Бей. Қар 21st, 2024

Зәриям екеуіміз теңіз портына түс ауа жеттік. Ас ішіп ауқаттанып алған соң, қолтықтаса портты жағалап келеміз. Шет-шегі жоқ байтақ даланы алып жатқан судың арғы шеті көрінбейді. Бірін-бірі қуған ессіз толқындар көз жетпейтін жерден келіп, кері кетіп жатыр.
Мен шеткері тұрған шағын кемені көріп, соны жалдап алатынымды айттым.
– Жоқ, болмайды… Сіз кеме жалдамайсыз. Зәриям еркелей мойныма асылды.
– Енді теңізге шықпаймыз ба?
– Шығамыз, әрине.
– Онда?
– Менің кемеммен.
– Қой ары, сенде қайдағы кеме… болмаса сөмкеңе жел қайық салып алып па ең?
– Теңізге шығу туралы ұсынысты кім айтты?
– Сен.
– Онда кемені мен таңдаймын.
– Жарайды-ақ делік… десе де, екеуден екеуміз ғанамыз ғой. Үлкен кеменің қажеті шамалы… Иә, айтпақшы оны кім басқарады?
– Мен…
– Қой ары.
– Мен «теңіздің қызымын».
– Қой, айнам… қалжыңыңа болайын… «Теңіздің қызы» жаңбырдан қорқа ма?..
– Түсінбейсіз…
– Онда түсіндіре ғой, айнам…
– Кеменің үстінде ғана айтамын.
– Онда кеме жалдауға кеттік.
– Менің кемеме.
– Қайдағы?..
– Асықпаңыз, кеш кірсін… Қыздың сыңғыр-сыңғыр күлкісі жанымды балқытып барады. Оны теңізге шығудан қорқып тұр деп ойладым. Тіпті теңізге шықпай-ақ қояйық деп шештім.
– Жарайды, онда қоналқыға бір орын қарастырайық.
– Жоқ, анау жағалауға барып толқын қыздармен, менің сіңлілеріммен таныстырам сізді.
Мен ешнәрсе аңғарған жоқпын. Жай сөз реті солай болар деп Зариямның жетегіне ере жөнелдім.
Теңіз жақтан соққан салқын ауаға ол құшырлана бетін тосып, әлсін-әлі тұра қалады. Жақын жағалауға келіп әлсіз соғылған толқындардың сылдыры естіледі.
– Сіз судың үнін естисіз бе?
– Иә, естіп келемін.
– Не деп жатыр?
– Менен қорықсаңдар кері қайтыңдар дейді…
− Сіз білмейсіз… ал мен білемін… Олар мені сағынып қалыпты… Тез кел деп жатыр.
Біз жағалауға жете табанды күйдірген ып-ыстық құмды кешіп, теңіз шетіне іліктік. Сан мың ұсақ қиыршық құмды жағаға көшіріп, қайтадан өзіне қарай тартып әкетіп жатқан толқындарды қызықтап аз-кем аялдадым. «Саған не жоқ» дегендей толқын ернін жағаға сылп еткізіп соғады да, кері қайтады.
– Келіңіз, сәлемдесіңіз.
– Кіммен?
– Менің ел-жұртыммен… Қыз бар ынта-пейілімен қиыла өтінді. Онысы маған оғаш көрінді.
– Зәри!.. Біз жолға аттанғаннан бастап осылай атай бастағам.
– Сізге бір түрлі сөлекет болып тұрған болар… Зәриям бұртиып қалды.
Әдемі қыздың назының өзі соншалықты әдемі көрінді.
– Жарайды онда… Ей, су сұлулары, әдемі Зәридің әдемі сіңлілері, менен сәлем сендерге… Мен суға қойып кеттім.
Үлкен теңізді бірінші рет көріп тұрғаныммен, мен туған ауыл үш бірдей үлкен өзеннің құйғанында болатын. Бір кісідей жүзетін едім. Зәриямға өзімнің қалай малтитынымды көрсетпек болғам.
Құдай атқанда теңіздің суы басқаша болар. Қол-аяғымды біреу тас қылып матап тастағандай икемге келер емес. Бірақ батып бара жатқаным жоқ. Әлгіндегі әлсіз толқындар енді сәл үлкейіп, мені бір-біріне сырғытып, ары алып бара жатыр. Мен енді қорқа бастадым.
– Зәри… – дауысым оғаш шығып кетсе керек.
Қыз жағалауда маған қарап сақ-сақ күледі.
– Зәри, мен ағып барам…
– Ағай, теңізде адам ақпайды… батады…
Оның сөзінің соңын ести алмай қалдым. Кенет су астынан әлдебір жойқын күш түбіне қарай тарта жөнелді. Аузы-мұрныма су кіріп, қақала-шашала тырбаңдап жатырмын. Қас қағым сәтте көз алдымнан бар дүние жарқ етіп өте қалды.

***
Біздің жұмыста үш жылдан бері Зәриям атты қыз істейтін. Қай ауылдың қызы екенін бір біле алмай-ақ қойғам. Сұрағандардың барлығына «теңіздің қызымын» деп күлетін де қоятын. Әйтеуір, маған бір жерден көрген таныс мүсін көз алдыма орала беретін. Бірақ қайдан, қашан көргенімді еш есіме ала алмай-ақ қойғаным. Ол туралы бар білерім, жаңбырдан өлердей қорқушы еді… Қорыққанда сол, жаңбырлы күні сыртқа аттап баса алмай қалатын. Содан кейін де әдейі «теңіздің қызымын» деп айтатын шығар деп ойлайтынмын. Сол қыз бір күні менен:
– Сіз теңізді жақсы көресіз бе? – деп сұрады.
– Білмеймін, ол туралы ойланып көрмеппін… әрі өмірімде бір рет те ашық теңізге шыққан емеспін…
– Пәлі, сіз сұлулықтың не екенін әлі білмейді екенсіз ғой… Қарсы алдымдағы отырған қыз осыны айтып кейіді.
Аз ғана сіркіреп барып басылып қалатын жаңбырдан өлердей қорқатын қыздың маған теңіз туралы айтқаны күлкілі көрінді. Қыз сөзін ары жалғап:
– Сіздің теңізге барғыңыз келе ме? – деп сұрады. Мен күлдім де:
– Иә, барғым-ақ келеді… Неге сұрап отырсың?!. Әлде мені де өзің сықылды судан қорқады деп ойлайсың ба?.. Ұялып қалатын шығар деп ойлағам.
– Жоқ, мен судан қорықпаймын… Мен суды сүйемін… Оның жанары бал-бұл жанып кетті. Жанарындағы құштарлықтың оты жарқ етіп барып, дірілсіз тынық судай дереу мұңға бата қалды. Мен өзімнің баяғыдан бері қалай көз салмағаныма таң қалып отырмын. Қыздың аппақ жүзінде көзге әзер көрінер қаншама ұсақ меңін есептемегенде, нағыз аппақ арудың өзі екен. Мен ұзақ қарадым.
– Ағай!.. – деді ол қайталап.
– Ау?.. – дедім мен де.
– Сонымен теңізге барғыңыз келе ме?
– Иә.
– Онда барасыз ба?
– Мені кім апарғалы жатыр екен онда?
– Мен.
– Ненің құрметіне? – десем де ішім қылп ете қалды. Осындай әдемі қызбен өзім өмірі көрмеген теңізге бару, әрине, ғанибет!
– Сізге сұлулықты дәлелдегім келеді.
– Мен онсыз да көріп отырмын.
– Қойыңызшы…
– Шын айтамын…
– Алдағы демалыста барып қайталық.
– Қай жаққа?
– Теңізге.
– Теңіздің аты бар шығар.
– Жоқ, менің теңізім. Аты жоқ. Қыз қулана күлді де, орнынан лып етіп тұрып есікке қарай беттеген. Одан соң да қаншама рет теңіз туралы әңгімелер болған-ды. Ақыры демалыс уақытына да жеткенбіз.
Бір күні алыс бір теңіз жағалауына баратын екі билетті алып келіп тұр Зәриям. Мен жай әңгіме үшін ғана айтып жүрген шығар дейтінмін. Күтпегем. Ойланбастан келісімімді бергенмін. Тіпті айтарға болмаса, қуанып та қалдым. Зә- ри­­ямның шарты бойынша ешкімге де тіс жармастан бір кеште кете барғанбыз. Енді міне ізім-ғайым су түбіне әлде бір су мақұлықтарына жем болып кетіп бара жатқаным. Аузы-мұрнымнан кірген су қолқамды қауып, есімнен тандырып жіберді.
Мен есімді жиғанымда әлдеқашан кеш батып кеткен екен. Айсыз қараңғы түн айналадан ешнәрсені көрсетпейді. Құлағыма судың гүрілі келді. Денем мұздап, қалтырап жатыр екен. Жалма-жан орнымнан атып тұрып, қайта құладым. Мен тұрған жер теңселіп тұр екен. Аяғымнан тік тұра алар емеспін. Осы кезде барып:
– Ағай! Есіңізді жидыңыз ба? – деген құлақ түбімнен Зәриямның үні естілді.
– Зәриям! Айнам! Мен қайдамын?.. Мені кім алып шықты судан?.. Мен аптыға сөйлеп жатырмын.
– Мен алып шықтым,.. менің кемеммен…
– Қалай?..
– Мен кемеде айтамын дегенімді ұмытпаған шығарсыз…
– Қайдасың? Неге шырақ жақпадың?..
– Шырақ жағуға жете алмай жатырмын.
– Не болды, айнам, сен жараланып қалғансың ба?
– Жоқ, аманмын…
– Онда…
– Дұрысы шырақ жақпай-ақ қояйықшы.
– Неге?
– Сіз қорқып кетесіз…
– Неге?
– Менен…
– Түсінбедім, айнам…
– Онда алдымен сіз тыңдаңыз… Сосын қаласаңыз шырақ жағасыз… болмаса…
– Айта ғой, айнам…
– Әуелі, сізден бір нәрселерді сұрасам? Шыныңызды айтасыз ба?
– Сұрай бер.
– Мойныңыздағы тұмар кімдікі?
– Өзімдікі.
– Өтірік! –оның дауысы зілді шықты.
– Неге өтірік? Мен бұны ес білгелі тағып келемін…
– Қайдан алдыңыз?
– Білмеймін…
– Шыныңызды айтыңызшы…
– Шынымен білмеймін… Тек апамның айтуы бойынша мен ес білмейтін кезде үш жас па, әлде төрт жас шамасында ойнап жүріп жардан құлап суға кетіп қалыппын… Содан ел-жұрт болып неше күн іздеп таба алмай қойған екен. Төртінші күні біреулер «Жалпақ өткел» деген жерден тауып алған екен… Содан үйге алып келіпті… Апам:
–Осы мойныңдағы тұмар сені ажалдан алып қалған болар… бұрын тұмар болмаған… ана кісілер алып келгенде мойныңда жүр екен. Енді ешқашан шешпе… су перісі деген болады… соның шарапаты тиген болар,… – деген. Одан басқа ешнәрсе білмейді екенмін.
– Иә, ол менікі болатын.
– Қалайша?
– Тұмарды ашып көріп пе едіңіз?
– Иә, көргенмін.
– Сондағы жазулардың бас жағындағы сурет есіңізде ме?
Осы кезде барып есіме түсті. Иә, тура сол суреттегі қыз.
– Мен теңіздің қызымын дегенде сенбейтін едіңіз.
– Иә.
– Енді сенетін боласыз.
– Айнам, не айтып кеттің, шырақ қайда?
– Асықпаңыз, мен сіз көре қалатындай халде емеспін.
– Қалайша?
– Мен өз бейнеме қайтқанмын.
Сәл тіксінсем де жүрегімді орнына түсіріп:
– Онда сен кімсің? – деп сұрадым.
– Мен су перісімін.
– Адамдардың арасында не істеп жүрсің?
– Тұмарымды алуға келгем.
– Баяғыда-ақ сұрамадың ба? Қайтарып берер ем.
– Сізден айырылып қалудан қорықтым.
– Неге?
– Сол кезде жардан қалай құлап кеткеніңіз есіңізде ме?
– Жоқ.
– Онда тыңдаңыз. Мен су перісі патшасының жалғыз қызымын. Әдетте су перілеріне адамдар жүрген жерге баруға тиым салынады. Бұл қағида еді… Мен сол қағиданы бұзғам. Ол кезде мен де тым кішкене болғанмын. Сіздің есіңізде болмағанымен, менің көкейімде барлығы сайрап тұр. Су асты әлемінің барлығы әкеме бағынар еді. Содан болар, менің барлық әрекетіме ешкім де шектеу қоймайтын. Мен алыс-алыс өзен суларды, бұлақтарды кезетінмін. Менің жақсы көретін кіп-кішкентай көп балықтарым болды. Солармен ойнайтын едім. Сол жардың түбінде қарғыс атқан бір топ балалар ау салатын еді. Ессіз балықтар соған түсіп қалатын. Әр кез сіз сол балықтарды балалардан қолыңыздағы асық-сақаларыңызға айырбастап алып, суға қайта жіберіп отыратынсыз. Бірде ауға түсіп қалған шабақтарымды босатып аламын деп өзім шырмалып қалдым. Айналада көмекке келе қояр ешкім жоқ. Жанталасып әрбір жібін тісіммен қия бастағам. Сол кезде балықшы балалар келіп ауларын шығармақ болды. Мен суға, олар жағаға тартып арпалысқа түстік. Содан сіз балалармен таласып аудың жібін қолдарынан жұлып алдыңыз. Ашуланған біреуі сізді жарға итеріп жіберді. Сіз шыңғырған қалпы суға құлап түстіңіз. Осы кезде мен де аудан босанған едім. Сіз суға түсе есіңізден айырылып қалдыңыз. Мен сізді алып, әкемнің сарайына жеттім. Болған оқиғаның барлығын айтып беріп ем, әкем сізге қайрымдылық жасап, қайта жер бетіне жібірмек болды… Ол кездегі балалық сезім болар… Мен «ешқайда жібермеймін» деп зар еңіредім. Ақыры әкем маған: «Бұл – басқа жаратылыс. Су әлемінде күн кеше алмайды… әрі әлі жас… өскеннен соң тауып аласың» – деп көндірді. Содан менің мойнымдағы тұмарды тағып, жағалауға шығарып салған. Содан бастап жер бетіне шығып сіз- ді ізде­­­­умен өттім. Ақыры тауып сізбен бірге қызмет істедім. Мені бір күні таныр деп үміттендім.
Бірақ сіз тани алмадыңыз. Ақыры сізді осында алып келуге мәжбүр болдым. Себебі мен тұмарымды сусыз жерде пайдалана алмас едім. Менің денем тек белден жоғары ғана адам сипатты да, одан төмен балық тәнді едім. Жаңбырдан қорқатыным да содан. Суға тап болсам, әуелгі бейнеме қайтып кетемін, содан сақтанатынмын. Енді, міне, мен тұмарымды алдым…
– Шырақ жағайыншы. Мен қыздан өтіндім.
– Жарайды, жағыңыз. Мен қауызда жатырмын, қауыздың ішіне қараушы болмаңыз тек.
Бей-берекет теңселген кеменің ішінде анда бір, мында бір соғылып жүріп Зәриямның нұсқауымен оттық пен көне тоз шырағданды тауып жақтым. Аядай ғана каютаның ішін шырағдан күндізгідей жарқыратып жіберді.
Ортадағы үлкен қауыздың ішінде ернеуіне асылып Зәриям жатыр, маған тесіле қарап. Мен аяғымды аңдый басып таяп келем. Қауыздағы су кемемен бірге шайқалып шып-шып етіп кемерінен асып, еденге шашырап жатыр.
– Жақындамаңызшы,.. – деген Зәриямның жалынышын елемей, таяп келемін. Қауыздың ішінен алтын түстес балықтың жалтылдаған құйрығы суды әлсіз сабалап, бұлғаң қағады. Сырттан ауыр ыңырсып кеменің бүйірін соққан толқын үнімен жарысып сан мың қыздың күміс сыңғырлы күлкісінің үні естіледі. Мен жарты денесі суда жатқан Зәриямның жанына келіп, жантайып отыра кеттім. Зәриям тіпті ажарланып кетіпті. Жарқ ете қалған жанарының өзі жүрегіме ынтызарлықтың тылсым күшін нығарлап тығып жатқандай. Тарқатылған бұрымы тамағыма оратылып қытықтайды. Бүткіл денемді бір ыстық, бір суық ағын бойлай қуалап, Зәриям қызды құшып үнсіз отырмын.
– Ағай, мен сізді енді жерге жібергім келмейді… Үнсіздікті Зәриям бұзды.
– Айнам менің,.. енді не істейміз?.. Мен шынымен сұрап отырмын. Менің де Зәриямды қалдырып кетуге жүрегімдегі тулаған ынтызарлығым жіберер емес.
– Мен сізді су астына алып кетер-ақ едім.
– Сенімен қайда болса да баруға әзірмін, айнам.
– Жоқ, сізді су әлемі қабыл алмайды екен.
– Неге?
– Сіз су қағидасын бұзғансыз.
– Қалай?
– Балық жегенсіз…
– Несі бар, жер бетіндегілердің барлығы жейді.
– Сол үшін де жер бетіндегілердің барлығы суда тіршілік ете алмайды.
– Не істейміз онда?
– Осы кемеде өмір бойы менімен қала аласыз ба?
– Қаламын! – деп мен еш ойланбастан жауап қайтардым.
– Дауыл тұрайын деді.
– Не істейміз?
– Палубаға шығыңыз. Оң жақтағы жақтаудың қасында айналмалы шығырық тұр. Соны ақырын босатыңыз. Сосын арқанды саумалап жіберіп отырсаңыз, желкен түседі.
Мен тепкішекпен өрмелеп палубаға шықтым. Арлы-берлі шайқалақтап жүріп желкенді әзер түсірдім. Біз ұшы-қиыры жоқ алып теңіздің ортасында кетіп бара жатқан сықылдымыз. Бірін-бірі сабалап буырқана атқақтаған толқындар үйдей-үйдей болып келіп, кемені бірінен соң бірі соққылайды. Бірі тұмсығынан іліп алғандай кемені аспанға қарай шалқалатып алып бара жатса, енді бірі құйрығынан салақтатқандай қылып кеменің тұмсығын теңіздің түбіне бағыттап, тастап кеп жібереді. Толқыннан толқынға лақтырылып қалқақтап келе жатырмыз. Сыртта тұра беруге дәтім жетпей, асығыс каютаға түстім. Зәриям жатқан қауыздың ернеуіне келіп әлде бір көне тоз матрасты астыма төсеп жантайып жаттым. Жантайып жатып ұйықтап кетіппін.
Мен оянғанда әлдеқашан күн шығып кеткен екен. Жалма-жан қауызға қарадым. Зәриям жоқ. Менің Зәриям… менің аяулым… менің жаным… айнам… Жүрегім дір ете қалды… Кешеден бергінің барлығы түс емес пе деп ойландым. Жоқ, сол каютаның іші. Асығыс палубаға шықтым.
Жоқ, менің түнімен кеме деп жүргенім шағын каюталы ескі желкенді қайық екен. Тұмсық жағында Зәриям теңіз бетінің ащы күніне қыздырынып жатыр. Кәдімгі адам бейнесінде, аяқтары да орнында, баз-баяғыдай. Мен тосылып қалдым.
– Ағай, келсеңізші… Мен жайлап басып оған таяй бердім.
– Өз көзіңізге өзіңіз сенбей тұрсыз ба?
– Түс көрдім бе деп тұрмын.
– Жоқ, өңіңіз. Мен тек түнде ғана өз бейнеме қайтамын да, күн шыққанда адам кейіпіне ене аламын…
Мен оның сөзінің соңын күтпей бас салып құшырлана өптім. Қайықтың бүйірін соққылаған толқындардың сартылы маған ең жағымды музыкаға айналып кеткендей болды. Түс әлетінде Зәриям тамақтануға шақырды. Мен өмірі татып көрмеген әлдеқандай бір тағамдармен тамақтандық.
– Біз қайда бара жатырмыз? – деп сұрадым Зәриямнан.
– Таусылмайтын сапарға…
– Қандай?
– Бұл қайықта ескек жоқ.
– Дұрыс болған, ескекші де жоқ қой.
– Мына алып толқындар таусылады деп ойлайсыз ба?
– Жоқ.
– Онда біздің сапарымыз да таусылмайды… Біз енді толқындардың құзырындамыз…
Ол маған қарап наздана күлді. Оның күлкісі айдың аппақ сәулесіндей, күннің шуақты нұрынан да құдіретті еді.
Одан ары ешнәрсені қаузамадым. Зәридің айдай жамалына мастанып қараған сайын көз тойдыра алмай қарай бергім келеді.
Кеште жартылай балық, ал күндіз адам бейнелі Зәриям мен үшін әлемдегі ең қымбатты ынтызарым екенін ұқтым. Түнімен асау толқындармен арпалысып каютаға толып кеткен суды шелектеп сыртқа шығарып, күндіз Зәриімнің құшағында махаббаттың бал шәрбәтына мастанып ұйқыға кетемін.
Бізді ескексіз қайықты толқындар бірінен-біріне жалғап, таусылмайтын алыс сапарға қарай өздері алып бара жатыр.

Мистик – Қойшыбек МҮБАРАК

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.