп қалған екенмін. Басымды көтере беріп ауыз үйдің ашық тұрған есігінен сығалап тұрған Жәнияны көріп қорқып кетіп баж ете қалдым да, көрпенің астына қайта кіріп кеттім. Үйдегілердің барлығы ұлардай шулап маған қарай жүгірді.
Олар менің жаныма жеткенше сырттан қоңылтаяқ кие салған кебісін сартылдатып бақсы атам кіріп:
– Тимеңдер түге, ешнәрсе етпейді. Кеше қорғасын құйып жанын алып қалғандарыңмен бір нәрседен қателік жібергенсіңдер. Қорғасынның теріс бетін емес оң бетін көрсеткенсіңдер ғой. Кейде осындай бір істер басқа бәле қазаны алып кетеді. Қанша жылдан бері ем қонбай тұра алмай жатқан келін енді құлан-таза сауықты. Оғанда шүкірлік… Шебер жаратқанның ісіне шек барма… Бір-біріне қиюластырып қойған…
– Әдеке-ау оны біз қайдан білеміз. Біздікі сол жан таппаған соң амалсыздан көрген бірдеңемізді қайталағанымыз ғой, – деп Дән аға ақталып жатыр.
– Иә… иә… жанын алып қалғандарыңа мыңда бір шүкірлік, тек кішкене ғана нәрседен үлкен қателік жіберіп алғансыңдар. Теріс жағын көрсеткендеріңде оның бетін көрмейтін еді де, елесі көз алдында қалмас еді. Енді қашанға дейін екенін тек бір жаратушы ғана біледі, елесі бірге мазалап жүретін болады…
– Ол не қылған бәле Әдеке айтсаңызшы,– деп Дән аға бақсы атама қарады.
– Естеріңде болса осы Әске туылған жылғы тасқынды білесіңдер ғой. Ауылдың аяғындағы бір үйлі жанды бірақ алып кеткен. Содан бері сол жер Сеңқора деп аталатын еді ғой. Сол үйдің жігітімен келіншегінің ғана сүйегі табылып жаңа туған қызы мен қарындасы әке-шешесі төртеуінің мүрдесі табылмай кетіп еді ғой.
– Иә, иә Әдеке. Одан беріде міне жеті жыл өтпеді ме?!
– Солардың жаны барар жер таппай көне қыстауларына келген ғой.
– Құдай сақтасын!
– Ауылдың адамдарын жинаңдар. Арнайы құрбандық шалып, тасаттық берейік. Мүмкіндік болса мен соларды ауылдан басқа жаққа көшірейін. Бәрі бір олардың сүйегін таба алмаймыз ғой, – деген бақсы менің қасыма келіп жантайып, менің маңдайымнан искелеп біраз жатты. Менің қайтадан көзім ілініп кетті.
Ауыл болып аруақтарды көшіруге кетті. Үйде шешем екеуміз қалдық. Содан бастап біраз уақыт сыртқа қорқып шыға алмай жүрдім. Ауызғы үйдің есігінен сығалап тұрған Жәнияні көргенде өзімді қоярға жер таппай қалатынмын. Кеш бата Жәния сөзі ұғылмайтын әлдебір мұңлы әнді айта бастайтын. Арада бақсы атам тағы бір келіп өзі сыртқа мені ертіп шықты. Босағадан аттай бергенімде Жәния сол қолымнан шап етіп ұстап жабыса кетті. Мен құлында-құлын даусым шығып шыңғырып бақсы атамның бауырына тығылдым.
Атам мені кеудесіне көтеріп:
– Әске, ол осында тұр ма? – деп сұрады.
– Иә, иә деп мен шырқырап тұрмын. Атамның аяқ жағына қарасам Жәния жылап жерде отыр екен.
– Әске қорықпа одан. Ол саған ешнәрсе істемейді, қорықпа. Кешегі құлап қалғаннан кейін шошынып қалған мен, бейберекет бажылдап жатырмын. Атам мені жайлап жерге түсірді. Жәния бүк түсіп еңіреп жылап отыр.
– Қорықпа балам. Сен мықты жігітсің ғой. Ол не істеп отыр? – деп сұрады атам.
– Мен өксігімді баса алмай, олда жылап отыр, ата,- дедім.
– Жарайды көрдің бе сен қорықсаң ол өкпелеп жылайды. Қорықпа. Атам мені жалғыз қалдырып ақырын шегіне берді.
Мен қорқа-қорқа Жәнияға қарай қолымды создым. Ол маған қарады, әппақ беті айғыздалып, түрлі түске боялып өзгеріп тұратын жанары қып-қызыл болып қызарып кетіпті. Орнынан тұрып менің ұсынған қолымды ұстағанда қайтадан бал-бұл жайнап шыға келді.
Содан бастап мен одан қорықпайтын болдым. Екеуара қызу әңгімеге кірісіп кетеміз. Неге екенін Жәнияның өзі де айтып бере алмайды, біздің үйдің табалдырығынан аттай алмайды. Кешкісін мен үйге кіргенде ол сыртта қалады. Апасымен атасын сұрағанымда олар кетіп қалды, қайда екенін білмеймін деп мұңайып қалатын. Әр күні таңертең маған келгенде оның үстіне жабысып қалған ошағаннан оның зират жақтан келіп жүргенін аңғаратынмын. Неге екенін қайдам өзімде ол кезде одан қайда қонып жүрсің дегенді сұрап көрмеппін. Арада көп өтпей мектепке баратын кез болды.
Әкем әкеліп берген боқшама кітаптарымды салып алып мектепке кеттім. Шешем қолымнан жетелеп келеді. Үйден шыға Жәнияда ерді. Мен одан қайда барасың деп сұрап ем «менде мектепке барамын» деді.
Шешем:
– Әске болды, өз-өзіңе сөйлемей тез жүр, – деп мені дедектетіп мектепке қарай жүре жөнелді. Біздің соңымыздан Жәния да қалмай жүгіріп келеді.
Ауылдың мен құралыптас барлық балалары жиналған екен. Бәріміз класқа кірдік. Алдағы тақтаның алдында тұрған Секен мұғалім балаларды «сен анда, сен мында отыр» деп отырғызып жатыр. Бір кезде ол маған Әске сен Мәрудің жанына отыр деді. Мен шоқ басып алғандай шоршып кеттім.
-Секен аға мен Мәрудың жанына емес Жәниямен бірге отырамын.
– Қой ары Әске бізде Жәния атты оқушы жоқ, – деп Секен мұғалім шешеме қарады. Шешем күрсініп:
– Секен қайным, Әскенің жайын білесің ғой жалғыз отыра берсінші,- деді. Мен қайтадан:
– Жоқ жалғыз отырмаймын, Жәниямен бірге отырам,– деп жылап жібердім. Шешем жаныма келіп маңдайымнан иіскеді де:
– Жарайды, онда Жәниямен бірге отыра ғой,- деді де жаулығының ұшын тістеп сыртқа шығып кетті.
Мен Жәнияны ертіп шеткі партаға барып отырдым.
Секен мұғалім сабақ бастап кетті. Мен дәптерлерімнің жартысын өз алдыма, жартысын Жәнияның алдына қойдым.
Бір сағаттық сабақ аяқталған соң үзіліске шықтық, балалар алысып-жұлысып сыртта ойнап жүр. Іште үш-төрт бала ғана қалдық. Мен Жәнияға:
– Сыртқа шығып ойнап келейік пе?– деп едім:
– Әске осында отыра берейікші, – деді.
– Мақұл онда отыра береміз,– деп едім:
– Жынды өзіне-өзі сөйлеп отыр, – деді артқы жақта ­отырған бір қыз.
Мен оған жаман көзіммен қарап:
– Өзің жындысың, мен Жәнияға сөйлеп отырмын,– деп едім, қалғандарының барлығы шулап:
– Өзіне-өзі сөйлейтін есалаң, жынды, ұят-ай, сен жындысың,– деп шулап кетті. Мен қатты ашуланып, тақтаның алдындағы таяқшаны алып жіберіп кеп қалып едім, шулап отырғандардың қақ ортасында отырған манағы алғаш сөйлеген қыздың маңдайына тиді. Ол баж етіп құлап қалды. Шекесінен қан ағып кетіпті.
Соның арасынша сырттан Секен мұғалім кіріп келді де, мені сүйреген қалпы сыртқа шығарып жіберіп, іштегілерге ақырып ұрсып жатты. Мені сүйрелеп сыртқа шағарғанына ашулансам да, іштегілерге ақырып ұрсып жатқанын естіп жүрегім жылып қалды. Содан бастап балалар мені мазақтамайтын болды. Мен сабақты жақсы оқыдым. Ел екі-үш әріптің басын қоса алмай жүргенде, мен әліппені толық тауысып оқып тастадым. Қалған сабақтарда да класс бойынша ең алдындамын. Тіпті мұғалімнің сабағын тыңдамай-ақ өзім біле беретін болып кеттім. Сабақ кезінде Жәниямен әңгімелесіп отыра беретінмін. Әредік даусым қатты шығып кетсе, мұғалімдер ескертіп тоқтататын. Кейде Жәния сөйлеп қоймай қойса мұғалімдер мені:
– Әске енді тыныш отырмасаң, Жәнияны кластан шығарып жіберіп қайтып кіргізбей қоямыз, – деп қорқытатын. Ондайда мен аузын буған өгіздей жұп-жуас тәртіпті оқушы бола қалатынмын. Алтыншы класқа барған жылы балалар маған:
– Үйіңнен тәтті әкеліп бермесең Жәнияны ұрып қуып жібереміз, – деп қорқытып тәтті алдыратын болды. Біздің үйде тәтті бітіп қалса, көршілерден барып сұрап алып балаларға әкеліп беріп жүрдім. Жәния осыған дейін менімен бірге оқыса да әлі хат танымайтын. Тек менің жанымда отыратында қоятын. Мұғалімдер де одан сабақ сұрамайды. Кейде мен шыдай алмай:
– Жәниядан неге сабақ сұрамайсыңдар? – деп сүрен салатынмын. Сонда ғана мұғалімдер Жәниядан сабақ сұрайтын. Жәния жауабын білмей маған қарайтын, мен оған сыбырлап ақырын айтып беретінмін. Жәния менің айтқандарымды дауыстап қайталап айтып беретін. Онымды балалар біліп қалып сықылықтап күлетін. Айтып болғасын мұғалім бәрімізге қарап:
– Көрдіңдер ме, Жәнияда сабақты керемет оқиды. Сендерде осылай оқыңдар дейтін. Жәния екеуміз қабағат қуанып қалатынбыз.
Кейде сабақта отырғанда Жәния:
– Әске жүрші далаға шығайық, жалығып кеттім,- дейтін.
– Менде жалығып кеттім,– деп мұғалімнен сұранып сыртқа шығып кететінбіз. Басқа балалар сұранса жібермегенімен, мұғалімдер Жәния екеумізді қай уақыт болса да, жібере беретін.
Жазғы демалысқа тарқап қайтадан келген кез еді. Біздің кластағы ұл балалар ұрланып темекі тартатын, менде бір-екі рет тартып көргем жаман нәрсе екен. Содан балалар:
– Темекі алатын ақша әкеліп бермесең Жәнияға тисеміз,- дейтінді шығарды. Жәнияға біреудің тискеніне мен қалай шыдап тұрамын. Үйде алғашында ақшаны сұрап алатынмын. Кейін сұрамай алып кетіп жүрдім. Содан әкем мен шешем ақшаларын тығып тастайтын болды. Мен бәрібір тауып алатынмын. Үйде ақша жоқ болса, сыртта жүрген кімнің болсын ақшасын тартып алып балаларға әкеліп беретінмін. Балалар онысымен қоймай:
– Қайда сенің көрінбейтін Жәнияң? Ол не істеп жүр? Екеуің құшақтасып бірге жатасыңдар ма? Оның ерні қандай, көзі қандай?– деп ақымақ қылатын болды. Ақыры әкем мені оқудан шығарып алды. Үйде бос отыратын емес, Жәния екеуміз күнде таңертең қой өргізіп кетеміз. Мен қойлардың санын қойғанда бәрінің түрі-түсімен ен-таңбасымен бір-бірлеп айтып бере алатынмын. Кейін өзіміздің ғана қойды емес, біздің ауылдың барлық қойының бөген-ай белгісін біліп алдым. Әкем күзде аттан жығылып мертігіп қалған соң, биыл мені отарға жіберген. Әуелде шешем қосылмағанымен, Байтел мен Мәкей қолқалап қоймаған.
– Жеңеше-ау, несіне алаңдайсыз? Біз бармыз ғой. Көзімізден таса қылмай қарап жүреміз. Төрт қора қойды бір қосқа жинайық деп отырмыз. Басқасын қойғанда қалың қойдың ішіндегі көрпелдестерді тани алмай қалармыз. Төлдеу кезінде тіпті қиын. Соның бірінде Әске бізге ес қатады, – деп.
Шешем жылай жүріп қосқа керек-жарағым мен киім-кешегімді даярлап берген. Сосын міне осында тартып келе жатқынмыз. Мен қоралы қойды айдай жөнелгенде анадайдан жүгіріп Жәния да келген, ол менімен бірге келеді. Тек кеште жоғалып кетеді де, таң ата қайтадан пайда болады. Күні бойы анау үшеуі бірге жүреді де Жәния екеуміз бірге жүріп отырамыз. Менің астымдағы алаяқ құла Жәнияға әбден үйреніп алған одан үрікпейді. Жәния атқа мінбейді, тіпті шапқыласаң да жалынан ұстап алып бірге жүгіріп отырады. Басқа қойшылармен бірге жүрейін десем, Жәниядан аттары үркіп жүргізбей қояды. Содан бөлек жүріп отырамын.
Әңгімен осы араға жеткенде Бәкей жан-жағына жалтақтап қарап:
– Әске бауырым ол осында ма? – деп сұрады.
Мен біздің соңымыздан анадайда еріп келе жатқан ­Жәнияға қарап:
– Иә, ол осында. Шақырайын ба?- дедім. Өңі сұрланып кеткен Бәкей:
– Жоқ, жоқ керегі жоқ. Жүр, ана ақымақтарға барайық, – деп алды артына қарамай қосқа қарай жүгіре жөнелді. Мен Жәнияның қасында қалдым.
Мен ет асымдай уақыт айналып қосқа келгенімде Бәйтел мен Мәкей қорылдап тұрып ұйықтап жатыр екен де, Бәкей арлы-берлі дөңбекшіп ұйықтай алмай жатыр екен.
Менімен бірге қостың аузына дейін келген Жәнияға:
– Жарайды, енді сен бара бер, таңертең ерте тұрып кезігеміз,– деп жатып қалдым. Арлы-берлі аунақшып, аһлап-үһлеген Бәкей ұйықтатар емес.
Мен басымды көтеріп:
– Бәкей аға, қорықпай ұйықтай беріңіз, ол ешкімге тиіспейді, – дедім.
Бәкей маған жауап қайтарған жоқ. Үнсіз тынышталып қалды. Содан бері Бәкей екеуміз сөйлесіп көрмедік.

***
Көшіп осында таяғанда Байтел мені ертіп, алдын-ала барып қостың орнын тігіп малға ықтасын жасамақ болып озып кеткенбіз.
Мені оң жағына қосарға алып алмақ болып, Байтел астындағы есікпен төрдей көкқасқасын тебініп жетіп келген кезде, біздің оза шауып кетпек болғанымызды білген Жәния менің құламның сулығынан келіп ұстай алды. Сап ете қалған Жәниядан Байтелдің көкқасқасы шыңғыра үркіп үстіндегі адамды аударып кете жаздады.
Байтел мені тұңғыш рет боқтап жіберді:
– Ой, есер сенің… Осы сайтаның-ақ. Мен оған үндегем жоқ. Жәнияға:
-Біз Жылауық талға кетіп барамыз,– деп ем ол:
– Менде Жылауық талға барамын,– деді.
– Байтелдің атын үркітпеші,- дедім.
– Мен Байтелдің атын үркітпеймін,- деді ол.
Анадайда астындағы аты осқырынып, өзі маған кіжініп тұрған Байтелге:
– Менің оң жағыммен жүріп отыр,- дедім де құланы тебініп құйғыта жөнелдім.
Байтел ере шауып, оң қапталымнан қосанжарлады. Қамшылар жағымда Құланың жанына жабысып Жәния ұштыртып келеді.
Маған қарап ақсия күлген Байтел:
– Әске жаңа байқамай аузымнан жаман сөз шығып кетті, ренжіме бауырым,– деді.
Мен:
– Жоқ мен ренжімеймін. Жәния сен ренжіген жоқсың ба?– деп атпен бірге алқына жүгіріп келе жатқан Жәнияға қарадым.
– Байтелге мен ренжімеймін,- деді Жәния. Ет асым уақытқа жетпей біз межелі жерге жеттік. Анандайдан қалбайып жалғыз тал көрініп тұр. Ағаш қанша алыс болғанымен, сол жақтан шыққан әдемі әннің даусы бірден құлағыма жетті.
– Жәния ән айтып жатқан кім?– деп сұрап едім, ол маған шалқалай бір қарады да, екі бетін жас жуып аттан озып жалғыз түп талға қарай заулап жөнелді.
– Жәния қайда барасың? Тоқта, тоқта,– деп мен атымды борбайлап шаба жөнелдім.
– Мен талға барам, талға барам, атам күтіп отыр, апам күтіп отыр, әпкем күтіп отыр, – деп айқайлап, шапқылаған атқа жеткізбей кетіп бара жатты. Артымнан атын үсті-үстіне қамшылап:
– Әске тоқта, Әске…, – деп Байтел шапқылап келеді.
Жәния сағымдай заулаған қалпы жапандағы жалғыз талдың түбіне барып ізім-ғайым жоқ болып кетті. Қос құлағым жымқырып құйындай құйғытқан құла ат менің неге шапқылап келе жатқанымды білгендей талға жете артқы тірсегімен жер тірей сүйретіле келіп тоқтады.
Мен талды айнала жүгіріп жүрмін.
– Жәния деймін, Жәния,– деп. Іле-шала Байтелд е жетті астындағы көк қасқаны ілгерінді-кейін теңселтіп. Атынан қарғып түсті де, аласұра талды шыр айналып жүрген мені шап беріп ұстап алды.
– Әске болды, тоқта, Не болды саған?
– Жәния мына талға кіріп кетті,– дедім мен ботадай ­боздап.
– Әске сәл күте тұр, қазір Жәния шығады. Осында кішкене демал. Оның бір-бірінің шоқтықтарын жолысып оқыранысып тұрған екі аттың шыбырларын білегіне іліп, мені бір қолымен сүйей анадайда тұрған қу шидың түбірінің қасына алып келді. Мені иығымнан басып отырғызды да, өзі бөктеріншегіндегі күрек пен тесені түсіріп екі аттыңда айылын босатып, терліктерін алып, шидің қу түбіріне жаба салды.
Сосын өзі отырып бір тал шылым тұтатты да, маған қарап басын шайқап:
– Әске сен мықты жігітсің ғой. Екеуміз қазір қостың орнын тегістеп айналасынан мор қазып тастайық. Маңайдан отындық бірнәрселер жинап қояйық. Арттағылар келгенде қос тігеміз. Жүктің ішінде шешең көп кәмпет салып берген, мен соны саған берем. Тәттілеріңді Жәнияны шақырып алып екеуің жейсіңдер, – деп сөйлей жүріп қолындағы тесемен қу шидың бүйірін қопара бастады. Мен орнымнан тұрып манағы аттың терлігінің жанында жатқан күректі қолыма алдым. Мен құр тыртыңдағаным болмаса онша жұмыс істеп жарытпадым. Айналаның қорыс-қопасын шығарып, топырағын бір жерге жаймалай үйген Байтел кәдімгі үйдің орнындай жерді жерден біршама көтеріп тастады. Екеуміз үйілген топырақты айнала табанмен баттап жүрміз. Байтел маған:
– Бұл жер Жылауық тал деген жер. Бұрындары біздің ел осы өңірді қыстайтын. Соңғы сегіз жылдан бері мұнда ешкім келмеген. Ол кезде бұл жерде жалғыз ғана ағаш емес арасына қоралы қой сыйып кететін топ тал болып тұратын. Аяқ астынан бір түнде барлығы томары да қалмай ғайып болып кетіп, осы бір түп ағаш қана қалыпты. Содан бастап кеш батты болды тал таңға дейін зарлап жылап шығады екен. Содан қорқып ешкім келмейтін. Анау Мәкей иттің егесімен осында келуін келіп алсамда, енді өзімде айтарға болмаса жүрексініп тұрмын. Әске сен барсың ғой ә! Біз неден қорқамыз? – деп тоқтамай сөйлеп жатыр. Жалпы маған бөйтіп ешкім көп әңгіме айтпайтын.
– Байтел аға, – деп құшақтап жылағым келді. «Сен мықты жігітсің» деп жаңа ғана айтты ғой. «Мықталар ешқашан жыламайды. Жыласа да, көз жасын өзінен басқа ешкімге көрсетпейді» деп әкемнің айтатыны есіме түсіп, көзіме келіп төгіліп кеткелі тұрған жасты Байтелге көрсетпей жеңіммен сүртіп тастадым да:
– Иә, мен бармын. Ешкім тисе алмайды. Жәния келсе тіпті жақсы болар еді, – дедім.
Түс ауа арттағы малды көш те жетті. Арғы шетіне көз жетпейтін жазыққа қойлар бытырай, ақ жусанның басын бырт-бырт жұлып жайылып барады.
Төрт жақтап жүріп қосты тігіп, жанынан тас ошақты құрып, қостың айналасын шымды топырақпен көмкеріп, ішіндегі бағана Байтел екеуміз жұлып әкеліп қалың қылып төсеген сарбалақтың үстіне текемет сырмақтарымызды жайып, кәдімгідей жатын орын даярлап алдық. Мен айнала жүгіріп сексеуілдің қу томарынан бір арқа қылып әкеп қостың іргесіне дүрс еткізіп тастай салғанда қоста отырған үшеуі де:
– Бәрекелді, Әске. Жарайсың. Мына сексеуілді ана сары атанның өзі әзер көтереді, – деп қауқылдасып жатты. Мен шешем салған кәмпетті қашан берер екен деп Байтелге қайта-қайта жалтақтап қоямын. Осыны ұққандай Байтел:
– А, айтпақшы, Әскеңе бағана кәмпет берем деген едім ғой… Мәке анау қоржынның басын ашшы. Әскеңе шешесі көп қылып кәмпет салып жатыр еді,- деді. Мәкей орнынан тұрмай-ақ іргеге қарай жантайып барып қоржынды жұлқа тартып орталарына топ еткізіп қоя салды. Қоржынның басындағы қомақты түйіншекті сыртқа шығарған Байтел ­түйіншегін босатып ішінен маған бір уыс кәмпетті бірақ берді. Кәмпет қолыма тие сала мен манағы жалғыз ағашқа қарай тұра жүгірдім.
Қолымдағы кәмпетімді алып қанша айқайласамда, Жәния шықпай қойды. Ақыры Байтел мені қосқа қайта ертіп келді.
Қос басы болып Байтелды арнайы сайламасақта, барлық істің жайын одан артық білетін ешкім жоқ еді. Содан да Байтел өзі бас болып барлық істі басқарып кете беретін.
Жылауық талдың хикметін алғашқы түні көрдік.
Қос тігіліп болған соң, қостың ауыз жағына шағын темір пешті құрып жапардағы дөңгелете көмкерілген қаңылтырдан моржасын сыртқа шығарып, манағы әкелген сексеуілдың томарларын пеш ішіне қалап маздата жақтық та, торсықтағы суды майыса-майыса әуелгі бейнесінен әлдеқашан айырылып қалған қара шәугімге құйып қайнаттық. Байтел Бәкей екеумізге:
– Жылауық талдың ар жағындағы шилі өзекке барсаңдар сол жерде шығырлы құдық бар. Атпен тартқанға тас басып тұрған шынжырлар жібере қоймас. Менің сары атанымды алып барып сонымен тартып жанындағы үлкен науаны толтырып тастаңдар да, қостағы босаған ыдыстарға су толтырып алып келіңдер. Мәкей сен сырттағы тас ошаққа от жақ. Әуелгі қонағасы менен болсын. Кешегі аяғын тасқа қыстырып алған көк ісекті сояйын. Босқа аяғы жазылғанша арып кетер, – деп өзі қойға қарай аяңдады.
Бәкей екеуміз босаған ыдыстарды алып Байтелдың сары атанын жетелеп шилі өзекке қарай кеттік. Құдық басы қураған шөп пен қалың қаңбаққа көміліп қалған екен. Екі жақтап жүріп әзер аршыдық. Құдықтың шығырына бекітілген тостақтарды тат баса бастаған екен. Шынжырдың айналмалы білігіне қырық құлаш арқанын орап жатқан Бәкей:
– Әске, құдай біледі мына жерден ешкімнің су алмағанына жеті жыл емес жетпіс жыл өткен шығар,- деді. Мен үндегем жоқ. Сары атанның шомының алдына оралған арқанның бір ұшын байлаған Бәкей:
– Ал, енді Әске сары атанды жетелей бер, арқан таусылғанда айқайлаймын сонда бірақ тоқтайсың,- деді.
Мен сары атанды жетелей жөнелдім. Өтірік айтқан адамға жеңді белектей етіп есілген қара ала арқан үзілердей болып керілді. Сары атан мизер емес. Жайлап тартып келеді. Бір заманда тат басқан шығыр жан біткендей шақұр-шұқыр етіп айнала бастады. Мен біраз жерге жеткенше науаға су құйылмады, әлі жүріп келемін. Бір заманда барып арқа жа­қтан Бәкейдің:
– Тоқта, енді қайтып кел,- деген айқайы естілді. Қолындағы қатқан қайың сырықты шығырдың арасынан өткізіп ­тиектеп жатқаны анық көрініп тұр. Мен жеткен жерімнен сарбалақтарды жұлып бір жерге жинап белгі жасадым да, Сары атанды жетелеп кері қайттым.
– Құдықтың суы құрып қалдыма екен деп ем, құдайға шүкір бар екен, – деп тісін ақсита күліп тұр. Мен сары атанды жетелеп қайта кеттім.
Құдықтың тереңдігі сондай қырық құлаш арқан таусылғанда барып су іліккен тостақ жер бетіне енді жеткен екен. Мен жеткенше Бәкей арқанды білікке қайта орап болған екен. Айналмай қайта жаңағы ізіммен сары атанды жетелеп жүре жөнелдім. Арт жағымнан Бәкейдің:
– Әске босқа шаршағанша атанды шөгерде мініп алмайсың ба?- деген айқайы естілді. Мен мойнымды бұрмастан:
– Осылай жүргенді жақсы көрем, – деп ем, ол:
– Әлі қайда, кем дегенде он бес орам тартуымыз керек, – деп айқайлады. Мен қайта айналып келгенде мөп-мөлдір салқын су шығырдың астынан жасалған шұқанаққа толып тікше жіпсемен науаға келіп құйылып жатыр екен. Санап отырып он рет барып келгенде Сары атанның да тізесі дірілдей бастады. Менде айтарға болмаса бұрлығып қалдым.
– Сары атан екеуміз шаршадық, енді біраз дем алып ­алайық па? – деп ем, Бәкей:
– Жарайды, онда сендер демалыңдар мен тартайын. Менің Жалбас торым мынау шығырыңды шыр айналдырады. Тек арқан таусылуға таяғанда мына сырықты состақтың астындағы қуыстан өткізіп тектеп қойсаң болды. Әйтпесе кейін шегініп кетеді,- деді де анадайда бос жайылып жүрген Жалбас торының қос айылын бірдей төсінен тартып, өмірлігін қысқартты да, қарғып мініп сары атанның қасына келіп, шомнан арқанның ұшын шешіп алып тақымына басып тебініп қалып еді, шығыр манағыдан қатты шақырлап айнала жөнелді. Шығыр айналған сайын су толған тостақтар шайқалақтай келіп сар-сар етіп шұқанаққа құйылып жатыр. Манағы сары атанмен тартқан кезде шұқанақтан науаға тартылған жіпсенің түбімен ғана аққан су енді арнасынан аға толып, науаға сарылдап құйыла бастады. Сарылдаған судың даусына ма, әлде судың да иісі бола ма көз көрім жерде жатқан қоралы қой бізге қарай төңкерілді. Қостан біреуі шығып қайырар деген үмітпен қайта-қайта мойнымызды созғанымызбен, қостан шыққан ешкім көрінбейді. Қоралы қой жердің шаңын шығарып бізге қарай таяп келеді. Саурынан тер тамшылаған Жалбастың үстінде тұрған Бәкей бір келгенде:
– Анау жалқаулардың жатып алғаны-ай. Кеш бата су ішкен қой қораны сідікке толтырғаннан басқа не өндіреді? Ертең таң ата бірақ суару керек еді. Мен оған жауап қайтарғаным жоқ, әлдеқайдан Жәния келе қалатындай жан-жағыма жалтақтап қарап қоямын.
Осы кезде Бәкейдің сөзі құлағына жеткендей қостан Байтел шықты да, көк қасқасына мінді де, бізге қарай өріп келе жатқан қойдың алдына қарай тұра шапты. Көк қасқаның шабысына сүйсіне қарап аңырып қалдым. Көк қасқа үйдей болып ұйысып қалған жыңғылдардан айналмай-ақ қарғып өтіп кетіп барады.
– Әске-ау, қайда қарап тұрсың? – деген Бәкейдің даусынан есімді жидым. Байтел қойды қайырып қостың желкесіне қарай жеткенде біз де науаны суға толтырдық.
Бәкей арқанды құлаштай шумақтап жинады да, шығырдың басындағы қалқадан шығып тұрған сырықтың бір басына ілді де, атына мініп сары атанды жетекке алды.
Мен алаяқ құланың үзенгісіне аяғымды сала бере жаныма жетіп келген Жәнияны көріп:
– Қайда кеттің? Жоқ болып кеттің ғой, – деп сұрадым.
– Атама бардым. Апама бардым. Әпкемді көрдім. Алақай тауып алдым, – деп жас балаша ойнақ салған Жәнияның артынан құланың тізгінін тастай салып тұра қудым. Анадайдан Бәкейдің айқайлаған даусын естідім. Бірақ не деп жатқанын түсінбедім.
Жәния біресе төбе болған жыңғылдың арасына кіріп кетсе, біресе қурап қалғанына мың жыл өткен үйдей сексеуілдің қу томарының басына шығып кетеді де, маған ұстатпайды. Сексеуілдің томарының басынан қарғып түскен Жәния сақ-сақ күліп, Бәкей жаққа қарай тұра жүгірді. Артынан жетер жетпес мен қуып келемін. Бір кезде Жәниядан үріккен Байтелдің аты тік қарғығанда Бәкей аттан түсіп қалды. Жалдас торы қостың жанында тұсаулы тұрған Мәкейдің ақбозының қасына бірақ барды. Бет-аузын топырақ басқан Бәкей мен жаққа бір қарады да, қосқа қарай айқайды салып тұра қашты. Бәкей һмен жарысқандай бірге жүгіріп бара жатыр. Арттарынан:
– Тоқта деймін тоқта,– деп бақырып мен келемін.
Біздің даусымызды естіп қостан Байтел мен Мәкей өре шықты қостан. Бәкей заулаған қалпы қосқа қойып кетті де, Жәния бірақ қарғып қостың үстінен секіріп ары асып кетті. Мен де Жәнияның артынан қостан қарғып өте шықтым. ­Жәния енді айнала қашып Жылауық талға қарай беттеді. Біз талға да жеттік. Жәнияның желбіреген көйлегінің етегінен енді іліне бергенде Жәния сол жүгірген екпінімен талдың діңіне кіріп жоқ болып кетті. Талды бас салып арлы берлі жұлқылап көрдім. Қай жеріне кіріп кеткені белгісіз. Қанша айқайласамда Жәниядан тырс еткен үн жоқ. Сосын қосқа қарай жүгіріп бардым да, тесені ала салып қайта келдім де, талды қопарып тастамақ болып тесемді құлаштай көтергенімде:
– Тоқтат! – деген Байтелдың зор даусы естілді. Байтел алқына жетіп келді де, қолымдағы тесені жұлып алып анадай жерге лақтырып жіберіп барып:
– Әске, мына талды қопарып тастасаң Жәния саған өкпелейді. Не сен Жәнияны өкпелеткелі тұрсың ба? Онанда қосқа жүр. Тамақтанып алған соң саған шешең берген кәмпеттен беремін. Соны әкеліп берсең шығады, – деп мені жеңімнен тартып қосқа қарай жетелей жөнелді.
Қосқа келгенде Мәкей мен Бәкей екеуі қара шәугімді алдарына қойып шай ішіп отыр екен.
Байтел Бәкейге қарап:
– Бәке, Әскенің анда-санда осылай ұстап қалатын ұстамасы бар. Қорықпа, тимесең болды. Кейде тіл алмай қояды. Сол кезде Жәнияға айтсаң болды тіліңді алады, – деп сампылдап сөйлей бастап еді, Бәкей:
– Қайдағы? – деп аузын аша бергенде Мәкей оның санынан мытып қалып құлағына бірдемелер айтып жатты. Байтел менен:
– Әске, неге жүгірдің? Жәния келді ме?– деп сұрады. Мен:
– Иә, науаға су толтырып болған соң, Жәния келіп маған ұстатпай тұра қашты, мен қуып ұстай алмай қойдым, – дедім.
– Әске сен жүйрік едің ғой. Ол жеткізбей қойды ма? Не қосқа Бәкеймен бірге қосқа кіріп кетті ме?– деп сұрады.
– Жоқ қосқа кірсе ұстап алатын ем ғой. Үстінен секіріп кетті,- дедім мен Жәнияға жете алмай қалғанымнан ұялып.
Шай ішіліп болған кезде қараңғы түсіп кеткен. Сырттағы тас ошақта жаңа сойылған қойдың еті ақырын жыбырлап қайнап жатыр. Мен Байтелге қарап қоямын. Кәмпетті алып Жәнияға тез кете қалсам деп отырғам. Менің ойымды ұққандай Байтел:
– Әске етте пісіп қалды, сосын кәмпетіңді беремін. Болмаса Жәнияда келіп қалар осында күте тұр,- деді. Мен үнсіз басымды изедім.
Ортаға үлкен астаумен ет келген кезде сырттан баяу жел шыға бастады. Жылауық талдың жапырақсыз бұтақтарының желмен бірге сабаланған дауысы құлағыма келді. Бұтақтардың сартылдаған дауысын басып Жәнияның ән салған дауысы шықты. Әредік Жәнияның дауысы үзіліп қалғанда, баяғыда Жәниялардың үйіне алғаш барған кезде ішкі үйдегі әпкесінің дауысы естіліп қалады.
– Басталды, – деді Мәкей.
– Тура жылаған адамның даусы ғой,– деді Бәкей…
Байтел маған қарады да:
– Әске сен айта қойшы,– деп сұрады.
– Жәниямен әпкесі ән айтып отыр,– дедім мен.
– Жәнияның әпкесі барма? Байтел мен Мәкей жалт қарады. Менен бұрын Бәкей жауап берді.
– Иә, бар екен, – деп.
Енді ана екеуі Бәкейге үдірейе қарасты.
Жүзіне мысқыл орнаған Бәкей:
– Қорықпаңдар. Қай күні Әске айтып берген,- дегенде барып анау екеуі:
– Адамның жүрегін алдың ғой,– деді қарқылдай күлісіп.
– Дегенмен абайла басыңнан Әскенің Жәниясы қарғып кеткен,– деп одан арман даурыға күлісті.
Былқып басқан ісек қойдың майлы етін төрт жақтап қомағайлана асап жатырмыз.
– Жол жүріп талықтық. Аз болып қалмасын деп бір қолымен төстіктің етегін ғана алып қалып қалғанын бірақ салғам, – деп Байтел өзінің мырзалығын көрсетіп жатыр. Көк сабағы кеуіп әлдеқашан қурап қалған тау сарымсақтың аппақ өзегі кеңісірігіңді ашытатын қылымен тұзды сорпаға бұқтырылып арнайы жасалған тұздықты ортадағы астаудағы майлы еттің үстіне құйып, арлы-берлі араластырып жібергенде ең тоқ тамақ дайын бола қалған. Еттің барлығы желініп, сүйектер мұжылып, соңында астаудың түбін толығымен жауып жатқан құйрық май ғана қалды. Ендігі сөзді Бәкей бастады:
– Ал, енді екуін жол бойы айтысып тартысып келесіңдер мынау майға бәстессеңдерші,- деді.
– Несі бар ары кетсе он білем шығады. Былтыр күзде мына Мәкейдің әпкесінің ұзатылу тойында мен бұданда үлкен құйрықты жеп қойғам. Ол он екі білем шыққан, – дегенде Мәкей:
– Бөс, бөс, ол құйрықтың бұдан үлкен екені рас. Бірақ үйді айналып барып құсып қойғаныңды қайтесің? Жеп кететін ауылдың қаптаған қалың иті жоқ әшкереленіп қаласың ғой, – дегенде Байтел:
– Оттапсың кім құсыпты, – деп Мәкейді бүйірден ыңқ еткізіп қойып қалды.
Бір жағына қарай қисая бүйірін шеңбектеген Мәкей дым сызбай біраз отырды да, сосын қостың уығына қыстырулы тұрған қамшыны жұлып алып Бәкейді жотадан тартып кетті. Ортадағы астауды Бәкей өзіне қарай тартып ортаны ашып жатыр. Мәкей қамшыны қайта көтергенде жаңағы оңбай осып тиген қамшыдан қайқаң ете қалған Байтел:
– Батыр еке болды, болды, мен жеңілдім. Аяғыңа бас,– деп кеңкілдей күліп тоңқаңдап жатыр.
– Құсқаныңды мойындайсың ғой?
– Батыр-еке мойындаймын. Оны сен қайдан көріп қойдың?
– Сен сыртқа шыға менде ере шыққам, шиыңды шығарайын дедім де, көрші ауылдан келген құдалардан ұят болмасын деп үндемей қойғам. Деседе ауылдың иттерін бір тойғыздың. Осы кезде сөзге Бәкей кірісті:
– Бакеңнің жайы белгілі болды. Мәке, онда осы құйрыққа екеуміз бәстесерміз онда?! – деді.
– Әй, Бәке мен бәстессем мына Байтелмен бәстесем. Сенің жеп қоятыныңды андағы тоқпан жіліктің бір басын ғана ашып, ішіндегі майын қор еткізіп бірақ сорып қойғаныңнан-ақ біліп отырмын…
Кеңк-кеңк күлген Бәкей:
– Жарайды онда Байтел екеуің-ақ бәстесе беріңдер. Десе де, шаппай бәйге алып отырғаныма қуанып отырмын. Ендігі шешімді мен айтайын жеребе тастайық қайсыңа шықса соның жеңдер,- деді. Екеуі мақұл десті.
Шайдың сыртқы қағазынан екі жапырақ жыртып алған Байтел пештың аузына барып, шала жанған шырпының ­күйесімен біреуіне «бар» деп жазды да:
– Қайсыңның қолыңа «бар» деген жазуы бар қағаз шықса, соның жейсіңдер, – деп екі қағазды алақанына салып уқалап уқалап екі бөлек шиыршық жасады да, алақанын екеуіне қарай ұмысынды.
– Мен ананы аламын…
– Жоқ мен аламын…
– Онда мынаны…
– Жаңа ананы аламын дегесің.
– Өзің ғой, мен аламын деген. Екеуі ұзақ тартысып жүріп ақыры жеребе тартты.
Екеуі бірдей пештің аузына қарай ұмытылды. Пештің қақпағын ашып жалпылдап жанып жатқан оттың жарығымен шиыршықталған қағаздарын асығыс жазып жатыр.
– Менде жоқ екен, – деп Байтел шегіне беріп еді:
– Көрдің бе, кімнің жей алатынын бір құдайдың өзі білетін болып отыр ғой,-деп Мәкей қарқылдай күлді.
Қайтадан сарымсақ аршып ұсақтап турады да, сырттағы ошақта бұрқылдап қайнап жатқан сорпаның бетін қалқып үлкен кесеге құйып жарты уыстай тұз салып араластырды да, құйрықты білемдеп турап асықпай араластыра бастады.
– Сонымен не бәс? Мәкей Байтелге сүзе қарады.
– Жеп тауысып, құспай шыдай алсаң қайсы күні өзіңнің көзің түскен Ақбас қошқарды берем. Өзің не тігесің?
– Қошқардан қошқардың жорғасы жоқ, мен анау сыңар мүйіз көкқошқарды тіктім онда…
– Бәсіміз бәс қой?
– Бәс!
– Осы отырғандар куә!
– Біз куәміз…
– Куәміз…
Екеуі қол алысып келісті. Біз куәгер болдық.
Білемделген құйрық майдың біреуін қолына алған Мәкей майды аузына қарай алып бара жатқанда мен оның қолындағы май кеңірдегінен өтпек түгілі аузына сыймайтын шығар деп ойладым. Жоқ, оным бекер екен. Мәкей аузын арандай ашты да майдың бір басы енді іліне бергенде қылқ еткізіп шайнамай бітеу қалпы жұта салды.
– Бәрекелді, тебінің жаман емес. Ана екеуі қопақтасып қалды. Енді көтерілген айдың жарық сәулесі қостың ішін кәдімгедей жарық қылып тұр.
Астаудағы май сарымсақпен майлы сорпаға шыланып буы бұрқырап іркілдеп жатыр.
Мәкей екіншісін, одан соң үшіншісін бітеу жұтып жіберді. Алтыншысын жұтып жіберіп барып:
– Әске бауырым, бағанағы шәугімнің түбінде қалған қара шай болса бір кесе құйып берші,– деді.
Мен жылдам қозғалып үлкен шараға қара шәугімнің ішіндегі қою қара шайды бірақ төңкердім де, қос қолдап Мәкейге ұсындым.
– Ой, жазған шарын сүзбеген екенсің ғой, – деп Мәкей шыныны қолына алғанда Байтел:
– Қойдың бітеу құйрығын бітеу жұтам деп отырған адамға кесе түбіндегі шай не тәйірі, – деп мырсылдап күле жауап қатты.
Қолына алған суық қара шайды басына бірақ төңкерген Мәкей астауға қайта қол салды.
– Жә, жігіттер Мәкең құйрықты тауысқанша біз басқа бір нәрсемен айналыспаймыз ба? Бәкей қолына жолы ашылмаған жауырынды алып алақанын кере жауырынның кең қақпағынан ұстап отыр.
– Бәке өзіңнен болсын. Байтел қос қолын Бәкейге ұмсынды.
– Бұған бәс керек емес қой енді…
– Өзің шеш!
– Болмаса мына Әскеге берейін бе?
– Қой Бәке қашқалақтама екеуміз сындыра алмасақ береміз. Әске қойдың емес тайыншаның жауырынын сындырады, – деп Байтел қарқылдай күлді.
– Иә, аруақ, – деп қолын басынан жоғары көтеріп төмен қайта серіпкенде сүйектің шарт етіп сынған даусы естілді.
– Жетті, жетті. Құдай қолыңа қуат берсін жуан ісектің ­жаурынын жалаңаш ұстап шарт еткізіп сындыратын жігіттер ілуде береу. Байтел Бәкейді алқап жатыр.
Бәкей жауырынды сындырған соң Байтел асық жілікті сол қолының алақанына салып оң қолының қырымен дүрс еткізіп бір салғанда асық жілік екіге бөлініп, екі жаққа ұшып кетті де алақанында жіліктің майы шұбатылып қалды.
– Ғаламат соққы ғой бұл. Бәкейдің даусы гүр ете түсті де, алақанындағы майды аузына апара берген Байтелге:
– Қой болмас андағы майды маған қи. Сенің алақаныңның қуаты дарысын, – деп Байтелдің сол қолын өзіне тартып алақандағы майды қолқ еткізіп сорып алды. Қолын оқыс тартып алқан Байтел:
– Құдай сақтасын, қолымды бірге жұтып қоя жаздадың ғой, – деп қарқылдады. Осы кезде соңғы білеу майды кеңірдектен ары асырып жіберген Мәкей де босаған астауды Байтелдің алдына қарай сыра салып:
– Мен тауыстым!– деді қарқылдай күліп. Үшеуі қатар қарқылдай күлгенде гүркіреген дауыстарынан қостың желкесінде жатқан қой дүр етіп үрке жөнелді.
– Жүгір Әске, шетін қайырып қайтадан үйіріп таста,– деді Байтел маған қарап.
Мен қостан атып шығып қотарыла үріккен қойды «шәй-шәйлап» қайта әкеліп иірдім де қосқа қарай беттедім. Тура қостың босағасында Жәния отыр екен.
– Қайда тығылып қалдың?
– Талдың түбене, әжемнің қасына тығылдым.
– Неге қашасың сен?
– Жоқ қашқан жоқпын…
– Талды шауып құлатып тастаймын!
– Жоқ талды шапсаң саған Жәния жоқ.
– Онда мен талды құлатпаймын.
– Онда мен қашпаймын. Жәния екеуміз сыртта даңғырлап біраз сөйлесіп қалып ек іштен Байтел:
– Әске енді ішке кірмесең Жәнияны қуалап жіберем, – деп айқайлады.
– Жәния мен кірмесем Байтел сені қуалап жібереді мен қосқа кірем, – деп қосқа еңкейіп кіре бергенде Жәния:
– Сен қоста отырсаң Байтел Жәнияны қумайды,– деді.
Мен ішке кіргенде жинаулы орын көрпеге арқасын сүйеп отырған Мәкей қарқ етіп кекіріп қойып ыстық сорпаны үріп ішіп отыр екен. Бәкей мен Байтел жайылған тері дастарханға манадан мүжіліп тазаланған сүйек-саяқтарды салып жинап жатыр екен.
– Әске-ау бағана айттым ғой, тіл алсаң Жәния келеді деп. Байтел мені жанына отырғызып, іштегі пештің үстіне әкеліп қойған қазаннан ыстық сорпа құйып берді.
– Манағыдай емес Жылауық тал тыншып қалдыма қалай?! – деп Бәкей Байтелге қарады.
Менде құлағымды түрдім. Жәнияның әпкесінің үні әлі шығып тұр екен.
– Жоқ әлі айтып жатыр, Жәнидің Бәрен әпкесі айтып жатыр – дедім мен.
Үшеуі бір біріне қарасты да маған үндеген жоқ.
Сәл тыныштықтан соң Байтел:
– Әске екеуміз аттарды отқа қойып, түйелерді бүгінше қостың жанына шөгеріп тізерлеп тастайық, – деп мені ертіп сыртқа шығып кетті.
Байтел екеуміз төрт атты жетелеп манағы шығыр құдыққа қарай беттедік. Жолай Жылауық талдың қасына келгенде Байтел менен:
– Әске бұл жерде кімдер бар болды сонда?, – деп сұрады.
– Бұл жерде Жәния бар, тағы… дей бергенімде жаныма Жәния жетіп келді де:
– Жәнияның атасы бар, Жәнияның әжесі бар, Жәнияның әпкесі бар деп тақылдай жөнелді.
– Е, солай де, солай де Әске, – деп жітірмелетіп жүре жөнелді. Біз аттарды суардық та тұсап қоя беріп жүген-ноқталарымызды сылдырлатып қосқа қайттық.
Жәния менің қолымдағы жүген-ноқтаны арлы берлі жұлқылап ойнап келеді.
Қосқа жете бере Жәния маған:
– Әске мен үйге кетем, – деді. Мен оған:
– Кетпей-ақ менің жанымда бір жүрші – деп ем, ол:
– Енді бармасам апам ұрсады, – дегенде Байтел маған:
– Әске болды, Жәния барып келсін ертең келеді… Бүгін біраз шаруа тындырдық. Күн де кешкірді. Енді ұйықтайық,– деді.
Қостың алдындағы теңкиген теңнің үстіне отырып алып шылым шегіп отырған Бәкей:
– Екеуің неге даурығып келесіңдер, жай ма? – деп сұрады. Менен бұрын Байтел:
– Е, жәй. Енді жатып дем алалық. Ертең ерте мал өргізу керек, – деп еді Бәкей:
– Мына Жалауық талыңның даусы мені ұйықтатпайтын секілді, – деген еді, Байтел:
– Оны менде естіп келемін. Мәкей не істеп жатыр? – деп қосқа еңкейіп кіріп барып: – Ау, құрдас Жылауық талға барып келдім. Тал түбінде бір айдай ару Мәкей қашан келеді деп күтіп отыр екен. Содан мен қазір барамда жіберемін дедім, – деп қарқылдай күлді.
Шешініп жатып қалған Мәкей:
– Е, көрдің бе Жылауық талдың сұлу қызы сені бойына тоғытпай мені күтіп жатқан болды ғой… Керек болсам өзі келсін… Олда қарқылдап күліп жатыр.
– Ол келе алмайды сен өзің бармасаң.. Саған айтуды ұмытып кетіппін ғой…
– Не байлап кеттің бе оны? Маған қарамай қойды деп ­қызғанып…
– Жоқ өзі байлаулы жатыр екен.
– Қайтіп?
– Айтпаймын өзің барып көр…
– Мені аңсап тұрса өзі келсін…
– Келе алмайды… Оның кеудеден жоғарғы жағы ғана адам да төмен жағы жер бауырлаған жылан екен… Ха-ха. Байтел мен Мәкейдің күлкісі жер жара шықты.
– Әй құрдастар иен далада, тылсым ағаштың түбіне келіп қайдағыны айтпаңдар… Адамды қорқытып. Ана екеуі одан арман даурығып күлісті.
Орын көрпемізді ыңғайлап орнымызға жаттық.
Көзім ілініп кеткен екен. Әлдебіреу баж етіп барып, қара санымнан жаншып өте шыққанда шошып ояндым.
– Не болды, не болды? – деген Мәкей мен Байтелдің даусы жарыса шықты.
– Құтқарыңдар… құтқарыңдар… Бәкейдің ащы даусы құлақ жарады.
Орнынан атып тұрған Бәйтел қостың төр жақ босағасына тығылып алып бейберекет айқайлап жатқан Бәкейдің бетінен шапалақпен жанып-жанып жіберді.
Бетінен аямай осқылаған шапалақтан есеңгіреп барып есін жинаған Бәкей:
– Құдайым-ай… түсім екен ғой… өлген жерім осы шығар деп ем, – деп алқына жауап қатты.
– Не көрдің сонша, сонша қорқатындай… – деді Мәкей басын көтеріп алып есіней.
– Бағанағы сендердің айтқан адам басты жылан денелі қыздарыңды көрдім. Қосқа келіп мені құйрығымен орап алып буындырып жатыр екен деймін. Әйтеуір жан дәрменмен құтылып тұра қашқанымды білемін.
– Е, құрдас өзіңде жүрек жоқ біреусің-ау… біреудің өтірік әңгімесін түсіңде көріп жүрген, – деп Байтел мысқылдай күлді.
– Жігіттер әншілер шаршаған ба, дауыстары шықпайды ғой,– деді Мәкей құлағын тысқа түріп.
– Иә олар да демалған ғой… – деді Байтел орнына келіп қисайып жатып.
Мен түзге шықпақ болып бас жақтағы тонымды желбегей жамылып орнымнан тұрып бара жатқанда Байтел:
– Әске түзге бара жатсың ба? – деп сұрады.
– Иә, – деп қысқа жауап қайтардым да қостың киіз есігін түріп сыртқа шықтым. Ай сүттей жарық екен. Тек терістіктен азынай соғар желдің алғашқы бейнесі байқалады. Мен тас ошақтың қасына барып Жылауық талға қарадым. Талдың бер жағында Жәния әлде нені сүйрелеп кетіп барады екен.
– Жәния, – деп айқай салайын деп барып өзімді әзер тоқтаттым. Анықтап қарағанда барып ол сүйреп емес жер бауырлаған әлденені жетелеп бара жатқанын аңғардым. Осы кезде мұрнымды қытықтаған суық жел еркіме қоймай түшкіртіп жіберді. Жәния да, оның жетегіндегі де маған жалт қарады. Бағанағы Байтелдің айтқанындай денесі жерге жыланша шұбатылған қыз бос қолын ербеңдете маған қарай атылды. Артынан жұлқылаған Жәния оны ары Жылауық талға қарай сүйрелеп ала жөнелді. Мен қостағыларға ешнәрсе айтпастан үнсіз орныма келіп жатып ұйықтап қалдым.
Мен оянғанда шаңқай түс болайын деп қалған екен. Тек сыртта біреудің дүрсілдетіп отын жарып жатқанын білдім. Киініп сыртқа шыққанымда кешегі мен әкелген сексеуілді бір біріне ұрып ұсақтап отырған Байтелді көрдім де қасына келіп:
– Жәнияның әпкесін қайдан көрдің? – деп сұрадым.
– Оның кім еді тағы, көрмедім… Әске не Жәния әпкем бар деп тағы айтып жатыр ма саған… Байтел маған қарап ыржалаңдай күлді.
– Оның әпкесі барын бұрыннан білемін… Бірақ кеше сен айтқандай денесі жылан екенін білмейтінмін…
– Онды қайдан білдің?
– Түнде Бәкей мыжып оятып жіберген соң далаға шықтым ғой. Сонда осы жақтан кетіп бара жатыр екен.
– Әске… Байтел маған бажырая қарап сәл тұрды да орнынан атып тұрып қостың алдынан бастап ирелеңдей сүйретілген жердегі ізді қуалап Жылауық талға қарай тұра жүгірді. Талдың қасына барып біраз айналып тұрды да қосқа қайтып келді. Байтелмен бірге тал жақтан Жәнияда келді.
– Әске!– деді Байтел менің иығыма оң қолын қойып тұрып. Әске бұл туралы анау екеуіне айтушы болма. Бірер жұма шыдасақ сосын бұл жақтан ақырын көшіп кетерміз…– деді.
Осы кезде менің мойныма келіп алсыла кеткен Жәния:
– Әске кеше Бәрен әпкемді неге шақырдыңдар,– деді.
– Бәрен әпкеңді шақырғамыз жоқ,– дедім мен.
– Бәрен әпкемді шақырдыңдар…
– Шақырмадық…
– Шақырдыңдар…
Жәния екеуміз даурығысып кеттік.
Мені қолымнан жетелеген Байтел:
– Әске қойыңдар енді… Енді қоймасаңдар мен Жәнияны қуып жіберем… деді.
– Жәния қусаңда кетпейді… – деп Жәния шақ ете қалды.
– Байтел қуса Жания кетеді…, – деп менде саңқ ете түстім.
– Жәния кетпейді..
– Кетеді…
– …
– …
Жәния мені келіп жұлқып-жұлқып жіберді. Мен оны кеудесінен итеріп кеп қалып ем ол омақаса құлады да атып тұрып менің бетімнен осып кетті. Тырнақтары бетімді тіліп өте шықты. Осы кезде Байтел:
– Әске, не болды? Әске… Бетіңнен қан ағып кетті. Жүр бетіңді жу, – деп мені қосқа қарай дедектетіп сүйрелеп ала жөнелді.
Саусақтарына жұққан қанды тілімен аярлана жалап тұрған Жәния маған қарап сақ-сақ күледі.
Бетімді сумен жуғанмен қан тоқтамай қойғасын Байтел құрым киіз орап күлін сеуіп қанды әзер тоқтатты.
Мен қосқа кіріп таңғы оразамды ашпастан көрпемді бүркеніп жатып қалдым.
– Мына батыр әлі тұрмаған ба?! – деп Бәкей менің көрпемді жұлып алды. Әске тұрсаңшы, – деп бетіме үңілді де, – Бетке не болған ал? – деп сұрады.
– Түске таяу мен сексеуілдерды ұсақтап тастайын деп бір біріне соғып отыр ем ұшқан жаңқа Әскенің бетін сырып кетті… – деп менен бұрын Байтел жауап қайтарды.
– Құдай сақтап көзіне тимей қалған екен… Абайламайсыңдар ма?! – деді Мәкей.
Әлденеден күдіктенгендей Бәкей үнсіз қалды.
Кеш тыныш басталғанымен түн ортасы ауа терісінен тұрған жел күшейе түсті де соңы қарлы дауылға ұласты.
– Жігіттер қалың киініңдер қой ығып кетпесін екіге бөлініп екі жағынан шығайық! Байтел бұйыра сөйлеп мені ертіп тысқа шықты.
Үскірік боранмен ұшқан қар қиыршықтары бетті осқылап тұр. Мәкей мен Бәкей екеуі желдің өті жағына қарай шықты да біз Жылауық тал жағына қарай кеттік. Жақын маңнан ышқына ұлыған қасқырдың үні естілді. Қолындағы таяғымен жел ұрып дедектеп ықтай жөнелген қойларды қақпайлап, ықтасынға қарай қуалап жүрген Байтел:
– Әске жүгір, шығыр құдық жақтағы аттарға жүгір, қасқыр жарып кетпесін… Мына қойларға мен ие бола тұрамын… Тез жүгірмесең үлгермей қаласың, бол тез, – деп барқырады.
Мен асығып қосқа жүгірдім де босаға жақта жатқан шылбырларды ала салып аттарға қарай зауладым. Қасқырдың ­даусынан үріккен аттар тұсамыстарымен тік шапшып құдық басындағы қалқаның қасында шұрқырай кісінесіп тұр екен.
Мен қастарына жеткенде оқыранысып жіберді.
Аттарды шылбырмен ноқталадым да, тұсамыстарын ағытып өзімнің алаяқ құлама мініп қосқа қарай желе жөнелдім.
Бұрқақтаған ақ түтек боран көз аштырар емес. Тасырлатып жанына келгенде бірақ білген Байтел ентіге:
– Әске аттарды ертте де аналарға апарып беріп менің көкқасқамды алып тез кел. Мыналар жаяу адамға күш беретін емес… – деді.
Мен қосқа келіп төртеуін ерттеп айылдарын мықтап тарттым да тізгіндерін ердің қасына іліп, үшеуін шылбыранан жетелеп әуелі Мәкей мен Бәкейге алып келдім.
Астарына ат тиген екеуі аласұрған боранның ығымен адамды басып кетердей алды-артына қарамай ығып бара жатқан қойлардың артынан шаба жөнелді. Мен тізгін ұшымен Байтелге жеттім. Көкқасқаға қарғып мінген Байтел борбайлай шауып бара жатып:
– Әске бол… Мына топалаңның алдын бұрмасақ осы қалпы кете берер болса анау Түйқұлағаннан барлығы ұшып өледі… Сарысуға қарай алдын бұрсақ боран басылған соң қайырып алармыз. Қазір қанша жанталасқанымызбен қайыру бермейді…, – деп айқайлады.
Біз екі жақтап атпен бастырмалатып жүріп қойдың алдын әзер төменге қарай бұрғанда ыққан қойдың енді бір тобы жаңа ғана бізден босаған алаңқайға қарай құйылып келе жатты.
– Ау анау жазғандар қайда?! Мәкей, Бәкей! – деп айқайлаған Байтел енді мені қосарына ала: – Бол Әске, енді аналарды да осылай қарай ықтырайық, – деп айқайлады.
– Біз жаңа келген қойға араласып кеткенде Жылауық тал жақтан:
– Қайт, қайт! Шәй, шәй! – деп айқайлаған Мәкей мен ­Бәкейдің даусы естілді.
– Ана жазғандар да ықтырып алған екен ғой… Әске мен мыналарды қайырмақтай тұрайын сен аналарға шап… Анау дөңнің бер жағымен қайырғанға күш бермес. Арғы жағынан кең айналдырып барып иіре тұрыңдар… Қайыру бермесе онда сол жақпен Сарысуға қарай бұрмалап көріңдер… Қалай болса да Түйқұлағанға кетіп қалмасын. Итқұс қырып кетпесін, тез бол… – деп менің құламның сауырынан қамшысымен салып қалды.
Алаяқ құла тік шапшып барып шаба жөнелді.
Мен жеткенде Мәкейдың дауысы қарлыға:
– Әске амансыңдар ма? Мал аман ба? Мынау бораның сұмдық болып барады… Жаңа ғана бір көкшолақ аралап кетті біраз қойды тамақтап кетті-ау деймін. Бәкең екеуміз екі жақтап жүріп әзер айырып қалдық… – деді.
Мен Байтелдің сәлемін асығыс жеткіздім де, дүркіреген қойдың бір жағына шықтым. Анадайда ыққан қойды қолындағы құрықпен қақпайлап жүрген Бәкей мені көріп:
– Әске кел бері менің атым бұрлығып қалды, – деп айқайлады. Мен ыққан қойдың ішін аралап Бәкейге қарай шаптым.
Қойлар ақыры күш бермеген соң сыртынан қайырмақтап Сарысуға қарай беттеттік те, алдынан екеуміз қайырмақтап, арт жағынан Мәкей түре айдап ықтаттық. Таң бозарып ата бастағанда Сарысудағы түңкелі шиге әкеп қойды бірақ құйдық.
Аттан секіріп түскен Бәкей жанынан бір шәкене дорба алып шықты да, жүрелеп отыра қалып қалың ішігінің етегімен көлегейлеп ықтасын жасады да, сіріңке тартып дорбадағы күкіртті тұтатты.
Айналаны күкірттің өткір қышқыл иісі алып кетті. Мен арт-артынан түшкіре бастадым.
Атына қайта мінген Бәкей анадайда жүрген Мәкейге айқайлап:
– Мәке біз Әске екеуміз Байтелге барайық, сен осында ие бола тұр, – деп кері қарай шапты.
Дөңді айналмай Сарысудың ана басына қарай тура тарттық. Біз жеткенде қарлы түтекпен тұтасып жөңкіліп бара жатқан қоралы қойдың бас аяғына алма кезек шапқылап жүрген Байтелдің айқайлай-айқайлай даусы шықпай қалған екен. Үш жақтап жүріп ыққан қойды қайырып иіріп тастадық.
Таң ата боран бәсеңдеді де, қар жапалақтап түсе бастады. Біз үш жақтап бір-біріне жүндері жабыса иірілген қойды Байтел жаққа қарай айдадық.
Біз келгенде Байтел атынан енді түсіп боран үрлеген қасат қардың үстіне енді жантайған екен.
Бізді көрген ол басындағы пұшпақ тымағын жұлып алып басынан буы бұрқырай:
– Жеттіңдер ме? – деді даусы қырылдап.
– Шүкірлік жеттік… Қаншасын тамақтап кеткенін білмеймін… Бір көкшолақ аралап кетті.
– Өздерің аман болсаңдар болды… Үсігеннен амансыңдар ма?– деді қайталап.
Күн шыға қалжыраған төртеуміз қойды бір жерге иіріп түгендедік.
Қалың қардан тұяқтарына мұз қатқан қойлар әзер қозғалып, үстін жауған қалың қарды әлсіз сілкініп, әзер түсіріп тұр. Арасынан Алаяқұламен төрт бес рет аралап өтіп барлығын түгендеп шықтым.
Менің сарытоқал қошқарым, көк жон саулығым бастаған бес қойым, Байтелдің кешегі бізге сойған сыңар мүйіз ісектің енесі, жарық қарын сары саулық бастаған төрт қойы, Мәкейдің сыңар аяқ күрең тұсағы бастаған жеті басы, Бәкейдің қушық ақ тоқтысы бар бес қойы жоқ болып шықты.
Мәкей мен Байтел ас-су әзірлеуге қосқа қарай кетті де біз қойды жая өргізіп, арттарынан ілбіп келеміз.
Қойларды қостың желке жағына қарай өргіздік те қосқа келіп ауқаттандық.
Шай үстінде Бәкей бізге қарап:
– Жігіттер, сендер қостасаңдар мен бір нәрсе айтсам деп ем,– деді.
– Иә, айта бер,– деді Байтел.
– Жылауық талға жеті жыл бойы елдің қыстамағанын бәріміз білеміз… Осы жердің осындай бір бәлекеті болған соң қыстамайды да. Ел алыс жер емес, екі-ақ көш… ­Бесқараға, әуелгі қонысымызға көшсек… Екеуіңнің егесіңмен келіп қалғанымыз рас. Басымызды бәске тігіп қайтеміз?!– деді.
– Айтқаның жөн, құрдас… Десе де бүгін ертең қозғала алмаймыз. Жаңбыр аралас жауған қар мына аязда жерге жүзін жоғары қаратып тастаған ұстарадан кем емес… Малды қызыл сирақ қылып тұяқтарын сыпырып аламыз. Әзірге бірер күн аялдайық, – деді Байтел.
– Қыстың қырына ілініп қалдық… Қайда болсақта көретін күніміз осы. Осы қарлы жаңбыр мен боран Бесқарада болмады дейсіңдер ме?! Маған салсаңдар осында қыстап ­шығайық дер едім, – деді Мәкей.
– Әске сен қалай қарайсың? – деп Бәкей маған қарады.
– Мен… Меніңше, дей бергенде қостың есігіне Жәния жетіп келді.
– Мен білмеймін дедім оларға қарап.
– Әске сен кетесің. Көшіп кетесің, – деп айқайлады Жәния.
– Иә, мен кетемін онда Бесқараға барамын,– дедім мен. Жәния қостың босағасына сүйеніп отырып маған:
– Әске Жәния сені іздеп бармайды… Жәнияны көрмейсің,– деді.
Жәнияның кешегі бетімді тырнап алғаны есіме түсіп:
– Әскенің Жәнияны көргісі келмейді, – деп оны қуып жібермек болып қостың аузына қарай тұра ұмтылдым.
Мені ұстап қалмақ болып ұмытылған үшеуі ауа қармап дастархан басында қала берді. Жәния атып тұрып босағада жатқан Бәкейдің қыл арқанын алып тұра қашты.
Мен артынан қуалап келемін. Жәния жеткізер емес. Айнала қашып жүріп Жылауық талға жетті. Іле шала менде жеттім. Енді ұстамақ болып ұмтыла бергенде Жәния талдың діңіне кіріп жоқ болып кетті. Қатпар-қатпар болып қабыршықталған құшақ жетпес талдың қабықтарының арасында Бәкейдің шылбырының бір ұшы сыртта қалып қалыпты. Мен шылбырдан ұстап жұлқылап тарта бастадым.
Сүт пісірімдей уақыт өткенде қостағы үшеуі жетті артымнан. Мен Бәкейге:
– Сенің шылбырыңды алып кетті… Міне бермей жатыр, -деп қолымдағы шыблырдың ұшын Бәкейге беріп ем, ол таң қала қарап біраз тұрды да:
– Мәке мынаны ұстай тұршы, – деп қолындағы ­шылбырды Мәкейге ұстата салып, қосқа қарай құйын перін жүгіре жөнелді.
– Мәкейдің шылбырын бер! – деп мен талды тепкіліп айқайлап жүрмін. Талдың ішінен:
– Саған бермеймін… Оны мен Бәрен әпкеме берем деген Жәнияның бажылдап жылаған даусы естілді.
Бәкей қосқа бара сап жылдам қайтты. Қолында тесімен айбалтасы бар.
– Жаңа ғана қостың босағасына ілген шылбырым жоқ, мынау менің шылбырым, – деп қолындағы балтамен шылбырдың талдың діңіне біте қайнасып сіңіп, ары кетіп тұрған жерінен шауып кеп қалды.
Тура балта тиген жерден қып қызыл қан бұрқ ете түстіде тал тұла бойымен селкілдеп адамша ойбайлай жөнелді.
Байтелмен Мәкей кері шегіне берді де, Бәкейдің қолындағы балтасы сусып жерге түсіп өзі тал түбіне жүрелеп отыра кетті.
Талдың ойбайлай жылаған даусынан қостың жанында қаңтарулы тұрған аттар бетпақ даланы бетке алып тулай үркіп барады. Тек менің құла атым ғана бізге қарап шыңғыра кісінеп тұр. Қоралы қой да қасқыр тигендей ары қарай төңкеріліп барады. Мен әлі талды айналып жүгіріп жүрмін.
– Әске Бәкейді бері әкелші… Бол тез! – деп Байтел айқайлағанда барып Бәкейге қарасам бір жағына қисайып аузынан ақкөбік ағып жатыр екен. Мен Бәкейді екі иығынан сүйреп отырып Байтелдердің қасына алып келдім. Талдың шыңғыра жылаған дауысы құлақты жарып жіберердей. Манағы Бәкейдің балтасы тиген жерден әлі қан атқақтап тұр екен. Мен ішкі бешпетімнің өңірін жұлып алып талдың қан ағып тұрған жеріне апарып тығындадым. Талдың ойбайлаған ­даусы басылып, арлы берлі теңселе үһілеп қинала күрсініп жатыр. Манадан бері байқамаған екенбіз. Бәкейдің шылбыры шумағы жазылмаған қалпы сыртқа шығып қалыпты. Мен ана үшеуін көмекке шақырдым. Есінен танып жатқан Бәкейдің басын сүйеп Мәкей қалды да Байтел аяғын қорқа басып менің қасыма келді. Менің ойымдағыны түсінгендей Байтел жерде жатқан шылбырды алып жаңағы қан ағып тұрған жердегі тығынның сыртанан шандып орай бастады.
Біз шылбырды шандып байлап түйіп тастаған соң тал анда санда ышқына күрсінген үн шығарып тұрды.
Бәкей есін енді жиған екен.
– Не болды? Тірі ме? – деп дауысы үзіліп бізден сұрап жатыр.
Байтел мен Мәкей бір біріне қарады. Содан Байтел:
– Не көрдің ешнәрсе болған жоқ бәрі аман… – деп еді.
– Үһ, – деп терең демалған Бәкей: – Басында сарт етіп тиген кезде ағаш дегенім бір жап-жас қыз болып қөрінді. Тура қара санына балтам қадалып қалыпты… Ар жағынан тағы бір қыз бен кемпір-шал маған қарай ұмтылып келе жатты. Содан ары қарай өзімде білмеймін…
Біз Жылауық талға жалтақтап қарай-қарай қосқа тарттық. Қосқа келе сала мен құлама міндім де жаңа үркіп кеткен аттардың артынан кеттім. Үш атты бірдей ұстап жетелеп жолай түйелерді айдап қайтып келгенімде үшеуі қосты жығып тас түйін даярланып отыр екен.
Әп-сәтте түйелерге қосты арттық та Мәкей мен Бәкей екеуі түйелерді жетелеп Бесқараға барып қос тігіп қора жөндей бермек болды. Байтел екеуміз азын-аулақ азық-түлік алып алып, қойды жая айдап ара қонып баратын болып келістік.
Бытырай жайылып жүрген қойдың басын жинадық та құмның теріскейімен жайлап өргізіп келеміз. Байтел екеуміз кеш батқанша тіл қатыспадық. Шеге болып қатып қалған көк мұздан қаша қара жерді қуалап арлы-берлі шапқылап албарынды болып жүрміз.
Жерге қараңғы түсе қалың жыңғылдың арасына жеттік те қойды иіріп тастап, тастан ошақ қалап, қанжығадағы қара шәугімді асып, қар суымен шәй қайнаттық.
Таңертеңгі Жылауық талдың даусынан шошынып қалғанға болар, Байтелдің көкқасқасы сыбдыр еткен ­дыбыстан елегізіп үркектеп әзер тұр. Байтел екеуміз жүрек жалғап алып, қойдың екі жағында күзетте жүрдік. Түн ортасы ауа Байтел менің жаныма келіп:
– Ертең қара кешке дейін жүреміз… Жол бойы не күн көрерімізді кім білсін кезектесіп ұйықтап алайық,– деді. мен мақұл болдым да. құланы бос қоя салып тоқымымды жастанып ұйқыға кеттім.
– Әске тұра ғой енді, – деген Байтелдің даусынан оянып кеттім. Аттың үстінде қамшысымен бүйірін таянып ердің бір жағына қарай қисайып отырған Байтел:
– Әске күндіз Бәкейдің көк серкесі басын қайта-қайта шайқап жүргендей болып еді… Жаңа қарасам мүйізіне бір нәрсе оралып алған секілді… Жылан дейін десем жаз емес… Мына қақаған аязда қайдағы жылан деп ойлап қоям… Шынын айтсам жақын барғанға жүрегім дауаламады… Сенің көзің өткір ғой, ақырын байқастап көрші,– деді.
Мен орнымнан тұрып құланың айылын тартып енді міне бергенде сап етіп, Жәния келіп, сулығыма жабысты.
– Әске көк серкеге бармашы, – деп жалынып жылап жүр.
– Көк серкеде нең бар? – деген менің сұрағыма.
– Көк серке болмаса Бәрен әпкем жүре алмайды… Көк серкеге бармашы…
– Көк серкемен қайда барасыңдар?..
– Көк серкенің иесіне барамыз…
– Оны не қыласың?..
– Бәрен әпкемнің аяғын шауып тастады…
– Бәреннің емес ағашты шапқан….
– Ағашты емес Бәренді шапты… Жәния екеуміз тағы тайталасып кеттік.
– Әске болды… Көк серкеге тимей-ақ қой… Иесіне барып не істейді екен, соны білші…,– деді Байтел менің жаныма келіп.
– Көк серкенің иесіне барып не істейсің? – деп ем Жәния:
– Көк серкенің иесіне көк серкесін сойдырып, Бәреннің жарасын таңдырам… – деді. Мен Байтелге:
– Бәкейдің көк серкесін сойдырып терісіне алады екен, – деп едім Байтел:
– Бәкейге бармай-ақ осында көк серкені сойып бере салайық, – деді. Жәния быж ете қалды:
– Көк серкені иесі кешегі балтасымен басын шауып терісін бітеу сыпырып сонымен таңу керек! Иесі керек… – деп быжалақтап жүр.
Мен Байтелге қарап едім, ол маған:
– Таң ата мен қойды жайлап өргізе берем… Сен кешегі Жылауық талға барып соның түбінде қалған балтаны тізгін ұшымен алып кел. Оған дейін алдымыздан ана екеуіде шығып қалар, қосқа жеткізбей құтылайық,– деді.
Бозарып таң ата бере мен кері қарай қайттым. Жылауық талға келіп, жүзіне қан қатқан балтаны алып кері қайттым. Мен қойдың артынан жеткенде Мәкей мен Бәкей де келіп үлгерген екен.
Қойды иіріп тастап көк серкені сексеуілдің томарына байлап қойыпты. Көк серке байлаулы тұрған сексеуілдің томарының қасында Жәния беті әппақ ағзудай ағарып кеткен, сол жақ мықынынан төмен қып-қызыл қанға боялған әпкесінің басын сүйеп отыр екен. Менің оларды көріп жаным ашып кетті. Тақымымдағы балтаны Бәкейге қарай лақтырып жібердім де, құладан қарғып түсіп Жәниялардың қасына келіп, Бәреннің қолынан ұстадым.
Жердегі балтаны алып Бәкейге берген Байтел:
– Ал, енді Әске не істеу керек екенін өзің айтып тұр…– деді.
– Көк серкенің басын тік тұрған қалпында балтамен шап… – деді Жәния.
– Балтаңмен серкенің желкесінен шауып қал, – дедім мен.
Бәкейдің қолындағы ай балта күнге шағылысып жарқ етті де көк серкенің басы анадайға домалап кетті. Бассыз ­мойыннан атқақтаған қан аспанға атылды. Төрт тағандап сәл тұрған ешкінің бассыз денесі артына қарай шоңқиып барып бір жағына қарай құлады да, аяқтарын жалғыз ақ серпіп жаны шықты.
– Сирақтарын буындап алып тастап, терісін бітеу ­сойыңдар,– деді Жәния. Мен оны қайталадым. Бітеу сыпырылып алынған теріні қолына ұстаған Бәкей маған қарады.
– Енді андағы теріні Бәреннің жаралы аяғына кигіз,– деді Жәния. Жарасы жанына батқан Бәрен ыңырсып жылап жатыр. Бір орында состиып тұрған Бәкейге мен Бәреннің жаралы аяғын демеп отырып:
– Бәкей бол тез әкеліп кигізсеңші дедім.
– Әске-ау, андағың қу томар ғой, – деген Бәкейді Байтел желкеден нұқып қалып:
– Үндемей айтқанын орындай берсеңші,– деді.
Жан-жағына жалтақтап қараған Бәкей қолындағы теріні Бәреннің аяғына кигізді. Тері тура балта шапқан жараның үстін жапған кезде Бәреннің денесін жапған қан лезде ғайып болды да, тері оның аппақ етіне айналып шыға келді. Орнынан атып тұрған Бәрен:
– Жәния кеттік енді… – деп Жәнияның қолынан ұстап аспанға қарай заулап ұша жөнелді.
– Әске, балтаны орнына талдың түбіне апарып көміп таста! Қош бол, Әске… Қош … Қош… – деп Жәнияның даусы әуелде анық шыққанымен бара-бара бәсейіп естілмей кетті. Біз қойды айдап Бесқараға жеттік. Содан бастап Жәния маған келмей кетті.
Қыстың қытымыр суығы аяқталып, наурыз өтіп, сәуір келе төл басталды. Ол кезде біз төлдеуге келіп алғанбыз.
Әкем сауығып төлдеуге өзі келді де, мені ауылға жіберді. Ауылға келе сала Жәнияны іздеп Сеңқораға бардым. Сеңқора сол қалпы екен. Ашық қалған есіктен ішке ендім. Құлазып бос тұр екен. Ішкі бөлмеге кірдім. Ол да иен. Тіпті ешқандай тірліктің нышаны жоқ. Ақыры Сеңқораны сандалып арлы-берлі жүріп, кеш батырып үйге келдім.
Тамақтанып алып, ерте жатып қалдым. Түсіме Жәния кіріпті… Әлдебір қап-қара қошқыл тұман артынан қуып барады екен деймін… Жылауық талға қарай жан ұшырып қашып барады… Қашып бара жатып:
– Әске, тез кел, құтқар мені! – деп айқайлап бара жатыр екен. Жәнияның ащы даусынан шошып ояндым.
Көз алдымнан Жәнияның жан ұшырған бейнесі кетер емес. Орнымнан тұрдым да қыстан қалған шөптің түбіне кіргізіп жіберген құланы ерттеп, құмға, Жылауық талға қарай тарттым. Суыт жүріспен ара қонып, Жылауық талға да жеттім.
Жеттім де Жәнияның айтуымен өзім әкеліп көміп кеткен балтаны тауып алдым.

***
Қостың орнындағы алғаш келген кездегі тұрғызған ат ағаштың басына келіп тұрған құлаға келдім де, Жәнияға жетсем деген бар үмітім селге кетіп, кері қайттым. Шамалы жүрген соң артыма, Жылауық талға қарадым. Жаңа ғана құлап қалған тал қайтадан орнына қайта тұрып алған екен.
Мен аттың басын Жылауық талға бұрдым да тебіне жөнелдім. Құлағымда Жәнияның сыңси салған ән әуені…

By mystic

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.