Жайлау. Самал жел қарағай басын ырғаған салқын түн. Арғы шеті қараңғылық құшағына астасып, тұтас бетті алып жатқан қалың қарағай. Бергі етегінде шағын ауыл. Шамасы елу-алпыс, ылғи шәкене ит арқалар, ара-арасында төбесін жай буып, үстіне бар-жоғын жаба салған қара қостар. Аспандағы көшкен ала шарбы бұлт арасынан толған жап-жарық айдың сәулесі анда-санда жарқ етіп қалады.
Алыс беттен сұңқылдай жылаған байғыз үні естіледі. Үй маңында борт-борт күйіс қайтарған сиырлар мен анда-санда мекірене маңыраған қоралы қой. Еміс-еміс пысқырынған жылқы. Көксау қойдың күрк-күрк еткен жөтелінен өзге түн тыныштығын бұзар ешнәрсенің дыбысы естілмейді. Кенет жағалай отырған қалың жаппаның арасынан көз ілеспейтін жылдымдықпен әлдеқандай бір бозғылт нәрсе қатты ысқырық шығарып, зу етіп өте шықты.
Әлгінде ғана сілтідей тынған тыныштық әп-сәтте тас-талқан болып, ауылдың маң төбеттері құтырына арсылдап ала жөнелді. Ауыл шетіндегі қойшының жаппасының босағасында жатқан кішкене ақ күшік шабалана үріп, ауылдың аяқ жағына қарай жүгіріп барады.
Әр үйді жағалай жатқан қоралы қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқылар шұрқырай кісінеп, ауылдан алыс үрке жөнелді. Үріккен жылқылардың соңында қалған ала жабағының шапқылап келе жатып қасынан жарқ ете түскен бозғылт сәулемен бірге құлындай шыңғырған дауысы шығып, басы жұлына қалықтап, анадай жерге дейін ұша жөнелді де, омақаса домалап барып топыраққа көміліп қалды.
— Не болды?
— Не сұмдық? – дескен жұрт жапа-тармағай киімдерін киюге үлгірмей тысқа атып-атып шығысқан.
— Құлағыма бір жағымсыз ысылдаған үн келгендей болды… Сосын бірдеңе жалт етіп өтіп кеткендей… Басымды көтеріп қарасам, қостың бір қанатын жұлып кетіпті…
— Мен де не болғанын аңғара алмай қалдым.
— Бақсы атаң қайда?
— Бақсы аталарың үйінде ме еді? Ұлар-шу болған жұрт ауыл қонған кең сайды құлдай жөнелді. Ауылдың аяқ жағындағы шаршылап аппақ матамен тысталып тігілген үйге қарай бет алды. Он-он бір жас шамасындағы ер баланың жетектеп жүрген үлкен сары мойнақ төбеті арс-арс етіп баланы дедектете жұлқып, бақсы шалдың үйіне таяу бұлаққа қарай сүйрей жөнелді. Баланы ұстап қалмаққа топтың ішінен екі жігіт бірдей ұмтылысты. Білегіне оралып қалған иттің қарғыбауынан босана алмай бала шырқырап барады. Ит қуғыншыларға жеткізер емес. Бұлақ басына таяп қалғанда, жақын тұрған бақсы шалдың үйінің бір орнында шыр айналып тұрғанын көріп кілт тоқтай қалған ит, қыңсылап кері қарай қаша жөнелді. Үйдің қырық шоқпыт көп тесігінің ішінен көз ұялтар бір жасыл жарық жарқылдайды. Бала шалынып жығылып қалды. Манағы екі жігіт енді жете бергенде иттің мойнындағы қарғыбау бырт етіп үзілді де, жанталаса қашқан ит ана екеуінің басынан қарғып, қаңқылдаған қалпы қалың жұрттың арасына кіріп тығылды. Үрейленген жұрттың манадан бергі ащы шуылы пышақ кескендей тынды. Қалың қарағайдың етегіндегі кішкене тепсеңге, темір қазыққа арқандалған бес-алты жылқы арқанын бірінен соң бірі үзіп алыс сай аузына қарай үркіп барады. Манағы екі жігіттің біреуі ке- йіндеп қалды да, енді біреуі орнынан тұра алмай шырқырап жатқан балаға қолын соза бергенде артындағы:
— Қайт, кейін қаш, – деп баж ете қалды. Баланың жер тырнаған саусағына қолы жете бере баланы әлдене ары қарай жұлып әкетті. Орнында тек жұлынып қалған сұқ саусағы шоршып жүр. Көзі бақжаң ете қалған жігіт басын оқыс көтеріп қалды. Қарсы алдында ұп-ұзын бозғылт жамылғы оранған, шашы дудар-дудар дәу біреу баланың бір сирағынан көтеріп аспақтап тұр. Бала талықсып қалған тәрізді, үні шықпайды. Қарсы алдындағының беті шала-пұла көрінеді. Жүрелеп отырып қалып, орнынан қайтып тұра алмай қалған жігіт қарсы алдындағыға аз-кем қарады да, көзінен бір ұшқын жарқ ете қалып, бірдеме деп тіл қатпақ болды. Ерні жыбырлап орнынан ұмсынып тұра бергенде қарсыда тұрған құбыжықтың сол қолындағы орақ іспетті қанжар жарқ ете қалды. Орнынан енді көтеріле берген жігіт өкіріп барып етпетінен түсіп, жанталасып тыпырлай бастады. Шаққа дегенде тулап жатқан денесі шалқалады да, тамағынан орылып қалған басы сол қалпы бетімен жер құшып жатыр. Қиылып кеткен күре тамырдан қор-қор етіп қан атқақтайды. Манағы «қайт кейін» деп баж ете қалған жігіт сүріне-қабына ұйлығысып қалған топқа қарай ұшып келеді.
— Не бәле?
— Анық көре алдың ба?
— Бала қайда?
— Елдар қайда?
– Менің құлыным! – деп жас келіншек бейберекет бажылдап, анаған бір, мынаған бір жүгіріп жүр. Өз үніне тұншыққан жігіт қақалып-шашалып сөйлей алар емес. Алақтап, жан-жағына қарай береді. Бар айтқаны: «Кім…кім… ана кім қолында орақ… басын шапты… басын…» деп ежіктегенінен ешкім еш нәрсе ұға алмады.
– Кім ол? Ұғындырып айтсаңшы! – деп қаумаласқан жұртқа ары қарай ешнәрсе айта алмаған жігіт қалшылдап барып есінен танып қалды.
Ұйлыққан топқа қараңғы түнді жарып шатынай жанған екі жанарын кірпік қақпай сәл-кем қадап тұрған құбыжықтың көзінен жап-жасыл бір от жарқ етті де, қолындағы баланың денесін аспанға қарай бірнеше рет бұлғап-бұлғап алған бетте қалың қарағайға қарай көз ілеспейтін жылдамдықпен зу етіп кіріп, жоқ болып кетті.
Қалың адамның ішінен басында аппақ жаулығы бар бір кемпір бар дауысымен ойбайлап тамағынан қан әлі тоқтамай атқақтап жатқан жігітке қарай көйлегінің етегіне шалына жүгіріп жетті де, денеден бөлек сылқылдап бос қалған басты құшақтап өкіріп барып талып қалды. Жұрт сақтана басып талып қалған кемпірге қарай келе жатыр.
Бақсы шалдың үйі енді айналғанын тоқтатып, әредік дүр-дүр етіп орнынан қозғалып қояды.
– Маран аға, ана кісі есінен танып қалды.
Кемпірді өліктен бөлектеп алған жас жігіт шамасы қырықтардағы жігіт ағасының жеңінен тартты. Кемпірдің қасына келген еркек бақсының үйіне таяу жердегі сылдырлап ағып жатқан бұлаққа барды. Тақиясымен су алмаққа суға батырып кеп қалғанда судың түбінен бір етсіз қусүйек қол ұстап қалмаққа атып келе жатқанын көріп барынша жылдамдықпен тақиядағы судың жартысын шайқалақтата төгіп, қолын тартып алды. Су шолп ете түсті де, қап-қара болып түк көрінбей қалды. Ішінен әлденені күбірлеген еркек жіті басып кемпірдің қасына келді де, бетіне су бүрікті. Бақсы шалдың үйіне қарай жылыстап бара жатқан адамдарға әлгі еркек:
– Андағы бұлақтан алыс жүріңдер… маңайына таяушы болмаңдар, – деп айқай салды. Бұлақтың маңына жетіп қалған жұрт алқа-қотан жапырыла кейін қашты. Бұлақтың бас жағын айналып, бақсының үйіне қарай ентелей түсті.
– Бар пәлекет осы жын қуған шалда, – деп әлдебіреу жерден бір кесек тасты алды да, үйге қарай жіберіп қалды. Шатырдың қабырғасына тиген кесек тас дүңк ете түсті. Ішінен бүркіттің пыштақтаған даусы естілді. Сырттағы адамдардың бәрі жапа-тармағай бақсы шалды қарғап-сілеп қолдарына ілінген заттың барлығын үйге қарай тарсылдатып жіберіп жатыр.
Үй ішінде қабырғадан қабырғаға соғылып, бауыры саржағал үлкен қара бүркіт тоқтаусыз пыштақтап айнала ұшып жүр. Отты жанары жарқ-жұрқ етіп көзге ұрады. Үйдің тура ортасында сақалы белуарына түскен, шамасы жетпіс жастан асқан шал аппақ дамбал-жейдемен лаулай жанған оттың алдында көзін тарс жұмып, ерні тоқтаусыз жыбырлап, күбір-күбір етіп отыр. Шал жуандығы сұқ саусақтай қара ала арқан мен сары ала қамшының сабын беліне салып бұрап отыр. Белі үзілуге шақ қалған. Қылдырақтай ғана болып тұр. Шал арқанға көлденең салған қамшыны бұраған үстіне бұрай түседі.
Сырттағылардың лақтырған тастары үйдің ана жер, мына жерінен тасырлап түсіп жатыр. Үлкендігі жұдырықтай бір тас үйдің ішін шыр айналып ұшып жүрген бүркіттің кеуде тұсына тарс ете қалды. Қабырғаға соғыла құлай жаздаған бүркіт ащы бір шаңқ етті де, желпілдеп тұрған түндікті тесіп өтіп аспанға қарай заулай жөнелді. Осы кезде барып шал көзін ашып, үйдің төбесіне бір қарады да, ыңырана күрсініп белін бунаған арқанды асығыс босата бастады. Бірақ босатып үлгірмей бір тас шалдың қақ маңдайынан тиді де, шал бір жағына қарай жантайып құлап бара жатты.
Бетіне шашылған судан есін жинаған кемпірді бауырына қысып құшақтап отырған еркек:
– Е, жаратқан ием, кесапатыңнан сақтай гөр, немізбен жақпай қалдық екен саған! – деп өзінің екі саусағы түбінен жұлынған мұқыл қолына қарап күңірене ауыр күрсінді. Манадан бері алғашқы орнында бүрісіп ыңырана сандырақтап отырған балаң жігіттің жанына барды да, бетінен аямай шапалақпен осып-осып жіберді.
Сонда барып жігіт есін жинап:
– Маран аға-ау, не болды? Өз көзіме өзім сенбей қалдым, сұмдық… – деп сөйлей бастап еді:
– Ана кемпірдің қасына бар… Еш нәрсе етпейді, қорықпа, – деп зеки сөйледі де, жігітті қолынан демеп тұрғызып жіберіп, өзі бақсы шалдың үйін қоршап алып тас жаудырып тұрғандарға қарай жүгіре жөнелді.
– Тоқтат! Түге, естеріңнен ауысқансыңдар ма? Тоқтатыңдар!
Оның саңқ ете түскен дауысынан шулаған жұрттың барлығы бірдей, кейбірі еңкейген қалпы, кейбірі алақандарындағы әр түрлі пішіндегі тастарын мыта ұстаған қалпы тұрып қалды.
– Тоқтатыңдар жарқындарым, айдаладағы бейшара шалда нелерің бар? Батырлықтарың ұстап бара жатса бірін өлтіріп, бірін тірідей алып кеткен ана құбыжықтың артынан неге бармайсыңдар?..
Осы кезде бағана баланы сүйрей жөнелген сармойнақ төбет етегіне оралып жүрген келіншек тағы баж ете қалды да, құбыжық кіріп кеткен қарағайға қарай:
– Құлыным-ау, құлыным… – деп аңырап тұра кеп жүгірді.
– Ұста ананы! Жазым болады, жіберме! Маран аға тағы саңқ ете түсті. Жақын тұрған бір саркідір әйел екі-ақ аттап әйелді қуып жетті де, қолтықтап адамдардың арасына қарай сүйрелеп келеді.
– Абыстай-ай, жіберші, жар дегендегі жалғыз құлыным ғой. Ағекем-ау, бір көмегіңізді беріңізші. Адамдар-ау, неге тұрсыңдар, менің құлынымды тауып берсеңдерші. Оның жылау араласқан соңғы сөздері ұғылмай қалды.
Маран ағаға бүкіл ауылдан қарсы тіл қайтаратын ешкім шықпады, бәрі түстері сұсты, тістері шықырлап шалдың үйін ішіп-жеп қарап тұр.
Маран аға үйдің сыртқы қайырма есігін сілкіп төбесіне қарай лақтырып тастады да, жарма есікті шиқ еткізіп ашып, ішке еніп кетті.
Үй ішінде шал бір жағына жантайып, аузынан ақ көбік ағып, талықсып жатыр екен. Ішін бунаған арқаннан ауырсынып, әлсін-әлі қатты ышқынады.
Шалдың беліндегі жіпті босатып сыртқа алып шыққан Маран аға қаумалаған жұртқа зілдене:
– Бұл шалдың не жазығы бар, керек десеңдер осы зұлматты тоқтататын тек осы шал ғана, – дегенде манағы қарағайға қарай баласының артынан жүгірген әйел енді шалға қарай жүгірді.
– Қасиетіңе бас иейін, атекем-ау, менің құлынымды құтқаршы,– деп шалдың алдына құлай кетті. Бақсы шал да есінеп, орнынан қыбырлап тұрып келе жатты.
Ауылдың бар адамы бақсы шал мен Маран ағаның жан-жағын қаумалап қоршап тұр.
– От жағыңдар, өшірмей жағыңдар. Бүгін аспан ашық болып тұр, жаңбыр жауа қоймас. Жан-жақтан от жағып, соның маңынан кетпеңдер, – деп бұйырды бақсы.
Лезде лаулап от жанды. Қарағайдың қу бұтақтары ша- тырлап жанып жатыр.
– Бұл осыдан отыз жылдың алдында ғана болған. Сол қайта қайталанып жатыр. Бақсы шал сөзінің соңын аяқтамай аузына лапылдап жанған шаланы тістеген қалпы лаулап жанған отты арлы-берлі кесіп өтіп, бақсылық ойынға кіріскен.
Лаулаған отты айналып ұйлығысып тұрған топтың арасында Маран аға әлдекімдерге сөйлеп тұр.
– Менің де есіме бірдемелер түскен тәрізді. Ой-хой, жалған-ай десеңші! Міне, мынау, сол зұлматтан қалған белгі. Ұлардай шулап отырған бір ауыл бір түнде қырылып жоқ болды. Дегенмен тағдырдың жазуына кімнің кесе көлденең болуға шамасы келсін. Сол ауылдан тек жалғыз бала ғана аман қалған еді. Ал мынау зұлматта тура сондай сықылды көрінеді маған. Соның бір шалығы емес пе деп қорқамын, – деп манағы шолақ қолына қарап сөйлеп кетті.
Бақсылық ойынын бір сәтке тоқтатқан шал Марандардың қасына келді де, маңдай терін сүртіп жатып:
– Иә, иә, Маран, сенің айтқаныңның да жаны бар. Бұл да сол отыз жылдың алдындағы сен көрген зұлматтың өзі бомаса да, соның жалғасы.
– Бұл да кәдімгідей адам. Осы ауылдың кірмесі, ана мылқау қойшының асыранды баласы.
– Қойыңыз.
Жұрт маңайына тімтіне қарап қойшы шал мен кемпірді іздеді. Бірақ оларды таба алмады.
– Соның қалай келгенін біле бермейсіңдер ғой. Алғаш әкелгенде мен қарсы болған едім. Е, адамбыз ғой, басқа түскенде болмаса басқаға сенбейтін. Шал ауыр күрсінді. Маран аға үнсіз ойға кетті.
– Менің қара дәуім болғанда одан аман қалар едік. Оны шамырқандырып қуып жібермегенде, бүгін бәрінен құтылатын едік. Ол адам етін жеген албасты әйелдің құрсағынан шыққан бала, – деді шал қайтадан сөзге келіп. Шал Маран ағаға өзінің білгенін айтып отыр.
* * *
Кешкі мезгіл. Қалың нулы қарағайдың ортасын ойып отырған шағын ауыл. Аппақ шағаладай самсаған қалың киіз үй. Қайшыласқан қалың адам. Ортадағы үлкен алты қанатты ақ үйде ас берілген. Үй маңындағы адамдар әлі тарқай қоймаған. Үй іші де тола адам. Кешкі асқа отырған. Есіктен кіре марқұмның бар киім – кешегі, ат-әбзелдері, қару-жарағы ілулі тұр. Төрде отырған ақбасты шалдар мен ақсамайлы кемпірлер алдарындағы төбе дастарханға қолдарын марғау созып, қызу әңгімеге кірісіп кеткен.
– Жас болса да осы ауылға бас болған еді.
– Қайдан жабысқанын білмедік, кешкісін ат суғаруға кеткен. Есіктен кіре «Апа!» деп бір шыңғырды да, құлады. Арғы ауылдағы бақсыны алдырғанымызша ет асым уақытқа жетпей-ақ, арып-таласып жатып кетті де қалды… Құлыным… Шәкене қара кемпір көзінен жас тоқтаусыз парлап отыр.
– Бақсы не дейді сонда?
— Жын соғыпты. Қап, әттең, үйге кіргізбей аластап жіберсеңдер аман қалар ма еді, – дейді. – Ол жас қой, білмеген біз де аңдамай қалдық.
– Артында тұяғы қалды ма?
– Жоқ, үйленгеннен кейін екі айдан соң қыршыннан қиылып кетті ғой, құлыным. Жоғарыда отырған үлкен ақ кимешекті жолаушы кемпір құтығуырлап сұрап отыр.
– Келініңіз қайда? – деп сұрады.
– Жас қой, кешеден бері жоқтау айтып сілесі қатқаннан кейін жаңа шайға көмектесші деп сыртқа шығарған едім, – деді қара кемпір.
– Шай алыңыздар, тамақ алыңыздар…
Сыптырғадай күтуші жігіттер шыны-аяқтарды қолдан қолға тигізбей алып-беріп жатыр. Есікті керіп тұра қалған балаға төрде отырған кемпір «керме босағаны…» деп зекіп қалды. Кемпірдің зілді дауысынан жасқанған бала сыртқа қарай шегініп шыға бергенде:
– Ойбай, күйесің ары! – деген әйел дауысы шықты да, баланы кимелеп шыға берді. Жас келіншек буы бұрқыраған самаурынды жалғыз өзі көтеріп ішке ентелеп келе жатты. Асығыста табалдырықтан сол аяғымен аттап кіріп кеткенін манағы кемпірдің көзі шалып:
– Тәйт ары, табалдырақтан сол аяғымен аттағаны несі, – деп саңқ ете қалды. Үйдегі отырғандардың барлығы келіншекке жақтырмай қарасты. Қатты қысылып қалған келіншектің көзінен бір тамшы жас ытқып кетті де:
– Кешіріңіздер!– деп самаурынды шай құйып отырған жас келіннің қасына қойып, иіліп сәлем етті де, шегінген қалпы есіктен шыға жөнелді.
– Е, бейбақ, осы менің келінім,– деді үй иесі кемпір төрдегіге манағы сұраққа берген жауабының қалғанын жалғап.
Ернін сылп еткізіп ішінен бірдемелерді күбірлеген жо- лаушы кемпір одан ары ешнәрсе сұрамады.
Үйден шыға жанарына лықсып келіп қалған жасты еркіне жіберген келіншек босағадағы қазықта ілулі тұрған шелекті алды да, төменгі жылғадағы бұлаққа қарай жіті басып кетіп бара жатты. Келіншек келе жатқан бұлақтың басында үлкен қара ала ит бұлаққа қарап тап-тап беріп, арсылдап тұр. Қарала ит келіншекті көрді де қыңсылап келіп аяғына сүйкенді. Көзінен жас парлап қорланып келе жатқан ол қолындағы шелекпен итті басынан қойып кеп қалды. Ит қаңқ етіп тұра қашты.
Үй жақтан әлдебір ер адамның қарлығыңқы зор дауысы естілді.
– Кім-ей, екі кештің арасында суға бара жатқан, қайт кейін!
Келіншек аузы жыбыр ете түсті, үні сыртқа шықпады. Бұлақтың терең тұмасына шелекті батыра су бетінде қалқып тұрған малдың шикі өкпесін көрді де, тағы аузы жыбыр ете қалды. Суды ала беріп қараңғы су түбінен өзінің жап-жарық суретін көріп: – Көтек… – деп селк ете бойын еріксіз жинай берді. Қас пен көздің арасында су ішіндегі өз бейнесі адамның қу қаңқа сүйегіне айналып білегінен бас салды.
Көзі алақандай болып шарасынан шығып кете жаздаған келіншек баж ете қалды.
Қатты шыққан әйел дауысын ауыл адамдарының бәрі естіді. Үйден атып-атып шығып бұлаққа қарай жүгірісті. Алдымен жеткен еңгезердей қара жігіт суға етпетінен құлап жатқан келіншекті судан жұлып алды. Денесі былқ-сылқ, жан жоқ.
– Жаратқан ием, өзің пәле-қазаңнан сақтай гөр! – шөкімдей ғана қара кемпір келіншекті жас балаша екі білегіне салып көтеріп бара жатқан жігіттің алды-артына шығып дедектеп жүр.
– Екі кештің арасында бұлақтың басынан не іздеп жүр?!
– Жас қой, ненің парқына барар дейсің?
— Бірдеменің шалығы тиген шығар, – әркім бір-біріне күбір-күбір етісіп шұбап келе жатты. Жігіт үйдің алдына жете бергенде манағы ұрысқақ жолаушы кемпір тағы шаңқ ете қалды.
– Тоқтаңдар, алдымен құрым киізбен қағып, аластап барып кіргізелік.
Елдің күңіренген күбірі мен шулаған балалардың дауысынан жігіт кемпірдің дауысын естімеді ме, әлде елемеді ме, түрулі тұрған есіктен бір-ақ аттап ішке кіріп кетті.
– Ау, басқын басқан көксоққыр сол! Керең болдың ба? – Кемпір шаңқылдай сөйлеп үйге енді. От жақтағы шымылдық құрулы төсекке әйелді жатқызып енді шегініп шығып келе жатқан жігіт өзін қарғап сілеп жатқан кемпірге қарап ыржиып күлген болды.
– Шығар ана қатынды! Ой көксоққан сол… Әй, қайдасыңдар, құрым киіз беріңдер, арша тұтатыңдар… Үйге кіргізбей қағу керек еді. Енді, әй, қайдам бәрі бір жаратқанның қолында. Арша тұтатылып, келіншек сыртқа шығылды, әлі ес-түссіз жатыр.
– Алас! Алас! Бар пәледен қалас… Кет, пәлекет кет! Сұф… – деп кемпір бір қолында қарақұрым киіз, бір қолында үлкен кесе толы су бар. Құрым киізбен қағып, тұтанған аршамен аластап, су бүркіп ұшықтап жатыр. Бір сәтте барып келіншек ыңыранып есін жиды. Ерні дір-дір етіп бірдемелерді айтқандай болды. Бірақ онысын ешкім ести алмады. Манадан бергі арпалыстан дағдарып қалған кемпір қолындағы кесені біреуіне ұстатты да, екі-үш жігітті шақырып алып:
– Мықтап тұрып төрт қазық қағыңдар, – деп қазық қағатын жерді адымдап көрсетіп жүр. Ені үш адым, ұзындығы бес адым жерді көрсетті де:
– Осыған мықтап тұрып қазық қағып, мықты қайыс арқан алып келіңдер, – деп жұмсады. Қазық қағылып, арқан дайын болған кезде есін енді жиып, басын көтеріп жанындағы мосқал әйелге сүйеніп әзер тұрған келіншекті қазыққа керіп байлап тастауға бұйырды. Келіншекті айнала үйіріліп жүрген манағы кемпір бастаған біраз адам шулап кетті.
– Өзінің жаны қиналып әзер тұрған адамды байлағаны несі, әкем-ау…
– Жынданған шығар, қақпас.
– Әкесі даңсалы бақсы адам еді, жарықтық. Мұның да бір шалығы бар-тұғын. Бірдемені білетін шығар, айтқанын істеңдер, – деді бір шал.
Ақыры келіншекті шырқыратып жүріп қазыққа керді. Төрт жағынан жеті-жетіден қадамаралық тастап от жақ- қызды.
– Босап кетпесін, көз ілмей байқап отырыңдар, таңға де- йін аман жетсек бәріміз де зауалдан құтыламыз, – деп кемпір денесін тік ұстап үйге қарай кетті. Байлаулы жатқан келіншектің маңайындағылар:
– Құтырған шығар, қақпас. Өлгелі жатқан адам қайтып босай алсын, – деп қыжыртысты. Аз-кем біреулері тіксіне қарап, шегіншектеп кетіп бара жатысты.
Манағы шәкене қара кемпір келіншектің аузына әкеліп су тамызды.
– Қарғам-ай, апақ-сапақ уақытта суға несіне бара қалдың? Тартқан бейнетің-ау, босатыңдаршы. Ау, балалар, көріп тұрып өлтіресіңдер ме?– деп шандып байланған қайыс арқанды босатпақ болып еді, үйден қолына лаулап жанған оттың жарығымен сабы жалт-жалт еткен сара ала қамшы алып шығып келе жатқан кемпірді көріп тосылып қалды. Кемпір байлаулы келіншектің қасына келді де, жерді қамшымен сабалай айналып жүр.
– Кет, пәлекет, кет! Әруағыңа бас атакем, қолдай гөр мына пақырыңды! Қолдай гөр мына күнәһар пендеңді, құтқара көр! – әлдекімдермен айқайласып, ұрысып, әлдекімдерге жалына жалбарынып жүр. Терістік жақтан жел тұрып, отты лаулата түсті. Бала-шағалар қаптап, қу бұталардың үсті-үстіне салып жатыр. Тырс-тырс етіп жаңбыр жауа бастады. Жаңбыр сәлден кейін күшейе түсті.
– Отты өшіріп алмаңдар! Үстіне май құйыңдар, – кемпір шыр-пыр бола қалды. Жұртшылық жан таласып отты өшірмеудің қамына кірісті. Аспан жарқ ете қалды да, құлақ тұндыра күн күркіреді. Кемпір отыра қалып қолын көкке жайып күбірлеп, бірдемелерді зарлана оқи жөнелді. Манадан бері сұлқ жатқан келіншек шиыршық атып, қазықты солқылдата жұлқынды.
– Қарғам-ай, қарғам… – деп, қасына жетіп барған шәкене кемпір келіншектің бетіне қарап қалып, баж ете қалды. Жанарынан қып-қызыл жарық шығарып, тістері алмас пышақтай жарқ-жарқ етіп, қайшыланып жатыр екен. Күн күркіреген сәтте жаңбыр төбеден шелектеп төгіп жібергендей болып құйып кетті де отты бор еткізіп өшіріп тастады да, сап тиылды. Аспанды жапқан қара бұлт лезде ізім-ғайым жоқ болып, ай топ-толық болып жарқ ете қалды. Қалың жаңбырдан өшіп қалған оттың шаласынан көк бу аралас түтін бықсыды.
– Отты жағыңдар! Отты… – Кемпір өзі талықсып кетті. Ел от жағу үшін жанталасып, бірін-бірі соға-моға қайшыласып жатқанда, арлы-берлі бұлқынып жатқан келіншек ышқына бір айқайлады да, неше қабат қайыс арқанды бырт-бырт үзіп орнынан тұрды. Маңайдағы мал үркіп, иттер қыңсылап адамдардың етегіне кірді.
– Сұмдық! О, тәңір ием, өзің жар бола гөр! – жұрт шуласып кетті. Талықсып кеткен кемпір енді төрт аяқтап шеткері қарай қашып бара жатыр. Аппақ көйлегі лай батпаққа былғанып, жағал тартып ағараңдайды.
Жұрт бейберекет шулай бастады. Шеткеріде тұрған шамасы жеті-сегіздердегі ұл бала сайды құлдап шауып бара жатқан аттың жалына көз ілестірмей жармаса кетті. Сүйретілген шылбырды жинап ала бергенде бір нәрсе жанынан жарқ етіп жанап өте шықты. Аттың жалына жабысып жатып шұбатылған шылбырды ұстаған оң қолын көтеріп көз алдына әкелген бала шыңғырып жылап келеді. Оң қолының екі саусағын түбінен бірдеңе қиғаштап кесіп кетіпті. Қан атқақтап тұр. Жалма-жан аттың жалының астына қолын тыға қойып, шырқырай атты тебініп барады. Ат оқтай зулап сай аузына қарай қараңғылыққа сіңіп көрінбей кетті.
Ауылдан одан өзге тірі жан ешқайда қашып құтыла алмай қалды. Көздері қып-қызыл шоқша жайнаған келіншек тістерін әлі сақ-сақ еткізіп, қайшылап жүр. Көйлегінің етегі жырым-жырым болып жыртылып жүргенде дүр-дүр дыбыс шығарып алдымен бұлаққа барды. Еңкейіп бірдеме алғандай болды да, қас пен көздің арасында үстіне алажағал бірдеме жамылды да, қолына орақ іспетті бір нәрсені алып қолын көкке көтерді. Атқан оқтай болып зу ете түсіп, әлі еңбектеп қашып бара жатқан кемпірді ну қарағайдың етегіне жеткізбей жанап өте шықты. Кемпірдің басы бір жаққа, денесі бір жаққа кетті. Жұрт тағы шу ете қалысып, отыра қалып, қолдарын көкке көтеріп тәңірлеріне жалбарынды. Келіншек ұйлығысып отырған жұртты жарқ ете қалған сәуле іспетті арлы-берлі әлденеше рет кесіп-кесіп өте шықты. Көз алдарына келіншек көрінбей қалды. Тек отырғандардың бір сызықтың бойымен шетінен тамақтан бауыздалып бір жақтарына қарай құлап жатқанын ғана көрді. Әп-сәтте барлығы қанға белшесінен батып, өлі денелері ылғи бір жақтарына қарай қисайып жусап жатты. Маңай өлі тыныштыққа ұласты. Алғашында-ақ басы мен денесі екіге бөлініп қалған кемпірдің бір санын көзін тарс жұмып алып шылпылдата мекіреніп жеп отырған келіншектің аузы басы қызыл қанға боялған.
***
Сызып таң атып келе жатты. Күннің жалқын сәулесі таудан асып маңайға түсе бастағанда келіншектің түнде бұлақтан барып алған жамылғысы күннің сәулесімен көкшіл түтінге айналып жоғалып бара жатты. Көзі шарт жұмулы келіншек қолындағы кемпірдің жіліншігін әлі тауысып жеп отыр. Жамылғы ғайып болған сәтте көзін жарқ еткізіп ашып алып, қолындағы адамның сирағын көріп баж етіп, талып қалды. Біраз уақыттан кейін есін жиған ол ойбайлап шыңғыра жылап, өз басын өзі жерге тоқпақтап, өзін-өзі қарғап-сілеп, айқасып жатқан өліктің анасын бір, мынасын бір «Ағакем-ау, апатайым-ау, атакем-ау» деп зарлай жылап, шарқ ұрып жүрді. Күн түс әлеті болайын дегенде есінен мүлде адасып жылағанын қойды да, шарқылдап күле бастады. Шеткері жатқан, түндегі өзін бұлақтан көтеріп келген жігіттің мәйітінің қасына барып:
– Тұр, Есет! Тұр… Сен неге жатырсың, жүр кеттік, анау күнгі жерге барамыз, – деп етпетінін жатқан жігітті аударып шалқалатты. Басының бір жақ жартысы жоқ, тамағынан орылған, бетін қан жауып кетіпті.
– Ұу, ауыра ма, қатты ауыра ма жаным? Тұршы, келші, сенің құшақтағаныңды сағындым. Анау күнгідей тағы құшақташы… шешінші… Ыржалақтап жүріп өліктің қан-қан киімін сыпыра бастады.
* * *
Кеш бата жайрап жатқан қалың өліктің шет жағында бүрісіп ұйықтап жатқан келіншек гүр ете түскен дыбыстан оянып кетіп, жан-жағына алақтап біраз қарап отырды да, атып тұрып бұлақтың басына жүгіріп барды да:
– Әкел шапанымды, әкел, – деп суға тебініп-тебініп қояды. Судың беті айдың сәулесімен дірілдеп барып қолдың қу сүйек қаңқасы кешегі алажағал жамылғыны келіншекке ұсына берді. Жамылғыны жамылған келіншек шақ-шақ күліп, өліктерді жәукемдеп жей бастады. Таң ата барлығын жеп жоқ қылып, алыстан жылаған байғыздың үніне елітіп біраз отырда да, ұйықтап қалды.
* * *
Арада жиырма жыл өтті. Баяғы ауылдың қаңыраған бос жұрты. Кең алқапты сай іші тусып тұр. Құстар сайрап, арлы-берлі аңдар ойқастап жүр. Ерекше бір көркем жүріспен секектеген еліктің лағы су ішпекке алаңқайдағы бұлаққа барып тұмсығын суға мала беріп, бақ ете қалды. Маңайда өлі тыныштық орнады. Барлық ойқастап жүрген аңдар үдере, үрке бұлаққа қарай қарады. Бұлақтың басынан лақтың артқы сирағы бір жарқ етіп көрінді де, ғайып болды. Су бетін шымыр-шымыр қайнап барып астына қарай су ортасынан айнала жөнелген бостық қалдырып, қатты қорп-қорп еткізген дауыс шығарды. Енді әлгі аңырып тұрған төрт аяқтылар бет-бетімен жақын тұрған қарағайлы бетке қарай тасырлатып үрке жөнелді. Жоғары таман беттегі қарағайдың арасында атам заманғы зәулім қарт қарағайдың маңайы – аңның жұлынған жүні, жыртылған терісі, төгілген қан-жын. Бірдеңенің қатұр-ғұтыр сүйек шайнаған дауысы естіледі. Қарағайдың арғы бетінде маралдың жас бұзауын аузымен жәукемдеп, баяғы аузы-басы қып-қызыл ала қан шашы дудырап кеткен келіншек отыр. Анда-санда адамға жат гүр-гүр еткен дыбыс шығарып қояды. Бұзаудың сирағының бір жағын табанына салып, бір жағын тісімен кергілеп жұлып жеп отыр.
Кенет тарс еткен мылтық дауысы шықты. Атып тұрған әйел көз ілестірмес жылдамдықпен атылып баяғы ауыл отырған алаңқайдағы бұлаққа келді де, суға күп етіп еніп кетті. Аз-кем уақытта баяғы сол жиырма жастағы алғаш келіншек болып түскен бейнесіне еніп шыға келді.
* * *
Арқасына жеңіл буыншақ асынған, қолына аң мылтығын ұстаған қапсағай бойлы, үстіне тайжақы киген аңшы беттен ыра төмен жүгіріп келеді. Балапан қарағайларды соға-моға жолдағы кезіккен кішігірім кедергіден орғи секіріп, ұштыртып келеді. Жан-дәрменімен жүгіріп келе жатып оң жақ беткейден үлкен үңгірді көзі шалып қалды. Бірақ оған аялдамады. Алдында іші салбырап тууға жақын қалған буаз марал бір жамбасынан қан сорғалатып тәлтіректеп қашып барады.
Түс ауып кеткен кез. Сай етегіндегі сылдырап аққан судың бойында аңшы жігіт арып-таласып үлкен маралды жәукемдеп жатыр. Көп ұзамай барлық етті бұзып, жас терінің үстіне тастады. Маралдың ішінен шыққан өлі бұзауды шаранасымен қасындағы бір ұшқаттың түбіне тастай салды да, анадайда жатқан буыншағынан кішкене бір дорбадан тұз алып, жас етке себе бастады. Бар жұмысын бітірген соң маңайдағы қу ағаштарды жинап от жақты да, шоғы қалғанша күтіп отырды. Еттің үстінде жатқан кездігін алып, жуандығы саусақтай екі ұзын бұтаны ұштап, сыртын жақсылап тұрып аршыды да, төстіктің етін кере түйреп шоққа қақтай бастады. Төстіктің майы тамып, қып-қызыл қарағай шоғы қайта-қайта лап-лап ете қалады. Тұзбен қоса тағы бірдемелерді шығарып ана-мұна жерлеріне сеуіп қойып отыр. Төстік қып-қызыл сары болып пісті. Түйіншегінің ішінен бір астауша шығарды да, піскен етті кесек-кесек етіп турай бастады. Анда-санда ауызына да бірдемелер салып қояды. Сүйсіне мекіреніп, майлы етті шайнаңдап отыр. Етті әбден турап болды да, астауымен бір шетке қойып, әлгінде ғана ұшқаттың түбіне тастай салған шаранадағы бұзауды алып, суды бойлап, аз-кем жүрді де қолындағысын тереңдеу бір жеріне тастай салды. Шарананың сары-жасыл нілі суды сәл лайлады да, лезімде өзі де жоқ болып, су тұп-тұнық қалпына келді. Үдірейе сәл қараған жігіт жалма-жан буыншағына келді де, арлы-берлі қопарыстырып жүріп бір ақ шүберек тапты, шетінен төрт елідей жалпақ әрі ұзын қылып жыртып алып, су бойындағы балапан қайыңның бұтағына байлады. «Қандай да болсын, бір сыры бар су-ау», – деп күбірледі. Астаудағы еттен біраз жеді де, буыншағын жастанып жантая кетті.
***
Кеш. Қатты қорылдап ұйықтап жатқан жігіттің жанына аяғын аңдып басып жас келіншек келе жатыр. Жігіт енді қырынан емес, шалқалап жатты. Бұға қалған келіншек тым-тырыс ұзақ күтті. Жігітке тесіле қарап жатып бет-аузы бүлк-бүлк етіп, көзі жап-жасыл болып жана бастады. Сонысын сезгендей сол қолымен көзін көлегейлей қалды. Енді жер бауырлап жылжып жігіттің қасына келді. Терінің үстінде жатқан еттерді құшырлана сипап көрді де, алақанына бір нәрсе алып «сүф-сүф» деп үрлеп қалып еді, жасыл жалқын сұйыққа айналды. Енді ол оны астаудағы етке құйып жаймен араластыра бастады. Әбден араластырғаннан кейін астауды да бір-екі үрлеп орнынан тұрды да, жақын тұрған қарағайдың арасына қарай кетті. Жігіт әлі ұйықтап жатыр. Қарағайдың түбінде ұзақ отырған әйел жігіттің денесінен көз алмай қарап отыр. Тыныс алғандағы көкірегінің көтеріліп басылғанына қызықтап қарайды. Көзін жігіттің төмен жағына қарай сырғыта бастады. Жігіттің ұятты жеріне ұзақ тесілді. Енді екі қолын өзінің екі санының арасына қысып алып арлы-берлі ырғала бастады. Көзі жасаурап ұзақ отырды да, орнынан сүйретіле тұрып, жігітке қарай жүрді. Жерде шашылып жатқан қу шырпылардың бытыр-бытыр сынған дауысынан жігіт оянып кетті. Басын жастанған буыншағынан жұлып алып, келе жатқан келіншекке қадалып қарап қалды. Ақырын қолын созып мылтығын алды. Келе жатқан адамнның әйел екенін көріп жүзіне күлкі үйірілді. Мылтығын қайта жерге қойып жатып есіне бірдеме түскендей селк ете түсті де, өңі қуқылданып, көзі бағжиып қалды. Әйел сөнген оттың басына келіп тізе бүкті. Жігіт әлі қадала қарап отыр. Әйел өксіп жылай бастады. Алыстан әйелмен үндесіп байғыздың сұңқылы естіледі. Жігіт енді орнынан тұрып, жайлап басып әйелдің иығынан ұстай қасына жүрелеп отырды.
– Саған не болды? Кімсің? Қайдан жүрсің? Әйел үн қата алмай ықылық ата өксуде.
– Мына иен далада не істеп жүрген жансың? Әйел жауап қайтармады. Біраз отырған жігіт бұталарды жиыстырып от жақты. Лаулаған отқа бір, әйелге бір қарап отырып:
– Сен не, сөйлей алмайсың ба? – деп сұрады. Сонда барып ышқына өксік атқан әйел:
– Мен мылқау емеспін, бірақ бұл жерге қалай тап болғанымды білмеймін, тіпті өзімнің кім екенімді де білмеймін. Сөзінің соңы күбірге айналып кетіп, анық естілмей қалды. Жігіт анадайда тұрған астауды алды да, лаулап жанған отқа ұстап, ішіндегі манадан қалған етті жылыта бастады. Еттің майы быж-быж етіп шыжғырылып әбден ысыды. Астауды құлағынан ұстап екеуінің ортасына қойып, жанындағы кездігін шығарып, астаудағы етті ұшымен шаншып алып аузына салды да тамсана шайнап, енді бір кесегін алып әйелге ұсынды.
Әйел үнсіз пышақтан етті сол қолымен іліп алды. Шырт етіп пышақтың ұшы етпен бірге сынып әйелдің қолында кетті. Етті аузына салған әйел шала шайнап жұта салды да, қолын қайта созды. Бұл жолы жігіт астаудағы етті қарбытып асап-асап алды да, бос ыдысты әйелдің алдына лақтырып тастай салды.
Көзі шатынай қараған әйел орнынан атып тұрмаққа қамданып еді, сақ отырған жігіт әйелді бас салып астына жұмарлады да, жанында жатқан жіңішке қайыс арқанмен қол-аяғын мықтап байлап тастап, өзі буыншақ-түйіншектерін жинап кетуге қамдана бастады.
– Ешқайда да қашып құтыла алмайсың. Босат мені! Әйелдің ызбарлана шыққан үніне жігіт селт еткен жоқ. Мылтығын қолына алды да, қасқа маңдайдан тіреп тұрып:
– Тартып кеп қалайын ба? – деп масаттана қарқылдап күлді. Сенің арам қаныңа ортақ болып не қыламын. Жігіт кері бұрылды да, сайды өрлеп кетіп бара жатты. Түнгі айдың ақшыл сәулесі қалың қарағайдың арасынан анда-санда жарқ-жарқ етіп қалады.
– Тоқта! Әйелдің жарықшақтанған даусы естілді. Жігіт кенет жүрегі айнып құсып жіберді. Құсқан құсығынан жап-жасыл сәуле жарқылдап тұр. Жігіттің әл-дәрмені кетіп тізерлеп отыра кетті де, тілі салақтап, көзі алая ақиланып, бір жағына қарай сұлай жығылды. Байлаулы жатқан әйел орнынан домалап жүріп суға қарай жылжып бара жатты.
* * *
Күндіз. Кешегі аңшы жүгіріп келе жатқанда көрген үлкен үңгір. Үңгірдің ішінде төрт жаққа қағылған қазыққа керіліп байланған аңшы тырдай жалаңаш, ышқына дем алып қиналуда. Түп жағындағы бей-берекет жайылған қалың аң терісінің үстінде тырдай жалаңаш әйел жатыр. Рахаттана ұйықтап жатыр. Талмаусырап талықсып жатқан жігіттің көз алдына кешегі түн елестеді.
Құлап жатқан оның қасына келген әйел ерекше бір алапат күшпен оны қолтығына қысты да, осы үңгірге алып келді. Ешқандай бір қарсылық көрсетуге оның дәрмені жетпеді. Төрт жерге қазық қақты да, оның киімін тұттай қылып шешті де, қазыққа керіп тастап, енді өзі шешіне бастады. Оның керулі жатқан жалаңаш денесін тілімен жалап сүйе бастады. Жігіттің денесі дір-дір етіп, әлсіз бұлқынып жатты. Ұзақ жаланған әйел енді оның үстіне құнысып біраз отырды да, өзінің мақсатына жете алмаған соң, орнынан тұрып, үйілген терінің арасынан бір кішкене қалта тауып алды да, ақтара бастады. Ішінен бір ақшыл сүт түсті мөлдір түймешікті тауып алып, жігіттің бас жағына келді.
– Бұл бөкен жалақ, сенің енді шабытсыз болғаныңды көрейін, – деп әйел сайқалдана күлді де, қолындағы затты жігіттің аузына тықпалады.
Ернін жымқыра тістеп арып-таласқан жігіттің екі шықшытынан мыти қысқан әйел оның аузын еріксіз аштырды да, таңдайына салып жіберіп аузын алақанымен басып тұра қалды. Таңдайына түскен бөкен жалақ еріп тамағына кете бастасымен жігіт денесінің ішіне біреу ыстық май құйып жібергендей шарқ ұлып тулай бастады. Осы кезде жігіттің үстіне қарғып мінген әйел рахаттана, шарқылдай күліп, жігітпен бірге тулай бастады. Жігіт өзінің еріксіз қозған нәпсісін тия алар емес. Бір қарап қалғанда әйелдің сол жақ омырауының үстінде алақанның жартысындай қап-қара меңді көзі шалып қалды. Арада біраз уақыт өткенде жігіт талықсып барып, сұлқ жатып қалды. Әйел ашық омырауын жігіттің денесіне үйкелеп біраз жатты да, жігіттің жанына қисая кетті.
* * *
Қыс. Маңайды қалың қар басып, үңгірдің ішін аяз кернеп тұр. Екі аяғы мен бір қолы қазыққа мықтап байланған жігіт қалың терінің арасында тек бір қолы ғана бос, жүні жалбыраған әлдебір аңның сирағын мүжіп отыр. Үңгірдің ауыз жағында қарны шардиып шығып кеткен әйел ауыр қозғалып, шығар есікті қымтап жауып жүр. Өзінің астындағы нәжісінен жиіркенген жігіт қайта-қайта құрғақ лоқсиды да, қолындағы шикі етті лақтырып жібереді. Оны байқаған әйел сирақты қайтадан оның алдына алып келіп беріп жатып:
– Мұны талқажау етпесең аштан өлесің, – деді.
– Бұл қорлықты көргенше өлгенім жақсы еді. Жігіт бар үмітін үзген. Жайлап қана осыны айтты да, лоқси отырып шикі сирақты қайтадан мүжи бастады. Үңгірдің ауыз жағында жатқан өзінің киім кешек түйіншегінің арасында жатқан мылтығына тесіле ұзақ қараған жігіт үмітсіздене басын шайқап күрсінді де, бір жағына қарай қисайып жата кетті.
***
Түн ортасы ауған шақ. Далада гуілдеген боранның дауысы естіледі. Үңгірдің аузына жабылған терілерді қалдырлатып ішке қарай қар ұшқындары қапалақтайды. Үңгірдің қабырғасына екі алақанымен тіреліп жағалап жүрген әйел бебеу қағып толғатып жүр. Бет аузынан аққан жағал-жағал тер мен араласқан көз жасы иегінен сорғалап, үстіндегі аң терісінен тігілген кеудешесіне тырс-тырс тамады. Енді ол беліндегі көйлек орнына жапсырып алған теріні долдана жұлып алды да, жігітке қарай лақтырып жіберді.
Таң алакеуімдей бере үңгір ішіндегі үшкір тасқа асылып тұрған әйел күшене шыңғырып жіберіп, үнсіз жерге бүгіле түсті. Шар ете түскен бала дауысы шықты. Талықсып біраз жатқан әйел қолын созып жақын жерде жатқан жігіттің кездігін алды да, баланың кіндігін кесіп, оны қалың теріге орады да, жігіттен алыс терілердің үстіне тастай салып, сүйретіліп далаға шығып кетті.
* * *
Үңгірдің ішінде жатқан жігіт шырқырап жылап жатқан балаға қарай бармаққа қанша ұмсынса да, байлаулы арқаннан босай алмай, арып-таласып жатыр. Баланың ащы дауысы басқа еш нәрсені естіртер емес. Түс ауа сырттан әлдененің сүйретілген дауысы шықты. Үңгірдің аузындағы қалтқыны жұлып тастап, ішке сүйреткен бұғысы бар әйел кірді. Әйелдің аузы-басы қан. Бұғының санын сан, қолын қол етіп табанына басып тұрып, жұлып-жұлып алды да, бір санын жігіттің алдына қарай лақтырып жіберіп, өзі жылай-жылай үні әбден қарлығып қалған баланы қолына алып, омырауын емізе бастады. Жігіт үнсіз, тісі-тісіне тимей қалшылдап, қалың терінің астында басы ғана қылтиып жатыр. Кешке дейін әйел үңгірдің жартысын қарағайдың қу бұтағымен толтырып тастады. Кеш бата жігіттің буыншақтарын ақтарып жүріп оттық тауып алған ол жігіт осында келгелі тұңғыш рет от жақты. Әлсіз үзіліп шыққан түтін үңгірдің аузындағы жабылған терінің жыртығынан сыртқа шұбатылып шығып жатты. Жігіт ләм-мим деместен отқа қарап тапжылмай отыр. Әйел баласын құшақтап оттың басында отыр. Кенет сырттан әлдененің гүр ете түскен ащы үні естілді. Баланы жігіт жақтағы қалың терінің арасына қоя салған әйел бажылдап есікке қарай ұмтылды. Есіктен бір ала-жағал алып көлеңке еніп келе жатыр. Жігіт терінің арасына қарай басын тыға бастады. Бажылдаған әйел ала көлеңкемен барып алыса кетті. Үңгірдің ішінің қорс-қопасы шықты. Әлі арпалысып, алысып жүр. Бір заманда әйел үңгірдің ауыз жағында тұрған мылтықты жігітке қарай лақтырып кеп жіберді. Бос бір қолымен мылтықтың шақпағын қайырған жігіт үңгірдің ауыз жағындағы алысып жүргендерді көздеп, массаны басып қалды. Баж ете түскен әйел дауысы мен ауыр ыңқ ете түскен сұмдық жойқын дауыс шықты да, көлеңке сүйретіліп сыртқа қарай қаша жөнелді. Жігіт қолындағы мылтығының шақпағын қайырды да, үңгірдің аузына қарай көздеп, табжылмай әлі отыр. Бір кезде барып әйел сүйретіліп орнынан тұрып келе жатты. Жігіт асығыс мылтықтың массасын басып-басып қалды. Шырт-шырт еткен құрғақ дауыстан өзге ешнәрсе шықпады, асығыс шақпағын тағы қайырды. Жан таласып жатқан жігітке қараған әйел сақылдай күліп келіп, оның қолынан мылтықты жұлып алды да, үңгірдің қабырғасына бір салып құндағын жұлып алды да, ары түпке қарай лақтырып тастап, терінің арасында шырқырап жатқан баласына қарай келді.
* * *
Көктем мезгілі. Сол үңгір. Жігіт әлі сол орнында байлаулы. Шешесінің жұлмалап жеп отырған шикі етінің бір жағынан қызыл иегімен тістелеп жұлқылап баласы еңбектеп жүр. Жігіт балаға үнсіз қарап отыр. Жалаңбұт ер бала өз табиғатынан тыс есейіп кеткен. Шешесінің етегіне жармасып, тік жүріп жүгіріп кеткісі келетін тәрізді. Кенет сырттан тарс-тұрс мылтықтың даусы естілді.
– Төмен қарай, төмен қарай…
– Жіберме, жіберме…
– Иттерді босат!
– Байқа, итті жазым қылмасын. – Айқай сүрен салғандар тасырлатып үңгірдің маңынан өте шықты. Үңгір ішінде жатқан жігіттің көзі шырадай жанып кетіп:
– Құтқарыңдар! – деп бар дауысымен барылдап айқайлай бастады. Шар ете қалған баланы бір жаққа тастай салған әйел атылып келді де, байлаулы жігіттің алқымынан ала түсті. Арлы-берлі бұлқынған жігіттің көзі аспанға қарап ақиланып барып жарығы сөніп, байлаулы аяғын қатты бір серіпті де жаны үзілді. Өлікті аударып көрген әйел көзі мөлтілдеп жыларман болып отырды да, жігіттің мүрдесін бас салып жұлмалап жей бастады. Сүйсініп, мекіреніп жеп отыр. Бажылдаған баласы анадайда қалың арасында бастырылып жатыр.
Бұлақ басына жете жаралы қасқырды қуып жеткен иттер жан-жағынан ала кеткен. Артта тасырлатып аттылар да келді. Олар келгенше қасқырдың жаны баяғыда шығып кеткен-ді.
Ішіндегі мосқалдау бір кісісі бар атпалдай жеті жігіт. Қарқылдай күлісіп иттерін ажыратып алысты. Мосқал кісі:
– Ана беттен бері шауып келе жатып бір адамның айқайын естігендей болдым. Сендер ешнәрсе естімедіңдер ме?– деп сұрады.
– Мен де естідім…
– Сол маңнан үлкен бір үңгірді байқап қалғандай болдым.
– Қойсаңдаршы, мынау иен далада не қылған адам?
– Өзің қайдан жүрсің иен далада?
– Біздікі бөлек аңшылық..
– Ол жерде де бір аңшы жатқан шығар. Арлы-берлі көп қауқылдасқан олар қасқырдың терісін сыпырып жатқан жас жігітке:
– Сен асықпай теріні бүлдіріп алмай сыпыра бер! Біз анау үңгірге барып біліп келейік, – десіп аттарына мінді де өрге қарай тырмысып шаба жөнелісті.
Өздеріне қарай қалың аттылардың келе жатқанын көрген әйел қарағайдың ішіне қарай тұра қашты да, іште қалған баласының шыңғырған дауысын естіп, қайта артына қарай жүгірді. Бұл таяп қалғанда, аттылар да үңгірдің маңына жеткен еді. Енді оларды көріп әйел бөгеліп қалды. Дәу қарағайдың қалқасына барып жасырынып тұра қалды. Үңгірге алдымен мосқал еркек кірді.
Үңгірге кіріп келген кісі өзіне қарай еңбектеп бақырып келе жатқан баланы жерден іліп алды да, соңында келе жатқан жігітке ұстата салды. Анадайда жатқан кеудесінен жоғары терімен жабылып жатқан адамның қасына келді. Оның қол аяғының байлаулы екенін көріп тіксініп тұрып қалып барып бетіндегі теріні жұлып алды да, ышқып отыра кетті.
– Не? Не болды? – деп ентелеген артындағы жігіттерге сөйлеуге шамасы келмей байлаулы жатқан адамның бас жағын ымдай берді.
Жігіттердің барлығы шу ете қалды. Жатқан адамның бет аузынан түк жоқ, қан-қан бет сүйегі ғана қалыпты.
– Кеттік бұл жерден.
– Не қылса да бір пәлесі бар жер.
– Баланы қайтеміз?
– Таста!
– Обал ғой…
– Иә, жас сәбидің не күнәсы бар. Алып жүр.
Ақыры олар баланы алып сыртқа атып шықты да, аттарына асығыс қонып, манағы қасқыр сойып жатқан жігітке қарай шапқылай жөнелді. Арттарынан елбеңдеп біраз жерге дейін жүгірген әйел біраздан соң кейіндеп қалып қалды.
Аттылар бұлақтың басына жетті де, теріні қолына алып анадайда отырған жігітке «Бол! Бол!” десіп атқа мінгізді де, сайдың аузына қарай шапқылай жөнелісті.
***
Кеш батып, түн ортасы ауа өз ауылдарына жеткен аңшылар бірден тараспай, ауылдың аяқ жағында жалғыз отырған бақсының үйіне аттың басын бір-ақ тіреді.
Асығыс аттан түсіп жатқан оларды үйден бақсының өзі шығып қарсы алды. Бала әлі шырқырып жылап жүр.
– Армысыңдар? Аман жеттіңдер ме?
– Аман, аман.
– Е, аман болсаңдар, менде нелерің бар еді?
– Айтамыз, қазір айтамыз. Өзіміз есімізді жиып алайық.
– Айтпасаңдар да біліп отырмын…
– Қалай?
– Ол жерді жын буған, сол жерде осыдан он жылдан бұрын үлкен бір ауыл мекендеген, сол ауыл бір түнде қырылып жоқ болған, содан бір бейкүнә сәби қашып құтылған. Сосын бір әйел.
– Олар қайда?
– Әйел сол ауылды қырып жойған жалмауызға айналып кеткен.
– Ал, бала ше?
– Ол аман, құтылған.
– Біз мына баланы алып келдік. Тағы бір адам болды, өліп қалыпты, – келген жігіттер таласа-тармаса сөйлей жөнелді.
– Бәрібір қатерлі іске барғансыңдар. Жүріңдер, үйге кіріңдер, – деп барлығын бастап үйге кірген бақсы үйдің босағасында отырған қара бүркітті басынан сипап біраз тұрды да:
– Әкел ана арқанды, белімді буып бұраңдар, – деп әмір етті.
Керегенің басында ілулі тұрған қайыс арқанды бақсының беліне неше қабаттап байлаған жігіттер қамшының сабын салып бұрай бастады. Бұраған үстіне «Бұрай беріңдер!» деп бақсы бебеу қағады. Бақсы бір кезде бүркіт болып пыштақтап ала жөнелді. Сол кезде босағада отырған бүркіт те үйдің төбесін ала айнала ұшып пыштақтай жөнелді. Аузынан ақ жалын бүркіп буырқанған бақсы бір сәтте барып саябырлап өзін босатуды бұйырды. Беліндегі арқанды шешіп болғаннан кейін барып:
– Бұл бала Адам мен албастының арасынан жаралған… Сол жерде қалдыруларың керек еді. Енді ешқайда тастай алмайсыңдар… бастарыңа қатер төнеді… іздеріңнен албасты ілесіп алған. Баланы ауылға алып барып, бағыңдар. Тек қаннан алыс ұстаңдар. Қан көрмесе ешкімге зәбірі болмайды. Ал егер ерніне шикі қан тисе бұл да жалмауызға айналады. Өз ажалымен өлмесе, бұның шешесі бүкіл ауылды қырып кетеді. Ол күндіз адам бейнелі болады да, кеш батып, ай туған соң албастыға айналады. Оған ешкімнің шамасы келмейді. Тек өзінің баласының ғана шамасы жетеді… барыңдар енді, барыңдар… Балаға ат қоймаңдар, ауылға апарып жіберіңдер… – деп есікті ашып қонақтарды сыртқа шығарып жіберді де, өзі басын екі жаққа соғып бірдемелерді оқи бастады.
Сыртқа шығып аттарына мінген жігіттер алқа-қотан тұра қалып ақылдасып тұр.
– Ал енді не істейміз?
– Басқа түскен пәле деген осы?
– Осының барлығы бұзаулағалы тұрған маралды атқанымыздан…
– Үңгірге бармау керек еді.
Ананы бір, мынаны бір айтып дағдарып тұрған топқа манағы мосқал еркек:
– Жә, бұны даладан тауып алдық деп ана мылқау қойшы шалға асырауға береміз. Оның кемпірінде де тіл жоқ. Содан лайық ешкім де таба алмаймыз бұл ауылдан. Сосын әрдайым өзіміз аңдып жүреміз. Осыдан басқа еш амал таба алмадым. Барлықтарың ауыздарыңа ие болыңдар. Ешкімге тіс жармаңдар. Бұнымызды ана шолақ қол Маран білсе, арқамыздан таспа тіледі. Осыған келіселік, – деп шешім айтты.
Шеткері тұрған алпамсадай қара жігіт қана:
– Маран, ех, сол Маран да сырттан келген кірме емес пе? Әкелеріміз айтып отыратын, он жасында бір жақтан қашып келіпті, – деп күңкілдеп сөйлей бастаған оны манағы шалдауыт кісі:
– Жетер енді, мұны білсе Марансыз осы ауылдың ешкімі де бос қалдырмайды, – деп тиып тастап, қасына бір жігітті ғана ертті де қалғандарын жай-жайына жіберіп, ауылдың арғы шетіндегі қойшының үйіне келді.
Түн тастай қараңғы болса да, мылқау шал бұларды бірден танып, қолын шошайтып марапаттаған бейне көрсетті. Мосқал еркек қойнына тығып алған баланы шығарып, аттан түсті де шалды жетелеп үйіне кіріп кетті. Шала жанған отты қағыстырып отырған кемпір үні шықпаса да, ернін жыбырлатып амандасқан болды.
Баланы кемпірдің алдына әкеп отырғызған ол кемпірге «баланы сендерге анау алыс жақтан алып келдім» дегенді ымдап айтты. Кемпір сенер сенбесін білмей талығып ұйықтап жатқан баланы бауырына қыса түсіп, жылап отыр. Мылқау шал орнынан атып тұрды да оны жетелеп далаға алып шығып, белдеуде тұрған атына алып келіп, атының шылбырын шешіп оған ұстата берді.
Басын шайқап, қолымен ары итеріп «атты алмаймын, керегі жоқ» дегенді әзер түсіндіріп мылқаудың қасынан әзер құтылған ол атына келіп қасындағы жолдасына:
– Байқұс шал мен кемпірде шығарға жан жоқ, жалғыз атымды ал деп жүгіріп жүр. Е, аз күн болса да алданыш болсын. Біз де бәледен аз уақытқа болса да алыстай тұралық.. Кеттік енді, – деп атына қамшы басты.
***
Мылқау шал мен кемпірдің баласы да мылқау болып өскен. Бірақ орасан зор, жасы он бестен асқан. Атпал азаматтар әзер орнынан қозғалтатын нән қарағайды қолтығына қысып, беттеп сүйреп ауылға алып келеді. Баласының ерен күшіне масаттанған мылқау шал бас бармағын көрсетіп ыржиды. Баланың тілі шықпағаннан кейін бе, үнемі қабағы қатулы, бет-аузы кісі қарай алмастай сұсты. Ауылдың бала-шағасының барлығы айнала қашады. Ауылдың иттері де оны көргенде құйрықтарын бұтына қысып, зытып береді.
Бала шал-кемпірден бөлек сыртқа жататын болған. Әр күні кешкісін ұйықтаған сайын түс көреді. Түсінде қан мен сүт араластыра шірене жұлқылап омырау еміп жатады, кімнің омырауы екенін өзі де білмейді. Тек омыраудың үстіңгі жағындағы алақандай қара қалға қадалып жатып оянып кетеді. Оянады да аласұрып қалың қарағайға қарай жүгіре жөнеледі. Жүгірісінің жылдамдығы сонша, құлағының түбінен шыққан желдің дыбысы құлағын тұндырып жіберді. Көзді ашып-жұмғанша күндіз басы әзер көрінетін, атты адам ет асым уақытта етегіне әзер жететін таудың ұшар басына бір-ақ шығады. Сол жерде тұрып-ақ ауылдағы әр нәрсені ап-анық көреді. Қарсы беттен бір әйелдің сұлбасын көргендей болып, солай ұмтылады. Бірақ жете алмайды. Сосын қайтып келіп жатып қалады.
Ауыл адамдарының барлығы бұған өңін беріп көрген жоқ. Бәріде бір түрлі жиренішпен әлде қорқынышпен сұқтана қарайды.
Соңғы жылдары ғана ауыл шетінде бұларға ең жақын көршісі – баяғыда өзін алып келген аңшылардың атаманының кенже ұлы Елдар ғана жақын келіп үйірсектеп жүреді. Тек шешесі көріп қалды болды ұлын дедектітіп сүйрелеп үйіне алып кетеді. Тіпті бірде қолындағы шелегімен оңдырмай басынан салып кеткен-ді. Басы зеңіп құлап қала жаздап әзер қашып құтылған. Ендігі сәтте Елдардың шешесінің төбесі көрнісімен алыс жаққа қашып кететін. Ал Елдардың әкесі неге екені білгісіз мұны көрген жерден сырт айналып алыс жүретін.
Анда-санда мал сойып жатқандардың қасынан өтіп бара жатқан баланы өзінен тысқары бір күш мал сойылып жатқан жерге еріксіз алып келеді. Малдың ытқи атқақтаған қып-қызыл қанын көргенде, көзі қызарып жанып шыға келеді. Маңайдан біреу-міреу көріп қалды ма деп, асығыс көзін жеңімен баса қояды. Қанның жылымшы иісі мұрнына келіп, тамағы бүлкілдеп жұтып, жұтынып қойып, қанды апарып төгуін күтеді. Үйден алыстатып апарып төккен қанға келген иттер оны көре қаша жөнеледі. Енді қанға жете бергенде, баяғыда өзін алып келгендердің бірін көріп қалады да, жылыстап шеткері кетіп қалады.
***
Кеш. Таяқ жонып отырған баланың қолындағы пышағы тайып кетіп, сол қолының бас бармағын етін жалбыратып кесіп кетті. Ауырсына ыңыранған бала сол қолын етегімен орай қойып еді, қан тоқтар емес. Ауырсынғаны сонша, көзінен жас парлап кетті. Ақыры етегінен қолын шығарып алып оң қолының алақанына салып мытып ұстап біраз отырды. Көзінен аққан жасын сүртпек болып қолын жоғары көтеріп келе жатып, баланың мұрны қусырыла қалды. Енді тімтініп жан-жақты иіскей бастады. Қолынан қан әлі саулап тұр. Оң қолының қалай босап, жаралы бас бармағының аузына қалай түскенін өзі аңдамай қалды. Саусағын құшырлана сорып барады. Денесінен бір ыстық ағын ағып өткендей жүзі жайнап, көзі қып-қызыл болып жарқырап шыға келді. Ол әзер дегенде аузынан сол қолын жұлып алды. Қолына қараса бас бармағы түбімен жоқ, жеп қойыпты, бір тамшы да қан жоқ, бәрін сорып алған. Орнынан атып тұрған ол қарағайдың ішіне қарай атыла жөнелді.
Баланың бар ісін көріп отырған бақсы беліне арқанды орап оң жақтағы керегенің басынан сары ала қамшыны алды да, өз белін өзі бунап бұрай бастады. Үйдің ішінде далп-далп етіп бүркіті арлы-берлі ұшып жүр.
***
Таудың басынан бұларға бедірейе қарап тұрған баланың қасынан әлдебір алажағал дүние зу етіп өте шықты. Қолындағы талықсып қалған баланың санын сан, қолын қол етіп боршалап бітеудей жұтып жіберген ол, сол лып етіп өте шыққан алажағалдың соңынан зымырады. Алажағал жамылған баяғы көне ауылдың жұртындағы үңгірге тартты. Үңгірге кіре қуып жеткен бала оны бас салды. Неге екені белгісіз, алажағал оған қарсылық көрсетпеді. Алажағалдың сирағынан ұстаған бала оны үңгірдің қабырғасына соққылап жанын шығарды да, жата қалып сирағынан бастап жұлмалап жей бастады. Екі сирағын бірдей жеп болып кеудесіндегі жамылғыны дар еткізіп жұлып алған бала түсінде еметін омырауды көріп шыңғырып жіберді де, лақылдатып құса бастады. Сосын әйелдің қалған жарты денесін мылжа мылжасын шығарып тас қабырғаға ұрғылап жоқ қылды да, көзінен қып-қызыл жарық шашып тістерін қарш-қарш қайшылап, өзі келген жаққа қарай заулай жөнелді.
***
Қалың қарағайдың арасынан тіліп із қалдырып заулап келе жатқан құбыжықтың төбесінен ащы шаңқылдап бақсының қара бүркіті ауылға қарай құйылып келеді.
Бүркітінің дауысы құлағына жеткен бақсы шал орнынан атып тұрып зіркілдеп, бұрқырап бақсылық ойынға қайта кіріскен. Аузында лапылдап жанған қарағайдың дәу бұтағы қып-қызыл оттың ішінде арлы-берлі ойқастап тұр. Құбыжық кейіндеп қала берді де, бүркіт ауылға жақындап қалды.
– Маран мына жазғандар бүркітімді жәбірлеп маған лағнет айтқанымен мен бұлардан кетіп қайда барайын… Маған көмегің керек… Күніміз әлі сөнбеген екен. Қара дәуімнің дауысын естіп тұрмын. Қазір олда келер… Анау құбыжықта жетер. Жүр енді оны мына тобырға араластырмай шаттың аузынан күтіп алайық.
Бақсы шал Маранды ертіп сыртқа шықты. Маран сырттағы ұйлығып тұрған жұртқа қарап:
– Айналайындар отты көсеп жағып, жанынан алыс кетпей осында күтіңдір… Дабырлап шуламай бір-біріңе сүйеу болыңдар… Тәңірдің басқа салғанын көрерміз. Таңға дейін аман болсақ бізде оралармыз… Біз орала алмасақ ертеңге дәм тұздарың жетсе онда бұл қонысты тастап барынша алыс жаққа қоныс аударып кетіңдер…
Маран да тағы бір нәрселер айтпақ еді, анадайға ұзап кеткен бақсы шал:
– Тез! Бол! Маран!.. – деп айқайлады.
Бақсы шалдың соңынан жүгіре басып Маран да ауылдың желкесіне қарай беттеді.
Бақсы шалмен Маран ауыл желкесіндегі ну қарағайдың шетіндегі тартылған бұлақтың басына іліне бақсының қара бүріті шаңқылдай пыштақтап жетті де, шалдың иығына қонды. Балақ жөні желбіреп мойнын сан мәрте бұрап жаңа ғана өзі ұшып келген жаққа алақтап қараған бүркіт шаңқ етіп аспанға қайта көтеріле жөнілді. Бақсы шал мана үйден ала шыққан қос шумақ арқанның біреуін Маранға ұстатып:
– Тез анау қу томардың арғы жағындағы қарағайдың далдасына жасырын да анау жетіп келгенде шалма таста. Құдай қолдап шалмаң дәл түссе онда арқанның мына ұшын бұлақтың орнындағы қара тасқа байлай салып дереу кері шегініп кет… – деп қу томар мен қарағайдың ортасындағы бұлақты көрсетті де өзі екінші арқанды алып беліне орай бастады. Аспанға көз жеткізгісіз зеңгірге көтеріліп кеткен бүркіттің шаңқылдаған дауысы үзіліп барып қайта шықты. Жоғарғы жақтан қалың қарағайдың шатырлай сынып, гүрсілдей қопарыла құлаған дауысы барған сайын таяп келеді.
Алқына тыныстаған әлдебір жойқын үн құлақты жеп барады.
Әп сәтте жақын тұрған алып қарағай түп тамырымен қопарыла жай түскендей екіге жарылып, қолындағы орақ қанжары жарқылдап анадайда беліне ораған арқанмен өзін бунап жанталасып жатқан бақсы шалға қарай атылып келе жатты. Қарағайдың тасасында қолындағы арқанды құлаштай үйірген Маран құбыжық қу томардың қасынан өте бере лақтырып қалды. Шалма құбыжықтың қыл мойнына іліне кетті. Осы кезде Аспаннан төмен құйылған бүркіт құбыжықтың тура басына тегеурінді шеңгелін салды. Маран бір-ақ қарғып манағы бақсы шал көрсеткен тасқа шалманың бір ұшын байлап, кері қарағайдың тасасына қарай шегінді. Арсы-гүрсі болып алқынған құбыжық пен қанатын сартылдатып сабалаған бүркіттің ащы дауысы тау баурайын азан-қазан қылды. Осы кезде беліндегі арқанды бұрай-бұрай шегіне жеткізген бақсы анадайда жатқан қамшыны қолына ала сала құбыжықты сабалай жөнелді. Құлақ тұндыра шыңғыра бажылдаған құбыжық айнала жұлқынып шалмаға оратыла бастады. Қара бүркіт те шаңқылдап қанжардай тырнақтарымен құбыжықтың бар денесін жұлмалап жүр. Сүт пісірімде арқанның ұшы байланған тастың түбінде бүк түсіп жансыз жатқан құбыжықтың үстіне маңайдағы қу бұтаны үйгізген бақсы шақпақ тасын соққылап, от ұшқындатты. Үстіндегі шапанның өңірінен жұлып алған мақтаны тұтатқан шал қу бұтақтар шатырлай жанып жан-жаққа шоғын атқылап жатқанда да отты айналып жүгіріп жүрді.
Жақын маңнан әлдебір сыбдырды естіген Маран қанша үңіліп қарағанымен, анадайда қураған кәрі қарағайдың қуысына кіріп алып өзінің шолақ саусағының қанын құныға ішіп отырған Елдарды көрмеді.
Мистик – Қойшыбек МҮБАРАК