[slideshow]
Жат құшақ
– Білесің бе, мен ерте ме кеш пе сенімен жолығам?
– Ешқашанда, себебі мен тек қана елеспін. Ал, сен адамсың ғой.
– Қалайда кезігем!..
– Үміттенбе!..
“Үміттенбе!” құлағының түбінен шыңғырған осы дауыстан шошып оянады. Бастабында жай түс ретінде мән бермейтін. Көп төсекті жатақхана бөлмесінен жеке пәтерге шыққалы тіпті жиілеп кетті. Соңыра қорқа бастады.
Әлдекімдерге айтып еді мұны қыжыртып күлкіге айналдырды. Сосын қалаға кіре берістегі жалғыз шынардың түбінде үнемі отыратын бақсы кемпірге келді.
Оң қолына малдың ақсөңке болған жауырынын ұстаған кемпір “Сәлеметсіз бе, бақсы ана” деген жігітке сол қолының сұқ саусағын ерніне апарып “тек сен сөйлеме” деді де:
– Иә, сен бұны неге мазалап жүрсің?!. – деді.
Ернін жыбырлата берген жігітке кемпір қайтадан үндеме деп ишарат етті де, өз-өзінен сұрақтарды жаудырып әкетті.
– Сен мұнымен махаббаттаса алмайтыныңды білетін шығарсың.
– Сен қасына келмесең бұл сенімен кездесуді ойламас еді ғой.
– Жарайды, қашанға дейін осылай жүре бермексің.
– Жоқ, бұл өңінде сені көре алмайды ғой.
– Иә, сен бұл жігіттің бір қабат киімін отқа өртеп соның күліне аунасаң ғана өңінде кезіге аласың…
Жігіт кемпірдің нелерді айтып, нелерді сұрап жатқанынан түк те түсінбеді. Тек тұла бойы суық қара терге малшынып отыр.
– Бақсы ана, маған түсіндіре аласыз ба?
– Алаңдама балам… Бұл қызыл бастының елесі ғой.
– Не ол қызылбасты деген?
– Асықпа балам, үйіңе қайта бер, көресің. Содан кейін маған хабарласарсың, қайта бер.
Түкке де түсіне алмаған жігіт әңкі-тәңкі болып пәтеріне қайтты.
Бөлме ішін арлы-берлі кезіп, сөздіктерді ақтарды, “қызылбасты” туралы, осы атаудың елесі туралы ештеме таба алмады. Талығып барып шешінді де жұмсақ көрпеге кіріп кетті.
– Білесің бе, мен ерте ме кеш пе сенімен жолығам?.. Түсінде баяғы сол сұрақты қайталады.
– Иә, сенің тілегің орындалды. Мен келдім…
Жігіттің денесін ып-ыстық жалын орап күйдіріп бара жатты. Шыңғырып барып оянып кеткен жігіт бөлмеден қолқаны қапқан түтіннің иісін сезді. Жан дәрмен жүгіріп барып терезені ашты. Шырақты жақты. Жүрегі атша тулап қоя берді. Далаға қашып шықпақ болып төсектің жақтауындағы киімін алмақ болып еді, жатарда шешіп іліп қойған киімінен ештеме жоқ, ізім-ғайым жоғалған. Жан-дәрмен далаға қарай ұмтылып барып өзінің анадан енді туғандай тыржалаңаш екенін білді. Тыржалаңаш екенін білді де басы айналып барып еденге гүрс етіп құлады.
Есін жиғанда өзінің ып-ыстық құшақта ақ тер- көк тер болып жатқанын сезді.
Көзін ашып еді бөлменің іші тас қараңғы.
– Кімсің?
– Мен, Ал…
Жігіт сонда барып өзінің түсінде сөйлесетін елес әйел екенін білді. Қолы дір-дір етіп “әйелдің” тұла бойын сипалай бастады.
Кәдімгі адам іспетті. Ай маңдайы сүйрік, саусағы, қылдырықтай қыпша белі, тек кеуде тұсы, екі омырауы салалы жүнге оралған.
Жігіт орнынан атып тұрып шыраққа қарай ұмтылып еді.
– Тоқта!.. Ешқашан жарық жағушы болма!.. Өмірлік өкінішке қаласың…
Жігіт кілт тоқтады да, қайта төсекке кеп жатты. Талығып барып ұйықтап кетті. Ол оянғанда таң атып кеткен еді. Төсекте жалғыз жатыр. Жалма-жан киінді де, бақсы анасына жүгірді.
– Иә, кезіктің білем. Енді айтқанын орында. Басқа ешнәрсе айтпақ-ақ қой. Бара бер.
Жігіт түкке түсінбей қайтты. Жұмысына барды. Таң қаларлық сергектікпен жұмысын атқарып кешкісін пәтеріне қайтты. Жолда келе жатып басқа жаққа кетіп қалуға қанша оқталса да бір күш өзінің пәтеріне қарай тартып бара жатты.
Ақыры пәтеріне де келді. Енді асығып түнді күтті. Шырақты өшіріп, жастыққа бас қоя елес “әйелдің” қасына келіп жатқанын білді.
– Мен сенің өң-әлпетіңді көргім келеді.
– Атама, Өмірлік өкініште қаласың…
– Неге?! Сен кісі қорқарлық сұрықсызсың ба?
– Жоқ, мен өң біткеннің сұлуымын. Сол үшін де мені көру сендерге, яки адамдарға жазылмаған…
Бұл әр түні қайталанып тұрды. Жігіттің бар арманы елес “әйелдің” өңін көру болды. Иә, оның өң әлпетін көрмей-ақ өзінің шынымен ғашық болып қалғанын сезді. Зулап күндер өтіп жатты. Бір кеште жігітке ол:
– Білесің бе? Сенің балаң болады… –деді.
Жігіт күлерін не жыларын білмеді.
– Ол да сен құсап көрінбей ме?
– Жоқ, ол сенің өз қалауыңда.
Ақыры бір түні елес “әйелдің” қатты қиналып жатқанын сезіп:
– Не болды саған, ауырып жатырсың ба? –деп сұрады.
– Иә, қиналып жатырмын. Мен өмірге адамзат әкеліп жатырмын. Бұл мен үшін қиын… дауысын үзіп-үзіп шығарған ол шамасы талықсып кеткен болар қыбырсыз қалды. Шамалы уақыт өткен соң, қатты шыңғырған әйел даусымен бірге шар ете түскен сәбидің үні шықты.
– Не, істеймін жаным-ау, баланың кіндігін кімге кестірем…
– Қиналмасаңшы. Балаңда кесетін кіндік жоқ қой…
Жігіт әйелдің қолындағы баланы алып бауырына басты. Баланың денесін сипап көріп жатыр. Бәрі орнында сықылды.
– Баланы берші, омырауым иіп барады емізейін…
Жігіт баланы берді. Бала ернінің емшекті шылпылдатқан дыбысы шықты. Әйел мекіреніп барып бір тылсым жағымды әуезге басты.
Маңайындағы бар тірлікті ұмытқан іспетті. Төсектен жайлап түскен жігіт ептеп барып шырақты жағып қалды. Шыр ете түскен әйел даусы шар ете түскен баланың даусымен бірге шықты. Жігітке бу іспетті бір толқын толқып барып ауаға жайылды да, тек төсектің үстінде қалқып тұрған жас сәби көрінді.
– Осыншама опасыз ба ең?!.. Бұл менің де сенің де сәбиіміздің де өмірлік өкініші… әйел дауысы талмаурап барып үзіліп жоқ болды.
ассалау Қойшы еке!қаламың қарымды болсын!соқпағың хан жолға айналсын!
ассалау Қойшы еке!қаламың қарымды болсын!соқпағың хан жолға айналсын!
рахмет!
рахмет!
менде болсам көргім келер еді )))))
менде болсам көргім келер еді )))))